Әмір Темірдің әмірі әлемге әсерін тигізді ме?

  • 11.09.2014
  • 719 рет оқылды
  • 1

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
филология ғылымының докторы, SDU профессоры

Әмір Темір 1336 жылы  Кеш (Шаһр-е Сәбз) уәлаятының Қожа  Елғар қыстағында дүниеге келді. Әкесі Торағай түркі тайпаларының бірі – Берлас руынан болған. Әмір Темір сол заманның қалыптасқан дәстүрі бойынша Шыңғыс хан тұқымының бірімен үйленген соң «көрекен» лақабына ие болды. Көрекен сөзі түркі тілінде «күйеубала» деген ұғымды білдіреді. Бұл жерде бұл ұғым Шыңғыс хан ұрпағынан тараған қыздармен үйленген түркі әмірлеріне берілетін болды. Өйткені, ол атау қоғамда өзіндік бедел-абыройға ие. Сол себептен Әмір Темір ұрпақтарының құрған империясы «көрекени империя» кейде әдейі немесе қате түрінде «Моғұл империясы»,-деп те аталып келді.

Бүгіндері «көрекен» сөзі сол «күйеу» мағнасында түрікмендер арасында қолданылып келеді. Шаһабеддин әбу-л-аббас Аһмет ибн Мұхаммед ибн Аб­долла-әл ханафи ғалымдар арасында                                                қысқартылған «Ибн Арабшаһ» есімімен танымал тарихшы, әдебиетші, заңгер, араб-парсы-түркі және моңғол тілдерінің білгірі (1289-1450) Шам қаласында дүниеге келіп, Орта Азия мен бүгінгі Араб пен Ресей елде­рінің көптеген жерлерін аралап, соңында Мысырда өмірден өтті. Сонда жерленді. Осы  Ибн Арабшаһ жазбаларында Әмір Темір соғыс зақымданып, ақсақ болғанын жазған.  
Әмір Темір туралы аңыз бен ақиқатқа толы әңгімелер мен жазба деректер мейлінше баршылық. Тарихта өте көп зерттелген саяси тұлға. Әкесі Тарағай Баһадүр Кеш уәлаятының беделді әмірлерінің бірі болған, ол тек қана жауынгерлік пен батырлық сипатымен емес, сонымен бірге  ғалымдарға айрықша ықыласпен қарағаны үшін ұдайы оларға  қамқоршы, қолдаушы болып жүрген. Тарағай Баһадүр  1360 жылы  қайтыс болды.  Ол кезде Әмір Темір бой түзеген еді.  
Әмір Темір ірі қолбасшы ретінде аты шыққан кезең 1379 жылы  Харезм қаласын жаулап алу кезімен тұспа-тұс келеді. Сосын араға көп уақыт салмай Хорасан өлкесін бағындырады. Артынша 1382 жылы Горган, Мазандаран, Систан, Һерат пен Ал-е-Керат аймақтарын жаулайды. 1398 жылы Фарс, Ирактің бір бөлігін, Лорестан, Әзірбайжан өлкелерін жаулап Жалайыр әулеттерінің билігін аталған аймақта жояды. Содан кейін Каспий жаққа бет алып, ол аймақтарда көптеген тұрғындарды қырғынға ұшыратады. Кіші Азия, Үндістан, Иран мен Орталық Азияны бағындырған Әмір Темір Қытайға шабуыл жасауды өз жоспарына енгізген кезде алпыс тоғыз жасында бүгінгі Қазақстан жерінің оңтүстігінде орналасқан Отрарда дүниеден озды. Сосын астанасы Самарқанда жерленді.                                                         
Тарихи деректерге қарағанда Ниязи қыстағы Әмір Темірдің мұралық мүлкі есептеледі. Осыған қарап аталмыш қыстақ әкесіне тиесілі болғанын білеміз. Сондықтан, әкесі ауқатты отбасылардың қатарында балаларының жақсы білім алуына мүмкіндік жасай алатын жағдайда болған.
Әмір Тарағай баласына дүнияуи һәм діни білім алуына барлық жағдайды жасады. Сондықтан, Әмір Темір жастайынан сауатын ашып, өз дәуірінің түрлі пәндерін – мәселен, емшілік, математика, астрономия және мемлекет істері мен тарих ғылымдарын үйренеді.
