ЕСЕР МУЗЫКА ЕСТІ АЛЫП БІТЕ МЕ?

  • 11.09.2014
  • 7348 рет оқылды
  • 1

Хасен Қожа-Ахмет,
композитор, өнертанушы

Сөз  басы
Ана бір жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Әбдімәлік Белгібайдың «Сиырға ер салғандай ерсілік» деген мақаласы жарияланды. Автор опера мен балет жанрлары қазақтың төл өнері болмағандықтан оған халық тым аз баратынын, сондықтан, Түркіменстандағыдай, бұл жанрларға Қазақстанда да тыйым салып, бұларды қазаққа түсінікті айтыс өнерімен алмастыру қажет дегенге саятын пікір айтады.

Мақала авторы біріншіден, Айтыстың әдеби-поэзиялық жанр екендігін, сондықтан, оның операдай музыка жанрын алмастыруы мүмкін емесін қаперіне алмаған (Айтысқа жұрт ақындардың салған әуенін тыңдау үшін емес, өлең сайысын тыңдауға бармау­шы ма еді?!). Сондай-ақ, музыка өнерінің аталған жанрларын елімізде тоқтатардай, бұл екі өнер түрі (бірі музыкалық, бірі әдебиет) бірін-бірі қайталаушы, бәсекелес емес қой?! Айтыс өнеріне жол онсыз да ашық. Екіншіден, автор ұсынған жолға түссек, қазақтың төл жанры еместіктен драма, роман, очерк, т.б.әдеби жанрларда жазушыларымыз шығарма жазуды тоқтатуы керек екен! Үшіншіден, әлгі автордың, атүсті құлағы шалғаны болмаса, ешқашан классикалық үлгідегі парасатты музыканы тыңдап, оның қасиетіне бойламағаны, танымайтын адамының сыртынан тон пішкендей, осынау музыкалық жанрлар жайында әлгіндей мазмұнды мақала жазуынан-ақ көрініп тұр. Елімізде классикалық музыкаға қатысты қынжылтарлық жағдайдың бары рас. Бірақ, жанашыр адам, осынау музыка өнерінің патшасы атанған жанрды тыңдаушылардың аздығына кінәратты жанрдан емес, қоғамымыздан іздеген болар еді. Мысалы, Италияның ұлы композиторы Дж. Вердидің әйгілі «Аида» операсы Мысыр елінің билеушісі Исмаил-пашаның тапсырысымен Суэц каналының ашылу мерекесіне орай жазылып, алғашқы қойылымы Каир қаласында 1871 жылы болған. Ендеше, опера өзге халықтарға керек болғанда, қазақтың оны түсінбейтіндей несі кем?!
Формасы қарапайым, көтерер жүгі адам сезімінің бір сәттегі күйін баяндауға саятын ән жанрының әуені бірнеше шумақ өлеңнің тек тұтастай мазмұнына сәйкес шығарылады. Сөйтіп, бірінші шумақта қолданылған әуен келесі шумақтарға да, өлең мазмұнында кейбір өзгерістер болса да, қолданыла береді. Ал, опера өнері о баста Италияда антикалық Грекия трагедияларын жаңғыртып, музыканы адамның сөйлеу кезіндегі интонацияларына құруды мақсат етуден пайда болғанын айттық. Рас, кешікпей операға ән үлгісіндегі әуендер еніп кетіп, тіпті, опера тек әншілердің шеберлігін көрсету спек­такліне айналған кезеңдер де болған. Бірақ, әр дәуірде мұндаймен келіспеген, «опера музыкасы әр сөздің мазмұнын мейлінше ашуға тиіс» деген принцип үшін күресер композиторлар әр кезеңде шығып отырды. 18-ғасыр ортасында Франциядағы «Еліктеу туралы ғылым» теориясын жақ­­тағандардың бірі Ж.Ж. Руссо музыка жансыз табиғат дыбыстарына емес, адамның сөйлеудегі ырғақтарына елік­теуге құрылуы ғана сезімге шынайы әсер ете алатынын айтты. Бұл теорияны неміс композиторы К.Глюк сол кезде-ақ өзінің опералық реформасына негіз етті. Адамның сөйлеу үніне еліктеп әр кейіпкердің бей­несін даралау опера музыкасының эмо­циялы, драматизмді болуына әкелді. Диатоникалық жүйе дыбыстарынан тұратын біртональді ән әуеніндей емес, опера әуені альтерацияланған дыбыстарды қолдану, түрлі тональдықтарға ауытқу, өту арқылы жасалынды. Сөйтіп ән жанрынан күрделі «Классикалық музыка тілі» пайда болды. Бұл «тіл» көп ұзамай аспаптық музыкаға да еніп, одан әрі дамытылды. Меніңше, классикалық музыкалық шығармалардың ғасырлар өтсе де ескірмеуі, адамды жалықтырмауы – оның осылайша, адамның сөйлеу кезіндегі шынайы сезім ырғақтарына құрылғандығынан және әуенінің, сол арқылы сүйемелінің де альтерация, модуляциялар арқылы бояуының молдығынан болар! Адам сөйлеуіндегі интонацияны вокалдық, сондай-ақ, аспаптық шығармаларда қаншалықты шынайы беруге болатынын (оның кәдімгі әннен айырмасын) М.Мусоргскийдің «Трепак», «Бүрге» әндерін, фортепианолық «Көрмедегі суреттер» циклындағы «Бай еврей мен кедей еврей» пьесасын тыңдау арқылы біле аласыздар.
Егер, қарапайым ән жанрында шы­ғарма жазу табиғи дарыны бар әуес­қой композитордың да қолынан келсе, ал, классикалық музыка тілімен және өмір­­дегі маңызды мәселелерді баяндай­тын ірі жанрдағы шығармалар жазу ком­­позиторлық дарыны бар адамның көп­теген жылдар бойы музыка ғылымын оқып және тәжірибе жинақтауын қажет етеді. Бетховен, Чайковский, Төлебаевтай ұлылардың бүкіл өмірін арнап жазған еңбектерін еш дайындығы жоқ адамның бірден ұға салуы мүмкін бе? Бұл – білім деңгейі төмен адамның (мысалы, 2-3-сы­нып оқушысының) М.Әуезовтың «Абай жолы» романын немесе А.Пушкиннің «Евгений Онегинін» түсіне алмайтыны сияқты мәселе. Бірақ, ол түсінбеді екен деп бұл шығармаларды «нашар дүниелер» демейміз ғой?! Ірі, күрделі мазмұнды әде­би, сондай-ақ музыкалық шығармаларды түсіне білу сана дайындығын қажет етеді. Дайындық туралы айтқанда, классикалық музыканы түсіну үшін міндетті түрде нота, музыкалық аспапта ойнай білу қа­жет деген ой тумау керек. Мысалы, классикалық терең ойлы музыканы тыңдап ләззат алатын әртүрлі мамандықтағы адамдарды білемін. Ал, керісінше, музыкалық арнайы оқу орындарын тәмамдай тұра парасатты классикалық музыкаға көңіл бөлмей, жеңілтек әндерге әуестіктен аса алмаған «мамандарды» да көргенбіз. Классикалық музыка «жеңілтек әуендердей» емес, ол шарап ішіп, әңгіме соғып отырып тыңдағанды көтермейді. Ең қажеті – алаңдамай, музыканы мұқият тыңдай білу. Мысалы, аталған «Абай жолы» романын оқи отыра біреумен сөйлесіп, көңіліңіз бөлініп тұрса, ол шығарманы дұрыс түсіне алар ма едіңіз? Классикалық музыка да осы сияқты. Айырмасы – әдеби шығарманың түсінбеген тұсын екі-үш қайтара оқуға болады, ал, музыкалық шығарма тоқтаусыз орындалып кетеді. Мұндай музыканы алғашқыда түсінудің ең жақсы жолы – күйтабағын тауып алып оңашада бірнеше рет тыңдау. Бірер күн тыңдаған соң жалықтыратын «жеңіл музыкадан» айырмасы – парасатты музыка тыңдалған сайын адамды баурауының арта, күшейе түсетіндігінде. Бұл – мұндай музыканың «тілінің» ерекшелігінен, ал, ірі жанрларды тыңдаған сайын әр аспаптың және әншілер партиясынан үнемі жаңалықтар табылып, адамды үздіксіз таңқалдыруынан да болады. Қандайда бір әдеби шығарманы адам бір рет оқып, мазмұнын білгеннен соң қайталап оқи бермейді ғой. Ал, классикалық музыкада мүлде басқаша – бір-екі тыңдағанда әуенді «ұстай алмай», ал, қайталап тыңдаған сайын шығарманың әр иіріміне бойлап, ақыры өмір бойына ғашық болып байланасыз.
