ЕНШІМІЗГЕ БҰЙЫРҒАН ЕРЕН БАҚЫТ

  • 08.02.2012
  • 7978 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы

Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі

Қымбатты отандастар!

Бар игілігіміздің бастауы болған құтты Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды!

Бұл – байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн! Бабалар аңсарын ақиқатқа айналдырған еліміз үшін ұлан-асыр той!

Ендеше, баршаңызды ұлыстың ұлы күнімен – Тәуелсіздік мереке¬сімен шын жүректен құттықтаймын!!!

Ардақты әлеумет!

Біз алтын таққа отырған асқақ дәуірлерді де, өзгенің бодауында болған кер заманды да бастан кешкен елміз.

Сондықтан халқымыз азаттық рухын терең сезініп, жан-жүрегімен түсіне біледі.

Бірлігі кетіп, берекесі қашқан халқымыз «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада» қынадай қырылған.

Аласапыран заманда ағайынның алауыздығынан басына бұғалық түсіп, бұлт үйірілген бұлдыр күндер орнады.

Сондықтан данышпан Абай «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» деп күңіренді.

Бірақ, тағдырдан талай теперіш көрсе де, халқымыздың рухы жасымаған.

Азаттық – Ұлы Даланы мекен еткен аталарымыздың асыл арманы еді. Біз осы асқақ арманға қол жеткіздік.

Еркіндік аңсаған қазақ халқының өршіл мінезі, намысты жаныған жастар бұлқынысы Желтоқсанда жанартаудай жарқ етіп, жаңа тарихымызға елеулі із қалдырды.

Жастар жүрегіне жара салған Желтоқсан күндерін жұрт жадында мәңгі қалдыру мақсатында көптеген шаралар атқарылды.

Қыршыннан қиылып, Желтоқсанның символына айналған Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Астана, Алматы және еліміздің барлық іргелі қалаларында Желтоқсан атындағы көшелер бар.

Алматыда ескерткіш ашылды. Зардап шеккендерге түрлі қолдау көрсетілуде.

Бостандықты бағалаудан, азаттықты ардақтаудан, тәуелсіздікке тәу етуден артық бақыт жоқ.

Тәуелсіздік – тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт!

Егемендік алу – оңай емес, ал еңсесін тіктеген ел болу тіпті қиын.

Біздің алдымызда тәуелсіздікті қорғау, татулықты сақтау, тұрақтылықты орнықтыру сияқты аса күрделі тарихи істер тұр.

Бізге мыңжылдықтар тоғысқан алмағайып кезеңде мемлекет құру, ел болу міндеті жүктелді.

Келер ұрпақ алдындағы бұл ұлан-ғайыр істерді біз абыроймен атқарып шықтық.

Дүниежүзі тарихында ешбір мемлекет азат¬тығының алғашқы 20 жылында осынша қарқынды өрлеу үлгісін көрсете алған емес.

Бұл – Қазақстанның сөзсіз мойындалған дара даму даңғылының айқын көрінісі.

Ардақты ағайын!

Бақ бағалағанның басында тұрады, дейді.

Қастерлей білмесе, қасиеттің де құны қалмайды.

Күлтегін ұстынында «елді түзеген, бәрін бейбіт еткен, азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған» деген сөздер бар.

Осының бәрі маған бүгінгі Қазақ елі үшін айтылғандай әсер қалдырады.

Жұлдызды жиырма жылда біз елдің көшін аудармай, шаңырағын шайқалтпай, іргесін бекітіп, шекарасын заң жүзінде шегеледік.

Мемлекеттік құрылымдарын негіздеп, алтын арқауы үзіліп қалған елдік дәстүрді қайта жалғап, оны берік орнықтырдық.

Елтаңбаны айшықтап, күн астында алтын қыраны қалықтаған көк байрақты шарықтатып, әнұранды шырқаттық.

Жұлдызды жиырма жылда ұлтты ұйыстырып, қаймағы бұзылмаған берекелі бірлік орнаттық.

Ұлтаралық келісім мен діни түсіністікке негіз¬делген бірегей қоғам қалыптастырдық.

Елдігіміз еңселеніп, дүниежүзі қазақтарының құрылтайларын өткіздік.

Тағдырдың талайымен әлемге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды құтты қара шаңыраққа қайта жинадық.

Біз әлемдік үйлесімнің, этностар арасында жарасымның бірегей үлгісіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық.

Адамзатты жаппай қырып-жоятын жойқын қарудан біржолата бас тартқан еліміз бейбітшілік¬тің белдеуіне айналды.

Біз әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең жағдайда әріптестік қарым-қатынас орнаттық.

Кеткеніміз келді, кемісіміз толды, ұлттық құнды¬лық¬тарымыз ұлықтала бастады.

Қымбатты отандастар!

Баршаңыз білесіздер, Қазақстан халқын біріктіретін қуатты құрал – біздің мемлекеттік тіліміз.

Жойылудың алдында тұрған қазақ тілі мемле¬кеттік мәртебе алып, тәуелсіздікпен бірге қайта түледі.

Біз тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде білім беретін мыңнан аса мектеп тұрғыздық.

1991 жылы қазақ тілінде білім алған шәкірттер саны 32 пайыз болса, ол көрсеткіш бүгінде 85 пайыз¬дан асты.

