Халық мемлекет үшін емес, мемлекет халық үшін

  • 08.02.2012
  • 1505 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ,

философия ғылымдарының

докторы, профессор.

Мемлекет – тарихи құбылыс. Ол адамзат баласымен бірге тумаған. Алғашқы қауымдық құрылыс мемлекет дегенді білмеген. Ол жекеменшіктің пайда болуымен бірге ғана өмірге келген. Мемлекеттің шығуын Дидро, Гоббс, Руссо сияқты философтар қоғамдық келісімнің жемісі, яғни адамдар жекеменшікті қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін өзара келісімге келу жолымен дүниеге келген деп түсіндіреді. Адамдар өздерінің табиғи құқықтарының бір бөлігін өз еркімен мемлекет билігінің үлесіне берген деп ұғындырады. Ал Фурье болса, бұған қарсы. Қоғамдағы азаматтардың бәрі бірдей жекеменшікке ие емес, көбісінде еш байлық жоқ. Сондықтан да олар өз еркімен қоғамдық келісімге мойынсұна қоймайды. Әрқайсысының мүдделері әртүрлі. Марксистер болса, мемлекет қоғамдық келісімнің нәтижесі емес, социумдағы үстем таптың өз мүддесін қорғаудың, екіншісі таптың қарсылығын жоюдың құралы деп түсіндіреді.

Қоғамдағы еңбек бөлінісі кезінде біреудің үстем жағдайға, екіншісінің бағынышты жағдайға түсетіні сөзсіз. Мәселен, бір отбасының өзінде табысты көп табатын отағасы әйелі мен балаларына билік жүргізеді. Оларды өз әміріне тәуелді етеді. Әйел мен бала отбасының иесіне бағынышты болады, өйткені ол үй ішін асыраушы, тамақтандырып, киіндіретін де соның өзі.

Ал қоғам жеке отбасыларынан құралады. Олардың табыстары да әртүрлі, қоғамдағы орындары да әртүрлі. Әлеуметтік статусы олардың байлығына, меншігінің көлеміне тікелей байланысты.

Ф. Энгельстің: «Мемлекет дегеніміз бір топтың екінші топты басып-жаншудың машинасынан басқа ештене емес», – дегені белгілі, яғни ол ешқандай да қоғамдық келісімнің жемісі емес, олай болуы мүмкін де емес. Өйткені ешбір тап өзін басып-жаншитын құралдың дүниеге келуіне мүдделілік танытпайды. Тек қоғамда үстемдікке ие болғандар ғана қолындағы байлығы мен билігін сақтау үшін мемлекеттің дүниеге келуіне мүдделі болады. Мемлекет қоғамға қызмет етуге, елдің тыныштығын сақтауға, оны сыртқы шабуылдан және ішкі қарсылықтардан қорғауға қажет бол¬ғанда заңды түрде күш қолдануға құқығы бар феномен болып табылады. Мемлекеттік билік бүкіл ішкі және сыртқы саясатты, қоғамдағы тыныштықты сақтауды, меншік иелерінің мүддесін қорғауды, соларға қолайлы жағдай туғызуды жүзеге асырады. Сонымен бірге жалғыз ірі меншік иелерінің ғана емес, оларға жалданып жұмыс істеушілердің де мүддесін қорғаған кейіп білдіреді. Оларға ішінара жағдай жасап, әлеуметтік шараларды іске асырады, оқтын-оқтын жалақыларын көтеріп, салықтарын азайтады. Бірақ бұл жалдамалы жұмыскер¬лердің түбегейлі мүддесін шеше алмайды. Тек әлеуметтік тыныштықты сақтауды, ел ішінде сіл¬кініс, бүліншілік етек алмауын ғана көздейді. Сондықтан Ф. Энгельс ХІХ ғасырдың соңында (1891 ж.) АҚШ-тағы мемлекеттік биліктің қоғамнан оқшаулану процесін қатты сынға алды. «Мы видим там две большие банды политических спекулянтов, которые попеременно забирают в свои руки государственную власть и эксплуатируют ее при помощи самых грязных средств и для самых грязных целей, а нация бессильно против этих двух больших картелей политиков, которые якобы находятся у нее на службе, а в действительности господствуют над ней и грабят ее» (Қараңыз: К.Маркс, Ф. Энгельс, Изб.сочинения. т.4. с 309).

Осы заманғы ең күшті, ең демократияшыл ел саналып отырған АҚШ туралы Ф. Энгельс кезінде осындай жағымсыз пікір айтқан еді.

Қоғамдық еңбек бөлінісі отбасынан-ақ басталады. Қоғамның өзі де бір-біріне қарама-қарсы жеке¬леген отбасыларынан құралатыны белгілі. Еңбек бөлінісі сандық та, сапалық та жағынан еңбек пен оның өнімдерінің біркелкі емес, әрқилы бөлі¬нуіне әкеліп соғады. Жекеменшік, оның ұрығы ең алдымен отбасында пайда болады. Әйел мен балалар еркектің бағыныштылары болып саналады. Отбасындағы кіріптарлық көзге көрінбейтін, әлі де болса жетілмеген тұрпайы құлдықтың түріне жатады. Экономистердің анықтамасы бойынша, жеке меншік дегеніміз басқаның жұмыс күшін пайдалану деген сөз. Еңбек бөлінісі мен жекеменшік өзара ыңғайлас ұғымдар болып табылады.

Еңбек бөлінісімен бірге қосарлас түрде жеке тұлғаның немесе отбасының мүдделері олармен өзара қатынасқа түсетін басқа тұлғалар мен отбасыларының мүддесіне қайшы келеді. Бұл қайшылық қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа селкеу түсіреді.

Міне осы жерде мемлекеттің елді басқарудағы рөлі қажет болады. Тек мемлекет қана қолындағы барлық амал-айлаларын, тіпті күштеу құралдарын қолдануға дейінгі өз құқығын пайдаланады. Мемлекет өз дәрежесінде болу үшін оның жазалаушы әрекеттерімен қатар қарсылық білдірушілердің де талабына құлақ асуына, тиісті мәселелерде шегініске, келісімге-компромиске баруына тура келеді. Біржақты жазалау шараларына жүгіну биліктің беделіне көп зиян келтіреді. Демократиялық принциптерге де арқа сүйеуге тура келеді.

Біздің еліміз, Ата Заңымызда жазылғанындай, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеумет¬тік мемлекет құруға берік бағыт ұстап отыр. Мемлекет үшін ең басты құндылық адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы болып табылады. Мемлекет өзіне тиесілі құзыретіне сай осы мақсатты орындау жолында қызмет етіп келеді. Мемле¬кеттің тартымдылығы, пәрменділігі, әлеумет¬тік ұнамдылығы халықаралық форумдар, спорт жарыстарын, кинофестивальдар, мәдениет күндерін өткізумен ғана өлшенбейді. Бұлар, әрине, елді таныту үшін қажет, бірақ бұл басты өлшем емес. Басты өлшем – мемлекеттің заңдылықты сақтауы, ең¬бек етуге қолайлы жағдай туғызуы, адам құқығы мен бостандығын қорғауы, тынығуға, білім алуға, кәсіби шеберлігін шыңдауға қолайлы жағдай жасауы болып табылады.

