17 = 32 + 37Х немесе Үрей формуласы

  • 15.08.2014
  • 328 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Болат  Жүнісбеков,
Саяси қуғын-сүргін және 
тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінің директоры

 

Бұл сандардан білген адамға ызғар есе­ді… оларды «41, 49, 40-50, 79, 86» деп жалғастыра беруге болады. Басқаны біл­мей­мін, өз басым осы бір «бейкүнә» сандардың өзіне тітіркене қараймын. Қасақана ашаршылық та, саяси қуғын-сүргіндер де, Семей атом полигонының зардабы да,  Ұлы Отан және Ауған соғыстары және біртуар тарихшы Ермұқан Бекмаханов бастатқан қазақ зиялыларының 50-ші жылдарда тартқан тауқыметі мен 86-дағы желтоқсан «құйыны»  сол бір 17-нің қомағай «қызыл» қазанынан ақтарылғандай. Отанымыздың Елордасы – Астананың тап іргесінде, Ақмола облысының Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында ерекше Зерде орталығының барын жұртшылықтың бәрі бірдей біле бермейді. Осыдан жеті жыл бұрын, яғни 2007-ші жылдың 31 мамырында  кезіндегі «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР) орналасқан аумақта жаңа мемориалды кешен ашылған болатын. Ол жаппай саяси қуғын-сүргіндердің басталуының 70 жылдығына және 31 мамырдың Еске алу күні ретінде жариялануының 10 жылдығына орай шаңырақ көтерген еді. 


Еліміздің тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен ашылған Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының бұл  мұражай кешеніне тең келер тап осындай тарих пен таным орталығы ескі Кеңестер Одағының аумағында әзірге жоқ. Мұны бұрынғы бауырлас республикалардан бізге жиі ат басын бұратын қонақтар ашық мойындайды. Жеті гектардан астам аумақты алып жатқан мұражай кешенінің бас ғимараты үш қабатты үйге орналасқан. Оның жәдігерлерімен жыл сайын 18-20 мың адам танысады. Сонымен қатар, келушілердің назарына 1927-ші жылы Одессада жасалған Сталин вагоны, қабаған иті арсылдап, мұнара басынан қаруын кезенген күзет аймағы, қазақ әйелінің кимешегі мен батырдың дулығасы тұрпатында сомдалған Қасірет қақпасы, Қазақстандағы шетел елшіліктерінің тағзымындай ескерткіш белгілер, қуғын-сүргін құрбандары: еркек пен әйелдің қола мүсіндері, «Көз жасы» стеласы, шағын көлемде қалпына келтірілген барак пен ондағы тақырыптық диорама оттай басылады. Әсіресе, «АЛЖИР»-де жазықсыз жаза тартқан 7270 әйелдің есімдері қашап жазылған гранитті Зерде қабырғасы жүректі еріксіз шаншытады.
Елбасы мұражайдың ашылу салтанатында атап көрсеткендей, өз халқына қарсы жасалған мұндай қанды қырғынды адамзат тарихы бұрын-соңды білген емес. 

 

«АЗАТТЫҚТЫҢ АЗАПТЫ ЖОЛЫ»

