БАТЫСТЫҚ САРЫН БАСЫП БАРА МА, ҚАЛАЙ? немесе ұлттық құндылықтар жүйесіндегі кейбір қайшылықтар

  • 15.08.2014
  • 8196 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мусатаев

Сейілбек Мұсатаев,әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының

профессоры, саяси ғылымдарының докторы.

Адамзатқа тән ерекше қасиеттің бірі – белгілі бір құндылықтар жүйесінің болуы. Әрбір адамның немесе әлеуметтік топтың өзіне тән құндылықтары бар. Сол сияқты, қоғам да құндылықтар жүйесі арқылы тіршілік етеді. Қоғамдық құндылықтар жасампаз әрі адамгершілік пен имандылыққа негізделсе, ондай құндылықтарды ұстанатын қоғам дамиды. Ал, құндылықтары азып-тозған қоғамның өзі де кері кетеді. Құндылықтар жүйесі мен Мемлекеттің қалыптасуы және дамуы, ұлттың мықтылығы әрі келешегінің кемел болуы да сонымен тығыз байланысты. Мемлекет құрушы ұлттың құндылықтар жүйесі күшті болса, ұлттық мемлекет те осал болмайды. Алайда, қазіргі таңда бүкіл әлемді қамтыған глобализация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен интернеттің дамуы, тұтынушылық психология мен эгоизмнің құлаш жаюы сияқты заманауи факторлардың әсерінен жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесі тоқырауға ұшырап отыр.

Ар-ұят, ұлттық намыс, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан бастап, ана тіл, ұлттық діл, дәстүрлі діни наным-сенімге дейін  вестернизацияның ықпалына ұшырауда. Жалпы адамзаттық құндылықтарға пысқырып та қарамайтын субмәдениет өкілдері туындап, адамды тура жолдан тайдыратын небір ілімдер мен ағымдар, жағымсыз әдеттер мен анайы өмір салттары пайда болуда. Осындай үрдістердің кесірінен қазіргі жастардың басым бөлігі алдыңғы аға ұрпақ үшін өмірлік мән-мазмұнға ие болған құндылықтарға циниизмге (арсыздық, шімірікпеу) толы кекесінмен қарайтын жағдайға жетті. Батыстық ақпараттық экспансия мен бұқаралық мәдениет күшейген сайын бұл қауіпті үрдіс одан сайын асқына түсуде. 

Ғаламдану заманының талабы осы екен деп, ұлттық құндылықтарымызды глобализация мен вестернизацияның құндылықтарына айырбастап, бұқаралық мәдениетке мас болып, әлемдік өркениеттен қалмай дамимыз деп жүргенде, өзіміздің кім екенімізді, өткен тарихымыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытып, тілімізден айырылып, діліміз бен дінімізден адасып, дүбәра күйге түскенімізді байқамай да қалуымыз мүмкін. Бұл – әлемдік ауқымдағы, бүкіл адамзатқа ортақ рухани проблема, қазіргі қазақ қоғамы да ұлт үшін тағдырлық маңызы бар тарихи таңдаудың алдында тұр. Өркениеттің құндылықтарын өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізбен сәйкестендіріп, заманға сай бейімделе алсақ қана қазақы болмысымызды сақтап қаламыз. Бұл теориялық тұрғыда, ал, іс жүзінде жағдай басқаша. Европа мен Азияның қиылысында, батыс пен шығыс өркениеттерінің арасында орналасқан қазақтардың бойында еліктеу, бейімделу, құндылықтарды қайта қарау сияқты қабілеттер жақсы дамыған. Дегенмен, ондай қабілеттеріміздің жақсы жақтарымен қатар, тигізіп жатқан зардаптары да жетерлік. Шектен тыс еліктегіш болуымыздан ұлттық иммунитетіміз әлсіреп, өркениеттік жаңа «дерттер» ұлттық сана-сезімді жаулап барады.


