Бұрынғы қаржы полициясының қызметкерлері енді погонсыз болады – Қ. Қожамжаров

  • 24.09.2014
  • 364 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бұрынғы қаржы полициясының қызметкерлері енді погонсыз болады. Бұл азаматтар арасында қызметкерлерге деген сенімді арттыра түспек.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

«Бүгінгі күні халық та, бизнес те реформаланып жатқан құқық қорғау органдарының құрылымдарын жақсы қабылдағаны біз үшін аса маңызды мәселе. Ал осы тұрғыдан алғанда біздің қызметкерлерімізде погонның болмауы азаматтар арасында белгілі бір деңгейде сенімділікті арттырады деп ойлаймын. Сондықтан да, айта кетерлік басты жаңалықтың бірі – біздің қызметкерлеріміз енді погон тақпайтын болады, арнайы айырым белгілері бар киім формаларын кимейтін болады», деді Қ. Қожамжаров.

Оның айтуынша, бұған қарамастан бұрынғы қаржы полициясының қызметкерлері үшін қолданыстағы әлеуметтік, салықтық жеңілдіктер сақталады.

Хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдыңғы «
Келесі »