ҚАЗАҚТЫҢ ДОСЫ КІМ?

  • 15.08.2014
  • 662 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жания Әбдібек,журналист

Черчилльдің  «Британияның мәңгілік дұшпаны  да,  досы  да  жоқ,  тек  мүддесі  ғана бар»  деген  сөзі әлі  күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.    Қазақ: «Үй  таңдама,  көрші таңда»  дейді. Немесе «Досыңды көрсет, сенің кім екеніңді айтамын»  деген сөз  бар.  Қазақ елі өткен  ғасырда  70 жыл  бойы  қызыл  тудың астына  біріккен одақтас мемлекеттерді дос  деп келді.  Ал,  тәуелсіздік алғаннан кейін  түркі тілдес мемлекеттер мен  Орталық  Азия елдерін  өзімізге дос  тұтамыз. Экономикалық  тұрғыдан Ресей мен  Белоруссия секілді одақтастарымыз  бен  өзге де стратегиялық әріптестеріміз бар. Ал,солардың  ішінде  досы  қайсы?

 Енді, бүгінгі   жүріп  жатқан Ресей-Украина  қақтығысы жоғарыдағы  біз  айтып  отырған  достық  ұғымын  күйретіп, оған саяси-қоғамдық  астар  беріп  отырған  жоқ па? Осыдан кейін,  достықта шекара  жоқ  дегенге  сеніп  көріңіз.  Достық  ұғымын қазақ,  Қазақстан  жағдайына  аударсақ,  шынында да  бізде достық  жоғары  тұру керек пе,  әлде  мүдде жоғары болуы  керек  пе? Біздің «Қазақтың досы кім?» деген сауал қойып отыруымыз өзі  жоғарыдағы  мәселелерден туып  отыр.  Осыған  байланысты,  редакциямызда «Келелі  кеңес» өткізіп, мәселені қоғам  талқылауына  салған  едік. Кеңеске  «Ұлт  тағдыры» қозғалысының  төрағасы  Дос Көшім,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының  меңгерушісі Талас  Омарбеков, Абай атындағы  ҚазҰПУ-нің  профессоры  Мәмбет  Қойгелді, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Халықаралық  қатынастар факультетінің  профессоры Нәбижан  Мұхамеджанұлы, саясаттанушы  Расул Жұмалы және психолог,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқытушысы  Жарас Сейітнұр, философ Әбдірашит Бәкірұлы  қатысып, қызу  ой -талқы  өткен  еді…

 

– Қазіргі мемлекеттер мен ұлттар дос­­ты­ғының тағдырын саясат пен экономика, табиғи ресурстарға негіздел­ген мақсат-мүдде шешетін тұста «Қа­зақстанның мемлекеттік деңгейде досы  бар» деп айта  аламыз  ба? Қазақтың  досы  кім?  Жа­һандану үдерісі қарқынды жүріп  жатқан  ХХІ ғасырда дос таңдауда ұлттық мүдде мен тарихи сабақтастық мәселесі  қаншалықты ескеріледі?  
Дос Көшім: – Достық ұғымын тар  шең­берде  алып  қарастырар болсақ,  жеке  адам дос­тықты еш уақытта таң­дап алмайды. Жеке  адамның достығы табиғи жағдайда  болады. Олардың артықшылықтарына  бай­ланысты мына адаммен дос болайын деп таңдау жасай алмайсың. Ал,  мемлекеттік деңгейде мәселе мүлде  бас­қаша. Менің ойымша, мемлекетте  дос  болмайтын сияқты. Тарихи байланысы  бар, ежелден келе жатқан тату көрші  болуы мүмкін.  Бірақ,  егер  ол мемлекеттің билігінің саясаты өзгерсе, достығының да сақталуы екіталай. Черчилльдің айт­қан сөзі  дұ­рыс. Мемлекетте тек мәң­гілік мүдде ғана болады. Әсіресе, соңғы  кезеңдегі жаһандану процесінде ұлттық  мәселелер өрши бастаған тұста мемлекеттің мүддесі  бәрінен  жоғары тұруы  керек. Енді,  қазақтың досы кім  деген тақырыпқа  келер болсақ, біз ертеден келе жатқан туысымыз – қырғызды дос тұтамыз.  Сөйте  тұра,  «Қырғыз бізге  не  бере  алады?»,  «Қандай  күш  бола алады?»  деп табиғи достыққа  белгілі бір шарт қоя бастаймыз. Елімізге қиыншылық жағдайы туса,  ол қолдау бола ала ма, экономикалық  жағынан көмектесе ала ма деген секілді сау­далық, мүдделік мәселеге көшкен секіл­діміз. Дегенмен, бір анық жайт,  біз түркі  елдерімен саяси мүддеден гөрі достық емес, туыстық қарым-қатынас сақталуы керек. Қазір де,  болашақта  да ол  маңызды.  Себебі, түркі халықтарымен тілдік, қан­дық, туысқандық байланыстарымыз  өте тереңде. Бұл бірінші мәселе. Екінші  мәселе, өзіміздің көрші мемлекеттермен бірдей қарым-қатынас ұстау мәселесі. Түркі елдерімен туыстық байланыстар мен көрші елдермен тең  дәрежеде  қарым-қатынас орнатуды біз белгілі бір деңгейде  ұстап  отыруымыз керек. Кейбір кезде саяси қажеттілікке қарап, түркі туысқандығын көтереміз. Бірақ,  оның саяси-экономикалық байланыстарымыз  бір деңгейде емес. Тек рухани, мәдени  жағынан сәл болса  араластық  бар. Үшінші жағынан, көрші елдермен достастық Кеңес  үкіметінен қалған бұрынғы Ресей,  т.б.  ТМД елдерімен жақынбыз  да,  ал, қасымыздағы Қытаймен байланыс бұрынғы кездегідей қалды. Бұл психологиялық және саяси тұрғыда осылай сақталып қалды. Міне,  осы үш мәселе біздің  саяси бағытымыздың  негізгі өзегі  болуы  керек. Түркі  елдерімен достастық және көрші  елдермен байланыс. Қазіргі Америкамен  немесе Еуроодақпен  қандай байланыстамыз деген мәселені  ғаламдық деңгейде көбірек қоямыз. Ол  бүгінгі  күн тәртібінен әлі де  болса  алыстап отырғанымызды  көрсетеді. 
