Көркем аударма және ақын талғамы (сын-эссе, хамса )

  • 11.09.2014
  • 1729 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дулат Тұрантегі,
ақын-аудармашы

Құнды шығарма – ұлт қазынасы

Адам баласы жасаған мәдениет жетістігі  күллі жұртқа ортақ. Дүниенің бір түкпірінде керемет бір әсем музыка немесе  қылқалам туындысының керемет екен деген аты шықса, ол сол сәттен бастап бүкіл адамзаттық рухани құндылыққа айнала бастайды. Әрине, авторын айтпағанда сол ұлттың меншігі екендігі даусыз. Өнер туындылары табыс көзі болмай тұрған кездер де болған. Ол кезде ол туындыны көріп немесе тыңдап тамашалаудың ауқымында  мүлде шек жоқ-тын. Бар да концерт залына кір  немесе көрмені арала. Сәулет, мүсін өнері немесе қолданбалы бұйымдар арқылы берілетін ұлттық өнер туындылары да сондай. Қай бір жерде болмасын өнердің бір қылы үзілсе, ол сол  халыққа ғана емес, бүкіл әлемдік рухани байлыққа сызат түсті деп  ұғынуымыз керек  (И.Ф.Фон Гумбольд).  Ал, сөз өнерінің жайы басқа. Мұнда негізгі нәрсе тіл мен ұлттық дәстүр, салт-сана ерекшелігі басымдыққа ие. Бірақ, бұл шарттылықтың талғамға мәтібилігі жоқ.Талғам тым субьективті.   


Бұл адам баласы сонау өнерге өнер деп қарай бастаған көне дәуірлерден өрбіп, ренессанс дәуірінде қайтадан жаңа сипат, жаңа сапада ары қарай дамып, Алла Тағаланың адам көкірегіне салған рухының алтын арқауындай болған адамгершілік, ізгілік ұғымдарының өріс ала бастаған кезден бері келе жатқан эстетикалық, дү­ниені көркемдік тұрғыда танып білуінің мызғымас шарты екені даусыз. Бұған дейін жұртты үнемі  үрейде ұстаған Құдай атын пайдаланып инквизиция шеңгелін кең жайған жеке адамның түкке тұрғысыз екенін дәлелдеумен келген замандар өткен. Оған дейін сол схоластикалық өктемдік пенделерді тұқыртып мүлде бас көтеруіне мүмкіндік бермеген. Көзсіз, соқыр мүлгу фанатизмі құл иеленушілер мен феодалдық жүйеге өте керек болатын (көзсіз, санасыз бас шұлғу қазіргі фундаменталистік бағытта сақталып отырғанын көріп отырмыз,көргені сол, тіпті, дүниежарықтың есігін енді ашып, ненің не екенін, өмірдің не екенін білмей жатып, 6-7 жастан бастап, беліне жарылғыш байлаған белбеу байлап өлімге жұмсауы еш бір ақылға симайтын, адам баласына деген көрсоқыр қастандық емес пе?!) Ал, шындығында  адамды Тәңірі Иенің өзі көркем етіп жаратқандығымен олардың ісі  жоқ.Көркемдіктің түп бастауы адамның, адамдықтың өз болмысында жатыр. Осыны түсіне бастаған кәрі құрылықтың сонау алыс ғасырлардағы дарынды өкілдері барлық әсемдікті адам тұлғасынан, оның ағзасында ішкі жүйке тітіркенуі мен ішкі нұрдан еміс-еміс білініп тұратын тылсым сырды ашуға көп әрекеттенген.Антикалық гректік мәрмәр мүсіндер бізге соны меңзейді.Тициан мен Рубенстің тағы басқалардың Венерасы мен Афродиталарындағы  жалаңаш тән негізінен ішкі көркемдік нұрды сыртқа шығарсам деген ниет жатыр.Ал, біздер балаң кезімізде әлгі суреттердің репродукциясын  көркем өнер альбомынан алғаш көргенімізде бетімізден отымыз шығып, алақанмен басып қалып, жүзіміз оттай қызарып кеткен жайды бастан кешірдік.Шын көркемдікті де  өнер иесі тудырған әсемдікті тану үшін үлкен дайындық керек екенін сонда  ұғына бастағанбыз. 
«Человеку следует научиться распоз­навать и ловить проблески света, озаряющие его душу изнутри, а не лучи ис­ходящие от созвездия бардов..». Мұны Америкалық өткен ғасырда өмір сүрген  Ральф Эмерсон деген сыншы айтқан екен.
Қарап отырсаң  сол сөз бүгінгі даңғара шуы басым, өздерін осы заманның бардтары (сері) санайтын толып жатқан әнші «жұлдыздарға» бағытталған сияқты. Сонымен, біздің айтпа­ғымыз қандай да болмасын көркем туынды оны жасаушының табиғатында бар түп негізден бастау алғаны игі. «Силы заложенные в нем, не имеют подобных в природе, и лищь ему самому дано узнать, на что он способен..» деп келеді әлгі ойдың жалғасы. Қалған туындылардың бәрі не еліктеу, не қайталау. Ол да қолынан келмесе, күстаналау. Қызғаныштың төркіні надандық та, ал, еліктеушілік — өнердің тұқымына тұз құюшылық. Осы пікірге әбден сенгендігі соншалық, тіпті,  әлгі Эмерсон профессор  Гарвард университетіндегі бір дәрісінде «Америка әдебиетінің тәуелсіздік декларациясын» жариялау керектігін айтты. Мұны  ақындар Ф. Рено, О.Холмс табанда қолдап, содан кең өріс алып кетті. Бұндай қадамға олар У. Уитменнің «Өсімдік жа­пырақтары» шығармасы жарық көр­генде  оған тәнті болғандықтың белгісі, көрінісі деп санаған. Бұдан былай  біз Еуропа әдебиетіне еліктемейтін боламыз деген. Бірақ, бұл баршаға ортақ көркем туынды, оны барынша насихаттап, барлық тілдерге аудартуымыз керек  деп шешкен. Көркем аударма одан бұрын да жанр есебінде  шығармашылық қауым ортасында берік орын алған. Бүкіл  18-19 ғасырлардағы орыс әдебиеті Еуропа әдебиетінен нәр алып қалыптасты. Сөйте тұра, батысқа мұрнын шүйіретін русофильдерге  Пушкиннің досы Чаадаевтың өткір мысқылға толы памфлет хат жазатыны содан. Өзі шыққан шекпенге аяқ сүртіп, су ішкен құдығына түкірмеу керектігін айтады.
Өнер ауыс, шеберлік мұра.Әлем әдебие­тінің небір жауһар туындылары өзге халықтарға жақсы тәржімалар арқылы тараған.Гете  Хафизге бас игенде фарсы тілін білді дейсіз бе, тәржімән арқылы таныған. Пушкиннің өзі Құранды аудармасы арқылы оқып, құлай беріліп, көптеген вариациалар,  еліктеу өлеңдерін жазғанда  араб тілін білген жоқ қой. Бәрі аударманың мықтылығынан. Жуковский Шиллерді аударғанда керемет рахатқа бөленіп, ұлы ақынмен тілдесудің өзі бір ғанибет екен депті.Сондай-ақ, ол Т. Карлейльді, Т. Грейді аударып ақындыққа түпкілікті жолдама алғандай болады. Ағыл­шындық ақын Әлем әдебиетінің озық үл­гілерін аудару ақындықтың үлкен мек­тебі. 
