Бізге керегі – ұлтшылдық болар

  • 11.09.2014
  • 614 рет оқылды
  • 1

Айтан НҮСІПХАНҰЛЫ,
көсемсөзші

«Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған Сәбетқазы Ақатайдың «Ұлтсыздық, ұлт­шылдық һәм ұлтжандылық» атты мақаласына орай, Досмұхамет Кішібеков жазған сын мақаланы оқыған соң («Қазақ әдебиеті», 15 мамыр 1998 ж.), осы тақырыпқа таласы бар адам болуым себепті, менің де өз ойымды ортаға салғым келіп отыр. Сонымен, бізге керегі ұлтшылдық па, әлде ұлтжандылық па? Сә­бетқазы  Ақатай  ұлтшылдықты сананың жоғары деңгейіне, ұлтжандылықты тө­менгі деңгейіне жатқызады.

Досмұхамет Кішібеков: «Азаттық үшін, тәуелсіздік үшін күресте, басқа елдің өктемдігіне қарсылық көрсетуде ұлтшылдық ауадай қажет, елді біріктіретін ұран іспетті. Бірақ, оны ұдайы қолдана берсек, санның сапамен қатынас мөлшері бұзылады» дейді. Автор осы ойын сабақтай келіп: «Ұлтшыл емес, ұлтжанды болу керек» деген байлам жасайды. Біздің пайымдауымызша, ұлтшылдық – о баста ұлтпен бірге жаралған ұғым. Ол – ұлттың бойындағы сана-сезімнің жиынтығы. Ал, ұлтжандылық – ұлтшылдықтың бойынан жырып алынып, қолдан жасалған жасанды ұғым. Сәбетқазы Ақатайдың «құрама», «мәдени ұғым» дегені біздің осы сипаттамамызбен үндес, сарындас.
Енді біз осы ұғымның өмірге қашан және қалай келгеніне бір сәт назар аударып көрелік. Горбачев билік жүргізген «қайта құру» деп аталатын жылдарда, қамауда қыстығып отырған демократияның тиегі ағытылысымен-ақ, ұлт мәселесі былайғы басқа мәселелердің барлығын ығыстырып тастап, бірден-ақ бірінші кезекке шыға бас­тады. Бұған дейін аты бар да заты жоқ республикалар рәміздерін түгендеуге, тарихи зердесін жаңартуға, тәуелсіз ұлттық мемлекетін құруға қарай бет түзеді. «Суверенитет шеруі» деп аталған осы көштің соңынан Қазақстан да ілесіп берді. Алайда, ол кезде басқаларды қайдам, бізде, қазақта дәл қазіргідей тәуелсіздікке қол жеткізе аламыз деп ешкім ойлай қойған жоқ еді. Біз де, әйтеуір, коммунистік партияның жаңа кезеңдегі саясаты шеңберінде құрылмақ болып жатқан «Жаңарған одаққа» лайық келетін шарт астында ғана, жоғалтқандарымызды жасқана, абайлап жоқтай бастағанбыз. Сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жыл-дардың басында оқиғалардың дамуы жылдам болғаны соншалық, бүгінгі айтылған сөз ертең ескіріп қалатын. Бұл кезде, алды тәуелсіздік атты мәреге таяп барған ұлы көштің соңында, әліптің артын бағып, біз де келе жаттық.
Бодандықтың бұғауы бірте-бірте үзіліп жатқан, бірақ, әлі біржола үзіле қоймаған, біржола үзілуі мүмкін еместей, әсіресе, қазақ үшін солай көрінетін осы бір кезең, өзіне лайық тұтас бір жаңсақ ұғымдардың тізбегін тудырды. «Егемен», «ақтаңдақ», «ақтау» дегендеріңіздің бәрі – осы кезеңнің жемісі. Солардың қатарында «ұлтжандылық» та бар еді.
Біз ол кезде «тәуелсіз елміз» деп айта алмадық. «Егеменбіз» дедік. Тарихымызды отаршылдардың жазғанын немесе солардың нұсқауымен жаздырылғанын айта алмадық. Оны, «тұтастай алғанда, дұрыс жазылған деп есептеп, тек сол дұрыс тарихымыздың өнбойында әлдебір себептермен, әлдекімдердің кінәсінен бұрмаланған немесе құпия ұсталған тұс­тары – ақтаңдақтары ғана бар, сол ақ­таңдақтарды айтып, жариялап кеп жі­берсек болғаны, бәрі де орны-орнына келе қалады» деп ойладық. Ол кездегі қоғам­дық пікірдің ақтаңдақтар жөніндегі деңгейі осы шамада ғана болатын.
