Еліміздің дамуы мен халық тұрмысының сапасын көтеру – ортақ мүдде

  • 11.09.2014
  • 460 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Алик АЙДАРБАЕВ,
Маңғыстау облысының әкімі

Соңғы 20 жылдың ішінде қол жеткізген баянды, түбегейлі табыстар қазақ елін жаңа бір серпіліске, әлем өркениетінің тағы бір жоғары көкжиегіне шығуға шақырып тұр. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы осыны баяндайды, осыған шақырады. Бұл біздің еліміздегі дүниетанымдық тың серпіліс. Жолдауда бүгінгі күн тәртібінде және болашақта назарға ұстайтын әлеуметтік-эконо­микалық және саяси дамудың өзекті мәселелері барынша қамтылған. Олардың бәрін атап, түрін түстеу мүмкін емес. Біз әлем елдерінде жылдан-жылға өршіп келе жатқан жаһандық тайталасқа дайын болуымыз керек дейді Президент. Өйткені, 30 елдің қатарына қосылуға бәсе­келестік қатал болмақ.

Сондықтан да, экономикалық саясаттың жаңа қағидат­тарына көшу керек. «Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттілікпен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм». Бұл  орайда еліміздің батыс өңірінде жатқан Маңғыстау облысында қандай шаралар жүзеге асуда? Енді, соған қысқаша талдау жасайық.
Бірінші жартыжылдықтағы облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуы бағытындағы біздің іс-қимылымыз Елбасының «Қазақстан жолы – 2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының міндеттемелеріне, сонымен қатар, мемлекеттік, салалық бағдарламаларға сәйкес құрылды. Бүгін біз бірінші жартыжылдықтағы облыс­тың әлеуметтік-экономикалық дамуының қоры­тындыларын және алдағы уақыттағы мін­дет­терімізді белгілейтін боламыз. 
Бірінші кезекте – тіршілік қажеттілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымдарды дамыту, әсіресе, ауылдық аумақтарды сумен қамтуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Облыс деңгейінде «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде орталықтандырылған су жүйесімен  қалалық жерлер – 87 пайызға, ауылдық жерлер – 28 пайызға қамтылды. Осы мақсатқа биыл республикалық бюджеттен 4 млрд. 200 млн. теңге бөлінді. Бүгінде Бейнеу селосында селоішілік су құбыры мен су тазарту нысанының, Жетібай станциясында, Мұнайшы мен Жетібай ауылдарында су құбыры жүйесінің, Сайын Шапағатов селосында селоішілік су құбыры мен резервуардың, Дәулет селолық округында  ішкі су жүйелерінің құрылыстары жүргізілуде. 
Облыстық әкімдік, «Каспий» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы, Мұнайлы ауданы бас­шылығының бірлескен жұмысының нәтижесінде осы жылы «Каспий» су тұщыту зауыты Басқұдық, Маңғыстау, Қызылтөбе ауылдарын сумен қамтамасыз ете бастады. Зауыт тәулігіне 5 мың текше метр ауыз су дайындап шығаруда. Жақын арада өндірістің қуатын тәулігіне 8 мың текше метрге жеткізу жоспарда бар. Бұл Атамекен ауылын да су жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. 
Екіншіден, бала бақшамен қамту және жаңа оқу жылы қарсаңында үш ауысымдық мек­тептерді жою. «Балапан» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 3 – 6 жас аралығындағы сәбилерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту қарқыны өсіп келеді. Облыс бойынша осы жылдың басында біз жақсы көрсеткішке жеттік. Қазір бұл көрсеткіш – 81 пайыз болса, біздің алдағы мақсатымыз – 2020 жылға дейін бала бақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу. Осы нәтижеге жету үшін биылдың өзінде 660 орындық 4 бала бақшаның құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Оның үстіне жергілікті және республикалық қаражат көздерінен 3090 орынға арналған 14 бала бақша салынып жатыр.