Ресей империясындағы 1917 жылғы Қазан айындағы революциядан кейін Кеңес үкіметін мойындамаған жүздеген мың зиялы қауым өкілдері шет мемлекеттерге қоныс аударса, артынша жүр­гізілген «қызыл террор» қалғандарын да тым сиретті. Сөйтіп, Ресейде бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан парасатты музыканың тыңдаушыларының тамырына балта шабылған еді. Жұмысшы-шаруа үкіметінің «жаңа интеллигенциясының» басым көпшілігі театр есігін ашпағандар болды. Әйтсе де, социалистік жүйенің өміршеңдігін дәлелдеудің маңызды тәсілі ретінде Лениннің өзі бас болып елде өнер мекемелерінің жабылмай, дамытылуын қолдады. Бірақ, «Жақсы болса-ақ деп едік, тағы да әдеттегідей болып шықты» – деген орыстардың өз мақалындағыдай, «Әлемдегі ең әділетті мемлекет құрамыз» – деп «зұлымдық империясын» құрған коммунистер үкіметінің парасатты музыканы қолдау бағытындағы іс-әрекеттері де кері нәтиже берді. Өйткені, Орталықта да, отар «республикаларда» да музыкалық ірі жанрлардың пайда болуын жеделдету жұмыстары жүргізілгенмен халықтың тиісті дәрежеде музыкалық сауат алуы жолға қойылмады. КСРО мектептеріндегі оқу жүйесі «Жалпы білім беру» деліне тұра, әр пәнге талап әр түрлі болды. Мектепті бітіргеннен соң оқушылардың бәрі бірдей математик, физик болмайтынына қарамастан мұндай пәндерді оқыту талабы жоғары, ал, адамға өмір бойы рухани серік болатын музыка пәніне көзқарас мүлде төмен болды. Нәтижесінде, КСРО-да парасатты музыка тыңдармандары қалыптаспады, опера, симфония т.б.күрделі музыкалық жанрларға бұқара халықта «ақсүйектердің өнері» деген көзқарас өзгермей қала берді. Осы себептен шығар, классикалық музыканың адам өміріне маңызын түсіндірмекке әрекет жасаған КСРО кезіндегі өнер зерттеушілері өз мақалаларында оқырмандарын ә дегеннен үркітіп алмау үшін «классикалық музыка» деу орнына «серьезная музыка» деген сөзді қолдануды әдетке айналдырған. Біздің ел де сол жүйе қалыбынан шыққанын ескеріп мақаланың бірнеше тұсында «парасатты музыка» деген сөзді қолдандым. Сондықтан, бұл екі атаудың мағынасын бір деп есептеулеріңізге болады.
Негізінде, латын тіліндегі «классикус» сөзі «үлгілі, үлгі ретінде ұстанарлық» деген мағынаны білдіреді. «Классикалық му­зыка» деп жоғары көркемдік талғамға сай келетін, мазмұн тереңдігіне, идеялық мән-маңызға ие, формалық жетілген, адам сезімін баяндауда гуманистік-эстетикалық шеңбер ауқымында болатын және өзінің осы талаптарға сәйкес екенін уақыт сынымен дәлелдеген музыкалық шығармалар-ды атайды. Классикалық музыкаға тән байытылған тілмен жазылған шығарма ай­қын ұлттық сипатта болса-дағы оны өзге халықтар да қиындықсыз түсіне алады. 
Әдетте, адамға бір нәрсені «білмейсің» деп кемсітсең шамданады емес пе?! Таңқа­ларлық феномен – КСРО халқының басым көпшілігі классикалық музыканы түсінбейтіндігіне намыстану орнына, мақ­тан тұтты (Осы жағдай «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» фильмінде милиция қызметкерінің (В.Высоцкий ойнаған) опера мен балетті ажырата алмағандығы арқылы ұтымды көрсетілген). Сондықтан, мемлекет көлемінде халықтың музыкалық талғамы неше ғасыр бұрынғыдай тек қарапайым формадағы ән жанры деңгейінде қала берді. Бірақ, бұл ұлттың тамырын бекем ететін дәстүрлі ән емес, негізінен КСРО саяси-қоғамдық жүйесін мадақтайтын «солдафондық-патриоттық» әндер болды. Қазақ халқы да дәстүрлі терең филосо­фиялық әндерін осындай мазмұндағы және моторлы: марш, вальс, фокстрот сияқты «жаңа» ырғақтардағы әндермен алмастырды. Сөйтіп, халық әніндегі жеткен деңгейден жүгі төмен, әсіре, ұраншыл шығармаларға қарай ойыса берді. Ал, «тоқырау» аталған брежневтік кезеңнен бастап шетелдерден мүлде жеңілтек «туындылардың» енуі, оларды электрлі аспаптармен дыбысын күшейтіп орындау етек алды. Әрине, КСРО-да кейбір жекелеген өнер қайраткерлері мұндай «ойсыз, келеңсіз музыка арқылы халықты «зомби» етіп топастандыру буржуазиялық қоғамға ғана тән нәрсе» екендігі туралы айтып, бұған қарсы ағартушылық жұмыс жүргізіп көрді. Бір халықаралық конференцияда композитор Д.Б.Кабалевский: «Когда развлекательной музыки слишком много и тем более, конечно, когда она плохая, она обладает способностью отуплять сознание человека» – деген еді. Бірақ, КСРО үкіметі сөз жүзінде: «Буржуазиялық өнер» – деп сынағанымен, іс жүзінде өзі де халықты топастандыру, сондай-ақ, пайдакүнемдік мақсатта «тобырлық мәдениетті» жаппай насихаттауға ден қойған еді…
1969-1971 жылдары музыкадағы осын­­дай беталысты сынап, тосқауыл қоюға шақырып екі-үш мақала жазып, газеттерге ұсынғанымда редакторлар: «КСРО-да бәрі тамаша ғой!» – деп, жариялаудан бас тартқан соң, композитор Ж. Дәстеновтың кеңесімен Алматы облысы атқару комитетіндегі басшы адамға да жолыққаным бар. Жасы егделеу әлгі адам сөзімді тыңдап, әлі жас екендігімді, есейе келе сабама түсетіндігімді айтып шығарып салғаны есімде (Бірақ, ол кісі қателесіп, қырық жылдан кейін мен де «сабама түспей», музыкадағы мәселе де мүлде асқынып, міне, қолыма қайта қалам алғызып отыр). Ал, адамға қажет, шынайы музыка туралы мағлұмат берсем деп сол жылдары бірқатар оқу орындарында тегін лекциялар өткізгенімде оқытушылар мен шәкірттерді жинауда Л.Бетховеннің №23 фортепианолық сонатасы («Аппассионата») жайында КСРО-ның бас көсемі В. Лениннің: «Адам құ­діреті осындай музыканы туғызғанын көргеніңде өзіңнің де адам екендігіңді мақтан тұтасың» деген сөздерін естеріне салып, сес жасауға да тура келетін…
Сөйтіп, парасатты музыканы қорғауда өзіме пікірлес таппай жүргенімде, 1972 жылдың көктемінде болған Қазақстан Композиторлар одағының пленумында одақ төрағасы Е.Рахмадиев: «Классикалық музыка концерттерінде залдар бос тұрса, ал, «Дос-Мұқасан» ансамблінің коцерттеріне жұрт жапатармағай баруда» – деген сөзді ренішпен айтқанын естідім. Пленумға қатысушы одақ мүшелері, ұстазымыз ертіп әкелген бір топ студент – біз де көкейіміздегіні тап басқандай қол шапалақтадық. Бірақ, әлгі мәселе сол «реніштен» әріге өрбімей қалған. Сондықтан, 1974 жылдың көктемінде осы одақтың сиезіне «Елімізде классикалық музыкаға көзқарасты оңалту жолдары» туралы баяндама дайындап Сарқан қаласынан Алматыға келген едім. Сөзімнің тоқ етер мазмұны: – «Композиторларымыз тек шығарма жазып, қаламақы алу мәселесін ғана ойламай, өз шығармаларын түсінерлік деңгейі бар тыңдаушы қауымды дайындауға атсалысулары керектігін, бұл үшін жалпы білім беретін мектептерде музыка пәнін тек: «Ал, келіңдер, ән салайық» деу деңгейінен көтеріп, пәннің бағдарламасын күрделендіріп, ар­найы оқулықтар шығарып, талапты күшейтіп, оқушылар ауқымды білім алып шығатын дәрежеге жеткізу қажеттігі»… туралы еді. Бірақ, сөйлеу үшін кезекке жазылғаныммен, мені жассынған болар, сиез төралқасында отырған композиторлар Е.Рахмадиев пен С.Мұхамеджанов бір-бірімен күбірлескеннен соң, маған сөз бермеген. Егер, сол сиездерінде Композиторлар одағы ұсынысымды тыңдап, музыкадағы жағдайды, тыңдаушылар дайындау мәселесін қолға алып, пәрменді жұмыстар жүргізгенде, мүмкін бүгінде «Операда он адам, симфонияда сегіз адам» деген сияқты пікірлер айтылмас па еді?! Адамның парасаттылығын арттырар музыкаға қарсы «антимәдениет» саясатын жүргізу үшін «Битлз», т.б. көше әуесқойларының топтарын арнайы қаржыландырып, насихаттаушы «Әлемдік билікті» мақсат етуші алпауыттар екені бүгіндері анықталып отыр. Алматыдағы Көктөбеге барар жолда «Битлз» тобына ескерткіш қоюшы қазақ қалталылары осынау «антимәдениеттік әуендерден» нәр алып өскен ұрпақ өкілдері болар. Әрине, қазір де парасатты музыканың тыңдармандары жоқ емес. Кейінгі жылдары опера театры мен симфониялық концерттерде негізінен жас тыңдаушылардың көбейгені байқалады. Әйтсе де, егер ежелден: «Музыка – адамды биік сезімдерге жетелер, ой-санасын, мәдениетін өсіретін өнер» – деп бағаланған болса, ал соңғы кездері музыка өнеріне «еліріп, көңіл алдарқатар ермек» (развлечение) –деген теріс көзқарастың тым белең алуы көңіл қобалжытар мәселе болып отыр.
