Кеден одағынан Еуразиялық экономикалық одаққа

  • 23.09.2014
  • 394 рет оқылды
  • Пікір жоқ

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Ресей, Беларусь Қазақстан бірыңғай Кедендік одақ құрып, экономикалық ықпалдастықты арттыра түскен бұл мәселе күні бүгінге дейін қоғамда көп талқыланып, илеуі қанған тақырып болды.

 Жалпы кедендік одақ деңгеннің мәнісі екі немесе одан да көп мемлекеттердің өз араларындағы кедендік шекараларды жойып, бірыңғай кедендік тариф құру жөніндегі келісімін білдіреді. Кедендік одақ аумағында тауарлардың, жұмыс күшінің және капиталдың кеден баждары салынбай, еркін өткізілуіне рұқсат етіледі.

Бұл өзі – экономикалық мәселе. Айталық, Қазақстаннан белгілі бір тауарды сонау Балтық елдеріне жеткізетін болсақ, бірлескен Кеден одағы сынды әріптестік болмаса, тауарларыңды әр мемлекеттің аумағынан өткізу үшін бірнеше өткелектен өтіп, баж салығын әлденеше рет салуға тура келер еді. Осыдан келіп, тауардың бағасы алғашқы өндіруші елден үшінші елдерге жеткенге дейін әлденеше рет қымбаттай түсер еді. Тұтынушы үшін тауардың қай елден шыққаны маңызды емес, оның басты өлшемі – тауардың сапасы және бағасы. Ал қымбат тауарды өткізу кім-кімге де тиімді емес, өйткені, тауардың бәсекеге қабілеттігі төмендейді.

Тарихи деректерге сәйкес, ке­ден­дік одақ 19 ғасырда орныға бастаған. Франция мен Монако ара­сындағы (1865 ж.), Швейцария мен Лихтенштейн Князьдігі ара­сындағы (1924 ж.) одақ оның алғашқы көрнісі болды. Біздің кезеңімізге жақын уақыттарды алатын болсақ, Еуропалық экономикалық одақ (1957 ж.) – Еуропалық одақ (1993 ж.) және Еуропалық еркін сауда қауымдастығы (1962 ж.) құрылған. Ке­ңес Одағы дәуірінде социалис­тік мемлекеттер арасында Эко­номикалық Өзара Көмек Кеңесі (СЕВ) аясында кедендік мәсе­ле­лер бойынша бірнеше келісімдер жа­салған. Кейбір ақпараттық агенттіктердің мәліметі бойынша, әлемде 30-дан астам түрлі си­паттағы интеграциялық бірлес­тіктер бар көрінеді.

Кеден одағының тағы бір артықшылығы – ортақ нарық аясының кеңеюі болмақ. Үш елдің Кеден одағы аумағы 170 миллионнан астам астам адам тұратын кеңістікті қамтып, оның аясын анағұрлым кеңейте түсті. Бұл әсіресе, небәрі 17 миллиондай халқы бар Қазақстан үшін бұл үлкен нарық. Қарапайым ғана мысал келтіре кетейік, Қытайдағы Шанхайда шемекіні көтерме саудадан сатып алып, үстіне бірер юань қосып сатқанның өзінде сатушы күнделікті нәпәқасын айырады. Өйткені бір Шанхайдың өзінде 23 миллионнан астам халық бар. Ал, егер сол қаладан тонналап сатып алып, одан ірі бизнесін өрістетіп, іргелес аумақтарға шығаратын болса, одан түсетін табыс та еселей түсері сөзсіз. Сөйтіп, миллиард жарымнан астам халқы бар бұл елде қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Ал Қазақстан жағдайында осы шемекіні ғана алып қарайық. Оны иықтап тасығаннан шаруаңның өрге басуы екіталай. Қалаларда болмаса, ауылдық жерлерде алушылар аз, әрі бір-бірінен қашық жатыр, оған көлік керек, жанармай керек, оның үстіне шемекіні жалғыз өзің сатып отырған жоқсың, бәсекелестер де жетіп артылады, сондықтан да олар да қарап жатқан жоқ… Ойламаған жерден басқа да проблемалар түп етектен тартып, алдыңнан шығуы мүмкін.