Облыс тұрғындары үшін тағы бір маңызды мәселе – тұрғын үймен қамту.  Биылғы жылы «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша 487 мың шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланды.  Қазіргі уақытта оның 280 мың шаршы метрі қолданысқа берілді. Бұл 2013 жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға артық және жоспардағыдан 15 пайызға көп. Атап айтқанда, Ақтау қаласында бірінші жартыжылдықта 5 жаңа 40 пәтерлік үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл Ақтау қаласындағы аумағы 24 гектардан тұратын 32 «А» шағын ауданда мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүзеге асырылатын болады. 
Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономи­калық дамуы мен қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты. Негізгі макрокөрсеткіштер  бойынша өңірде оң динамика байқалады. Жылдан жылға халық саны көбейіп келеді. Бүгінде облыста 595 мың адам тұрады, жыл сайынғы өсім 4 пайызды құрайды. Мұны Астананың өсімімен бірдей деуге болады.   
Жалпы ішкі өнім тұрақты өсуде. 2013 жылдың қорытындысы бойынша ол 1 трлн. 880 млрд. теңгені құрады. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім  бойынша облыс басқа өңірлер арасында төртінші орында. Жалпы өңірлік өнім – 18 мың АҚШ доллары. 
Күнделікті жұмысымызда біз өлкеге инвестиция тартуға көп көңіл бөліп келеміз. Өткен жылмен салыстырғанда, инвестиция көлемі 23 пайызға өсіп, бірінші жартыжылдықта 215 млрд. теңгені құрады. Инвестиция көлемі жан басына шаққанда 1 жарым мың АҚШ долларына жетіп, Маңғыстау облысы еліміз бойынша екінші орынға көтерілді. Облысқа тартылған инвестиция сомасы орташа республикалық көрсеткіштен 2 есеге көп. Біз осы жетістікпен шектелмек емеспіз. Өңір­лерге шетелдік инвестициялар тарту мен технологияларды жетілдіру жұмыстарын күшейту туралы Елбасының тапсырмасы бар. Біз инвестициялық жобаларды  өлкеге әкелу үшін қолда бар барлық  құралдарды пайдаланудамыз. Атап айтқанда, сәуір айынан бастап біз Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Тони Блэрдің Ассоциациясы сарапшыларымен бірігіп жұмыс жасап жатырмыз. Күзде бірлескен жұмысымыздың бірінші сатысы аяқталады.  Нәтижесінде біз шетелдік инвесторларға Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуетін көрсетуді және өңір экономикасының тартымды секторларына қомақты салымдар тарту туралы нақты ұсыныстармен шығуды жоспарлап отырмыз.   
Инвестициялық ағымдардың келесі маңызды бағыты – үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде белсенді жұмыс жасау. Еліміздің Индустрияландыру картасына облыс бойынша  жалпы құны 243 млрд. теңге болатын 31 жоба енгізілді. Бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде 6 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Индустрияландыру картасы бойынша биыл 2 жобаны аяқтау жоспарланғанын атап өткім келеді.  Бұл жобаларға мониторинг жүргізудің нәтижесінде біз Картаға тағы да қосымша жалпы құны 18 млрд. теңге тұратын  10 жобаны қостық. 
Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық теле­көпірдің кезінде Шетпе селосындағы индус­триялық жоба, батыс аумағындағы жалғыз ірі цемент өндірісі – «Каспий Цемент» зауытының іске қосылып,  400 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік алдық. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында инвестиция тарту мен жаңа өндірістер ашу жұмыстары жалғасуда. Арнайы экономикалық аймақ құрылғаннан бері оның аумағында 5 жоба жүзеге асырылды. Қазір 19 жоба жүзеге асырылу үстінде, оның 5-уі биыл іске қосылады. Өз кезегінде экономикалық аймаққа инфрақұрылымдар жүргізу үшін  республикалық бюджеттен 7,6 млрд. теңге бөлінді. 
