ҚАЗАҚ ТАРИХЫН КІМ, ҚАЛАЙ ЖАЗУ КЕРЕК? немесе Еуроцентризм үлгісінің зияны қанша?

  • 11.09.2014
  • 2921 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Зікірия ЖАНДАРБЕК,
ясауитанушы, Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері

Бүгінгі күні Қазақ Елі өзінің саяси, эконо­микалық дербестігін алып, тәуелсіз ел болғанымен қоғамдық сана саласында өз дербестігін толық әлі ала алған жоқ. Өйткені, қоғамдық сана бөліп алып, шекара қоя салатын жер де, мынау сенікі, мынау менікі – деп бөле салатын дүние-мүлік, мал да емес.

Ол – миллиондаған қандастарымыздың өмірдегі іс-әрекеті мен өмірлік позициясын айқындайтын діни, тарихи, мәдени, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлік құндылықтар жүйесі. Халқымыз басынан өткерген отарлық кезең, әсіресе, коммунистік идеология кезеңі халық санасында өзінің ауыр іздерін қалдырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі күнде көптеген қандастарымыздың тарих сахнасынан кеткеніне жиырма жылдан асса да, кеңестік дәуірді ұмыта алмай, аңсауы – сол санаға сіңіп қалған кеңестік құндылықтар ықпалы. Тәуелсіздікпен ілесе келген базар экономикасы, қоғамда қалыптасқан экономикалық, қоғамдық қатынастардың бұзылуы халық санасында ірі іркілістерді, рухани, мәдени  тоқы­рау­шылықты туғызды. Бұл процестермен қоса қоғамды деидеологизациялау мен демократияландыру процестерінің қатар жүруі, батыстың ақпараттық, мә­дени, діни-идеологиялық ықпалының пәрменділігін арттырды. Бұл өз кезегінде халықтың белгілі бір топтарын рухани тұғырынан айыруға, кейбіреулерін рухани азғындыққа бой алдыруға әкелді. Бұл кезеңнің мұндай ауырлығын біз түгіл, бүкіл кеңестік жүйенің идеологиялық тірегі, орындаушысы болған орыс ғалым­дарының өзі мойындап отыр. Мысалы, философ-тарихшы А. Я. Гуревич былай дейді: «Қазір біздің қоғам күрделі тарихи өзгерістерді басынан өткеруде. Осы күнге дейін санада қалыптасқан құндылықтардың әлеуметтік-психологиялық негіздері мен өмір сүру жүйесінің күйреуі халықты абдыратып, рухани тоқыраушылыққа ұшыратып отыр». Бірақ, біздің орыстарға қарағанда жоғалтқанымыздың өлшеусіз көп екені ешкімге жасырын емес. Қазақ халқы Ресей империясы құрамындағы бұратана халық ретінде жан-жақты қысымға түсіп, орыстардың идеологиялық ықпалында болғаны, өз тарихынан, мәдениетінен, жалпы рухани құндылықтарынан отаршылдар белгілеген деңгейде ғана ха­бары болғаны ащы да болса шындық. Отар­шылдар мақсаты – қазақ халқын толық рухани дербестігінен айыру мәң­гүрттендіру болатын. Бұл әрекет белгілі бір дәрежеде өз мақсатына жетті де. Ха­лық санасында өз тарихы мен ру­хани дүниесіне үрке қараушылық, мен­сін­беушілік сияқты жаман әдеттерді қалып­тастырып үлгерді.
Бұл айтылған мәселелер қазақ халқының бүгінгі күні рухани салада жан-жақты, әрі қатпарлы қысымға ұшырап отырғанын дәлел­дейді. Сондықтан, қазақ халқының рухани дербестігін қалпына келтіру мемлекеттік мәселеге айналып отырғанын мойындауға тиіспіз. Өйткені, Қазақ халқы өзінің жоғалт­қан рухани, мәдени құндылықтарын қайтадан қалпына келтірмейінше, халық санасындағы рухани тоқыраушылықты жою, құлдық психологиядан құтқару мүмкін емес. Рухани, мәдени дербестігін сақтай алмаған халықтың өзінің мемлекеттілігін де сақтай алмасы анық.