Енді 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгерген отандастардың үлесін 95 пайызға жеткіземіз.

Бұл межеге біз кезең-кезеңмен жетуді көздеп отырмыз.

Қазір елдегі өзге этнос өкілдерінің 30 мыңнан астам балалары қазақ тілінде білім алуда.

Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы – ұлыстың ұйытқысына, қазақ тілі – тұтас ұлыстың ортақ тіліне айналды.

Әрине, тіл мәселесі – уақыттың еншісінде. Санның артуы, сананың орнығуымен барлығы өз орнына келеді.

Бұл орайда, біздің басты байлығымыз – ел бірлігі екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек!

Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да соншалық шуақты болмақ.

Дүниеде қазақ деген ел барда қазақ тілі мәңгі жасай береді!!!

Тәуелсіздік арқылы мәдениетіміз құлашын кеңге жайып, қарқынды дамуға зор мүмкіндік алды.

Менің тапсырмаммен басталған «Мәдени мұра» бағдарламасы бұған үлкен серпін берді.

Шет елдерден қазақтың тарихы мен мәдениетіне қатысты бес мыңнан аса қолжазбалар мен көшірмелер әкелінді.

Соның бәрі ел игілігі мен мемлекет мүддесі үшін, ең бастысы, қазақ халқы үшін атқарылуда.

Осы жылдарда көптеген тарихи жәдігерлер табылып, 700-ден астам тарихи ескерткіштер қал¬пына келтірілді. Қазақтың мың әні, қазақтың мың күйі жарыққа шықты. Қазақтан шыққан кемең¬герлердің кітаптарын аудартып, қайта шығардық. Бұл біздің қазақты дүниежүзіне паш ету үшін, еліміздің дана тұлғаларының бар екендігін білдіру үшін жасалған болатын.

Егемендік арқылы ата дініміз өркен жайып келеді.

Біз Тәуелсіздік жоқ жерде діннің де болмай¬тынын таяу тарихымыздан жақсы білеміз.

Осы орайда тарихқа жүгініп, бір жәйтті еске салғым келеді.

Діннің діңгегі – дәстүрмен берік. Өзгенің қаң¬сығы бізге таңсық бола алмайды.

Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан өнегелі салтымыз, дәстүрлі қалпымыз, ата-бабамыздан қалған айқын бағытымыз бар. Сол жолмен жүрген абзал.

Елді бірлікке бастаған абыздар мен жыраулар¬дың қазіргі жалғасы – зиялы қауым өкілдері болып саналады.

Бүгінгі қоғамда тәуелсіздік санасын орнықтыру – осы зиялы қауымның қастерлі борышы.

Арқалы ақындар азаттықты жырлап, жазушылар егемендікті арқау етуі қажет.

Бабаларымыз «Егемен болмай ел болмас» деп жырлағандай, біз үшін Тәуелсіздіктен асқан тақырып болмауы керек.

Тәуелсіздік санамен бірге елшіл мүдде, мемле¬кет¬шіл мұрат нығаяды.

Біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуге тиіс.

Жұлдызды жиырма жылда біз қуатты экономика құрып, қарқынды дамыттық.

Біз ұзақ мерзімді стратегиялық ірі жоспарлар жасап, іргелі бағдарламалар қабылдап, оны сәтті жүзеге асырып келеміз.

Жұлдызды жиырма жылда біз астанамызды Алатау баурайындағы ару Алматыдан Арқадағы Ақмолаға көшірдік.

Азаттықтың алтын қазығындай асқақ Астана аз жылда жаһандық бастамаларға жол салатын ақжолтай қалаға айналды.

Өздеріңіз білесіздер, біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тізгінін ТМД және Азия елдері ішінен алғаш рет қолға алдық.

Әлемдік деңгейдегі мұндай мәртебелі миссия қазақ баласына бұрын-соңды сеніп тапсырылып көрген емес еді.

Ұйымның мыңжылдықтағы алғашқы Саммитін¬де адамзат тағдыры таразыға түсіп, Астана рухы ізгілік шуағын шашты.

Осылайша, біз Астанада, яғни қазақ төрінде Батыс пен Шығысты тоғыстырып, Азия мен Еуро¬па¬ны жалғадық.

Осының бәрі – сіз бен біздің, барша қазақстан¬дықтардың еңбегі арқылы еншімізге бұйырған ерен бақыт.

Сондықтан мен барша отандастарыма шын жүрегіммен ризашылығымды білдіремін.

Азаттықтың алғашқы тәй-тәй басқан жылдарын¬да ¬жанымда болып, бірге қызмет атқарған Серік¬болсын Әбділдин, Сергей Терещенко, Ерік Асан¬баев, Сағадат Нұрмағамбетов және тағы басқа аза¬маттарға бүгінгі мереке күні шын жүрегіммен риза-шылығымды айтып, оларға жақсылық пен денсау¬лық тілеймін.

Осы асқар асуда қалтқысыз сенім артып, қапы¬сыз аманат жүктеген мерейлі халқыма, мәртебелі еліме өлшеусіз ризамын!

Мен үшін ел сенімін арқалаудан артық абырой жоқ.

Қадірлі әлеумет!

Қазақстан ХХ ғасырдың аяғында, бірқатар импе¬риялар күйреген тұста жаңа мемлекет ретінде ірге тіктеді.

Алып империяның бірі – Кеңес Одағы біздің көз алдымызда қирады.