Репрессия құрбандарын ақтау (реабилитация) жөніндегі түсінігіміз де коммунистік партия сызып берген шеңберден шыққан жоқ. Шығуы мүмкін де емес еді. Мағжан Жұмабаевтың 1989 жылы жарық көрген бір томдық шығармалар жинағына жазылған алғысөзді сол кездегі біздің «ақтау», «ақтаңдақ» туралы ұғым-түсінігіміздің неғұрлым жинақталған көрінісі десе де болады. Ол кезде: «Октябрь Революциясы күшпен әперген бостандығымызды жеке адамға табыну заманы мен тоқырау дәуірінде тағы да бақытсыздыққа ұрындырып алып едік. Енді, міне, сол бостандық жаңғырып, қайта туды», сондай-ақ «мұндай ғажайып дәуірге жеткізген партия басшылығына біз мың-мың алғысымызды арнауымыз керек» деп жазуымызға тура келген. Мағжан Жұмабаевты «Ұлы Октябрь Революциясы әкелген бостандықты бар даусымен өз жырына айналдырып сөйледі. Революцияның қызыл жалауын жыр майданында көтерді» дегенбіз. Бүгін Мағжан Жұмабаев мұраларымен толық күйінде танысу мүмкіндігіне ие болған тәуелсіз еліміздің оқырмаңдарына оның Октябрь төңкерісін қалай қабылдағаны, қандай жалау көтергені туралы түсінік берудің қажеті бола қоймас.
Коммунистік партия кезінде ұлт­шылдықтан асқан айып, күнә жоқ еді ғой. Сондықтан, біз одан өлердей қорқатынбыз, ат-тонымызды ала қашатынбыз. Ұлты­мыздың ең қарапайым белгілерінің өзін «ұлтшылдықпен ешқандай қатысы жоқ» деп, Мәскеудің алдында ақталып, әлекке түсіп жататынбыз. Ал, енді, демократияның заманы туып, өз ұлтын сүю, құрметтеу айып пен күнә болудан қалып, әспеттеле бастаған кезде, бұрын ұлтшылдыққа жатқызып қаралған нәрселеріміз енді құндылыққа айналып жатқан тұста, «біз ұлтшылмыз» деудің орнына, «біз ұлтжандымыз» деген жаңа ұғымды ойдан шығардық. Ұлтшылдық коммунистік партия сызып берген шеңберге сыймайтын ұғым болса, ұлтжандылық сол шеңбердің ішінде өмір сүре беретін «жуас», «градусы» төмен ұғым еді.
Түрліше тарихи кезеңдерде саясаттың ығына қарай, белгілі бір ұғымдардың бұрмалауға тап болатыны, өзгерістерге ұшырайтыны, кейін ішінара қалпына келіп жататыны – болып тұратын құбылыс. Күні кеше ғана «тәуелсіздіктен» бір дәреже төмен қолданылып келген «егемендік» сөзі бүгін өзінің толық мағынасында тәуелсіздіктің баламасы ретінде жүретін болды. Сол сияқты амалдап күн кешкен кезімізде алға шыққан «ұлтжандылық» та бүгін «ұлтшылдықтың» баламасы ретінде, онымен тең дәрежеде қолданылса, оның ешбір ағаттығы бола қоймайды. Мәселе оған біздің қандай мағына беруімізге байланысты.
С. Ақатай айтқандай, «ұлтжан­дылық­ты» ұлттық сананың жетілмеген көрінісі, төменгі деңгейі ретінде, яғни, осы күнге дейін қолданылып келген күйінде қарап қалыптастырсақ, ол сол деңгейге шақ ұғым болып қала береді. Ал, оны мен айтқандай, «ұлтшылдықтың» баламасы ретінде көрсек, солай орнықтыруға да болады. Мәселен, «егемендік» пен «тәуелсіздік» – бізде тең деңгейдегі ұғымдар. Тәуелсіздік алғалы бері, өмір көп өзгерістерге ұшырады. Мүлде сапалы жаңа мазмұндармен толықты. Бұрын комму­нистік партия сызып берген шеңбердің ішінде пайда болған ұғымдар қазір ескірді. Ақиқатты толық күйінде айтуға мүмкіндік туылған және солай етуге бізді міндеттеп отырған қазіргі күннің талабы тұрғысынан келгенде, алашордашыларды «Октябрьге, Кеңес өкіметіне, Коммунистік партияға адал еді» деп ақтау, ендігі жерде тым оғаш болар еді.