Мұндай күрделі кезеңде халықты ты­­ғы­рықтан шығарар жол – қазақ хал­қының сан ғасыр бойы жинаған рухани-мәдени мұрасы мен тарихы болмақ. Бірақ, оларды қайтадан қалпына келтіру оңайға соқпасы, қазіргі күннің өзінде белгілі болып отыр. Өйткені, кеңес дәуірінде қазақ тарихы мен жалпы рухани мәдениетіне евроцентристік көзқарас пен тарихына материалистік тұрғыдан жасалынған талдау, қазақ халқының дәстүрлі тарихы мен мәдениетіне берілген ауыр соққы болды. Тарихты материалистік тұрғыдан тану методологиясы негізінде жазылған тарих қазақ халқын өзінің дәстүрлі тарихи жадынан айырды және ол тарихтың түпкі мақсаты қазақта құлдық психология қалыптастыру болды. Сондықтан, қазақ тарихын жаңа көзқарас, Тәуелсіз ел тұрғысынан қайта жазу, дәстүрлі тарихи жадыны қалыптастыру – бүгінгі Қазақ тарих ғылымы алдында тұрған ең өзекті мәселе. 
Соңғы кезде бұл мәселе қазақ тарихшылары арасында өткір пікір таласқа ұласып, баспасөз беттерінде жиі-жиі көтеріліп келеді. Қазақ тарих ғылымын реформалау қажеттігі күн тәртібінде тұрған мәселе ретінде қарастырып жүрген тарихшы Қ. Атабаев: «… Қазақстан тарих ғылымының зерттеу объектісін «Қазақстан Республикасының тарихы» деп алу, біздің ұлттық мүддемізге сай келмейді. Өйткені, ол ұлттың тарихын емес, мемлекеттің тарихын зерттеу болып шығады. Қазақтарды құрған мемлекеттер емес, мемлекеттерді құрған қазақтар. Қазақстандағы мемлекетті құрушы бірден-бір ұлт – қазақ ұлты.  …Сондықтан, қазақ тарихы мемлекеттер тарихының тінінде (контексінде) емес, мемлекеттер тарихы қазақ тарихы тінінде зерттелуі тиіс» – дейді. Автор бүгінгі қазақ тарих ғылымы алдында тұрған мәселені дөп басып отыр. Ғалымды ашындырып отырған мәселе – әлі күнге қазақтың тәуелсіз та­рихының жазылмауы. Тәуелсіздік алып, жеке мем­лекет болған Қазақстан түгіл, Ресей құрамында отырып өздерінің тәуелсіз тарихын жазып жатқан татар ғалымдарына таңданбасқа болмайды. Мы­салы, татар тарихшысы Д. Исхаков татар  тарихы туралы жазған мақаласында: «Историю необходимо разрабатывать как национальную историю, отражающую наши собственные, т. е. национальные интересы. Национальную историю татар нужно рассматривать, прежде всего, в общем контексте общетюркской истории, так как татары являются частью тюркской, шире исламско-тюркской цивилизации. Поэтому возникает проблема выхода за пределы узких рамок прежней русской (советской) историографии. Прежнее положение татарской исторической науки, которую можно охарактеризовать как жесткую привязанность к русской историографии, правильнее было бы квалифицировать как колонизацию нашей собственной истории со стороны имперского центра» дейді.  Демек, кез-келген халықтың тәуелсіз өз тарихы болуы тиіс. Бұл қазақ үшін өткір де, өзекті мәселелердің бірі. Ол үшін, алдымен, отарлық кезеңде жазылған тарихқа талдау жасап, оның методологиялық негіздерінің қазақ болмысына   сай келмейтін тұстарын анықтап, олардан арылу қажет. Сонда ғана қазақ халқының тәуелсіз тарихын жазу мүмкіндігі туады. Ол үшін қазіргі қазақ тарихының жазылуына негіз болған евроцентристік көзқарас пен тарихты материалистік тұрғыдан түсіну методологиясына талдау жасалуы тиіс.
