Ата-бабадан қалған асыл мұра – Ана тілі

  • 06.03.2012
  • 7017 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сапарғали ӘЛІБАЙ,

журналист

Ұзақ жылдар бойы туған топырағымызда өгейлік көріп, шетқақпай болып келген қазақ тілінің ендігі келешегі исі қазақтың ана тіліне деген ұстанымына, көзқарасына, арақатынасына тікелей тәуелді. Сондықтан, назарларыңызға ұсынылып отырған шағын ой толғанысы өздеріңізге ойтүрткі бола ма деген ниетпен жазылды. Көңіл қойғайсыздар!

… Бірде Тараз қаласындағы халқымыздың ардақты, асыл ұлдарының бірі ұлы Жамбылдың есімі берілген Тараз қаласындағы даңғыл жолдың бойындағы аялдамалардың бірінде жас шамасы он сегіз-он тоғыздарға келген қыз бен жігіттің пайғамбар жасынан асқан қарияға қайтарған уәжінің куәсі болуыма тура келген.

Сірә, шашы қысқа ғана қиылған, жаудыр қара көзі кісіге жайнаңдай қарайтын ақсары өңді балғын бойжеткен мен қою қара шашы маңдайын тұмшалаған қара торы келген балаң жігітің өзге тілде шүлдірлескенін ұнатпады білем, таяу тұрған қария «Шырақтарым, қазақтың баласысыңдар ма? деп қалды.

– Иә, ата, оны неге сұрадыңыз, – деді жас жігіт қарияға таңырқай қарап.

– Оны сұрағаным, бөтен тілде уәждескендеріңе қарап, қалмақ, жақұт, болмаса естек, хакас, чукча сияқты түрі өзімізге ұқсайтын, бірақ тілі бөлек халықтардың бірінің өкілі болар деп ойлап қалып едім,- деді қария тәптіштеңкіреп.

– Тәйірі, онда тұрған не бар екен, – деді жасөспірім де алған бетінен қайтпай. – Кім-кімнің де өз еркі емес пе, қай тілде сөйлесе де.

– Дегенмен, өз тіліңде ұғынысып-түсініскендерің де үлкен мән-мағына жатыр, балам, – деді қария екі жасқа қынжыла көз тастап. – Мына көршілес өзбек, тәжіктердің немесе әлгінде ғана тілінде өздерің былдырлаған европалық ұлт өкілдерінің өзді-өзімен қазақша, ағылшынша, түрікше, французша сөйлескенін көріп пе едіңдер? Тіпті, ең болмағанда ұлттық намысты сол орыстардың өзінен неге үйренбеске?

– Түу, ақсақал-ай, бізбен тәжікелесіп, сізге соншалықты не көрінді, – деді жігіт сәл кейіңкіреп. – Егер тіліміз біз сөз етіп отырған мәселені қамтуға жараса, онда біз қазақ тілінде-ақ сөйлескен болар едік қой. Бірақ, соныңыз ауылдағы кемпір-шалмен амандасқаннан өзге кәдеге аспаса қайтеміз.

Жігіттің соңғы сөзі көңілінен шықты білем, ақсары өңді сұлу бойжеткен сықылықтай күлген. Ал, қарияның еңсесі түсіп, жүзі тұнжырап кетті.

– Сайрап-ақ тұрсын ғой, балам, – деген қария әлден уақыттан кейін түңіле тіл қатып. – Кәдеге жарамайды дегенше, қазақша сөйлеуге құлқым жоқ демейсің бе?.. Шамасы өз тілінен безгендерге «Мәңгүрт» деп ат қойып, айдар таққанда, әлем таныған қырғыз жазушысы Айтматов осы өзің сияқты ұлтына «туажат» болғандарды меңзеген болуы керек…