«Нұр Отан» партиясының ХІҮ съезінде сөйлеген сөзінде Н. Назарбаев әлемде мемлекеттік құн¬дылықтар алмасып, адамзаттың ежелгі құндылықтары екінші кезекке ысырылып, ақша қоғамның негізгі игілігіне айналып отырғанын, соның салдарынан ақша айырбас немесе жинақтау құралы ғана емес, ең басты құндылық саналып отырғанын сынға алды. Өйткені қайсыбір мемлекеттер халықаралық қатынасты әділеттіліктен аттап, өздерінің қаржы жүйесін көпшіліктің мүддесіне кері бағытта пайдаланып келеді. Қаржы алпауыттары шын мәніндегі материалдық игіліктерді көптеп өндірудің есебінен емес, қағаз ақшаны – долларды айналымға түсіру есебінен байып отыр. Сондықтан да Н. Назарбаев қазіргі замандағы саясаттың басты мәселесі – мемлекеттің өз функцияларын, негізгі міндеттерін бұлжытпай орындау қажеттігін атап көрсетті. Өйткені еуропалық біраз мемлекеттер банкротқа ұшырау қаупін бастан кешіруде. Мұның өзі мемлекетті басқару жүйесін одан әрі оңтайландыруды қажет етіп отырғанын дәлелдейді. Мұны Франция, Германия саяси билігі ашық айта бастады.

Мемлекеттің өз азаматтарының мүддесін іште де, сыртта да қорғай білуі, әр азаматтың өзін еркін сезінуі, арқасында үлкен Отанының тұрғанын әрдайым түйсіне білуі мемлекеттің беделіне қызмет етеді. Осындай мемлекет қана өз азаматтарының сүйіс-пеншілігіне бөленеді. Өйткені халық мемлекет үшін емес, мемлекет халық үшін деген қағида басымдыққа ие.

Елде еркіндіктің салтанат құруы мемлекеттің халықаралық беделінің бірден-бір көрсеткіші болып табылады.

Әлеуметтік саналуандық жағдайындағы қазіргі заманда мемлекеттің рөлі мен мәні туралы көп сөз бола бастады, биылғы 7 қыркүйекте Ресейдің Ярославль қаласында болып өткен әлемдік саяси форум осы мәселеге арналды. Күн тәртібіне бұл мәсе-ленің қойылуы кездейсоқ жай емес. Мемлекет¬тің түрлері мен функциясына түрліше көзқарас қалыптаса бастады, бір саясаткерлер ұлттық мемлекеттің тағдырына күмәнмен қарайтын болды. Бүгінгі жаһандану жағдайында ұлттық мемлекет өзін өзі сақтай ала ма, оның болашағы бар ма деген сұрақ көбейе түсті. Мысалға АҚШ-ты алайық. Бұл елде әржақтан келген келімсектер жергілікті тұрғындармен белгілі күрестен соң «балқыту қазанына» түсіп, барлығы да американдық аталып кетті. Соны біз басқаларға үлгі етіп, алға тартып келген едік. Енді бұл елдегі балқыту қазаны басқа жерлерде нәтиже бермеді. Еуропа елдеріне жұмыс іздеп келген Азия мен Африка келімсектері жергілікті халықпен кірікпеді. Олар келген елдерінің тілін үйренгенмен өз ұлтының мәдениетінен, дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, ділінен, тілінен, қол үзе қоймады. Американдық тәжірибе өмірге кіріге қоймады. «Балқыту тайқазаны» іс жүзінде өзін ақтамады. Жаңа елдерге қоныстанушылар тасқыны тайқазанда қайнап балқып кете алмады. Өмірге американдық бұл «балқытқыш қазанның» орнына жаңа ағым келді. Әртүрлі этноконфессиялық топтарды ұлттық-мемлекеттік идентификациялау концепциясы тұжырымдалды. Ол мультикультурализм деп аталды. Мұның идеологтары Даниэль Кон-Бендит пен Томас Шмид болды. Олар этно-конфессиялық және этномәдени топтардың шоғырланып, саясат және құқық жүзінде ұлт-мемлекеттердің шеңберінде өз¬де¬рінің жеке дара заңдарымен өмір сүруіне рұқсат етілуін жақтайды. Бұл ел ішіндегі этникалық, діни қақтығыстардың етек алмауына көмекте¬седі. Квота арқылы қоныс аударушыларды қабылдайтын Еуропа елдері олардың экономикалық және басқа сұраныстарын қанағаттандыруды өз мойындарына алулары көзделеді.

Мультикультурализмнің негізінде шағын этникалық және діни топтардың мүддесін көздеу сияқты демократиялық мазмұндар жатқанымен, іс жүзінде ол ұлттық мемлекеттерде қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуде. Соңғы уақытта Францияда, Ұлыбританияда бол¬ған иммигрант-жастардың бүліншілігі, көше тәрті¬бін бұзуы, ғимараттарды талқандап, магазин¬дерді тонауы осыған дәлел. Сондықтан да А. Меркель, Д. Кэмерон, Н. Саркози сияқты мемлекет басшылары мультикультурализм идеясы өмірде өзін ақтамады, тұйыққа тіреліп, дағдарысқа ұшырады деп жариялады.

Шындығында, бір ұлттық мемлекетте сырттан қоныс аударғандар әртүрлі этникалық, конфессия¬лық топтардың саяси, мәдени, әлеуметтік, діни талаптарын мүлтіксіз қанағаттандыру оңай шаруа емес. Мәселен, Германия халқының 20 пайызын иммигранттар құрайды. Иммигранттардың этникалық менталитеті, мәдениет және білім дәрежесі, психологиялық және кәсіби дағдылары олардың жергілікті ұлтпен бірынғайланып кірігіп кетуін қиындатады. Сондықтан да ұлттық мемлекеттер сырттан келіп қоныстанушыларды өздерінің сувере¬нитетіне қауіп төндіретін фактор деп санайды.

Иммиграциялық процесс үдей түскен сайын бұл мәселе күн тәртібіне қатты қойылып отыр. Саясаткерлер де, ғалымдар да әзірше көптің көңілінен шығатын жаңа ұсыныс жасай алмай келеді.

Батыста да, шығыста да, бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде де көп конфессиялық, көп этникалық қауымдастыққа әзірше теория жүзінде де, практика жүзінде де соңғы нүкте қойылған жоқ. Көңілге демеу болатын жай біздің Қазақстанда бұл мәселе тәп-тәуір жүзеге асырылып отыр. Көп этникалық, көп конфессиялық елдің тұтастығына, халықтардың ынтымағына көлеңке түсіріп отырған жоқ. Мұны толық сеніммен ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің ішкі және сыртқы саясатын, дәлірек айтқанда ұлт саясатын көрегендікпен, сабырлылықпен, білгірлікпен жүйелі түрде жүзеге асырып отырғанының нақты жемісі деп бағалау керек. Мұны Қазақстан халқы күнделікті өмірден, саяси ахуалдан анық көріп отыр. Либертаризм мемлекетті жеке адам бостандығын шектеуші, тұншықтырушы деп қарайды, яғни жеке адамның мүддесін жалпыхалықтық мүддеден жоғары қояды. Шындығында жеке адамның бостандығын мемлекет емес, қоғамда қалыптасқан әлеуметтік нормалар, діни сенімдер, отбасылық әдет-ғұрыптар, идеологиялық шарттылықтар және нарықтық заңдылықтар шектеп тежейді, деңгейден жырақ жібермей бақылайды. Мұны адам құқықтарын бұзу деп түсінуге болмайды. Бір адамның бостандығы екінші жанның құқығына нұқсан келтірмеумен өлшенеді. Мемлекет қоғамдық тәртіпті сақтау үшін, елдің қауіпсіздігін қорғау үшін заңды түрде күш¬теу, жазалау шараларын жүзеге асырумен шұғылданатын бірден-бір феномен болып табылады.