 Алдымен евроцентристік көзқарас дегеніміз не, осыған талдау жасап көрелік. Евроцентризм – европалықтардың өз тарихы мен мәдениеті туралы қалып­тастырған көзқарастар жүйесі. Евроцентризм туралы ағылшын тарихшысы Норман Дэвис: «Тех кто пишет историю Европы, нельзя обвинить в евроцентризме просто потому, что они фокусируют внимание на европейских делах, то есть придерживаются избранной темы. Евроцентризм определяется не темой, а отношением. Евроцентризм – это традиционная для европейских авторов склонность считать их цивилизацию высшей и самодостаточной, это пренебрежение необходимостью принимать во внимание и другие, неевропейские точки зрения. Неудивительно (и очень хорошо), что история Европы писалось, в основном, европейцами и для европейцев. Но, прискорбно, что европейские историки часто подходили к своему предмету как Нарцисс к пруду, искали в нем только отражения своей красоты» дейді.  Бұл жерде автор евроцентристік көзқарас астарында европалық өркениет жатқанын бүкпесіз ашық айтқан және бұл көзқарастың өзге халықтар тарихын зерттеуде тура келе бермейтінін де ескерткен. Ал, европалық өркениет негізінде христиандық таным жатқаны айдан анық. Бұл туралы неміс ақыны Т. С. Элиот: «Основным в создании общей культуры народов, каждый из которых имеет свою культуру, является религия… Я говорю об общей христианской традиции, которая сделала Европу тем, что она есть, и об общих элементах культуры, которые это общее христианство с собой принесло… Именно в христианстве развилось наше искусство; христианстве – до недавнего времени – коренились правовые системы Европы. Именно на фоне христианства приобретает значения наша философия. Отдельный европеец может не верить в истинность христианской веры; и все же то, что он говорит, производит, делает – все обретает смысл в христианском наследии. Только христианская культура  могла породить Вольтера и Ницще. Я не верю, что европейская культура переживет утрату христианской веры» дейді. Бұл евроцентристік көзқарас негізінде христиандық таным жатқанын анық аңғартып отыр. Ал, философ Карл Ясперс болса бұл ойды бұдан әрі былайша тереңдете түседі. Ол: «Батыстың тарих философиясы христиандық діни ілімнің негі­зінде пайда болды. Августиннен Гегельге дейін орасан зор туындыларда бұл сенім құдайдың тарихтағы қадамын көрді. Құдайлық аянның сәттері оқиғалар ағымындағы шешуші бетбұрыстарды өзімен айшықтайды» – деп, бір түйіндеп алып, ойын бұдан ары қарай: «Соның арасында христиандық сенім бүкіл адамзаттың сенімі емес, ол тек бір сенім. Дүниежүзілік тарихты осылай түсіну тек христианин үшін иланымды болып көрініс табатынында оның кемшілігі тұр» деп тарқатады. Бұл ой орыс ойшылы Н.Бердяевтің «Русская идея» атты шығармасында мынадай үндестік табады: «Русская мысль, русские искания начала ХІХ в. и начала ХХ в. свидетельствуют о существовании русской идеи, которая соответствует характеру и призванию русского народа. Русский народ – религиозный по своему типу, и по своей душевной структуре. Религиозное беспокойство свойственно и неверующим … Даже у тех русских, которые не только имеет православной веры, но даже воздвигают гонения на православную церковь, остаются в глубине души слой, формированный православием». Бұл орыс халқын халық етіп қалыптастырған православие діні екендігін дәлелдеп тұр.  Демек, евроцентристік көзқарас христиандардан өзге халықтардың тарихы мен жалпы рухани болмысын танып-білуге сай келмейді. Оны өзге емес сол христиан ойшылдарының өзі мойындап отыр. Олай болса, евроцентристік көзқарасты негізге алып исламдық танымға негізделген қазақ немесе жалпы түркі мәдениетін, тарихын танып, білу мүмкін еместігін сезіну онша қиын емес.  Өйткені, қазақ халқының рухани, мәдени болмысы, өнері, қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық заңдары түгелімен ислам діні, оның ішінде Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жолдың түркілік бағыты – йасауийа тариқаты негізінде қалыптасқанын ескерсек, онда осы күнге дейінгі тек тарих ғылымы емес, жалпы гуманитарлық ғылымдарға қатысты қалыптасқан ғылыми көзқарасты түгелімен қайта қарау қажеттігін түсінеміз. Тарих ғылымы болса, тек евроцентристік көзқарас емес, сонымен бірге «тарихты материалистік тұрғыдан түсіну» деген маркстік дүниетаным аясында қалып, қатпарлы қысымға ұшы­рады. 
К. Маркс пен Ф. Энгельстің тарихты материалистік тұрғыдан түсіну теориясы – адамзат тарихында материалдық құндылықтардың шешуші рөл атқаратын басты фактор екендігін дәлелдеді. Олар – «Сананы тұрмыс билейді» – деген қағиданы ұсынды. К. Маркс бұл қағиданы: «Адамдар өз өмірінде, қоғамдық қатынас барысында, өзінің еркінен тыс, бірақ қажетті қатынастарға, өндірістік қатынастарға түседі және ол қатынас өндіргіш күштердің белгілі бір даму сатысына сай келеді. Бұл өндірістік қатынастардың жиынтығы қоғамның экономикалық құрылымын құрайды. Ол қоғамдық құрлыстың ба­зисі, негізі. Материалдық өндіріс өзіне лайықты әлеуметтік, саяси, рухани процестерді қалыптастырады. Тұрмысты сана билемейді, керісінше, тұрмыс сананы билейді» – деп түсіндіреді.
