• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ақпарат
  • >
  • «Қазақстан-2030» стратегиясының негізгі тежеуші факторы сыбайлас жемқорлық болып отыр – Саясат Нұрбек

«Қазақстан-2030» стратегиясының негізгі тежеуші факторы сыбайлас жемқорлық болып отыр – Саясат Нұрбек

  • 08.09.2014
  • 479 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі таңда сарапшылардың пікірінше «Қазақстан-2030» стратегиясының негізгі тежеуші факторы сыбайлас жемқорлық болып отыр. Бұл туралы бүгін Назарбаев Университетінде «Қазақстан саясаттанушылар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Қазақстан жолы-2050 стратегиясы» атты республикалық форум барысында ҚазАқпарат тілшісіне «Нұр Отан» қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек айтты.

«Бүгін дәстүрлі саясаттанушылар конгресі тұңғыш рет Астанада өтіп отыр. Бұрын бұл басқосу Алматыда өтіп келген. Ал енді Астанада ұйымдастырылуы саясаттанушылар, әлеуметтанушылар мен ішкі саясат саласындағы сарапшылар үшін мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлесе отырып, маңызды мәселелерді талқылауға арналған үлкен алаң болып отыр», – деп атап өтті ол.

С.Нұрбектің айтуынша, форумның негізгі мақсаты «Қазақстан-2030» стратегиясының жүзеге асырылу тетіктерін талқылап, кедергілерді шешу жолдарын табу. Сарапшылар мен мемлекеттік органдар арасында байланыс орнатып, олардың бірлесіп жұмыс жасауын қамтамасыз ету.

«Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық өте үлкен мәселеге айналып отыр. Сондықтан конгрестегі негізгі үш секцияның бірі осы мәселеге арналады. Қазіргі таңда сарапшылардың пікірінше «Қазақстан-2030» стратегиясының негізгі тежеуші факторы – сыбайлас жемқорлық. Бүгінде жемқорлық еліміздегі бүкіл салаларда кең етек алған. Яғни, бұл іштен шыққан ауру. Ал ауру адам ешқандай жетістікке жете алмайтыны сияқты, бұл да мемлекетіміздің қарыштап дамуына өз зиянын тигізуде. Аталған секцияда қоғамды жемқорлықпен күреске қалай жұмылдырамыз, қоғамдық ұйымдарды қалай біріктерміз, жаңа заңнамалық базаны қалай құрамыз деген мәселелер талқыланады», – деді С.Нұрбек.

Айта кетейік, аталған форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам ғалымдар, оқытушылар, сарапшылар мен саясаттанушылар қатысуда.

Алдыңғы «
Келесі »