ПІРІМЖАНОВ НЕГЕ ҰМЫТЫЛЫП БАРАДЫ?

  • 15.08.2014
  • 642 рет оқылды
  • 1

Кезінде театрдың киелі дәстүрін жетілдіруде көл-көсір тер төксе де, бертініректе көзден таса, көңілден ұмыт болып бара жатқан Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірім театрының айтулы өнерпазы – Тынымбек Пірімжанов жайлы кеңірек айтуды жөн санадық. Осынау, бейнетқор жанның өнерге сіңірген еңбегі, қызметі, жарқын бейнесі уақыт өткен сайын көмескіленіп, ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Бүгінгі жас толқын үшін жоғарыдағы ардақты есімнің өнердегі келбеті мүлдем бұлыңғыр.
Яғни,театр сахнасынан елеусіз ғана өтіп кеткен ақиық актер аға буынның есінде болар, ал, кейінгі ұрпақ ол турасындағы мағлұматтардан мүлдем ада.


Күллі өнер атаулыға ортақ қажеттілік – табиғи шынайылық пен оған деген адалдық. Осы киелі қос қасиет дарығанда ғана тума талант мойындалып, халық жүрегіне жол табады, өнердің ғұмыры ұзарады. Содан да шығар, кез-келген басқа мамандықпен салыстырғанда, актерлікке кездейсоқ адам­ның келе салуы – күлкілі. Өйткені, өнер кез-келген  адамның қолы емес. Әсіресе, драма актері болудың өзіндік қиындығы мен мехнаты мол. Осынау қиын да, қызығы орасан өнерге жан-тәнімен берілген жас Тынымбек 1960 жылы Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театры сахнасына келді. Ол небәрі он жеті-ақ жаста болатын. Жасөспірім жігіттің алғашқы актерлік қызметі «Аманкелді» спектакліндегі Дробилин рөлімен айшықталды. Ізінше, «Абай» спектакліндегі Тәкежан, «Еңлік-Кебектегі» Кеңгірбай, Гольдонидың «Қонақ үйдің қожасындағы» валер Репофраттың рөлдері сахнаға шықты. Ұйқысыз түндер мен мазасыз күндер басталып-ақ кеткен. Себебі, тәжірибесіз жанға көп іздену, еңбектену, дайындалу ауадай қажет болды. Оның бер жағында Қобыланды мен Қодардың, Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» пьесасындағы Диуана рөлін, қырғыздың Сыбанқұлы мен өркөкірек, менменшіл Ескендірін, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елдесіндегі» Сайып рөлдерін шығаруда Тынымбектің өлшеусіз тер төккені айтпаса да түсінікті. Осындай толып жатқан күрделі сахналық бейнелердің барлығы да бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік бояуы мен көркемдік шешімін тапқан характерлер. Ұлттық шы­ғармаларымыздағы алуан түрлі кейіпкер­лер мінез-құлқын толық меңгеріп, оларды өзінің таныс-бейтаныстарына айналдыра білген үлкен шебер атанды. 
«Абай» спектакліндегі Тәкежан рөлімен тұңғыш көрінген Тынымбек, ҚР халық артисі А.Тоқпановтың көңілінен шығып, кәнігі ұстаздың оң бағасын алған болатын. Белгілі режиссер жалынды жастың ерекше қабілетін тез байқап, Алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер институтына оқуға қабылдады. Тынымбек Пірімжановтың өнердегі үлкен қадамы осылай басталған-ды. Көрнекті театр сыншысы әрі зерттеушісі Әшірбек Сығайдың алғашқы мақаласы Тынымбек өнері жайында жазылыпты. 2 курстың студенті Әшірбекті арнайы мақала жазуға итермелеген 4 курсты аяқтағалы жүрген Тынымбектің рөл жасау үстіндегі тынымсыз ізденістері еді. Сонау 1967-ші жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жарияланған «Өнерде әркімнің өз соқпағы бар» атты Әшірбек Төребайұлының тұңғыш мақаласынан үзінді келтіре кету жөн болар. Себебі, бітірушінің рөлге деген жауапкершілігі, жанкештілігі, әр нәрсеге байыппен қарайтын қырағылығы еңбекқор Тынымбектің табиғатын аша түскендей.