Қазақта екінің бірі өлеңші. Бірақ, өзге тілден дәл сондай ғып өлең аудару қиынның қиыны. Пушкинге ұстаз болған Жуковский Грейдің «Селодағы зират» балладасын аударып, өзі сол аттас ұзақ өлең жазып, ақындыққа содан біржола бет бұрды. Қазақ даласына тәржіма ісі Ұлы Абай атамыз арқылы көркемдіктің жаңа белесіне көтерілгені белгілі.Оның Пушкинді, Крыловты, Лермонтовты аударуы тек біздер үшін ғана емес, бүкіл әлем әдебиетіндегі үлкен өнер құбылысы, шеберлік шыңы деп танып отырмыз. Абай мектебінің өкілі Ахмет Байтұрсынов т.б. алаш азаматтары Шәкәрім қажының аудармалары, онан беріде нәзирашыл, шығыстық қиссашылдық бағыттың шайыры Шәді Жәңгір ұлының «Мыс салт аттыны» ,   «Полтава» поэмаларын аударуы тегін емес. Ұлы туындыны ұлылар танып, жаппай жамиғатқа насихаттаса көкірек көзін ашуға деген игі талпыныс емей немене? Бүгін біздер прозаға соқпай  поэзияның жекелеген, жауһар үлгерімінің (бұрын айтылып, бірнеше мәрте сөз болған болса да) әлі де илеуін қандыра түсуді қажет ететін бірқатарына тоқталсақ деп едік.

А. С. Пушкин қазақ тіліне қалай аударылып жүр ?

Ұлы ақындар ұлт шеңберімен шек­телмейді. Ол бүкіл әлемге ортақ. Ол солай бола тұра өз ұлтының баға жетпес қазынасы. Әдебиетте, музыкада, көркем өнер туындысының қай-қайсысы  болсын шекара білмейді. Өйткені адамзатқа оның ізгілігіне қызмет етеді. Егер, бүкіл әлемге ортақ бір-ақ жүрек болса, онда әр жүректің бірі тұтас бір әлем  (Мұны айтқан Жапон жазушысы Я. Кавабата). Бұл жай жүрекке айтылған сөз емес, ол бүкіл әлемге ортақ ойлар мен сезімдерді  бойынан өткізген ақын жүрегі, не ұлы ойшыл ғұламаның жүрегі. Яки, үлкен әлем – ұшы-қиыры жоқ ғарыш болғанда, дәл соның барлық қасиетін еншілеген кіші әлем – адам. А.С. Пушкин де сондай ұлы жүректің иесі. Оны ұлы етіп тұрған, міне, екі ғасырдан асып бара жатқан мәңгілік рухына бөлеген ұлы поэзиясы. Сол поэзиялық мұра бүгінде әлемге қанша тіл болса, қанша ұлт болса соның бәріне аударылып өмірдің өзімен, қатар жасасып келеді. А.С.Пушкин қазақ тіліне де көп аударылды. Қанша ақын болса, сонша ақын оның поэзиясынан нәр алып, шабыттанып көркемдік әлемге құлшына қадам басты.
Пушкинді қазақ тілінде алғашқы әйгілі еткен ұлы Абай. Ол Абай арқылы сайын сахараға Татьянаның әні болып қалықтап, ол Евгений Онегин болып, сырбаз бекзаттықтың, тазалықтың, мәрт­тіктің еуропалық өнегесі болып, махаббатқа адалдықтың үлгісі болып, сері қалпын танытты (Бұдан басқа ұлттарда ондай серілер болмады деген ұғым тумаса керек, қазақтың өз сал-серілері, Жапонның өз самурайлары өз ұлтының сұлулық, мәрттік, ерлік, өрлік өнегелілері, өз Айвенголары болатыны ақиқат).
Абай мен Пушкин рухани дүниесі өз алдына әңгіме. Мұнда ішкі жан дүние – интеллект бар. Бұл туралы бұған дейін қаншама пікірлер айтылып, қаншама ғылыми жұмыстар жазылды. Соның алғашқыларының бірі де бірегейі де Мұхтар Әуезов болатын. Ол сонау 1936 жылдың өзінде  «Пушкинді қа­зақша аударудың тәжірибелері», «Евгений Онегиннің қазақшасы туралы», «Көркем аударманың кейбір мәселелері» атты мақалалар жариялады. Ұлы ұстаздың бұл пікірлері кейінгі қалам иегеріне үлкен ықпал етіп, олардың көркемдік тәсілдерін меңгере түсуіне әсері болды. Жалпы, қазақ жазушысы-ақындарының үлкен әдебиетке, оның әлемдік озық үлгілеріне  баруы, оларды меңгере отырып, көркемдік қуат, ой-арман пафосының көтерілуі, көңіл көк жиегін кеңейте түсуіне ықпал етпей қалған жоқ.Бұл өркениеттің, мәдениеттің санадағы сілкініс, құлашты кеңірек жая түсудің үлкен көрінісі еді. Көптеген аудармалар дүниеге келді.     Солардың бірегейі де шоқтығы ерекше биігі А.С. Пушкин шығармалары.
Мәдениет дегеніміз бүкіл  адамзатқа ортақ, бірақ, ол өзінен-өзі емес, өзіндік ұлттық қасиетімен толыққанда ғана адамзатқа ортақ бола алады. Ол осы өзін­­ді­гімен, қайталанбастығымен құнды. Міне, осындай құндылықтардың бірі Пуш­кин жырлары еді. Пушкинді меңгеру арқылы қазақ ақындары да биік деңгейге көтеріліп, рухани жетілудің жолына түсті.
Бүгін біз сол Пушкин өлеңдерін ауда­рудағы кейбір, жекелеген ақындары­мыз­дың дара таланттылығымен және сол деңгейге жете алмай, кемшін түсіп, жібекті түте алмай жүнге айналдырған тұстарына да назар аударсақ дейміз.
Жалпы, Пушкин әлемі қаншалықты зор ауқымды болса, оған соншалықты  көңіл бөліп, аударуға талпынған ақындар аз емес.Бұл ретте әсіресе Ұлы ақынның ту­ға­нына150 жыл толған 1949 жылы шыққан қазақ ақындарының қалың кітабын айта кеткен жөн. Мұнда Абай Онегиннің сипаты, Татьянаның Онегинге жазған хаты, Онегиннің жауабы, Онегиннің Татьянаға хаты, Татьяна сөзі, Онегиннің өлердегі сөзі, Ленскийдің сөзінен, Онегиннің сөзі тараулары аса жоғарғы шеберлікпен аударылған мәтіндері басылды. Бұл аудармалар туралы көптеген ғылыми мақалалар жазылып, диссертациялар да қорғалып жатқаны белгілі.  Тіпті, Абай жасаған бұл аударманы ақын Аманхан Әлімұлы Қазақтың өз төлтума романы, Пушкинмен жарыса, тайталаса жазған дербес туынды деуге болады деген пікір айтқан. Сол қалың кітапта Қуандық Шағытбаевтың аударуында «Евгений Онегин» түгелге жуық жаңадан тәржімалаған нұсқасы жарияланған. Бұл кітапта Пушкинді аударуда кім жоқ дейсіз. Бәрі бар; Т. Әлім­құловтан, Х. Ерғалиевтен бастап, Қ. Аманжолов, Қ. Бекхожин, Ә.Тәжібаев, Т. Ахтанов, Т. Жароков, М. Әлімбаев, Ғ. Ор­манов, Б. Өте­тілеуов, Б. Ысқақов дейсіз бе, бәрі бар. Ол аудар­малардың көркемдік деңгейі туралы лайықты сын пікірлердің айтылғанына жарты ғасырдан астам уақыт бопты. Осы тұста жуырда осы заманның, жаңа буынның  көкірек көзі ояу, аса сауатты өкілінің бірімен  аударма туралы пікірлесіп қалғанымызда: 
– Аударма даген не ол? Түп нұсқа тұр­ғанда, оригинал тұрғанда ?!
– Жұрттың бәрі шет тілдерді білмейді ғой.Солай екен деп көп нәрседен бейхабар болу керек пе?
