Отан – ең биік, қасиетті құрылым

  • 11.09.2014
  • 416 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әр адамның туған, өскен жері бар. Ол оның  Отаны. Дүниеде туған жерден, өскен ортадан ыстық еш нәрсе жоқ. Адам қай жерде жүрмесін сол туған жерін, өскен ортасын сағынады, аңсайды. Бұл үлкен психологиялық, әрі физиологиялық қасиет. Оның себебі тереңде. Адамның Отанға деген құштарлығы күш береді, ешқашан өшпейді. Адам елінен ұзақ жерде жүріп, дүние салса және сол жерде жерленсе, туған жерінен қабырына бір уыс топырақ апарып салатын кәде де содан. Туған жері кірмеген мемлекет екінші Отан атанса да, туған Отаным  дей ала ма?

Бұл да шындық. Отаны бар адамның арқа сүйер тірегі бар. Ол қай жерде жүрмесін Отанын айтып, мақтан етеді. Туған жер, өскен орта Отан деген қасиетті ана тәрізді ұғымның  жанды кіндігі. «Отан от басынан басталады» деген осы. Қазақ қай жерде: Монғол, Қытай, Түркі басқа елде тумасын, ол қазақ даласын армандайды. Өйткені, ол жерде ата-бабалар сүйегі жатыр. Ол жер оның бүкіл тарихы, көшпелі мал баққан тіршілігі, мыңдаған жылдар қалыптасқан, бай тілі, биік адамгершілік, әдет-ғұрпы, ашық аспан, жел қаққан бет-бейнесі, қиындықтан қорықпайтын, төзімтал, тәуекелшіл батыл, батыр тұлғасы. Олай болса, қазақ жері «Жаным арымның садақасы» деген бар қазақтың елі, ұлы Отаны. Кейде тәш-пушке өкпелеп, ренжіп, не елін тастап, басқа жерге кететіндер болған. Бірақ, бұл  жүрегі таза болса, әрине Отанға өкпелеу емес. Отан үлкен құдіретті, қасиетті құбылыс, құрылым. Жеке адамдарға өкпелегенмен Отанға ешкім өкпелемейді. Есі дұрыс, ары таза адам Отанын сатпайды. «Ер туған жеріне» деген мақал соны  аңғартады. Сондайлардың бірегейі қазақ, қырғыз, өзбек, түрікпен басқалардың басын біріктіріп, үлкен Түркістан жасап, теңдікке жеткізбек болған Мұстафа Шоқай болатын. Ол заманда бұл кеменгерлік ойдан туған ұран еді. Ол бүкіл өмірін бостандық күресіне жолдады.
Отан деген ұғымға, сонымен екі нәрсе кіреді. Біріншіден, туған, кіндік кескен жер дедік. Екіншіден, қоғамдық, әкімшілік құрылым. Адамның туған жері өзгермейді, естен шықпайды, аңсау күшейе береді. Ол мәңгі, ал, қоғамдық, саяси, әкімшілік құрылым (ауыл, аудан, облыс, Республика, мемлекет) аттары, басқару жүйесі, тәртібі өзгеріп отырады. Кейде бір халық тарихы бір мемлекетпен атанып, кейін түрлі себептермен басқа мемлекетке өзді­гінен еркін, кейде күшпен қосылып жатады. Тарихта бұл болған. Оның тәртібі ұнайма, әлде жоқ па, бұл басқа мәселе. Бірақ, мемлекет аты  қандай болмасын, ел, өлке қалай аталмасын, оның ішіне туған, өскен жерің, яғни, кіші Отаның кіретін болса, онда ол ұлы Отаның болып саналады.  Бұл тарих, объективтік процесс. Жері жоқ елдің, мемлекеті де жоқ. Бұл да тарихи шындық. Жерінен, мемлекеттен айырылып, Отансыз қалған этностар болған. Бұл басқа салмасын, өте ауыр трагедия. Отан үшін жан пидалық осындайдан.
