Аптал азамат, білікті басшы

  • 15.08.2014
  • 815 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Садуакас

Көпжасар Нәрібаев, 
ҚР Ұлттық ғылым
Академиясының академигі

Садуақас Темірбеков қазақтың айтулы перзенттерінің бірі. Еліміздің білім мен ғылым саласына орасан зор еңбек сіңірген азамат. Өз басы өте білімді және жоғары мәдениетті адам болатын. Өзі философ болғаннан болар ойы терең, талғамы кең, білімі ұшан-теңіз еді. Бірақ, бұл қасиет мамандығына емес, адамның өзіне тікелей байланысты. Әйтпесе, өз пәнінің тар шеңберінен шыға алмай жүрген философтар аз ба.


Сәкең көп оқитын, бұрынғы грек фило­софтарының еңбегінен бастап, орыс және батыс классиктерін, қазақ тарихын, ауыз әдебиетін, қазіргі әдебиетті үзбей оқитын. Оқып қана қоймай, оларды ой толғамынан өткізіп, жеке өз пікірін қалыптастыратын. Қазақтың тарихи тұлғаларын жақсы білетін, олардың өмірі мен қызметінен, елге сіңірген ерен еңбектерінен хабары мол еді. Және мұның бәрін ішіне сақтап қалмай, реті келген жерде айтып жүретін. Әсіресе, жастарға, оның ішінде өзі дәріс беретін студенттерге жүйелі түрде әңгімелеп беретін. Жалпы Садуақас ірі тұлға ретінде өз халқын өте жақсы көретін. Сондықтан, қазақтың жақсы қасиеттеріне мақтанып, жаман қасиеттерін сынап отыратын. Мысалы мына сөзіне көңіл бөлейік: «Қазақ жалқау емес, жайбарақат халық. Ендеше, жайбарақаттықтан құтылған жөн. Тірлікті тез, аз уақытта сапалы істеп үйрену керек. Нарық за­маны осыны талап етеді. Қазақты ешкім асыраған жоқ, өзінің еңбегімен, тірлігімен күн көріп тарихта қалды және жаман болып қалған жоқ. Қазақты құртып жүрген еңбек сүймейтіндігі емес, жайбарақаттығы. Тарих деңгейінен қалып қоймау үшін қазаққа жылдамдық керек, басқа халықтар сияқты алға асығу керек» (М.Қалдыбай «Өмір өрнектері», 2010, 83б.).
Бұл халқына жаны ашыған азаматтың сөзі. Сәкеңнің қазақтың психологиясын жақсы білетінін дәлелдейтін тағы бір мысал келтірейік: «Қазақ көсемшіл халық. Көсемшілік қасиеттен арылғанымыз дұрыс. Бір адам ел басқарса, оны әулие тұтып, бұдан басқа ешкім жоқ деген сөзді қойған жөн. Қазақта, құдайға шүкір, жарамды адамдар көп… Көсемшілдіктен ең алдымен жағымпаздық шығады. Біз жағымпаз халықпыз, бастықтың алдында бас игіш халықпыз» (М.Қалдыбай «Өмір өрнектері», 2010, 83 б.). С. Темірбековтің осы сөзді айтуға толық құқығы бар, өйткені, өз басы жағымпаздықты жек көретін. Өз ой-пікірін ешкімнен жасқанбай тіке айтатын. Бұл тұрғыдан бастықтарға жақпай қалатын кездері аз болған жоқ. Бірақ Сәкең ешкімге бас имей, жалпаңдамай әруақытта әділетті болуға тырысты.