«Мен таза ауаға біраз шығып келдім де, көрші тұратын жігіттердің бөлмесіне кірдім. Тынымбек еден жуатын ағашты қолына найза орнына ма, әлде, таяқ орнына ма кезене ұстап алып, жалғыз өзі сөйлеп тұр жұлқынып. Әлде біреуге ашу аралас арызын айтып тұр ма екен, әлде, біреумен дауға түсіп тұр ма, шын беріліп сөйлеп тұр жалғыз өзі.
Ретсіз уақытта кіріп қалған соң, қайта шығудың жөнін таппай тұрған мені байқап қалып:
– Кешірерсің інім, ертең актер шеберлігі пәнінен мемлекеттік емтиханға жолдама беретін кезекті дайындық сабағы өтуші еді. Соған рөлдерімді пысықтап жатқаным ғой… Көп дайындықсыз рөлдің оңай шықпайтынын өзің де білесің, деді Тынымбек жалғыз тұрып сөйлегенін жуып-шайғандай.
– Дипломыңыз қалай? Қай спектакльден еді рөліңіз?
– Отеллоны, Король Лирді, Ричардты, Абайды иемдендім ғой. Қалай, көңілің тола ма? – деді ол менің сұрағыма қарай әзілдеп.
– Кім біледі, бүкіл инститтутағы оқытушылар сізді мақтап, бізге мысал етіп сөйлейді ғой. Соған қарағанда, Отелло, Абайларды ренжітпессіз деп ойлаймын.
– Әңгіме классикалық рөлдерді ойнауда емес, ұсақ образдардың өзін аз көрініспен-ақ кейіпкердің қырын танытып үлгіру керек. Осы мақсатпен Ә.Әбішевтің «Кім менің әкем?» пьесасынан колхоз председателі Ошаған Көсеубаевтың бейнесін таңдаған едім. Содан кейін М.Әуезовтың әйгілі «Қаракөз» трагедиясынан Қаракөздің әкесі Жарылғап бейнесі тағы еншімде. Комиссияның талғамы да, талабы да зор. Олардың көңілінен шығу үшін ескі сүрлеумен дұрыс жүріп қана қоймай, өзіңше жүруің керек, өзіңнің үніңді, өзіңнің мәнеріңді таныту керек» деп өз рөліне үл­кен жауапкершілікпен қарайтынын айтса, соны­мен қатар, оның институттағы қоғамдық істерге де белсене араласып отыратын үлгілі студент болғанын айтады. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, білімге құмар Тынымбектің бір қолында оқулықтары жүрсе, екінші қолынан сурет дәптері түспепті. Оның қыл қаламмен жиі сырласып, туған жердің табиғатын, ауыл көріністерін қағаз бетіне түсіріп отырғанын жиі көретін сол кездегі жиырма жасар алғыр студент өзінің осы мазмұнды мақаласында ескеруді ұмытпаған. Бүгінгі күнде белгілі театр сыншысы атанған Әшірбек Сығай: «Тынымбек Пірімжанов – өте білімді шәкірт болды. Үстіне бір қылау жұқпайтын, тазалықты, адалдықты сүйетін тиянақты актер еді» деп тебірене есіне алады талантты жан келбетін.
А.Тоқпановтың курсын 1967 жылы «өте жақсы» бағамен тәмамдаған талапты өнер иесі, кезінде өзі жұмыс істеп кеткен төл қара шаңырағы Қызылорда облыстық драма театрына қайта оралады. Кейінірек, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына ауысып, біраз жылдар сонда қызмет етті. Театр артисінің соңғы жылдардағы өмірі Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрымен байланысты өрбіді. Бір кездері қазақ театр сахнасында «мінсіз көсемдер» Ленин, Сталин секілді кесек бейнелерімен сәтті көрінген қағылез орындаушы бірте-бірте назардан тыс қала берген.