Шағатай әулеттерінің билігіндегі Же­тісу мен Қашғар уәлаятының беделді Дулат әмірлерінің көмегімен Тоғлық Темір хандық тағына отырған соң, 1360 жылы Мауараннаһрды Шағатай әулетінің билігіне қайтару үшін сол жерге жорыққа шығады. Жазба деректерге қарағанда аталған жорықта тұңғыш рет Әмір Темірдің есімі аталды.
Қаранас патшаларының әулетінен Әмір Құзғын 1358 жылы қаза табады. Шағатай империясы дағдарысқа ұшырап екі хандыққа бөлінді. Бірі – Моғолстан, Іле өзенінің жағалауы Түркістанның шығысында орналасқан. Онда моңғолдар билік ететін. Моңғол салты бойынша өмір сүретін. Тіпті, Ислам діні де ол жерге табан тірей алмаған-ды. Екіншісі – Мауараннаһр еді. Оның халқы Ислам дінін қабылдап түркіленіп кеткен моңғолдар еді. Бұларды қаранас деп атаған. Қаранас термині үш мағынада қолданылды. 
1. Иран мен Үндістанның шекаралық аймақтарда тұратын түрлі моғол тайпаларынан құралған халық. 
2. Мауаранаһрдың түркіленіп кеткен моңғол тайпалары. 
3. Түрік-моғол әмірлерінің әулеттері. Олардан Ғазан хан билік тізгінін өз қолдарына алған.
Тоғлық Темір Мауараннаһрды Шағатай билігіне қайтармақшы болып, 1360 жылы сол жаққа аттанды. Сол кезде Қашқадарияның әкімі Қажы Берлас қарсылық көрсете алмай қашып кетеді. Әмір Темір де Тоғлық Темірге қарсы шығу күші жоқ екенін сезіп, оның билігін мойындайтынын айтып ресми түрде қабылдайды. Хан да есесіне Қашқадарияның билігін Әмір Темірге тапсырды.
Әмір Темір мен Тоғлық Темірдің одақтасуы ұзаққа созылмайды. Өйткені, көп ұзамай Әмір Темір Балхтан Кабулға дейінгі аралықтағы аймақтың билеушісі Әмір Қазанның немересі Әмір Үсейінмен одақтасты. Әмір Үсейін Әмір Темірдің қолдауының арқасында бірталай тартыс-таластан соң өзінің аталық мұра өлкесін қайтарып алды. Әмір Темір де соған қатысты шайқастың бірінде денесінің оң жағы, соңдай-ақ, қолы мен санынан зақымданды. Содан бастап «Ақсақ Темір» деп аталды. «Ләнг» парсы тілінде «Ақсақ» деген мағынаны білдіреді. Кейінірек ләнг сөзі қысқартылып, еуропалықтар арасында «Темір лән» деп аталып кетті.
Сараи Мәлік Хатун Ғазан ханның қызымен үйленіп «көреген» лақап есімін алды.
Әмір Темір тірі кезінде өзін Шыңғыс хан ұрпағынан екендігін ауызға алған емес-ті. Бірақ, Темір шежіресіне арнап жазылған бір шежіреде Темірдің тегін Шыңғыс ханға жеткізіп жазған. Алайда, Темір қашан да Шыңғыс ханның ұрпағын сыйлап тұратын. Тіпті, өз билігін заңдастыру үшін Шыңғыс әулеттерінің бірін Самарқанда хан деп жариялап соның атынан өзі билейтін. Әрі өзін «Ұлы Әмір» деп атайтын. Мәселен, Сүиерғытмыш ханды 1370 жылы хан деп жариялады. Ол 1384 жылға дейін хан болды. Мұның бәрі Тобырдың арасында тек қана Шыңғыс әулеттері хан болу керек деген төрелік заң көпшіліктің көзқарасын қалыптастырды. Дәл осындай жағдай Едігенің де тағдырына жазылған-ды. «Едіге Батырдың немересі Мөнх-Темірдің (Мұң Темір) әйгілі қолбасшысы болған. Ол Ноғай әулетінен болғандықтан, саяси ықпалының қуаттылығына қарамастан ол Ақ Орданың бас билігіне мұрагер емес-тін». Сондықтан, «Едіге 1393 жылы Өріс ханның немересі Темір-Құтлықты (Темір-Мәліктің ұлы) Ақ Орданың ханы деп жариялайды» да өзі «Әмір Едіге» атауын қанағат тұтуға көнеді.