Қазіргі жаһандану жағдайында бүкіл әлемде мемлекеттің қоғамдағы қызметі (функциясы) мен рөлі жөнінде көзқарас түрліше қалыптасып отыр. Либерал-демократтар мен консерваторлар арасындағы пікір бір-бірінен алшақ жатыр. Біріншілері болса, мемлекетті қоғамдық тәртіпті сақтаушы (түнгі күзетші), сыртқы-ішкі жаулардан қорғану шараларын жүзеге асырушы ретінде ғана танып, оның экономикаға араласуын қаламайды. Нарық жағдайындағы экономика өзін-өзі ретке келтіріп, дамиды, оған мемлекеттің араласуы керек емес, ол керісінше өндірістің дамуын тежейді, шаруашылықтағы бәсекелестікке тұсау болады деп топшылайды. Сондықтан да олар экономиканы қоғамнан, мемлекеттің ықпалынан тыс өзді-өзін қозғалысқа келтіретін, өз алдына оқшау жеке құбылыс деп санайды. Бұл батыстағы көзқарас Ресейде де, ТМД елдерінде де көп қолдау тауып отыр. Ірі кәсіп¬орындардың бәрін жекешелендіріп, мемлекет меншігінен алу экономиканы шапшаң дамытудың алғы¬шарты деп тану кеңінен өріс алуда. Алпауыттардың корпорациясы қоғамда билеуші күшке айналып, айтқандарын билікке орындатып отыр. Бұл экономиканы шағын топтың өз қолында ұстауына қолайлы жағдай жасап отыр деген сөз. Либерал-демократтар батыста да, шығыста да экономиканы реттеуге мемлекеттің қатысуын құптамайды. Нарықтық экономика бәрін өз орнына келтіреді деген пайымды басшылыққа алады. Нарық сырттан өзге күштің араласуын қажет етпейді. Ол өз заңымен өмір сүреді деген пікірді ұстанады.

Тарих бұған қарама-қарсы қағидаларды да біледі. Мәселен, ағылшын экономисі Джон Кейнс (1863-1946) 1930 жылы «Ақша туралы трактатын» жариялады. Өндірістің құлдырауын ол сұраныстың кемуімен байланыстырды. Жеке меншік сектор сұранысты қанағаттандыра алмайды. Оны қанағаттандыруды мемлекет өз қамқорлығына алуы керек. Кейнс капиталистік экономиканың өзін өзі реттеу механизміне күмән келтіріп, қоғамның экономикалық және әлеуметтік өміріне мемлекеттік реттеудің қажеттігін дұрыс деп тапты. Бұл экономистің теориясы АҚШ-тың ұлы депрессиядан шығуына көмектесті. Дж.Кейнс дағдарыстан шығудың тұңғыш рет бағдарламасын жасады. Ол тұтынуды мемлекет тарапынан реттеу жолымен «ең қажетті сұранысты» (эффективный спрос) қалыптастыру арқылы дағдарыс пен жұмыссыздықты еңсеруді ұсынды. Жеке сектор бұған құлықсыз, сондықтан мемлекеттік реттеуді іске қосудың маңызы зор. Осы экономикалық саясатты жүзеге асыру арқылы Д.Рузвельт басқарған АҚШ ұзаққа созылған дағдарысты жеңе алды. екінші дүниежүзілік соғыс¬та күйреген неміс экономикасы Людвиг Эрхардтың басшылығымен шаруашылыққа мемлекеттің тікелей араласуымен қайтадан қалпына келтірілді. Бұл мысалдар мемлекетті экономикадан аластатудың пайдалы еместігін, керісінше экономика мемлекеттік реттеудің арқасында жедел өркендей алатынын көрсетеді. Бұл тарих сабақтарына қарамастан, посткеңестік елдерде батыс ақылшыларының, халықаралық валюта қорының кеңестеріне бас шұлғып «есеңгірету емін» (шоковая терапияны) басшылыққа алды. Нарық заңына қанық емес бұл елдер шын мәнінде есеңгіреудің бүкіл ауыртпалығын бастан кешірді. Ауыл-село азып-тозды, қалалар, өндіріс ошақтары күйреді. Халық есінен танып, оңы мен солын айыра алмай аңырап қалды. Әйтеуір бұл есеңгіреуден халық біртіндеп есін жиды. Қазір ауыр күндер артта қалды. Сондықтан да нарық ел экономикасын өзі реттейді, тек шыдамдылық, тө-зім¬ділік керек деген қағидаға біржақты қарамау керек. Мемлекет, әрине, ұсақ-түйек шаруаларға ара¬ласпай, яғни шағын және орта бизнеске кеңінен ер¬кіндік беріп, оған қолдау көрсетумен бірге, экономиканың стратегиялық салалары мемлекет күзі¬ре-тінен біржола шығып кетпеуі керек. Бизнестің тұт¬қасы жеке адамдардың қолында екені белгілі. Әдет¬те жеке адам, біріншіден, өз қамын ойлайды, өз табысын молайтуды, қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайдаланып, кірісін еселей түсуді мұрат тұтады. Оның қарапайым халықта шаруасы жоқ. Әркім өз күнін өзі көруі керек. Халық қамын ойлайтын, оған қызмет ететін жалғыз мемлекет бар. Соның қолында материалдық, қаржылық ресурстар болса, бүкіл қоғамның мүддесіне жұмсайды. Әлеу¬меттік саясатқа көп көңіл бөледі, ғылым, білімді дамытады, ел қорғанысын, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салады. Ал біздің либералдар болса, мемлекет меншігінен табысты салалардың бәрін жеке қолдарға таратып беруге бейім тұрады. Мемлекет қарамағынан ірі стратегиялық салаларды алу қоғамның, елдің күйреуіне әкеп соғатынын әрдайым ескере бермейді. Батыстың болсын, біздің болсын либерал-демократтардың мемле¬кеттің экономикаға араласуынан ат-тонын ала қашуының түбінде не жатыр десеңізші? Олар шындығында қоғамның әлеуметтік жай-күйінің жақсаруын күйттеп, ел экономикасының гүлденуін қалап отыр ма. Әлде ат төбеліндей алпауыттардың жеке өз мүдделерін көздеп, ешқандай бақылаусыз, шек¬теусіз олардың өз дегендерін жүзеге асыруына мүдделі болып отыр ма? Мәселе – осында. Шағын топ стратегиялық маңызы күшті өндіріс салаларын өркендетуге мүдделі ме, әлде өзіне шапшаң мол табыс әкелетін, өндірістік айналымға тез түсіп, тез кіріс әкелетін салаларды дамытуға, яғни қызмет көрсету сфераларына қаржы жұмсауға мүдделі ме? Әрине, алпауыттар елдің қорғанысы үшін, қауіпсіздігі үшін жауап бермейді, ол бұлардың құзыретіне де жатпайды. Оған мол пайда әкелетін экономика саласын дамыту тиімді. Мәселен, елде апатты жағдай болды делік. Табиғаттың дүлей күші кенеттен ғаламат шығын әкелді делік. Мемлекеттің өз қолында артық материалдық-қаржылық қаражат жоқ, келген төтенше шығынды орнына келтіру үшін ол кімге қолын жаймақ? Әрине, алпауыттарға. Бірақ олар мемлекеттік биліктің талабына түсіністікпен қарай қояр ма екен? Бұл жағы, әрине, белгісіз. Кесіп-пішу, түпкілікті шешім айту қиын. Екінші жағынан, қолында жұмсар күші жоқ, маневр жасайтын экономикалық қажыр-қайраты жоқ мемлекет қоғамға қалай қорған болмақ? Экономика мемлекеттің қолында болмай, оған мұның қатысы шамалы болса, сонда либерал-демократтарға қандай мемлекет керек?

Қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтау үшін, әлеуметтік шайқалыстарды болдырмау, олардың алдын алу үшін мемлекеттік биліктің құзырында бюджеттік қордан басқа материалдық-қаржылық қосымша мол резерв те болуы керек. Әлеуметтік толқуларды қарудың күшімен басу түпкілікті нәтиже бермейтіні сөзсіз. Сондықтан да билік ереуілші¬лердің, мемлекет саясатына қарсылық танытушылардың әлеуметтік-экономикалық талаптарын іші¬нара болса да орындауға мәжбүр болады. Мұнсыз қоғамдағы қайшылықтарды бірыңғай күш қолдану тәсілімен шешуге бомайтыны сөзсіз. Мұндай қайшылықтар биліктегілердің, тіпті жергілікті ғана емес, орталықтағы биліктің орашолақ саясатының, алдын ала ойластырылмаған ұшқары шешімдерінің салдарынан да туындауы ықтимал. Сондықтан билік қасарыспай, өз кемшілігін түзетуге арланбай, шие¬леністі одан әрі ушықтырып жібермей, жылдам түрде қажетті шаралар қолданулары керек. Бұл қо¬ғамға да, билікке де пайдалы. Бұдан мемлекеттік биліктің беделі әлсіремейді, керісінше оның қоғамды басқаруға жедел шара қолдануға бейімділігі, яғни биліктің ширақтығы, өмірге жанасымдылығы, ел басқару шеберлігіне жетіле түскендігі анық танылады. Сондықтан да либерал-демократтардың қоғамды басқарудағы мемлекеттің рөлін шектеу жөніндегі саясаты соңғы кезде қатты сынға ұшырап, қожырай бастады.

Батыс Еуропа елдеріндегі әлеуметтік толқулар, бірқатар елдер экономикасының дефолтқа ұшырауы, жаппай дағдарыстың етек алуы қарапайым жандарды ғана емес, саясаткерлерді, мемлекет басшыларын да ойланта түсті. Германия, Франция және басқа елдер лидерлері де мем¬ле¬кеттік басқарудың қазіргі жүйесіне сын көзбен қа¬рап, оны жетілдіру қажеттігін ашық айта бастады. Тіпті дүниежүзіндегі алпауыт ел – АҚШ-тың билік саясатының кінәратсыздығы да күмән туғызып отыр. Американизм мен батыстық либералдық жүй¬енің артықшылығына бұл күнде күдік көбейді.

Мемлекеттік билік өзінің қоғамды басқару құралы болу міндетінен біртіндеп қол үзіп, бұл сая¬сатынан қазір де танған жоқ. Ішінара әлеуметтік саясатына өзгерістер енгізгенімен мемлекеттің бір топтың екінші топты басып-шаншудың құралына айналғаны белгілі. Мемлекет бұл ішкі мәнін ешқашан жоғалтқан емес, керісінше оны жетілдіріп, амал-тәсілдерінің өңін айналдырып, адами сипат бер¬ген болып келеді. Сөйтіп АҚШ екі ғасыр ішінде әлемдегі ең бай, ең күшті, ең өркениетті, ең демо-кра¬тия¬шыл ел болып саналды. Шындығында бұл табыстарға АҚШ өзінің қаржылық саясаты арқылы басқа елдерді тонау жолымен қол жеткізді. Американың сыртқы жылтыраған көзбояушылық саясатының бұл күнде бет-пердесі ашылып, өзінің ішкі мәнін жасыра алмайтын деңгейге жетті. Аңызға айналған американдық асыл мұраттың арты ашыла бастады.

Мұхиттың арғы жағындағы жаңа құрылық пен бергі жағындағы ескі құрлық мемлекеттің экономикадан тысқары тұруына мүдделі болуында не мән жатыр десеңізші. Ат төбеліндей алпауыттар мемлекет билігін өз қолында ұстағылары келеді. Сондықтан да олар биліктің құзыретін шектеп, экономикадан алшақтатып, өндірістік күш-қуаттың бәрін өз иелігінде ұстауды қалайды. Мемлекет экономикаға ықпал ете алмайтын болса, оның айбары, құдіреті шамалы болатыны белгілі.

Елдің қуаты, қорғаныс қабілеті, қауіпсіздігі, техникалық, ғылыми, азық-түліктік тәуелсіздігі экономикаға тікелей байланысты екені сөзсіз. Егер мемлекет бұл саладан тысқары тұрса, ол қалай елді басқара, оған ықпал ете алады? Мемлекет қолында қуатты экономика, озық техника, дамыған ғы¬лым, инновациялық тетік, стратегиялық өндіріс салалары – космос, авиация, темір жол, заманауи байланыс құралдары болуға тиіс. Әйтпесе мемлекет өзіне жүктелген міндетті – елдің өркениетті жолмен дамуын қамтамасыз ете алмайды. Атал¬ған салаларды алпауыттардың иелігіне беру өзін ақтай ма? Қорғаныс, соғыс құралдарын жетілдіру, қосмосты игеру, ғылымның іргелі салаларын дамытуға олигархтар мүдделі ме? Оған бұл маңызды ма, әлде өз қалталарын байыта түсу, жылдам табыс әкелетін қызмет көрсету сфераларына қар¬жы салу пайдалы ма? Ірі кәсіпкерлердің мүддесі Отан, ел мүддесімен әрдайым ұштасып жата ма? Шын мәнінде халықты, жерді, елді қорғау алпауыттардың міндеті ме? Бұлар – тәуелсіз, еркін жандар, қаласа қорғайды, қаламаса – қол ұшын бер¬мейді. Оған барлық жер, бизнесі жүретін жерлердің бәрі – Отан. Қайда көп пайда тапса, сонда мекен ауыстыра береді. Оның қайда бизнесі, банкісі табыс әкелсе, сонда оның Отаны. Елде әлеуметтік дағдарыс белең алды, аштық, жұт болды дейік. Құрғақшылық, табиғи апат, жер сілкінісі, топан су қаптады немесе құрғақшылықтың кесірінен егін, шөп шықпады делік. Сонда алпауыттар өз байлығын елге бөліп бере ме? Олар тиісті салығын төлейді. Басқасын өзі бөледі, мемлекет оған әмір ете алмайды, сұраушы, өтініш білдіруші ғана рөл атқарады. Бюд¬жеті тапшы, кедей мемлекет өзі ештеңе шеше алмайды, сондықтан да мемлекет қолында жеткілікті материалдық байлық, игілік болуы керек. Соған қожалық етеді, апаттан, дағдарыстан шығу үшін төтенше шешім қабылдай алады. Қиындықтан құтыла алады. Бұл үшін мемлекет жалаңаш қалып, ал¬пауыттарға қол жайып, телміріп отырып қалмауы керек. Билік өз иелігіндегі ырысын, ырзығын емін-еркін тиімді пайдаланатын болуы керек.