– Жоқ деймін, аударма болған соң жақ­сы туындының өңі қашады ғой, міне мына:
Буря мглою небо кроет       
Вихри снежные крутя.
То протяжно зверью воет, 
То заплачет как дитя, – деген жолдарды қалайша айнытпай басқа тілге түсірерсің? – деді.
– Неге, дәл солай етіп аударылған ғой, міне:
Бұрқап боран  көкті жапты
Қарлы құйын қуалай.
Кейде ұлыған аң сияқты
Кейде жылайды баладай.
– Мынау шынында да керемет аударма екен. Мұншалықты дәл аударуға болатынын білмеппін (әріптесімнің кезінде орыс мектебінде оқығанын байқаған бо­лар­сыз). 
Негізі, бұрынырақ оқығандарыңа араға жылдар салып қайта оралып отыру да керек екен-ау. Пушкинді әр ұрпақ өзінше, жаңаша танып, жаңаша  тәржімелеуде. Енді, міне, қазақ ақындарының жаңа буыны  Пушкинге тағы да келіп, өз жолымен, өз талантымен жаңаша 200 жылдық мерей тойында  өз хәл-қадарынша үн қатқанын көріп отырмыз. Сол өлеңдердің бұл жолы бір екеуіне ғана тоқталмақпыз. Мәселен, ақынның «К…ға» кейде «Кернге» атты өлеңін білмейтін әдебиетші жоқ.
«Я помню чудное мгновение
Передо мной явилась ты.
Как мимолетное мгновение
Как гений чистой красоты… осылай басталатын өлеңге қаншама романстар жа­зылды? Қаншама жүректер толқып өз сүйгеніне ынтық сезімін білдіру үшін осы шумақты іштей қайталады немесе үздіге жазған хатына эпиграф етіп (құлақ күйі) алды десеңізші.  Ал, ақындар жарыса жазып, бәсекеге түсіп, еліктеп, әлгі сиқырлы сөздерді қайталап, оның қазақша болмысы қалай болар екен деп тебіреніске түсті.
Өмірден өтіп кеткен ата-буын ақын­дарымыз Мағжан, Ілияс,Тайыр, Ғали, Қуандық, Ғафу, Тәкен, қазіргі көзі тірі Мұ­зафар, орта буын Кәкімбек кейінгі ұрпақ  Тұ­манбай, Қадыр, Фариза, Сабырхан бәрі осы өлеңге назар аудармай қалғаны жоқ.
Жалпы, аудармаға төл аударма, сөзбе-сөз аудару, еркін аудару, жарыса жазып, бәсекелесу, мағынасын ғана сақтап өзінше вариациялар жазу (өз нұсқасын ұсыну немесе сол өлеңге еліктеп жазу) сияқты түрлері кездеседі. Әрине, жазушы ақынның алдына қойған мақсатына байланысты. Ал, осылардың ең қатал, ең ауыр талап деп саналғаны ақынды аласартпай, төмендетпей, дәл сол қалпында һәм мағыналы, һәм дәлме дәл, жол ма жол, өз өлшемінде  аударма жасай отырып, өлеңнің қасиетін, ақынның архитектоникалық ерекшелігін, ұлттық нақышын сақтап қалу.  Бұл жөнінде Абайдың Гетеден-Лермонтов арқылы аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін аударманың ең озық, ең көркем классикалық үлгісі екенін білеміз. Осы талаптарды ойға ұстай отырып, әлгі «К…ға» өлеңіне оралайық.
1949 жылы қазақ тілінде А.С.Пушкиннің қалың кітабы жарық көргені бар. Бұл ұлы ақынның туғанына 150 жыл толуына орай шығарылған кітабы болатын. Сол кітабқа «Кернге» өлеңі ақындар Ғали Орманов, Қуандық Шаңғытбаевтардың аудармалары берілген.
Ғали Орманов:
«Есімде, шіркін, сол бір шақ
Алдыма жайнап келіп ең.
Жарқ етіп шұғылаң нұрға ұқсап
Жүзіңнен сәуле көріп ем» – деген болса
Қуандық Шаңғытбаев:
«Шіркін-ай,
Өткен сол бір сәт,
Көрініп кеткен түске ұқсап
Тәңіріндей ғазиз көріктің», – деп түпнұс­қаға жақындай түседі. Міне, бұл екі шумақ­тағы асты сызылған сөздер Пушкин өлеңінде жоқ. Қазақ ақындарының өз жанынан қосқан сөздері.  Әрине, мұны қазір түсінуге болады. Өткен ғасырдың соғыстан кейінгі жылдарында поэзияға құныға бас қойған қазақ ақындары Пушкинді қызықтап, таңдай қаға тамсанып отырып аударғаны байқалады. Сол сезімдерін жеткізе алмай «шіркін», «шіркін-ай» сөздерін қосып жібереді: Түп  нұсқаны еске түсірейік:
«Я помню чудное мгновение
Передо мной явилась ты…»көріп отырса­ңыздар мұнда таңдануды білдерітін «Ох» «Ах» сөздері жоқ. Ал, Ғали Орманов «жарқ етіп шұғылаң нұрға ұқсап, жүзіңнен сәуле көріп ем» деп өзінше жарқын бейне жасайды.  Бұл өткен күндер жәдігерлері. Кезінде әдеби сын бұл аудармаларына бағасын берген болатын. Енді, бүгінгі күні ақындардың Пушкинді қаншалықты меңгергендеріне назар аударайық.  Белгілі ақын Кәкімбек Салықов:
«Жадымда ғажап сол бір кез,
Алдымда тұрдың мүлтіксіз» деп аударған. Мұндағы мүлтіксіз сөзі түп нұсқаға мүлдем жат екені өзінен өзі көрініп тұр. Бұл тек келесі тармақтағы «Елестей ғайып өткен кез, Сұлулық тәңірі кіршіксіз» деген «кіршіксіз» сөзіне ұйқас ретінде алынып отыр. Өйтпеген жағдайда «мүлтіксіз» орысшаға қайта аударсақ «безусловно», «безупречно» немесе тағы сондай мағына беретіні айқын. «Алдымда тұрғаның рас», «Келіп көрінгенің сөзсіз» сияқты тіркестерге жуық болады. Ал, ізінше осы өлеңнің екінші шумағы Кәкімбек Салықовта керемет әдемі шыққан.
«Үмітсіз, қасірет мұң артқан
 Үрейсіз дүрмек ішінде
 Нәзік үн кетпей құлақтан
 Баурады бейнең түсімде»
«В томленьях грусти безнадежный
 В тревогах шумной суеты,
 Звучал мне долго голос нежный
 И снилось нежные мечты».
Ия, ұлы ақынды әр уақыт сол ұлы қалпында сақтап қала білу екінің бірінің қолынан келмейді. Буырқанып, шабыт қысып керемет өлеңнің әсерінен туған жеке шумақтар, ұғымы ауыр әрі жай ғана қарапайым сөздер үйлесімі өзге тілге аударылған шақтарда бірде көмескі тартып кететіні бар. Мұны біз басқа ақындардың аудармаларына қарап отырып, тағы да көз жеткізетіндей болдық.  Қараңыз  Дәуітәлі Стамбеков бір кездері әлгі өлеңдерді аударуға талпынып:
«Есімде сол бір сәт, Дариға-ай
Алдымда тұрдың күнімдей,
Түсімде жатқан балымдай
Тәңірден асқан піріндей» – деп Пушкинде мүлде жоқ сөздерді қосып, өзінше өлең құрағаны бар. Әлгі айтқан ала-құлалық мұнда да қайталанды. «А.Кернге» өлеңі аудармада онша жатық шықпағанымен Пушкиннің ақындық қуаты тереңінен буырқантып, өз аудармашыларын шабыттандырып жіберді.  Оған дәлел: Д. Стамбековтің «Талисман» деген өлеңі өте бір сәтті жұмыс деуге болады.
