Елорданың бас алаңында Алматы облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтуде

  • 20.09.2014
  • 295 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ҚазАқпарат – Елорданың орталық  алаңында Алматы облысының ауыл шаруашылығы  жәрмеңкесі өтуде. Жәрмеңкені Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аралап шығып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді.

 «Бүгін Астанада қалыптастырған дәстүр бойынша күзде өтетін жәрмеңкелер басталды. Осы жақсы дәстүрді биыл Алматы облысы бастап отыр. Елдің көңілі жарқын. Өйткені, осынау бір жәрмеңкені жыл сайын елорда жұртшылығы күтеді. Себебі, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері жаз бойы маңдай терін төккен еңбегін әкеп, оны елордаға паш етеді», – деді И.Тасмағамбетов.

Қала басшысының сөзіне қарағанда, Алматы облысы осы жәрмеңкеге 450 тонна азық-түлік әкелген. Өнімдердің құны елорда базарларындағы бағасымен салыстырғанда 20 пайызға дейін, кейбірі өнімдер тіпті 50 пайызға дейін төмен саудалануда.

«Әрине, мұндай дәстүр жалғасын табады. Келесі сенбі күні Жамбыл облысы келмекші. Ослайша, әрбір сенбіде қаланың орталық алаңында мерекелі, берекелі жәрмеңкелер ұйымдастырылатын болады», – деді ол.

Айта кетейік, Жетісу өңірі елордаға 50-ден астам өнім түрін әкелген. Оның ішінде 15 тонна қой еті, 16 тонна сиыр еті, 14 тонна жылқы еті, 6 тонна құс еті, 12 тонна балық, 18,2 тонна сүт өнімдері, 52 тонна картоп, 194 тонна көкөніс сынды өнімдер бар.

Алдыңғы «
Келесі »