Либералдар болса, нарық жағдайында мемлекет экономикаға араласпауы керек дейді. Өндірісті сұраныстың өзі, яғни нарықтың өзі реттейді, өндіріс, экономика өз кезегімен, өз заңымен дами береді, мемлекеттің араласуы экономикаға қол байлау болады, тұсау салады деп жарғақ құлағы жастыққа тимей қақсайды. Сондағысы не? Әлде мұның бас¬қа сыры бар ма? Италияның белгілі журналисі Джульетта Кьеза өзінің бір сұхбатында мемлекеттік биліктен гөрі қалталы қапшықтардың қоғамға ықпалы көп жүретінін ашық жазады. 2010 жылдың желтоқсанында «Нью-Йорк Таймс» газетінің бірінші бетінде бір мақала басылды. Онда Уолл-Стриттегі мейрамхананың бірінде әр ай сайын әлемдік 9 банктің басшылары бас қосады. Бұл тоғыз әр ай сайын алты миллиард адам баласына қатысты мәселелерді талқыға салады: әлемде жұмыс¬сыздық деңгейі қанша пайыз болатынын, қанша адамның аштықтан көз жұматынын, қанша үкімет орнынан кететінін, қанша министр бопсаланатынын және басқа мәселелерді шешетінін жазады. Бұлар көрерге сүйкімді қарақшылар, бірақ олар әлемдік саяси лидерлердің кез келгенінен ықпалдырақ. Өйткені оларда – нақты билік бар, ақшаның билігі бар дейді Дж. Кьеза.

Ресейде де Орталық банк мемлекеттік емес коммерциялық құрылым болып есептеледі. Ол мемлекеттік дума алдында есеп береді. Соған тәуелді деп саналады. Іс жүзінде АҚШ-тың федеральдық резервтік системасының (ФРС) бір бөлім¬шесі секілді. Ресейдің орталық банкі бюд¬жеттің тап¬шылығын өтеу үшін үкіметке қаржы бөле алмайды. Үкімет халықаралық валюта қорынан (МВФ) кредит сұрауға мәжбүр болады. Ресейдің орталық банкі өз еркімен алтын-валюта резерві есебінен қаржы бөле алмайды. Бұл тәуелсіз коммерциялық құрылымға Ресей Орталық банкіне – ешкім де, президент те, премьер де ықпал ете алмайды. Орталық банкке мұнайдан түскен доллардың – қаржы минис¬трлігі белгіленген жобадан мұнай бағасы артық болғанда, соның айырмасына тен, көлемде ғана қағаз ақша басып шығара алады. Ресейдің орталық банкінің төрағасын мемлекеттік Дума тағайындайды, ұлттық банк кеңесі құрамына мемле¬кеттік Думаның бірқатар депутаттары, үкімет пен президент әкімшілігінің шенеуніктері кіреді. Кеңесті басқарып келген бұрынғы қаржы министрі А.Ку¬дриннің еркінсіп кеткені соншалық ел басындағы прези¬денттің өзімен тәржікелесіп, АҚШ-та жүріп, болашақ үкімет құрамына кіргісі келмейтінін, Д.Медведевпен арасында бірқатар мәселелерде пікір алшақтығын айтып сұхбат берді. Президент асқақтаған, әбден семіріп, мойны жуандап кеткен министрді қызметтен кетірді. Сөйтіп Ресейдегі либералдық экономиканың білгірі саналатын мардымсынған А.Кудрин отставкаға кетті. Зиялы орын иесіз қалған жоқ. Жаңа министр іске кірісті. Посткеңестік елдерде мемлекетті экономикадан аластату саясаты либерал-демократтар тарапынан көп жылдардан бері насихатталып келеді. Нарықтық қатынастарға көшкен елдерде шаруашылыққа мемлекет мойнын созбауы керек деген идея әлі де өріс алу үстінде. Бірақ бұл қағида сынға ұшырап отыр. Бүкіл экономиканы, әсіресе стратегиялық нысандарды жеке капиталдың құзырына берудің тиімсіздігін экономистер де, саясаткерлер де жиі ескертіп келеді. Ресейдің белгілі мемлекет қайраткері, ғалым Олег Попцов: «Мемлекетті экономиканы басқарудан алас¬тату капиталистік жүйені күйретумен пара-пар», деп жазды («Литературная газета», №34, 2011). Мақалада жазылғандай, ТМД елдерінде капиталистік жүйе қалыптасып үлгерген жоқ, біздің істес болып отырған саяси жүйеміз – жабайы капитализм. Сондықтан да нарықтық жүйеге барлық жауапкерші¬лікті аудара салу негізсіз.

Әлемдік экономикалық дағдарыстан кейін Еуропада да капиталистік жүйенің мінсіздігіне күмән көбейе түсті. Капиталистік жүйенің уақыт сынына төтеп бере алмай отырғанын, оның әлсіз жақтарын жалаңаштап, нақтылап берді. Капитализмді сынау ел басшыларының өздерінің аузынан естілетін болды. Мәселен, Францияның президенті Н.Саркози, Германияның канцлері А.Меркель тарапынан капитализм мінсіз қоғамдық жүйе деп қабылданбай отыр. Керісінше көптеген теоретиктер мен практиктер қазіргі дағдарыстың себебін қоғамдық жүйенің кінәратынан деп қабылдай бастады. Сондықтан да социалистік жүйенің ұнамды жақтарын жоққа шығаруға болмайтынын мойындап, оларды пайдалана білуге үндеуде. АҚШ-тың федеральдық резер¬втік жүйесінің (ФРС) бұрынғы басшысы А. Грис¬пен өзінің соңғы жазбаларында либералдық нарықтық экономиканың тағдырына түбегейлі сенімсіздікпен қарайтынын ашық айтты. Ол әлемдік қаржы және экономикалық жүйенің жаңа үлгісін ұсынуға әрекет етіп бағуда. Б.Этцель атындағы қордың өкіл¬дері жүргізген сауалнамада респонденттердің онының тоғызы қазіргі экономикалық жүйені жақсартуды қолдайтынын білдірген. «Шпигель» журналынын жүргізген сауалнамасында респонденттер ескі капитализмді де қолдамайтынын, сондай-ақ социализмді де арман етпейтінін атап көрсеткен (Қараңыз: «Вопросы Философии» журналы, №6, 2011).