Бұған дейін төбесімен тұрған ақиқат табанымен жер басып, өзінің табиғи қалпына келуіне байланысты, біздің ақтау (реабилитация) туралы ұғымымыз да енді 180 градусқа бұрылыс жасауға тиіс болады. Ойымыз түсінікті болу үшін нақтылы мысал келтіре отырып қарастырар болсақ, мәселен, алашордашыларды ақтауда бас төреші, яғни, ақтаушы комму­нистік партия, одан кейінгі төрешілер партияның жергілікті өкілдері болып келді. Алашордашылар болса, ақталушы орында тұрды. Бірінші жақ екінші жақты өз қалауынша тергеп-тексерді. Олардың өмірі мен қызметінің ең мәнді, маңызды жерлерін сызып тастады. Калғанын ыңғайға келтіріп бұрмалап, өңін айналдырды. Енді, міне, тәуелсіздік талаптарына сәйкес, тергеуші мен тергелушінің орны ауысуы тиіс. Қазір бас төрешінің, ақтаушының орнында алашордашылар тұр да, ақталушының орнында сіз бен біз тұрмыз. Бақсақ, алашордашылар ұлтына, еліне адал, ақ екен де, бар пәле сіз бен бізде екен. Сол себепті, біз «оларды қалай ақтаймыз?» деп емес, «олардың рухы алдында өзіміз қалай ақталамыз?» деп  бас қатырғанымыз жөн сияқты.
Ұлтшылдық Д.Кішібеков пайым­дағандай, уақытша, өткінші құбылыс емес, ол – ұлтпен бірге пайда болған, ұлтпен бірге жасайтын табиғи қасиет. Өкінішке орай, дүниенің тепе-теңдігі бұзылған сәтте осы табиғи қасиеттің де бұзылып, басқа мазмұн алатыны да бар. Мәселен, күштілер әлсіздерді басып алып, бодандыққа түсіреді. Метрополия мен колония арасындағы қатынас қалыптасады. Мұндайда метрополияның билеуші ұлты – езуші ұлт, колониядағы ұлт – езілуші ұлт болып табылады. Езуші ұлттың ұлтшылдығы империясының идеологиясына айналып, шовинизм түрінде көрінеді.
Қазақ пен Ресей арасындағы метрополия мен колония қатынасы үш ғасырға созылғандықтан, екі ұлттың қоғамдағы орны олардың ұлттық менталитетіне терең із қалдырды. Соның нәтижесінде, билеуші ұлт қазақтарға «менікі былай да менікі, ал, сенікі де менікі» деген тұрғыдан қарады. Қазақтар: «Менікі тек менікі ғана емес, әрі сенікі де» деп, өзінде барын билеуші ұлттың алдына тосып отырды. Сырттай қарағанда, бәрі де ерекше жүріп жатқандай болып көрінетін осы процестер іс жүзінде, тіпті де, олай емес болатын. Оның аржағында осыған алып келетін империялық саясат пен оның алуан түрлі тегершіктері жұмыс істеп тұратын.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері аракідік болса да, қазақ шовинизмі туралы сөз шығып қалып жүр. Біздіңше, Қазақстанда қазақ шовинизмі деген нәрсе атымен жоқ. Және оның болуы да мүмкін емес. Қазақ ұлтшылдығы қазақ шовинизміне айналу үшін, кемінде екі түрлі алғышарт керек. Оның біріншісі, еліміз қазақ ұлтының мемлекеті ретінде қалыптасуы керек. Бірақ, бұл да аздық етеді. Екіншіден, Қазақстан қуатты импе­рияға айналып, айналасындағы елдер­дің территорияларына көз алартуы, «ана елде, мына елде Қазақстанның мүддесі бар» дегенді желеу етіп, әлсіздерге күш көр­сетіп, тізе батыруы ләзім. Сонда ғана, тек сонда ғана империялық өктемдік пен озбырлығын қамтамасыз ету қажетінен, қазақ ұлтшылдығы қазақ шовинизміне айналып кете баратын болады. Сөйтіп, табиғи қалыптағы ұлтшылдық енді империялық идеология ретінде көрініп, сапалық өзгеріс жасайды, залалды, реакциялық мазмұн алады. Қазақ ұлты осындай жағдайға дейін бара ала ма? Меніңше, бара алмай­ды. Қазақтар қазіргі күнде жұрттың бә­рі­нікі болып отырған республикасын ұлттық мемлекет етіп құрып шығуы әбден ықтимал. Оған біздің көзіміз жетеді де. Ал, бірақ, қазақ мемлекеті қанша күшейсе де, басқалардың территориясына көз аларта алмайды. Оның басқа себептерін айтпаған күннің өзінде, тек геосаяси орны мұндай саясат ұстануына мүмкіндік бермейді. Қазақстанның маңайында «мынаны өзіме қосып ала қояйыншы» дейтіндей әлжуаз ел жоқ. Бір жағы – іргелі Ресей, екінші жағы – қордалы Қытай. Сондықтан, көршісін жаулап алу немесе күштеп ықпалында ұс­тау ойы есі дүрыс қазақтың басына оралуы мүмкін емес. Қазақстанда Баркашовтар мен Жириновскийлердің болмайтын себебі де сондықтан.