Талас Омарбеков: – «Қазақтың до­сы кім?» деген сауалдың астарына үңіл­сек, мәселе халықтың досы кім деген мәселені мең­зеп отыр. Халықтың досы  бар, туысқандары бар. Сонымен бірге,  ол халықтың мемлекеті бар. Тарихтан біле­тініміздей, мемлекет әрқашан халықтың  мүд­десін қорғау керек. Немесе мемлекет халық­тар арасындағы достыққа  сына қағады. Мәселен, Украина мен Ресей жағдайын алып қарайықшы, Киев Русімен ортақ тарихы болса да, соңғы жайттар туысқандыққа өзгерістер алып келді. Ал, біздің туыс­тас қырғыз халқымен трансшегаралық өзендер проблемалары, тарихта Кенесарыға  қатысты мәселелер бар. Достыққа  талпын­ған мемлекеттер арадағы осындай қиын­шылықтарды жеңу керек. Менің ойымша, халықтардың арасында туысқандық, тарихи  тамырластық болса да,  мемлекеттер арасында  достық болмайды. Өйткені, мемлекет – саяси құрылым. Біз  туыстас, көрші елдермен әлі  талай дау-дамайға  барамыз. Қазақта екі үлкен дау бар: жер дауы,  жесір дауы. Жер дауы әлі күнге дейін толықтай шешіл­ді  деп  айта алмаймыз.  Қытаймен де, қырғызбен де, Каспий теңізі арқылы  шектесетін мемлекеттермен де арасында келіспеушіліктер бәрібір бар. Сондықтан, мемлекеттер  арасында достық болмайды. Белгілі бір саяси бағыт, стратегиялық серіктестіктер болға­нымен,  уақыт  өте  бәрі  өзгеріп  отырады. «Қазақтың досы  кім?» деген мәселе көтер­генде  тарихқа соқпай  кетуге  болмайды. «Қазақтың  досы  кім?» деп  бұрын Алаш қайраткерлері көп ізденді.  Одан  арғы  тарихқа  көз жіберсек, қазақ өмір  бойы дос іздеп келе жатқан халық. Сақ заманынан бастап, үйсін, ғұн дәуірлерінен дос іздеп келе жатырмыз. Билеушілердің көпшілігі қытайлардан әйел алды. Тіпті,  қытайша киім кигендері  де, Қытайға барып, сонда қалып қойғандары да болды. Дос боламыз деп, Қытайдың саясатына алданып қалғандары тарихтан белгілі. Елтеріс қаған  Шығыс Түрік  қағанатын құрған кезде Қытаймен дос  бола  алмайтынын  түсініп, Орханнан алысқа көшіп, астана салған. Ата-бабаларымыз Қытайға  еліктеп, өсіп-өніп  кетерміз деп қала салуды, отырықшылыққа  көшуді де армандады. Алайда, біздің дәстүріміз, салтымыз, дініміз бәрі  бас­қаша. Дү­ние­таным, түсінігіміз бөлек. Біз  Черчилльдің айтқанына келе жатырмыз. Қазақ мемлекетінде енді достың  болуы екіталай. Шекараласпайтын, ортақ  этникалық, әлеуметтік саяси мәселелері  жоқ Түркиямен туысқан боламыз деп  жиі айтылады ғой. Былай алып қарасақ,  қазаққа түріктерден жақын халық  жоқ.  Басқа түркі  халықтарымен шекаралас  болғандықтан,  оқтын-оқтын шаруашылыққа қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Түр­кия қан­ша дегенмен батыстық демо­кратияны ұстанған мемлекет. Ал, менің  Қазақстанның Түркиямен дос болатынына күмәнданатыным, түріктің тарихшылары Түрік қағанатының тарихын білмейді. Ол жақтан кеткенбіз, қазақ даласы та­рихи Отанымыз деген құр сөз. Оларда қазақ еліндегі Қыпшақ-Оғыз қатынасы, Оғыз-Қарлұқ қатынасы секілді  мәселелерді  жазып жүрген  тарихшы жоқтың қасы. Және өздерінің  арғы  тарихи Отандарын,  та­рихи тамырларын білмейді.  Ал, ойлап көріңіз, өзінің жеті атасын, шыққан тегін  білмейтін  халықпен қалай дос бола  аламыз? Алдағы  уақытта  біздің  еліміздің саяси дамуы қайда кетеді, Түркия қайда  барады деген сұрақ  екі  елдің  достастығына  сенімсіздік тудырады. Түркия батыстық  демо­кратияға түскен халық. Осындай  жағдайда біздің достығымыз тұманды. Алай­да, достық қарым-қатынастарымыз  күннен  күнге  жанданып жатыр.  Түрік  академиясын, ТүрікСОИ секілді ұйым құрып жатырмыз. Бірақ, түрік елдері мұны түгелімен қолдап  отырған жоқ. Осындай  жағдайда  достық  туралы айту  өте қиын. Біз қазір қиын жағдайда  тұрмыз. Аймақтық бөлінулер күшеюде. Қаптаған  одақтар  құрылып  жатыр. Бұл одақтар халықтарды жақындастырмайды. Эко­но­микалық, саяси тұрғыда бірін біріне кіріптар мәжбүр ете отырып, кіргізеді. Осындай  жағдайларда  халықтар  достығы  туралы  әңгіме айтуға бола ма? Менің  ойымша,  саясат араласқан жерде  достық туралы  айту артық.  Қазақ  өте сақ  болуы  тиіс. Үлкен мемлекеттер, діні, салты  басқа халықтар бар. Сондықтан енді, не  істеу керек? Менің ойымша, түркі  тілдес мемлекеттердің  ортақ салтын, дәстүрін  насихаттап, рухани тұрғыдан жақындастыру  үшін  жұмыстар атқарылуы  тиіс. 