Әмір Темір мен Әмір Едіге аса биік саяси күшке ие болуының бір көрінісі Шыңғыс ханның өз заманында өз ұрпақ­тарына жасап кеткен саяси биліктің мұра­герлік мықты механизмін бұза біл­ген­дігінде. Сондай-ақ, Орталық Азияда түрік халықтарының мәдениеті мен әдебиеті түркі тілінде дамып жатты. Сонымен бірге, түркілер арқылы араб-парсылардың мәдени-әдеби туындылары жалпы көпшілікке тарап жатты. Әрі Шыңғыс хан ұрпақтарын ассимиляцияға ұшыратып жатқан да түркілер болды. Бірақ, оларды ерекше құрмет тұтуды да өмірлік дәстүрге айналдырды. Бұл үрдіс әсіресе көшпенді түркілер арасында басымдау болды.
Әмір Темір саяси өмір жолында әлемді жаулауды мақсат етті. Оның Иран, Сирия, Анадолы, Үндістанға жорықтары тарихшылар үшін белгілі жайт екенін білеміз. Бірақ, қыпшақ даласындағы Әмір Темір мен Тоқтамыс ханның Өрісханға қарсы одақтасуы, әрі Өрісханның әулеттері Темірмен бірігіп Алтын Ордаға қарсы әрекеттері, Едігенің де билікке таласуы түрік халықтарының маңдай алды тұлғаларының қақтығысына жол ашты. Бірақ, соның бәрі түрік халықтарының келешек саяси-экономикалық және мәдени кеңістігіне қаншалықты зиян келтіргені жөнінде арнап жазылған еңбекті көре алмай келеміз. Сондықтан, «Тарих-и Рашиди» еңбегінде қамтылған 1346-1546 жылдар аралығындағы саяси оқиғалар жан-жақты тарихи-саяси, мәдени тұстарын мемлекет қолдауымен мұқият зерттелуі бүгініміз бен ертеңімізге тарихи тәжірибе сабақтары ретінде аса қажет. Мәселен, Әмір Темірдің Алтын Ордаға қатысты ұстанымы Тоқтамыс ханның Алтын Орда мемлекетін Әмір Темірдің ықпалынсыз дербес билеп отырғысы келгендіктен, өзге мемлекеттерінің саяси қолдауына зәру екенін сезіп Литвамен жақындаса бастады. Сондай-ақ, 1395 жылдың көктемінде Алтын Орда мен Мысыр арасындағы Әмір Темірге қарсы одақ құрылу әрекеті байқалды. Тоқтамыс ханның саяси одақтас іздеу әрекеттерінен қауіптене бастаған Әмір Темір 1395 жылдың бірінші наурызында Тоқтамыс ханға хат жазды. Бірақ, жазған хатынан оңды нәтиже шыға қоймаған соң ақтық шайқасқа бел буды.
Әмір Темір мен Тоқтамыс хан ара­сын­­дағы келіспеушілік оларды бір-бірімен шайқасуға итермеледі. Соның нәтижесінде екі жақтың әскерінің ара­сындағы ақтық шайқас 1395 жылдың 15 сәуірінде Кавказдың солтүстігіндегі Терек өзенінің шатқалында болып өтті. Тоқтамыс жеңіліп шегінуге мәжбүр болды. Содан барып Әмір Темір әскері Еділ аймағының Алтын Орда астанасы Сарай қаласына қарай бет алуына жол ашылды. Соңында Сарай Берке және Еділдің төменгі жағасындағы қалалар тоналды. Есепсіз байлық олжаланды. Көптеген жергілікті халық – әйелі де, бала-шағасы да түгелдей күң мен құлға айналды. Қыпшақ империясының кең даласы да ойран болды. Халық саны азайды. Экономикалық қуаты жойылғаны соншалық одан кейін өркендеуге шамасы жетпей қалды. Өйткені, Қиыр Шығыс пен Еуропа арасындағы сауда-саттыққа Алтын Орда территориясы алтын көпір іспеттес еді. Міне, дәл осындай трагедияның болғанын Әмір Темірге арналған «Зәфәрнаме» шығармасынан баяндап көрейік: «…Әзіреті Саһибқыран Қажы Тархан (Астрахань) маңына