«Есер әндер» тұтқынында 
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдағанның құлағын кесері бар» – деп Абай өлеңінде айтылғандай, өмірдегі жақсы мен жаманның мәңгі күресі, өкінішке қарай, адам сезімінің тілі – музыка өнеріне де «жұғысты» болып шықты. Егер, ойлы, сазды музыка адам сезімін ізгілікке тәрбиелесе, ал, даңғаза, жиілетілген ритмдер арқылы адам психикасына кері әсер етіп, делебесін қоздырып, еліртіп транс жағдайына жеткізуге болады (Транс-гипноз әсерінен есінен айрылу, өзін басқара алмай қалу). Адамдардың музыкалық дыбыстар немесе тек ритмдер арқылы да трансқа түсу күйі бұрындары, мешеу қалған тағы халықтардың ғұрыптық билерінен (құрбандық шаларда, т.б. мақ­саттарда экстазға енуі), бақсылардың зікірінен көрінсе, ал, қазіргі заманда трансқа жетеғабыл «ритмге қимылдау медитациясы» арқылы дискотека аталатын жиындарда қолданылып жүргенін көрудеміз. Ритм­дер адамды неліктен трансқа түсіреді, жастарды неліктен шулы дискотекалар қызықтырады? Эстрадалық музыкадағы (Эстрада – француз сөзі, қазақшаласақ: «тақтайдан жасалған орын») ритм соғу жиілігі минутына 120-дан тұрады. Ал, мұндай ритмдік тербеліс төртінші омыртқасының тұсында орналасқан сексуалдық орталықты активтендіру арқылы адам организмінен эндорфин аталатын наркотик түзіп шығарады екен. Әрине, әлгіндей ритмдерді тыңдап «дәніккен» жандар темекі, алкоголь, наркотик аңсаушылардай, үнемі осындай ритм­дер ойналып тұруын қажет етеді. Сезімін тербетіп, қиялына еркіндік беретін музыкадан ондайлар «қожасының бостандыққа жіберуінен қорқатын құлша қорқып», тек бірыңғай ритммен бас­тан тоқпақтап, бір соқпақтан шығармай айдағанды қалайды. Адамға ой салар парасат­ты музыка тың­дамақ түгіл, олар жай тыныштықтың өзіне шыдай алмай, сәл ойланудан басы қатып, жылдамырақ наркотик түзетін ритмін ырылдатып қоюға асығатын дыбыс тұтқынына (аудио зависимость) айналып, манияктық кеселге душар бо­лады. Ал, бұған қазір техникалық мүм­кін­дік жеткілікті. Әлгіндей ритмдерге қоса дыбыс күшейткіштердің де адам ағзасына күйретушілік әсері зор екен. Мәскеу мемлекеттік университетінің акус­тика кафедрасында адам психосферасына агрессивті музыка үлгілеріне жүргізілген зерттеулер нәтижесі мынаны анықтаған. Мысалы, «Дип Пепл» композициясының жиілігі 2-4 Гц аралығындағы ритмі, оған 40-50 Дб дыбыс күші қосылғанда адамды өзін-өзі бақылай алмайтын күйге түсірген. Ал, жүйке ауруына икем жандар әлгідей «музыканы» 2-3 рет тыңдағаннан соң-ақ жағдайы асқынып кеткен. Шулы дыбыстар мен гармониялық үйлесімі жоқ диссонанстардың музыкалық шығармада қолданылуы да адам жүйкесін зақымдап, қанында адреналинді күрт көтерумен бірге қарын мен төс қуысы тканьдарын зақымдап, бірте-бірте талқандайды. Мұндай дыбыстар жануарлардың ми функцияларын ыдыратып, күйзеліске ұшыратады екен («Я собственник, покупатель» газеті, 13.02.2004 ж.). Бір таңқаларлығы, адамның денсаулығына осыншама ауыр зақым келтіретін нәрсе «жеңіл музыка» деп аталып келеді! Ал, шын мәніндегі «жеңіл музыка» дегеніміз не?! 
Адамдардың өмірде топтасып мереке өткізетін кездерінде де музыка оның серігі бо-лып қала береді. Бірақ, ойлы, философиялық шығарманы әсерленіп, мазмұнын қалт жібер-мей тыңдау көпшілік жиылып шұрқырасып әңгіме-дүкен құрған, арылы-берілі қозғалыс-тар жағдайында мүмкін емес. Сондықтан, думанды шаралар кезінде қолдану үшін аса мұқият тыңдауды қажет етпейтін, өлшемі, екпіні бір қалыпты, көлемі шағын, формасы қарапайым «жеңіл» музыкалық шығармалар да бар. Халық музыкасында бұл – мәтінінің мазмұны санаға салмақ салмайтын көңілді, әзіл, ал, әуенінің екпіні жүрдек ән түрінде қалыптасты. Сондай-ақ, өлшемі мен екпіні тұрақты «моторлы» орындалатын әуендер билеу үшін қолданылды. Мұндай шығармалар да эстетикалық жүгі бар, халықтың өмір салтын баяндап, бейнелейтін ұлттық сипатта болды. Италияда мазмұны салмақты, көлемі ауқымды опера жанры пайда болғаннан кейін қоғамдағы келеңсіздіктерді әжуа ететін уытты әзіл әндер негізінде комедиялық «Буффа-операсы», 19-ғасыр ортасында оперетта жанры, ал би, пантомима өнерінен 18-ғасырда музыкалық-хореографиялық драма – Балет жанры өмірге келді. Әуенінің өлшемі мен тональдығы сирек ауысатын, екпіні жылдам, көңілді шығармалар симфониялық оркестрдің де орындауында көптеп кездеседі. Сондықтан, кей кездері парасатты және жеңіл музыканың шекарасы байқалмай қалатын да жағдайлар аз емес. Мысалы, И.Брамстың «Венгр билері», И.Штраустың вальстері, Ж.Бизенің «Арлезианка» драмасына «Фарандола», Ф. Мендельсонның «Үйлену тойы маршы» немесе №3-симфония-сының жайдары 2-ші бөлімін «жеңіл емес» деп қалай айта аламыз? Ал Л.Бетховеннің №7-симфониясы жеңіл, би өлшемді әуендері мол болғандықтан «Би симфониясы» деген атқа ие болған. Жарайды, халықтық тамырдан шыққан жеңіл музыка осылайша күрделеніп даму бағытында болса, қазіргі «жеңіл музыка» деп жүргеніміз қалай пайда болды?!» – деген заңды сұрақ туады.