Мәмбет Қойгелді:– Абай­дың: «Бі­ріңді қа­­зақ бірің дос, көр­месең істің бәрі бос» деген сөзі бар емес пе.  Қазақ бір-бірімен дос болуы керек. Өзімен өзі дос бола білмесе, істің түбі бос болады. Байқасаңыздар, қазір жер ресурстарына талас  басталып кетті. Әлемдік деңгейдегі жеке одақтар осы процесті жүргізіп жатыр. Жер бетіндегі адам саны өскен сайын,  ресурстар үшін талас та күшейе түседі. Осындайда халықты сақтайтын  бір- ақ нәрсе ол оның  бірлігі.  Қазақстан  жағдайына келсек, Қазақстан  территориясы жағынан әлемдегі тоғы­зыншы  мемлекет болғандықтан, оның жері мен ресурстары қазаққа не бақ болуы мүмкін, не сор болуы мүмкін. Тарих­та мысалдар бар, жер халыққа бақ әкелген, не бұйырмай сор болып тиген. Америкалық қызыл терілерді  білесіздер. Жер  оларға  бақ болды, кейін сор  болды. Сондықтан,  егер, біз осы жерді сақтаймыз,  болашақ ұрпаққа  қалдырамыз дейтін болсақ, онда  қазақ біріншіден, ынтымақшыл болуы керек және екіншіден, өнерлі, білімді болуы қажет. Олай болмаған жағдайда, қазақ  тәуелсіздігінен айырылады.Тарихшы ретінде кейбір деректерді айта кеткім  келеді. Шығыс Түркістандағы ағайындар, біздің тарихшы әріптестеріміз «Қытай жылнамаларындағы Қазақ та­рихына қатысты деректер» деген 4 кітаптан тұратын еңбек даярлады. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихына  қатысты деректерді жүйеге түсіріп, қазақшаға ау­дарған.  Біз қазақ тарихына қажет деректік материалдар жинаймыз деп анда-мында ат сабылтып жүрміз ғой. Бірақ, ең алдымен осы Қытай жылнамаларындағы фактілік материалдарды түсініп, бойға сіңіріп, жүйелі түрде жазып  алайықшы.  Осы кітаптарда біздің  дәуірімізге  дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардан  бастап қамтылған халық тәжірибесі жатыр.  Осы жинақтың алғашқы екі томды  даярлауға қатысым бар. Сонда, мына  нәрсеге көзім жетті. Біз Қытаймен  қа­рым-қатынас тарихымызды әлі қорыта алмаған екен­біз. Міне осы кітаптарда ерте замандардан бастап Қытайдың  кіші  ұлттарға қатысты ұстанған саясатының іздері сайрап жатыр. Олардың көрші  түр­кі халықтарына қолданған тәжірибесі – ұлттарды  бір-біріне айдап салу болған. Бір-бірімен соғыстырып, ыдыратып, жерін алып өз жоспарларын жүзеге асырған. Қытай тарихын зерттеп,  зерделеу  дегеніміз –  бұл  батысқа жылжу тарихы. Ресей тарихы Шығысқа  қарай  жылжу  тарихы болса, Қытайдың  тарихы батысқа  жылжу. Сонау Қытай қабырғасынан басталған уақиғалардан, қазірге дейінгі өмір тарихы, сол төрт томдықта бар. Сол төрт томдықтан бір ғана мысал кел­тіргім келіп отыр. Мұны  неге айтып  отырмын? Себебі, Қытай қолданған ұстанымды кейін Ресей де пайдаланды. Ал, біз осы елдермен қатынас тәжірибемізден еш  қорытынды шығармаппыз. Түсінбеппіз, дос іздеп әлекпіз.Қазақтың мінезін әбден  зерттеген қытай елшілерінің бірі, біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген Жаң Чян ең  алғашқы дереккөзін жеткізуші. Ал, б.з. VІ ғасырдағы Жаң сүн Шың деген елші болған. Сол кезеңде түріктердің Ышбара қағаны елші аттандырып, Жоу әулетімен құдандалы болуға ниетті екенін білдіреді. Сонда, Қытай  билеушісі  қызын «Мыңділдә ханша» деген атпен  Ышбара қа­ғанға ұзатыпты. Қызымен бірге Жаң  сүн Шың елшісін бірге аттандырады. Жаң сүн Шыңның  тілі керемет майда екен, түріктердің  қағаны оны өзіне  алып қалады. Жыл бойы жібермей, өзімен бірге аң аулауға алып жүреді. Елші де қарап  жүрмей, түркілердің  ара қатынастарын  зерттей  бастайды.  Зерттеп, патшасына хат жазыпты. Хатында ол: «Түркілердің Шату, Аба, Темкіт және Төле деген қағандары бар. Олар өзара бауыр,  туысқан. Олардың  әрқайсысының  алдында қыруар жасағы бар. Ал, бірақ,  төртеуі  төрт жаққа қарап тұр. Бұлардың арасына іріткі салудан оңай нәрсе жоқ. Патшам, құдай тілеуіңізді берсе, қасиетті  уәзипаңыз іске асқалы тұр. Тақсыр, Сіз  орайлы сәтке дөп келіп отырсыз. Бұл  жауыңызды  әскер  шығарып  жазалайтын кез емес қазір. Ал, олармен жұмысымыз болмаса, шапқыншылықтан көз ашпаймыз. Сондықтан, әдіс-айла асырып,  олардың  көздерін біртіндеп  жойған  жөн.  Пақырыңыз  ғұндардың  қыры мен сырына  әбден  қанық. Темкіт әскери  күші  жағынан мығым болғанымен, мәртебе жағы­нан Шатудан төмен тұрады. Көрі­ністе оған қарасты болғанымен, іштей бір бірімен қайшылықты. Сол бөлініс алып  жүрген  тарабын неғұрлым өр­шіте түссек, араларында ішкі соғыс  бас­талады. Шатудың інісі Чориға, (есімі Төле) алаяқ, қу, әйтсе де күші әлсіз, адам­ға жағымдығынан елі оны жақсы көре­ді. Шату болса, оны күн­дейді, содан оның мазасы май ішкендей. Араларында ара-тұра қайшылықтар да белең  алып  тұрады. Ал, Аба тым екібеткей.  Осылардың ішінде ол Шатудан көбірек  жасқанады. Оның ырқынан шықпайды,  қай  жақтың  күші  басым болса,  сол жаққа  жығылады. Қазір  алыстағысымен байланыс орнатып,  таяудағысына  соққы  беру. Күштісін ыдыратып, әлсізімен бірлесу. Сөйтіп,  бұларды  өз ішінде аңдыстырып, берекелерін бұза берсе, он шақты жылдан кейін патшалығымыз оларға қарсы аттанып, бір жолда-ақ олардың елдіктерін жоя алады», – дейді. Сөйтіп, әлсірете отырып,  ақырында  түрік  қағанатын  жойып тынған. Қытай тәжірибесіне қарасаңыз, Қытай  қабырғасынан бері  қарай жылжыған уақытта, жолындағы ірі  биліктердің  бәрін  жойды. Ең  алдымен,  Ғұндарды,  Түрік  қағанатын,  Үйсіндерді Іленің сол жағасына дейін ығыстырды.  