Суретші Кәріпбек Күйіков Президентке Семей полигонын жапқаны үшін риза

  • 28.08.2014
  • 300 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақстандық суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков  «әлем дәрігерлері ядролық соғыстың болмауын қалайды» (IPPNW) халықаралық қозғалысының бүкіләлемдік конгресінің қатысушыларына   «Ядролық қарусыз әлем» онлайн-петициясына қол қоюды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ғаламторда біздің сайт бар. Онда өздеріңіздің ядролық қарусыз бейбіт әлемді талап еткендеріңіз туралы жазылған үндеуге қол қоя аласыздар. Сіздердің ядролық қарусыз әлемге дауыс берулеріңізді сұраймын. Бұл қарулану бойынша жарысқа түскен қалаларға үндеу», – деді К.Күйіков Астанадағы конгресс мүшелеріне.

Кәріпбек Күйіков Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымдай жерде орналасқан Егіндібұлақ ауылында туған. Туғаннан қолы жоқ ол өз суреттерін қылқаламды тісімен немесе аяқтарының башпайының көмегімен салады екен. Бүгінде суретші 45 жаста. Ол әлемді саяхаттап, адамдарға ядролық сынақтардың адамзат өміріне қандай әсер тигізетінін айтып жүреді. Оның туындылары  Германия, АҚШ және Жапонияның жеке коллекцияларында қойылды. Бүгінде белсенді азамат ядролық қаруға қарсы «Атом» жобасының Елшісі.

«25 жыл қатарынан ата-анама риза екенімді қайталай беремін. Әкем қарапайым жүргізуші болған. Ол көлігімен жайлауда жүріп, жиі Семей полигонының аумағына баратын.  Анам мен үшін қатты уайымдағанын айтқанда жүрегім елжіреп тыңдайтынмын. Біздің жанұяда тағы екі бала болған, алайда олар 1 жылға толмастан көз жұмды», – дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, бұл трагедия оның отбасында ғана емес өзгелерде де болған.  «Балалары ұсқынсыз болып туған бірқатар жанұяны көргенмін. Бұл ата-аналар келесі балалары сау болып туады деп үмыттенетін. Алайда үміттері ақталмай, науқас балалар туа берді. Он баласы туған және барлығы ауру болған жанұяны білемін», – деді суретші.

«Осыдан кейін менің ойыма мынандай сұрақ келді: 40 жыл бойы біздің қазақстандық халық неге осындай азапқа шыдады? Енді міне Конгрессте сөз сөйлеп, осындай қиындыққа төзген халқымызға және Семей полигонын жапқан Елбасымызға алғыс айтқым келеді», – деп түйді ол.

Еске сала кетейік, Семей полигонындағы ядролық қарудың алғашқы сынағы 1949 жылы өткен. 1953 жылы мұнда сутекті бомба жарылған. 40 жыл ішінде – 1949-1989 жылдар аралығында Семей полигонында  473 ядролық жарылыс болды. Оның 90-ы ауада, 26-ы жер үстінде, 354-і жер астында болған. Сондай-ақ мұнда химиялық заттардың 175 жарылысы болған, оның 44-і  10 тоннадан астам зарядтармен іске қосылған.

Алдыңғы «
Келесі »