Ресей-Украина-ЕҚЫҰ үшжақты кездесуі Минскіде 27 тамызда өтуі мүмкін

  • 27.08.2014
  • 422 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ресей-Украина-ЕҚЫҰ үшжақты кездесуі Минскіде бүгін, 27 тамыз күні өтуі мүмкін, деп хабарлады Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко.

«Украинадағы жағдайды бейбітшілікпен тұрақтандыруға келсек, барлығы Украина президенті Петра Алексеевич Порошенконың Минск қаласын Украина-Ресей-ЕҚЫҰ байланыс орнату тобының кездесу алаңы ретінде белгілеу туралы ұсынысын құптады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Петр Порошенко бұл кездесудің ертең-ақ өткізілуін қалап отыр», – деді А.Лукашенко Кеден одағы елдері көшбасшыларының, Украина және Еуропалық Одақ өкілдерінің кездесуінің қорытындылары бойынша өткен брифингте.

Оның айтуынша, көпжақты форматта өткен кездесу барысында бұл тұрғыда ымыраласу қажеттігімен бәрі келіскен.

«Келіссөздер жүргізу оңай болған жоқ, бірақ диалог орнатылды. Төрт сағатқа созылған жүздесу барысында барлығы өз пікір-пайымдауларын білдірді. Әрине, тараптардың ұстанымдары бір-бірінен кейбір тұстарда тіпті түбегейлі ерекшеленеді, алайда бәрінің бір шешімге – ымыраласу қажеттігі туралы шешімге келуі аса маңызды», – деді А.Лукашенко.

Естеріңізге сала кетейік, 26 тамыз күні Минскіде Кеден одағы елдері көшбасшыларының, Украина және Еуропалық Одақ өкілдерінің кездесуі өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Онда Қазақстан Президенті мұндай кездесу өткізудің маңыздылығы мен қажеттігін айтты.  Бұл кездесуге сондай-ақ кездесуге Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Украина Президенті Петр Порошенко және Еуропалық Одақ өкілдері – Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Кэтрин Эштон, энергетика мәселелері жөніндегі комиссар – Гюнтер Эттингер және сауда мәселелері жөніндегі комиссар Карел Де Гюхт қатысты.

Алдыңғы «
Келесі »