Иә, ақиқатында да қарияның айтқанындай егер «мәңгүрттіктің» дертіне шалдықпаса, тамырында қазақтың қаны лыпып жүгіріп тұрған адам, шама-шарқы келгенше туған халқының тарихын, ана тілінің мүмкіндіктерін танып білуге ұмтылмас па еді. Ал, талпыныс жасап талаптанған адамның ХІХ ғасырда жасаған орыстың ұлы лингвист -ғалымы Радловтың қазақ тілінің сөз байлығына, тазалығына, шұрайлылығына, тіл қолданысындағы икемділігіне таң-тамаша қалып, оны еуропалық тілдердің ішінде сол кездегі халықаралық тіл болып саналатын француз тілімен тең қойғандығынан хабардар болар еді. Әрі оның да өзіндік себеп-салдары бар. Өйткені, бүгінгі таңдағы ең кең қолданысқа ие болып отырған ағылшын тілінің төлтума сөздерінің қорына келер болсақ, Англиядағы Оксфорд университеті шығарған түсіндірме сөздікте 90 мың, ал, орыс тілінің академиялық түсіндірме сөздігінде 80 мың сөз бар екен. Енді осыны ХХ ғасырдың елуінші жылдарының орта шеніндегі еліміздің ұлттық ғылыми академиясы есепке алған 350 мыңнан асатын төлтума сөз және тұрақты сөз тіркесінің санымен салыстырсақ, қазақ тілінің сөз байлығы жағынан өзгені былай қойғанда жоғарыда аталған екі тілден де шоқтығы биік тұрғандығын көруге болады.

Жалпы, кез-келген ұлттың тілінің ғылыми-техникалық үдеріске, мәдениет пен әдебиеттің өркендеуіне, халықаралық-дипломатиялық қарым-қатынастарға және басқа да мәселелерге байланысты түбір сөздерін түрлендіру арқылы ондаған мың жаңа сөздермен толығатыны мәлім. Міне, осы тұрғыдан келгенде, лингвист-ғалымдардың айғақтауынша лингвистикалық өлшем бойынша әрқайсысында он миллионнан аса адам сөйлейтін әлемдегі 100 ірі тілдің арасында нақтылы кезеңде сөздік қорында 12 миллион 300 мыңнан асатын сөз бар араб тілі бірінші, ағылшын тілі (750 мың сөз) екінші, қазақ тілі (600 мың сөз) үшінші, испан тілі (300 мың сөз) төртінші, орыс тілі (150 мың сөз) бесінші, қытай тілі (87019 иероглиф) алтыншы орынды иемденеді екен.

Ал, тіл тазалығына тоқталар болсақ, егер өзіміз ұзақ жылдар бойы тәнті болып келген орыс тіліндегі төлтума сөздердің ұзын саны жалпы тілдік қорының небәрі 45 пайызға жетер-жетпес бөлігін ғана құрайды екен. Қалғаны термин сөздер және түркі, герман, угор-фин, грек, роман тіл тобындағы халықтардың тілінен ауысқан кірме сөздер болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде тіл тазалығы 60 пайыздың үстінде тұрған ана тіліміз тек орыс тілі ғана емес, тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері көлеміндегі өзге тілдерден де әлдеқайда зор мүмкіндікке ие.

Тіл шұрайлылығы, тілдің қоғамдық ортадағы қолданысқа икемділігі, ең алдымен көркем әдебиетте көрініс табатынын ескерсек, әлем таныған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында 29483, ал орыс әдеби тілінің негізін қалаған Александр Пушкиннің шығармаларында 21197, ағылшындар пір тұтатын Вильям Шекспирде 15000 сөз бар екен. Міне, осы фактілердің өзі де санасында сәуесі бар, көңілі сергек әрбір жанға көп жайды айғақтаса керек.

Тіл байлығы аса зор, сөз қадірін айрықша ұғынатын дана халқымыз ХІХ-ғасырдың соңғы ширегінде-ақ сауаттылық деген ұғым тұрғысынан әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің санатынан орын алған. Мәселен, 1897 жылғы бүкіл Ресей бойынша жүргізілген санақтың нәтижелері, негізгі бөлігі деревняда тұратын орыс халқының небәрі 30-ақ пайызының хат танығандығын, ал қазақтардың 2 пайызының орысша сөйлеп жаза алатындығын, 60 пайызының араб графикасын пайдалана білгендігін айғақтайды. Бұл жайдың өзі әрине, исі қазақтың перзентін молдаға оқытуға бергенде «Еті сенікі, сүйегі менікі» дейтін тілеулі сөзді неліктен айтатындығын, әрі сол түпкі ниет-тілегінің зая кетпегендігін дәлелдейді.

