М. Әуезовтің ұлт фольклоры мұрасын жинау, жариялау және насихаттау саласындағы еңбектері жайлы бірер сөз

  • 11.09.2014
  • 2324 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әлем мәдениеті тарихына туған хал­қының парасат болмысын танытқан М. Әуезов даналығы ең алдымен туған елінің рухани бұлағынан нәр алды. Өйткені, даналық өз жұртының ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық рухани қазыналарының інжу-маржандарын өз бойына сіңіріп барып, оны заман талаптарына сай еліне жаңғыртып, түлетіп жеткізуден тумақ. Оған М. Әуезовтің Ж. Аймауытовпен бір­ге Ташкентте шыққан «Алаш» газетінің 1917 жылғы 30 наурыздағы 16-санында жарияланған ең алғашқы баспа бетін көрген еңбегі «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласындағы ой сілемдерінен бастап, «Әдебиет тарихы», «Қазақтың ауыз әдебиеті» кітаптары мен «Әр жылдар ойлары» жинағына топтастырылған зерттеу еңбектері мен «Абай жолы» роман-эпопеясындағы фольклорлық, этно­графиялық, этнопедагогикалық мол суреттемелері айқын дәлел.  М.Әуезов өзінің алғашқы публицистикалық еңбектерінен бастап-ақ, халық мұра­сының тағлымдық мәнін ашып айтумен ғана шектелмей, осы бағытта өзі ұстанған өзгеше қайсар өлшем, таймас берік танымынан айнымайды.  Бұл орайда М. Әуезов еңбектерінің екі арнада өрістегені белгілі.

Оның бірі – ғалымның халық мұрасын ғы­лыми зерттеу нысанына алуы болса, екіншісі – оларды суреткердің көркем туындыларына өзек етуі болатын. Мұ­ның алғаш­қысына 1922 жылы «Шолпан» журналының 3, 4- сандарында жарияланған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласынан бастап, диссер­та­цияларында, монографияларында, ғылыми-зерттеу мақалаларында, түрлі жи­нақтар мен оқу­лықтарында басылған еңбектерін, ал, екінші арнасына «Еңлік-Кебектен» бастап, «Абай жолы» ро­ман-эпопеясына дейінгі көркем туын­ды­ларын жатқызамыз. Мұның сыр­тында көп­шілікті халық мұрасын жинауға ат салысуға шақырып, 1925 жы­лы 23 көкекте «Қазақ тілі» газетінде «Әде­биет ескілігін жинаушыларға» атты мақа­ла жазып, онда ұлт мәдениетін дамыту үшін оқу саласындағы тіл, әдебиет, тарих, салт-дәстүрді өркендету керектігін, ал бұ­лардың өркендеп, өсуі ел ескілігін халық ішінен жинап, бастыруға байлаулы екендігін айтып қана қоймай, өзі бас болып 1924-25 жылдары «Таң» журналына, кейін өмірінің соңына дейін түрлі басылымдар мен жинақтарға фольклор мұраларын үзбей бастырып отыруының өзі зор ғибратты тағлым екені аян. 

Осы орайда айта кетер жайт, аталған мақала жарияланған басылымда М.Әуе­зовтің автор ретінде есімі жа­зыл­маған. Ол турасында жазушы шы­ғар­машы­лығының білгірі Қайым Мұха­метханов «Қазақ әдебиеті» газетінің 1971 жылғы 15 қаңтардағы санында архив деректерінен дәлел келтіре отырып жариялады. Ол дәлелдердің нанымдылығы да, мақа­ланың тілі, ой оралымдары да оның М Әуезов туындысы екендігіне күмән тудыр­мастай. Оның үстіне мақаладағы негізгі ой жазушының «Әдебиет тарихы» зерттеуіндегі ой-пікірлерімен сабақтасып, тіпті кей жерлері сол күйінде қайталанып та отырады. Айталық, мақаладағы әдебиет тарихын жинап, зерттеудің маңызы туралы айтылған тұстар кітаптың «Жазушыдан» деп аталатын арнауындағы ойлармен тікелей үйлесіп жатса, мақаладағы Қодар образына берілген мінездеме мен жар-жардан келтірілген мысал кітаптың «Қозы Көрпеш – Баянның мәнісі»  атты тарауында еш өзгеріссіз қайталанып келеді. Міне, бұл айтылғандар «Әдебиет та­рихы» зерттеуінің сол 1924-1925 жыл­дары жазушының педтехникумдағы  курс­тарда жүргізген дә­ріс­тері негізінде дайын­далға­нынан мағ­лұмат берсе керек. 