Ірі бизнес саласында өткізетін нарқыңның аумағы неғұрлым кең болса, соғұрлым өрісің ұзарады, бұл әсіресе, жүздеген адам еңбек ететін ірі зауыт, өндірістерге ауадай қажет.

Кедендік Одаққа бірігудің негізгі мәні одақ­қа мүше мемлекеттер ішін­де­гі кедендік тосқауылдардың бол­мауында және кез келген сыртқы та­уарға, оның қай елге тасы­мал­данатынына және ортақ ше­карадан қай жерде өткеніне қара­мастан бірыңғай кедендік та­­лапты қалыптастыруында. Ке­ле­шекте біртұтас көліктік, энер­гетикалық, ақпараттық ке­ңістік құрылуы тиіс, интег­ра­циялық процестер жеделдетіледі, то­лыққанды жалпы рынок қа­лыптасады, ұлттық экономикалар біртұтас кешенге бірігеді. Елдер әлеу­меттік-экономикалық да­мудың ортақ мақсаттарына ке­ліседі, уағдаласқан құрылымдық, ин­новациялық, сыртқы эко­но­микалық және әлеуметтік сая­сат­ты қалыптастырады. Оның мысалын біз қазір алдағы 2015 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылатын Еуразиялық экономикалық одақтан көретін боламыз. Егер Кеден одағы кедендік тарифтерге байланысты мәселелерді шешетін болса, Еуразиялық экономикалық одақтың мәнісі – одан да ауқымды, экономиканың барлық салаларында ықпалдастықтың одан әрі ұлғая түсуін көздейді. Бұл арада айта берсек, оның әртүрлі жолдары да көбейе түседі. Бұл орайдағы өрісті бағыттар – бірлескен кәсіпорындардың көбеюі, капиталдың бірнеше елге ортақ салаларда шоғырлануы, тіпті білім беру, денсаулық сақтау, туризм сияқты салаларда да ықпалдастықтың күшеюі. Осының бәрі айналып келгенде, экономиканың әлеуетін арттыру, түптеп-келгенде халықтың өмір сапасын жақсартуға келіп тіреледі.

Енді әңгімемізді мысалдармен тұздықтай отырайық. 2013 жылы Қазақстанның Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерімен сауда айналымы 24.2 млрд. АҚШ долларын құраған екен. Кеден одағы құрылған жылдардан бері осы одаққа мүше елдердің тауар айналымы 88.3 пайызға өскендігі байқалады. 2010-2013 жылдар аралығында орташа  жылдық тауар айналымының 18.4 пайызды құрағаны да белгілі. Қазақстан Кеден Одағының нарықтарын жаулай бастады. Бұған мысалдар жетерлік. Мәселен, өзімізбен көршілес Ресей Федерациясы қазақстандық өнімдерді тұтынуға зор қызығушылық танытып отыр.

