Әдебиет жайлы жазбалар

  • 11.09.2014
  • 1220 рет оқылды
  • 1

Ақжол  Қалшабек,
филология ғылымдарының 
кандидаты

Әуелгі сөз

Бұл бір «үшбу рисала», «дәфтер хат ғибрат»… Әдебиет жайлы  сыр жазу.    

      
***
Стамбол, патша болсаң да, Құддыс,                     Шамға,
Бұхар мен үкім етсең де Үндістанға,
Ағылшын, Қытай, Мәскеу, Римді алып,
Дін түзеп, әмір етсең де бұл жиһанға,
Тұтсаң да жеті ықылымның бәрін                     тегіс,
Кірерсің ақыр бір күн көрстанға.
(Алтыбас Ақмолдадан Ахмет Байтұр­сынұлы көшірген. Байтұр­сынұлыдан мен көшірдім. Бұл не көшіру? Даналық философиясын көшіру. Жәй почерк көшіру емес).
***
Құран: Ал-Уақиға сүресі, 11-37 аяттар:

11. (Аллаһқа) жақын болғандар.
12. Рахат бағында болады.
13. Әуелгілерден көбісі,
14. Ақырғылардан азы.
15. Олар сәнді төсектерде жатады.
16. Бір-біріне қарап жантайып.
17. (Оларға) мәңгі жас балдар айналып жүріп (қызмет етеді).
18. Бұлақ (шарабы құйылған) тостаған, құмыра кеселермен,
19. Ол бас ауыртпайды, ақылдан айырмайды,
20. Қалаған жемістер бар,
23. Сақтаулы інжу сияқты.
24. Бұл істеген амалдарының сыйлығы.
25. Онда олар лағып айтқан бос һәм күнәлі сөздер естімейді,
26. Тек «Сәлем»,«Сәлем»деген сөздерді естиді.
27. Оң жақпен келушілер. Оң жақпен келушілер кімдер?
28. Олар тікенсіз Лотостардың ішінде,
29. Жемістері салбыраған банандардың,
30. Қою көлеңкелердің,
31. Сарқырап аққан сулардың
32. Мол жемістердің ішінде болады,
33. Ешқашан таусылмайтын һәм ешкім қорымайтын.
34. Олар биік төсектерде жатады.
35. Біз оларды жаңа бейнеде,
36. (Еркек көрмеген) қыздар етіп жаратамыз,
37. Тек күйеуін сүйетін, құрдастар етіп жаратамыз.

Р.S. Құран тілі – көркемдік атаулының Эвересті ғой. Оған теңесер күш-қуат қайда?! Автор құран аяттарын шамасына қарап аударды, әйтпесе, Алла – жаратушы, біз бар болғаны автор ғанамыз…
***
Абайдың әдебиеттегі алтын ережесі мынау болған: «Өнер шарғыға муафих болсын…»
***
Олжас Сүлейменов: ол кетті «Аз и Я» дан (қайда?) «Итал и Я»-ға..