Тынымсыз теңіз тулайды
Жартасты соғап ыңырсып.
Көгінде айы зулайды,
Ғажайып кеште тымырсық.
Гаремге сеніп, сыйынып,
Ләззатін сезген мұсылман.
Айдай қыз бірде қиылып,
Маған да тұмар ұсынған.
Еркелеп тұрып алдымда,
Жоғалтпа мәңгі-тілегім.
«Ғажайып бір күш бар мұнда,
Бар мұнда адал жүрегім».
О, досым, пәле-жаладан,
Атыңа сенің айтылар.
Зұлымдық пенен табадан,
Сақтайды осы бойтұмар.
Пушкиннің «К…ға» немесе «Анна Кернге» атты өлеңінің аудармасының ішінде мен байқаған үздігі әзірше  Фариза Оңғарсынованың аудармасы деп білемін. Мұнда да еркін көсілу, өзінше жырлау көріністері жоқ емес. Әйтсе де дәл, әрі көркем кестелеуде өзге ақындардан Фаризаның шоқтығы едәуір биік.
«Ғажайып сол сәт әлі есте
Жарқ етіп шықтың алдымнан
Періште ме әлде елес пе
Ай көркің мені таң қылған
Үмітті мұңға ұрлатып
Күн кештім жалғыз, жалынсыз.
Нәзік үнімен тіл қатып,
Түсіме ендің дамылсыз…» міне көріп отырсаңыздар, қаншалықты жатық, әдемі, әсем өлең туғанымен бұл шумақтарда да артық сөздер бар. Айта кету керек Пушкинге қандай ақын болса да ауық-ауық оралып, оның нәрлі жырларынан сусындап отырады. Ғажайып жырлардың әсер күшінің ықпалымен еріксіз еліктеп, жарыса жазып тәржімалауға құлшына бастайды. Солардың бірі Оңтүстік өлкесіндегі  ақын Мейірбек Ақынбеков. Оның Пушкиннің туғанына 200 жыл толуына орай бір топ аудармаларымен танысқан едік.  
«А. Кернге» бұл ақын да қалам тартқан екен.
Ғажап бір сол сәт жадымда
Алдымда тұрдың сен кенет.
Тәтті түс, елес, сағымдай
Перизат көркің еркелеп,
Үміт сөніп, торығып,
Буғанда мұң, шер күйкі үнді.
Сазды үнің жетіп толы үміт,
Түске енді бейнең сүйкімді.
Орта қол аударма, өзге ақындарға тән кемшілік мұнда да орын алған. Асты сы­зылған сөздер Пушкин табиғатына үйлеспейді. Оның үстіне бір сөз, бір шумақ өлеңде әлденеше қайталанады. Аудармадан гөрі ақынның өз туындысы екендігі айқын аңғарылады. Яки, қосарлана, жарыса жазылған көп варияциялардың бірі.  Осы өлеңді кезінде біз де аударғанбыз.  «Жағдайды пайдаланып өзін дәріптемек пе?»  дей көрмеңіздер, айтылуға тиісті сөз айтылып қалсын.
Ғажайып сол сәт әлі есте
Кенеттен маған жолықтың.
Жарқ етіп өткен елестей
Өзі боп мінсіз көріктің.                       
Заманымыздың белгілі ақыны Олжас Сүлейменов Мәскеу әдебиетшілер оқу орнын бітіргенде оған аудармашылық қызмет ұсынғанын айтады. «Менің көзімнің жеткені – қара сөзді басқа тілге аударуға болады. Ал, өлең жарықтық аударғанда көбінесе ең мәнді нәрінен жұрдай болып шығады», – деп жазады.  Аударма өлең теріс айналдырып төсеген кілем тәрізді өрнегі бұлдырап көрінеді, ал, көздің жауын алатындай ана сыртқы нәзік ұлпасы ұшты-күйді жоқ. Орнында – тақыр қасаң алаша қалған.» Олжасша солай болса солай шығар.  Ту­мысынан рухы ұлттық болғанымен, орысша тәрбиеленіп қалыптасқан орыс тілді ақынның  қазақшаға әу бастан зауқы жоқ. Олжас керемет ақын, бірақ, аударманы уәр қылмаған.   Бірақ, «торғай сойдырсаң қасапшыға сойдыр» дегендей нағыз ақынның қолынан шыққан аудармалар түп нұсқадан еш кем түспей құлпырып шығатыны бекер емес.  Енді бір жәй айта кететін нәрсе, – Пушкин өлеңінің әркелкі аударылуы өлеңнің түп  нұсқасының өзі соған жетелегендей. «К…ға» өлеңінің өзі ұстазы Жуковскийге еліктеудің туындысы. Интертекст. Ұстазының «Лалла  рук» атты өлеңінде
«Ах, не снами обитает
Гений чистой красоты»
Как воздушный  утра сон,
.. чистое мгновение
Как утро юного творенья
Она пленительна пришла» –  деген жолдар бар.
Жуковскийдің өлеңі ұзақ. Пушкин сол өлеңге бәсеке болсын деп, әлгі шашыраңқы сөздерді бір-ақ шумаққа сидырып жіберген.Мұнда әр сөз үлкен жүк көтеріп тұр. Сол үшін де өзге тілдерге аударылуы қиын. Бірақ, бәрі де адамына, ақынына, оның ішкі қуаты мен дарынына байланысты. Кей тұста түп нұсқадан асып түсетін аудармалар да кездеседі. 
Кезінде Пушкиннің ұстазы В.Жуков­скийдің айрықша сөзі бар еді, «Аударма дегеніміз ақын мен ақынның бәсекеге түсуі» деген. Ал Мағжан Жұмабаев аударманы өз шығармаңдай көру керек, ол да сенің жүрегіңді жарып шыққан перзентің деп айтқан.
2006 жылы Қазақстандағы Пушкин жылына орай қазақ ақындары Пушкинге тағы да қатты оралып жаңа, тың аудармалар жариялады. Олардың ішінде Ф. Оңғарсынова мен Серікбай Байбота Қошын-Ноғайдың «Сығандар» поэмасын жаңадан аударуын  үлкен оқиға дер едім. Екі ақын бір поэманы жарыса, қабаттаса аударған. Бірінің атақ даңқынан бірі ықпай батыл да шабыттана аударғаны көрініп тұр.  Мұнда тағы да Фаризаға тән сәл еркін кетушілік, сөйте тұра Пушкиннің табиғатынан ажырамайтын әуенділік, жинақылық, екпін мен ырғақ айқын байқалған. 
Ал, Байбота жырларында тұжырымдылық, Пушкинге тән сөз мағынасы мен көркемдік айшықтар  анық сақталғаны айқын байқалады.  А. Блоктың айтқаны бар-ды. Ақын өлеңін тәңірінің алдында тұрғандай сезініп жазғаны абзал деп. Бұл сөз аудармаға да тиесілі демекпіз. Әдебиеттер байланысы ұлттарды жақындастырады. Өнер туындылары бүкіл адамзатқа ортақ байлық. Рухани байлықты сақтайтын тек сол рух иесі ұлт қана. «Нация – духовная хранилище народа, и если она аскуднеет, страдают другие народы, ибо сокровищница духа принадлежит всем. Неведимыми протоками соединяются между собой народы, и жизненно важно для их сохранения, чтобы эти протоки не были забыто умом невежества и предрассудков» керемет айтылған емес пе. Бұл Гетенің жан серігі Вельгельм Фон Гумбольт. Ия, әрқашан да ұлттар жан дүниесі араласа беруге бейім. 