Сонымен, осы мақалада ол ел ішінен қандай мұраларды жинау керектігін саралап жазды. Сөйтіп, басқаларға фольклорлық мұраларды жинаудың жолын көрсетіп қана қоймай, өзі де осы бағытта зор еңбек етті. М. Әуезовтің ел ішінен жинап бастырған фольклорлық мұралары жайлы еңбектерін тізіп атасақ, олар мыналар: 
1.1924-25 жылдары өзі редактор болған Семей губерниялық атқару комитетінің тілі «Таң» журналында бастырған  «Абайдың кейбір өсиет сөздері»,  «Бұхар жыраудың Керейге айтқан сөзі. Көкбай ақсақалдан», «Бұхар жырау сөздері. Көкбай ақсақал айтуынша», «Сыбан Сабырбай ақынның төреге айтқан сөзі»,  «Айтаңсықтың қоштасқаны». Ақын айтуындағы «Қозы Көрпеш-Баяннан», «Жаман бақсының сарыны. Көкбай, Тұраш ақсақалдардың айтуынша», «Жаман сарт сарыны», «Сыбан Ақтайлақ  би. Көкбай ақсақал айтуынша», «Абылай орыспен соғысамын дегенде Бұ­хар жыраудың айтқан бір толғауы», «Күдері қожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны», «Мәлике қатын мен Тоқтамыс би» нұсқалары.
2.1924 жылы жазда Жетісу губерния­сының Алматы, Жаркент өлкелерін аралап,  сол экспедиция кезінде «Сары қыз бен Омарбектің айтысын» жазып алған. 
3. 1924 жылы Семейде керей Уәйіс ақыннан «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» Жанақ пен Бейсенбай ақындар жырлаған нұсқасын жазып алып, 1936 жылы кітап етіп бастырған.
4. 1933 жылы Шымкент драма теа­трының артисі Отызбай Жұмабаевқа Кентау қаласындағы Дәнібек деген қариядан «Үміт қыздың өлімі» атты поэманы жаздырып алған.
5. 1934 жылы маусымда Алматы облысы Іле ауданында тұратын Нұралин деген азамат «Бай мен кедей» айтысын Өмірзақ ақыннан жазып алып, М. Әуезовке жіберген.
6. 1941 жылы маусымда Семейлік Садық Қасиманов ел арасынан «Байжұман» деген поэманы жазып алып, М.Әуезовке жіберген. 
7. Осылайша М. Әуезов өзі және оның ұйымдастыруымен жиналған фоль­клор­лық мұраларды баспасөзде жариялату  жұмысымен қатар айналысты. Мәселен, 1940 жылы С. Аманжолов құрастырған «Жұмбақтар» жинағына редак­торлық етті.
8. Қазақстан Ұлттық Ғылым акаде­миясының фольклор бөлімінде жиналған мұраларды сұрыптап, баспаға даярлау негізінде 1959 жылы «Қамбар батыр», 1961 жылы «Алпамыс батыр», «Қыз Жібекті» кітап етіп бастырды.
9. Қазақтың фольклорлық мұраларын орыс тіліне аударып, бастыруға еңбек сіңірді. 1940 жылы Москвада «Песни степей» атты қазақ әдебиеті антологиясы жинағының фольклорлық бөлімін М. Әуезов құрастырды.
10. 1953 жылы Москвада Сидельников құ­растырған «Казахские народные сказки» жина­ғының редакциясын басқарды.
11. 1958 жылы Фрунзеде қырғыз ғалымда­рымен бірге редакциялық ұжым мүшесі ретінде «Манас» эпосының ғылыми басылымын шығаруға қатысты.