Тарихты материалистік тұрғыдан тану, түсіндіру тәсілі адамды материалдық құн­дылықтар үшін рухани құндылықтарды құрбан етуге даяр, өзімшілік құбыжыққа ай­налдырды. Өздеріне осы методологиялық өлшемді негіз етіп алған кеңестік тарихшылар қазақ даласындағы бүкіл қоғамдық, саяси процестердің негізгі қозғаушы күші болған рухани процестердің тарихи фактор ретіндегі рөлін жоққа шығарды. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» – деген мақалды өмірінің негізгі қағидасы етіп, иман-сенімін малынан да, жанынан да артық санаған халықтың басты қасиеті сыртқа тебілді. Қазақ халқының дәстүрлі тарихи жады тарихты материалистік тұрғыдан түсіну шеңберіне сыймайтын болған соң қолданыстан шығарылып тасталды. Ол тарихтың орнына өзге халықтардың, атап айтқанда, қытай, грек, араб, парсы, италяндықтардың кезбе саяхатшылары мен тарихшыларының, географтары мен зерттеушілерінің жолжазбалары мен еңбектерінде жазылған деректер негізінде қазақ халқының мүлде басқа тарихы жазылып, шынайы тарих ретінде ұсынылды. Рухани өрісі биік халық материалистік тұрғыдан жазылған тарихта ой-өрісі тар, мал үшін, мал жайлайтын жер үшін еш нәрсені аямайтын жабайы немесе жартылай жабайы халық ретінде сипатталды. Халықтың рухани дүниесіне, мәдениетіне ешкім назар аудармады.
К. Маркс адамзат тарихын қоғамдық-экономикалық формацияларға-құрылыстарға бөлді. «Өндірістік қатынас – деп жазды К. Маркс, – жиынтығында қоғамдағы қоғамдық қатынастарды құрайды және ол қоғамдық дамудың белгілі бір сатысына сай болады (Алғашқы қауымдық құрылыс, антикалық, құл иеленушілік кезең, феодализм дәуірі, капитализм дәуірі, коммунистік қоғам).
Бұл формациялар туралы ілім батыстың отырықшы, егінші халықтарының тәжірибесінде жасалды. Көшпенді халықтар бұл қоғамдық құрылыстар туралы ұғымға да, мемлекет деген ұғымға да сыймай қалды. Олар: «Мемлекет таптық қоғам бар жерде ғана құрылады», – деген қағиданы алға тартты.
Кеңестік тарихшылар ол қоғамдық құрылыстардың қазақ даласындағы қоғамдық құрылысқа сай келмейтіндігін, мұндағы тарихи процестердің өзіндік ерекшелігі барлығын, тарихты мате­риалистік тұрғыдан түсіну тәсілін қазақ тарихына қолдануға болмайтынын ескермеді. Керісінше, қазақ халқында рулық, тайпалық жүйенің сақ­талуы халықтың әлі алғашқы қауым­дық құ­рылыс шеңберінен шықпағандығын, дамудың жоғарғы сатысына көтеріл­мегендігін көрсететін басты көрсеткіш ретінде сипатталды.
Қазақ халқы тарихын зерттеуде мате­риалистік көзқарастың сай келмей­тінін ғалым Ж. Артықбаев былай тұжырымдайды: «Біздің байқағанымыздай, тарихи қазақтанудағы басты кемшілік пен шектеулілік тарихқа бір жақты материалистік тұрғыдан талдау жасауға байланысты болып отыр және ол қоғам мен мемлекеттің тарихилығымен байланысты. Тарихты материалистік тұрғыдан зерттеу евроцентризммен, маркстік методологиялық түсініктермен, парадигмалармен тікелей байланысты. Тарихты зерттеудегі формациялық өлшем – адамзат тарихындағы сан түрлілікті жоққа шығарды. Қоғамдық өмір мен мемлекеттіліктің тууын таптық күрестің тууымен, байлар мен кедейлер арасындағы қарама-қайшы­лық­тың болуымен байланыстырды». Бірақ, тарихты материалистік тұрғыдан  зерт­теудің қазақ тарихы үшін зиянды екенін көптеген тарихшылар әлі күнге түсінген жоқ. Осы теорияны басшылыққа ал­ған біздің кейбір әсіре тарихшылар қазақ халқында мемлекеттіліктің бол­ғандығына, қазақ халқының болашақта өз мемлекеттілігін сақтап қалу, басқару, иелік ету мүмкіндіктерінің барлығына күмән келтіруде. Мысалы, тарихшы А. Көшкімбаев былай дейді: «Крупные потестарно-политические образования (империи) кочевников носили спора­дический характер. На исторической шкале, пройденной номадными со­циу­­мами, можно фиксировать только «спышки государственности», дефи­нирующиеся, прежде всего, хро­но­ло­гической дискретностью, т. е. вре­менные объединения с их после­дую­щем распадом и возвращением в пер­воначальное, «общинно-кочевое сос­тоянии». Осы айтылған пікір тарихи шындыққа сай келеді ме? Жоқ. Көш­пенділерде, бұл контексте қазақ халқында мемлекеттіліктің, мемлекеттік дәстүр сабақтастығының  болғанын ешкім жоқ­қа шығара алмайды. Түрік қағандығы дәуірінен келе жатқан мемлекеттік дәс­түр сабақтастығы Қазақ хандығына дейін жалғасқанына, сан қилы тарихты басынан кешіргеніне, жеңістің де, жеңілістің де дәмін татқанына тарих куә. Тарихқа белгілі Қарлұқ мемлекеті, Оғыз мемлекеті, Қарахан мемлекеті, Алтын Орда мемлекеті, Өзбек ұлысы, Қазақ хандығы, бәрі де қазақ жерінде болған мемлекеттілік  сабақтастығының  айқын көріністері. Бүгінгі күні +Қазақстан Республикасы сол дәстүр сабақтастығын әрі қарай жалғастырып отыр.