Қазіргі кезеңдегі қазақтардың ұлттық құндылықтар жүйесі қатты өзгеріске ұшырағаны айдан анық. Біріншіден, нарықтық қатынастар ақша, пайда, байлық деген құндылықтардың парқын аспанға шығарып, тұтынушылық қоғамды қалыптастырды. Әрине, бизнес жасау, кәсіпкерлікпен айналысу, еркін бәсекелестік сияқты нарықтық экономика өмірдің қажеттілігі, біздің айтпағымыз нарық заманы туындатқан жағымсыз құбылыстар: арамза бәсекелестік, қанағатсыздық, пайдакүнемдік, ашкөздік, арамтамақтық, кісі ақысын жеу, алдап-арбау, ұрлық-қарлық, арсыздық, жемқорлық т.б. Қазіргі қоғамдағы адамдардың басым бөлігі үшін ақшаның ең басты құндылыққа айналғаны жасырын емес. Біздің қоғамымыз мұндай материалдық құндылықтарға табынатын төңкерілген сана-сезімнен арылуы үшін барша қоғамның әл-ауқаты артып, баспана, көлік, тұрақты табыс көзі, киім-кешек, азық-түлік сияқты материалдық құндылықтармен еркін қамтылуы тиіс. Бір ел ішінде ат төбеліндей элиталық-кландық топтар шалқып өмір сүріп, ал, басқа халық туған жердің байлығы мен игілігінің қызығын көре алмаса, әрине, адамдардың құндылықтар жүйесінде қайшылықтар туындайды. Екіншіден, қазіргі қоғамда рухани құндылықтардың қайнар бұлағы – кітаптың құны төмендеп кеткені анық байқалады. Адамдар кітапты аз оқитын болды, оның үстіне, интернет технологиялардың  қарыштап дамуы санды-электронды форматта оқуға кең мүмкіндіктер ашқанымен, дәстүрлі баспалық кітапты, кітап дүкендері мен кітапхана желісі сияқты салалардың күйзелісін туындатып отыр. Мемлекеттік қолдау болмаса, аталған салалар өздігінше тіршілік етуі неғайбыл. Әсіресе, қалың қазақ тұратын ауыл-аймақтарда жағдай қиын, ауылдарда кітап дүкені мен кітапхана деген атымен жоқ. Жастардың дені кітап оқуға құлықсыз. Осыдан келіп зиялы қауымның, ақын-жазушылар мен ғалымдардың қадірі кетуде. Сонда Елбасымыздың Қазақстанда интеллектуалды ұлт қалыптастыруымыз қажет деген міндеті қалай жүзеге аспақ?  Кітапты былай қойғанда, бұрын дәстүрге айналған газет-журналға жыл бойына жазылып оқу да қожырап кетті. Қазіргі адамдардың құндылықтар жүйесін электронды бұқаралық ақпарат құралдары, негізінен теледидар мен интернет қалыптастырып жатыр. Бүгінгі ақпараттық дәуірде ұлттық ділімізді бір жағынан байытып, екінші жағынан аздырып-тоздырып бара жатқан менталитеттік интервенцияның қарқыны тым қатты-ақ. Үшіншіден, ұлттық мәдени құндылықтарымыз батыстық бұқаралық мәдениеттің экспансиясына төтеп бере алмай, бүкіл қоғам вестернизацияның жетегінде кетті. Бұқаралық мәдениет жас ұрпақты жастайынан баурап, балаларымыздың белі бесіктен шықпай жатып сана-сезімін жаулап жатыр. Басқасын айтпағанда, бұқаралық мәдениет бұл мақсатқа мультфильм кейіпкерлері арқылы-ақ жетуде: бүгінгі қазақтың қара домалағы Алпамыс, Ер Төстік, Алдар Көсе, Қожанасыр, Тазша бала, Батырлар жырын білмеуі мүмкін, ал, Спонж Боб, Гарри Поттер, Бэтмен, Супермен, Шаян адам сияқты толып жатқан батыстық бұқаралық мәдениет туындатқан кейіпкерлерді жазбай таниды. Сол сияқты жасөспірімдерді, жастарды, ересектерді, тіпті қарияларды да табындырып, еліктіретін батыстық құндылықтар жетерлік. Киім кию үлгісі, сән-салтанат, тамақ ішу, қысқасы, күнделікті өмір-салтымыз тұтастай батыс­тық сарынға көшкен.