***
Хрущев кезінде тұрған «жылымық» («оттепель») әсерінен пайда болған орыс әдебиетінің «алпысыншы жылғылары» («шестидесятники») Андрей  Вознесенский мен Евгений Евтушенкодан үзінділер: Андрей  Вознесенскийдің түнгі пейзажы:              
Сколько звезд!
Как микробов в воздухе…  
Е.Евтушенко:    
Потеряла Россия в России Россию
Она ищет себя, как иголку в стогу…
Евтушенко «алпысыншы жылғылар» деп: Гагарин, Высоцкий, Сахаровтарды атайды… Қазақтың алпысыншы жылғылары: режиссер Шәкен Айманов, композитор Шәмші Қалдаяқов, суретші Салахаддин Айтбаев, Д.Қонаев, І.Есенберлин, «Жас тұлпар» ұйымы, «Лениншіл жас» газеті, 1975 жылы Нью-Иоркте «Қола Прак синоскоп» жүлдесін алған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр»? атты қазақ мультфильмі, т.б.                
***
Тагор
«Мен өзімнің бос сөз екеніме ұяламын»! – деді Сөз Еңбекке. «Мен өзімнің тым жұтаң, қарабайыр кедей екенімді білемін»! – деді Еңбек Сөзге.  
Алаулаған жалынға оның түсірген жарығы үшін рахметіңді айт, бірақ, оның көлеңкесінде үнсіз шыдап, сабырлық сақтап тұрған білтені де ұмытпа.
Тазалық ол – махаббат тасқынынан, сезім шырынынан пайда болатын байлық.
Өмір жазғы гүлдердей әдемі болсын, өлім күзгі жапырақтардай тартымды болсын
(Тагорды қарап отырмай қазақшаға аударған автордың нақ өзі)
***
Сұлтанмахмұт:
Підие, зекет, пітірге қапшық болып,
Миллетке микробтігі тие отыруға…
Қазаққа басшымыз дер шляпалар,
Очки сап, портфель ұстап жүрген                 жандар,
Істеген он тиындық еңбегі жоқ,
Бос мылжың даурықпада қанша 
            мән бар.
***
REQUIEM
( Реквием)
1935-1940
..Муж в могиле, сын тюрьме,
Помолитесь обо мне.             
 (Анна Ахматованың 30 жылдар қасіре­ті туралы айтқаны. А. Ахматованың күйеуі – орыстың атақты  ақыны, акмеизм ағымының теоретигі, кейіннен пролеткульт лекторы – Н. Гумилев, ұлы – атақты кеңес тарихшысы – Л. Гумилев. Шығарма жазылған кезде большевиктер ақынның күйеуін  атып, ұлын Қарағанды лагеріне қамаған болатын).
***
Машһүр Жүсіп Белинскийді, Көкбай Ленинді, Шәкәрім Гаспринскийді, Абай Салтыков (Щедринді) әжептеуір-ақ дәріптеген екен…
***
Кеше:
«..кертартпа ағымдар бүкіл әлемдік әдеби дамудың кезең-кезеңдерінде көптен-көп: әдебиеттегі мазмұн дегенді біржола ұмытып, жалаң пішінді ғана қуалаған жат сарынды формализм, оның асқынған түрі – абстракционизм, бұлардың  «бел балалары» –әсіресе қы­зыл экспрессионизм, бет алды лаққан фу­туризм, дарашыл, күйрек импрессионизм, күңіренген символизм, діни-мистикалық акмеизм, қылтың-сылтың трюкке толы имажинизм, күллі кертартпа ағым атаулының бүгінгі буржуазиялық өнердегі қырық құрау қосындысы – өңі айналдырылып, қайта тыс­талған түрі – модернизм…» (З.Қабдолов. Әде­биет теориясының негіздері. 1970. 363 б).
Бүгін:
«Модернизм, абстракционизм, авангардизм, экзистенциализм, мифологизм, сюрреализм» сияқты ағымдар өркениетті елдер әдебиетінің тарихында өз ізін қалдырды. Енді осы әдіс-тәсілдерге үрке қарауды қою керек те сияқты. Көркемдік ізденістері алуан түрлі, егемен еліміздің ешкімге ұқсамайтын жаңа дәуірінің ұлттық әдебиетін жасау – алдымызда тұрған зор міндет» (Ш.Ыбыраев. «Әдебиетіміз үдеп жүр ме, жүдеп жүр ме». «ҚӘ» газеті. 1996. №10).
***
Ал, енді, осы екі пікірден соң, үшінші жол іздемей көрші…
***
Бұралаң тарих: Ұлы Отан соғысы кезінде Бауыржан Момышұлы деген қазақ Мәскеу түбінде немістерге күйрете соққы беріп, орыс жазушысы А.Бек оның жатқа айтуымен 1942 жылы  «Волоколамск тас жолы» атты повесть  жазып, 1943 жылы оны «Знамя» журналында жарияласа, осы кезде Мәжит Айтбаев деген   тұтқын, эмигрант, жазушы қазақ Берлин қаласында «Түркістан ұлттық бірлік комитетіне» мүше болып, «Милли әдебиет» альманағының бас редакторы қызметінде жүріп, 1943 жылы Берлинде «Абылай хан (дастан) және басқа өлеңдер» атты кітап шығарған.                             
***
Қара өлеңнің қара иірім даналы­ғынан:
Ай батса қалар дала күңгірт болып,
Көктемде қой өледі қылқұрт болып.
Барында оралыңның ойна да күл,
Қалармыз біз де бір күн жым-жырт болып.
***
      Бейсенбай Кенжебаев – қазақ әдебиеті тарихының мұзжарғыш кемесі болған… 
***
Филологтың ғарыш туралы айтқаны: «Тоқтар Әубәкіров – дулығаны скафандрға ауыстырған батыр қазақ».                       

