• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ақпарат
  • >
  • Ақмола облысының әкімі Көкшетаудағы құрылыс нысандарының уақытылы тапсырылуын қадағалауды жүктеді

Ақмола облысының әкімі Көкшетаудағы құрылыс нысандарының уақытылы тапсырылуын қадағалауды жүктеді

  • 14.09.2014
  • 367 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинның төрағалығымен қалалық әкімдікте өткен Көкшетау қаласын әрі қарай дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңесте ол жергілікті билікке салынып жатқан нысандардың уақытылы тапсырылуын қадағалауды жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында қала әкімі Жомарт Нұрғалиев ең алдымен қысқы маусымға әзірлік бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда қаладағы жылу көздері мен жылу желілерінің жылу маусымына жалпы дайындығы 91 пайызды құрайды. 1,9 шақырым магистралдық желілер жөнделген. Ықшамаудандардағы желілердің 98% жөндеуден өткізілген. Тұрғын үй қорын күзгі-қысқы маусымға дайындауды күшейту үшін барлық шаралар қолға алынуда. Әлеуметтік сала нысандары бойынша 167 нысанның 156-сына әзірлік актісі жасалған.

Тұрғын үй құрылысы саласында жалпы аумағы 46,7 мың шаршы метр 21 тұрғын үй салынуда, оның ішінде 13 үй ағымдағы жылы пайдалануға берілмек.

Мұнан кейін қала әкімі қаланы абаттандыру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, дыбыстық және жарықтық жүйелері бар 4 субұрқақ жөнделген. Достық үйі аумағындағы жағалауда субұрқақ салынып, шағын сәулет мүсіндері орнатылды. 10 тұрғын үйді қасбеттері жөнге келтірілді. Сондай-ақ көгалдандыру мақсатында Горький көшесіне, Васильков шағынауданына, Абылайхан даңғылына 1,5 мың түп ағаш отырғызылды. Сүлейменов көшесі мен Абылайхан даңғылының қиылысына сәндік қоршау орнатылды.

Бурабай, Көктем шағынаудандарында 12 ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталып қалды, ол жерлер 7 спорт алаңымен жабдықталды. Бурабай шағынауданында тағы бір аула жөнделеді.

Сонымен қатар Жомарт Нұрғалиев ағымдағы жылдың шілде айында орын алған су деңгейінің көтерілуі жағдайына қатысты жайттарға да тоқталды.

«Қолға алынған шаралар жоспарының аясында жалпы ұзындығы 6 шақырым айналдыра арық салынды. Қурап қалған ағаштарды құлату, шөптерді кесу, тұрмыстық қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Арық ішінің кей жерлері еріген қар және жаңбыр суларының еркін ағуы үшін кеңейтілді», – деді ол.

Сонымен қатар қаланың орталық көшелерінде де судың көтерілуі қаупі бар тұстарда су өткізу науаларын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Әуезов-Кенесары, Уәлиханов-Тәшенов, Әуезов-Темірбеков көшелерінің қиылысындағы су жиналатын жерлер да қадағалауға алынған. Ал Мирзоян көшесінде Президент мектебі аумағындағы су жіберу арығына ұзындығы 85 метр болатын 13 құбыр салынды.

«Нөсер жауыннан зардап шеккен 55 пәтердің 25-іне қазіргі таңда ТКШ жаңғырту бағдарламасы аясында косметикалық жөндеу жұмыстарын жүргізіліп, қаржылай көмек көрсетілді. Мұнда зардап шеккендердің барлығына мердігерлік ұйымдар көмек көрсетеді. Қалалық бюджет есебінен жалпы сомасы 5,4 млн. теңгеге 112 жаняұға көмек көрсетілді», – деп атап өтті Ж.Нұрғалиев.

Мұнымен қатар, аймақ басшысы құрылысы жүріп жатқан нысандарды бақылауға алу қажеттігіне назар аударды.

«Барлық жоспарланған шаралар белгіленген мерзімінде жүзеге асуы тиіс, оның ішінде салынып жатқан тұрғын үйлер де уақытылы тапсырылуы керек», – деп баса айтты ол.

Сондай-ақ қала басшылығына орталық саябақ пен Қопа көлінің жағалауын абаттандыруға байланысты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Алдыңғы «
Келесі »