«Президент пен перзент» атты жаңа кітап жарық көрді

  • 10.09.2014
  • 379 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Президент пен перзент» атты жаңа кітап жарық көрді. Бұл – Президенттің баспасөз қызметі мен «Айқын» газетінің бірлесіп жүзеге асырған жобасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кітапта Елбасымен әр жылдарда өткен түрлі шараларда кез­дескен балалардың өмірінен алын­ған қызықты оқиғалар мен мектеп оқушыларының Мемлекет бас­шысы туралы шығармалары топтас­тырылған. Сонысымен-ақ оқыр­манды қызықтыратын жинақ­тың мазмұны тартымды әрі тағы­лымды болып шыққан. Жоба­ның орындаушысы – журналист Бейсенбай Дәулетұлы.

Жалпы, қазір Президент туралы жазылып жатқан шығармалар аз емес. Жазылған жанрына, көздеген мақсатына қарай Елбасының қайраткерлік, көшбасшылық тұлғасын түрлі қырынан ашатын туындылардың әрқайсысының арқалаған жүгі, оқырманға айтар өзіндік ойы бар. Біз сөз етіп отырған, екі бөлімнен тұратын «Президент пен перзент» атты жинақ осы қатарды толықтырған дара басылым екенін оқырман бірден-ақ аңғарады.

Бірінші бөлімде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен, аз-кем болса да тілдесу мүмкіндігіне ие болған және соның өзі кейінгі өміріне зор ықпал еткен жас өрендер туралы баяндалған. Бір кездегі жеткіншектер – бүгінде түрлі саланың жалына жармасып, өз кәсібіндегі биіктерді бағындырып жүрген жастар Елбасымен болған сол бір жүздесулерді ықыласпен еске алады. Сондағы Президенттің ақ тілектері  өмірлеріне ақ батадай әсер еткенін шын пейілдерімен әңгімелейді.

Расында да, кітап кейіп­кер­лерінің өмірдегі жолдары да сәтті өрілген. Бүгінде экономиканың түр­лі салаларында абыройлы жұмыс істеп жатқан немесе өнер әлемін­де Қазақстанның атын дүние­жүзіне паш етіп жүрген олар­дың қай-қайсысы да ел жастарына үлгі боларлық азаматтар.

Кітаптың екінші бөлімінің тартымдылығы да біріншісінен кем түспейді. Өйткені, мұнда мектеп оқушыларының Президент туралы қызықты ой-толғамдары жи­нақталған. Өздері тұрып жат­қан бүгінгі Қазақстан мен оның бет-бейнесін қалыптастырған Н.Назарбаевтың еңбегін бала­лар­дың қалай бағалайтыны, елдің болашағын қалай елестететіні қаз-қалпында берілген.

Қорытып айтсақ, «Президент пен перзент» – Елбасының ел өміріндегі мән-маңызын қаз-қалпында айшықтаған, шынайы мысалдармен әдемі өрнектеген, қалың көпшілікке арналған кітап.

Алдыңғы «
Келесі »