***
Тәкеннен: Дүрмек бар жерде даңғой бар.Соқыр тауықтың талғамы дананы танымайды, жемді таниды. Бұлбұлға есектен ән үйрен деп ақыл айтқан қарға өзінше ағынан жарылған.                                                                                    
***     
Модернизм
В.Хлебников: Бобэоби  пелись губы; А.Крученых: Дыр буль щыл (убещур) скум; Қиясбай: Айдалада ақ қасқыр опақ-сопақ, Ақ сиырдан туады жирен айғыр, Аспанда ителгі құс пішен жейді; «пролеткультші» Маяковский: Я меряю по коммуне стихов сорта;   
R.S. «Шолпан» Дарвинді мақтайды. Л.Толстойдың  «Воскресение» атты романының кейіпкері, төңерісшіл Набатов «тезектің бидай дәніне, бидай дәнінің тауыққа, итбалықтың құрбақаға, құрттың көбелекке, жаңғақтың еменге айналатынына» сенген, бұндайға тек сюрреалистер мен футуристер ғана сенеді.      
***
Совет (кеңес) фольклоры: «ВКП(б) –все кончится погромом (большим)», «Серп и молот – смерть и голод» («АиФ» газеті, №20, Май, 1996).
Ұлы Отан соғысы кезіндегі фольклордан:             
Әнгреннен ат келді,
Ат жалында хат келді.
Апармай кеткір қу пойыз,
Апарып тастап бос келді.
(Сөлтай әжем)
***
Өтірік – пүліш, шындық – қылыш (Қадыр Мырзалиев).
 ***
Синекдоха: «Қызыл пагон» Москва өлді. «Бесжұлдыз әдебиет»  тарқады. Пролетукульт күл-талқан болды.     
***
Жұлдыз Самырат: автордың әдеби бүркеншік есімі.
***
Толстой
Бывают люди машинные, которые отлично работают, когда их приводят в движение, но сами не могут двигаться (Машина тектес адамдар болады, қозғалысқа түсірсе болды мүлтіксіз жұмыс істейтін, бірақ, өз беттерінше қыбыр ете  алмайтын).
 Һашия:Толстой қуыршақ адамдар туралы айтып жатыр… 
Если бы цель жизни состояла только в том, чтобы люди переделывались из детей в стариков, то люди не умирали бы до старос­ти (Егер өмірдің  мағынасы  жас адамның қартаюында ғана болса, онда адамдар қартайғанша өлмес еді). Р.S. Өмірдің тек ішіп-жеуден тұрмайтындығын дәлелдейтін қарапайым қисын.
Воспитание. Стоит заняться воспитанием, чтобы увидать все свой прорехи. А увидав начинаешь исправлять их. А исправление самого себя и есть найлучшее средства воспитания свойх и чужих детей больших людей. 
Женщина делает большое дело: рожает детей, но не рожает  мыслей, это делает мужчина. Һашия: Бұны Клара Цеткин оқымаған ғой…  
Все мы думаем что наша обязанность, призвание – это делать разные дела: воспитать детей, нажить состояние, написать книгу, открыть закон в науке и.т.п., а дело у всех нас только одно: делать свою жизнь, сделать так, чтобы жизнь была цельным, разумным, хорошим делом. Һашия: Құдай-ау, соған қолымыз тимей жүр ғой… алдыңғыларына айналып.
Будущего нет. Она делается нами (Болашақ деген болмайды, оны  бүгін жасайды).
Дело жизни не в том чтобы быть великим, богатым, славным, а в том чтобы  соблюсти душу (Өмірдің мәні ұлы болу, бай болу, атақты болу да емес,  жан дүниеңді кірлетпей, таза ұстауда).