Адам өз бойында жинақталатын артық эмоциялық энергиядан әр түрлі жолдармен – өзінің сана, мәдениеті деңгейіне қарай арылып, жеңілдейді екен. Бір адамдар табиғатта серуендеп, музейлер мен театрға, киноға барып демалса, біреулер сылқиып араққа тойып жанжалдасып, ес-түссіз құлап «демалады». Енді бір адамдар жақсы кітап оқып, шахмат ойнап, опера, симфония тыңдап интеллектуалдық тұрғыда өсе отыра тазарып «демалса», өзге біреулер спорттың дене күшін қажет ететін түрімен айналысып немесе билеп энергиясынан арылуға тырысады. Қазіргі заман дискотекасына барабар, дене күшін жұмсап эмоция шығару арқылы «демалу» медитациясы, меніңше, адамдар арасында ежелден орын алған. Мұндай әрекеттерін тағы халықтар өз құдайларына құлшылық ретінде жасаса, өркениеті бар елдер саналатын «көпқұдайлы» көне Грекия мен Римде де шарап және сауық-сайран құдайы Вакхтың (Бахус, Дионис) құрметіне оргия, вакханалия аталған мерекелер өткізілген («Оргия, вакханалия – әдепсіздікпен, жүгенсіздікпен жасалатын жын-ойнақ, кеш, думан», Орысша-Қазақша сөздік,1981 ж.). Бұл елдерде христиан дінінің тарауына орай мұндай мерекелердің өткізілуіне шіркеу тыйым салған еді. Сондықтан, «атлантика-лық мәдениетті» осы халықтардың да «би қимылдары» тұрпайылығынан арылып, эстетикалық міндет атқаратын өнер түріне айналған. Бірақ, шарап ішу күнә саналмайтын Европа елдерінде феодалдық-ақсүйектік дәстүр бұзылып, қоғамға ықпал ету тізгіні түрлі жолдармен байыған буржуазияға көшіп, шіркеудің пәрмені кеміген ХІХ-ғасырдың ортасына қарай тексіз қалталылардың тал­ғам-талабына орай әдепсіз «шайтани» билер, оларды сүйемелдейтін даңғаза «му­зы­калар» пайда бола бастайды. Музыка мен бидің кері кетуі, әсіресе, Париж кафешантондарындағы шансонеткалардың әдепсіз дене қимылдарын жасай отырып орындайтын рухани азғындықты насихаттайтын бейпілауыз репертуарынан басталды деуге болады. Жақсы музыка – ұлағатты сөз сияқты, оны түсініп, қабылдауға парасаттылық қажет. Ал жаман әуен, есер ән – бейпіл, балағат сөздей, құлақты тез былғап, ызыңдап тұрып алады.
1870-80 жылдарда капиталистік бағытта біршама жылжыған Ресейде де эстрадалық концерттер бағдарламасы сыған әуендері араласқан, мазмұны жұтаң жылаңқы романстар мен жүгенсіз шарапханалық дырду әндерден құрыла бастайды. ЖЕП (НЭП) кезінде қоғамды парықсыз әндердің был­ғап өткенін есептемесек, негізінен, КСРО-да 1960 жылдарға шейін бейәдеп музыка тежелініп, бұл «олқылық» тота­литарлық үкіметтің саясатын мадақ-тайтын әндермен толтырылғанын жо­ғарыда айттық. Ал, «тоқырау кезеңінде» өз қалталарын толтыру қамымен жүрген Компартия шенеуніктері халықтың музыкалық тәрбиесін ойлап бас қатыр­мады. Егер, ХІХ-ғасырдың басынан Европа композиторлары вокалдық шы­ғар­маларында мәтін мазмұнын әуен мен аспаптық сүйемел арқылы ашу, толықтыру жолында еңбектенген болса, ал, ендігі әндерде керісінше, ол бірлік мүлде бұзылды. Мысалы, 1960-1980 жылдарда мәтіні махаббат мұңы, т.б. лирикалық әуенді әндер көп шығарылды. Бірақ, электрлі, дабылды аспаптардан тұратын жеңілтек сүйемелдің бірқалыпты тарсыл-гүрсілі ән мәтініндегі мұңды жалған, адамның емес, қуыршақтың мұңы туралы айтылып жатқандай сенімсіз ететін. Ф.Шопен өзінің «Жас пианистерге кеңес» атты методикалық нұсқауында: «Фортепиано педалін жақсылап қолдануды өмір бойы үйрену керек», – дейді. Өйткені, парасатты музыкалық шығармаларды орындағанда әуен дыбыстарын толқын іспетті – бірде ақырындатып, бірде күшейтіп әр алуан динамикалық кейіптер арқылы адам сезіміне жеткізуге зор маңыз беріледі.Табиғи музыкалық аспаптарда орындаушылар әр дыбысқа өзінің шынайы сезімін салып «тірі үн» шығарып ойнайды. Ал, саусақ тиісімен барлық тетіктері бір деңгейдегі үн шығаратын механикалық мотор іспетті электрлі аспаптарда орындаушы сезімін салып динамикалық нәзік иірімдер жасай алмақ емес. «Музыка – адам сезімінің тілі» десек, бір сарында және қатты орындалған еш сезімсіз нәрсені музыка деуге болмайды. Бұл – кәдімгі автокөлік, ұшақ, я басқа да техникалық мотордың үнін тыңдағанмен бірдей шулы дыбыстар ғана. Оркестрдің білгірі, композитор Н.Римский-Корсаков өзінің «Оркестрлеу негіздері» атты трактатында дабылды аспаптарды шектеп қолдану керектігін айтса, ал, қазіргі «жеңіл музыка» бастан-аяқ осындай, бір сарынды тарсыл-гүрсіл физикалық (музыкалық емес) дыбыстарға толы. Өткенде, әрі дос, әрі аға болған Әсет Бейсеуовты еске алу концертіне барып, өзім ұнататын «Күткенде» әні қашан орындалар екен деп отырсам, «жаңа аранжировка» жасап орындап азан-қазан тарсылдата жөнелгенде құлақты басуға тура келген. Осындай даңғаза электрлі аспаптардың делебе қоздырар ию-қию, салдыр-гүлдір эффектілерімен көлегейлеу арқылы әуені де, мәтін мазмұны да жұтаң әндер жұртшылықтың рухани талғамын көп жылдардан бері «тәрбиелеуде». Мұндай «музыкада» адами сезімге орын жоқ. Жалпы, музыка күрделі я жеңіл болсын – өнер ретіндегі оның атқарар міндеті адамның мәдениетін өсіру болуға тиіс десек, ал, қазіргі дискотека, концерт, үнтаспалардан төгілген ритмдер «адамдарды мәдениетке тәрбиелеуде» деп айта аламыз ба? Баяғыдағы оргия, вакханалияларды, сондай-ақ, кейбір діни секталар «зікір» деп атап, шын мәнісінде дінге жат, трансқа түсушілікті ешқашан, ешкім «би, музыка» деп атамаған ғой!..