Қаралы жылнама:  «17-28, 32, 37, 41, 49, 40-50,  79, 86»…  онда қапасқа қамағандай үрей бар. Ол қорқыныш дерті оңайлықпен айықпай, кейбіреуді, тіпті, қазір де ақылдан алжастырады. «Аңыз адам» журналы мен оның бас редакторы, ұлтжанды қайраткер Жарылқап Қалыбайға жасалған жосық­сыз шабуыл кезінде 37-нің ызғарлы суы­ғы қайтара соққандай, өне-бойымыз қалтырады. Ал, жақында, 24 мамырда «АЛЖИР» мұражайына  Вашингтондағы на­цизм қылмысын әшкерелейтін «Холокост» мұражайының қызметкерлері  тарту еткен қалың әрі түрлі-түсті альбомды олардың Адольф Гитлер мен оның ұлттық-со­циа­листік партиясына ар­на­ғанын жа­­ңа­ғылардың көрмегені-ақ жақ­сы. Жан­­дайшаптар мұны білсе, АҚШ-тық әріптестерді де сотқа сүйреп, масқарасы шығар-ау! Қызыл диктатура мен шо­ви­­низмнің үрей зардабы деген сол.    
Кеңестер Одағы, тегінде адамның жасампаз қайраты мен күш-жігерінің жоғалтатын дәнемесі жоқ пролетариаттың күйрету құралына айналуының және өркениеттен адасуының сойқанды қорытындысы. Олай болса, Тәуелсіздік жылдарынан, тіпті, оның небір тауқыметінен де кейбіреу әлі де «тұлы­бына мөңіреп», көксеуін қоя алмай жүрген «коммунизм» кезеңі садаға кетсін. Путин мырза айтпақшы, оны қайта тірілтуді көксейтіндердің «…басы жоқ». Сөйте тұра, Украинадағы сепаратизм… өзіміздің жекелеген облыстардағы «ағалық» астам пиғыл еріксіз алаңдатады. 
Үрей синдромы… ол қатерлі сыр­қаттай тарам-тарам тамырлана жайылып, жүйке-жүйкені буып тастайды. Ұлттың ділі мен тінін әбден меңдеп алып, жансақтау арманға айналады. Жалпы, бұл «обырдың» диагозын математикалық формулаға сыйғызу қиын. Үрей синдро­мының текқуалаушылық, яғни, гендік-биологиялық, ортаға сиымдылық, яғ­ни, нервтік-психикалық зардаптарын жою алыс болашақтың сыбағасында қалып тұр. Ол, өкінішке қарай, ұзаққа созылып, жүрелете діңкелетеді және оған тек еркін адамның бостандығы мен дәйекті демократия, сондай-ақ халықаралық құқы талаптарының мүлтіксіз сақталуы жағдайында ғана ши­па қонады. Сайып келгенде, үрейдің жеке тұлғаны қуыс кеуде – міскінге айналдырар мазағы  өз алдына, оның тұ­тас ұлттарды ұйыққа жұтар азабы  ой­ран-асыр. Елес қуғандардың коммунизм атты  «нұрлы болашаққа» ешқашан ақтауға болмайтын құрбандықтардан қорық­пай, қалайда қол жеткізу жолындағы қатерлі қайраты пен арам айласының бірі – 37-дегі алапаттың қадақтай ғана қасіретінің өзі-ақ жантүршігерлік. Қырғынға ұшыратқан қуғын-сүргін кезеңіне лағнет айтқан Зерде орталығының бірі және бірегейі – 70 жыл өткен соң, Астана қаласының іргесіндегі Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында 2007-ші жылы Елбасының бас­тамасымен ашылғаны мәлім. Содан бері Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориал­ды мұражай кешеніне келушілердің «көз жасының» құрғар түрі көрінбейді… осын­да өткен жылы мөлдір шыныдан құйылған «Көз жасы» сынтасы жарқ етті. Онда айшықталған Алаштың жа­зық­сыз атылған ұлы перзенті Мағжан Жұмабаевтың мына өлеңі біртуар ақын­ның айналайын алашына жанын садаға етуге дайын сүйіспеншілігінен паш етеді: 
«Не көрсем де алаш үшін көргенім,
 Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.
 Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер,
 Істей берсін қолдарынан келгенін!»