Көркем туындылардың дүниежүзілік үздік туындылары осы кезде де ана тілімізге аударылуда. Бірақ, бұл бұрынғыдай құлашты кең жайып, мемлекеттік тапсырыспен қарқынды жүріп жатқан жоқ.   Қазір Астанадан  2006 жылдан бері «Әлем әдебиеті» (редакторлары – алдында Кеңес Юсупов, қазір Думан Рамазан) журналы жарық көруде.Мұнда осы уақытқа дейін әлемнің не бір керемет, ең озық деген  өнер туындылары жарық көріп, айтулы қылқалам шеберлерінің репродукцияларынан жеке туындылар басылып келеді. Мәселен, көне шағатай – түркі тілінде жазылған «Тоты­наманы» түп нұсқадан Ираннан келген қандас, жерлесіміз оқымысты Нияз Тобыш аударыпты.Бұл кісі көне шығыс әдебиетінің ең құнды мұраларының бірі болып табылатын еңбекті аударып қана қоймай оның шығу тегін де зерттеген екен. Негізінен бұл туынды  хиджраның 730 жылы, қазіргіше айтқанда 1340 жылдары парсының Зияоддин Нахшаби деген ақын көне үнді тілінен  фарсиге аударған көрінеді. Одан, міне, қазақшаға Нияз Тобыш пен Айсағали аударып отыр. Мұндай бірегей туындылар қазақ рухани өміріндегі елеулі оқиға. Өзге тілден түп нұсқадан тікелей тәржіма  жасау бұл үлкен зиялылықтың көрінісі. Онан соң журналда ағылшын Конан Дойл т. б. Жапон- Ясунари Кавабата, Қытай да, Испан да, Француздар, әрине орыстар да қазақша сөйлеп  рухани ләззатқа бөлеп отырғанын айтуымыз керек… Аудармалар жалғасып келеді. Әрине, журнал болған соң оның мүмкіндігі де шектеулі. Сонда да болса, бұл басылымға зор табыс тілеуге тиіспіз.Жақсы, игілікті істеріңіз жалғаса берсе екен деген тілек бар. Оқи отырып терең-терең ойға қаласың. Осы журналда сыншы қарындасымыз Айгүл Кемелбаеваның «Гете мен Абай» атты мақаласына кезіктік. Гете – Лермонтов – Абай ! Бұл шоғырды Айгүл рух патшалығындағы кездесу депті. Орынды сөз.

И. Ф.  Гетенің «Кезбенің түнгі жыры»

Бұл жыр жайында аз жазылған жоқ. Айтулы ғалымдардан бастап, жазушы батырымыз Бауыржан Момышұлы. Үш тілді еркін меңгерген өзі неміс, жаны қазақ Г. Бельгер де көзі қарақты зиялылардың көбі қалам тартқан.  Осы тұста Гетенің кезбесі туралы біз де өз тарапымыздан шұқынып жүріп қызықты деректерге кезіккендей болдық. Кезіктік те өз хал қадарымызша тәржімалап жұртшылықтың патша көңіліне ұсынып отырмыз.
Ты, что  с неба и вполне
Все страданья  укрощаешь.
И несчастного вдвойне
Вдвое счастьем наполняешь.         
Ах, к чему вся скорбь и радость! 
Истомил меня мой путь!              
Мира сладость
Низойди в больную грудь.
Бұл неміс тілінен орысшаға А. Фет ау­дарған «Кезбенің түнгі жыры». Бұл кәдімгі  М. Лермонтов, одан Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғыптан» төрт жыл бұрын жазылған алғашқы екі шумағы. Мұны  Лермонтов ескермей, тастап, соңғы өзіне ұнаған екі шумағын  ғана аударған көрінеді. Біз мұны өз  қолымыздан келгенінше деп, мына аудармамызды ұсынып отырмыз.
Сен білмеп пең Хақ ісін
Серги ме мұң  жегісі.
Бақытсыз жанды екі есе
Бақытты етем деймісің?
Шаттық пен шерді тәрк еткем!
Қажытты әбден жол мені!
Дүниеде барлық тәтті еммен
Әуре етпе ауру кеудені.  
Гете  бұл тақырыпқа қалай келді, ол да біреуден аударған жоқ па екен? Әлде бұл ойға қандай жағдай жетеледі екен? – деген ой мазалай бастады.  
Алдымен мынаған келісіп алайық. Бұл өлеңді  әр кім әр қалай талдап келді. Біреу­лер ыстық аптапта әбден шаршаған  жолаушының көңіл күйін бейнелеген десе.. «..Какое тихое успокоительное чувство ночи после знойного дня веет в этой маленькой пьесе Гете…» В. Белинский, Г. Бельгер де осы пікірде («Брат среди братьев» кітабы, жазушы, 1981 ж.). Ал, Лермонтов жай тынығу емес, мына шаршатқан дүниеден баз кешіп мәңгі тыныштыққа жетерсің дегенді меңзейді- дейді И. Андронников. Белгілі жазушы М. Шагинян болса Гетенің сол кездегі көңіл күйінің  әсері болар дейді. Осы өлең жазылардан бұрын  қарындасы қайтыс болған екен. Соның қайғысы, енді, біраздан соң сенің де баратын жерің сол болар деп өзіне өзі айтқаны шығар. Бұл алдағы мәңгі тыныштықты меңзеген  туындыға ұқсайды деген.Ақынның ұлылығы да сонда, не бір қарасөзден қаймақ қалқуға дайын білімпаздар өлеңді әр қырынан танып, ойды сан саққа жүгіртіп жатса Гетенің көкірек аясының соншалық кеңдігі болар. Соның бәрінен Абай  аудармасы  біздерге етене жақын, әрі көркемдік қуаты жан рахатына бөлейді. Біз оны өз тарапымыздан бұл табиғат ананың жаратылыс құбылысының бір көрінісі, адам жандүниесімен, оның өрекпіген, шалдыққан бір сәтімен үйлесіп, үндестік тауып тұрғаны демекпіз. Бұл сөзіміздің түп төркіні тақырыптың шығу төркініне қызыққан біздерді сонау алыс антик заманының ақыны жазып қалдырған бір туындыны еске салып, соған  жетелейді.
Біздің жыл санауымыздан бұрынғы  VII ғасырда гректерде Алкман деген ақын өткен екен. Ол «Тыныштал, дүние» деген тақырыпта мынадай өлең жазыпты:
Спят вершины высокие гор и бездн 
            провалы
Спят утесы и ущелья,
Змеи, сколько их черная всех земля 
            ни кормит,
Густые рои пчел, звери гор высоких
И чудища в багровой глубине морской,
Сладко спит и племя
Быстролетающих птиц.            
Бұл  сөз жоқ, Гетенің көкейіне қона кеткен туынды. Өйткені, Гете тек ақын ғана, ұлы философ қана емес, сонымен бірге, ірі табиғат зерттеушісі, биолог емес пе еді? Әлгіндей табиғатты жеріне жеткізе тыныштандыруға шақырған көне ғасыр ақыны  мұның назарынан тыс қалуы мүмкін емес.
Байырғы грек ақыны дүние жараты­лысының ұлы ерекшелігін, бүкіл жанды жансыз әлемнің күндіз сергек боп түнде тыным алу заңдылығын ойға алып отырғанын, әу бастағы болуға тиісті тепе- теңдікті қалайда сақтау керектігін жырға тиек еткен. Мұнда табиғат ана жайлы ой басым.Гете  тақырыпты негізге ала отырып, оған адамдық, инсандық реңк беріп, жүрек жылуымен жұмсарта түскен сияқты. Әрине, Абай атамыз ол өлеңмен таныс емес шығар. Бірақ, мәтіндегі жасырынып тұрған табиғат анаға деген көне ақынның жан дірілін, ұлы түйсікпен жазбай танып, қалғыған тау мен  елжіреген далаға деген аялау сезімі құмығып қалмаған. Өйткені қазақ тау мен даланың, табиғаттың төл перзенті. Өзгелерден Абай аудармасының басым боп тұрмағы содан ба дейміз. Енді, сол көне өлеңді біз де қазақшалап көрелік (Алдын ала оқушыдан кешіруін өтінемін, бұл тұста өзіміздің аудармашылық «машығымызды»  көрсетпек деген еш бір пендешілік ойымыз жоқ, тек әңгімеміз жалаң болмай, қызықты болуы үшін дегеніміз ғой). Өлеңге есіміздің кеткені соншалық оның бірнеше нұсқадағы тәржімәсін жасағанбыз, соның біреуі мынадай.