Одан бергі уақытта,  Моғолдар империясын ыдыратып, Жоңғарларды талқанын шығарып, өзіне қосып алды. Бұл процесс әлі жүруде. Қазір біздің  іргемізге келді. Бұрын Түркістан деген үлкен ел, үлкен кеңістік бар еді. Ал, сол Түркістаннан не  қалды? Түр­кіс­танды қорғаймын, құтқарамын деген тұлғалар  қайда  қалды? Керек  болса, оларды еске  алуды  қойдық. Былтыр ТүрікСОИ-дың жанындағы мә­дени ұйымға: «ХХ ғасырдың басындағы түрік халықтарының көшбасшыларын әзірбайжан, татар,  түрік, қазақ халықтарының ірі тұлғаларын пан­тюркистер деп қуғын-сүргінге салды. Жү­сіп Ақшорадан бастап, біразы Ата­түрікті  барып паналады Расул Заде, Заки Валиди, М. Шоқай Еуропаға кетті. Міне,  осындай түрік  көшбасшыларының үрім-бұтағын жинап, Алматыда  конференция  өткізейік» деген ұсыныс жасадым. «Ең болмаса, түрік деген ел бар екенін айтып, оның мүддесінің бар екенін білдірейік» деген едім. Оларды өткен ғасырда қудалаған Ресей империясы болатын, енді тағы да біріктірмеуге тырысады. Алайда, түрік халықтары Ресейге қарап, саясатын жасамайды ғой. Түркі халықтары жеке этникалық бірлік қой, субъекті ғой. Оларды біріктіретін шара жасайық десем, құлшынып ешкім қол­дамады. «Онда Ресеймен жау боламыз ғой» деп шықты кейбір ел ағалары. Егер, біз түркі халықтарының ауыз біршілігін ойлайтын болсақ, осындай  шаралар жасауымыз керек  деп ойлаймын. Мұндай нәрсені Түркия  істей алмайды. Мен Түркияда болдым,  зиялыларымен сөйлестім. Олардың өз  ішінде бұл тақырыпқа байланысты бірауыздылық байқалмады. Қазір бірлік біздің тарихшылардың өзінде жоқ. Алдымен, халықтың өткен  жолын білетін, тарихи деректі білетін тарих­­­шылардың өзінде бірлік болуы керек. Қазір бір фактіні контекстен жұлып алып, жалаулататын тарихшылар бар. Сөйтіп, жеке руының мүддесін алға тартады. Мысалы, кеше ғана Рысқұловтың хатын тауып алып, одан керемет саясат жасағылары келгендер болды. Мен оларды бақылап, отырып таңқалдым. Олардың мақсаты – Рысқұловты қаралау. Ондай қаралайтын дерек іздесең, толып  жатыр. Менің табынатын, зерттейтін  үлкен бір тұлғам – Смағұл Сәдуақасов. Мемлекетшілдіктің ғажап көрінісі, ұлтшылдық ұстанымындағы ең  жарқын тұлға. Егер, Сәдуақасов билікке келіп, оның идеясы іске асқанда біздің  болашағымыз мүлде басқаша болатын еді.Ал, сондай тұлғаларды Кеңес үкіметі құртты. Менің әріптесім Б. Жангуттин. Сол кісінің жақында хатын тауып алдым. Онда Меңдешев пен Қожанов туралы өз көзқарасын, нақтырақ айтқанда, теріс пікірін  айтқан. Сталинге арналған мұндай хатты Сейфуллин де, Меңдешев те,   жазған. Бұлардың  бәрінің соры өте күрделі уақытқа, күрделі әрі қи­тұр­қы саясатқа тап болғаны. Ол өздерінің жанындай сүйген ұстанымдарын аяғына  дейін сақтап қалуларына мүмкіндіктері  болмаған. Сондықтан, өздерінің адами және азаматтық қасиеттерін толығымен аша алмады. Им­периялық қатынас олардың  адам­­гершілік  қасиеттерден мүмкін болғанша кемітуге күш салды. 
«Ел шежіре» деген баспадан 2007 жылы Балқаш Бафин деген кісінің жинағы жарық көрді. Сонда «Барақ төре Сұлтан Солтабайұлы» деген мақала бар. Сол ма­қалада қызық деректер айтылады. Поляк Адольф  Янушкевич Құнанбай  бастаған Орта жүздің билерімен  Жетісуға келер жолда Жанақ пен Орынбай ақындар айтысады. Сонда, Жанақ Барақ Сұлтанды мақтайды. Янушкевич сол сәтте Барақтың басын төмен түсіріп, жер шұқып тұрғанын жазады. Ендеше, Барақты не үшін мақтайды? Барақ орыспен де, қытаймен де, жоңғармен де соғыспаған. «Батыр» атанатындай ол ештеңе тындырған жоқ. Ол кіммен соғысты дейсіз  ғой. Бафин былай дейді: «Барақ Сұлтан Шыңғысханнан тарайтын хандардың  ұрпағы. Оның жасыл туы астында  суылдап келіп, құсқа түскен қырандай үйсіндердің жер қайысқан қолдарына талай  шүйілген. Өзінен тоғыз есе басым күштерді қиратып, халықты қарық олжаға бөлеген. Барақ сұлтан Садыр мен  Матайдың жасы мен кәрісін  талай жиып, Үйсінге  жорыққа өш алу үшін аттанған. Үйсінді қырып жойған. Жанақ ақын мейлі талант  қой, заманы, ортасы бөлек, ал, бүгінгі шығарып отырған кісілерге не жоқ?  Шын мәнінде, Барақ Солтабаев деген кім? Ресей билі­гінен қару алып, мың жігітті жинап, Абылай ханның  баласы Сөк  басқаратын  Жалайыр  болысында қырғын салған. Сөк сұлтанның  жалғыз  ұлы оны да өлтірген. Сөйтіп, Ресейдің құрамына  кірмеген Ұлы жүзге шүйліккен. Орыс патшаларының қазақты бірін біріне айдап салу саясатының  құралы болған. Ал, сөйткен Барақ Солтабаевты мақтаймыз. Сонау Қытай елшісі  жазғандай , алауыздық біздің  тамырымызға  әбден  сіңгені  сонша,  осы уақытқа  дейін  келе  жатыр. Сол  дерттен арылмай, біз тәуелсіздігімізді сақтай  алмаймыз. Жоғарыдағы мысалдарды  неге келтіріп отырмын?  Бұл жағдайлар қазір де бар. Қазақтың арасында әлі күнге дейін ауызбіршіліктің жоқтығы байқалып  қалады. Сен өзің күшті болсаң, сенің  досың да  көп  болады.  Бәрі  сенімен дос  бол­ғысы келеді. Ішкі алауыздығынан арыла алмаған  бейшара болсаң, сені  кім сый­лайды,  сенімен кім дос болады? 
