Елордалық полицейлер балаларға жолда жүру ережелерін түсіндіреді

  • 15.08.2014
  • 346 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бүгін Астанада екі аптаға жалғасатын «Абайлаңыз, балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы басталады. Аталған шара жыл сайын оқу жылының алдында өткізіледі. Мұндағы мақсат – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Әкімшілік полиция басқармасынан хабарлады.

Шара барысында полицейлер оқушыларға жолда жүру ережесін қатаң сақтауды терең түсіндіретін болады. Одан кейін мамандар жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалармен кездесіп, психологиялық көмек көрсетеді.

Жедел-профилактикалық шара барысында тәртіп сақшылары жалпы білім беретін мекемелер мен жасөспірімдер жиі жиналатын  алаңдарды күзететін болады. Ал, 1 қыркүйекте полицейлер қала мектептеріне барып, оқушыларға мектеп формасын, сөмкелер сыйлайды. Аталған мекеменің мәліметінше, жыл басынан бері елордада кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен болған 60 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көбіне мұндай жағдай балалардың жолда алаңғасарлыққа салынып, ұялы телефон пайдаланып немесе музыканы бар дауысына шығарып, көліктердің дыбысына мән бермегенінен болады екен.

Алдыңғы «
Келесі »