Бірақ біз, осы күнге дейін осы тарихты өзіміздікі деп айта алмадық. Өйткені, тарихқа материалистік көзқарас бізге ондай мүмкіндік берген жоқ. Бүгінгі күні Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғаннан кейін тарихқа көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігі туып отыр. Тарихы материалистік өлшемге сай келмейтін қазақ тарихы түгіл, Маркс тарихқа материалистік көзқарас теориясын қалыптастыруда тарихи тәжірибесін негізге алған Батыс Европа халықтарының өзі бұл теорияның қате екендігін, тарихи шындық мүлде бөлек екендігін дәлелдеп шықты. Соңғы 40-50 жыл көлемінде Батыс Европа ғалымдарының жүргізген археологиялық, текстологиялық зерттеулерінің нәтижелері маркстік қоғамдық формациялар туралы ілімнің тарихи негізі жоқтығын дәлелдеп берді. Мысалы, археологтардың Солтүстік Германия, Ютландия, Британ аралдары мен Скандинавия жерлерінде көне қоныстарға жүргізілген қазба жұмыстары германдықтардың көне дәуірден отырықшы, егіншілікпен айналысқан қауымда емес, әр семьяның өз шаруашылығы бар, жеке-жеке өмір сүрген халық екенін дәлелдеп берді. Бұл айтылғандардың тарихи шындық екенін сол көне дәуірдегі сот жазбалары мен әдет-ғұрып туралы жазбалар да дәлелдейді. Материалистік методологияның мұндай кемшілігін сезінген тарихшылар басқа жол іздеуді бастады.
Ең бастысы маркстік методология болған тарихи оқиғаларды есепке алумен ғана шектелді. Ал, ол оқиғалардың негіз­гі себептері, қозғаушы күші ретінде таптық қайшылықтар көрсетіліп, қоғам­ның діни, мәдени аспектілері есепке алын­бады. Басқаша айтқанда, тарихты зерттеу біржақтылық сипат алды. Батыс Европадағы аграрлық мәселелер тарихын зерттеген орыс тарихшысы А. Я. Гуревич мына­дай қызықты мәселелерге назар ау­дарған. Ол VІ ғасырда франк билеуші топтарының тарихын жазған Григорий Турскийдің назарынан тыс қалған көп мәселелердің бетін ашады. Г. Турский жазған тарихында корольдер мен өзге ықпалды адамдар бірін-бірі аямай қырып жатқан, билік үшін, байлық үшін бар қылмысқа баратын, діни адамгершілік қасиеттерден жұрдай қорқаулар ретінде сипатталады. Бірақ, тарихшының өзі ол оқиғалардың шынайы себептерін тү­сінбейді. Тек болған оқиғаларды тізу­мен ғана шектеледі. А. Я. Гуревич Г.Тур­скийдің тарихи оқиғаларды бір жақты көрсетуінің басты себебі, оның хрис­тиан епископы болғандығында деп біледі. Өйткені, әлі көне діни сенімдегі герман тайпаларының діни-рухани дүниесін түсінбеуі, сол өзі жазған тарихи оқиғалардың ішкі себептерін ашуға мүмкіндік бермеген. Осы жерде А.Я. Гуревич айтқан пікірдің қазақ тарихына да тікелей қатысы барлығын, қазақ халқының көне дәуірден ХІХ ғасырға дейінгі тарихының толығымен өзге халық өкілдері қалдырған деректер негізінде жазылғанын тағы бір рет ескертіп өтсек артық болмайды. А.Я. Гуревич өз зерттеуінде осы бір жақтылық мәселесіне байланысты ойын былай тұжырымдайды: «Аграрлық құрылым мен материалдық құндылықтарды өндіру, бір жағынан, қоғамдық сана формалары: адамның сенімі, діні, қиялы, екінші жағынан, бір тарихи феноменнің екі жағы. Оларды кезінде тарихшылар қолдан заңсыз екі жікке «қоғам» және «мәдениет» – деп бөлді. Шындығында, бұлар бөлінуге болмайтын бірлік. Тарихшылар оларды бірлікте қарастыруды қайта қалпына келтіруді үйренуі керек. Соңғы жылдары қазақ тарихшылары да бұл мәселеге көңіл аудара