Біз одан орасан зор зардап шектік.

Мәселен, ұлы дағдарыс АҚШ экономикасына 29 пайыз көлемінде зиян әкелді.

Кеңес Одағының тарауы бұрынғы кеңестік елде¬рінің экономикасын 50 пайыздан аса құлдыратты.

Кеңес құрамындағы 15 елдің ішінде Қазақстан 13-ші орынды иеленетін еді.

Көпшілік бізді өзара тартысқа түсіп жатқан кедей ел деп есептейтін.

Естеріңізде болса, 1998 жылы белгілі саясатта¬нушы Збигнев Бжезинский Қазақстанның Еуразияда ғана емес, тіпті Орталық Азияның өзінде елеусіз, болашағы бұлыңғыр ел екенін айтқан еді.

Ал енді биыл, 2011 жылы Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Янгланд мырза екеуара әңгіме кезінде былай деді:

«Әлемнің кез келген тұрғыны Қазақстанның тек өңірде ғана емес, әлемдік деңгейде зор табысқа жеткенін айта алады».

Мұндай пікірлерді айтып жүрген саясаткерлер аз емес.

Бұл – біздің жас мемлекетіміз үшін үлкен баға.

Қазір халықаралық сарапшылар бірауыздан Қазақстан – жемісті мемлекеттік жоба деп санайды.

Мен мұнымен толық келісемін.

Менің қымбатты қазақстандықтарым!

Қымбатты достар!

Мен сіздерді Қазақстан халқының ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтаймын!!!

Бүгін біздің неден бастағанымызды еске түсіретін күн.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұрғындардың 40 пайызы кедейшілік шегінде өмір сүрді.

Өндіріс өнімдері 1990 жылмен салыстырғанда 2 есе, ал ауыл шаруашылығы өндірісі үштің бірін¬дей дерлік төмендеді.

1995 жылы орташа айлық еңбекақы 1991 жыл деңгейінің тек 35 пайызын құраса, ал зейнетақы тек 29 доллар болды.

Инфляция 2 мың пайыз деңгейіне дейін құлды¬рады.

Біз тиімді экономикалық жаңғыртулардан бастадық.

Біздің Қазақстан жолы бағаны ырықтандырудан, ұлттық валютаны енгізіп, банк жүйесін құрудан, мемлекеттік меншікті жекешелендіріп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен нарықтық қатынас¬тар¬ға өтуден бастау алды.

Мұның менің есімде мәңгілік сақталғанын еске түсірмей тұра алмаймын.

Осы жолдың жұлдыздарға бағыт ұстағанының нышандық мәні бар.

Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев ғарышты бағындырған біздің жеріміздің алғашқы ұлдары болуы үшін жеке өзімнің қаншалықты табандылық танытып, күш-жігер жұмсағаным есімде.

Біз бүкіл әлемнің сенімін иелендік.

Елімізге Шеврон, Бритиш Петролеум, Миттал, Дженерал электрикс, Дженерал моторс сияқты аса ірі инвесторлар келді.

1999 жылдан 2007 жылға дейін ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімі орташа есеппен жылына 10 пайызды құрады.

Бұл 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы орындалуының алғашқы нәтижелері болатын.

Қазақстан нарыққа өтуді ТМД-ның өзге елдеріне қарағанда табысты жүзеге асырды.

Тәуелсіздік уақытында шағын және орта бизнес субъектілерінің нысаны 35 еседен астамға көбейді.

1993 жылғы 19 мыңнан 2011 жылы 675 мыңнан астамға дейін. Біздің 2 миллионнан астам азаматтарымыз осы саладан жұмыс тапты.

Соңғы он жылда экономиканың осы секторының өндірген өнімі 20 есе өсіп, шамамен 7 триллион теңгені құрайды.

Осы жылы бизнесті жүргізу жөніндегі Дүниежү¬зілік банк рейтингінде Қазақстан ТМД-ның барлық елдерін соңында қалдырып, құрметті 47 орын алды.

Ұлттық Банктің жиынтық резерві Ұлттық қор активтерін қоса алғанда 80 миллиард долларға жақындап келеді.

Егер 1993 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ 700 доллар болса, бүгінде біз 11 мың доллардан астам көрсеткішке жетіп отырмыз.

Бұл – өсім 16 есе деген сөз!

1993 жылы бізге ұлттық валютамызды енгізу қажет болған кезде Ұлттық Банктің қамтамасыз ететін қаржысы болуы тиіс еді. Бізде ұлттық валю¬таны енгізуге мүмкіндік беретін 500 миллион дол¬лар да болған жоқ. Біз ақшаны басып шығару үшін ағылшын компаниясына төлеуіміз қажет болды. Ал бүгін – резервіміз шамамен 80 миллиард доллар.

Дүниежүзілік банк классификациясына сәйкес, біз табыс деңгейі орташадан жоғары елдер тобына ендік.

Дамудың осындай қарқыны мен өмірді қамтама¬сыз ету көрсеткішінің жақсаруы бұған дейін әлемдік экономикада ешқашан және ешқайда байқалған емес.

Біз қашанда Оңтүстік-Шығыс жолбарыстарынан үлгі алып келдік.