Ұйқыға енген құз жартас, таулар биік,
Терең шатқал түнеріп қалған ұйып.
Қара жерден нәр алған бәр-бәрісі,
Жыландар мен қаншама тау тағысы,
Гуілдеген аралар ығы-жығы
Терең теңіз қызылкөз құбыжығы
Құс атаулы тыншыған  сусылдаған
Тәтті ұйқыға кетіпті бүкіл ғалам.                
Әрине, бұл бір керемет тәржімә деп атаудан аулақпыз. Бәлкім бұдан да жатық, бұдан да  көркем аударам дейтіндер сөз жоқ, табылар. Сол үшін қызығушылар болса көп кітап ақтарып, уақытын кетірмесін деген ниетпен  екі тілдегі мәтінді толық келтіріп өттік.
Дегенмен, Гете өлеңін Абай қалай ау­дарғаны  жайында біздіңше, Г. Бельгерден артық  талдаған авторды кездестірген жоқпыз. Ал, біз ұсынып отырған мына өлең тақырыптың түп төркіні қайдан шықты екен деген әуестік қана.

Түп нұсқа және тәржіма туынды

 Жалпы, аударманың бүгінгі жай күйі жайлы әлгінде аз кем айтқандай болғанбыз.Көңіліміз орнықты болуы үшін аударма теориясы, оған қойылатын қай тілде, қай елде болмасын, бір ортақ тұжырым бар екен. Мейлінше түп нұсқаға жақын болу, ең маңыздысы мәтіндегі мағынаны тап басып тану, өлеңге қойылатын шарттарды сақтау ұйқас, ырғақ, екпін, өлшем.Мәтіндегі бейнелілік, сөз орамындағы көркемдік. Лажы болса түп нұсқада жоқ сөздерді қосуға көп әуестенбеу. Біздер, шынын айту керек, аударманы орыстың ұлы ақындарынан үйренгенбіз. Сонау Жуковский, Сологуб, Бальмонт, Лифшиц, Н. Гумилев, Б.Пастернак, А.Блок,  Эфрон, В. Шкловский, К.Чуковскийлер жасаған аудармалар арқылы әлем әдебиетінің озық үлгілерімен таныстық. Бұлардың бәрінің ортақ ұстанымы, тағы да айта кету керек, тәржімәшінің сөздігі қаншама бай болғанымен, ол тәржімеленіп отырған мәтінге қызмет етпесе, оның қажеті шамалы. Тәржімешінің мәтін сөзін аударуға әрекет үстінде көптеген сол тектес сөздер іздейтіні, неғұрлым көбірек синонимдер табуға тырысатыны белгілі. Бірақ, оны жазушының рухына, стиліне сәйкес келгенде ғана ең жақын дегенін пайдаға асырған жөн делінеді. Әрине бұдан басқа да қойылатын талаптар мен шарттылықтар баршылық. Осының бәріне бас ие, мәтібилік құқық  – тек түп нұсқа, тек мәтін ғана болу керек. Ұнаған өлеңді автормен жарыса, қабаттаса жазуға берілсеңіз өз ісіңіз, өз еркіңіз, бірақ, ол таза тәржіма емес, сол мәтіннің сіз ұсынып отырған жаңа нұсқалары, варияциялары болып шығады. Мұны еркін аударма деп жүр. Немесе тағы сол сияқты  шетел жазушыларын орыс­тандыру (не қазақыландыру) Ресейде де бізде де болған. Бұл тұста бір мысал, ау­дарма ісінің керемет теоретигі және өзі де теңдесі жоқ аудармашы саналатын К. Чуковский Диккенстің тәржімәшісін қа­рапайым орыс сөздерін ағылшынның аузына салып, текке әуреленген дейді. «…Бри­тандық мырзалар мен бегімдердің бір біріне айтқан  «И мы  не лыком  шиты,  Батюшки! Пропала моя головушка. Тю-тю» деген сөздері тым ерсі сезіледі» деп сынаған болатын. Осы тұста тәржіма теоретиктері қазақ, қырғыз,  қарақалпақ жырларын орыс тіліне аударудағы жетістіктерді атап көрсетеді. «Манасты» бірнеше ақын аударған. «Қозы Көрпеш-Баян  Сұлуды» Вера Потапова, «Қырық қызды» А.Тарковский аударғанын білеміз.
Аудармалардың сәтті шығуын аударушылар мәтіннің аса құнды, көркем болуынан деп түсіндіреді  Өзі жақсы шығарманы жаның рахаттанып, сүйсіне аударасың.Одан төмендетуге құқың жоқ. Сайып келгенде, аударманың құндылығы  аударушы ақынның ақындық қуатына байланысты. Әлгі біз келтірген ережелер мен шарттар тек еске алуға болатын бағытнамалар ғана. «Түптің түбінде, қазақтың белгілі аудармашысы Кеңес Юсупов ағамыз айтқандай тәржіменің тағдырын әр қашан тәржімешінің дарыны, оның рухани мәдениеті, оның талғамы, ізеті шешеді». Бұдан артық не айтарсың?!

А.Фетті аудару жайында бірер сөз

Ұлы жазушы Л.Н. Толстойдың өзін тәнті еткен орыстың ғажайып лирик ақыны А. Фетті қазақ ақындары тиіп қашып дегендей біраз аударған. Әйтсе де, арнайы жеке кітап болып басылғанын көрмеппін. 2007 жылы болса керек, белгілі ақын Нармахан Бегалы ұлы Феттен аударған кітапшасын ұсынған еді. Қуана қабылдап, құныға оқып шықтым. Оқып шықтым дегенім дұрыс та емес шығар , өйткені үлкен ақындарды кәнігі оқырман оқып шықпайды, әрдәйім оқып жүреді. Кітаптың жақсы жері сол мұнда орысша мәтін мен қазақша тәржімә қатар беріліп отырады. Оқисың да екі тілдегі нұсқаларды табанда салыстыра бастайсың. Жақсы өлеңдерді сәтті шыққан аударманы көріп тұшынып рахат сезімге бөленесің. Кей тұста аудармашы еркінірек кеткен  кездерінде бұл неге бүйтті екен деп, қайта-қайта оқып белгілі бір байламға келе алмай жүретінің бар. Әр ақын өзіндік стильге ие. Оның жазу мәнері сөз саптауы ешкімге ұқсамауға тырысқан өзіндігі болады. Біз білетін Нармахан мейлінше сыршыл, сөз таңдауда қытымыр, талғампаз ақын.Тағы бір ерекшелігі – сөз жасаушылығы, жаңа, тосын тіркестер табуға, айшықты оралымдар іздеуге құмарлығы. Сіз зауза шілдеде кең далаға ұзақ көз талдыра қараған шағыңызда не көрер едіңіз?Әрине сағым. Ал сол көріністі Нармахан ақын  көріп былай суреттепті.
«Үндесіп тұр талтүсте аспан мен жер
Көкжиек белуардан су кешіп тұр»       
немесе күзгі шақта болар: 
Үміті үсіп үбір шүбір, кіл қымбат,
Сүмпиер ме сіңір сүйек сұрқыл бақ.
Қайрылмайтын мәрт мінезбен 
            тас бұлақ,
Мұздай күйде қайнай түсті бұрқылдап.
Қырсығып жел нәзіктікке  дүрсініп,
Күн бұлтқа бір тұншығып, бір шығып.
