Құрылыс сапалы және уақтылы атқарылуы тиіс – БҚО әкімі

  • 05.09.2014
  • 319 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орал қаласындағы маңызды құрылыс нысандарының салыну барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдағы жылы қалалық мәдениет және демалыс саябағында Шаған өзені арқылы жаяулар өтетін көпір пайдалануға берілмек. Өңір басшысы алдымен осы нысанда болды. Оның құрылысы 2011 жылы басталғанымен, бір жылдан кейін мердігер ауысып, құрылысты «АзияТехСтрой» ЖШС қолға алды. 120 млн. теңгеге олар негізгі тамырларын тартқанмен, қаржыландыру болмағандықтан, 2013 жылы жұмыс тоқтап қалды. Учаске бастығы Ғаділ Сәрсеновтің сөзіне қарағанда, биыл 80 млн. теңге бөлініп, жобаға өзгерістер енгізілді. Бұрын тек жаяу адамдар өтетін баспалдақтар көзделсе, енді мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де екі жағынан пандустар салынуда. Абаттандыруды қосқанда, негізгі жұмыстар келесі жылғы қазанда бітпек. Ұзындығы 105 метр, ені 3 метр көпір құрылысына 15 адам тартылған. Бұл ретте облыс әкімі көпірдің сапасы мен барлық талаптардың сақталуы керектігіне, тұрғындар үшін қауіпсіз болуына назар аударды.

Зачаган кентіне қарасты «Көктем», «Кең дала», «Арман» шағынаудандары жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суынан қиындық көріп келген еді. Енді бұл мәселе шешілетін болады. Таяуда канал құрылысына кіріскен «Уральскводстрой» АҚ вице-президенті Тенгиз Тедеевтің айтуынша, бұл жобаға 1,2 млрд. теңге бөлінген. Негізгі арналар Саратов жолына қарай және Атырау жолы жанымен тартылады. Оған қоса су Анискин көліне тез кету үшін ауылішілік арналар да салынады. Арналардың жалпы ұзындығы – 85 км, құрылыс мерзімі – 11 ай. Дегенмен, құрылысшылар мұны биыл бітіруді жоспарлап отыр.

Тез өсіп келе жатқан Зачаган кентінде құрылыс та көп салынуда. Соның бірі 360 орындық «Заңғар» балабақшасы осы айдың аяғында іске қосылмақ. 560 млн. теңге бөлінген нысанды «Марасант» компаниясы тұрғызды. Облыс басшысы жылумен қамту, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын да тиянақтауды тапсырды. Балабақша қасында 1200 орындық мектеп те бой көтеруде. «Альтаир» компаниясы қолға алған құрылысты мердігерлер алдағы жылы жазда аяқтауды жоспарлауда.

Облыс басшысы Зачагандағы көп қабатты жаңа үйлер құрылысымен танысу кезінде жолдардың жай-күйіне де ерекше көңіл бөлді. Үйлер арасындағы жолдарды «АзияТехСтрой» ЖШС салмақ. Мұның сметалық құны – 1148,665 млн. теңге, бұл жұмыс 2016 жылы аяқталуы тиіс.

Айта кетейік, «Отделстрой», «СВ плюс» сынды компаниялар қолға алған бұл үйлердің бірқатары тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесіне қатысушылар үшін салынып жатса, бірқатары жас отбасыларға арналған. Әсіресе, «СВ плюс» компаниясы үй құрылысы комбинатының жаңа технологиясы құптауға тұрарлық. Мұнда үйлердің тез салынатыны өз алдына, шикізат өздерінікі болғандықтан, мердігерлер бұл жағынан да ұтады.

Жәңгір хан көшесі бойындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында қайта жаңғыртылған үйлерді көргеннен кейін облыс басшысы «Жаңа орда» шағынауданындағы теннис кортына бет алды. Бұл нысанды да «СВ плюс» ЖШС тұрғызуда. Компания директоры Сәбит Өтебалиевтің сөзіне қарағанда, корт құрылысы «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысы есебінен 2012 жылы басталды. Оның құны – 1,7 млрд. теңге. Жоба халықаралық талаптарға сай келеді, сондықтан онда кезкелген турнирді өткізуге болады. Ғимараттың ішінде 4, сыртында 4 корт болады, көрермендер үшін орындар да қарастырылған. Мұнда балғын теннисшілер дайындалатын болады. Кешен 20 қарашада берілмекші. Бұл кортты Қазақстан бойынша бірегей деп айтуға болады.

Облыс басшысы Елбасы тапсырмасына сәйкес бой көтеріп жатқан мұндай нысандардың барлығы да жергілікті биліктің ұдайы назарында екендігін, құрылыс жұмыстарының уақтылы да сапалы атқарылуы қажеттігін атап көрсетті.

Алдыңғы «
Келесі »