Мысалы, Оңтүстік Кореяда егемен дамудың алғашқы 20 жылында жан басына шаққандағы ІЖӨ бар-жоғы 3 есе, Малайзияда – 2 есе, Сингапурда – 4 есе, Венгрияда – 5 есе, Польшада 4 есе өсті. Ал, біз¬де – 16 есе.

Британ мамандарының бағамдауы бойынша, ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығындағы ең ырғақты 25 экономика ішінде Қазақстан тек алдына Қытай мен Катарды ғана жіберіп, үшінші орында тұр.

2006 жылдан біз балалы отбасыларын қолдау¬дың біртұтас жүйесін енгіздік.

Мәселен, егер 2003 жылы елімізде 250 мың бала дүниеге келсе, 2010 жылы жаңа туғандар саны 360 мыңнан асты.

Бүгінде Қазақстан халықаралық стандарттар бойынша дамыған білім беру жүйесі бар елдер тобына кіреді.

Тек соңғы 10 жыл бедерінде ғана білім беруге шығындар 9 есе өсіп, 100 миллиард теңгеден 900 миллиард теңгеге дейін жетті.

Біз ТМД-да бірінші болып мыңдаған жас қазақстандық шет елдерде озық білім алып, бүгін¬де өз елінің игілігі үшін жұмыс істеп жүрген бірегей «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асырдық. Жастарымыз оқуларын жалғастыруда.

Елімізде инновациялық Интеллектуалдық мектеп¬тер¬дің желісі құрылды. Олар 20 болса, көпшілігі қазірдің өзінде пайдалануға беріліп үлгерді.

Өзгерістердің флагманы Назарбаев Университеті болды.

Денсаулық сақтау жүйесі түбегейлі өзгерді.

1991 жылмен салыстырғанда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 107 есе өсіп, үстіміздегі жылы 640 миллиард теңгеден асты.

Тәуелсіздік жылдарында өздерінің тұрғын үй жағдайларын бір жарым миллионнан астам қазақстандық жақсартты.

Тек 2005-2007 жылдары ғана 17 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Тегінде, біз үлестік қағидат бойынша тұрғын үй салғандар¬дың қатесі үшін жауапкершілікті мойнына алған бірден-бір ел болып табыламыз. Осы жылы біз ал¬дан¬ған үлескерлердің пәтерлерін қайтаруды толық¬тай аяқтадық.

2003 жылы қабылданған дамудың 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық стратегиясы біздің экономикамызды әртараптан¬дыру бағытының бастауы болды.

2010 жылдан үдемелі инновациялық индустрия¬лан¬дырудың кезеңі басталды.

Егер 90-шы жылдардың басында өнеркәсіп өнімінің көлемі бар-жоғы 0,2 миллиард теңгені құраса, 2011 жылы ол 12 триллион теңгеге жетті.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі соңғы 10 жылда 4 есе өсті.

Мен елімізге осы мерейтойлы жылы рекордтық өнім – 30 миллион тоннаға жуық астық сыйлаған ауыл еңбеккерлеріне ерекше ризашылығымызды білдіруге тиіспіз ғой деп ойлаймын!

Ескі өлшем бойынша бұл 2 миллиард пұтқа жуық.

1990 жылы Қазақстан басқа елдерге ештеңе экспорттаған жоқ.

Бүгінде Қазақстан экспорты 75 миллиард дол¬лар¬дан асады.

Оның үстіне өңдеуші өнеркәсіп экспортының көлемі 21 миллиард долларды құраса, Қазақстан өнімдері әлемнің 126 еліне белгілі.

Индустриялық саясаттың нәтижесі сол, өңдеуші кәсіпорынның дайын өнімі қазірдің өзінде әлемдік рынокта өзінің орнын тауып үлгерді.

Индустрияландыру бағдарламасының арқасын¬да тек соңғы 2 жылда 350-ден астам түрлі өндіріс¬тер пайдалануға берілді. Осымен біз адамдар бұ¬рын¬ғыға қарағанда анағұрлым көп ақша табатын 200 мың білікті индустриялық жұмыс орнын құр¬дық.

2015 жылға дейін шамамен осынша жаңа жобаларды жүзеге асырып, осынша жаңа жұмыс орындарын құру керек.

Біз Тәуелсіздік жылдарында мұнай өндіруді 3 есе¬ден астамға арттырдық.

Бүгінде көмір саласы ел электр энергиясының 78 пайызын қамтамасыз етеді.

Еуропа мен Азия арасында стратегиялық орын ала отырып, біз тиімді транзит әлеуетіне иеміз.

Қазір бірегей «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзитті дәлізін жүзеге асыру жүріп жатыр. Осы жылы біз 2 700-дің 1000 шақырымынан астамын салатын боламыз. Трассалар құрылыстарында 50 мың адам жұмыс істеп жүр. Алдағы жылы біз бұл жолды Қытай шекарасынан Ресей шекарасына дейін аяқтаймыз.

Тәуелсіздік жылдарында барлығы бір жарым мың шақырымнан астам темір жол тартылды.

40 мың шақырымнан астам автомобиль жол¬дары салынды және жөнделді.

Өзіміздің тарихымызда біз ешқашан осыншама инфрақұрылымдық нысандарды салған емеспіз.

Бұл жолдар, темір жол стансалары мыңдаған адамға жұмыс беріп, еліміздің транзиттік әлеуеті көп¬те¬ген есе ұлғаяды.

Біз ашық ырықты экономика мен демократиялы саяси жүйе құрдық.