Жарас Сейітнұр: – Кез-келген халық­ара­­лық келі­сім шарттарды  алсақ, достық деген түсініктер қа­тар  жүреді. Достық  деген сөзді келісім  ма­ғынада айтуға  болады. Кезінде Гитлер де ең алдымен  достық туралы келісімге қол қойып алып, кейін соғысты емес пе?  Мемлекеттер арасындағы достық еш уақытта да мәңгілік болған емес, болмайды да. Психологиялық тұрғыдан айтатын бол­сақ, бұқаралық сана үшін саяси нысана кімді дос, кімді жау етіп көрсетеді,  бұқара да сол мемлекетті дос тұтатын болады. Грузия-Ресей  конфликтісіне  дейін  орыстың досы Грузия болатын болса, қақтығыстан кейін  Грузиядан асқан жау  болмай  қалды. Украинамен  де жағдай сол секілді. Ал, «Қазақтың  досы кім?» деген сұраққа былай жауап  беруге болады деп ойлаймын. Ел басына күн  туғанда  кім қазаққа жақтас бола алады, қазақты қолдайды? Яғни, қазақтың мүддесін қорғайтын мемлекет ұлттың досы. Мәңгілік дос жоқ,  бірақ, белгілі бір уақыт аралығында  дос  болуы мүмкін. Мүмкін болса, жау ізде­мей, дос іздеуіміз керек. Бірақ, менің ойымша, мынадай мәселе бар  секілді. Кімнің  дос екенін  басыңа іс түскенде  білесің. Украина да басына іс түскенде ғана біліп жатыр. Сондықтан,  әрине   бұл  жерде әлі сыналатын  уақыт келеді  деп  ойлаймын. Мен Түркияны  Қазақстанның егемендігі мен  тәуелсіздігін ең бірінші болып, мойындағаны үшін  құрметтеймін.  Бұл  біздің  тарихи және  мәдени байланысымыздың  бір көрінісі. Осындай  фактілерді  айтуымыз керек.  Енді, көршілерімізге  келер  болсақ,  олармен жақын болып, тату болғанымен  де,  қақтығыс  та, дау да, ең  алдымен, көршілермен туындайды. Дос таңдағанда  мемлекеттің саяси  жүйесіне де мән  беру керек. Мәселен, демократиялық құндылықтары бар  мемлекеттер бізбен тең дәрежеде санасуы мүмкін. Ал, империялық, державалық пиғылдағы елдер  кіші мемлекетпен, өздері­нен төмен  тұратын  елдермен  еш  уақыт­та санаспайды. Үлкен мемлекеттердің  тәжірибесінде қолданылатындай, үлкен мемлекеттерді біріктіру үшін оларға  жау керек. Мәселен, Америка зұлымдық империясын ойлап тапты, терроризмді  шығарды. Ха­лықты  ұстап, ортақ мүдде  төңірегіне топтастыру үшін осындай «жау» керек  болды. Еврейлер «антисемит» деген  ұғымды  айналымға  енгізіп,  сол арқылы  өз  мүдделерін қорғауда. Сол секілді,  мен де  қазаққа  қарсы  болатындарды «антиқазақтар» немесе  «қа­зақ­офобтар» деп  атасақ қалай  болады  деген  ой  бар.  Қазақстан территориясына  көз тіккен  Жириновский,  Лимонов  секілділерді солай  атауымыз керек. Олар өз  ұлтымыздан бола ма,  өзге  ұлттан  бола ма,  егер,  қазақтың  ұлттық  мүддесіне  қарсы  болатын болса. Ал,  қазақты  жақтаушыларды  «проқазақтар» деп атайық. Мемлекеттік дейгейде немесе  бұқаралық санада болсын  кім дос, кім  жау  деген сұрақтар  бәрібір болады. Бұл  табиғи жайт. Пантюрксизм неге әлі өршіп тұр? Себебі, тарихи тамыры тереңде жатқан  түріктердің мықты бәсекелес екенін әлем  біледі.  Халықты саяси  элита  басқарады,  ал,  саяси элитаны  мүдде  басқарады дейді  ғой.  Олар мүддемен ғана  жүреді.  Ол  мүдде   ұлттық мүдде болуы керек. Оны біздің  зия­лылар түсінулері қажет. Мемлекеттік  тұрғыдан алғанда, мемлекеттің досы  жоқ. Мүдделер  қақтығысы,  бәсекелестігі  бо­луы  керек.  Менің  ойым осы. 