Қазіргі кезде отандық кәсіпорындардың алғашқы легі Ресейдің нарығына шықты. Атап айтсақ, өткен жылдың 2 қазанында Батыс Қазақстан облысындағы «Crown Батыс» ЖШС-інің мал бордақылайтын алаңынан Мәскеудің нарығына алғашқы 20 тонна сиыр еті жөнелтілді. Отандық өндіруші мен сауда индустриясында жұмыс істейтін ресейлік компания – Москворецк сауда үйінің арасында жасалған келісім бойынша, 2013 жылы 500 тоннаға жуық ет экспортталды. Айтпақшы, ресейліктер қазақтың етінің өзінің құнарлылығы мен дәмдік сапасы бойынша Ресейдің Мәскеу нарығындағы премиум-кластағы өнім ретінде бағаланатынын атап айтты.
Өткен жылдың 5 тамызында «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі Ресейдің Тюмень қаласында азық-түлік, машина жасау, құрылыс саласындағы 9 отандық кәсіпорын өнімдерінің тұсаукесерін өткізді. Ол кәсіпорындардың қатарында «Цесна-Астық» концерні» АҚ (ұн, макарон өнімдері), «Сұлтан Маркетинг» ЖШС (макарон), «Ақбарыс НК» ЖШС (тез дайындалатын кеспе), «ЮПЭКс» ЖШС-і (макарон), «Күбілей» ЖШС (ет консервілері), «Белкамит» АҚ (машина құрастыратын өнімдер), «KazGer» ЖШС (құрғақ құрылыс қоспалары), «Кентау трансформатор зауыты» АҚ (трансформаторлар), «Мұнайаспап» АҚ (мұнайгаз жабдықтары) бар.
«KAZNEX INVEST» Ұлттық агенттігі өкілдерінің айтуынша, тюмендік кәсіпкерлер Қазақстанда өндірілетін азық-түлік өнімдеріне ерекше қызығушылық танытқан. Тіпті, отандық өндірушілер мен тюмендік кәсіпкерлер ұн өнімдерін жеткізуге алдын-ала келісімге келіпті. Сондай-ақ, машина жасау өнімдеріне де үлкен сұраныс бары байқалды. «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкеновтің айтуынша, Тюмень өңірі бәрінен бұрын халық тұтынатын азық-түлік өнімдеріне, машина жасау және электротехника өнімдеріне зәру. "Ендеше, отандық экспорттаушыларға біздің өнімдеріміз бәсекелесе алатын және сұранысқа ие Ресейдің аймақтық нарықтарына шығуға кеңес береміз", – дейді ол.

Айта кетелік, жоғарыда аталған «Цесна-Астық» концерні» АҚ 2013 жылы өзінің алғашқы өнімдерін Ресейдің Мәскеу, Омск, Белгород, Тюмень, Челябинск қалаларына шығарып үлгерді. Танымал компанияның коммерциялық директоры Әлібек Ибрагимов былай дейді: «Бұл біздің үлкен жұмысымыздың басы ғана. Әзірше қандай да бір жалпы өнеркәсіптік көлем туралы әңгіме жоқ. Бірақ, аталған қалаларда біздің өнімдеріміз тек базарларда ғана емес, Ресей Федерациясының бөлшек сауда желілерінің сөрелерінде самсап тұр». Әрине, бұл – Кеден Одағының біздің кәсіпкерлерге берген «сыйы», мүмкіндіктері. Сайып келгенде, адал бәсекеге төтеп бере алмағандары орта жолда қалса, ал өз кәсібінің келешегіне сенгендер сынақтан сүрінбей өтіп қана қоймай, көршілес елдердің нарығына шықты.

Бұл тұрғыдан алғанда Еуразиялық экономикалық одақтың еркін сауда аймағын құруда ғана емес, қосымша инвестиция тартуда, өндіріске жаңа технологиялар тартуда пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе, Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашылатыны анық. Бұл туралы жуырда ЕЭК өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені алқасының мүшесі (министр) Сергей Сидорский 2014 жылғы агроөнеркәсіп апталығының ашылу рәсімінде мәлімдеді. Ол өз сөзінде Еуразиялық экономикалық комиссия және Беларусь, Ресей мен Қазақстан үкіметтері соңғы екі жылда алғаш рет үш мемлекетке ортақ ауыл шаруашылығын құрудың тұжырымдамасын анықтағанын, үш үкімет біріккенін айтты. Бұл өз кезегінде ЕАЭО-ның ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға ықпал ететіні сөзсіз. Сөзімізге дәлел ретінде, Кедендік одақты да мысал етуге болады. Қазақстандық агроөндіріс­шілер өткен жылы Кедендік одақ елдеріне ауыл шаруа­шылығы өнімдері экспортын екі еседен астам арттырған екен. Осы орайда экспорт көлемінде тек ауыл ша­руашылығы шикізатының ға­на емес, соны­мен қатар өңдеуші өнер­кәсіп өнім­дерінің де көлемінің ар­тып келе жатқанын айта кету ке­рек. Өткен есептік жылда өңдеуші өнер­­­кәсіп өнімінің КО-ға экспорт көлемі 60 па­­йыз­ға артқаны белгілі. Осыны негізге алсақ, Еуразиялық одақтан ұтарымыз көп екенін байқауға болады.