Біз құқық қорғау жүйесіне түбегейлі рефор¬малар жүргізудеміз.

Әлемдік қоғамдастық біздің коррупциямен дәйекті күресімізді атап көрсетіп отыр.

Соңғы 3 жылда Қазақстан әлемдік коррупцияға қарсы рейтингте өзінің көрсеткішін 45 позицияға жақсартты.

Бұл – ТМД-дағы ең озық нәтиже.

Елімізде парламентаризм мен көппартиялы жүйе жұмыс істесе, 5 мыңнан астам ҮЕҰ құрылған, шамамен 2,7 мың БАҚ шығады.

Бар-жоғы 20 жылда біз Ұлы Мұра – қуатты мем¬лекет, жаңа экономика, біртұтас қоғам құрдық.

Біз жаңа елордамыз – Астананы, Еуразияның жаңа ғажайыбын салдық.

Астана біріктіруші идея, мемлекетіміздің эконо¬мика¬лық, мәдени және саяси өмірінің эпицентрі болды.

Біздің елордамызда ЕҚЫҰ-ның тарихи Саммитін өткізу әлемдік саясатты «Астана рухының» жаңа түсінігімен байытты.

Егер Тәуелсіздігіміздің бесігі Алматы болса, Астана – біздің болашағымыздың бесігі.

Біздің бәріміз, осы залда, теледидар экранда¬рының алдында отырғандар, осы мерекелі күндері жұмыс істейтіндер – диқандар мен ұлан-ғайыр дала¬дағы қойшылардан зертханалардағы ғалым¬дарға дейінгі, шекарашылардан металлург¬терге, мұға¬лімдерге, дәрігерлер мен құрылысшы¬ларға дейінгі барлық қазақстандықтар еліміздің игілігі үшін өздерінің жүректерін, жандарын, барлық күштерін салды.

Мен барлық Қазақстан азаматтарына қолдау¬лары, сенімдері мен төзімдері, Отан жолындағы шаршаусыз еңбектері үшін ризамын!

Бүгін біз жетістіктер туралы айтамыз. Бірақ әлі де шешілмеген міндеттер бар. Біз оларды орындау үшін жұмыс істейтін боламыз. Бұған индустриялан¬дыру мен жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту бағдарламалары бағытталған.

Осылайша бәріміз бірлесіп, еліміздегі баршаға жақсы болуы үшін бірлесе жұмыс істеп, бізді бола¬шақта күтіп тұрған жаңа биіктерді бағындыраты¬нымызға сенімдімін!

Қымбатты отандастар!

ХХІ ғасыр бүкіләлемдік архитектураны қозға¬лысқа түсірді.

Біріншіден, таяудағы 10-15 жылда әлемді жаңа технологиялық төңкеріс күтуде.

Бұл – жаңа жүзжылдықтағы ең басты сын-қатер.

Екіншіден, түбегейлі өзгерістер жаңа экономи¬калық әлем құрылысының негіздерін айқындайды.

Әлем жаһандық депрессияның шегінде тұр.

Әлемдік экономиканың тікелей жоғалтқандары¬ның өзі ғана триллиондаған доллармен есептеледі.

Ешкімнің де жаһандық апаттың асау теңізінде моп-момақан кемежай болып қала алмайтыны анық.

Бұл Еуропадан және басқа да елдерден байқалады. Бізді де оңай емес кезең күтіп тұр.

Үшіншіден, ХХІ ғасырда әлем аштық пен эпиде¬мия, таза су мен құнарлы жер жетіспеушілігі қатер¬лерінен құтыла алмайды.

Бұл жағдайлар тұрғындары тез өсіп отырған өңір¬лер үшін шындық болса, мұның бізге де қатысы бар.

Мен мұны егжей-тегжейлі айтып отырған себебім, алдағы онжылдық бүкіл әлем үшін күрделі болады.

Біз кез келген қиындықтарға дайын болуға тиіс¬піз.

Құрметті қазақстандықтар!

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында біз мық¬ты экономика мен күшті мемлекет қалыптас¬тыр¬дық.

Екінші онжылдық өсім мен күш жинақтау кезеңі болды.

Үшінші және төртінші онжылдықтар біздің еліміз үшін алға тарихи секіріс дәуірі болуы тиіс.

Біз барлық мақсаттарымызға қол жеткізіп, «Қазақстан – 2030» Стратегиясын жүзеге асыруды лайықты аяқтаймыз.

Барынша ашық айтайын.

Қазақстан ғасырлар бойы өркендей бере ме немесе уақыт мәңгілігінде бар болғаны жарық метеор болып қала ма деген Тәуелсіздіктің түбірлі дилеммасы дәл осы кезеңдерде шешіледі.

Мен осы залда отырғандардың бәрінің, барша қазақстандықтардың Жаратушының біздің иығымызға салған орасан зор ауыртпалығын менімен бірге сезінгенін қалаймын.

Бізге біздің Тәуелсіздігімізді қазіргі уақытта және болашақта қандай бұлақтардың қоректендіретінін және нығайтатынын нақты білудің маңызы зор.

Бірінші. Біздің Тәуелсіздігіміздің ең басты жетістігі және оны нығайтудың шарты – халықтар бірлігі.

Бұл құндылық Қазақстан дамуының кез келген сатысында маңызға ие болмақ.