Адам өз ойын айтып сөйлегенде дауысы бірде күшейіп, бірде бәсеңдеп отырады емес пе. Классикалық музыка да осы заңдылыққа құрылып әр иірімі түрлі сезімдік нюанстарын беруді мақсат етеді Ал, егер, адам бастан-аяқ қатты айқайлап сөйлесе оны кім тыңдап, түсінбек?! Дұрыс айтасыз. Оны тек құлағы мүлде естімейтін керең ғана «тыңдайды». Сондықтан, әуені болса да тым қатты тарсылмен сүйемелденген әнді де ешкім тыңдамайды. Байқар болсақ, дискотекашылдар да не орындалып жатқанын тыңдау үшін емес, өздері шыңғырып, ысқырып, шайқалып медитация немесе одан әрі трансқа ену әлегімен әуре. Егер, ойналып жатқанды «музыка» деп есептесе шуламай тыңдар еді ғой?! Ал, 1970 жылдардан беріде би өнеріне тән белгілі қозғалыс тәртіптері жоғалып, әркім өз білгенін-ше қыбырлап-жыбырлайтын «қазіргі заман биін» би өнерінің қай жанрына жатқызамыз?! Иә, қазіргі би кештеріндегі қимылдармен салыстырсақ Ш.Гуноның «Фауст» операсындағы «Вальпургиева түні» атты балет қойылымындағы жын-перілер вакханалиясы періштелердің бейкүнә ойынындай көрінеді екен… Баяғыда оргияға, зікірге қатысушылар медитация, транс күйге Құдайға бағыштап түстік деп сенген ғой. Ал, қазіргі атеистер зікірі ше?.. Наркологтардың зерттеуінше рок-музыканттардың 80 пайызы наркотик қолданады екен («Я собст.покуп» 10.11.2006 ж.). Наркотиктерді тарататын ең қолайлы орта – дискотекалар екені, наркотик саудасын қыздыру үшін әлгіндей «елірме ән-әуендер» наркобарондардың арнайы тапсырысымен шығарылатыны айтылып жүр.   
Меніңше, аузында Құдай емес, наркотик барлардың қазіргі дискотекасын «би» деп атамай «шайтани зікір» деп, ал, сексуалдықты оятар эндорфин наркотигін түздіретін ритмдерін «жеңіл музыка» демей, өз атымен – «порно-ритмдер» (немесе «порно-музыка») деп атаған жөн. Дін жолына бет бұрған жастар мұндай ритмдері ми, жүйке түкпірлерін қытықтап эндорфин наркотигін түзілдіретін дискотекаларға барса дәреті бұзылатынын ескерсе дер едім. Бірақ, қазіргі күні бүкіл елімізде мағыналы ой ойламау үшін «зомбилайтын» есірткілі есірік ритмдерден қашып құтылар жер қалмай отыр. Арнайы тыңдағың келмесе де: көшеде, автокөлікте, үйіңдегі теледидардан да жарнама, ауа райын хабарлаған, т.б. сәттерде қақпанына түсіреді. «Той дегенде қу бас домалайды» дейтін тойшыл қазақ едік, қазір жасы алпысқа қараған адамдар, тойға барудан қашатын болды. Денсаулығы әлі бұзыла қоймаған және эндорфині жылдам түзілетін, трансқа енуді мақсат еткен жастар жағы әлгіндей ритмдер мен дыбыс күшіне шыдар. Ал, ересек адамдарда талғам да, денсаулық та өзгеше және тойға «зікірге берілу» мақсатымен бармағандықтан ағзасы зомбилануға қарсылық реакциясын туғызатындықтан ауырып қалатын болу керек. Ұлы Л.Толстой кезінде Ресей үкіметіне: «Музыка – это государственное дело. И разве можно допустить, чтобы каждый, кто хочет, гипнотизировал другого?..» – деп жазған еді. Шынында да, өз-өзін наркоман ететіндерді үкімет жазалайды да, ал, өзгелерді әлгіндей «шайтани ритмдер» арқылы көліктерде, көшеде, демалыс үйлерінде, той-мерекелерде, әскери бөлімдерде, бас бостандығынан айыру колонияларында, т.б. жерлерде еріксіз «эндорфин шығаруға» мәжбүрлеушілікке еш шара қолданбай, көз жұматыны қалай?! Адамға Алладан ми ойлау үшін берілсе, әлгіндей «музыкалар» арқылы ойланбауға зомбилау – оны адамшылықтан шығарып, ой-санасыз айуан қатарына түсіру әрекеті емес пе? Дыбыс арқылы адамды есінен ауыстыратын барлау мекемелеріндегі «музы­калық қорап» бөлмелері жайында, контузия ауруы туралы көпшілік хабардар шығар? 
Адамның, жалпы, басқа да тірі орга­низмдердің «шайтани музыкадан» нелік­тен ауыратынын жапон ғалымы Ямото Масара зерттеп, анықтаған. Ол дыбыс динамиктерінің арасына су құйылған бірнеше ыдысты қойып, әр түрлі музыканы ойнатқан. Одан соң ыдыстардағы суларды мұз қылып қатырып, фотосуретке ірі етіп түсірген. Нәтижесінде, Бах, Моцарт, Шопен музыкаларын «тыңдаған» судың мұзы әдемі гүлдер іспеттес кристалдар (тау бұлағы суымен бірдей) болып қатса, ал рок музыка «тыңдаған» сулардың мұзы бей-берекет (хаос) алабажақ шимай (қала ішімен аққан судыкіндей) болып қатқан екен. Адам денесінің 85 пайызы судан тұратынын ескерсек, тойларда, т.б. жерлердегі дүңкілдеген «музыканың» біз­ге қалайша әсер ететіні, неліктен ауру қылатыны түсінікті болады (Сондықтан, суды ішерден бұрын классикалық музыканы «тыңдатып» зарядтап алған денсаулыққа пайдалы болмақ).
Бастау тамырын шарапханалардағы дырду әндерден алған қазіргі бәдік «музыкаға» музыкалық есту қабілеті мен талғамы төмен жандар төзімдірек келеді. Ал, музыкалық қабілеті жақсы және шынайы музыканың қандай болатынын білетін талғамы бар адамдар мұндай «музыкадан» ауырып қалады. Олар үшін мұндай, мазмұны жұтаң, қарабайыр «шарапханалық  ән-әуенін» тыңдау – балағат естігендей қорлану сезімін туғызады. Мұндай «әндердің» орындаушылары да ежелден әншілік дауыс туралы қалыптасқан ұғымға, өлшемге мүлде кереғар бағыт ұстанғандықтан әнді неғұрлым эстетикалық емес, қырылдаған, ырылдаған дауыспен, көшедегі әлдекімдердің деңгейінде орындауды жетістік санайды. Олар сахнада қиқулап жын-ойнақ салуымен қоймай, тыңдарманды да балабақшадағы миы толмаған сәбилерге балағандай, өз ритмдеріне қол шапалақтауға итермелеп, зікіріне еріксіз тартуға тырысады… Ал, соңғы жылдарда адамзаттың ән жанрындағы құлдырауының «жетістігі» – әншілік дауысты мүлде қажет етпейтін, әуенсіз «рэп» деген жанрдың пайда болуы.