жеткенде Әмірзада Пір Мұхаммед Жаһангир, Әмір Жаһаншаһ, Әмір Шейх Нұреддин және Темір Қожа Ақбұғаны жасақталған әскерімен Сарай жаққа жөнелтті. Өзі таңсәріде таңдаулы шағын атты топпен Қажы Тархан жаққа бет алды. Ол жерде жанды да жансыз зат­тардың бәрін тонады. Сол аймақтың әкімі Мұхаммедиді мұз қатқан судың астына батырып жіберді. Ол балықтарға жем болды. Жеңімпаз әскері Еділ өзенінің мұз қатқан суынан өтіп Сарай қаласын жаулап алып өртке орады. Далалықтарды малдарымен қоса талан-таражға салды. Сарайды ойрандады. Оны Сарай тұрғындарының табандылық көрсеткендері үшін кек алу есесі есебінде жасады. Содан қосыны Шынжыр сарайды (зәнжир сараи) талқандауға кірісті. Өйткені, әзіреті Саһибқыран Парсы және Ирак аймақтарын жаулауға аттанғанда олар Мауараннахрге шабуыл жасаған екен. Сондықтан, Шынжыр Сарай аталатын Қазан Сұлтан хан­ның әйгілі Сарайын ойрандады. Сонымен Сарай осылайша тас-талқаны шықты.
Әмір Темірдің саяси әрекеттері мен қаталдығы туралы ойланып қорытынды жасайтын жайттар жеткілікті. Дегенмен, Әмір Темір және оның әулеттері билік құрған кезеңдер Мауараннахр, Хорасан әрісі Ауғанстан мен Үндістанда көркемсөз бен әдебиет және көркемөнер жаңа бір сатыға көтерілгендігімен де ерекшеленеді. Бұл дәуірде парсы-тәжік әдебиеті Әбдірахман Жәмидің әдеби шығармаларымен гүлдене түсті. Жәмидің «Һәфт аурәнг» (жеті тақ) шығармасы Темір мен оның ұрпақтарына арналды. Өйткені, Жәмидің назарда ұстаған «Әмір Темір, Халил Сұлтан, Шаһрох, Ұлықбек, Әбілқасым Бабыр, Әбу Саид, Мырза Үсейін Байқара» атымен танымал жеті билеуші өз заманында әдебиет пен мәдениеттің өрістеуіне елеулі үлес қосқан-ды. Парсы әдебиетінің шарықтауымен қатар Мауараннахр мен Хорасан астанасы Гератта түркі тілінде шыққан көркем әдеби шығармалардың да саны мен сапасы биіктей түсті. Түркі әдебиетіне қомақты үлес қосқандар Әлішер Науаи, Маулана Лүтфи, Дүрбек, Хафиз Харезми, Атаи, Сәккаки, Гедаи, Сейіт Қасыми сынды ғалымдар мен ақындарды айтуға болады.
Әмір Темір қазақ даласына теңдесі жоқ ғажап ғимарат салдырып кетті. Ол Қожа Ахмет Иасауи мазарына арнап салдырған кесене. Бұл жайында сол дәуірдің тарихшысы Шарафеддин Әли Иәзди 1424-1425 жылдары жазған «Зәфәрнаме» атты кітабында анық мәлімет беріп қалдырған. Ол: «Темір Сейһуннан өтіп, Аһангаран, Женас ауылының маңында қыстап шығу үшін әскерлеріне қыстық үйлер  салдыртады. Содан Иасы ауылына барып, сондағы Иасауи бейітіне зиярат етеді. Шейх, имам Мұхаммед Ханафия ұрпағынан екендігін айтады.                                  
Әмір Темір Шейхтың мүбарак мазарына арнап кесене тұрғызуды бұйырады. Ғимарат күмбезінің биіктігі және ішінің қалыңдығы бұйрықтағыдай болуы шарт деп көрсетілген. Сондай-ақ күмбездің түрлі-түсті таспен бе­зен­дірілуі, есіктері қайнатылған темірден, ал хауызы қайнатылған тастан қалануы тапсырылған. Мазардың тасы мәрмәр тас Тәбриз қаласынан әкелініп, тиісті көлемде, нақышталсын деп жұмыстарын Маулана Ұбайдолла Сәдрге тапсырады. Бір жылда аяқталсын деп бұйырады», – деп жазған.
