Қазақстан Каспий маңы елдерінен Қытайға тауар жеткізетін транзиттік көпір болуға дайын

  • 30.09.2014
  • 319 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақстан Каспий маңы елдерінен өзге мемлекеттердің нарығына тауар жеткізетін көпір ретінде өзінің транзиттік

маршруттарын пайдалануды ұсынады. Бұл туралы бүгін Каспий маңындағы мемлекеттер басшыларының IV Саммитінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Бүгінгі саммитте қол жеткізілген маңызды жетістіктердің бірі – жалпыға ортақ халықаралық құқық, нормалар қағидаты негізінде Каспий теңізінен басқа теңіздерге, әлемдік мұхитқа еркін шығу принципін келісу болды деп есептеймін», – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы бүгінгі таңда Қазақстанда «Солтүстік және Оңтүстік»,  ТРАСЕКА, Қытайдан Қорғасқа дейін, одан әрі Каспий теңізіндегі Ақтау портына дейін Ляньюнган порты секілді дамыған транзиттік маршруттар іске қосылғанына тоқталып кетті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің құрылысы аяқталып келеді. Қазақстан, Түркіменстан және Иран биылғы жылдың ішінде Қазақстан мен Түркіменстаннан Иран мен Парсы шығанағына дейін созылатын теміржолды түйістіруді көздеп отыр.

«Қазақстан арқылы өтетін маршруттардың ашылуына орай, біз оларды Каспий маңы елдерінен өзге мемлекеттердің, бірінші кезекте Қытай мен Тынық мұхитына дейінгі елдер нарығына тауар жеткізетін транзиттік көпір ретінде пайдалануды ұсынамыз. Осы мақсатта біздің елдердің үкіметтері үкіметаралық келісімге қол қою мүмкіндігін қарастыра алады», – деп қорытындылады Н.Назарбаев.

 Хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Алдыңғы «
Келесі »