Иә. Өнердің реалистік бағытта дамуы тоқыратылған сәттен рухани деградация етек алады. Бүгінде рухани нәрін рэптен алып жүрген қоғам, енді, он жылда қандай тығырыққа қадам жасар екен?! Осы орайда тарих ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Нәзира Нұртазинаның: «Толыққанды жүйе ретінде жұмыс істеп, жемісті болу үшін мәдениеттің тамыры, тірегі дінде болуы шарт. Әйтпесе, зайырлану үрдісі күшейе келе, ақыры ол мәдениетті міндетті түр­­де дағдарысқа, құлдырауға әкеп ті­рейді (себебі, мәдениет этикадан ажырайды). Діннен нәр алмаған мәдениет эрзац-мәдениетке, көзбояушылыққа, зиянды шығармашылыққа айналады» – деген сөздерін келтірсек болады. Өкінішке қарай, мұндай жағдай тек деградацияға ұшыраған «жеңіл музыкаға» (әнге) немесе даңғаза, шумен сүйемелденетін «денешынықтыруға» айналған би өнеріне ғана қатысты емес, өздерін бұл «дилетанттарға» әсте қоспайтын, музыкада «жаңа заман тілін жасаушымыз» деп есептейтін, музы­калық арнайы білім алған «авангардшыл», «модернистік» ағымдардағы (экспрессионистік, т.б.формалистік ба­ғыт­тағы) композиторларға да қатысы бар. Өздеріне дейінгі Моцарт, Бетховен, Чайковский, т.б. ұстанған реалистік бағытты «ескірген, примитив» деп санайтын ХХ-ғасырдың басынан пайда болған модернистердің «музыкалық щығармаларын» бейнелеу өнеріндегі П.Пикассоның және одан да «асып кеткен» суретшілердің «туындыларымен» салыстырса болғандай. Гармониясы бас-тан-аяқ үйлесімсіз ащы диссонанстардан немесе музыкалық емес «табиғи» дыбыс­тардан тұратын, эстетика шегінен шығып кеткен шығармаларын ақтау мақсатында мұндай композиторлар оларға түрлі қор­қынышты атаулар (дүниежүзілік соғыс, фашистік концлагерь, пойыз, үлкен қа­ладағы автокөліктер шуылы, т.с.с.) қояды. Батыс елдеріндегі А.Шенберг, П.Хиндемит, И.Шиллинг дегендер: додекафония, хроматикалық,музыкалық композиция сияқты музыка шығарудың дайын, композиторлық дарынды керек етпейтін рецептерін ойлап тауып, насихаттады. Мұндай «шығармаларын» кейбірі симфониялық оркестрді қорлап, музыкалық емес, физикалық дыбыстар шығаруға (виолончель немесе контрабас аспаптарының қорабын тарсылдату, т.с.с.) пайдаланса, енді біреулері нотасыз, музыкалық аспаптарсыз-ақ музыкалық дыбыстардан өзге, «табиғатта бар» дыбыстарды пайдаланатын «Конкреттік музыка» атты жанр ойлап тапты. Ол үшін үнтаспаға автокөлік сигналы, баланың жылағаны, арыстанның ырылы, теңіз шуылы, балта тарсылы, т.с.с. дыбыстар жеке-жеке жазып алынып, артынша барлығын монтаждап қосу арқылы «шығарма» жасалынды. Бір ескерерлік жағдай – егер авангардист суретшілер идеясы «табиғатта бар нәрселерді фотография сияқты бұлжытпай бейнелеуден қашу, өмірде жоқ формаларды қиялымен тауып бейнелеуге» саятын болса, ал, музыкалық дыбыстар онсыз да табиғаттағы дайын дыбыстар болған емес, адам музыкалық аспаптарды жасағаннан кейін ғана «музыкалық дыбыстар» өмірге келген. Сондықтан, суретші «авангардистер» өмірде бар нәрсені емес, қиялындағыны бейнелеуді «нағыз творчество» десе, ал, музыкадағы авангардистердің әлгі ағымы керісінше, қиялымен музыка туғызуды қойып, табиғаттағы дайын физикалық дыбыстарды пайдаланып «жаңашылмыз» деуде!
Қазақстанда А.Жұбанов, М.Төлебаев, С.Мұхамеджанов сияқты композиторлардың шығармаларын «примитив» деп есептейтін өз модернистеріміз Алматы консерваториясы студенттерінің арасында 1970-ші жылдардың басында пайда болды-ау деймін. Бірақ, осы консерваторияның композиторлық бөлімін содан бергі 30-жылдан астам уақыт ішінде жүзге тарта шәкірт тәмамдағанымен, еліміздегі ірі мерекелерде үнемі М.Төлебаевтің 1946 жылы шығарған «Біржан-Сара» операсынан «Би» орындалуда! Өйткені, өздері және сту-денттік ортадағы таныстарынан тұратын шағын топ қана тыңдап, талқылайтын «жа­ңашыл» композиторлардың бастан-аяқ диссонанстарға толы, адам жүйкесіне эксперимент тәрізді шығармалары кейбір кино немесе театрлық қойылымдарда шулы эффекттер үшін пайдаланбаса, эстетикалық ләззат алып тыңдауға мүлде жарамайтын дүниелер. 1980-жылдардың басында осы консерваторияның концерттік залында Композиторлар одағының кезекті бір пленумына ұсынылған жаңа симфониялық шығармалар концертіне барған едім. «Қолтаңбалары» бірдей үш-төрт авангардист композитордың шығармасын тыңдағаннан кейін төзімім таусылып, залдан шығып кеттім. Менен бұрын шығып дәлізде тұрған композитор Сыдық Мұхамеджановтың жанынан өте бере: «Өңшең жүйкесі ауыратындардың шығармалары ғой мынау!» – дедім ренішімді жасыра алмай. Ол кісі басын изеп, сөзімді мақұлдап: «Осы музыкалар жайлы ойыңызды газеттерге жазбайсыз ба?!» –деді. «Ой, аға, сынаған пікірді газеттер жарияламайды ғой және менің ешқандай атағым да жоқ, өзіңіз жазғаныңыз жөн болар еді», – дегенмін. Бірақ, ол кісі жазған жағдайда оны «музыкадағы жаңа бағытты түсінбейді!» деп талай жерге апарар еді. Міне, ширек ғасырдан кейін «модернистер музыкасы» жайын бәрібір жазып, жұртшылыққа жеткізу арқылы ұлттық музыкамызға өлшеусіз еңбек сіңірген Сыдық ағамыздың сол аманатын орындаған сияқтымын.
Белгілі француз композиторы Г.Берлиоз өзінің «Қазіргі кезең аспаптануы мен оркестрлеу туралы үлкен трактат» атты еңбегінде: «Среди людей, считавших себя знатоками, принято стало презирать всякое сочинение с простой, мягкой, ясной, благозвучной, естественной гармонией. Музыканты эти пристрастились к диссонирующим аккордам как некоторые животные к соли, к возбуждающим рас­тениям, к колючему кустарнику… Тот-час же родился новый вид педантизма: находились люди, которые считали для себя зазорным модулировать в доминанту и мило резвились, порхая в пустячном рондо из до-мажора в фа-диез мажор» – деп жазғанына қарағанда музыка өнерінде асыра сілтейтін түрлі даңғой «авангардист-жаңашылдар» әр дәуірде болып тұрған сыңайлы. Жалпы, музыкалық шығармаларында композиторлардың табиғи дыбыстарға еліктеуі, өткір диссонанстарды қолдануы бұрыннан бар көркемдік тәсіл. Тек шын дарын иелері мұны эстетикалық шектен шықпай, анайылыққа бармай-ақ қолданған. Мысалы, француз композиторы К.Сен-Санс «Хайуанаттар карнавалы» атты симфониялық оркестрге арналған 14 пьесадан тұратын сюитасында түрлі хайуанаттардың дауыстарын, қимыл-әрекеттерін музыкамен бейнелеген. М.Мусоргскийдің «Көрмедегі суреттер» циклындағы «Шібилердің жұмыртқадан шығу биі» пьесасы да осындай. Ол «Борис Годунов» операсында шіркеу қоңырауларының азан-қазан дауысын симфониялық оркестрмен-ақ шебер бере білген. Шығармаларында диссонанстарды молырақ қолдануды ұнататын композитор досым Жолан Дәстенов бірде үйіме келгенде М.Балакиревтің 1869 жылы шығарған «Исламей» атты шығармасының күйтабағын тыңдатқанымда ол: «Иә, вполне современно звучит!» – деген еді. Ал, Г. Берлиоздың 1830 жылы жазылған «Фантастикалық симфониясындағы» диссонанстар мен Р.Штраустың «Дон Кихот» симфониялық вариацияларындағы оркестрдің қойлардың маңырағанын келтіруі ше?! Мәселе не нәрсені де орнымен, мөлшермен қолдануда ғой…
Біздегі «жаңашылдардың» бірталайы­ның тығырыққа тіреліп, адам жүйкесіне ащы дыбыстармен тәжірибе жасайтын шығармаларын қойып, ақыры «жеңіл музыкадан» пана тапқандарын білемін. Әрине, жұрт білмейтін шағын «авангардистер» тобының еліміздегі музыкалық ахуалға әсері жоқтың қасы. Халық са­на­­сына, денсаулығына нағыз алапат диверсия әлгі, зиянды «порноритмдер» арқылы жасалуда. Дегенмен, күрделі жанрдағы музыкамыз дұрыс жолмен дамуы үшін оны да арамшөптен тазалап – консерваторияның композиторлық бөлімінде көп жылдан бері орын алған «авангардтық» түрлі «измдер»-мен ұлттық тамырсыз, эстетикалық құнсыз «музыка» шығаруға бағытталған оқу жүйесін өзгерткен жөн.