Сәкеңнің тағы бір қасиеті намысшыл азамат еді. Басынан сөз асырмайтын. Қалай болса солай сөйлемейтін. Ал, сөйлей қалса сөзі мірдің оғындай. Оның үстіне дәлелді және нақты сөйлейтін. Үлкен жиындарда, бас қосуларда сөйлейтін сөзін алдын ала ойланып, толғанып алатын. Қай жерде кімге арнап сөйлейтінін де ойланатын. Бұл шешендік қасиеттің бір қыры. Сондықтан, айтқан сөздері көңілге қонатын, жұрт жақсы қабылдайтын. Студенттерге оқитын дәрісіне өте жауапты қарайтын. Әр лекциясының өзі жеке творчествалық шығарма сияқты болатын. Тақырыпты кеңейтіп классикалық ұстанымдармен бірге, бүгінгі өмірдің мәселелерін көтеретін, оларға өз ой-пікірлерін қоса айтып отыратын. Жалпы, С. Темірбеков өмірге, салт-дәстүрге, мәдениетке өз көзқарасы бар азамат болатын. Оны әр жерде ашық айтып та жүретін. Бұл көзқарас жалаң ойдан туған нәрсе емес, өмір заңдылықтарына, Сәкеңнің терең білімін, бай тәжірибесіне және оның өзіне тән айнымас логикасына негізделген ұстаным болатын. Араласқан азаматтар жөнінде де өзінің ойын қаймықпай тура айтатын. Сынайтын адамдардың бетіне кемістігін жұмсартып айтып, одан құтылу жолдарын да көрсетіп кететін. Сәкеңнің осындай ірі тұлғасы өзінен өзі немесе кездейсоқ қалыптасқан жоқ. Терең білімді Қазақ мемлекеттік университетінің қабырғасында алды. КазГУ-дің  философия факультетінің алғашқы түлегі еді. Ол кездегі жастар білімге өте құштар болатын, күндіз-түні жатпай тұрмай оқитын. Сәкеңмен бірге осы топта еліміздің аса көрнекті философ-ғалымдары Жабайхан Әбдилдин, Ағын Қасымжанов сияқты азаматтар оқыды. Олардың ішінен тағы да басқа белгілі ғалымдар және айтулы ұстаздар шықты. Бұған университеттің жасаған жағдайы және оның көрнекті ұстаздар ұжымының әсер еткені сөзсіз.
С.Темірбеков өз білімін сол кездегі одақтағы ең озық оқу орны Мәскеудің мемлекеттік университеті жанындағы аспирантурада жетілдірді. Бұған, әрине, Сәкеңнің жеке таланты мен еңбекқорлығын қосу керек. Көп оқыған азаматтар аз емес шығар, бірақ сонымен бірге оқығанды қорытып, көңілге тоқи білу керек. Міне, Сәкеңнің осындай ірі тұлға болып өсуі терең біліммен ерен еңбектің арқасы.
С.Темірбекұлының негізгі қызметі де, саналы өмірі де жоғары оқу орындарында өтті. Ерекше атап өтетін жағдай – ол кісі 1967 жылы Шымкент қаласында ашылған Мәдениет институтының бірінші ректоры болып тағайындалып, оны он бір жыл басқарды. Сол институттың белгілі ұжым болып қалыптасуына, материалдық техникалық базасының нығаюына үлкен үлес қосты. Лайықты ұстаздар қауымын тәрбиелеп өсірді. Мұғалімдерінің біразын аспирантураға, қалғанын стажировкаға жіберіп оқытып, біліктілігін арттырып отырды. Ол басқарған жылдары Мәдениет институты өсіп, дамып Қазақстан жоғары мектебінің белгілі ошағына айналды. Жүздеген, мыңдаған мәдениет қызметкерлерін, өнер мамандарын дайындап, еліміздің мәдениет саласының өсуіне үлкен үлес қосты.
Менің Сәкеңмен алғашқы таныстығым 1976 жылы жазда болды. Министрдің орынбасары ретінде Шымкентке іс сапармен барып, біраз оқу орындарын аралап танысып едім. Мәдениет инситутын аралап кеңірек таныстым. Институттағы тәртіп, тазалық, ұқыптылық қатты ұнады. Шын мәнінде мәдениеттің жаршысы болатын ұжым екеніне көзім жетті. Әрине, бұл өз басы өте жоғары мәденитетті ректор Садуақас еңбегінің нәтижесі. Көп ұзамай 1978 жылы Сәкең қызметі жоғарылап Алматыға ауысып келді. Қазақстан КП Орталық Комитетіне бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалды, ал, 1980 жылы бөлім меңгерушісі болып бекіді. Орталық Комитеттің ғылым және оқу орындары бөлімін басқарған кездері өте жемісті жылдар болды. Ғылымымыз өсіп қарқындап, ғалымдарымыз, ғылыми мектептеріміз әлемге әйгілі бола бастады. Қазақстан ғылым Академиясының абыройы асып, Одақ Академиясы мен Украина Академиясынан кейінгі үшінші орынға тұрақты түрде ие болды. Білім беру жүйеміз де Одақ көлемінде алдыңғы шепке шықты. Көптеген жаңа жоғары және орта арнайы білім беру орындары ашылды. Еліміздің экономикасына қажетті жаңа мамандықтар ашылды. Оқу орындарының материалдық техникалық базасы нығайып, ғылыми-педагогикалық кадрлардың құрамы сапа жағынан едәуір өсіп жетілді. Осы жетістіктерге қайраткер тұлғаның қосқан үлесі аз емес.