Біз қазақ халқы қазір Егеменді ел бол­дық. Бұл біздің Отанымыз. Бірақ, күні кеше ғана біз көп ұлтты Кеңес елі атандық. Бұл 70 жылға созылды. Оған дейін 300 жылдай патшалы Ресей қарамағында болдық. Біздің өзіміз ғана емес, оған туған жеріміз кірді. Тұрған өлкеміз қалай аталмасын, туған жеріміз соған енген соң ол біздің еліміз, Отанымыз болып саналады дедік. Сол Отанға қауып төнгенде, Отанымыз үшін деп күреске шықтық. 1812 жылы Наполеон Бонапарт Ресейге шабуыл жасап, Мәскеуге дейін жеткенде, Орынборда жасақталған қазақтардан тұрған атты әскер полкі француздарды Мәскеуден Парижге дейін қуып, аттарын Сенада суарған. Бұл бір, екіншіден, Ресейге туған жері кірген соң Ресейді өгей шешесіндей болса да Отаным деген қазақтар, патша өктемдігіне наразы болып, оған қарсы шыққан Пугачев көтерілісіне де жақтасты. Өйткені, пат­ша өкіметіне ұлт аймақтары отар болды. Бұл да шындық. Кеңес Одағы кезінде, патша мойындамаған, енді, біздің заңды жеріміз, ресми Республикамыз болды. Өз үкіметіміз, экономикамыз, оқу, мәдени орындары жұмыс атқарды. Басқа Республикалармен бірге Социалистік ел атандық. Кеңес жылдарында Отанға кірген барлық халықтар бірдей теңдік құқығын алды. Еңбек Отанға жасалды. Оқудың, дәрігерлік көмектің барлық түрлері тегін болды. Сауатсыздық жойылды. Біреуден біреу артық болмады. Жұмыссыздық жойылды. Ел жоспармен жұмыс атқарды.
Жылына бір рет ақылы демалыс заңдастырылды. Барлық мақсаттардан Отан игілігі алда тұрды.Еңбек ерлері, қоғам, ғылым, мәдениет қайраткерлері шықты. Отаршылдыққа негізделген патшалы Ресеймен салыстырғанда Кеңес Одағы прогресс еді. Колхоздық құрылым шаруаларды бұрынғы мезгіл-мезгіл қайталанатын аштықтан ғана құтқарған жоқ, олардың ұйымшыл психологиясына сай келді. Ел уайымсыз, ертеңім қалай болады демей, өмір сүре бастады. Фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда  келісім шартын, берген антын бұзып, бізге соғыс ашқанда, ол тек Ресейге, орыстарға қар­сы­мыз деп шабуылға шыққан жоқ. Фа­шистік Германия Кеңес Одағына, біздің   Отанымызға, Социалистік мемлекеттік құрылысымызға, ұстанған идеологиямызға қарсы шығып, айуандықпен бәрін қырып, жойып, ойран салды.  Сондықтан, бүкіл Кеңес елі болып, намыс, тәуелсіздік үшін Отанды қорғауға аттанды. 1418 күн­ге созылған бұл әділетті соғыс бейбіт өмір сүріп жатқан біз үшін өте ауыр тиді. Қанша қалалар, өндірістер,селолар, ша­руа­шылықтар қирады. Сондықтан, «Бәрі майдан үшін!», «Бәрі жеңіс үшін!», жас  өспірімдер мен кемпір, шалдардан басқалар тегіс көтерілді. Қанша мыңдаған, миллиондаған адамдар қанын төкті, өмірін пида етті. Ресей, Украина, Белоруссия, Мол­давия, Балтық жағалауы елдеріне жасалған соғыс деп түсінген ешкім болған жоқ. Біздің бүкіл Отанымызға жау балта шапты деп дұрыс бағалады. Егер, сол фашистер соғысты Батыстан емес, Орта Азиядан бастаған болса, сонда Ресей, Украина, Белоруссия және басқалар біздің жеріміз емес деп қарап отырған болар ма еді? Ондай ой ешкімнің басына да кірмес еді. Өйткені, бұл бүтін Отанымыз болатын. Отан соғысы халықтың ішкі сенімін, жан қиярлық ерлігін көрсеткізді.
Басқа барлық Кеңес Одағы халықта­рымен қатар Қазақстан жерінде де Отан қорғауға қатыспаған бір де бір семья болған жоқ. Кей семьядан бүкіл ер азаматтары майданнан қайтпай қалғандары, не мүгедек болып қалғандары аз болған жоқ. Соғыстың қандай ауыр жерлері болмасын, Мәскеуді қорғауда, Ленинградты жау қоршауынан босатуда, түрлі шай­қастарда, жау амбразурасының оқ шашып тұрған тесігін денесімен жапқандар, Бер­линді бомбылаған, неміс самолеттеріне таран жасағандар, сүңгуір кемелерде ерлік көрсеткен, жау тылында фашистер кү­ші­­не ойран салғандар ішінде қазақтар, қазақ­стандықтар аз болған жоқ. Қазақ табиғатында – батыр халық.