Кім екеніңді музыкаң айтады
Композиторлар қауымында: «Музы­калық шығармаңды есітіп, өзіңнің қандай адам екеніңді айтып бере аламын» – деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Мұны кез келген адамға қаратып: «Қандай музыка тыңдайтыныңды айт – мен сенің қандай адам екеніңді айтып берейін», – деуге де болады. Сондай-ақ, кез келген мемлекеттің үкіметінің өз елінде қандай музыканы (өнерді) насихаттайтынына қарап-ақ халқына қан­дай пиғылды саясат ұстанып отырғанын біле аламыз. Рас, ҚР Мәдениет туралы заңында, өзге де бағдарламаларда елімізде классикалық және халық музыкасын жан-жақты насихаттау жайлы көп айтылады. Бірақ, елдегі ахуалды қарасақ, керісінше, бағдарламада жоқ бола тұра әлгі «жеңілтек музыка» ғана аса қарқынды насихатталынып, күллі қоғамды жаулап алғанын көреміз.Бұл – арнайы егіп, баптамай-ақ егістікті басып кететін арамшөпке тән құбылыс. Бірақ, адам өзіне қажет егінді өсіріп, өнім алу үшін арамшөпті бетімен қаулатып жібермей отап, дәрілеп күрес жүргізбейтін бе еді?! Ал, біз тек заң шығарумен «істі тындырып», арамшөппен күреспей-ақ егін алғымыз келеді! Әлем халқының үштен бірін құрайтын мұсылман елдеріндегі жастар порно-музыка тыңдамай-ақ, дискотекаларда «шайтани зікір» ойнамай-ақ өмір сүріп жатқанын қаперіне де алмай, үлгі ретінде тек «Батысты» пір тұтатын жұрағатымыз бұл мәселеде тағы да сол елдерді мысалға тартар. Бірақ, анық «батысшыл» болса, неге олардың тек бас­тауын шарапханалардан алған порно-му­зыкасымен ғана әуестеніп, ал, осы елдерде пайда болып, таралған классикалық музыканы неге білгісі келмейді?! Мәселе, әр кімнің өз өресінің деңгейіне байланыс­ты десек, біздің қоғамның өресінің жеткен жері – Батыстың шығарып тастаған қоқысына құмарлық па?! 
Шарапханалардан сахна төріне шығып кеткен «порно-музыка» туралы Кеңес үкіметі: «Бұл тек буржуазиялық қоғамға ғана тән нәрсе», деуші еді. Ал, шын мәнісінде, сол елдерде халықтың парасатты музыкаға құрметі Кеңестік елдердегіден әлде қайда жоғары екеніне шет елдерге барғанда куә болдық. Мысалы, егер Алматыдағы Опера және балет театрына кіру бағасы 200-1500 теңге аралығында болса да адам аз барады. Ал, Римде операға кіру бағасы бір адамға 145 доллар және билеті бір жыл бұрын сатылып кетеді екен. Ал, симфониялық музыка концертіне кіру бағасы бізде 500 теңге болса, 1994 жылы АҚШ-тың шеткері бір штаты Минесотыдағы Минеаполис қаласында болғанымда симфониялық музыка концертіне бағасы 33 долларға алған билетімнің түбіртегі өзімде әлі сақтаулы. Сол концерт өткен үлкен залда бос орын болмағаны есімде. Ал, Лондонда болған танысым симфониялық концертке билетті 134 долл.алған. Қазақстанға келген Нью-Йорк камералық оркестрінің скрипкашысы Ю.Вальдман өзінің концертіне билет құны 20-50 доллар аралығында екенін, ал музыканттардың жылдық орташа табысы 120 мың долл. құрайтынын, тек Нью-Йорк қаласында 25 симфониялық оркестр жұмыс істейтінін айтады («Айқын» газеті, 29.04.2006 ж.). Германияда әр жарты миллион адамға бір симфониялық оркестр қызмет етеді екен. Қазақстанда 15 миллион халық тұрады десек, онда елде 30 симфониялық оркестріміз болуы керек екен. Ал, біздегі бары 5 оркестр! Батыс елдерінде, сондай-ақ, Жапония, т.б. Азия елдерінде классикалық музыканы жоғары деңгейде орындаушы шеберлер мыңдап саналады. Парасатты өнерге арналған жоғары деңгейлі талай концерт, фестивальдар өткізілуде. Бірақ, біздің елдегі БАҚ-тар ол елдердегі тек «тобырлық му­зы­каға» қатысты жаңалықтарды халқымызға хабарлау арқылы «шетел-дерде жаппай рок-музыкаға ғана бас иеді» дегендей мүлде жалған ақпаратты қасақана таратып келеді. Шын мәнісінде, АҚШ-та бір айдан аса, Европаның Нидерландия, Бельгия елдерінде екі реттен болғанымда көшеде, көлікте, я басқа жерлерде елдің мазасын алып әлгіндей елірме «музыканың» ойнатылғанын бір рет те естімедім. «Шетелде осылай» дегендей, әдепсіз киноларды бізде үйіңе теледидардан тегін көрсетсе, ал, АҚШ-та мұндай масқарашылық жоқ. Ондайға құмарлар тек арнайы есептегішті іске қосып, әр киносына сегіз жарым доллар төлеп қана көре алады.
Немістің діни реформаторы Мартин Лютер: «Музыка – теологиямен тең, ібілісті қашыратын бірден-бір өнер түрі», – деген екен. Шынында да, кейінгі кездері АҚШ-тағы кейбір мекемелердің алдына дыбыс құрылғыларын орнатып, классикалық музыкалық шығармаларды ойнатқанда, сол маңды жайлап алған көше кезбелері жедел ғайып болған. Мұның себебі – классикалық музыкалық шығарманың үн-иірімдері адам ағзасында жоғары жиіліктегі тербеліс туғызу арқылы зор энергиялық қуат жіберіп тазартуынан, бұған дайын емес жандардың тазаруды бірден қабылдай алмауынан екен. Сондай-ақ, әлем ғалымдары 2012 жылдан бастап Күн системасындағы даму жоғары сатыға көшетінін, осы кезеңде ол Орталық Галактикадан құйылатын жоғары жиіліктегі космостық фотонды сәуледен өтетінін айтуда. Фотонды сәулеге 2012 жылдан бастап енген сәтте Жер планетасындағы барша тіршілік иелерінде тербеліс жиілігі артпақ. Мұндай жоғары жиіліктегі фотон сәулесінің қуатын қабылдауға шыдау үшін адам алдын-ала өз жанын жоғары жиілікті тербеліске дайындауы қажет. Ал, бұл дайындық адамның имандылық жолына түсуі, парасатты өнер туындыларымен тазарып рухани өсуі, материалдық байлыққа байланбауы арқылы жасалмақ. Материалдық байлық қана қуалаған рухани кеміс жандардың сезіміндегі тербеліс жиілігі және оның өзгеруге бейімділігі төмен болатындықтан олар Жер планетасы енетін «жаңа өркениет дәуіріне» өте алмайды екен. Мұндай өзгерістердің болатынына ғалымдар өзге дәлелдерімен қоса майялықтар жасаған «Әлем өркениеті календарының» 2012 жылмен аяқталуын келтірген… 
Адамзат тарихында қанша ұлы жазушы болып, олар қаншама әдеби шығармалар жазған болса, ұлы композиторлар мен олар жазған музыкалық шығармалардың саны да соншама деуге болады. Егер, әдебиетпен мектепте жалпылай таныстырып сауатымызды ашпаған болса, әдеби шығармаларға қызығушылық танытып оқыр ма едік? Ал, оларды оқымасақ ой өрісіміз қан­шалықты мешеу күйде болар еді? Дәл осы әдебиет әлеміндей – алып музыка әлемі туралы еш бағыт-бағдар берілмегендіктен халқымыз тұтас бір үлкен өнердің бір-ақ – ән жанры саласынан өзгесінен мүлде мақұрым деуге болады. Егер, музыкадағы ән жанрын мазмұны мәтінімен шектелер өлеңге немесе шағын әңгімеге теңесек, баллада, соната, концерт сияқты орташа көлемдегі жанрларды – хикаятқа (повесть), симфония, симфониялық поэма, опера, балет жанрларын – роман, драма, поэмаларға теңесек болады. Ал, қазіргі жұтаң мазмұнды «жеңілтек әндерді» газеттердегі: біреулердің қалайша семіріп-арықтағаны, некелесіп-ажырасқаны, т.с.с. алып-қашпа, ермек үшін оқып, ұмыта салар арзан өсек-аяңдарына теңер едік. Адамды толғантар көркемдік жүгі жоқтықтан мұндай әндердің ғұмыры, газеттің әлгіндей арзан сенсациясындай, тым қысқа келеді. Өмірі бір роман оқымай, тек осындай газет «сенсацияларымен» рухани сусындаған жан мен әлгіндей кішігірім, жұтаң әндер ғана тыңдап, парасатты музыкадан мақрұм адамның саналары бірдей деңгейде болмақ. Мұны сондай-ақ, 30 залы бар музейдің тек бір ғана бөлмесін көріп қанағаттанған көрерменнің білгенімен де салыстырса болады. Әрине, жақсы ән – сылдырап аққан бұлақ қой. Олар құйыла келіп өзен болып Ән жанрын құрады. Ал, орта, ірі көптеген шығармалардан тұратын классикалық музыка әлемін алып Мұхит деуге болады. 
