Қазақстанда теннисті дамыту тұрғысынан үлкен жұмыс атқарылып жатыр – Н.Назарбаев

  • 26.09.2014
  • 342 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Рафаэль Надаль мен Жо-Вильфрид Тсонга арасындағы теннис матчын тамашалады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы жарыс алдында әйгілі теннисшілерді қабылдап, кездесу барысында олардың осы келісі еліміздегі теннистің бұдан әрі дамуы үшін маңызды екендігіне тоқталды.

 – Бұл қазақстандық жас спортшылар үшін үлкен оқиға. Сіздер оларға өздеріңізбен ойнау мүмкіндігін бердіңіздер. Бұл оларды айтарлықтай ынталандыру болып саналады. Сондай-ақ сіздер біздің елімізге келіп, елорданың айтулы нысандарын аралап көру мүмкіндігіне ие болдыңыздар, – деді  Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұрын теннис дәстүрі болмаған біздің елімізде қазір спорттың осы түрін дамыту тұрғысынан үлкен жұмыс атқарылып жатқандығына тоқталды.

– Мысалы, менің өзім теннисті 40-тан асқасын ойнай бастадым. Бүгінде бүкіл елімізде, өңірлерде теннис орталықтары салынып, оны танымал ету жұмыстары жүргізілуде, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде теннисшілер елімізге келуге шақырғаны үшін алғыс айта отырып, Қазақстанға келу олар үшін үлкен құрмет екенін атап өтті.

Кездесудің соңында Р.Надаль өзінің ракеткасын Елбасына тарту етті.

Рафаэль Надаль мен Жо-Вильфрид Тсонга елімізге сапары аясында қазақстандық жас теннисшілерге – «Team Kazakhstan» академиясының тәлімгерлеріне шеберлік дәрісін өткізді және Астананың көрікті жерлерін аралап көрді.

Рафаэль Надаль – испандық теннисші, Үлкен Дулыға турнирінің 14 дүркін жеңімпазы, 2008 жылғы Олимпиаданың жеке сындағы чемпионы, «Алтын дулыға», сондай-ақ  Дэвис кубогының үш рет Испания құрамасы сапындағы иегері.

Жо-Вильфрид Тсонга – кәсіпқой француз теннисшісі, ATP 15 турнирінің жеңімпазы, 2012 жылғы Олимпиада ойындарының ерлер арасындағы жұптық сындағы Күміс жүлдегері,  2014 жылғы Хопман Кубогының Франция ұлттық құрамасы сапындағы иегері.

Хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдыңғы «
Келесі »