Кеңестік кезеңде Ленин бейнесін кескіндеу кез келген актердің еншісіне тие бермегені айтпаса да түсінікті. Белгілі режиссер М.Байсеркенов актер бойындағы ерекше дарынды жіті байқап, басты әрі жауапты рөлді Т.Пірімжановқа сеніп тапсырды. Сол уақыттағы кеңестік тақырыпты мең­герудегі ең күрделі де ең жауапты қойылым болғандықтан, небәрі жиырма бес жастағы Тынымбек А.Штейннің «Толас» пьесасындағы Ленин бейнесін өзінің тұғырынан түсірмеуге бар күшін салды. «Театр өнерінің ірге тасын қалаған қарлығаштардың бірі Е.Өмірзақов та Н.Погодиннің «Мылтықты адам» пьесасындағы Ленин бейнесін сахнаға шығарған болатын. Елубай рөл дайын­даудағы өз жұмысын Мәскеу, Ленинград қалаларындағы мұражайлардан керекті деректер жинап, өзіне дейінгі Ленин бейнесін сомдаған Б.Щукин, М.Штраух сынды ірі актерлерден сабақ алып, тәжірибе жинақтаудан бастаған. Мәскеудің Кіші театрында болып, Лениннің гримін жасауды үйренген»деген, мәліметтердің барлығын тарихтан білеміз. Көсем бейнесіне тереңдей енген қайталанбас біртуар Елубайдың бай мұрасын, актер өзіне өнеге етті. Аты аңызға айналған сахна алыбының жарқын ізін жалғастырғаны үшін Тынымбек өзін бақытты санады. Сол ұлылар рухына сай өнерпаз тағдырына ие болуды үздіксіз армандады. Өзін қамшылай түсуді бір сәтке тоқтатпады.
Режиссер Р. Сейтметов қойған Ш. Мұр­тазаның «Сталинге хат» пьесасы – Тынымбек Молдашұлына адам сенгісіз бедел әкелді. Т.Рысқұловтың Қазақстандағы хал-ақуал туралы Сталинге жазған екі хатының айналасындағы күрделі диалогтарға құрылғанын білеміз. Актер Кеңестер одағының қаһарлы көсемі – Сталинді шебер сомдап, шығарманың қазақ халқы үшін маңызды тұстарды ашуға зор үлес қосты. Сталиннің ішкі әлеміне тереңдей ену жолындағы Тыным­бектің әр минуты есептеулі болды. Бос уақытын текке өткізбей, үнемі дайындық үстінде жүретін актер үшін кешкілік спектакль бейне бір шығармашылық мерекесі іспетті болды. Қойылымдағы өзінің «менін» толығырақ танытуға, көрермендердің рухани жан-дүниесіне игі ықпал жасауға, олардың биік талғамын тәрбиелеуге мүмкіндіктер іздеген өнер иесін таныдық. ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектемір: «Сіздерге өтірік, маған шын. Сол спектакльді қойғанда, адамның көптігінен театрдың есігі сынған. Қазақ сахнасында қайталанбас образ жасады. Оның өте талантты актер екенін мен сонда көрдім, сонда мойындадым» деп, өзінің сол кезде алған әсерін таңданыспен жеткізеді. Актердің аталған бейнеге байланысты көкейге түйгені, түйсік-түсініктері, тұжырым-ойлары  аса айшықты шықты. «Сталинге хат» қойылымы театр репертуарынан ұзақ жылдар бойы түспей келді. Темірмен көмкерілген театр есігін сындырған көпшіліктің қара күші емес, Сталиннің дәл өзі бола білген үздік актердің сахналық шеберлігіне деген сүйіспеншілік күші еді. Тынымбектің таңғажайып талантына тәнті болған көрерменнің ыстық деміне, жалын атқан отты лебіне емен есік те тосқауыл бола алмаған. Бұны қалың жұртшылық сенсация деп қабылдады. Түпсіз тұңғиық қиялына жетелеген Тынымбектің ғажап өнері – қалың бұқара халықтың шексіз алғысына бөленді. 