 Осы көзжасындай, мөлдір сынтастағы «АЛЖИР» тұтқыны София Солунованың туындысы ақын Мағжанның дауысына қосыла жаңғырығып, қабырғаңды  қайыстырады:
«Нам не верит страна. Ни единый                     прохожий
Нам на встречу ответной улыбки 
            не шлет.
Нам не верит страна! Что же 
        делать, мой любимый!
Как же ей доказать, что мы сердцем                     чисты!»
«Көз жасы» стеласынан Қарағанды ла­герь­лер басқармасына қарасты тозақ ошақ­тары да сұстана сес көрсететіндей: Алжир, Қарлаг, Кеңгір, Дальний, Ақтө­белік, Қамысты, Далалық, Өскемендік, Петро­павлдық, Жез­қазғандық, Балқаштық лагерьлер. Қара раушан гүлдері көмкерген  ескерткіштен жанар­ларынан жас сорғалаған Ана бейнелері мен аш-жалаңаш жетімдер, өлімді жерді адақ­таған құзғындар, сондай-ақ үмітін үзбей, сурет өнерінен жандарына алданыш тапқан «періштелердің» туындылары араша сұрайтындай. 
Көз жасы көлдей аққан жылауық жылдар еді ол… 
Елде бұрын-соңды болмаған үрей етек жайды. Жүрек шіркін бір шошынған соң, тулап қоймайды, мүлде үркек болып алады. Кезінде Колбиннің «қазақша үйренемін» деп мәймөңкелеген бір ауыз сөзіне иіп сала берген қазақпыз ғой. «…қоян­ды қамыс өлтіредінің» бейшара халі баяғы. Шел басқан көзіміз мазаққа айналған тіл мен дәстүрдің мүшкіл халін көрмеді, керең құлағымыз атамекенді былғаған Атом жарылысын естуден қалды. 
Ұзақ әрі ду қол шапалақтаулар жал­ғаса берді…
Білмейтіндер үшін мұражай кешені тек қана кезіндегі «АЛЖИР» лагерінің тарихына арналғандай көрінеді. Шындығында, оның толық атауының өзі айтып тұр­ғандай, бұл мұражай Сая­си қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандығын қазақ жерінің ал­ты алаштың соңғы ханы Ке­не­сары заманының запыранынан бас­тап, 1986 жылғы намыс найзағайы – Жел­тоқсан көтерілісіне дейінгі қызыл империяның жасаған жантүршігерлік қылмыстарын әшкерелеуге арналған. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай  «Азаттықтың азапты жолы» атты шағын залды арнайы жоспарлап, ғалымдар мен БАҚ өкілдерін шақыра отырып ашқандағы мақсатымыз да осы ақиқатты жариялау еді және ол ойымыз орындалғандай. Азапты жолдың «Ашаршылық азасы», «Атом тозағы», «Тіл мен дәстүр мазағы» және «Қуғын-сүргін қасіреті», «Ауған қайғысы», «Арал апаты»  бөлімдері құнды дерек көздері арқылы қазақтың тәуелсіздікке дейінгі соры мол жолын жан-дүниеңді шымырлата отырып, нақты дәлелдермен жайып салады.
Тәуелсіздік алған соң ғана халық тағ­дырын тұмшалаған қасірет құпиясының пердесі бірте-бірте ашылуда конус нысанында салынған ғимаратқа тек қана шаңырағынан құйылған жарықтың мұражайдың бүккен сырын бірте-бірте ашуында да осындай мән бар. «Ұлы Абайдың қуғын-сүр­гін көрген ұрпақтары мен туыстары» экс­по­зициясының ақынның балалары мен іні­лерін былай қойғанда немерелерінің, тіпті шөберелерінің де тартқан азабы Кеңестер жасаған қылмыстың бір ғана айғағы. Қазір мұнда алыс-жақыннан келушілердің бойларын осы жерде болған арнаулы лагерьдің  жабылғанынан бері де алпыс жылдан астам уақыт өтсе де үрей мен аяушылық сезімі қатар толқытады. Қазақстандықтар түгілі сонау Еуропа мен Америкадан немесе іргедегі Ресей мен Қытайдан арнайы ат ізін салатын қонақтар да мұражай аумағана қадам басқан сәттен бастап жандарын шүберекке түйіп, жүректері қан жылағандай хәлде болатынын көзіміз көріп жүр. 