Нәбижан Мұха­меджанұлы: – «Қа­зақ­тың досы кім?» дегенді біз анықтап  алуымыз керек. Дос  де­­ген өте жақсы  ұғым. Әсіресе, құн­дылығы жоғары,  қа­зақ досқа берік, сә­­билік көңілмен бері­ле­тін  халық. Енді,  қазіргі  халықаралық  қатынастар  тұрғысынан алып  қарайтын  болсақ,  бұрынғы  кеңестік  кезеңде  қырғи -қабақ соғысы жылдарында дос мемлекеттер және жау мемлекеттер деп екіге  ғана бөліп қарастыратын. Ал, соңғы  кездегі  глобализацияның тереңдеуіне байланысты бұл ұғым біртіндеп өзгеріп жатыр. Сондықтан, мемлекеттер арасындағы  қарым-қатынасты неше түрлі факторлар белгілейді. Біз көрші таңдағанымыз жоқ, ал, бар көршілерімізбен дипломатиялық, геосаяси, геоэкономикалық жағдайда қаласақ  та, қаламасақ та оларменен үнемі байланыста боламыз. Біздің тарихи, мәдени  ұқсастықтарымыз, ортақ негіздеріміз бар.  Мысалы, түркі мемлекеттерімен ортақ тарихымыз, ортақ  мәдениетіміз қалыптасқан. Дипломатиялық қатынастарда мемлекеттер көбіне ортақтық іздейді. Сол ортақтық негізінде өз қарым-қаты­нас­тарын дамытуға тырысады. Бұл бір.  Екіншіден, мемлекеттер арасындағы  қарым-қатынаста, ең алдымен мем­лекет­тік  мүдде  бірінші  орында  тұрады. Тарихи  жауласу немесе  достасу  мерзімдік мәселе. Бір кезеңде  дос, одақтас, бірде жау болуы мүмкін. Үшіншіден, ұлы держа­валардың  тәжірибесінен алып қарайтын болсақ, мемлекеттер арасынан саяси, әскери  қара­ма-қайшылықтар өте күшті, сауда, экономикалық жағынан байланыс  тығыз. Мәселен,  Қытай мен Жапонияны алатын болсақ, территориялық  жағынан олардың кемелері соғысудың алдында тұр. Ал, эконо­микалық байланыстары дамып, сауда қатынастары  жүріп  жатыр.  АҚШ пен  Қытай да  дәл солай. Инвестиция, ғылыми техника, сауда мәсе­лесінде ең жоғарғы әріптес. Біздегі  жағдай  басқаша.  Біз  дос  екен  деп,  барлық  ыңғайға  көне  кететін  мінезден арылуымыз керек. Келіспейтін  жағдайлар да  болып  тұрады. Сондықтан,  өз  мүддемізді  бірінші  орынға  қоя  отырып, қадамдарға баруымыз  керек. Дос мемлекет, жау мемлекет деп айналамыздағы елдерді бөліп қарастыруға болмайды. Мүмкін біздің ортақтығымыз да, бірлесе дамитын  тұстарымыз да болуы  мүмкін. Сондықтан, бұл  ұғым өзгеруі  керек деп ойлаймын. Ол тарихи мезгілге байланысты. Мәселен, Қытай мен Ресей дәл осындай байланыспен келе жатқан мемлекеттер. Қазір олар стратегиялық әріптес  мемлекеттер. Соған қарамай, олардың мүд­десі  ең  күшті мемлекет – АҚШ-қа  қарсы  тұруы  керек. Саяси, әскери  жақтан  күрделі болғанымен, экономикалық байланыстары жүріп жатыр. Сондықтан, меніңше,  ұлт­тық мүдде, мемлекеттік мүдде бірін­ші  орында болуы керек. Мемлекеттік мүд­дені бірнеше категорияға бөледі. Ең  бірінші, мемлекеттің сақталуы мен өмір сүруіне қауіп төндіретін жағдай болса,  ешкіммен келісуге  болмайды.  Одан кейінгі  мәселелер  кейінгі  орындарда  қала  береді. Бірақ, біздің  қазіргі саяси жағдай өте қиын, күрделі. Біз жаңа талаптары,  ұстанымдары бар кезеңге тап болып  отырмыз. Басқалардың  бізбен дос болып, бізді сыйлауы үшін жаңа ағалардың айт­­қан­дарына қосыламын, қазақтың ішкі  достығы мен бірлігін нығайту керек.  Өзі  мықты  болған халыққа ешкім тиісе  алмайды. Мәселен, сыртқы күш Иранға  қанша рет  шүйліксе  де, ол  еркін  ешкімге  бермеді.  Иран бір тұтас мемлекет болып қалды. Иракпен салыстыруға болмайды.  Ішкі біртұтастығы  жоғары. Мемлекет  қуаты да  мықты. Мәселе  ішкі  бірлікте.  Ирактың ішкі  бірлігі  әлсіз болғаннан  соң,  тез  күйреді.  
Мәмбет  Қойгелді: – Сыртқы күш  картаны бізге де байланысты ойнауы мүмкін. Кез-кел­ген  уақытта сыртқы күштер ыдыратуға  ұмтылуы  мүмкін! 
Нәбижан  Мұхамеджанұлы: – Бәрекелді!  Бізге Ирактың басындағы жағдай  қайта­ланбауы үшін тарихи тәжірибелерден, қоғамдық практикадан, қорытынды шы­ғарып, нені қабылдап, неден бас тартуымыз керек деген нәрсені жақсы білуге  тиіс­піз. Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынас туыстық, тарихи,  мәдени, достастық негізде болғанымен, бірақ, мем­лекеттік  мүддеге  келгенде  қақтығыстар болатынына көзімізді жеткізді. Меніңше,  достық мәселесі адамның, халықтың санасына байланысты. Соңғы кездері орыс  халқында  да  өсу,  сананың  өзгеруі  шамалы екендігі жиі  байқалып  қалады. Кейбір зерттеулер бойынша, орыстардың санасы әлі  ХІХ ғасырда қалып қойған екен. «Менде күш  бар ма,  құдірет  бар ма?» деген  түсініктен алшақтамаған. Империялық санадан әлі  алыстай қоймаған. Оларды өзгелер тәуелсіз мемлекет пе, территориялық тұтастығы  сақтала ма,  жоқ па  деген  жайттар ойландырмайды. Ресейдің өзі  БҰҰ-дағы  «құдіретті» бес  мемлекеттің  біреуі болғанымен, Украина мәселесіне  келгенде  БҰҰ-ның шарттарын елемеді. Бұл ойландырарлық жайт! Ал,  Еуропалық одақтың бір ерекшелігі мемлекет үлкен болсын, кіші болсын, оған өздерімен тең дәрежеде қарай алады. Ойымды түйіндей келе, дос пен дұшпан мәселесі дегенде, әрбір мемлекет өз мүддесін қорғауы керек. Сондықтан, ең  алдымен  ішкі тұтастық пен бірлікті сақтау  керек. 