Енді сауатты, зерделі, зейінді халқымыздың ана тілі қазіргі мүшкіл халіне қалай түсті? Соған тоқталайық… Әрі бұл ретте, әрине, әңгімені әріден, оның үстіне Ресейдің тарапынан елімізде жүргізілген отаршылдық саясаты қандай зардаптар әкелді, міне соның салдарынан бастауға тура келеді.

Асылы, әлемдегі ұлы ойшылдардың пікірінше, бір елге баса – көктеп кірген екінші елдің жаулап алушылары бодан елді тек экономикалық қанауға ғана салып қоймайтын көрінеді. Олардың басты мақсаты бағынышты халықтың ұлттық ерекшеліктерін жою болып табылады екен. Біздің елімізде ұлттың едәуір бөлігін «мәңгүрттік» дертіне ұрындырған қасіретті іс-шаралар кешені 1926 жылдан бастау алады. Ең алдымен, ескіліктің қалдығы деген желеумен «Наурыз» мерекесін өткізуге, ұлттық салт-дәстүрлерді ұстануға тыйым салынды. Оған қарсылық білдіріп, наразылығын танытқан ұлттық ақыл-ойдың бетке ұстар өкілдері «ит жеккенге» жер аударылды. Онымен де қоймай 1929 жылы халқымыздың 900 жылдан астам уақыт бойы пайдаланып келген араб графикасы негізіндегі жазу-сызуын латын графикасына алмастырылды. Соның зардабынан халқымыздың араб графикасын пайдаланатын 60 пайызы сауатсыздар қатарына қосылып, орысша хат тантиын екі-ақ пайызы сауаттылар санатына ілікті. Іле, қолдан жасалған сауатсыздықты жою мақсатымен елді сауаттандыратын арнайы мемлекеттік құрылымдар құрылып, халықты латын графикасына үйрету жұмыстары жаппай басталып кеткен. Бірақ, түпкі мақсаты тұтас ұлттарды зердесіздендіруді көздеген империялық саясат 1940 жылы латын графикасын кирилицамен ауыстырып, он жыл бойы ел арасында жүргізілген сауатсыздықты жою жұмыстарының нәтижелерін бір-ақ күнде нөлге апарып тіреді. Ал, 1955-60 жылдардың аралығында мыңға жуық қазақ мектебінің жабылуы, жұмыс істеп тұрған қазақ мектептерінің едәуір бөлігінің аралас тілде оқытатын білім ұяларына айналдырылуы әлемдегі соңғы империялық құрылымның бодан халықтарды орыстандыруды көздейтін аса зымиян саясатының соңғы нүктесін қойды. Оның қорытындыларының қатерлілігі соншалықты, егер еліміз егемендік алып, тіл мәселесі басты проблемалардың бірі ретінде күн тәртібіне қойылмағанда, енді бір отыз-қырық жылда ұлтымыздың бүгінгідей 40 пайызы емес, түгел жүз пайызы ана тілін ұмытып, «қазақпыз» дегенге ешкім де сенбейтіндей күйге жететін бе едік. Соның бір нақтылы дәлелі ретінде, бүгінгі таңда үкімет құрамына енген және әрқилы деңгейдегі билік тұтқасын қолдарына ұстаған кейбір ірі шенеуніктердің ана тілінен мақұрым қалып, енді-енді ғана қазақша былдырлап сөйлеуді үйреніп келе жатқандығын айтсақ та жеткілікті. Ал, тарихи зердеден айрылғандары қаншама.