Сәкең қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын және бұған өзінің адами қасиеттерін қосып отыратын. Ақыл айтып, қол ұшын беріп, көмектесіп отыру оған тән қасиет болатын. Мен Сәкеңмен оның соңғы қызметінде етене жақын араластым. Ол кезде мен республикамыздың жоғары және арнайы орта білім беру министрі болатынмын. Ақылдасып шешетін ортақ мәселеміз көп. Сәкең еш уақытта ақыл кеңесін аяған емес, әр кезде көмек беріп отыратын. 1985 жылы Орталық Комитеттің Секретариатында кон­серваторияның жұмысы талқыланды. Ректор Ғ.Жұбанованың баяндамасынан кейін мәжілісті жүргізіп отырған Орталық Комитеттің екінші хатшысы О.С.Мирошхин мені тұрғызып ой пікірімді сұрады. Мен консерватория жөнінде өзім білетін жайларды айтып, жұмысына оң баға бердім. О.С.Мирошхин: «вуздың жұмысына қандай баға қоясыз – 2 ме, 3 пе, 4 пе, қандай баға лайықты», – деп тұрып алды. 
Мен, Олег Семенович, үлкен ұжымының ұлан ғайыр жұмысын бір цифрмен бағалауға болмайды. Бұл бір пәннен тапсыратын емтихан емес қой. Консерваторияның еліміздің өнері мен мәдениетіне қосқан үлесі аз емес. Қаншама таланттарды тәрбиелеп шығарды. Олар қазір Қазақстанды бүкіл әлемге паш етіп жүр. «Вуз­дың» атқаратын қызметі сан қырлы, оның әрбір саласын жеке-жеке бағалау керек, – деп жауап қатып ем, хатшымыз тас-талқан бо­лып ашуланды:
Егер қарамағыңыздағы «вузға» лайықты баға бере алмасаңыз сіз қандай министрсіз, онда консерваторияның жағ­дайын білмейтін болдыңыз ғой, отырыңыз – деп мені ары қарай сөйлетпей отырғызып қойды. Сонда мәжіліске қатысып отырған С.Темірбеков сөз сұрап орнынан тұрды. Менің пікірімді қолдап: 
Олег Семенович, «вуздың» қызметін бағалайтын көрсеткіштер біреу емес ондаған. Тек солардың бәрінің жиынтығы ғана «вуздың» жұмысының сапасын (рейтингін) анықтайды –деп еді, О.Мирошхин одан бетер ашуланып:
Сіздің консерваторияға емес, министрге жаныңыз ашып тұр ғой. Секретариат министрді қорғайтын орын емес –деді. Сәкең оған бой бермей: 
Олег Семенович, мен шындығын, анығын айтып тұрмын, мен де ректор болған адаммын, сондықтан «вуздың» жұмысын бір адамдай білемін деп еді, хатшы оны да сөйлетпей отырғызып қойды.
Сонымен мәжілістен көңіліміз төмен болып шықтық. Содан Сәкең кабинетіне шақырып маған басу айтты: Көбеке, көңі­ліңізге алмаңыз, хатшымыздың білгені осы, қайтеміз, өзі білмейді, білгеннің сөзін тыңдамайды –деп мені жұбатты. Мен Сәкең ақиқатты айтып, мені қолдағаны үшін рақмет айттым. Сәкеңнің қолдағаны бір бұл емес, талай рет болды. 
С. Темірбеков жоғары білім жүйесін өте жетік білетін. Сондықтан ол кісімен сөйлесу, ақылдасу өте жеңіл болатын. 1986 жылы Мәскеуде жоғары білімді жетілдіру жөнінде үлкен жиналыс болатын болды. Одақтық республикалар атынан министр ретінде мені сөйлетпек болыпты. Сәкең менімен хабарласып, «Көбеке, Мәскеуге қандай оймен бара жатырсыз, ақылдасайық деді. Екеуіміз жолығып, біраз мәселені талқыладық, мен өз ойымдағы мәселелерді айттым, олар Сәкеңе ұнамады. Бұлар белгілі нәрсе ғой, оларды қайталап қайтесіз, бір тың ой-пікір болса дұрыс болар еді» деді. Мен көптен ойымда жүрген мына жағдайды айттым: техникалық «вуздарда» сол салада қызмет істеп, саланы жетік білетін ұстаздар азайып барады. Қазіргі мұғалімдардің көбісі осы «вузды» бітіріп, аспирантурада оқып, ғылыми жұмысын қорғап алған, бірақ өндірісте бір күнде жұмыс істемеген, саланы жетік білмейтін азаматтар. Олар өзі білмейтін саланың мамандығына студенттерді қалай баулыйды, не үйрете алады. Жастарымыз кітаппен ғана тәрбиеленген мамандар болып шығады ғой. Осы мәселені шешуіміз керек, ол үшін техникалық «вуздардың» болашақ мұғалімдерін өз саласында қызмет істетіп, не стажировкадан өтетіндей жағдай жасауымыз керек. Өзі дәріс беретін саланы жетік білмей оларды аудиторияға жіберуге болмайды – деген едім. Сәкең мына ойыңыз өте дұрыс, осы пікіріңізді айтыңыз үлкен жиналыста – деп ақыл айтты. 