Мұңаяды іштей ғана күрсініп,
Қызығынан қытық кеткен тіршілік – деген шумақтарды оқығанда міне, мынау нағыз ақындық демеске лажыңыз қалмайды.Көз алдыңызда бұлыңдаған жадау көрініс көкейге қона кетеді. Содан да «Сағыныштың отты демімен  өртеніп кетті көз жасым» дегендей сіздің де осынау күзгі мұңды күндерде көз жасыңыз өртенген кездеріңіз болған шығар!  Иә, бұл қуатты ақындықтың «қылқаламы жүрегінен созылып барып» қапысыз сурет салған нағыз шебердің қолтаңбасы.
 Нармахан ақын осы арынды шабытымен А. Фетке тиіскенде орыстың сыршыл лиригін қазақтың сырбаз да сыршыл лиригі қалай да еркін меңгеріп кететін шығар деген үмітпен аудармаларға бас қойған жайым бар. Түйсік те үміт алдамапты. Бұл бәлкім екі ақынның та­биғатының ұқсастығынан болар. 
Өз басымыз Фетті оқып отырып, 
«Тихо ночью на степи
Небо сказало ей спи!
И курганы спят.
Звезды ж крупные в лучах
Говорят на небесах
Вечный – свят, свят, свят!  – деген өлеңін қалай қазақшалауға болар екен деп едәуір толғанғам. Әсіресе, «крупные звезды… онан соң.. свят, свят, свят деген жері бар ғой. «Жұлдызы» бәлкім «баданадай» болар ма екен? Деп әрі сәрі күй кешіп жүргенімде, бұл Нармаханда әп әдемі шешімін тауыпты. 
«Жым жырт дала,
Ұйықта деді түнгі аспан
Күңгірт қана.
Орғыл орғыл обалар қарауытып,
Жатыр  ұйқтап молалар жым 
            жырт қана
Жұдырықтай жұлдыздар сыбырлайды
«Жаратқаннан сұратсын ел жұрт пана», – ақынның көңіл күйі дәл табылған. Аудармада ең алдымен ақынның көңіл-күйін дәл табу ләзім, соған байланысты өлең ары қарай өріле береді. Мұнда тек «орғыл, орғылдар» санаға тосын тиетіндей. Ал, «свят» жаратқаннан пана сұрағандық. Бұл діндарлар арасында әбден қалыптасып кеткен шіркеулік сөз. Оның бізшесі «О, Жаратқан! Өзің сақтай гөр! Сияқты болып келеді. Бұлай деп көбіне қатерлі шақта айтады ғой. Фет ақын бұл тұста қандай да бір қатер, қауіпті сездіріп айтып тұрған жоқ. Жайма шуақ мына тыныш түнге пана бол деп тілеуқор болғаны анық. Аудармашы осы тұсты тап басқан деп тәнті болдық.  Осы өлеңде: 
«Нет движенья; лишь порой
Бриллиантовой слезой
Ангел пролетает»  –  деген жолдар бар.
Бұл аудармада: 
«Ұлы үнсіздік ұлғайды ірге жақтан,
Оң баталы періште ұшып өтті
Жауһар жасын жер үшін                     сорғалатқан».  
Қазақта қандай бір жақсы тілектер ай­тылғанда үлкендер жағы әумин! Періш­тенің құлағына шалынсын деп жатады.Адамдардың ниет, пиғылына қарай кейде періштелер төменге түсіп пенделердің тәубасына құлақ түреді. Міне, сол сәт «ангел пролетит» болып  адамдарға сезілгендей жақын келген. Екі ақын осы тұста қапысыз үндесіп тұр.
Аудармада жақсы, сәтті шыққан шу­мақтар едәуір баршылық. Мұндағы біз байқаған жағдай Нармахан әр кезде өлеңді дербес қоймай, оның болмысына араласып, қазақы мағынасын жаңа толықтырулармен, анықтауыштармен ішкі жасырын сырды аша түссем деген ниетін қымтамайды. Мәтіндегі сөздерді түгін қалдырмай аударсам деген ниетті басшылыққа алады. 
«Когда смущенный умолкаю,
Твоей суровостью томим.
Я все в душе не доверяю,
Холодным колкостям твоим.
Қамығумен қабарады қабағым,
Ызғарыңмен ықтырғанда сен мені.
Жалаң  жаным   жаралым,
Мысқылыңа жарты мысқал сенбеді.
Осындағы «…в душе не доверяю» сөзі аудармада «…жарты мысқал сенбеді» боп, түпнұсқада жоқ сөз қосылып (жарты мысқал) ойды  тереңдете аша түскен. Феттің осы өлеңінің қалған екі шумағы да өте жақсы шыққан. Егер, бір авторды шартты түрде бір түске телісек, мысалы, Фетті қызыл, Нармаханды жасыл түс деп белгілесек, аударма тұсында бір бояу бір бояуды ауыстырмай, әр қайсысы өз реңкін сақтай отырып әсем кемпірқосақ өрмегін түзер еді. Енді, бір кездерде қызыл бояуға жасыл бояу көбірек еніп кетсе ол солғын тартып байырғы рең­кінен ажырап қалар еді. Мұны біз «Фет Бегалиевтеніп барады, керісінше ол Феттену керек еді» деп әзілдер едік.  Енді, осы орайда айтатын бір гәп бар. Қалайда өлеңді терең ұғынықтылықпен аударамын деп жаннан, өз тарапынан сөз қоса берудің  де шегі бар сияқты. Қараңыз: 
Чудная картина
Как ты мне родна
Белая равнина
Полная луна.              
Жалпы,  Фет көп сөзді емес. Аз сөзбен жеткізсем дейді өзі Ресейдің провинциясында тұрғандықты ұнатқандықтан өлеңдерінде халықтық әуендер, тіпті, кейде частушкаға да ұқсап кететін әуенге лайық, сазды жырлар, кейде әлдилеулер жиі ұшырасады. Оның мәтіндеріне композиторлар романстарды көбірек жазуының бір сыры осында жатқан сияқты. Аударған кезде осыны да еске ұстаған ләзім ау дейміз.
 Жоғарыдағы өлеңді Нармахан қалай аударды екен, соған зер салайық:
Сусаулы жанға азық,
Жағымтал жалған ай.
Ақ ұлпа жамылған кең жазық,
Сүттене толған Ай.                      
Көріп отырсыздар, аудармашы тым еркін кеткен. Мұндағы алғашқы екі тармақ түп нұсқаға мүлдем келмейді. Феттегі ойнақы әуенге сұранып тұрған ырғақ аудармада ескерілмеген. Және ырғағын, өлшемін жақсы бастап үшінші тармаққа келгенде «жамылған» сөзін қосып буын санын көбейтіп жіберген. Одан соң, ақынның туған өлкесін ет бауырына жақын санап (Чудная картина как ты мне родна) деген  сүйіспеншілік сезімі ескерілмей, елеусіз қалған. «Сусаулы жанға азық, жағымтал жалған ай» жоғарыдағы ұғымды қалай  ойласаңыз да бере алмайды. 
 Негізінде Фетті біле түскен сайын, оның ақындарға қояр талабының аса қатал екенін сезіп, аударуға жүрексіне бересіз.Ол поэзия таңдаулылардың үлесіне тиесілі тылсым дүние деп санаған. Кәдімгі өнер өнер үшін дейтін шікәмшіл топтың, кірпияз элитаның белсенділерінің бірі» «Псевдопоэту» (ақынсымаққа) деген өлеңінде «Молчи, поникни головою, как  бы предсав на страшный суд…» дей келіп, нашар өлеңдерің мен қасиетті муза сарайына аяғыңды аттап басушы болма. Орныңды біл, бұл тәңірілік қасиет деген сөз айтады. Бұл ойын тағы да «Муза», «Ақын» өлеңдерінде жалғастыра түседі. Солай болса да, біз жүрексіне жүрексіне Фетті аударуға тәуекелге барғанымызда бұған  абайламаса болмас, оның өз сөзімен ғана өзімен сөйлесу керек шығар деген ойда болдық. Ал, мына тұста жасыл бояу қызыл бояудан артықтау боп, қанықтау боп түскен. Яки, Фет Бегалиевтеніп барады.
