Оңтүстік өңір жастарының зияткерлік бал кеші өтті

  • 19.09.2014
  • 313 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 

Талантты жастарды қолдау жобасы аясында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар орталығы» МКМ-нің ұйымдастыруымен «Шымкент Конгресс» орталығында облыстық зияткерлік бал кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол жастардың бойында жоғары деңгейлі мәдениеттілік пен ізгілікті дамыту мақсатында және жаңа оқу жылында І курс студенттерінің құрметіне ұйымдастырылған.

Аталмыш іс-шара биыл «Оңтүстік балы» зияткерлік бал кеші атауымен ерекшеленді. Балға қатысушылар қазақ жастарын ел бірлігіне, ел игілігіне сүбелі үлес қосуға шақырды. Оңтүстік өңір жастары осынау шараны «Біз дүние жүзіндегі бейбітшілікті қолдаймыз!» деген жалынды ұранмен ұйымдастырып отырғандарын жеткізіп, әлемде орын алып отырған қақтығыстарға қарамастан, жер бетіндегі әр адамның бейбіт заманда өмір сүруге лайық екенін паш етуге тырысты.

Облыстық зияткерлік балына жалпы аудан, қалалық іріктеу кезеңінен өткен 32 жұп қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Ол қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының І курс студенттерін құттықтау рәсімімен және облыс өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Аталмыш шара аясында әлеуметтік желілерде қатысушылардың фотосуреттеріне конкурс жарияланған болатын. Оның қорытындысы бойынша 17 қыркүйек күні 1329 дауыс жинаған Шымкент қаласының жастары Абзал Жанбосынов пен Аида Нақыпбекова «Үздік жұп» болып танылды. Сонымен қатар арнайы хореограф мамандардан құрылған әділқазылар алқасының шешімімен кештің «ханзадасы» Мұхаметжанов Мұрат, ал «ханшайымы» Гурьянова Карина болды. Жеңімпаздарға «Француз үйінің» әтіріне сертификаттар табысталды.

 

Алдыңғы «
Келесі »