Ресей ғылым академиясы социология институтының жүргізген сауалнамасына қарағанда, мемлекеттің бақылауынан тыс капитализмнің либералдық үлгісін халықтың 9 пайызы ғана қолдайды екен.

Ресейдің бүгінгі президенті Д. Медведев өз Отанының патриоты болумен бірге мемлекеттің экономикаға көбірек араласуын жақтамайтын сыңайын аңғартып жүр. Ол Ресей қоғамында екі тенденцияның әрекет етіп отырғанын мойындайды. Бірі әлеу-меттік саналуандық белең алып отырғанда әлеу¬меттік құрылымның ыдырауы қоғам тұтастығының тағдырына кері әсер етеді, сол үшін дәстүрлі мәде¬ниетті және имандылықты сақтай білу қажет дейді. Екінші тенденция бюрократияның рөлін шектеп, қоғамның өздігінен ұйымдасуына және өзін-өзі бас¬қаруына жетісуді жақтайды. Тіпті мемлекетті қоғамның өмірінен біржола сырт қалдыруды қолдайтындар да баршылық. Сонда мұның қайсысы дұ¬рыс?

Д.Медведев бұл екеуінің бірдей заман талабына сай келмейтінін атап көрсетеді. Мемлекет қоғам өміріндегі жеті басты Левиафанға айналмаса да, оның қоғамдық өмірді басқарудағы рөлін жоққа шығаруға болмайды. Маркс пен Энгельс те мемле-кеттің мәңгі еместігін, қоғамда өзін өзі басқару жо¬ғары деңгейге жеткен кезде, таптар біржола жойылған кезде мемлекеттің қажеттілігі өзінен өзі жо¬ғалатынын, сөйтіп мемлекет өзінің функциясын, билігін біржола тоқтататынын жазып кеткен болатын. Ал бүгінгі тарихи процесс, адамзаттың қазіргі даму барысы марксизмнің бұл қағидасының ауылы әлі алыс екендігін көрсетіп отыр. Адам баласының түсіністікпен өзара ынтымақтасып, ықпалдасып өмір сүруі үшін мемлекет әлі де қажет екендігін қазіргі уақыт шындығы дәлелдеу үстінде. Бүгінгі заманда әлеуметтік теңсіздік, азаматтардың байлық дәрежесі, білім деңгейі жағынан бір-бірінен оқшаулануы жылдам белең алып келеді. Мәселен, он пайыз ең бай Ресей азаматтары ең кедей сонша пайыз жандардан 15 есе көп табыс табады. Бұл байлардың үлесіне азаматтар кірісінің үштен бірі тиесілі болса, ал жарлылардың үлесіне екі-ақ пайыз табыс келеді. Әрине, мұндай әлеуметтік деңгейдегі алшақтық сөзсіз қоғамдағы толқуға, тұрақтылықтың бұзылуына әкеліп соғады.

Кедейшілік адамдар арасындағы алауыздықты, өшпенділікті туғызады. Кедейшілік және одан туындайтын қоғамдағы алауыздық өздігінен өзі жойылмайды, мезгілінде мемлекет шара қолданбаса, ол шиеленісіп үлкен сілкініске, жарылысқа жетелейді. Қоғамдағы алпауыт күштер, байлық иелері өздігінен әлеуметтік реформалар жасауға батыл бара бермейді. Міне осы жерде мемлекет өзіне жүктелген, өзіне тиесілі қызметін атқаруға тиіс. Ресей президенті Д.Медведев сөзімен айтқанда, мемлекет те өмірге бейімделгіш, ол әрі күрделі болуға тиіс, әрине, бұл басқаруға қиындық келтіруі мүмкін, бірақ мемлекет күрделі болумен бірге әрі икемді, әрі ақылды болуға тиіс. Қоғамдағы барлық әлеуметтік топтармен, тіпті шағын болса да, солармен қатынас орната білуге тиіс. Мемлекет шағын топты көрмесе, бұл ол топтың шаруасы емес, бұл мемлекеттің проблемасы болуға керек. Мемлекет икемді, бәрін қамтитын, бәріне ортақ болуға тиіс. Бұл пікірді Ресей президенті Ярославта күз айында болған әлемдік саяси форумда жасаған баяндамасында қадап айтты. Мемлекет мәдение¬тіне, ұлтына, кәсібіне қарамастан өз азаматтарын түсінуге тиіс, деді ол.

Бұл үшін азаматтық қоғамды дамыту қажет. Мемлекеттік биліктің біразын орталықтан жергілікті орындарға қарай ауыстыру керек. Бұл халықтың барлық топтарын мемлекет ықпалымен, қамқорлығымен кеңінен қамтуға жағдай жасайтын болады. Бір орталықтан шалғайдағы аймақтардың мақсат-мүддесін, талап-тілектерін толық ескеру мүмкін емес. Сондықтан да мемлекет өз билігінің бірсы¬пырасын жергілікті региондарға қарай бейімдеуі тиіс. Мұны күнделікті өмір тәжірибесі анық дәлелдеп отыр.

Экономиканың дамуы қоғамдағы коррупцияны жоюға тікелей байланысты. Сондықтан онымен күресу – мемлекеттің тікелей парызы. Бұл күнде қоғамды аса қатерлі індет коррупция мен жемқорлық жайлап отыр. Әрине, мұның тарихи да, әлеуметтік-рухани да себептері, тамырлары бар.

Тарихи тамыры дегеніміз парақорлық бір жылдың, бір ғасырдың ғана жемісі емес, ол ғасырлар бойы тамырын тереңге жайып кеткен қатерлі кесепат. Бір жерде оның ұйымдасқан ұясын әшкерелеп-жойып жатсаң, екінші жерден тағы да бұрқ ете түседі. Жемқорлықтың жаңа ғасырдағы тамырын іздесек, ол Ресейден-ақ табылады. 1722 жылы Петр І «Шен дәрежелері туралы табельді» қабылдады. Ресейде шенеуніктің саны тым көбейіп, бас¬қару аппаратының көлемі тым далиып кеткен еді. Оларға жалақы төлеу оңай болмады. Оның үстіне тұрақты армияны, флотты жасақтау көп қаржыны керек етті. Шенеуніктердің ең төменгі буындарына жалақы төлеуге қаржы жетіспеді. Петр І бұл қиындықтан шығуды акциденция тәртібін енгізу арқылы шешкісі келді. Коллегиялардың, кеңселердің жетекші шендегілеріне тұрақты жалақы тағайындалып, ал сот пен коллегияның төменгі қызметші¬леріне, приказ қызметшілеріне, хат көшірушілерге, дьяктың орынбасарларына жалақы төлемей, оларға акциденцияны пайдалануға заң жүзінде рұқсат етілді. Акциденция дегеніміз өтініш-арызбен келген¬дердің өздеріне көрсетілген қызметтер үшін өз еркімен ұсынатын тиын-тебендері, сыйақылары болып табылады. Ақы төлеудің бұл формасы біртін¬деп бопсалаудың, мәжбүрлеудің және жемқорлықтың қайнар көзіне айналады.