Ұлы Отан соғысы халықтың творчест­волық тығынын ашты. Мәселен, жау техникасына кедергі жасайтын шойын болаттан кірпі жасап, бөтелкеге жанғыш сұйық зат құйып, дәлдеп лақтырып, жау танктарын шырпыдай өртеген қарапайым, бірақ, өте нәтижелі қаруды ойлап тапқан – халық еді.  Айта ғой ол кім? Айта алмай­сың. Көпшілік, халық тапқыш, дана. Сол қаһармандық ерлік пен бірлік неміс фа­шистік орданы талқандап, Берлинді қиратып, Рейхстагқа Жеңіс Қызыл туын көтергізді. Ұшқыш Нұркен Әбдіровке жанып бара жатқан самолетіңді жау күштері шоғырланған топқа құлат деп, не жауынгер Сұлтан Бай­мағамбетовке  жау амбразурасы тесігін денеңмен жап, оқтың үнін өшір деп ешкім бұйрық берген жоқ. Бұл әркімнің жүрек әмірі, Отанға жанын құрбан етуге дайын екендігі. Жауынгер Сабалақов жасаған ерлікті Александр Матросов, Сұл­тан Бай­мағамбетов, тағы басқа ондаған Кеңес солдаттары қайталады. Австрияда өлім жазасы аталған ең ауыр лагерьдегі тұтқындар ішінде генерал-лейтенант Д.М. Карбышев (1880-1945) болды. Ауыр жарақаттан неміс фашистері қолына түскен ол, тұтқында оларға қарсылық көрсеткені  былай тұрсын, антифашистік үгіт жүргізгені үшін, 1945 жылы аяз күндердің бірі 18 ақ­панда, оны камерадан шығарып, лагерь алаңында шешіндіріп, тұрғызып, үстіне су құйып, тірідей мұз бағанаға айналдырып, хайуандықпен азаптап, өлтірген. Кеңес адамдарына қай­сарлық көрсеткені үшін фашистер азаптың басқа да түрлерін жасады. Осындай ерлердің бірі Мұса Жалел. Ол өлім лагерінде фашистерге қарсы өжет өлеңдер жазды. Сөйтіп, жан түршігерлік азаптарға мойымай өлер алдында ерлік көрсеткізген Отан күші азаматтық намыс болатын. Қайталап айтамыз. Отан – туған жер. Оның аты қалай өзгермесін, ол қай қоғамдық құрылымға кірмесін – ол сенің үлкенді-кіші Отаның, елің, құдірет-күшің, жаның, қашан да оның садағасы. Отан соғысы Кеңес елінде жаппай ерлік тудырды.
Өткен 1941-1945 жылдардағы сұрапыл, соғыста ерлікпен мерт болған, жеңіспен елге оралып, еңбектеніп жүріп, дүниеден өткен ардагер жандардың рухына мәң­гілік тағзым демекпіз. Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында зерттеуші ғалым Тілеу Көлбаевтың «Өшпес даңқ» еңбегі осы мақсатқа арналған. Тәрбиелік мәні мол халық санасына жол тартқан бұл еңбекке сәт сапар тілейміз.
Адам баласы өмірінде Отаннан биік, Отаннан қымбат, Отаннан күшті, одан ыстық еш нәрсе жоқ, болмайды да. Қазір біз жеке меншік, ашық сауда кезінде өмір сүрудеміз. Әркім өз тіршілігін жасауда. Қатты байып кеткендер де бар. Таза кәсіпкердің қолын ешкім қақпайды. Сол мүмкіндікті беріп отырған да Отан. Отан сенсіз өмір сүре алады. Отаны жоқ адам мүсәпір. Отаны бар адамның арқа сүйер тірегі мол. Сол Отанға қайтарым қалай демекпіз? Өйткені, Отан парызы бәрінен биік.
Досмұхамед Кішібеков,
ҚР ҰҒА академигі,
Тимур Кішібеков,
профессор

 

Алдыңғы «
Келесі »