Жаңақалада күй анасы Динаға ескерткіш орнатылды – БҚО

  • 06.09.2014
  • 362 рет оқылды
  • Пікір жоқ

5 қыркүйек күні Жаңақала ауданы Көпжасар ауылындағы Д.Нұрпейісова атындағы орта мектеп алдында күй анасына орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған қатысқан белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығы және «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева соңғы кезде Жаңақала ауданында күйші-композиторларға үлкен құрмет көрсетіліп отырғанын, бүгінгі шара соның жарқын мысалы екендігін атап өтті. Дина Нұрпейісованың жиені, тоқсан жастан асқан Ұлмекен Өтегенова күйші ұрпақтары атынан ризашылығын қара өлеңмен жеткізді.

Көпжасар ауылдық округінің әкімі Сағат Боранбаевтың айтуынша, ескерткіш авторы – оралдық мүсінші Рафаэль Шамсутдинов. Мүсіннің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде -1,8 метр. Оның шығынын жергілікті шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер көтерді.

Аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің сөзіне қарағанда, тағы бір халық күйшісі Сейтек Оразәліұлының мүсіні көршілес Бөкей ордасы ауданы Хан ордасында орнатылмақ.

Алдыңғы «
Келесі »