Бұл практика Екатерина ІІ патшайымның билік құрған кезіне дейін сақталды. Тек 1763 жылы 15 желтоқсанда патшайым жаңа манифест қабылдады. Манифест былай аталды: «О наполнении судебных мест достойными и честными людьми; о мерах к прекращению лихомства и взяток; о взимании с 1 января 1764 года по приложению реестру положен¬ных по новым штатам на жалование разных сборов и об отсилке оных в штатс-контору». Бұл манифест сот жүйесін тәртіпке келтіру және коллегиялар, кеңселер мен провинциялардағы арнайы шақырылып қатыстырылатын қызметшілерге тұрақты түрде белгіленген мөлшерде жалақыға төленетін қаржылардың көзін анықтап белгіледі.

Елдегі сот жүйесі мен шенеуніктер арасында парақорлықтың терең тамыр жайып кеткені соншалық оны ешқандай жарлықпен, манифестпен жою мүмкін еместігін Екатерина ІІ патшайым ол кезде түсіне қоймады. Өйткені парақорлыққа қоғамдық пікір соғыс жариялаудың орнына оны күнделікті дағдыға айналып, қанға сіңіп кеткен құбылыс деп қабылдады.

Бүгінгі жаңа заманда да коррупция мемлекеттің ырқына көнбей отыр. Бізде де коррупциямен күрес туралы арнайы заң бар. Билік онымен күрес жүргізген болып жатыр. Түрлі комиссиялар жұмыс істейді, заң орындары, фискальдық органдар жазалау шараларын қолданып жатыр. Бірақ бұл күрес жартымды жеміс бермей келеді. Мұны қоғам күнделікті өмірден күнбе-күн көріп отыр. Жетібасты гидра іспеттес. Бірін қырықсаң, екіншісі шыға келеді. Сонда коррупцияны жеңуге болмайды деп мемлекет шарасыздыққа, түңілуге ұрынуы керек пе? Енді не істеуі керек? Мұны бүкіл қоғам, бүкіл халық ойланып-толғануы тиіс. Билік жемқорлық пен парақорлықтың алдын алу үшін түрлі шаралар қолдануға барып жүр. Мемлекеттік сатып алу тендер арқылы, оқуға түсу, мемлекеттік қызметке кіру тест тапсыру арқылы жүргізіледі. Бірақ бұлардың бәрі жартылай шаралар. Өйткені бұл экономикалық қатынастар техника көмегімен атқарылса да, оның артында адамдар тұр. Техника, компьютер адам арқылы іске қосылады. Сондықтан да техника арқылы коррупцияны жою жартыкеш шаралар, бұл бос әурешілдік болып отыр. Тендер өткізу қаржыны үнемді, өз орнында пайдаланудың емес, керісінше жең ұшынан жалғасудың, бопсалаудың бірден-бір көзіне айналып отыр. Тендерді өткізу мемлекеттік қаржының өндіріске, тікелей жұмыс атқарушылар¬ға жетуін кешеуілдетеді, содан қаржы көзі ашыл¬ғанша көп уақыт өтеді, соның салдарынан көптеген шұғыл өндіріс, құрылыстар кеш басталады, жыл аяғына дейін бөлінген қаржы игерілмей қалады.

Бірыңғай ұлттық тестілеу де талапкерлердің, оқу¬¬шылардың білім сапасын дәл анықтауға жетіс¬пей келеді. Соның салдарынан оқушылар тарапынан суицидке бару, өзіне өзі қол жұмсау фактілері жиі кездесуде.

Коррупцияны билік қатаң заң қолданумен, ауыр жазаға барумен, қорқытып-үркітумен ғана жеңе алмайды. Өйткені ол қоғамдағы әлеуметтік жағдайға, адамдардың рухани-имандылық деңгейіне де тікелей байланысты дүние. Роберт Оуэн айтқандай, адамдардың иманды болуы олар өмір сүрген ортаға, қоғамдағы ахуалға тікелей байланысты. «Ақылды ойлар мен сезімдерге бай адамдарды тәрбиелеу үшін, деп жазды ол, ең алдымен оларға қолайлы жағдай жасау керек, содан кейін барып адамзат баласынан парасаттылықты күтуге болады». Сол парасаттылықтың жетіспеуі де жемқорлықтың ауыздықталмай отыруына себепші болуда. Ол күннен күнге өршіп, өрісін кеңге жайып келеді. Бұл қатерлі дертке қарсы күрестің оң нәтиже бермеуінің себебі неде? Біріншіден, мемлекет тарапынан жемқорлықпен күресушілердің өздері таза емес, былыққа белшесінен батқан. Өздері ұры бола отырып, басқа ұрыларды қалай ұстасын. Ұрлықпен күресу үшін олардың өздері таза мінсіз, адал болулары керек. Ешкімнен жасқанбай, шындықтың бетіне тура қарай алатын батыл болуға тиіс. Өздері батпаққа батып жатып, олар басқаларға қалай тура жолды көрсете алады?

Біреуге тиіп кетемін бе деп жалтақтамай, күрес мейрімсіз, қатал әрі тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Бұл майдан науқаншылдықты көтермейді, ол тоқтаусыз, іркіліссіз, тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Анау ананың туысы, мынасы пәленшенің жақыны деп алаламай, қылмыскердің бәрі нысанаға алынуға тиіс. Тамыр-танысы, ағайын-туғаны билікте бар-жоғына қарамастан, қылмыскердің бәрі жауапқа тартылуы қажет. Мұны қоғамдық пікір әрдайым сезінуге тиіс. «Маған ешкім ештеңе істей алмайды» деп күш көрсететіндер арамызда болмауы керек. Бұған әркімнің көзі анық жетуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуші шенеуніктер заңнан бас¬қа ешкімге бағынбуы керек. Сонда ғана қоғамда тәртіп орнайды.

Екіншіден, қоғамдағы парақорлықты, ел үстінен жеңіл күнкөрісті болдырмау мемлекеттің жазалау, күш көрсету органдарының қызметіне ғана байланысты десек, қателесер едік. Азаматтардың заң шеңберінде, адамгершілік пен имандылық жолында таза өмір сүруіне жетуіне қалыптасқан қоғамдық сананың деңгейіне де тікелей байланысты болады. Қоғамдық пікір арам жолмен баюды, алдау-арбау, ұрлық жасау жолымен молшылыққа кенеліп, сайран салуды, әкесінің, туысының атын пайдаланып, оңай олжаға батуды қоғамдық пікір қатты айыптамайынша, оларға деген төзгісіз ахуал туғызбайынша, қоғамды жемқорлықтан тазарту мүмкін емес. Ол үшін адамдардың миын тазарту керек. Ой-санасында төңкеріс туғызу керек. Бүгінгіше байлар алдында құрдай жорғалап, солардың сөзсіз құлы болып, аяғына бас ұру жойылмайынша, арам жолмен табылғанына қарамастан, байлықты өмірдегі басты құндылық деп бағалайтын көзқарастан арылмайынша, дүниеқоңыздық, байлыққұмарлық, оған табынушылық жойылмайды. Бұл үшін басты құндылық не екенін түсіне білетін рухани биіктікке көтерілуіміз керек. Әйтпесе, байлық жолында өмірін сарп етуге дайын тоғышарлар қоғамда көбейе бермек.