Қорыта айтқанда Әмір Темірдің өмірі мен жорықтарын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бұл түркі перзенті бастапқы жылдарының балалық шағын әкенің қомқорлығымен өт­кізді, сосын жиырма бес жасында парасатына арқа сүйеп, бақылаушы және үлкендердің бұйрығын орындаушы ретінде өмір кешті. Кейінгі жылдары жасы қырықтан асқан Темір қайнаған жанар таудың балқып толқындаған отындай ағысы көптеген елдердің аумағына   жетіп, қысқа уақыт аралықта жерлерін басып, тұрғындарын қанға бөледі.  
Әмір Темір жастығында қара күш емес, парасат иесі екенін байқатты. Оған дәлел – 1360 жылы Тоғлық Темір хан Кеш қаласына шабуыл жасағанда жиырма бес жастағы Әмір Темір ханның жойқын күшіне қарсы шыға алмайтынын бірден сезіп, асқан зе­рек­тік саясатпен ханның билігін мойындап, Кеш қаласын ойрандау-тонаудан аман алып қалды. Сосын Кабулдағы Қызғұн немересі Әмір Үсейін ханзадамен достасуға қисынын тапты. Әрі оның  қарындасы Олжай Түркан ханшайыммен үйленіп «көрекен» атағына ие болып, абыройын асқақтатып, ел билеушілердің ішкі дүниесіне жақынырақ үңілуге мүмкіндік алды. Әмір Темір мен Әмір Үсейін екеу ара достығы Олжай Түркан ханшайымның өлімімен аяқталды. Тіпті, тақталастық жауластыққа айналды. Бірнеше рет шайқасты. Соңғы соғысы Бәлх маңындағы Үндіуан қамалында Әмір Үсейіннің жеңілісі әрі өлімімен аяқталды. Осылайша Әмір Темір 1370 жылдың рамазан айында Бәлхта дербес биліктің туын желбіретті. Сол кезде өзін «саһиб қыран»,-деп атады. Сонда Әмір Үсейіннің төрт жесірімен үйленген соң Мауараннахрге аттанып, Самарқан қаласын өзінің астанасы етіп жариялады. 
Әмір Темір жорықтарының екінші кезеңі  1370 жылғы тәуелсіз патшалығын жариялаған соң басталды. Бұл бастамасы Әмір Темір өзін «Құран хафизы», – деп жариялаумен ерекшеленеді. Ол деген Құран кітабын жатқа білетін білгір маман екенін растайтын атау. Әмір Темір бұл жариялықтан кейін бес жылдық жорықтарын 1370-1375 жылдары бастайды. Бұл жорықтарында үш рет Харезмге шабуыл жасайды. Бірақ, мардымды нәтиже алмайды. Бес рет Сейһун өзенінің аржағындағы Жете хақанатын жорықтайды.
Әмір Темір келесі жорығын 1379 жылы Харезмді жаулап алумен бас­тап, Мо­ғолстан мен Қыпшақ даласын бағын­дырумен жалғастырды. Сосын, 1381 жылы он жасар ұлы Миран шаһты Хорасан өлкесін жаулауға үлкен қосынмен аттан­дырды. Артынша өзі оларға қосылып, Нишабур мен Һерат қалаларын басып алды. Сонымен бірге, 1357 жылға дейін Павәнд әулеттерінің қолында болған, одан кейін Мәрәши әулеттерінің билігіне өткен Мазандаран өлкесіне шабуыл жасап ол аймақты да өз билігіне өткізді.
Әмір Темірдің келесі бес жылдық жорықтары 1392-1396  жылдары жүзеге асты. Бұл  жорықтарында жаулаған әр бір қаланы ағайын-туыстарының бір баласына тапсырып отырды. Осы жолы Мәскеуді де жаулап алған соң Үндістанға аттанды. Үндістанды кейін 1399 жылы жаулап, қалалар мен аймақтарын бөліске салып, әмірлерін  тағайындаған соң Самарқанға оралады.                                                                     
Әмір Темір 1399 жылы  жорығын Әзірбайжан, Лорестан, Арманыстан, Гүржістан, Шеруанды жаулап алумен жалғастырды. Әмір Темір аталған жыл­дың күзінде соңғы һәм ең ұзақ мер­зімді жорығын бастаған еді. Бұл «жеті жылдық жорық» деген атауымен Батыс өлкелерден басталып, Мысыр мәмлуктері мен Осман сұлтандарының жеңілісімен аяқталған болатын. Әмір Темір осы жорықты бастамас бұрын Самарқан билігін үлкен ұлы Жаһангир шаһтың баласы Мұхаммед Сұлтанға, Әндіжан тағын Омар Шейхтың ұлы Ескендірге тапсырған еді. Әмір Темірдің жорығы Ираванға 1400 жылдан 1404 жылға дейін созылды. Осы аралықта қазіргі Сирия­дағы Шам мен Һалап сондай-ақ Бағдад қалаларын жаулап алды.      