«ЕРТЕ СОЛҒАН ГҮЛДЕР»
Қара күш пен ақылға арқа сүйеген қоғамда адам бақыты әдірем қалады екен. Ұлы Абай айтқандай (17-ші сөзі) адам баласын біріктіретін қуат та, ақыл да емес, Жүрек екен. «…билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, Жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді: Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құ­мар болады. Көнбек түгілі қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сені де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет». Жүрекке жүгінбеген жерде ақыл өз ойлағанына жету үшін әкімшіл жүйе құрып, зорлыққа иек артады. Бұдан соң, «бесжылдықтардың» балғасының табанына түсіп, орағынан құрақша жапырылдық. Иә, пролетариат көсемдері Владимир Ульяновтың да, оның ізашары, ұлы ойшыл Карл Маркстің де бойларын буған күш-жігер мен ақыл-айла ағыл-тегіл еді. Екеуін де жүрексіз, немесе мейірімсіз деп  айта алмайсыз. Бар өкініштісі, олардың ойларына алып, өздеріне аса әділетті көрінген идеясының ұшқыны қоғамдық дамудың қарама-қайшылықтар әбден шиеленісіп, буыны босаған жері – Ресейді өртке орады. Оның жалмауыз жалынын Азамат соғысы лапылдата түсті. Жан бере алмай аласұрған аю айналасындағы тірлік атаулыға айбат шегіп, қатер төндірді.
Басталды… 
Бар пәленің басы 17-нің қазанында қай­нап, буырқана ақтарылған болатын. Тір­ліктің тамырының соғысы бұзылып, тынысы деміккеніне де қарамастан қызыл диктатура алпауыттар жайлаған капитал әлемінен асып түспек болып жанталасты. Құдайды да, патшаны да елемей, «… екі құлағы тік шыққан» неме көксеген мақсатына жету жолында ешкімге де, ештеңеге де қарайламақ емес-ті. Жалаң ақыл мен қара күш төске өрлеп, басқа шапты. Күштеп тәркілеу мен ұжымдастыру секілді сорақы науқандар елді сорлатты. Голощекиннің «Кіші октябрі» алқымнан алды. Пікірі басқалар атылды, асылды, айдауға жіберілді. Бұл кесапат «халық жауларының» отбасы мүшелерін де жаппай қан қақсатты. Сол тұста, 1937 жылғы 15 тамыздағы КСРО НКВД-ның  N00486-шы бұйрығы     Компартияның Орталық Комитеті Саяси Бюросының «отанын сатқандардың» отбасы мүшелеріне қарсы арнайы шешімін жүзеге асырудың нақты тегершігін айқындап берген еді. Мәселен, бір ғана Мәскеуден сол жылғы жаздың үш айында, балаларды қоспағанда, 2,5 мың адам қуылды. Кезек енді «халық жауларының» әйелдеріне де келіп жетіп, олар да ер­лерімен қатар қамауға алынып, кемінде 5-8 жылға «темір торға» тоғытылды. 
Мұражайда жақында ашылған «Біз куәлік етеміз» кіші залының жәдігерлері қоғам қайраткерлерінің жарларының басына  түскен қайғыдан хабардар етеді. Мұнда қазақ әдебиетінің классигінің отбасылық серігі – Майлина Гүлжамал, халық комиссарларының, Қазақ өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысының, тұңғыш қазақ прокуроры мен банкирінің  аяулылары: Рысқұлова Әзиза, Құлымбетова Әйіш, Қожанова Гүләндам, Нұрмақова Зұфнұн, Жүргенова Дәмеш, Дивеева Фатима, Сәдуақасова Елизавета, Асфендиярова Рабиға, Тәтімова Шәкітай, Меңдешева Рәзия, Сырғабекова Бибіжамал, Таштитова Сағадат пен Есқараева Мариям, Османова Фатима, барлығы 87 қазақ әйелі қанқасаптың ащы дәмін татты.
Халық трагедиясына көзімізді ашатын мұражай үш қабатты ғимаратта орналасып, 7 гектарға жуық аумақты алып жатыр. Оның негізгі және ғылыми-көпшілік қорларында 12 мыңнан астам мұражайлық маңызы бар материалдар жинақталған. Олар іссапарлар және жұртшылық өкілдерімен кездесулер барысында жылма-жыл бір мың данаға байи түседі. Жәдігерлердің дені кезіндегі «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагерінде отырған тұтқын әйелдердің жеке заттары, қолдарымен жасаған дүниелері, сағыныш сарғайтқан  хаттар, олардың өздері мен ұрпақтарының еңіреген естеліктері, ғалымдар, зерттеушілер мен журналистердің  тебіреністі мақалалары, БАҚ-тың «бұлқан-талқан» материалдары, сондай-ақ зұлмат жылдар туралы сай-сүйегіңді сырқыратар фильмдер мен теледидар хабарлары. Соның бірі – «Бес стақан темекі» деп аталады… Ұлы Отан соғысы басталардан бір күн бұрын, 21 маусымда Б.