Интернационализм жөнінде бір-екі сөз: «Біз интернацио­нализмнен неге қашамыз? Егер, бұл ұғым біздің тәуелсіздігімізді ірі­тіп жібермесе…» дейді. Интернациона­лизм – халықаралық қатынастарда қолда­нылатын термин. Оның бұл мағынасы қытай тілінде өте-мөте анық көрінеді. Қытайша «го- жижуй» деп аталатын осы сөздің сөзбе-сөз мағынасын анықтасақ, гожы – халықаралық, жуй – изм. Екеуін қосқанда, халықарализм болып шығады. Ал, Қытайдың өз ішіндегі ұлтаралық қатынастарға бұл ұғым қолданылмайды. Оның неге бұлай болатыны туралы әр кезде жазып жүргенім себепті, бұл арада тоқ­талып  жатпаймын. Тек, Д. Кішібековтың пайымдауына байланысты айтайын де­генім, «интернационализм» сөзі бізде о баста өзінің халықаралықтық стандартты орнынан ауытқып, қате қолданысқа түскен. Бұл – бір. Екіншіден, бұл ұғым бізде ұзақ жылдар бойы большевиктер мен коммунистерге қызыл отаршылдықты бүркемелейтін перде есебінде қызмет етіп келді. Өзімізге таныс Қазақстан өміріне, интернационалдық тәрбиенің объектісі кім болғанына бір сәт назар аударып көрейікші. Сонау Қазан төңкерісінен бастап-ақ, «интернационализм» Қазақстанда «қазақ ұлтшылдығы» дейтінге қарсы қойылып келді. Мұстафа Шоқай Түркістанда большевиктер орнатқан пролетариат диктатурасы, шын мәнінде, орыстардың диктатурасы болғанын тамаша дәлелдеп берген ғой. Олай болса, большевиктердің «пролетариат интернационализмінің» орыс үстемдігін қамтамасыз ететін идеоло­гиялық қару ретінде қызмет еткені күмән тудырмаса керек. Ұзақ жылдарға созылған осындай «тәрбиенің» нәтижесінде, орыстың қазаққа қатынасы «Сен мені түсінуге, сыйлауға міндеттісің, ал мен сені түсінуге, сыйлауға міндетті емеспін» деген тұрғыдан қалыптасты. Мұндай астамшылдықтың орыс ұлтының етінен өтіп, сүйегіне сіңгені сонша, біз оны осы күні де, ең қарапайым орыстардың ұғым-түсінігі мен іс-қимылдарынан да анық байқай аламыз.
Бұл күнде «интернационализмді» тек біз ғана емес, бізбен тағдырлас басқа республикалар да қолдана бермейді. Ендеше, бұл – заманы өткен ұғым. Оның орнын патриотизм басты. Енді, біз өзіміздің жас ұрпақтарымызды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге тиіспіз. Ал, қазақ халқының ұлтшылдық сана-сезімі дамып кемелденбейінше, Қазақстан патриотизмі де дамып кемелденбейді. Бізге керегі – ұлтшылдық. Бізге керегі – патриотизм.
1998 ж.

 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Осындай ұлтымыз, мәдениетіміз туралы материалдар керек-ақ

Пікірлерге тыйым салынады.