Екінші. Индустрияландыру.

Біздің алдымызда постиндустриялық әлемнің белсенді бөлігі болу жөнінде аса жоғары міндет тұр.

Біздің жаңа индустрияландыру – Тәуелсіздіктің мәңгілік қозғалтқышы.

Бүгінде Қазақстанда электрониканың, машина жасаудың, авиация құрылысының, локомотивтер мен вагондар өндірісінің, құрылыс индустриясының жаңа салалары мен елімізде бұрын ешқашан болмаған басқа да салалар құрылуда.

Жаңа индустрияландыру – жаңа ғасырдың кең ауқымды өркениетті жобасы.

Бүкіл халық осы жобаның қатысушысы болуы тиіс.

Үшінші. Инновациялар.

Бұл экономиканы ғана емес, сонымен бірге қоғамның басқа да барлық салаларын қамтитын тарихи жүйе.

Бұл ХХІ ғасырдағы әлемдік дамудан қалып қоймаудың бірден-бір жолы.

Сондықтан мен Қазақстанның инновациялық дамуының жол картасы – «Жүз инновация» бағдарламасын әзірлеуді ұсындым.

Бізге Өндірісті, Ғылым мен Білім беруді мәңгілікке жымдастыру қажет.

Бізде ол үшін қажеттінің бәрі бар.

Біз теңдесі жоқ ғылыми-технологиялық база құрдық. Біз кез келген ғалым өзінің жасағандарын ақырына дейін жеткізе алатын бүкіл Қазақстан бойын¬ша орталықтандырылған зертханалар құр¬дық.

Бізде ғалымдардың өндіріске енгізуді күтіп тұрған талдамалары, инновациялық жобалары бар.

Инновациялық даму – қазақстандық Барыстың Болашаққа аршынды секірісі.

Төртінші. Біз өңірлік және жаһандық интегра¬циялық үдерістерге белсенді қатыспайынша ХХІ ғасырда Қазақстанның шынайы Тәуелсіздігі болмақ емес.

Интеграция – Болашаққа апаратын күрежол.

Ол – қазақстандық бизнес пен барша қазақстан¬дықтар үшін орасан зор мүмкіндіктер. Экономика¬лық тұйықталған елдердің болашағы жоқ.

Ол – біздің егемендігіміз бен тұтастығымыздың сенімді халықаралық кепілдіктері.

Ол – өңірлік қауіпсіздіктің барлық өлшемдер бойынша алғандағы берік арқауы.

Жаһандық әлемде егер оның көршілері кедей, тұрақсыз және тәуекелдерге бейім болса, бірде-бір ел өз болашағына сенімді бола алмайды.

Еуразиялық одақ туралы менің идеяма да дәл осы көзқарастар негіз қалады.

Бүгінде ол өмірде жүзеге асырылуда.

БЭК арқасында Қазақстан өзінің геоэкономи¬калық жағдайын жақсартып, Орталық Азия елдері ішінде бірінші болып құрлықтық шектеуліліктен қара үзіп шығады.

Біз ресейлік және беларусьтік көлік инфра¬құрылымына жеңілдікті жағдайда қол жеткізетін боламыз, іс жүзінде батыста – Еуроодақ шекара¬ларына, шығыста Жапония мен Азия-Тынық мұхит қоғамдастығының басқа да елдерінің рыноктарына шығамыз.

Біздің әріптестеріміз біз арқылы Қытайдың үлкен рыногына шығатын болады.

Бесінші. Бұрын да бірнеше рет айтқанымдай, әділ әлеуметтік қорғау, білім беру мен денсаулық сақтаудың әділ жүйесі, әділ жастар және тұрғын үй саясаты – қазақстандық дамудың жаңа күн тәртібінің мәселелері, міне, осылар.

Сондықтан Қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың нақты стратегиясын әзірлеу қажет.

Онда бір мезгілде Болашақ жобасы болуға тиіс басты басымдықтарды айқындау қажет.

Біріншіден, ол «Өмір сапасы-2030» Жалпыұлттық бағдарламасы.

Онда біз әр адамның 5, 10 және 20 жылдан кейін қол жеткізетін тұрғындар әл-ауқатының нақты көрсеткіштерін белгілеуіміз қажет.

Ол лайықты жұмыс, қолжетімді тұрғын үй, сапалы денсаулық сақтау мен білім беру.

Бұл бағдарламада қарқын алып келе жатқан урба¬низация үдерісі сияқты сын-қатерге жауап беру қажет.

Бүгінде ауыл индустрияландыру жолына көшу¬де.

Жастар сонда орнығуы тиіс.

Бұл жастарға жұмыс беріп, қолдау көрсету қажет.

Ал жедел өсіп келе жатқан қалаларға оқуға және жұмыс істеуге баратын жастар үшін тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етудің, білім беру мен медициналық қызметке қолжетімділіктің нақты жобалары қажет.

Біз онымен айналысатын боламыз.

Екіншіден, ол – «Дені сау ұлт-2030» Жалпы¬ұлттық бағдарламасы.

Денсаулық сақтаудың медициналық технология¬лары мен инфрақұрылымын дамыта отырып, біз қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартатын боламыз.

Міне, бұл салаға салынған мол қаржының нәти¬жесі және Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкімет жұмысына баға беру критерийі де осы болып табы¬лады.

