Атырауда Қазақстан мен Ресей жастары энергетика, мұнай-газ саласын талқылайды

  • 28.09.2014
  • 309 рет оқылды
  • Пікір жоқ

29-30 қыркүйек күндері Атырау қаласында екі ел президенттерінің қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің «Көмірсутегі саласындағы инновациялар» атты XI өңіраралық ынтымақтастық форумы өткізіледі. Оның аясында «KAZENERGY – көшбасшылық пен инновация» тақырыбында Жастар форумы ұйымдастырылады, деп хабарлады «KAZENERGY» Қауымдастығынан. 

Форумның мақсаты – қос ел жастарының инновациялық ғылыми-техникалық және әлеуметтік-коммуникациялық жобалардағы жеткен жетістіктерін көрсету, ресейлік, қазақстандық жастар ынтымақтастығы келешегінің дамуы мен екі ел жастары мен жастар ұйымдарының тиімді өзара әрекет жасауының алаңын қалыптастыру.

Жастар форумына мемлекеттік органдардың, мұнай-газ және энергетика компанияларының өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, екі елдің бейінді ЖОО мен колледждерінің студенттері шақырылады.

Жастар форумы аясында пікірсайыс ұйымдастырылып, «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы оқытушылары арасындағы ынтымақтастық туралы», «ҚР мен РФ энергетика саласындағы жастар ұйымдары арасындағы ынтымақтастық туралы» меморандумдарға қол қойылады. «Жас мұнайшылар кеңесін» құру жоспарланған.

Шақырылған қонақтар қатарында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, ҚР Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин, «KAZENERGY» Қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов, РФ Энергетика министрі Александр Новак, РФ Білім және ғылым министрі Сергей Чуев, РФ Үкіметі жанындағы сараптау кеңесінің мүшесі, УрМЭУ ректоры Михаил Федоров, Астана қаласындағы «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис Б.В.» филиалының директоры Андрей Кириллов, «Каспий мұнай» АҚ бас директорының орынбасары Келтір Шәненов бар.
Жастар форумына, сонымен қатар, мемлекеттік органдардың, мұнай-газ және энергетика компанияларының өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, екі елдің бейінді ЖОО мен колледждерінің студенттері шақырылады.

Форум қорытындысы бойынша қарар қабылданып, ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылып, қатысушыларға сертификаттар табысталатын болады.

Хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Алдыңғы «
Келесі »