Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға жуық бос жұмыс орны табылады – Қасым-Жомарт Тоқаев

  • 26.09.2014
  • 237 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға жуық бос орын қалып жатыр. Бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасындағы орта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың болашағы мен оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету шаралары» атты ғылым-тәжірибелік конференция барысында палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті.

Сенат Төрағасының айтуынша, бүгінгі жаһандану әлемінде бәсекеге қабілетті болу мемлекеттің тұрақты дамуына қажетті ең маңызды факторлардың бірі. Ал аталған фактор көп жағдайда адами капиталдың сапасымен өлшенсе, мұны қалыптастырудағы басты рөлді білім атқарады.

«Қазіргі уақыт кәсіби маманнан жоғары біліктілікті, ұтқырлық пен ұшқыр ойды, өз білімін ұдайы жетілдіріп отыруды талап етеді. Осындай талаптарға сай кадрлар дайындауды қамтамасыз ету отандық білім беру жүйесінің басты міндеті. Кәсіптік техникалық және жоғары білім беру ағымдағы ғана емес келешектегі отандық экономиканың білікті мамандарға деген қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыруға бағдар алуы тиіс», деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар, спикер соңғы уақытта гуманитарлық сала мамандарына деген сұраныс күрт түсіп кеткенін атап өтті. Оның айтуынша, экономика техникалық мамандарды талап етіп отыр. Соған орай, өндірістің орта буын кадрларын даярлауға көшу маңызды.

«Еңбек органдарының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға тарта жұмыс орны бос қалады. Ал бұл салаға нақты кәсіби техникалық білім иелері талап етіледі. Болашақта, инновациялық ғылыми қамтымды экономикаға көшуге орай жоғары білікті мамандарға сұраныс бұдан да арта түседі. Бұдан бөлек, Елбасы Жолдауында айтылғанындай, 2030 жылға қарай еңбек өнімділігін бес есеге арттыруға тиіспіз. Ал жаңа технологияларды игеріп, заманауи құралдарды пайдаланбай ол тапсырманы жүзеге асыру мүмкін емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдыңғы «
Келесі »