Бізге демографиялық өсімнің, жалпы, ана мен нәресте өлімі төмендеуінің, тууды ынталандырудың дәл есептелген параметрлері қажет.

Бағдарламада елде дене шынықтыру мен спорт¬ты және біздің азаматтарымыздың саламат¬ты өмір салтын дамытудың ұзақ мерзімді шаралары қарас¬тырылуы тиіс.

Үшіншіден, әлеуметтік жаңғырудың шешуші бағыт¬тары – ақпараттық қоғамның дамуы.

Бізге «Ақпараттық Қазақстан-2030» Жалпыұлт¬тық бағдарламасы қажет.

Онда біз қоғамды толықтай компьютерлендіру, ақпараттық кеңістікті цифрландыру міндеттерін қоюымыз керек.

Қазақстанда үздік білім беру, үздік денсаулық сақтау, үздік мемлекеттік басқару, үздік әділ сот болуы тиіс.

Жаңа әлеуметтік Стратегия – әрбір қазақстан¬дықтың игілігі жөніндегі менің қамқорлығым.

Бұл біздің еліміздегі барлық атқарушы биліктің де қамқорлығы болуға тиіс.

Мен өзімнің Қазақстан халқына жаңа Жолдауым¬ды осы мәселеге арнағалы отырмын.

Үкімет пен аппаратқа осындай стратегиялық құжатты дайындауды бастауды тапсырамын.

Қымбатты қазақстандықтар!

Ендігі сөзімді әлемдік қоғамдастыққа арнасам деймін.

2009 жылдың ең басында, дағдарыс қызып тұрған шақта, мен әлемдік қаржы реформасы тура¬лы бастама көтердім.

«Дағдарыстан шығу кілті» және «Бесінші жол» атты мақалаларда мен дағдарысқа қарсы космети¬калық шаралардың әлемді дағдарыстың жаңадан үстемеленіп келе жатқан толқынынан құтқара ал¬май¬тынын айтқан болатынмын.

Оқиғалар барысы менің ол сөзімді растады.

Әзірге консенсустық негізде қабылдауға болатындай әлемдік Дағдарысқа қарсы жоспарды ешкім де ұсына алмай отыр.

Өкінішке қарай, G20 және G8 пішіндері тиімсіздігін көрсетіп отыр, оларда тіпті әлемдік Дағдарысқа қарсы жоспарды талқылаудың өзі де басталған жоқ.

Мен әлем үшін дағдарысқа қарсы шешімдер іздеуге қатысушылардың санын түбегейлі ұлғай¬туды ұсынамын.

Мен жаңа коммуникативті алаңқайды «G global жобасы» деп атауды ұсынамын.

Ол Бреттон Вуд электронды желілігі тәрізді өмір сүре алады.

Ол үшін Астана экономикалық форумы жұмыс алаңқайы бола алар еді.

Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мем¬ле¬кет¬терімен бірге, 2012 жылы Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция өткізу жөнінде бастама көтереді.

Оған әлемнің барлық елдері қатысып, БҰҰ-ның Дағдарысқа қарсы жоспары бола алатындай Әлемдік реформалар жоспарының жобасын қалыптастыруына болар еді.

Біздің егемен еліміз осы жылдар ішінде әлемдік қоғамдастықтың сенімді әріптесі бола білгендіктен де мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығының дәл осы мінберінен бастама көтеріп тұрмын.

Бүгінде біз ядролық қарусыз әлем үшін бүкіл¬әлемдік қозғалысына басшылық жасаймыз, Біріккен Ұлттар Ұйымында лайықты орнымыз бар.

Біздің өкіліміз Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде бізді БҰҰ-да Ұйым төрағасының орынбасары ретінде табысты өкілдік етуде. Біз ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық еттік, Астанада ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасыр¬дағы бірінші және әзірше жалғыз саммитін өткіздік.

Биылғы жылы біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымын басқарудамыз.

Бізде әлемдік діндер съездері өтіп жүр.

Астанада халықаралық конференциялар өткізуді көптеген ұйымдар ұнатады.

Мен мұны санамалап отырған себебім, «G global»-ды ұсына отырып, бүгінде Қазақстанға әлемдік қоғамдастықтың сенімі бар екенін айтқым келеді.

Біздің әлемге арнап үн қатуға мандатымыз бар және біздің үндеуіміздің құлақтарға жететініне менің сенімім мол.

Қымбатты қазақстандықтар!

Таяудағы 20 жыл, менің айтқанымдай, біздің еліміз үшін қиын да шешуші жылдар болады.

Ол қазақстандықтардың қазіргі буыны үшін ғана емес, сонымен бірге біздің ұрпақтарымыз үшін де шешуші.

Тұңғыш Президент және Ұлт көшбасшысы ретіндегі менің тарихи борышым халқымызды Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешулерімен алып өту.

Мен өз өмірімді, өзімнің бүкіл күш-жігерімді Отанымның жолына тіктім.

Бұл менің тағдырым, менің жауапкершілігім, Тәуелсіздік идеалдарына деген менің терең берілгендігім.

Қымбатты достар!

ХХІ ғасырдың екінші онжылдығына біз ешқандай елессіз, бірақ барша қазақстандықтардың тұрақты және қауіпсіз өміріне деген сеніммен кіреміз.