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында әзірбайжандық инвестициялық салыммен «Азерсун» өндіріс және логистикалық орталығының» іргетасы қаланды. Орталық тағам өнімдері, оның ішінде жеміс-жидектер мен көкөністер сақтайтын үлкен қоймалар салады. Қоймалардан аталған тағам өнімдері облыстың сауда орындарына жет­кі­зілетін болады. Осылайша, бұл жоба екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасты кеңейтуге, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға және Маңғыстаудың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 
Қазіргі таңда баса назар аударатын және қажыр-қайратты қажет ететін басты бағыт – халықты жұмыспен қамту болуда. Жыл басынан бері еңбек нарығында 13 мың 200 жұмыс орны ашылды. Со­ның нәтижесінде халықтың ақшалай табысы  – 8 пайызға, орташа жалақы –  17 пайызға, нақтырақ айтқанда 190 мыңнан 203 мың теңгеге өсті.  Жал­пы жұмыссыздық деңгейі 5,6  пайыздан 5,4 пайызға азайды. Осыған қарамастан ауылдық жерлерде әлі де жұмысқа орналаспаған адамдар бар. Өлкенің дәстүрлі мұнайгаз өндіру ерекшелігі белгілі, дегенмен, біз жаңа мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Ол – ауыл-аймақтарда кәсіпкерлікті дамыту. Қазіргі уақытта елімізде бизнес жасауға барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Елбасының кәсіпкерлік класты дамытуды бірнеше қайтара айтқанын білесіздер. 
Облыста «Бизнестің жол картасы» бағдар­ламасы аясында кәсіпкерлерге үлкен көмек көрсетіліп келеді. Бағдарлама аясында облыс бойынша жалпы құны 3 млрд. 600 млн. болатын 24 жоба мақұлданды. Шағын және орта кәсіпті дамыту жолында мемлекет тарапынан қолдау, қаржы бөлу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Бағдарламаның экономикалық басымдық берілген саласына сауда желілері де енгізілді. Бұл қазақстандық өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған. Жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерді қолдау, бизнесті жүргізуге сервистік көмек көрсету және «Іскерлік байланыстар» жобасын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынды. Соның бірі – Жетібай ауылында «Жанарыс» ЖШС тігін және химиялық тазарту цехынан тұратын кешен салып, ел игілігіне берді. Жылына мұнда 5500 дана жұмысшы киімі, 24 мың қолғап және 2200 дана басқа да өнімдер шығарылатын болады. 62 жұмыс орны ашылып, оның ішінде «Жұмыспен қамту – 2020. Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 25 қызметкер арнайы оқытылып, жұмысқа орналасты. 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында микронесиелік ұйымдар халыққа сомасы 384 млн. 500 мың теңге болатын 107-ден астам несие берді. Осының арқасында 151 тұрғын жұмыспен қамтылды. 
Екіншісі – әлеуметтік сала. Жыл сайын жер­гі­лік­ті бюджеттің 60 пайызы әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалады. Биыл осы мақсатқа 70 млрд. теңге бөлінді, бұл қаржы өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 13 пайызға  ұлғайтылды. 
Жартыжылдықтың қорытындысы денсау­лық сақтау саласында  халық денсау­лығының неғұрлым жақсарғанын көрсетті. Өлкемізде дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен емханалар нысандарын салу есебінен денсаулық сақтау ұйымдарының жүйесі артып келеді. Атап айтқанда, биыл облыстық аурухананың кардиологиялық блогы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жақында Жаңаөзен қаласында ұзақ күттірген қалалық перзентхана ашылды. Қазірдің өзінде облысымызда 8 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы салынып жатыр. 