Жизнь есть умирание. Хорошо жить – значить хорошо умирать. Постарайся хорошо умирать (Өмір ол – өлу. Жақсы өмір сүру деген  – жақсы өлу деген сөз. Жақсы өлуге тырыс).
Человек не знаеть что хорошо, что дурно а пишет исследование об упавшем аэролите и о пройсхождении слово «куколь» (Адам қызық. Не жақсы  не жаман екенін ажырата алмай тұрып, опат болған аэролит пен «куколь» (арам шөп түрі) деген сөздің шығу тегі жайында зерттеу жүргізеді).
Вера в авторитеты делает то, что ошиб­­ки авторитетов берутся за образцы. Һашия: Қазақияның тарихы осындай авто­ри­теттердің қателігіне толы бол­маса не ғылсын… Біздің «Атекем біледі» сияқ­ты нәрсе ғой…  Қараңыз: (Мейір­хан Ақдаулетұлы, «Этнографиялық жа­сырынбақ…» немесе «намысшыл зия­лы­ларға құлаққағыс» // «ҚӘ» газеті, 7 қаң­тар, 1998 жыл).  
Удивительное дело: я знаю про себя, как я плох, и глуп, а между тем меня считают гени­аль­ным человеком. Каковы же остальные люди? Р.S. Бұндайды тек Толстойдан есті­дім.
Обыкновенно говорят: это очень глубокомысленно и потому не вполне понятно. Это не правда. Напротив. Все то, что глубоко, то ясно до прозрачности. Как вода, которая бывает мутна на поверхности, а чем глубже, тем прозрачнее. Р.S. Бұған «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған»  Мұқағали жырлары дәлел.
Толстойдың мінәжәті: «Помоги, бог мой. Научи. Одного хочу – делать не свою, а твою волю. Пишу и спрашиваю себя: правда ли? Не рисуюсь ли я перед собой? Помоги, помоги, помоги». (21.07. 1909). Р.S. Толстойды көп оқи бермеу керек. Әйтпесе әдебиетпен айналыса  алмай қаласың. Әдебиетпен шын айналысам деген адамның ақиқатында Толстойдан аулақ жүргені  абзал. 
***
    Шедевр – тұтас кезең жемісі. «Қарт­қожа», «Батыр Баян», «Оян, қазақ», «Айтыс» – алашорда кезеңінің мәністі мәнерлерінен. І.Есенберлин, О. Бөкей прозасы, Мұқағали лирикасы, М.Шаханов балладалары – «алпысыншы жылғылардың» айқын қолтаңбасы. «Алпысыншы жылғылардан» кейін арнайы әдеби кезең қалыптанған жоқ. Сондықтан да шедевр жоқ. Қалыптасу жүріп жатыр. Ол міндетті түрде болады. Ендігі кезең –  тәуелсіздік кезеңі. Кім оған ілінеді? Белгісіз. Алмас қылыштай қаламдар әр жерден-ақ жарқылдайды…
Бірақ,  тарих пердесі толық түрілмей тұр, әзірше.
***
Сыншы қандай болу керек? Ж.Аймауы­тов пен Т.Әлімқұлов сияқты болу керек. 
***
Реализм ол бар болғаны –  «мимесис» («табиғатқа еліктеу») ғана ғой (Аристотельдегі).  
***
Ай – қап
 «Тіл, әдебиет –  дүниедегі барлық бақыт, сығаттың,  ғылым, өнердің, дін уа мәдениеттің асыл ұршығы дүр» (Ғұмар Қараш, Айқап, 1911, №10). 
***
Б.Момышұлы
Тексізден тезек артық.
Арсыздан айуан артық.
Көп тұрған су сасиды, 
ойламаған ми сасиды.
 Өтіріктің балын жалап тірі жүргеннен, шындықтың уын ішіп өлген артық.