бастады. Мысалы, этнограф-ғалым Ж. Артықбаев қазақ тарихын зерттеу методологиясына қатысты ойын былай тұжырымдайды: «Евразия даласы  көш­пен­ділерінің мәдени жетістіктерін толығымен бойына сіңірген қазақ қоғамы өзі­нің ішкі құрылымы жағынан да, сыртқы құрылымы жағынан да, мән-мағынасы жағынан да ерекше құбылыс болып табылады. Көшпелі қоғамның өмір сүру негізінде қайталанбайтын, өзгелермен салыстыруға келмейтін өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда Батыстың да, Шығыстың да мәдени өлшеміне сай келмейтін ерекше мәдениет қалыптасқан. Осы ерекшелікті сезіну – методологиялық парадигманы өзгертуге негіз болуы тиіс. Бәрінен бұрын тарихи таным өзегіне материалдық көрсеткіштер емес, рухани құндылықтар: қоғамдық сана, әлеуметтік-мәдени құндылықтар сияқты факторлар қойылуы тиіс». Бұл жерде ғалымның қазақ тарихын зерттеудегі басты методологиялық бағытты айқындап беріп отырғанын атап көрсетуге тиіспіз. Өйткені, қазақ халқы әр кезде өзінің рухани дүниесін, иман-сенімін малынан да, жанынан да артық қойды, «Өлімнен ұят күшті» – деп, ар-ұятын өмірінен де артық санады. Бұл қазақ халқы үшін материалдық дүние емес, рухани дүниенің қымбат екендігін, қазақ қоғамы үшін рухани құндылықтар шешуші мәнге ие екендігін көрсетеді. Басқаша айтқанда, қазақ халқы басынан кешкен сан қилы оқиғалардың басты қозғаушы күші рухани процестер болды. Өкінішке орай, бұл факторлар қазақ тарихын зерттеуде есепке алынбады. Осы мәселе бойынша исламтанушы-ғалым Н. Нұртазина: «Отандық қоғамтану ғылымында дінді мәдениетке қарсы қою, атап айқанда, ислам дінінің  мәдениетке қосқан үлесін мойындамау, …ислам дәстүрін жоққа шығару, жалпы қазақ қоғамының исламдану дәрежесін өте төмен бағалау, сопылықтың шын мағы­насын түсінбеу немесе әдейі бұрма­лау т. б. Нәтижесінде бейрухани тарих пен діннен ажыратылған ұлттық мә­дениет жасалынды» дейді. Қоғамдық ғылымдардағы осы тоңмойындық бүгінгі ұрпаққа өз ата-бабасының рухани, мәдени болмысын тануға мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде күн өткен сайын өскелең ұр­пақтың қазақ халқының рухани, мәдени қайнарларынан алшақтауына, дөрекіленуіне, мәдениетсіз тобырға айналуына ықпалын тигізуде және бұл қоғамдық өмірдің бар саласынан қөрініс табуда. Егер де, бүгінгі күні ғалымдар тарапынан қазақ тарихы мен рухани, мәдени болмысына жаңа көзқарас қалыптастырылмаса, онда ертеңгі күні қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кету ықтималдығы барлығын жоққа шығаруға болмайды. Ол үшін, алдымен, қоғамдық ғылымдарды зерттеудің жаңа тәсілдерін қалыптастыру қажет. Ол үшін қайтадан жаңалық ашу қажет емес. Тек,  осы күнге дейін жасалынған ғылыми зерттеу тәсілдерінің ішінен қажеттісін таңдап ала білуде. Бұл жерде сол европалық ғалымдардың да тәжірибесін пайдалану артық емес. Ол үшін ғылыми-зерттеу тәсілдерінің негізіндегі христиандық таным мен құндылықтарды алып тастап, олардың орнына исламдық таным мен құндылықтарды қою керек. Сонда қазақ тарихын зерттеудің жаңа тәуелсіз арнасы қалыптасады. Бұл қоғамдық ғылымдар саласындағы зерттеу мүлде жаңа бағытқа бет бұрып, қазақ халқы өз тарихы мен рухани, мәдени мұраларына өзгенің емес, өзінің көзімен қарауға мүмкіндік алады. Әрине, бұл жерде мына мәселе ескерілуі тиіс. Ислам дініндегі халықтардың да сан түрлі мәдениет өкілдері екендігі, олардың