 Әмір Темір 1400 жылдың соңына қарай Сивасқа жорыққа шығу алдында сақтық шара ретінде әйелдері мен әмірзадаларын Миран шаһтың ұлы Омар Баһадүрдің басқаруымен Самарқанға жібер­ді.                                                                                   
I-Байәзид  (1360-1402) пен Әмір Темір арасында орын алған 1402 жылғы Анкара шайқасында Әмір Темірге жеңілген соң тұтқынға түсіп бұғауланды. Байәзид тұтқында намыстанып өзіне қол жұмсады. Ол ойын 1403 жылдың наурыз айының сегізінен тоғызына қараған күні Ақшаһарда іске асырды. Әмір Темір Анадолы шайқасынан кейін 1403 жылдың шілде айында Гүржістанға бет алып, ол жерді жаулаған соң Қытай елін жаулау ниетімен жолға шықты.  Сол мақсатпен Сыр жағалауының шығысында орналасқан Отрар қаласына жеткеннен кейін ауруға шалдығып, 1405 жылдың рамазан айында жетпіс бір жасында дүниеден озды.                                        
Темір өзі тірі кезінде Самарқан қаласында аса көркем мазар ғимаратын өзіне арнап салдырған еді. Сол кесенеде анасы Бибі ханым мен бірнеше отбасы мүшелері жерленген болатын. Сол мазарға Әмір Темірді жерлеген соң оны «Әмір көрі», – деп атады.                                                                                                  
Әмір Темір отыз алты жыл көптеген елдерді бағындырып,салтанат құрды. Одан отыз бір ұл, немере, шөбере, шөпшек қалды. Соншама елдерді қатал саясатымен өзіне қаратқан Әмір Темір ол елдердің мәдениет пен әдебиетінің өркендеп, дамуына да айтарлықтай үлес қосып, ғажайып жәдігерлер адамзат тарихына мұра етіп қалдырды. Әмір Темір өлген соң Қара Қойынлы мен Ақ Қойынлы тайпалары оның кең байтақ билігін ұрпақтарына тарылта бастады.                                              
Әмір Темірдің өмірлік ұстанымы мен мінез-құлқы  Әмір Темірдің қатал ұстанымына қайшы нәзіктік пен әсемпаздық талғам мен танымын бетпе бет қойып бейнелейді. Өйт­кені, Әмір Темір қаншалықты соғыс кезінде жауларына қатал болса, ғалымдар мен өнерпаздарға мейір мен ілтипаты соншалықты жоғары болған. Әр бір жорығында кездескен көптеген ғалымдар, суретшілер, құрылысшылар, өнер иелері тағы басқа  сондай білімдарларды өз астанасы Самарқанға өзімен бірге ертіп алып келетін. Сондықтан, Әмір Темір билік құрған кезең ғылым, өнер мен мәдениет дәуірі болды. Әмір Темір білім мен өнерді ерекше сүйетін. Ғалымдар мен өнерпаздарға аса жоғары құрметпен қарайтін. Ол бағындырған қаланы жаулап алғанда қатігездікпен қала тұрғындарын өлтіруге бұйрық берген жағдайдың өзінде ғұлама, діни тұлғалар, өнерпаздарға тиіспеуді бұйыратын. Мәселен, Хаже Әли Сияпуш деген бір сопының сұрауы бойынша Анадолыдан тұтқындалған көптеген адамдарды бостандыққа жібергені соған айғақ. Немесе рауаяттарға қарағанда Әмір Темір мен Хафиз (1327-1388) арасында өткен сұхбат оның зиялы қауымға айрықша ілтипаты бар екенін көрсетеді. Әмір Темір Исфаһан қаласын жаулап, қырғынға ұшыратқан соң 1388 жылы Шираз шаһарына