Ленин, Сталин рөлдері актердің ұзақ жылғы ізденістері нәтижесінде биік дә­ре­жеге жеткен қайталанбас көркем дүниелер. Биік өнердің шарты – артистің театрға жан дүниесімен берілуі. Автордың ой идеясын, сезім қылын, шығарманың бар бояу реңкін, рухын көрермендеріне еркін жеткізе алуында болса керек. Талантын еңбегімен таудай қылған, нағыз актер сахнада кейіпкерінің тағдырымен өмір сүреді. Әр рөл – адамның тағдыры. Жүз рөл ойнасаң, сахнаға жүз түрлі адам болып шығасың, яғни, өзіңді-өзің ұмытып, образды дұрыс аша алуың бұлжымас қағида. Өзіңді ұмытып өзге біреудің тағдырымен өмір сүру оңай болмаған. Сол үшін де, Тынымбек өз кейіпкерлерінің өмір сүрген уақытын, мінез-құлқын, жеке қөзқарасын, мақсат-мүддесін бүге-шүгесіне дейін зерттеп алудан жалықпаған. Кейіпкеріңнің болмысын толық танып-білмей шынайы образ жасаймын деу бекершілік екенін ерте түсінді актер. Ал, кейіпкерлердің сыртқы пішіні, қимыл-қозғалысы, дауыс ырғағы да актерге аз жүк артпаса керек. Нұсқалар бейнеңнің жан иірімдерін аша алсаң, оның сыртқы жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін салу аса қиынға соқпасы тағы мәлім. Тынымбек жұмыстарының толыққанды шығуы оның өз қаһармандарының ішкі жан дүниесіне құлай көңіл бөлгендігінде еді.
Қазақстанның Халық артисі Т. Жаман­құлов: «Қандай рөлге салсаң да, оза шабатын, қамшы салдырмайтын жүйріктер болады. Солардың бірі осы Тынымбек болатын. Шығармашылық жұмыс істеу тәсілдері де ерекше. Ісіне жауапты болатын. Өнерді жан-тәнімен жақсы көрді. Сегіз қырлы, бір сырлы жан киноға да түсіп, телевизияда да өзін өзге қырынан танытты. Ірі пошымына ерге тән ірі мінезі сай, отбасы, дос-жаранға адал актер, өнерге қалай ерте келсе, арадан да солай ерте озды ғой» деп, өзек кернеген өкінішін білдіреді. Жазушы-драматург Т.Әбдіктің «Біз үшеу едік» атты пье­сасын белгілі режиссер Райымбек Сейтмет Алматыдағы – Балалар мен жасөспірімдер театрында қойған-ды. Бұл керемет пьесаның тууына себеп болған жазушы Сейітбек Нұрханов екенін көпшіліктің біле бермейтіні белгілі. Алашорда қайраткерлерінің сарқытындай болған бұл кісінің шыншылдығы, турашылдығы, ешкімге өзін тәуелді етпейтін қайсыбір қасиеттері жазушының жан-дүниесіне әсер етпей қоймады. Адам жанының тазалығы турасында жазылған бұл шығарма уақытында көп мақталды да. Р.Сейтмет, Т.Пірімжанов, Р.Әшірбекова үшеуінің ғажап актерлік шеберліктерінің арқасында, бұл қойылым әлі күнге дейін ел аузында. Бір-бірімен біте қайнасып жатқан бар жоғы үш кейіпкер болғандықтан, бұл үштікті бір-бірінен бөліп талдауға әсте болмайды.