Ресейдің кәсіпкерлер мен арендаторлар одағының төрағасы экономист Андрей Бунич: Бүгінгі ақыл-ойдың деңгейін өзгертуді ең алдымен адамдар миын тазартудан бастау керек. Тұрғындардың ғана емес, ел элиталарының миын тазарту қажет. Мәселе олардың экономика, қоғам, басымдықтар, дүниені жаңаша қабылдау жөніндегі көзқарастарын ғана өзгерту емес, олардың құндылықтарға деген көзқарастарын, бағамдарын түбегейлі өзгерту қажет, деді. («Литературная газета», 31.08.11).

Қоғамдағы бүкіл өзгеріс, оның ішіндегі экономикалық жаңарулар да санадағы сілкініске тікелей қатысты екені даусыз. Адамның миы күш жұмсамай, іске қосылмай дүниеде прогресс болмайды. Мұны А. Бунич дөп басып көрсеткен. «Ақшаның күшімен үлкен ақылсыз-ақ күнелте аламыз» деген тоғышарлық пікірден біржола арылуымыз қажет. Соңғы уақытта адамдар қатігез болып кетті, шеті¬нен қайырымсыз, жеке басының ғана қамын күптеу¬ден артылмайды, заман бұзылуы, ұрпақ азғындауға бет бұрды деп түңілу белең ала түсті. Шындығында аға ұрпаққа бүгінгі қоғамдағы ахуал осындай әсер қалдыруы ықтимал. Әркім өзінің жеке басының қамын күйттейді, эгоизм күшейді, бауырмалдық азайды, жақын туыстардың өзінің қарым-қатынасы сиреді, үлкенді сыйлау жайына қалды деп күйініш білдіреді. Әрине, бұл түңілудің себептері де бар. Заман өзгерумен бірге өмірге жаңа ұрпақ келді. Олардың менталитеті де жаңа. Мақсат-мұраттары да, өмір сүру салттары да алдыңғы ұрпақтан өзгешерек. Осыған қарап жаппай торығушылыққа, үмітсіздікке салынуға бола ма? Әрине, жоқ.

Өмірдің үнемі өзгерісте болуы заңдылық. Уақыт¬пен бірге салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та өз¬ге¬ріп, жаңарып тұрады. Құндылықтар қайта екшелеп, жаңалары пайда болады. Мемлекет сол өз¬герістерге үрке қарамай, оларды да жаңа құбылыс, дамудың заңдылықтары, жемістері деп қабылдаулары қажет. Әр заманның өз өмір сүру салты болады. Әр дәуірге сай өз модасы болады. Мәселен, ерлер қыста калош киді, ал қазір кимейді, әлде қар жаумай ма, жауын-шашын болмай ма, аяқ киім былғанбай ма? Бәрі болады, бірақ ешкім калош ки¬мейді. Ерлер қалпақ (шляпа) кимейтін болды. Пушкин заманында олар целиндр бас киімдер киді. Ломоносовтар парик киді. Қазір бұлардың бәрі жоқ. Модадан қалды. Адамдардың талғамы жаңарды. Керісінше қалаларда тақырбас (бритоголовые) жастар көшеге шыға бастады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында «стиляга» атанған жастар – тар балақ шалбар киіп қыстың күні аяққа ақ носки киетін болды. Қазір олар жоқ. Өйткені мода ауысты. Кейін бұлардың бәрінің қайта оралуы да мүмкін. Заман талғамы, сәнге көзқарас алмасып, өзгеріп отыруы заңдылық. Сондықтан да бүгінгі кейбір жаңа еліктеу-солықтауларға да шыдамдылық, төзімділік таныту керек. Өйткені мода қуушылық әр заманда да болған. Мәселен, XVІІІ ғасырда дворяндар арасында карта ойнау мода болды. Бекзадалар ортасында бұл ойын ғылымды да алмастырды. Жас бозбала үшін карта білмеу үлкен мін саналды. Ойын білмесең, бекзадалар қоғамынан сырт қаласың. Оның үстіне өз мырзаңа немесе нақсүйеріңе ақша ұтылу мүмкіндігінен де айрыласың. Француздық тәрбиешілер өз шәкірттеріне тілден басқа көп нәрсе үйретті, әсіресе карта ойнау¬ды үйретті. Карта білмейтін шетелдіктерді ата-аналар тәрбиешілікке қабылдамады. Болашақ бекзадалар үшін бұдан артық ғылымның керегі шамалы еді. Өйткені ақшаң болса және сүйенер мықты ағайының болса, онда надандық та, сауатсыздық та бақытты болуға бөгет бола алмады. Ал картаны білмеу үлкен кемшілік саналды. Өйткені онсыз зиялы қоғамға кіру мүмкін емес еді. «Қараңызшы, – деді бикештер бір-біріне қонақта отырғанда, – анау тіпті карта ойнағанда вист жариялауды да білмейді, неткен надан, қараңғы еді өзі» деп ажуалады.

Бір кезде Ресейде французша білмеу де қараң¬ғылық деп есептелді. Кейін Кеңес үкіметі кезегінде орысша білмеу үлкен мін саналды, жеке тұлғаның мәдениет деңгейінің көрсеткіші болып есептелді. Ал қазір жағдай өзгерді, орысша білмейсің деп ешкімді ешкім сөкпейді. Керісінше қазір ағылшынша сөйлеуге, осы тілде ән айтуға әуестік алға шықты. Бұл адамдардың рухани дәрежесінің өлшеміне айнала бастады.

Өткен ғасырларда бекзадалар өздерін қарапайым халықтан жоғары ұстады. Жәндік пен жануарлар атаулыны бір-біріне ұқсатпай, әртүрлі етіп жаратқан құдай бізді, дворяндарды қарабайыр мұжықтардан өзгеше етіп жаратпағаны қалай деп намыстанды. Ең болмаса бізге бір саусақты артық етіп жаратса, қайтар еді, жасағанның дворяндарға таршылық еткені несі деп бекзадалардың қынжыл¬ғанын орыстың ұлы сатиригі Иван Крылов бір ең¬бегінде қатты ажуалайды, олардың топастығы мен таяздығын, әсіре қызыл менмендігін сын тезіне салады (Қараңыз: Русская сатирическая проза XVІІІ века, Ленинград, 1986, 297 бет).

Қоғамдағы әртүрлі еліктеу-солықтаулар әрдайым орын алған. Адам баласы сан қилы кезеңді бас¬тан кешіруде. Соның бәрінде өзіне тән өмір салты, психология, дәстүр, руханият, діни сенімдер бол¬ған. Қазір де солай. Заман өзгерген сайын, саяси жүйе жаңарған сайын қоғамда жаңа қондырмалар, жаңа үдерістер дүниеге келеді. Адамзат үнемі ізденіс үстінде әртүрлі реформацияларға барады. Бірі оңды, бірі шалағай болып жатады. Бірақ бәрібір қоғам прогресс жолынан ауытқымайды.

Қоғамды басқару жетілдіріле түседі. Мемлекет өзінің халыққа қызмет ету үдерісінен жаңылыспауға тиіс. Сондықтан да мемлекеттің өркениеттен қол үзбей, өзінің функциясын толық атқаруының үлкен маңызы бар. Бұл орайда оның экономикадан да сырт қалмауы аса қажет дүние болып табылады.

Алдыңғы «
Келесі »