  Фетті аз кем біз де аудардық («Әлем әдебиеті» журналы, «Көкейтесті»  өлеңдер жинағымда, «Бесін ауып барады» өлеңдер жи­нағымда жарияланған). Әлгі айтқан «Чудная картина…» деп басталатынын біз аударған болатынбыз. Нармаханның аудармаларын оқи бастағанда баяғыда студент шағымызда Ізтай ақын мен Шәміл болса керек, бір екі інілері сыншы Қалжан Нұрмахановқа базналық па, реніш пе сондай бірдеңе айтып тұрғанның ішінде болып едік. Сонда аналар Қалжанға, аға, сіз бізді сынайсыз , оңай болса, өзіңіз аударып көрсетіңізші   деген еді. Содан бері  сол сөз естен кетпейді. Сын айту үшін алдымен өзің бәрін бастан кешіріп барып, сосын қаламға ерік беру керек екен-ау дегендей. Сонда да болса бұл тұста мен Нармаханнан жақсырақ аударып отырмын деген ойдан аулақпын. Құдай ақы ондай емес. Жәй, өз аудармамды салыстыра кеткім келгені ғой.
Жақынымдай ең ыстық,
Мына ғажап көрікті-ай!
Аппақ жазық кеңістік,
Әп әдемі толыпты Ай.
Жалт- жұлт еткен қар әне,
Биік көктен нұр құлап.
Барады  жалғыз шаналы,
Көз ұшында бұлдырап.
Аудармада өз тарапынан сөз қосып, өзінше кетсе Абайды үнемі алға ұстап, тасасына тығылудың керегі жоқ. Абай өзінше сөздер қосып, өзгеше ұғым жасаса,  төл туындының ырғағын, өлшемі мен әуезділігін мейлінше сақтаған және бейнелі көркем дүние жасаған. Ал, дәл аударам деп көп сөзділікке ұрыну И. Тургеневтің қара сөзбен жазған өлеңіндей болады. Мұны айтқанда  Тургеневтей жазушыны күстанәлап тұрғамыз жоқ. Ол жанрын өзі айтып тұр ғой, қара сөзбен жаздым деп. Олай болса оған қанша сөз болса да сия береді. Ал, өлеңде аударушы жанынан сөз қосса ол тек бейне, өрнек жасау үшін ғана қосылу керек.
Тағы бір өлеңді талдап көрелік:
Как мошки зарею
Крылатые звуки толпятся;
С любимой мечтою
Не  хочется сердцу расстаться
Мұны Бегалиев:        
Шіркейлердей шұғылаға шүйгіген,
Қапыл қанат дыбыстар үпір-шүпір                     өрледі.
Дегбірсіздеп күй кілең.
Тәтті арманмен қоштасуға шіркін жүрек көнбеді, – деп аударған. Осы  тұста белгілі орыс ақыны, аударма ісінің жақсы маманы Н. Гумилевтың «…Повторим же вкраце, что обязательно соблюдать:
– число строк, – метр и размер,
-чередавание рифм -характер рифм,
-характер слова,
-тип сравнений-особые приемы, переход тона…» деген аудармашыға қоятын талаптары еске түседі. Тіпті, бір қызықты жай – ағылшын өлеңдерінде ер адамдар айтатын (немесе оқитын) сөздердің ұйқасы мен әйелдер оқитын сөздердің ұйқастары  басқа болатын да шарттылықтар бар екен. Бұларды олар еркек ұйқас, ұрғашы ұйқас деп атайды. Аударма жасағанда осыларды  да сақтау талап етілетін көрінеді. Жарайды, бұл сияқты күрделі жаққа бармай ақ, ескермей ақ қоялық. Бірақ, өлең, өлең болу керек қой, көп сөздің жиын­­тығы емес. Өлеңнің ырғақтылығын айтпағанның өзінде бұл аудармада «үпір шүпір», «шіркін» «өрледі» сияқты артық сөздер түп нұсқаның ажарын ашып тұрған жоқ. Өз шартты сөздерімізше жасыл реңк тағы да қалыңырақ жағылған. Н. Бега­лиевтің  кітабына талдау жасап, ұлттық тілдік бояуы қанық, арғы бергі ғұламалардың біраз аруағын қозғаған сыншы Сәрсен-бек Сахабат аударманың жақсы екендігін жеріне жеткізе айтыпты. Біз де соған риясыз қосыламыз. Шынында да, жақсы аудармалар. Қырық өлеңнің бәріне тоқталып жату шарт емес. Біразын айттық. Солардың ең әдемісі меніңше Феттің бөбегіне арнаған «Колибельная­сы» қазақтың әп әдемі аналар әлди жырына айналған. Жалпы, жоғарыдағы айтылған бір екі ауыз сын тұтас аудармаға анау айтқан көлеңке түсіре қоймайды деп ойлаймыз. Бұл дос адамның, өнерге шын жанашыр адамның  жақсы нәрсесі одан әрі көркейе түссе екен деген ниет қана. Нармахан Бегалиевке орыс зиялылары бұл еңбегі үшін дән риза. Оған Әдебиет саласындағы  ең жоғарғы атақтардың бірі К. Симонов атындағы сыйлық тағайындағаны қазақ ақынының еңбегін  жоғары бағалап, соған нағыз лайық деп тапқандығы деп білеміз. Осы тұста Сахабатқа қарата айтылатын бір сөз – Нармахан ақынды қатты қадір тұтып, талантына ерекше тәнті екен. Енді, сол сезімін аударма өлеңді алдын ала талдамас бұрын білдіруге болмас. Ондай жағдайда аударушы не жазса да жақсы көрініп кетуі хақ. Бұл тұста сыншы обьективті болғаны жөн.Мұндайда талғам таразысы түп  нұсқа болмақ.
Аударма мектебі үлкен мектеп. Оның шәкірттері мейлі түбітиек, мейлі тісі түскен кемиек болсын тәртіпті сыйлайтын, талапқа көне білетін шәкірт боп қала беруі тиіс.Жазушы, сыншылардың бірқатары өнер туындыларын талдағанда сыншылардың айтқанын заң деп қабылдау керек дегенді ұстанған.Негізінде олай емес. Сыншының пікірі міндетті емес, тек еске алуға лайық бағалы ойлардың бірі деуге болады. Кезінде Пушкиннің ұстазы В.А. Жуковский сын туралы мақаласында «…предлагайте мысли свои, не думая, чтобы они были неопровержимы…» (В.А.Жуковский, Избранные, М. 1954 г. Стр.516) деген. Сонымен, сынды, әдемі де әділ көркем сынды  белгілі Грек аңызындағы Ге­раклдың жыл сайын бір қызды жеп тұруды әдетіне айналдырған Минтаврды өлтіруге бара жатқанда шым шытырық жолдан адаспау үшін Ариадна сұлудың жіп шиыршықтап бергеніндей жолбасшылық роль атқарғанымен салыстырсақ  артық болмас демекпіз.Әдеби сын- жақсы, сауатты талғамның темірқазығы іспетті.
Байқайсыз ба, осы күнгі жас ақындар аудармаға көп бара бермейді, өйткені ол шаруа көп ізденуді керек етеді. Бүгінгі аудармашылар теле сериалдардағы диалогтарды ғана жақсы меңгерген. Ал, жас сыншылар аз оқиды. 

 

Алдыңғы «
Келесі »