қарай бет алды. Ол кезде Мансур ал-Мүзәффәр қала әкімі Дезфул жақта болатын. Сондықтан, болар қала тұрғындары шаһардың қақпасын айқара ашып Әмір Темірдің кедергісіз кіруіне  мүмкіндік берді. Есесіне Әмір Темір де тек қана әкімнің туыстарын тұтқындап, өлтірді. Бірақ та, бірде-бір қала тұрғынына зиян келтірмеді. Дәулет Шаһ Самарқанди «Ақындар шежіресі» атты кітабында жазғандай Әмір Темір қаланың төріне жайғасқан соң  Шираздың ұлы шайыры Хафизді жанына шақыртты. Оған: «Мен семсерімнің күшімен әлемнің үлкен бөлігін жаулап алдым, мыңдаған қаланы ойрандасам да сүйген Самарқан мен Бұхара қалаларымды гүлдендіріп, әсем қалаларға айналдырдым. Ал, сен болсаң «Егер, Шираз сұлуы менің көңілімді ау­лай алса, Үнді қалы үшін Самарқан мен Бұхараны берер ем», – деп жырлап Самарқан мен Бұхарадай қаланы бір үнді қалына сыйлай салыпсың», – депті. Хафиз бірден бас иіп, тағзым етіп: «Әй Сұлтан! Менің осындай орынсыз тартуларым болған үшін осындай сорлы күйге түскенім ғой» – деп жауап қайырыпты. Әмір Темір шайырдың бұл жауабына риза болып, оған қошамет көрсетіп, сый-сияпатын тапсырыпты.
Әмір Темірдің ғалымдарды сыйлайтын себебі – оның өзі оқымысты болатын, өз заманының маңызы зор араб, парсы, түркі тілдерін еркін білген.
Әмір Темір көшпенді салт бойынша киіз үйде тұрып, жерде дастарқан жайып тамақтануды ұнататын тай жылқының етін кеуаб етіп жеуді қалайтын. Қырық жасынан бастап, бірде бір рет бес уақыт намазын қаза етпестен оқып жүретін мұсылман сұнни ханафи мазһабында болған. Самарқан қаласының гүлденуіне ерекше көңіл бөлгені соншалық, тіпті, соғыс кездерінің өзінде Самарқан қаласын абаттандыруға жаулап алған өлкелерінің шеберлерін сонда жіберіп отырған. Осылайша Самарқандта көптеген сарай мен мешіт тұрғызды. Бұйрығын орындамаған адамдарға қатаң шара қолданатын. Темірдің бұл мінезін білген басшылар оның үкімін бұлжытпай орындайтын. Түркі, парсы, моғол тілдерін білетін. Өзіне қиянат жасағандардың терісін тірідей жұлатын. 1941 жылы Темірдің қабырын ашқанда оның өлімінен ғасырлар уақыт өткен болса да сүйек қаңқасы бастапқы қалпында аман қалғаны, сол аяғы оң аяғынан қысқалау екені байқалды. Бас сүйегінде сақалынан бірнеше тал қынамен бойылған күйінде қалыпты.

Пайдаланылған әдебиеттер:   

1. Б. Марсел «Мен әлемді жаулаушы Темірмін», парсы тіліне аударған: Зәбиһолла Мәнсури, «Мостоуфи», Теһран, 1374 һижри жылы.
2. Мұхаммед Мүйін, «Фәрһәнг Мүйін», «Әмир кәбир» баспасы, Теһран.
3. «Маьнавият юлдузлары», Ташкент, 1999 ж. 400б.
4. Парсы vikipedia.
5.Ұмай Түркеш-Гүней, «Түріктердің тарихы», Анкара, 2007 ж.
6. Мырза Мұхаммед Хайдар Дулат «Тарих-и Рашиди»,-Тараз университеті бас­пасы, 2014 ж.   

 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Алтын Орданы құлатқан римдік папаның тыңшысы ғой. Парижде ақсаққа ескерткіш қойылды. Еуропаның құтқарушысы деп жазыпты. Сорлы түркілер бүгін де аталарын өлтірген шайтандарға табынуда…

Пікірлерге тыйым салынады.