Кімнің – қай отанның соғысы? «Кімнің – ненің» жеңісі?

  • 11.09.2014
  • 579 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Игілік  ӘЙМЕН,
жазушы

Әуелімнен, сұрақ: «Адамда қанша Отан бар? – болуы тиіс?» Немесе бүгінгі нақты сұрағымыз: «Қазақтың Отаны қайсы? Ресей ме – Қазақия ма?..»
Ия, 1941-1945 жылдары біздер «Орыс-Герман» қырғынына – орыстың «Ұлы Отан» соғысына қатыстық. Жан-тәнімізбен атсалыстық! Ол кездері, «СССР» деген алпауыт мемлекеттің құрамында – «Ресей» деген империяның боданы едік. Еріксіз, құл едік. «Құлдық» санамызға сіңіп те кеткендей еді-ау.


Ия, ол соғысқа қатысқан кім-кімді де құр­­меттеуге – марапаттауға – әспеттеуге  міндет­тіміз. Себебі, ол – басқыншылыққа, жалпы, соғысқа қарсы соғыс болды.Мұның екін­ші жағын да ойлап қоюға тиіспіз: егер де, Гер­маниядан бұрын, ол соғысты СССР ашқанда қалай болар еді?.. Барлық империялық елдердің пиғылдары бесенеден белгілі ғой – әлемді жеке-дара билеп-төстеу. 
Бүгін, Қазақ елі – тәуелсіз ел (Сондай ма, жоқ әлде?..) Өз Туымыз, Елтаңбамыз, Конституциямыз – елдік шекарамыз бар. СССР – жоқ; Ресей – басқа мемлекет. Ресей – орыстардың Отаны; әлде де болса, солардың құрамындағы бағыныштылықта қалып отырған ұлттардың да отаны-ақ болсын. Ал, енді, біздердің мына сиықтарымыз – не сән, не фасон?..
Соңғы жылдары – «Құдайдың құтты күні»: «9 май! – 9 май! Жеңіс күні! – Жеңіс күні! Ұлы Отан соғысы! – Ұлы Отан соғысы!» деп қоқақтаудамыз, тіптен, үдете түсудеміз. Мақұл, «жеңіс» ортақ-ақ болсын, бірақ, қай атаңнан қалған «қандай отанның» соғысы еді ол?! Оу, ұятымыз – ары­мыз – намысымыз – ұлттығымыз қайда?! Ол құрғыр нәубетті – тыраштанып, соншама өлер­­менденгенше – жайымен, жөнімен, ретімен ғана еске алып қойсақ болмас па? Қапелімде, сол орыс­тардың өзі: «Ей, қазақтар, неғып көкіп те лағып жүрсіңдер?! Ресей сендердің отандарың емес, біздікі ғой!» десе, не бетімізді айтамыз? – «қай жерлерімізді көрсетеміз де?..»
– Ей, қазақ! Саған «ұлы отан соғысы» – «ұлы жеңіс» сондайлық керек болып бара жатыр ма? (Керек екендігі рас та ғой). Айтайын, онда: Сенің «ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫҢ» – әупіріммен жаның қалған – сонау өткен ғасырлардағы, 300 жылға созылған «ҚАЛМАҚ-ЖОҢҒАР» қырғыны!!! Нағыз «Ұлт-Азаттық» соғысың! «Ұлы жеңісің»  – сол жеңіс! Сенің Ұлы қолбасшы Батырларың һәм Қаһармандарың – Алатау, Қабанбай, Бөген­бай, Наурызбай, Баян батырлар еді ғой! Сенің Ұлы Көсемдерің – әз-Тәуке, ер-Есім, Абылай, Кенесары хандар еді ғой! Сенің Ұлы ақылман Билерің – Әйтеке, Төле, Қазыбек билер еді ғой! Ал, енді, басқаның соңынан салпақтап, сүмектеп, өзгенің отанына кілегейше жабысқаныңды қояр кезің әлдеқашан жеткен жоқ па еді бір-ау!? 
Бүгінгі бұл  елдің жұрты – керемет халық қалаулылары, ел басшылары, я болмаса, «сен тұр мен атайын» жас-қайраттары – азаматтары қайда?! «Әу» деп жөнін айтар – жөнге жығылар  ешкімнің қалмағаны ма?
«Патшалар соғысады – зардабын халық көреді». «41-жылғы» соғысты Гитлер бастамаған күнде, Сталиннің өзі-ақ бастар еді. «Басқыншылық», «қор­ғанушылық» дегендеріңіз – бұл жерде шарт­­ты, жалғани түрдегі нәрселер. Дөкейлерге қа­шан да жеке-дара билік керек. «45-жылғы па­радта» қызыл алаңға ақбозатпен не үшін Ста­линнің өзі шықпады? – орнына неге Жу­ковты жұмсады? Себебі, Сталин: «Жалпы соғыс – мен үшін ойдағыдай аяқталмады» деп мойындап-қабылдаған (Германия бүтіндей бұйырмады, Америка күшін – ядролық қаруын көрсетті, Өзі болса соғыстан сілікпесі шықты…). «9 май жеңіс мейрамы» – Сталин өлгеннен соң пайда болған… «саяси жоба».
Жеңсе де, жеңілсе де, бәрі-бір – «жеңетін патша». Жеңсе де, жеңілсе де, бәрі-бір – «жеңілетін халық». «Жалғани ұранға» елітіп, еріп, алды-артыңа қарамай шапаттай берер болсаң – ақыры бір күні маңдайың тасқа шағылып тынарсың.
1939 жылы басталып, 1945 жылы аяқталған ол соғысты (Германия, Италия, Жапония бастаған – СССР, АҚШ, Англия, Франциялар тәмамдаған) – бүкіл әлем: «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атады. Солай тарихқа жазылды. Жарайды, Ресей ол соғысты қалай атаса, солай атасын… Ал, бірақ, біздерге не жорық? Бүкіл Әлемнен бөлектеніп, қайда барамыз? «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» боп біткеніміз бе. Мұның аяғы… Мұның аяғы – сол жоғарыда айтқанымыздай ғой. Басқа қалай болар да еді-ау. Сол үшін де, әлде де, ОЙЛАН, ОЙЛАН, ОЙЛАН, ҚАЗАҚ!!!  

 

Алдыңғы «
Келесі »