Көп ғасырлық бірігу мен сабақтастық қана, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ортақ мақсаттар ғана ұлтты осы ғасырдың міндеттерін шешу үшін топтастыруға қабілетті.

Мен біздің бәріміз бір ұрпақтың өмірі біз армандайтын қуатты мемлекет құру үшін жетпейтінін түсінеміз ғой деп ойлаймын.

Тәуелсіздіктің Үшінші онжылдығының саяси күнтізбесінің алғашқы маңызды оқиғасы тарихта тұңғыш рет екі партиядан кем болмайтын мәслихаттар мен Мәжіліс сайлауы болуының да символдық мәні бар.

Қазақстандықтардың тұрақтылық пен келісім бағытын, үдемелі индустрияландыру, инновациялық даму мен интеграция бағытын қолдайтынына мен еш күмәнданбаймын, өйткені оған балама жоқ.

Бұл – біздің ортақ міндетіміз.

Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ.

Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын.

Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз.

Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана біз мәңгі халық, мәңгі елорда және мәңгі мемлекет туралы айта аламыз.

Мен ХХІ ғасырдың біздің халқымыз тарихында, Қазақстан тарихында ең жақсы ғасыр болатынына бек сенімдімін.

Ол біздің тарихымызға бейбітшілік пен жасам¬паздықтың жүз жылдығы ретінде енетін болады.

Біз қиын жолдардан өттік.

Ауыртпалықтар мен табыстар топтастырған, ортақ тағдыр біріктірген біз бүгінгі ұлы күнге УАҚЫТ БІЗДІ ТАҢДАДЫ және біз өзіміздің тарихи мүмкіндігімізді жүзеге асырдық деген сеніммен келіп отырмыз.

Ардақты ағайын!

Осы Ұлыстың ұлы күнінде мен ендігі сөзімді елімізбен бірге кемелдік кезеңге қадам басқан жастарға арнаймын.

Біз сендердің білікті маман, болашағы жарқын отаншыл азамат болып өсулерің үшін барлығын жасап келеміз.

Біз сендер үшін білім беру мен ғылымның ең озық жүйесін жасаудамыз.

Сендердің алдарыңнан ата-бабаларың армандап көрмеген ғаламат мүмкіндіктер ашылуда.

Біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрі¬мізді сендер лайықты жалғастыруға тиіссіңдер!

Тәуелсіздіктің 20 жылында жасалған бар жақсылық сендерге арналды!

Елдік пен Тәуелсіздіктің Киелі көк Туын ХХІ ғасыр¬да асқақтата желбірететін – жастар, сендер бола¬сыңдар!

Ел бірлігін көздің қарашығындай сақтаңдар!

Қуатты Қазақстанның құтты іргесін қалаушы біздің буынның абыройлы аманатына лайық бола біліңдер!

Сонда ғана Қазақстан жас ұрпақтың жанқияр еңбегі арқылы өркендейтін болады деп сенемін.

Тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған бүгінгі ұлы күнге біз берік сеніммен жетіп отырмыз:

Бұл дәуір бізді таңдады.

Біз берілген тарихи мүмкіндікті тамаша пайдалана білдік. Келер ұрпақ та солай етуі керек.

Қымбатты қазақстандықтар!

Іргесі берік, бірлігі бекем еліміздің алдында асқар асу, биік белестер бар.

Мың құбылған алмағайып дүниенің не ұсынғалы тұрғанын болжау қиын.

Біздің еліміз – жас, жеріміз – ұлан-ғайыр, халқы¬мыздың саны болса – көп емес.

Сондықтан Елбасы ретінде елімнің болашағын ойлап алаңдаймын.

Енді бірнеше ғасырдан кейінгі Қазақстанның келешегі – келісті, келбеті көрікті болуын арман¬даймын.

Менің тұтас тағдырым, қажыр-қайратым мен білік-тәжірибем тәуелсіздікті нығайтуға, Отанымды көркейтуге арналып келеді, бұдан былай да арнала береді.

Бұл ретте тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекеті¬мізді ғұмырлы ету – біздің ортақ мүддеміз.

Осы жолда біз Тәуелсіздіктің жалғыз тірегі бірлік екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек.

Бізге қазақтың бірлігі, жалпы еліміздің бірлігі қажет.

Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақса¬тымыз – жалғыз. Ол – жері жұмақ, елі бақытты Отанымыз, Қазақстанымыз!

Бұл орайда мені бүгінгі жас ұрпақтың қарышты қадамы қуантады, сергек санасы тебірентеді.

Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінде жеті жастағы Жамбыл деген бала былай деп жазыпты:

Көк туым шалқып төрімде, елімнің бағы таймасын.

Жас болып ару Астанам, құлпырып күндей жайнасын.

Тәуелсіздігім – тәтті сый Тәңірден келген, ағайын.

Бар қазағым бақыттың жиырмасыншы жылын тойласын!

Мектеп табалдырығын жаңа аттаған қаршадай баланың бұлай жырлауы үмітімізді арттырады, осылай ойлауы бізді қуантады. Біз осындай жастарды тәрбиелеуіміз керек.

Ендеше, біздің болашағымыз – жарқын, келеше¬гіміз – кемел!

Құрметті ағайын!

Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы абы¬рой¬лы белесте баршаңызға толайым табыстар тілеймін!

Тәуелсіздігіміз жасасын!

Мереке құтты болсын

Алдыңғы «
Келесі »