Үшіншісі – аймақ экологиясы. Ағымдағы жылда қоршаған ортаны қорғау жұмыстарын атқаруға облыстық бюджеттен 275 млн. теңге қарастырылды.  Бұл орайда «Қошқар-Ата» қалдық көлінің деңгейін бір қалыпта ұстауға мән беріп отырмыз, тұрақтандыру жұмысы әлі жалғасуда. Бостанқұм, Түйесуқұм және Қызылқұм құмды массивтерінің өсімдік жабынын қайта қалпына келтіру шаралары жүргізілуде. 
Соңғы уақытта елімізде өңірлерді тең­дей етіп дамытуға бағытталған бірқатар бағдар­ламалар қабылданды. Осы ретте Жаңа­өзен қаласын 2020 жылға дейінгі кешенді дамыту Жоспарының және Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында 2014 жылдың өзінде қалаға 11 млрд. 200 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржының есебінен әлеуметтік (4 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, 1 орта мектеп, 5 спорттық құрылымдар) және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік нысандарын салу (4 нысан), инженерлік инфрақұрылым, жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, қаланы және жақын елді мекендерді  абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда, кәсіпкерлікті қолдау шаралары да қарастырылған. 
Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың маңызын күшейту үшін: «Ай­мақ­тарды дамыту» мен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламаларына сәйкес  құны 2 млрд. 100 млн. теңге болатын облыстың 48 елді мекенінде 731 жұмыс орны ашылатын коммуналдық-инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын абаттандыру, қайта қалпына келтіру, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша 130 жобаны жүзеге асыру, оған қоса, облыс қала­ларында инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысын салу көзделуде.
Жүзеге асырылып жатқан жобалардан басқа, «Ералы-Құрық», «Маңғышлақ-Баутин» темір жолдарының құрылысы, сондай-ақ ұзындығы 500 шақырым болатын «Бейнеу-Шалқар» тас жолын салу мүмкіндіктері қарастырылуда. Бейнеу мен  Шалқардың арасын қосу арқылы Ақтау портына дейінгі жолды 600-700 шақырымға азайтуға болады. Бұл мәселенің шешімі тек қана көлік саласының дамуына әсерін тигізіп қана қоймай, облыс тұрғындарының еліміздің оңтүстігіне қарай қарым-қатынасына жол ашады.
Екінші. МАЭК кәсіпорны су шығару кешенін дамыту мен жаңғырту шараларының шегінде тұщытылған су дайындайтын ескірген қондырғыларды ауыстыру бойынша инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. Кәсіпорын кешенді жаңарту мен оның қуаттылығын ұлғайту шараларын одан әрі жалғастыруға дайын. 
Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау мен Қарақия аудандарының кейбір елді мекендерінің тұрғындары «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырымен келетін Волга суын пайдаланатыны белгілі. «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырындағы су тапшылығын шешу үшін оны қайта құрылымдау және жобаны арзандатудағы тиімді нұсқаларды анықтау қажет. Оның ішінде қайта құрылымдайтын су құбы­рының қуатын өзгерту бойынша жобаны түзету мәселесін қарау керек (алғашында жоба тәулігіне 260 мың текше метрге дейін су беретін құбырға ар­налып жасалды, көрсетілген қуатты тәулігіне 150 мың текше метрге дейін өзгерту ұсынылады).
Үшінші. Облыстың электр жүйесін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнының үш электр станциясы өндіріп  отырғаны белгілі.   Қа­зіргі таңда бұл станциялар өз ресурстарын 70 пайыздан 100 пайызға дейін өндірді. Құрылғының толық физикалық жағынан тозығына жетуіне байланысты 2025 жылға қарай кәсіпорынның электр энергиясын өндіру қуаты 205 МВт-қа  төмендейді. Өндірістік және әлеуметтік нысандардың көбеюіне, тұрғын үй қорының өсуіне байланысты, электр энергиясын пайдаланудың жыл сайынғы өсімі орташа 4 пайызды құрайды.
Іске асырылатын шаралардың барлығы Елба­сының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттемелерге сәйкес жалғасуда. 

 

Алдыңғы «
Келесі »