Расул  Жұмалы: – Осында айтылған  пікірлердің бәрімен де келісемін! Шартты түрде алғанда, шын мәнісінде ресми  орындардың  айтуынша  бүгінде  қазақтың  жауы  жоқ, бәрі дос. Барлық мемлекеттермен  бейбіт   қарым-қатынас  орнатып қойғанбыз.  Біздің  барлық  ресми ұстанымдарымыз да  солай. Жақында, Қорғаныс министрінің мәлімдемесінде, Қазақстанның егемендігінің тұтастығының,  тұрақтылығының бірден бір кепілі еліміздің бейбіт сүйгіш саясаты деді. Бізге ешкім келіп  тиіспейді. Біз  осындай бәрімен тату елміз. Егер, бұл ойды  жалғастыра  беретін  болсақ,  тіпті,  бізге  әскер  де, қорғаныс күштері  де  керегі  жоқ шығар.  Бірақ,  бұл  шынайылыққа  қатысы шамалы  дүниелер. Жаңа  ғана  Украинаның  мысалын  келтіріп отырмыз. Осыдан бір жыл бұрын  украиналықтар  дәл осылай  болады  деп  ойлады  ма? Украина  зиялыларының пікірінше, Украинаның  жеңіліске ұшырауының  үлкен  бір себебі, олар  Ресейді осыдан  бір жыл бұ­рын жау ретінде, тіпті, қарастырған жоқ екен. Тиісінше, олар әскері,  қорғаныс  күштерін  де еш уақытта Ресейден қорғану  үшін  жасақтамаған. Менің  ойымша,  бүгінгі  мәселе тек «Қазақтың досы  кім?» деген сұрақ төңірегінде ғана  емес, «қазақтың  келешек  жауы кім болуы  мүмкін?» деген мәселеге де арналуы тиіс. Оған дайын болуымыз керек. «Дос  болам десең, айбалтаң дайын тұрсын» деген қазақта мәтел бар. 
Ағаларымыз тарих мәселесін көтерді.  Қаншама жылдар, ғасырлар өтсе де, халық­аралық қатынастарда көп нәрсе  өзгере  қойған  жоқ. Сол  баяғы  халықаралық  қатынастардың жалпы тарихы: жер үшін  күрес,  ресурс үшін талас, адам күші, сауда нарықтары үшін күрес,  соны  өзіне  қаратып алу деген секілді дау-дамайлар. Және  сол кезден бастап ешнәрсе  өзгерген жоқ. Оның үстіне дәл қазіргі ХХІ ғасырда көріп  отырғанымыз,  халықаралық қатынастардағы бірін бірі тежеуші немесе ара-салмақты  сақтаушы күштердің өте қатты әлсірегені байқалады. Қазір ең негізгі шешуші халық­аралық меха­низмдер өрескел бұзылып отыр. БҰҰ жарғысы, ЕЫҚҰ шешуші  актісі, жекелеген мемлекеттердің берген кепілдемелері, тіпті, қайтадан Ресейдің Украинаға тиісіп отырғаны. Туыстық, одақтастығы, өз тарапынан берілген  ядролық кепілдемелері, кезіндегі ТМД келісімдері тағы бар. Яғни, осы  құжаттар,  келісімдер қазір жұмыс істемейді. Оны бұзып отырған тек Ресей ғана емес,  жекелеген Еуропа мемлекеттері, АҚШ,  тағысын  тағылар.  Бұдан  шығар  жол, әр мемлекеттің өзіне сенуі, өзінің  мемлекеттік  және  ұлттық  мүдделерін бірінші  кезекке  қоюы керек.  Бұл  тұрғыдан  алғанда,  әлемдегі мемлекеттерді  үшке  бөліп  қарауға  болады.  Біріншісі,  Қытай секілді  ғасырлар бойы  мықты дипломатияны ұстанып келіп, іші  бүтін,  мығым мемлекет.  Бірақ, сол саясаттың  өзі  бұл мүмкіндіктерді  пайдалана отырып,  Қытай  өз  мүдделерін алға  тартып, көршілерін  ыдыратып,  біріне  бірін  айдап  салу  арқылы күш  қолданбай-ақ, мақсаттарына жетіп  отырған. Бүгінгі таңда да Қытайдың саясаты сол. Ол саясатты жүргізу тетіктері де өзгерген жоқ. Баяғы бабаларының жазып қалдырған өсиеттері мен ұстанымдарына сүйенеді. Екінші, Ресейдің саясаты да  сол бұрынғы сүрлеуімен келе жатыр. Өз идеологиясын экономикалық, ақпараттық тетіктерді пайдалана отырып іске асыру. Түрлі  мемлекеттердің типтері  бар. Кей мемлекеттер  өз мүдделерін  жүзеге  асыру үшін немесе қорғау үшін түрлі қайшылықтарға  да, соғысқа да  баруы мүмкін. Ал, кейбір елдер бейбіт өмірде  өз  мүдделерін біріне  бірі  бере береді. Өз  жерінде  отырып,  басқалардан  төмен  жалақы  алатын  жағдайлар.  Мәселе, мемлекеттің ауқымына, оның халқының  аз-көптігіне байланысты емес. Біз 1,5 млрд.  Қытай мен 150 млн.  Орыс түтіп  жеп  қояды деп ойлаймыз. Бірақ,  Моңғолияға  қарайықшы.  2 млн.  халқы бар Моңғолияның  аумағы бізбен  пара-пар.  Бірақ,  екі  алыптың  арасында өз саясатын жүргізіп отыр.  Осындай жағдайды Израильдан  көруімізге  болады. Күшті елдердің арасында  отырған шағын ғана мемлекет. Халқының ара-салмағы 1/50, экономикасы 1/20, қарулы күштерінің  ара-салмағы 1/5-ге тең мемлекет. Соған қарамастан, өз мүддесін, саясатын жүзеге асырып  отыр. Сауд Арабиясы да дәл солай. Сондықтан, бізде мүмкіндіктер жеткілікті. Әрине, ол үшін ішкі  тұтастық, халық пен  билік  бір болса. Оған  жету  жолын  біз  көп ойластыруымыз керек. Егер, өзіміз  мықты  болатын  болсақ,  бізге  дос  та  табылады,  жанымыздағы бауырлас мемлекеттер өздері бізге тартылатын болады. Біз  мықты  болсақ,  экономикамыз алға  басса, айналамыздағы мемлекеттер кейбір  амбицияларынан айырылып, достық  ниет­пен  араласатын шығар. Бәлкім,  ол үшін уақыт  өтуі  керек немесе жаңа  бір саяси элита келуі керек шығар.  Жекелеген  саясаткерлердің характеристикасы,  олардың каприздарына, амбицияларына келіп тіреледі. Мәселен, Ислам  Каримов  емес,  Ташкентте басқа біреу  отырса,  бәлкім,  біздің  байланыстарымыз  да  басқаша  болар  ма  еді? Өзімізге келер болсақ, ең негізгі  себеп,  қазақтың  өзі  ішіндегі  былықтарды,  саяси, эконмикалық, жемқорлық, саяси модернизацияға қатысты келеңсіздіктерді  жою қажет. Тағы бір мысал, Ирак пен  Иранды салыстырмалы түрде қарайтын болса, Иран шын мәнісінде,  мықты,  мығым мемлекет. Неліктен? Халқының  бәрі  парсы болғандықтан  ба? Жоқ, әрине! Арабтар да, парсылар да,  күрдтер де жетеді.  Діни тұрғыдан да  біркелкі емес: суниттер де,  шейіттер де жетеді. Ең алдымен, халқымен билігінің  арасындағы билік мықты, халқының  би­лі­гіне деген сенімі  күшті. Билігінің хал­қының алдындағы жауапкершілігі  күшті. Ал, Ирак біркелкі мемлекет емес, Саддам Хусейннің жүргізген саясаты сол қысу, өзінің тоталитарлы билігін жүргізу. Бірін біріне айдап салу арқылы билігін орнату.  Нәтижесін бәріміз  көрдік. Сондықтан,  біздің мүмкіндіктеріміз өте күшті. Аймақ­тық интеграция, түрік тілдес елдер­дің интеграциясын орнату, олар бізге ең  жа­қын бауырлас мемлекет болып табылады. Бірақ, соның алғышарттарын  жасауды өзімізден бастауымыз керек.  Ынтымақтастық, тұтастық. Ал, оған  жету  жолы – өз ішіміздегі  кемшіліктерді  жою. Сонда ғана Қазақстанда барлық салада даму болады. 