арасында қаншама ерекшеліктер барлығын естен шығаруға болмайды. Олардың арасынан қазақ халқының  қайталанбас ерекшелігін қалыптастырған рухани күшті анықтау қажеттігі туады. Жалпы, бұл халықтар арасындағы мәдени ерекшеліктер тек ислам дініндегі халықтарға ғана тән емес, христиан дініндегі халықтарда да осы мәселе бар. Ол туралы европалық жазушы Альберто Моравийе былай деп жазады: «Европа мәдениеті екі жақты мата сияқты: бір жағы сан түрлі бояумен өрнектелген, екінші жағы терең де, қанық бір түсті бояумен боялған». Бұл жерде автор христиан дініндегі халықтардың мәдениеті сан түрлі болғанымен, оларды біріктіріп тұрған христиандық таным болғанын анық меңзеп отыр. Сол сияқты ислам дініндегі халықтардың да мәдениеті сан-алуан болғанымен, оларды біріктіріп тұрған ұлы күш – исламдық таным барлығын көрсетеді.
Біз жоғарыда «тарихты материалистік тұрғыдан тану» тәсілі  қазақ тарихын зерттеуге тура келмейтінін, бұл тәсілді қолдана отырып жазылған тарихта қазақ халқының тарихи жады қолданыстан шығып қалатындығы туралы айтқан болатынбыз. Өйткені, қазақ халқы рухани дүниені материалдық дүниеден жоғары бағалады. Бұл туралы XX ғасыр басындағы қазақ ойшылдары иман­ның материалдық дүниеден жоғары екендігін дәлелдеп жазды да. Мысалы, Шәкәрім қажы марксизмнің тарихты материалистік тұрғыдан тану тәсілінен толық хабардар болды және бұл тәсілді қолдану неге апаратынын айқын аңғарды. «Пайғамбар Мұса жолықса» атты өлеңінде бұл тәсіл туралы былай дейді:
Затшылдық көзді байлады,
Адастырып айдады.
Жан билемей тән билеп,
Ақылдың соры қайнады.
Ғылым деп уды жегізді,
Денесіз зат жоқ дегізді.
Дәлелсіз пәнмен перделеп,
Көрсетпей қойды негізді.
Ал, Ә. Бөкейханов болса, қазақ тари­хын жазу үшін, алдымен, оның мәдени болмысына көңіл аудару қажеттігін жазады. Ол, «Жақсы көркем жырда сол уақыттағы қазақтың болмыс-салты кө­рініп тұруға лауық (лайық). Тарихтың сара жолы екіге бөлінеді. Бірі бөлек та­рихтың пайдаланған соғыс істері. Біздің қазақ білетін тарих осы… тарихтың екінші түрлісінің (мұны орыс тілінде история культуры дейді) пайдаланғаны – жұрттың болмыс-салты, рухани мәдениетінің  дәрежесі. Бұлардың бәрі сол жұрттың сол замандағы тіккен үйінен, киген киімінен, ұстаған аспаптарынан, сөздерінен білінеді. Анық тарих – осы екіншісі. Бұған жем нәрселер (материал) жақсы, шын ақындар шығарған, бұзылмаған жырларда бола­ды» – дейді. Мәшһүр Жүсіп болса, «Осы күні шежіре сөйлеп жатқандар: бірі қы­тай тарихынан переводтап алады. Бірі орыс жазушыларынан переводтап алады. Ол қазаққа қалай шежіре бола­ды? «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Май­қы би» дегендей анық қазақтың өз ор­та­сында сөйленіп жүрген танымал сөз­ден алынып жатқан біреуі жоқ» – деп таң­даныс пен ренішін қатар білдіреді. Қазақ ойшылдарының бұл пікірлері қазақ тарихын тану үшін материалдық құндылықтар емес, мәдени, рухани құндылықтардың маңы­зы жоғары екендігін, өз тарихы қымбат екендігін дәлелдейді. Қазақ ойшылдарының бұл пікірлері негізінде қазақ халқының  дәстүрлі діни танымы жатқанын көруге болады. Бұл өз кезегінде қазақ тарихын зерттеу үшін, ең алдымен, оның басынан кешкен діни, рухани үдерістеріне баса көңіл аудару қажеттігін көрсетеді. Жалпы діннің адамзат қоғамында шешуші рөл атқаратын қуатты фактор екендігі құпия емес. Діннің