12.1940 жылы қалмақ халқының эпосы «Жәңгірді» жеке кітап етіп шығарды.
13.Т.Ізтілеуовтің айтуымен жазып алынған «Рүстем батыр» эпосын 1961 жылы жеке кітап етіп шығарды.  
М. Әуезов халық мұрасын жинап, баспасөзде жариялау ісімен қатар, олардың мәнін қалың оқырманға түсінікті де нәрлі тілмен жеткізу бағытында да тер төккен публицист қаламгер болғаны аян.  М. Әуезовтің фольклор мұраларын ел ішінен жинау мәселесіне арналған  «Халық әдебиеті туралы»[1] деген  мақаласы 1924 жылы Ташкентте шығатын саясат, шаруашылық, мәдениет, ғылым һәм техника саласындағы жетістіктер жазылып, жастарды өнер-білімге шақыратын «Жас қайрат» журналында жарияланды. Онда ол көмескiленiп, ұмытылып бара жатқан халықтың ауыз әдебиетi үлгiлерiн,  халықтық мұраларды тез арада жинап, баспа орындарына беру жөнiнде өтiнiп, үлкен мәселе көтередi: «халық әдебиетi жиналып, жазылып қағаз бетiне түспесе, бiрден-бiрге ауызға тапсырылып жүргенде қайта жоғалып, өшпесе, өнбейдi» – дей келіп,- «менiңше, халық әдебиетiн жинауға қолайы бар адамдар оқыған шәкiрттер болуы керек. Шәкiрттер жаз елiне барған жақ­тарында халық әдебиетiн жинап, керектiсін тауып пайдаланатын,  басылып,  жарыққа шығарылатын, баспасөз майданына түсетiн жерге жеткiзуi керек. Әсiлi, ескi әдебиетiмiздi жинауға жас оқығандарымыз күш көрсетпесе, халық әдебиетiмен аз жылда ашық қоштасармыз» [1] – деп тиiмдi жағын қа­растырып, дұрыс бағыт та көрсетедi. Бұл орайда, оның Семей облыстық «Қа­зақ тілі» газетінде «Әдебиет ескілігін жи­наушыларға»[2] атты мақала жазып, онда: «Шаң басып жатқан ескілікті жинап, басын құрап, көпшіліктің мүлкі қылып беру жалғыз ғана әдебиетті сүюшіліктен тумайды. Жақын жердегі алдыңғы керегі әдебиетті сүйетін қазақ оқушысына ой, сезім азығын беру болса, одан кейінгі зор пайдасы қазақ тілінің қалыптасып, нығайып, өзіне біткен көрігі мен күшін жинау үшін керек. Көрік пен күш жинау елдің ішкі байлығын сыртқа шығарып, бетін ашады. Өткен заманның қадірлілері талайдан келе жатқан  қазақтың бұл күнге дейінгі көмескі болып келген ақыл, сезім жолындағы бітімін айқын көрсетеді. Талайдан қалыптанған  ой тұлғасын көзге елестетеді. Қазақтың өткен күндегі тұлғасы айқындалмай, келешегінің беті ашылмайды. Өткен күннің ұғымы мен нанымы, әдеті мен салты анықталып, екшелмесе, алдыңғы бет түзелмейді» [2], – деп фольклорлық мұралардың ел өмірі мен келешек мәдени тағдырындағы маңызын көрсете келе, нақты әдебиет пен тарихқа қатысты қандай түрлерді жинау керектігін атап-атап көрсетуі куә. Сол көрсеткендерін жинауға өзі де ат салысады. Ол жайында қаламгердің халық ағарту қызметкерлерінің Одағына мүшелікке тіркелу үшін 1929 жылы 28 қаңтарда толтырған анкетасындағы: «В 1926 ездил в Семипалатинскую губернию, на родину казахского поэта Абая, для сбора материалов, касающихся его жизни и деятельности.