Қазіргі кезде елімізде көптеген жаңа жылыжайлар салынып, іске қосылуда. Сол жылыжайлардың өнімдері де Кеден Одағындағы елдерге экспортқа жөнелтілуде. Мысалы, Мәскеудің нарығына жол тартқан отандық өнімдердің бірі – жеміс-көкөністеріміз. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, биылғы жылдың наурыз айының ортасында еліміздегі ауданы 11 гектар жерді құрайтын ең ірі жылыжай кешені өз жұмысын бастады. Ол – Оңтүстік Қазақстан облысындағы жоғары технологиялық «Аделя» ШҚ» ЖК кешені. Бұл кешенге «ҚазАгроҚаржы» АҚ 2,1 млрд. теңге инвестиция салды. Атап айтарлығы, бұл жерде жемістер мен көкөністерді өсірумен 140-қа жуық арнайы мамандар айналысады. Яғни, өндіріс орны пайдалануға берілгеннен кейін барлық мамандар әуелі арнайы оқуды бітіріп, жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Көңіл қуантарлығы, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ компаниялары жалпы сомасы 33,5 млрд. теңгені құрайтын 37 түрлі жылыжайлардың құрылысын қаржыландырған. Олардың жалпы жиынтық жер көлемі – 125,6 гектарды құрайды. Өндіріс қуаттылығы – жылына 50,1 мың тоннаға дейін өнімдер өндіреді.

Сондықтарн да Кеден одағына кіруге Армения, Қырғызстан, Тәжікстан елдері қызығушылық білдіріп отыр. Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиеваның айтуынша, әлемнің 40-қа жуық елі Кеден одағының еркін сауда аймағына қосылуға ниетті. Оның атап өтуінше, қазіргі таңда біздің экономикамыз жоғары технологиялық өндірісті дамытуға бағытталған. Ал ол инвестиция үшін барынша тартымды ауқымды нарықтарды талап етеді. «Осы ретте Кеден одағымен еркін сауда аймағына қосылуға ниеттестіктері туралы қазірдің өзінде 40-қа жуық елдің мәлімдеме жасауы зор маңызға ие. Олардың қатарында Түркия, Үндістан, Жаңа Зеландия, Вьетнам сынды елдер бар. Еуроодақ пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сынды блоктармен де ынтымақтастық жолға қойылуда», – деді ол.

Біздің Ресей мен Беларусьқа экспортымыз 63 пайызға, оның ішінде өңделген тауарлар шығаруымыз 2 есеге артты. Біз мүны әдейі баса айтып отырмыз. Өйткені біздің экспорттық тауарларымыз негізінен шикізат болып табылады. Ал өңделген тауар экспортының артуы – жақсы жетістік.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім динамикасы бойынша машина жасау саласы (жоспарланғаны 112 %, іс жүзіндегі өсім 114,6 %) көш бастап тұр. Соның дәлелі, өндіріс көлемі 850 млрд. теңгеден асып түсті. Жеңіл автокөліктер өндірісі екі есеге – 19 186-дан 37 471 бірлікке көбейді. Ал автобустар өндірісі 4,5 есеге артып, 205-тен 922 данаға жетті. Өткен жылы елімізде тұңғыш рет «Пежо» автокөлігінің шығарылымы жолға қойылды. Ал биылғы мамыр айынан бастап жол талғамайтын «Тойота» автокөлігі шығарылады. Атап айтарлығы, отандық автоөнеркәсіп биыл жылына 50 мың автокөлік құрастырып шығару межесіне қол жеткізуді жоспарлап қойған.
Қарқынды дамуға бет бұрған екінші сала – құрылыс индустриясы. 2013 жылы бұл саладағы өсім көлемі 11,8 пайызға дейін ұлғайды. Қазақстандықтарды қуантатыны, ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесі 72 пайызға жетті. Ендігі міндет – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде осы көрсеткішті 80 пайызға дейін арттыру. Ең бастысы, 2014 жылдың соңына дейін бұл межеге жетуге барлық мүмкіндіктер бар. Өйткені, қазірдің өзінде цемент, шатыр, жылу сақтайтын материалдарды, пластмассадан жасалатын құбырларды және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру көлемі көбейді. Ішкі нарықтағы сұраныс цементпен, бетоннан жасалған бұйымдармен, гипс картонымен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Биыл екі бірдей цемент зауытының іске қосылуы нәтижесінде еліміздің батыс және солтүстік аймақтары цемент импортынан толықтай бас тартуда.