Бақаның бағынан сұңқардың соры артық.
Соғыс – халықтың күш-қуаты мен ерік-жігерін сынайтын ұлы емтихан.
Һашия: Бауыржан – рух қой! (М.Мырзах­метұлы).
***
Нет магии сильней, чем магия слов.                        А.Франс.
***
Шерханның  шерлері:
Өлгеннен соң байдың да сүйегі аппақ, кедейдің де сүйегі аппақ.
Шындықты бұрмалаушылар көдеден де көп.                     
 Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана.
Улы араның денесінен бал тамшылайды.
Тікені ащы сояудан раушан гүлі жұпар шашады.
Бізге үлкен ел, ұлт болу үшін әр ру өз туын шошаңдата берсе сол –  қайғы. Көп ту Көк туды құлатады. Мемлекет біреу. Ту біреу. Басқаның керегі жоқ.
***
Қалам
Ол (адамға) қаламмен (жазу-сызуды) үйретті ( Құран, 94/4). Ғалымдар айтады: Үш түрлі қалам бар. Біріншісі –  Алла  қолымен жаратқан қалам. Ол қалам дүние жаратылғаннан бастап, Қиямет күніне дейін болатын нәрселерді жазған. Екіншісі –  Алла  періштелерге сыйлаған қаламдар: олар болмыстарды, амалдарды, тағдырларды жазады, үшіншісі – адамдардың қаламдары. Бұларды Алла адамдарға сыйлады. Олар өз сөздерін жазады және басқа да мақсаттарына пайдаланады. Қалам – Алла Тағаланың ұлы нығметтерінің бірі. Егер қалам болмаса дін де тұрғызылмас еді, тіршілік те түзу болмас еді. Бұл нығмет Алла Тағаланың шексіз жомарттығын білдіреді. Ол пенделеріне білмеген нәрселерін үйретіп, оларды надандық қараңғылығынан білім нұрына шығарды. Сондай-ақ жазу білімінің артықшылығы туралы да баса айту керек. Бүкіл  ғылымдар, даналықтар бұрынғылардың  хабарлары мен айтқандары  жазу арқылы ғана  сақталды. Егер жазу болмағанда  діннің де, дүниенің де істері тұрақты болмас еді (Һашия:Қалам ұстайтындар ойлансын… Қалам ойыншық емес).    
***
Түйін
Сана тазарса әдебиет  таранар еді. Әдебиет тарану үшін алтын тарақ керек. Сана тазару үшін жұмсарған жүрек керек. Әдебиет – айна. Ішкі сарайыңның айнасы. Ішкі сарай көмір болса, әдебиет – көмір, ішкі сарай алтын болса – алтын, темір болса – темір, бізге іші – алтын, сырты – күміс әдебиет керек, ағайын. Сырты –  бүтін, іші –  түтін әдебиеттің керегі жоқ. Жаңа заманның, жаңа ойдың жаршысы болатын асыл сөз керек. Жаңа ой – ақиқатпен жаңарып, өтірігі өлген ой. Ондай ой – былғаныш, ауру яки өлі  жүректен шықпайды. Жаратқанның қасиетті жазуына бойұсынған, саф таза, сау жүректен ғана шығады.  
    ***
Тәмәм.

 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Аға мектеп табалдырығында журген шағымнан балағыңызға еріп, студентіңіз болып шәкіртіңіз атандым. Сіз аймүйіз Абайтанушы Мекемтас атамыздың шәкіртісіз. Мен сiзге лайық шәкірт бола аламын ба деген сұрақты өзіме жиі қоямын. Әрқашан Оқырманның абзал алғысына бөленіп, халық қадірлісі атанып, көсегеңіз көгере бергей.

    Ініңiз Әзімхан Исабек.

Пікірлерге тыйым салынады.