• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ақпарат
  • >
  • Елбасының ел тарихына қатысты айтқан ойлары – дүниежүзіндегі бар қазаққа ортақ – С. Балғабаев.

Елбасының ел тарихына қатысты айтқан ойлары – дүниежүзіндегі бар қазаққа ортақ – С. Балғабаев.

  • 28.09.2014
  • 302 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау өңіріне барып, Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл темір жол магистралдарының ашылу рәсіміне қатысты. Бұдан кейін, қасиетті Ұлытаудың баурайында, Әулиебұлақтың жанында отырып, қазақ халқының өткені мен бүгіні және болашағы жайында ой қозғады. Осыған байланысты «ҚазАқпарат» тілшісі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевты әңгімеге тартқан еді. 

– Сұлтанәлі аға, Елбасы қазақ халқының тарихында Ұлытау жерінің алатын орны ерекше екендігін атап өтті. Осы жөнінде өз пікіріңізбен бөліссеңіз.

– Жалпы, бұл қозғалып отырған мәселе тек Қазақстан халқына ғана емес, шет елдерде жүрген 5 миллион қазаққа да қатысты. Олар да қазақ халқының құрамдас бөлігі деп білем. Олар да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау жерінде айтқан әңгімесіне үлкен қызығушылық танытып отыр. Сондықтан, Мемлекет басшысының қазақ халқының тарихына қатысты айтқан ойлары, дүниежүзіндегі барлық қазақ жұртшылығына ортақ.

Тәуелсіздік алғалы бері қазақ халқының тарихына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Біздің рухани астанамыз Түркістан болса, тарихи астанамыз – Ұлытау бөктері. Осы тұрғыдан келгенде, Ұлытауда темір жол желілерінің салынуы – бұл өңірдің дамуына зор ықпал ететіндігі сөзсіз. Ұлытау шынында да кезінде жалпы қазақтың басын қосқан үлкен орталық болған. Ал Елбасының тәуелсіздік алғаннан кейін қолға алған игі істерінің бірі – тарыдай шашыраған бар қазақтың басын қосу. Осыған байланысты 1992 жылы алғашқы құрылтай өтті. Одан кейін төрт құрылтай ұйымдастырылды. Міне, күні бүгінге дейін Қазақстанға 1 миллионға жуық қандасымыз қоныс аударыпты. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шынында да елімізде қазақтардың үлес салмағы 40 пайыз ғана болған. Енді 65 пайызға жетіп отыр. Бұл – тәуелсіздігімізді нығайта түсетін басты фактор.

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда қазақтардың саны жылына 1 пайызға артып келеді. Сондықтан, 2020 жылға қазақтардың үлес салмағын 70 пайыздан асыру керек. Егер асса, тәуелсіздігіміз барынша нығая түсер еді. Бұл жерде менің айтарым, қарға тамырлы, киіз туырлықты қазақтың, бұрынғы ата-бабаларымыздың о баста халықтық, мемлекеттік құрылымы болғаны даусыз. Айқын шекарасы болмағанымен қоныстану аймақтары болған. Бұл – даусыз әңгіме. Бірақ, дәл қазіргі таңда біз бірінші кезекте мемлекетімізді нығайту мәселесіне барынша көп көңіл бөлуіміз керек.

– Сұлтанәлі аға, Президент сөзінде Кеден және Еуразиялық одақтың Қазақстан тәуелсіздігіне нұқсан келтіре алмайтындығын жеткізді. Бірақ, қоғамда әлі де болса мұндай одақтарға күмәнмен қараушылар бар. Осы мәселе жөнінде не айтар едіңіз?

– Еуразиялық экономикалық одаққа қосылғанымызды өз басым құптаймын. Өйткені, мен шет елдерге көп шыққан адаммын. Әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, даму жолдарын, даму бағыттарын көріп жүрміз. Осы тұрғыда Қазақстанды басқа мемлекеттермен салыстырар болсақ, біздің еліміз Еуразия құрлығының орталығында орналасқан. Теңізге, мұхитқа шығар жолы жоқ. Мұның өзі басқа елдермен сауда-саттық жасасуға бір жағынан қолбайлау екені даусыз. Сондықтан, біз шекарамызды бекітіп қойып, жападан-жалғыз отыра алмаймыз. Қазіргі заманда бұл мүмкін де емес. Сондықтан, өз мүддемізді толығымен сақтай отырып, басқа елдермен байланыстыратын темір жолдар салып, экономикалық одақтарға бірігуге болады деп есептеймін. Әрине, Украинадағыдай жағдай болып қалмас па екен деп қауіп білдіретіндер де бар. Бірақ, барлығы өзімізге байланысты! Украинада ә дегеннен, «орыс тілі құрысын» деген секілді саясат жүргізілді. Ал бізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ұлтаралық татулық саясаты жүргізіліп келеді. Халық бұл үлкен саясатты түсініп қана қоймай, татулық пен бейбітшілік жолына өз үлесін қосып отыр.

– Тіл демекші, Елбасы қазақ тілінің мәртебесі мен оның мемлекеттік деңгейде қолданылуына барлық жағдайдың жасалғанын мәлім етті. Бірақ, сонда да қоғамда қазақ тілінің жағдайы қоғамда жиі көтеріледі. Бұған не дер едіңіз?

– Иә, қазір тіл жөнінде көп айтылады. Мен қазақ тілі жөнінде бұдан 25-30 жыл бұрын өте көп жаздым. Неге? Өйткені, басқа өңірлерді айпағанда, бір Алматының өзінде ол кезде бір ғана қазақ мектебі болды. Алматының айналасында да жағдай мәз болмады. Мысалы, сол кездегі Целиноградқа бара қалсаң, көшеде қазақша сөйлеген бір адамды көрмейтінсің. Ал қазір ше? Қазір мен тіл туралы ештеңе жазбаймын. Қойдым. Неге? Қазір жылына қазақ мектептерін бітіретін түлектердің саны орыс тілді мектептерді бітірген түлектерден бірнеше есе артық. Бұл – менің түсіме де кірмеген құбылыс. Жер жерлерде қаншама қазақ мектептері ашылып жатыр. Бұған шүкіршілік жасау керек. Сол үшін қазақ тілінің халі мүшкіл деп зарлай берудің қажеті жоқ. Ең бастысы қазақтың санын арттыру керек. Егер қазақтың саны артар болса, онда тілге байланысты мәселелер де шешіледі, еліміздің тұрақтылығы да артады, тәуелсіздігіміз де нығая түседі. Оның бір жолы – тағы да қайталап айтам, шетте жүрген қазақтарды біртіндеп елге қоныстандыру. Егер оларды тарихи астанамыз Ұлытау өңіріне шоғырландырса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, ол жақта шөбі шүйгін, суы мол өзен алқаптары көп. Барлығы ата-бабаларымыздың қыс қыстап, жаз жайлаған жерлері. Қазір бос жатыр. Сондықтан, қорыта келе айтқанда, Елбасының қасиетті Ұлытау жерінде айтқан ой-тұжырымдары жаңа игі істердің бастамасы болар деген үміттемін.

– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет, аға.

 

Алдыңғы «
Келесі »