Расын айту керек, қазіргідей қос тілдік жағдайының өзінде де қазақ тілінің тіл ретінде құрып кету қаупі сейілген жоқ. Өйткені, мұндай қалыптасқан жағдай лингвистикада «тілдердің тоғысуы» деп аталады. Әрі ориенталист-ғалымдардың айтуынша осы процесс кезінде белгілі бір тіл үстемдік етіп жеңіп шығады да өзінің негізгі сөздік қоры мен грамматикалық құрылысын толық сақтап, жеңілген тілдің есебінен байи түседі. Тоғысу кезінде белгілі бір тілдің жеңіп шығуы сол тілде сөйлейтін халықтың санының көптігі немесе саяси үстемдігі сияқты мәселелермен тығыз байланысты. Ол ең алдымен, екі тілдің бір дәрежеде қатар өмір сүруінен басталып, «жеңілетін» тілдің қос тілділік дәуірін бастан өткізеді де «жеңілген» тіл бірте-бірте үстем тілге бірігіп сіңісіп кетеді, яғни, өмір сүруін тоқтатады. Өкінішке қарай біздің ана тіліміз қазіргі кезеңде осы процесті бастан кешіруде.

Бір алаңдатарлығы, ұзақ жылдар бойғы унитарлық-тоталитарлық жүйенің өктем үстемдігі кезінде позициясын жоғалтқан қазақ тілі, мемлекеттік мәртебесі Ата Заңымызда атап көрсетілгендігіне, тәуелсіздік алғалы бері арада өткен жиырма жылдың беделінде еліміздің «Тіл туралы» заңының қабылданғандығына, оны жүзеге асыруға қатысты арнайы мемлекеттік құрылымдардың жұмыс істеп келе жатқандығына, осынау игі іске арналып жылма-жыл қыруар қаржы бөлініп отырғандығына қарамастан әлі күнге дейін еңсесін көтере алмай келеді. Әрі оған бір жағынан былқылдаған жұмсақ креслоларда отырған лауазым иелерінің заңды жүзеге асыруға асықпауы кедергі жасаса, екінші жағынан көптеген қандастарымыздың азаматтық белсенділігінің, ұлтжандылығының төмендігі себепші болуда. Міне, осындай екіұдай тайталаста жеңіліске ұшырамай, өмір сүру құқын сақтап қала алмаса, қазақ тілінің де бір кездегі шумер, арамей, латын, майя, сабей, микей тілдері сияқты өлі тілдердің қатырына қосылуы әбден мүмкін. Ал, оған тосқауыл қойып, тіліміздің өміршеңдігін қамтамасыз ету, тек мемлекет тарапынан қолданылатын іс-шараларға ғана емес, исі қазақ атаулының ұлтжандылығының, қоғамдық ой-санасының деңгей-дәрежесіне де тікелей тәуелді. Сондықтан, «Білсем ертең өлерін ана тілім, жаным құрбан, жолында өлем бүгін» деп саны аз ғана авар халқының перзенті, ұлы ақын Расул Ғамзатов айтқандай, ұлттың қамын, тілдің сақталуын, дамып өркендеп қоғам өмірінен тиісті орнын алуын бүгіннен бастап ойластырып, ат салысқанымыз абзал.

… Жамбыл даңғылының бойындағы аялдамаға жақын маңдағы бір кезде жас өскіндерге орыс тілінде, кейін аралас тілде, ал нақтылы кезеңде тек қана қазақ тілінде білім беріп жатқан Керімбай баба атындағы мектептің бір топ жас өрендері жақындап келе жатты. Олардың қазақ тіліндегі әзіл-қалжыңы, шаттыққа толы жарқын күлкілері жүрекке тым жылы тиетіндей. Әлгінде ғана қабағы тұнжырап, көңілі пәсейіп отырған қарияның жүзі әнтек жылыған. Езуіне күлкі үйіріліп, орнынан тұрып еңсесін тіктеді. Бәлкім, ұлтымыздың ғұмыр-тіршілігін ілгері күнге жалғастырар мынау жас ұландар, қарияның ой-арманының орындалуына деген көңіліндегі сенімділікті нығайта түскен шығар.

Алдыңғы «
Келесі »