Жалпы, ұлттық құндылықтар жүйесіндегі өзгерістерді ұзақ санамалауға болады. Егер, осылай жалғаса берсе, күндердің күні ұлт деген ұғымның өзі де жойылып кетуі ғажап емес. Бұған мультикультурализм деген саясаттың ықпалын қосыңыз. Осы күнгі ұлт саясатында мемлекетқұрушы ұлттың мүддесінен гөрі түрлі ұсақ ұлт­тардың, диаспоралардың мақсат-мүддесін қорғауға басымдық берілетін болды. Бұл да батыста туындаған үрдіс. Кеше ғана мультикультурализмді басты құндылық еткен батыстық қоғам да бүгін  оның кемшіліктері мен қиындықтарын көруде. Қоғамның тілдік, діни, мәдени тұрғыда шектен тыс шұбарланып кетуі дезинтеграциялану қаупін туындатып, түрлі наразылықтарға, ксенофобияға, ұлтаралық жанжалдарға арқау болуда. Осыдан келіп Еуроодақтың болашағына күмәнмен қараушы евроскептиктердің саны өсіп отыр. Бұған соңғы шақырылған Европарламент құрамында евроскептик саяси партиялардың көпшілік қолдауына ие болып, сайлауда жеңіске жетулері дәлел. Әлемдік деңгейге көтеріліп, күшті дамыған тілдердің тасасында көптеген тілдер кенжелеп қалып қойып, кейбіреулері жойылып барады. Мультикультурализм ең алдымен осындай қауіпті үрдісті тоқтатуға бағытталған. Бұдан басқа адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, тілді, дінді, ұлтты еркін таңдау, толеранттылық, мәдени әр-алуандылық сияқты мәселелер бар. Ал, кеңестік дәуірде жойылып кету қаупін бас­тан өткеріп, тәуелсіздік алғаннан кейін де шынайы мемлекеттік тіл дәрежесіне жете алмай отырған қазақ тілі енді мультикультурализм аясында жанталасқа түсер түрі бар. Бір жағынан ресми тіл ретінде орыс тілі, екінші жағынан халықаралық тіл – ағылшыншаға басымдық берілуде, бұдан бөлек, түрлі диаспоралардың тілдерін дамытуға жағдай жасалуда. Мұндай жағдайда мемлекеттік тілді дамыту үшін ең алдымен қазақ тілінің қоғамдық қажеттілігін арттыра отырып, бәсекеге қабілетті болуына күш салуымыз қажет. Кез келген тіл қажеттілік болған жағдайда ғана дамиды, тіл – қарым-қатынас жасаудың қажеттілігін өтеуші құрал. Ал, тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттырушы – ұлттық зиялы қауым. Қазақ тілді зиялы қауымның хал-ахуалы мен әлеуеті жақсарған сайын тілдің дамуына қосар үлесі де артады. Кеңестік тоталитарлы саясат жағдайында қазақ тілінің толық жойылып кетпей, тіл ретінде сақталуына бірден бір ықпал еткен қазақ ақын-жазушылары бастаған ұлттық интеллигенция екені баршамызға белгілі. Ұлттық зиялы қауымның арқалайтын жүгі ауыр әрі жауапты. Мемлекет те, қоғам да мұны жақсы түсінуі тиіс.
Кез келген қоғам көшбасшысыз болмайтыны сияқты, ұлттық мемлекеттің халқын мемлекетқұрушы көшбасшы – ұлтсыз көзге елестету мүмкін емес. Ондай деңгейге жетуі үшін мемлекетқұрушы ұлттың саны мен сапасы, яғни, әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы, табиғи өсімі, интеллектуалдық әлеуеті, құндылықтар жүйесі мықты болуы шарт. «Сананы тұрмыс билейді» деген сөздің айтылуы тегін емес. Орта дәулетті өмір сүретін адамдардың саны артқан сайын қоғамдық құндылықтардың жүйесі де сапалы бола түспек. Қазақтардың бойында «Мен ата-бабаларым аманат етіп, мұраға қалдырған ел мен жердің иесімін, ұлттық салт-дәстүр мен сана-сезімді келешек ұрпаққа жеткізушімін» деген сезім мен құндылықтар жүйесін берік қалыптастыру қажет. Бұған жалаң ұранмен, бос кеуде қағумен  қол жеткізе алмаймыз. Қазақтар өз жерінде үйсіз-күйсіз жүріп, туған елінде жаутаңдаған жетімдей күй кешсе, мемлекетқұрушы ұлт ретіндегі миссиясын толық атқара алмайды.                                                                                                                    
Елбасымыз «Қазақстан-2050» страте­гиялық бағдарламасында жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастыру міндетін қойып отыр. Кейбіреулер «Патриотизмнің жаңасы немесе ескісі болушы ма еді?» десе, енді біреулер «Жаңа қазақстандық патриотизм деген қандай?» деуі мүм­кін. Президентіміз көреген саясаткер ретінде қазіргі адамдардың құндылықтар жүйесі өзгергенін, патриотизмді кеңес­тік дәуірдегідей әдіс-тәсілдермен қалып­тастырып дамыту мүмкін еместігін айтып отыр. Сондықтан да, жаңа замандағы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру барысында жоғарыда аталған ұлттық құндылықтар жүйесіне қатысты кейбір мәселелерді ескеру аса маңызды.

 

Алдыңғы «
Келесі »