Қазақстанның интеграциядан ұтқанының тағы бір дәлелі – инвестициялардың ұлғаюы. 2012 жылы елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны рекордтық көрсеткішке жетіп, 28,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 2,4 млрд. АҚШ долларына немесе 8,9 пайызға артық. Содан шығары, еліміз БҰҰ-ының сауда және даму конференциясының (ЮНКТАД) мәліметтері бойынша, тікелей шетелдік инвестициялар тарту көлемі бойынша көш басында тұрған 20 мемлекеттің арасынан 19-шы орынды иеленді.

Баршаға белгілі, 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан Ресей және Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарқа қол қойды. Бұл шарт Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік құжаттарынан басқа 70-ке тарта халықаралық шарттарды, жаңа нормаларды көздейді, соның ішінде бұрын қозғалмаған жалпы нарықтың энергетикалық секторы, қызмет көрсету нарығы сияқты сегменттеріне де қатысты.

ЕАЭО аясындағы ықпалдастық экономикалық өзара тиімді кооперация негізінде өнеркәсіп қуаттарын арттыруды, өндірісті жаңартуды, мұнай-газ  секторына тәуелділіктен құтылуды да қарастырады. одақ

Ықпалдастық бірлестіктердің арқасында жоғарыда атап өткендей, Қазақстанның өнеркәсібі тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, 2014 жылдың қаңтар-шілде айларында Кеден одағы елдерінде өңдеу саласының өсімі 2,2 пайызға артқан. Қазақстанда машина жасау – 101,2 пайызға, кокс және мұнай өнімдері өндірісі 101,1 пайызға, жеңіл өнеркәсіп, 100,7  пайызға, қағаз және қағаз өнеркәсібі 113,6 пайызға. ағаш өңдеу өнеркәсібі 101,4 пайызға арттты.

2014 жылдың қаңтар-шілде айларында жеңіл өнеркәсіптің физикалық көлемінің индексі 100,7 пайызға артып, 34,1 млрд. теңгеге жеткен. Осы көрсеткіш мақта-мата өндірісінде 100,1 пайызға немесе 18,4 млрд. теңгеге, киім – 101,2 пайызға немесе 13,4 млрд. теңгеге жетті.

Сөйтіп сайып келгенде, ынтымақтастықты тереңдете түсу және әріптестік ықпалдастық бірлестіктің барлық елдерінің жақсы экономикалық көрсеткіштерге жеткенін көрсетуде. Сонымен қатар, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік және Еуразиялық экономикалық одақ тұрақты және арта түсіп отырған нарықты қалыптастыруға, сондай-ақ әлемдегі келеңсіз экономикалық жағдайлар салдарын  жұмсарта түсуге бағытталып отырғанын атап өткен жөн.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып, бастамашы болып жүрген еуразиялық ынтымақтастық идеясының басты құндылығы да осында.

Енді бұдан әрі, Еуразиялық экономикалық одақтың күшіне енуі бұл жетістікерді баянды ете отырып, ықпалдастықтың жаңа өрістеріне, жаңа сапалық көрсеткіштеріне қарай дамуымызды қамтамасыз ететін болады.

Хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдыңғы «
Келесі »