Әбдірашит Бәкір­ұлы: – Бүгінде бүкіл әлем Ресейден секем алып қалды, ал Ре­сеймен одаққа кі­руге бас тартқан украи­налықтарды қолдап шықты. Сол кезде біз ойға қалдық: «Егер, Қырымды аннекциялау көрінісі Қазақстанда қайталанып жатқандай болса, онда қазақтың қолдай кетерлік досы бар ма?» деп. Дос дегенде, әрине, алдымен өз ішіміздегі жағдайды еске аламыз. Яғни, біз татулық-бірлігі жарасқан халықпыз, ал, елдегі тыныш­тық осы татулықтан өрбіп отыр дегім келеді. Бірақ, өткен тарихта өзім куә болған бірнеше оқиға мені осылай айтуға мүмкіндік бермейді. Оның бірі − ұлыорыстық шовинизм көріністері. 1975 жылы әскерге алындым. Мәскеуде 6 ай «учебкадан» өтіп, Ржев деген қалаға келдік. Сол кезде алғаш рет «ұлттық кемсіту» дегеннің не екенін көрдім. Біздің мектептегі біліміміз бен спортқа икеміміз ешкімнен кем емес-ті. Бірақ, әттең, орысша тіл білмейміз − жеке сөз болмаса, сөйлегенде толық ұқпаймыз.  Осыны пайдаланып орыстар бізді «шурик» деп мазақтайтын. («Чурка» дегені). Оларға қой деп айтар адам болсайшы? Алайда, арамызда екі мәскеуліктер болды: бірі − жауынгер Веселовский, екіншісі – МАИ түлегі, аға лейтенант. МГУ-дің математика факультетінде оқыған Веселовский бір күні есеп беріп: «Мына есепті шығара алмағандар чурка болсын» деді. Бізді адам санауды намыс көретін сержант Еременко мырс етті. Алайда, қазақтар есепті тез шешіп бергенде,  оның өті жарылып кете жаздады. Себебі, нағыз «чурка» өзі болып қалған-ды. …Бірде волейболдан жарыс болды. Аға лейтенант команда жасақтады. Оған кілең қазақ балалары еніп, лейтенантпен бірге әскери бөлімдегі өзге командалардың бәрін сыпыра ұттық. Сонда оның «бұның қалай?» дегендерге: «бір қазақты өзге онға айырбастамаймын» дегені есте… Бірақ, біз ұлттық дискри­ми­нация дегеннің не екенін сол кезден бастап түсіне бастадық. Масқара болғанда, ондай дискриминация 1975 жылы Алматыға келіп оқуға түсерде тағы қайталанды. Сол жылы «Сабақ орыс тілінде жүретін ма­ман­­дықтарға емтихан орыс тілінде қа­былданады» деген нұсқау шығыпты. Сөйтіп, қазақ мектебін бітіргендерге ҚазМУ-дың философия және заң факультеттеріне түсе алмайтын қауіп төнді. Алаңға шығып, митингі өткіздік. Содан кейін ғана Үкімет нұсқаудың күшін жойды. Кейін, үйленіп балалы болғанда да Алматыдағы бала-бақша, мектеп мәселесінде, ғылымда тілдік дискриминацияға тап болдық… Міне, сөйтіп, біз жас кезімізден «ұрандататын достық» пен «шынайы достықтың» ара жігін ажы­ратып өстік. Ақыр соңында бұл 1986 жылғы қазақ жастарының көтерілісіне ұласты. Көтеріліс қызып тұрғанда Есік қаласы түріктерінің қазақ жастарына қысым көрсеткені, қандастарымыз ұй­ғырлар да «шоқ-шоқ» деген сыңай танытқаны туралы хабарлар келіп жатты. Әйтеуір, көптеген түбі бір «туыс­тар» қазақтың басына туған сындарлы кезде, бізді қолдаудың орнына, жарға итеруге дайын екендігін сездірді.  Ендеше, «Қазақта дос бар ма?» деген сұрақ орынды қойылып отыр. Кейде ойлайсың: «Қазақты тұқыртуға бәрінің дайын тұруы не себептен?» деп. Достық неге шынайы емес? Меніңше, бұл өзіміздің ішкі алауыздығымыздан, ұлт ретінде монолиттене алмауымыздан туындап жатқан сыңайлы. Бізде «ұлттық мінез» жоқ! Сондықтан, бізді жеке адами тұрғыда бағаласа да, ұлтымызға «әулет» ретіндегі құрмет аз. Ондай құрметке ие болу үшін бізге тұтастығымызды үнемі білдіріп отыру қажет. Бірақ, солай ма? Тіптен, қазірдің өзінде кілең қазақтан тұратын билігіміз өзінің ана тілі – мемлекеттік тілін менсінбей, тек орыс тілінде сөйлесе – кім тіліңді, дәстүр-салтыңды құрметтейді? Ендеше, кім бізге «шынайы доспыз» деп айта алады? Қазақ халық ретінде осы мәселелер туралы терең ойлануы қажет! 

 

Алдыңғы «
Келесі »