қоғамдағы рөлінің артуы – ол қоғамның нұрлануына, гүл­денуіне, мәдениетінің жаңа сатыға көтерілуіне әкелсе, діннің қоғамдағы рөлі­нің  төмендеуі, керісінше,  қоғамның азғындауына, тоқырауға ұшырап, ыды­­рауына әкелетін қауіпті факторға айналады. Діннің қоғамдағы рөлінің қаншалықты жоғары екендігі туралы XX ғасыр басындағы  орыс ойшылы В. С. Соловьев: «При таком внутреннем соединении (а несмешении) религиозной идеи с народностью выигрывает и та и другая сторона. Народность перестает быть простым этнографическим и исто­рическим фактором, получает выс­­ший смысл и освящение, а рели­гиозная идея обнаруживается с большой определенностью, окрашивается и воплощается в народности, приобретает в ней живую историческую силу для своего существования в мире. И чем значительнее народная сила, тем выше она должна подниматься  над национальном эгоизмом, тем полнее она должна отдаваться своему вселенскому служению» – деп жазады. В. С. Соловьевтің бұл пікірі кез-келген халықтың деңгейі, рухани қуаты діни идеяның халықтың ой-санасынан қаншалықты терең орын алуына байланысты екендігін көрсетіп отыр. Басқаша айтқанда,  халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, жалпы мәдениетінің қай бағытта дамитынын айқындайтын – діні, діни танымы. Демек, қазақ қоғамындағы діни үдерістер тарихын зерттеу – қазақ тарихына басқа тұрғыдан талдау жасауға мүмкіндік береді. Әрине, бұл тарихты зерттеуде алғаш рет қолданылып отырған тәсіл емес. Батыс елдерінде бұрыннан қолданылып келе жатқан өз алдына жеке ғылыми мектеп болып қалыптасқан жүйе және ол жүйе «тарихи идеализм» мектебі немесе «мәдени-тарихи мектеп» деп аталады. Бұл зерттеу жұмысының негізгі нысанасы қазақ қоғамындағы діни үдерістер тарихы болғандықтан, діндерді зерттеу тәсілдері де қатар қолданылады. Олар мына тәсілдер:
1. Тарихи-салыстырмалы зерттеу тәсілі. Бұл тәсіл бір діннің әр кезеңдегі жағдайын салыстыра отырып, қоғамда болып жатқан өзгерістерге талдау жасауға мүмкіндік берді.
2. Феноменологиялық тәсіл. Бұл тәсіл мән мен мағынаның адамдар арасындағы рухани ықпалдастығы мен санадағы өзгерістерінің қаншалықты екендігін анықтайды.
3. Герменевтикалық тәсіл. Бұл тәсіл діни құбылыстар мен діни мәтіндердегі шешілуі қиын мәселелерді шешу, түсіндіру жолдарын көрсетеді.
Тарихты зерттеудің бұл тәсілі қазақ хал­қының қолданыстан шығарылған та­рихи жадын ғылым кәдесіне жаратуға, тарихи дереккөзі ретінде пайдалануға мүм­­кіндік береді. Ол өз кезегінде қазақ тарихына рухтың енуіне, өз тарихына өзгенің көзімен емес, қазақтың көзімен қарауына мүмкіндік береді. А. Байтұрсыновтың тарих­­шыларға қойған талабын толық іске асырады. Ол кісі тарихшыларға мынадай талап қояды: «Тарихшылардың мақсаты – уақиғалардың уақытын қана көрсетіп, яки не түрде болған тысқы сиқын көрсету емес, ол уақиғаның болуына нен­дей нәрселер, қандай уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнімен таныстыру». Мұндай ретпен жазылған тарих халықтың басынан кешкен оқиғаларының себеп-салдарын толық түсінуіне, жеңісіне мақтанып, жеңілісінен сабақ алуына мүмкіндік  береді. Алайда, бұл бұрынғы жазылған тарихты толық жоққа шығару емес. Ол тарихта айтылмай қалған мәселелерді қазақ халқының дәстүрлі тарихи жадында сақталған дүниелермен толықтыру, байыту болып табылады. 

 

 

Алдыңғы «
Келесі »