Одақтық жиналыс өте үлкен деңгейде Кремльдің үлкен залында өтті. Жиналыс­ты КПСС Орталық Комитеттінің екінші Хатшысы Лигачев ашып, жүргізіп отырды. Политбюроның біраз мүшелері қатынасты. Маған сөз кезегі тигенде Сәкеңмен келіскен мәселені және «вуздардың» материалдық базасын нығайту жолдарын айттым. Аудитория дұрыс қабылдаған сияқты. Садуақас шыдамай КПСС Орталық Комитеті аппаратының қызметкерлеріне телефон соғып, менің сөзім жөнінде пікірлерін сұрапты. Олар: «очень актуально и хорошо прозвучало» – депті. Бұған Сәкең балаша қуанып, менімен хабарласып, құттықтап жатты. Міне ол кісінің табиғаты осылай еді. Жетістіктерге керемет қуанатын, ал кемістікке қатты ренжитін. 
Мен Мәскеуден оралған соң бөлімнің барлық қызметкерлерін жинап маған жиналыста болған әңгімелерді айтып беруімді өтінді. Кездесудің соңында маған Көбеке, сізге рақмет, Қазақстанның жақсы атын щығардыңыз деп ризашылығын білдірді. Сәкең қызметке де қызметкерлерге  де осылай адами тұрғыдан қарайтын азамат еді. Садуақас Темірбековтың әріптестерімен де өзінің қол астындағы қызметкерлері немесе өзіне бағынышты кадрлармен де ара қатынасы өте мәдениетті болатын. Мен бастықпын деген мінез көрсетпейтін, әрдайым қарапайым, кішіпейіл болушы еді. Қаншама қызметі көтеріліп, лауазымы өскенмен мінез-құлқы өзгермейтін, ел жұртпен қарым-қатынасы бірқалыпты болатын. Бұл мәдениеттің ең үлкен үлгісі десе де болар.
Сәкеңнің тарихи ірі тұлға, қазақтың біртуар қайталанбас ұлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа қатынасы ерекше болды. Сәкең ол кісіні пір тұтатын, пайғамбардай сыйлайтын. Атына кір келтірмеуге тырысатын. Мен Димекеңнің кадрімін, сондықтан, қателесуге немесе жаман іске баруға хақым жоқ, өйткені жаман аты Димекеңе тиеді, сол кісідей адал, таза болуым керек деп отыратын. Сәкең үлкен кісінің сенімін толық ақтады, себебі ешбір жаман аты шыққан емес. Ол кісі ешкімнің қолынан келмейтін небір жауапты мәселелерді Сәкеңе сеніп тапсыратын болды. Ал Сәкең оны ойдағыдай етіп орындап жүрді. Садуақас 50 жасқа толғанда Димаш Ахметович құттықтау адресіне өзі қол қойып, Орталық Комитеттің бюро мәжілісінде құттықтау сөз айтып тапсырыпты. Сол құттықтау папкасын құрандай көріп, құрметтеп өтті. Мұны мен Димекеңнің өз қолынан алдым деп отыратын. 
Д.А.Қонаевқа төңірегіндегінің көбісі қарсы сөз айтуға батпайтын, кейде қате шешім қабылданса да үндемей отыра беретін. Мәселенің шындығын Садуақас айтатын және Димекең оны тыңдайтын. Сәкең бірнеше мәрте шешімнің дұрыс еместігіне Д.А. Қонаевтың көзін жеткізіп, оны өзгерткені бар. Димекең дана адам ғой, өз қателігін мойындай біледі –деп отыратын Садуақас Темірбекұлы.
Д.А. Қонаев қызметтен кеткеннен кейін ол кісіні сынайтындар қатары көбейді. Солардың біразымен Сәкең айтысып, Димекеңді қызғыштай қорғап жүрді. Онда да өте дәлелді, нақтылы сөздермен қорғады. Бұл енді Сәкеңнің үлкен адамгершілігі. 