В 1927 г. в Жетысускую губернию и летом 1928 г. в Киргизию  с научным заданием  в составе экспедиции Московского института Востока» [3], – деген деректері бар. Сондай-ақ, М.Әуезовтің 1927 жылы жаз айларында І.Жансүгіровпен бірге Жетісу өлкесіне экспедицияға барғаны жайлы В.Н.Әуезованың естелігінде де жазылған [4,376]. Қаламгердің «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» тарихи повесі осы экспедициялар нәтижесінде дүниеге келген болатын. Ал, «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің бас кейіпкері М.Әуезовтің ташкенттік әдеби ортада араласқан адамы Тұрар Рысқұловтың әкесі екені белгілі.
Әуезовтiң фольклор мәселесiне осын­шалықты үлкен мән бере қарауының бiр себебi, жаппай орыстандыру саясаты қарышты қадаммен қала мен қыр елiн жайлап бара жатуы едi. Орыстар ерте қоныстанған Семей өлкесiнде өзге дiндiлердiң көптеп шоғырлана бастауы, орыс мектептерiнiң ашылуы, басқару орнында тек орыстар отыруының бәрi қазақ тiлi мен дiнiне нұқсан келтiретiнiн жазушы жете түсiндi. Ахмет Байтұрсынов: «Хұкiметке керегi – мемлекеттегi жұрт­тың бәрi бiр тiлде, бiр дiнде, бiр жазуда болу, ал, халыққа керегi – өз дiнi, тiлi, жазуының сақталуы»[5,185] – деп тегін жазған жоқ едi.  Зиялы ағаның бұл сөзi жас зерттеушiге үлкен ой салды. Әуезовтiң халық арасында ұмыт болып, жоғалып кетудiң аз алдында тұрған ауыз әде­биетiнiң үлгiлерiн жинауға бел бууында, ат салыса кiрiсуiнде де саяси мән жатқанын осыдан ұғу қиын емес. Сөйтіп, Мұхтар Әуезов «Халық әде­биетi ту­ралы»  мақаласындағы пiкiрiн «Әдебиет ескiлiгiн жинаушыларға» атты мақаласында толықтыра түседi. Онда ол, ел ескілігін жинау бiр-ақ беттегi адамдардың мiндетi емес, оқи бi­лiп, жаза бiлген бар қазақ баласының мiндетi деп, бұл жолда ең алдыңғы тiлектi ел iшiнде ескi сөз­дi бiлетiн кәрi құлақтарға айтамыз дей келе, Кирпедтехникумның 100 шәкiртiне ауыз әдебиетi үлгiлерiн жинау жөнiндегi нұсқау берiлгенiнен құлағдар еткен.
Ел iшiнде кең тарап, көп айтылатын батырлар жыры, ақындар айтысы, шешендiк сөздер, тарихи өлеңдер, әр рудың шежiресi, хандық дәуiрдi белгiлейтiн әңгiмелердi, яғни әдеби-тарихи маңызы бар ұлттық құндылықтарды жинауды ұсынады. Жазушы мұндай ұсыныс-пiкiр жариялап, құрғақ сөзбен ғана шектелмейдi, iргелi iстiң басы-қасында жүрiп, ел арасынан жиналған үлгiлердi сұрыптап, таңдай отыра, араға көп уақыт салмай «Әдебиет тарихы» атты көлемдi де құнды еңбек жазды.

Құралай Мырзаханқызы,
Абай атындағы Қазақ  ұлттық педагогикалық университеті 
Магистратура және PhD 
докторантура институтының 
1-курс магистранты.  

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әуезов М. Халық әдебиеті туралы// Жас қайрат, 1924, №3,4.
2.  Әуезов М. Әдебиет ескілігін жинау­шыларға// Қазақ тілі, 1925, 23-көкек.
3. Ташкентский период Мухтара Ауэзова//Панорама Шымкента, 1999, 25 ноября.
4. Ауэзова В. Первые годы //кітапта: М.Ауэзов в воспоминаниях современников. Алматы: «Жазушы», 1997, -432 стр.
5. А.Байтұрсынұлы. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы: «Алаш», 2003, -380- бет.

Алдыңғы «
Келесі »