Приклон деревнясының тұрғындары Николай мен Анастасия Леонтьевтер базардан бес стақан темекі сатып алады. Ертеңіне отағасы майданға аттанады да, темекі асығыста ұмыт қалады. Арада біраз уақыт өткен соң, Анастасия жаңағы темекіні сатуға мәжбүр болады. Одан арғысы – қорқынышты түстей. Жеті баланың анасы, майдангердің жары заңның «алыпсатарлық» бабы бойынша бес жылға сотталып кете барады. Оның кенжесін  емізетіні, тіпті, аяғының ауыр екені де еске алынбайды. А.Леонтьева Карағанды лагерінде 43-ші жылы қайтыс болады, ері де тап сол жылы майданда қаза табады. Жаңа туған сәби – Сергей балалар үйінде тәрбиеленіп, жеті бауырымен арада 60 жыл өткенде Ресейдің ОРТ теледидарының «Жди меня» бағдарламасының арқасында қауышады.
«АЛЖИР» лагерінің тозағында 18 мың­нан астам әйел азап шексе,  оның 8 мыңнан астамы темір торда бір мезгілде торықты. Олардың жандарына сыз төсеніп, ашқұрсақ жүргендері емес, әділетсіз  жаза тартқандары батты. Сонда да ертеңгі күннен күдерлерін үзбеді. Мұражай аумағындағы «Күрес пен үміт» және «Түңілу мен әлсіздік» мүсіндік композициясындағы  көзінің оты сөнбеген әйел бейнесі соның айғағындай. Бұл бейбақтар не көрмеді дейсіз: мұражай экспозициясының «тергеуші кабинетіндегі» арқасыз биік орындықтағы әйелдің бейкүнә әрі қорғансыз хәлі біраз жайды ұқтырады. Тергеуші ұрып-соқпай-ақ тұтқынның діңкесі құрып, басы айналып, құлаудың сәл-ақ алдында. Аяғын жерге тигізбей биік орындыққа отырғызып қойса, 5-6 сағат өткеннен кейін кез-келген адамның қан айналысы бұзылып, миы зеңгиді. Осындай азаптың зардабын мемлекет басшыларының «АЛЖИРде» отырған жарлары мен аналары, тіпті, кәмелетке толмаған қыздары аямай тартты. Солардың қатарында Бүкілодақтық старостаның әйелі, сорақылық емей немене – Калинина Екатерина, Ресейдің танымал әншісі Русланова Лидия, атақты балет бишісінің анасы Рахиль Плисецкая, көрнекті театр қайраткері Сац Наталья, белгілі жазушы әрі аудармашы Серебрякова Галина  және басқалары болған.  
Міне, мынау тұтқын әйелдер лаждаған барак. Ол сабан аралас балшықтан соғылады екен. Төбесі шыммен жабылып, қабырғасының жоғарғы жағынан жарық түсетіндей етіп қана кішкентай терезелер қалдырылған. Темір тордың ар жағынан үңірейген қараңғылыққа қарауға жү­рек дауаламайтындай. Ал, оның есігін ашқанда НКВД жаналғыштары аналар­дан балаларын күштеп тартып алып жатқан қорқынышты оқиғаның үсті­нен түскендей боласыз. Қарағанды лагерь­лерінде аналарымен бірге қасірет шегіп, үш жасқа толысымен балалар үйлеріне жіберілетін 1507 баланың көрген қияметін еш ұрпақтың басына бермесін деп тілеңіз. 
… Міне, мұражайға жаңа қонақтар қадам басты. Оларды зарлы қобыз үні қарсы алған күйі бірінші қабаттағы «Алаш» залын аралата ойға салып, жоғарғы қабаттағы «АЛЖИР» залына қарай ұзатып салады. Келушілерді «Азаттықтың азапты жолы» арқылы алып өтіп, «ата-баба арманы – тәуел­сіздіктің қадірін тағы бір зерделетеді. Танымал әнші Жылтыркөзов Азаматтың қатысуымен көрерменге жол тартқан «37-ші жыл. Ерте солған гүлдер» бейнебаяны өткенді ұмытпауға шақырып, егемен елдік мұратын асқақтата түседі.
Біздің бұл айтқандарымыз өзіміз түйген: 17 = 32 + 37Х – Үрей формуласының бір парасы ғана. Ал, тереңірек үңіліп, ойласатын жайттар қаншама!
(Материалға қатысты суреттерді мұқабаның 3-бетінен көресіздер) 

Алдыңғы «
Келесі »