Димекеңнен кейінгі Сәкеңнің жақсы көрген адамы – ғұлама ғалым, көрнекті қайраткер Өмірбек Жолдасбеков еді. Екеуі бірге өсіп, бірге ержеткеннен болар, аралары ажырамастай дос еді. Өмекең 1986 жылы маусым айында орынсыз жаламен ректорлық қызметінен алынды. Ал, Желтоқсан оқиғасынан кейін қудалауға түсті, партиядан шығарылды. Қайта-қайта комиссия құрылып, Өмекеңді қайта-қайта тексеріп, себебі табылса қамауға алмақшы болды. Бірақ оған негіз таба алмады. Сонда төңірегіндегі көптеген «достары» бой көрсетпей кеткенде, қасында күндіз-түні болған осы Садуақас болатын. Өмірбектің өзінен көп қиналмаса, аз қиналған жоқ. Күнде-күнде таңертең барып Өмекеңнің жағдайын біліп, кешке келіп түн ортасына дейін отырып кетеді екен. 
– Сәке, айналайын, көп уайымдамашы мен үшін, мен тазамын, маған шамалары келмейді, ал сен бүйте берсең ауырып қаласың – дейді екен Өмірбек. Міне шын адал достық деген осындай болар. 
Желтоқсанның ызғары көп адамға тигені белгілі. С.Темірбековте одан сырт қала алмады. 1986 жыл басынан бастап өте ауыр жыл болды. Небір тәжірибелі ректорлар қызметінен алына бастады. Институттарда қазақтар көп оқып кетті деген лақап әңгіме таратылды. Алматы мен Оңтүстікте орналасқан «вуздардан» «ұлтшылдық» іздей бастады. Біраз ғалымдар қудалауға түсті. «Правда», «Известия» газеттері Қа­зақстанның жоғары мектебі туралы сын материалдардың бірінен кейін бірін жариялап жатты. Оны біздің республикалық, облыстық, тіпті аудандық газеттер де жарыса басып жатты. Мәскеуден қолдау тапқан өзіміздің жандайшаптар жазалау шараларын күшейтті. Осы теріс бағытты сезген Садуақас өзі арыз беріп қызметінен кетті. Ол кезде мен әлі министр қызметіндемін. (Сәкеңнен кейін тура бір жылдан соң мен де кеткем қызметтен).
Сәкең КазГУ-дің жанынан ғылыми қызметкер лауазымын сұрады. Ондағы ойы докторлық жұмысымен айналыспақ. Мен: «Сәке, бұған уақытты жұмсап қайтесіз, Сіздің қазіргі деңгейіңіз ешбір доктордан кем емес – десем, Сәкең – қызмет, қызмет деп жүріп ғылымым қалып қойды, енді соның орнын толтырайын деп жүрмін», – деді. Сонымен Сәкеңе докторлық диссертация жазатын ғылыми қызметкер лауазымын бердік. Екі-үш ай өткеннен кейін Сәкең министрлікке келіп: «Көбеке, мен ел-жұртпен араласпай тұра алмайды екенмін, докторлығым бітсе бітер, бітпесе бітпес, өзің айтқандай білімім еш доктордан кем емес, мені елмен араласатын мұғалімдік қызметке жібер», – деп өтінді. Ол кезде КазГУ-дің құрамында қоғамдық ғылымдардан дәріс беретін мұғалімдердің біліктілігін арттыратын арнайы институт бар болатын. Сол институтқа директордың орынбасары етіп тағайындап жібердік. Сәкең өте риза болып қалды, өзі сияқты әріптестерімен араласып, жаны жай тапқандай болды. Кейін ол институт жабылған соң КазГУ-дегі философия кафедрасының профессоры болып қызметі істеді.           
С. Темірбеков – үлкен ғалым, философ, мәдениеттанушы. Мәдениеттану ілімінің теориялық мәселелерін терең зерттеп жүзден аса ғылыми еңбектер жазды. Ғылымның осы саласы бойынша жазылған алғашқы оқу құралының, ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. Қазақ ұлттық мәдениетінің тарихын, даму заңдылықтарын, өсу кезеңдерін жан-жақты зерделеп, өз пікірін айтып кеткен ғалым.
С. Темірбековтің ірі қайраткер ретінде еңбегі кезінде жоғары бағаланған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланды, Қазақстан КП Орталық Комитетіне мүше болды. «Еңбек Қызыл ту» орденімен, көптеген медальдармен және Құрмет Грамоталарымен марапатталды. Бүкіл саналы ғұмырын халқының ой-санасын байытып, рухани өрісін кеңейтуге арнаған абзал азаматтың аты ұмытылмақ емес. Сәкеңнің аты халқының жүрегінде, елінің есінде сақталмақ.    

                            

 

Алдыңғы «
Келесі »