Кеңестік кезде Брежнев айтқандай: «Нан болса, ән болады!» деген түсінік санасына орныққан халық болғандықтан: «Басқа мәселелеріміз шешілмей жатқанда Хасеннің музыка жайын айтқаны несі?» – дейтін замандастарымыз да баршылық екенін білемін. Бірінші кезекке адам санасын тәрбиелеуді («әнді») қоймай, «нанды» қоюдан қоғам жаппай боқдүниешілдікке ұшырап, КСРО-дай алып мемлекет, мұз­дай қаруланғанына қарамастан бір оқ шығармай, соғыссыз-ақ шіріп, ыдырады емес пе? (Бұл КСРО көсемдерінің, баяғыда халқы: «Нан және ойын-сауық» – деп жүріп іріп-шіріген Рим империясының тарихынан сабақ алмауынан). Сондықтан, «әніміз түзеліп» адам сана-сезімі өспейінше – өзге мәселелеріміз (нанымыз-экономикамыз) де ешқашан шешілмейтінін тарих талай рет дәлелдеген. Бірақ, біз бүгін де адамзаттың сана-сезімін биіктікке тәрбиелер тұтастай өнер түрінен мақұрым бола тұра «дамыған 50 елдің қатарына енуге» дәмеліміз. Егер, сана деңгейіміз оларға жете алмаған күйі қала берсек, ертең мұнайымыз тау­сылған күні ол қатардан тез-ақ шығып қалмаймыз ба?! Дамыған елдер түгіл музыкалық сауат мәселесінде біз Қытайға да ілесе алмайды екенбіз. Бұған 1977 жылы Алматыдағы КГБ ішкі түрмесінде 8 ай тергеуде болған кезімде, шекарадан заңсыз өтіп келгені үшін қамалған бес қытайлықпен кездескенімде көзім жеткен еді. Әлгілердің біреуі де музыка маманы болмағанына қарамастан барлығы нота жазудың екі түрін (европаша және цифрмен) жақсы меңгерген екен. Мұндай сауатты жалпы мектепте алыпты. Мамандығы дәрігер 43 жастағы қытайлықтың ұлттық операсынан айтып берген үзінділері әлі есімде… «Кім қандай музыканы тыңдаймын десе өз еркінде» деп, дәл осы мәселеде демократия ойнау, қоғамдағы сауаттылық, мәдениеттілік мәселесімен мемлекеттік дәрежеде айналыспау – наркомания, алкоголизмді ауыздықтамай, өз бетімен жіберуге бара-бар жауапсыздық. Музыкалық сезімдік тәрбиеміз қирап жатқаны аздай-ақ, енді бар болғаны екі-ақ мың данамен шығарылатын қазақша кітаптар дүкен сөрелерінде өтпей жататын күйге жетіппіз! «Халықта қаражат жоқ болғандықтан өтпейді» – дейді бір сәуегей, қазақтың «кедеймін» дегенінің қалай той жасайтынын көрмей жүргендей. Мәселе қаржыда емес, мұның себебі, елімізде: «алып-сатар болудан асқан өнер жоқ» деген үгіттің халыққа мықты жүргізі-луінен, ал, білімге, парасаттылыққа үн­де­ген тәрбиелік бағыттағы саясаттың кемдігінен дер едім. Байқап қарасақ, қоғамы материалдық байлық табуға тым берілген, сауда-саттыққа тым жақын елдерде музыка өнері дамымай, адамдарының руханият деңгейі жеңіл-желпі ән-билермен шектеліп, терең мағыналы философиялық шығармаларға сұраныс болмай қалады екен. Мысалы, сауда қуған, тым прагматик ағылшын халқынан, Европадағы өзге елдерде музыкалық өнер қарқынды дамып жатқан ғасырларда да, бірде-бір әлемге әйгілі композитор шықпады. АҚШ-та да солай болды. ХХ-ғасырда ағылшында Б.Бриттен, АҚШ-та Дж.Гершвин сияқты бірен-саран ірі жанрларда жазатын композиторлар шыққанымен, олардың шығармаларын неміс, итальян, француз, орыс классик композиторларының деңгейімен салыстыруға келмейді. Бұл елдердің музыкадағы аттары тек ХХ-ғасырда коммерциялық дырду әндермен ғана шықты ғой. 
Пайдакүнемдіктен жоғары идеясы жоқ, романтизмнен мақрұм қоғамда адамның жан-дүниесіндегі күрделі мәселелерді баяндайтын ірі жанрдағы терең мазмұнды шығармаларға, оны жазатын композиторлық мамандыққа көзқарас төмендемек. Ондай мемлекетте музыка өнері тек табыс түсіретін титәку-дырду әуендер деңгейіне құлдырайтынын үкіметі айқын мәдениет саясатын түзе алмай, жатжұрттық антимәдениет экспансиясына іргесі айқара ашық жатқан Қазақстан мысалынан нақты көруге болады.
Ч.Дарвин, адамға аптасына кемінде бір рет парасатты музыка тыңдап және белгілі мөлшерде өлең оқу қажеттігін, өйткені, адамның музыкаға талғамын жоғалтуы – бақытын жоғалтуымен бара-бар екенін, бұл оның ақыл-қабілетіне зияндығын, одан да қауіптісі – мінез-құлқы сапасына әсер ететінін жазған. Иә, гуманистік өнермен тәрбиелеу мәселесі жолға қойылмай, бетімен жіберілген, адамдардың санасы ала-құла қоғамда не түрлі агрессивті мінездердің қатерінен ешкім де сенімді өмір сүре алмайды. Мәдениет экологиясына байланысты Ресей академигі Д.С.Лихачев: «Человек живет не только в природной среде, но и в среде, созданной культурой его предков и им самим. Сохранение культурной среды – задача не менее важная, чем сохранение окружающей природы. Если природа необходима человеку для его биологической жизни, то культурная среда не менее необходима для его духовной жизни, нравственной самодисциплины и социальности» – дейді. Егер, мемлекетімізге тобыр емес, тұлғалар қажет десек, адам сезімінің тілі – музыка өнерінің парасатты саласын насихаттау жұмыстарын жолға жедел қою қажет. Өйткені, адамның намысын, сенімін сезімі нығайтады. Биік сезімсіз – сенім солқылдақ бақай-есепке құрылмақ. Сезімі дамыған жан ешқашан қоғамдағы халықтық мәселелерге бей-жай қарамайды. Ал, сезімсізден тұлға шықпайды, ондайлар тобырлық санамен не нәрсеге де көнбіс болып, айдаған жаққа жүре бермек. Сондықтан, еліміздегі мәдени экологияны сауықтыру үшін:
1. Адам денсаулығына зиянды, рухани сезім мешеулігіне ұшырататын «порно-ритмдердің» халықтың еркінсіз теле-радио жарнамаларында, көше, көлік, т.б. қоғамдық орындарда насихатталуына тыйым салынуын жұртшылық Қазақстан үкіметінен талап етуге тиіс.
2. ҚР «Мәденет туралы Заңындағы» классикалық және халық музыкасына қатысты айтылғандардың іс жүзіне асырылуына ықпал ету мақсатында «Парасатты музыканы насихаттау және Қазақ музыкасына ұлттық сипатын қайтару» атты қоғамдық комитет құру қажет. 

 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Аға рахмет мықты мақала жазыпсыз. ойландырды. Бұрын мән бермеген көп нәрсе білдім. Ақиқат журналы мен Аманхан ағайға да улкен рахмет.

Пікірлерге тыйым салынады.