Ағылшын тілін қалай жақсы меңгеруге болады

  • 11.09.2014
  • 742 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ағылшын тілін қалай үйренуге болады? Кез-келген тіл білуге құлшынған жанның ойында тұратын сұрақ… Полиглоттар тарихында: Шығыс ғұламасы Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерсе, шотландиялық Дерик Хернинг 22 тілде еркін сөйлейді екен. Ендеше біздің ағылшын тілін еркін меңгеруге толықтай мүмкіндігіміз бар. Әлемде үйренуге қиын тіл жоқ. Әр тілдің өз заңдылығы бар. Ең алдымен тіл үйренемін деген адамға мотивацияның болуы аса маңызды. Ол мотивация – сіздің мақсатыңыз болмақ.
Сонымен ағылшын тілін мең­геру­дің тиімді жолдары:


1. Дұрыс ресурстарды таңдағаныңыз дұрыс: грамматикалық оқулықтар, фильмдер, бағдарламалар
2. Сөздік қорыңызды көбейту керек. Көп уақыт бойы сөздікке телміріп есте сақтаудан шаршайтын боларсыз. Ендеше визуалдылыққа көшіңіз. Ұзақ мәтінді сөздерден қарағанда, мультимедиялық көріністерді көбірек көріңіз. 
3. Ән тыңдағанды ұнатасыз ба? Олай болса, ұялы телефоныңдағы ән жи­­­на­­ғын өзгертуге тура келеді. Көңілді, баяу айтылатын ағылшын тілінің әндерін тізім­ге қосыңыз. Меңгеріп жүрген тілде көбірек ойлап және еркін сөйлеуге машықтаныңыз.
 4. Бейнебаян көріңіз.
YouTube-тан ағылшынша кинолар мен сериал, роликтерді көрер болсаңыз, онда уақыт алдында кінәлі болмайсыз. Мұнда, ағылшын сөзіне құлағыңыз үйреніп, айтылуының дұрыс жолын, лексикасын біршама біліп қаласыз. Ол үшін субтитрі бар, көруге жеңіл кинолардан бастағаныңыз дұрыс. Бұдан кейін ақырындап күрделі киноларды көруге икемделіп, субтитрді қажет етпейтін де боласыз. Бұның бәрі жай айтыла салған сөз емес. Сондықтан күнде бір уақытта ағылшын тіліне көңіл бөліп тұрыңыз. BBC арнасының жаңалықтарымен басталған ағылшын тілін үйрену ниетіңіз бірнеше ай уақыт көлемінде жақсы көрсеткіштерге жеткізуі әбден ықтимал.
Интернет желісінде жаңалықтар мен кинолардан басқа  ағылшын тілін үйрену сабақтары бар. Аталған сабақтар жетіп артылып жатыр. Күніне қаншама ерікті адамдардың оқып үйренуі үшін  материалдар қосып, үсті-үстіне үстемелеп жатады. Солардың ең жақсыларын кіріп көріңіз. 
5. Кітап оқыңыз.
Егер де, көгілдір экран алдында ұзақ отыруға ата-анаңыз рұқсат етпесе, онда сізге кітап көмектеседі. Кітап болғанда да тілі жеңіл, тұрмыстық кітапты айтып отырмыз. Бұндай кітаптардың пайдасы ағылшын тілін үйренушілерге аз тимейді. Оны санамалап жеткізе алмаймыз. Ең бастысы, сіз күнде таңғы салқын ауамен ерте тұрып кітап оқып, оны түсінуге зер қойсаңыз, алда-жалда арнайы курстарға барып жүргендерден де артық білім алуыңызға болады. Себебі, таңертең оқыған кітап басқа уақытта оқыған кітаптарға қарағанда өтімді болады. Түні бойы демалған ми клеткалары кез келген ақпаратты жинап алуға бейім тұрады. Тағы бір ескертетін жағдай, өзіңізді қинап еш уақытта кітап оқымаңыз. Ол сіздің пайдаңызға емес, үлкен бір олқылыққа айналуы мүмкін.  Уақытыңыз бір мезетке босап қалса, қойын қалтадан кітапты суырып алып, оқыған дүниеңізді бір қарап шығуыңызға болады. Есіңізге барлық бұрынғы оқығандарыңыз қайта келіп, одан бетер жақсы сақтала түседі.
Жанетта Иманкулова,
Алматы Энергетика және байланыс университетінің оқытушысы

Пайдаланылған    әдебиеттер:
1. «Ағылшын тілі мектепте». 2010 жыл №1 және 2009 жыл №1.
2. Хабаршы 2009 жыл, №1.
3. Интернет желісі.

Алдыңғы «
Келесі »