Қазақстан Республикасының халық артисі Райымбек Сейтмет нұсқалаған Мұрат – максималист жан. Оның көңіліндегі ақторғынды ешқашан кіршалмауы тиіс. Ал, қара дегенің бәрібір қара болып қалады, маңында өзге түске орын жоқ. Осы мінезінен де оның тартқан азабының мол екендігін түй­сігіңіз танып, оның күйгелектігінің табиғаты қайдан шығып жатқанын көпшілік ұғынып оты­рды. Өзі құлай сүйген Дариғаны жандосы Өмірбек иеленгенде де сезімін сыртқа шы­ғармай, өкінішін құлыптап ұстаған ұстамды жан Дариға күйеуі­нің көзіне шөп салғанда үнсіз қалуға дәті шыдамады. Оны досына жеткізіп, ол жағдай жұртқа жария болғанда,Өмірбек пен Дариға ажырасады. Сатқындықты біле тұра жасырып, айтпай қалуды ары жібермеген Мұрат араға жылдар салып түн ортасында Дариға үйінің есігін қағады. Дариға мен Мұрат арасындағы әңгіме – шығарманың ең бір шиыршық атар тұсы. Жан тебірентер ашық әңгіме. Шамырқанған, налыған ащы пікір. Буырқанған, адалдық сөзі. Достық, шын ниетпен жақсы көру, ма­хаббат пен аярлық, сатқын­дық­тың неге апаратыны сөз бо­лар кейіпкерлер ара­сын­дағы өткір диалогтар көрерменді ой тереңіне батырды.
Ал, Мұрат пен Өмірбек ара­сындағы сөз алмасулары көңілге ая­ныш, жабырқау әкеледі. Дарынды актер Тынымбек Пірімжанов сахнаға шығар­ған Өмірбек шаруасы жүріп, тасы өрге домалап тұрған тәп-тәу­ір отбасы иесі болып кө­рін­генімен, танымы мен тү­сі­нігі бас пайдасын көздеудің айналасынан ұзай алмайтын тар қолтық, кемшін адам ретінде бейнеленген. Бір кезде Дариғамен көңілдес болған жанды құрметтеп дастар­қа­нына шақырып, құрақ ұшып, сол арқылы әлдебір шаруасын атқарып алудан үмітті Өмірбек дастарқан үстінде Мұраттың бұл адаммен қатар отырмай­мын деп дау шығарғаны үшін досын кінәлап, қонағынан кешірім сұрауға да әзір. Ар соты, адамгершілік мұраты оны қинамайды. Оған бас қатырудың да қажеті жоқ, себебі, ол пайдасыз.
Осы заманның өзекті мәселелерін арқау еткен пьесада 20 жыл өткен соң бұрынғы бірге оқыған достардың кездесуі сөз болады. Мұрат, Өмірбек және Дариғаның біреуі елім десе ет жүрегі елжіреген отаншыл  перзент  болса, екіншілері  ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруді көздеген тоңмойын тоғышарлар. Үшеудің аққу, шортан, шаяндай ара-қатынасы көрерменді тәрбиелейді, жаманнан жирентіп, жақсыдан тәлім алуға шақырады. Иә, жан тазалығымен, ой-сөз тазалығымен әрбір адамды салауаттылыққа, тұлғалыққа жетелейтін сүйекті шығарманың иесі Т.Әбдік: «Біздің үйіміз ТЮЗ-дің жанын­да болатын. Бір күні кешке таман үйге келе жатсам, Тәуекелов Слам­бек әйелі екеуі театрдан шыққан беті екен, қарсы ұшырасып қалды. (Сламбек кезінде «Қазақфильмнің» директоры болған, белгілі режиссер). «Төке, сіздің пьесаңызды көріп, кір жуғыш ма­шинадан шыққандай тазарып келе жатырмыз» деді. Жүрегіме әлгі сөз кәдімгідей әсер еткені… Біраз уақыт есімнен кетпей қойды. Егер, шығармаң адамды «кір жуғыш ма­шинадан шыққандай» тазартатын болса, авторға одан артық қандай бақыт керек!?» дейді. Халық артисі Роза Әшірбекова әлі күнге дейін Төлен Әбдікке телефон шалып, «Шіркін-ай, баяғы біздің «Біз үшеу едікті» ойнаған кезіміз-ай» деп, сол кезді сағынышпен еске алатын көрінеді.
Райымбек, Тынымбек, Розалар рөлге дайындық кезінде өз кейіпкерлерінің сырларын өмірден іздестірді. Күнделікті көріп-біліп жүрген, сырын-үнін ұғынған жандар арқылы рөл сомдады. Біз сөз етіп отырған талантты актер – Тынымбек Пірімжанов үшін де, жаңа рөл әуелі қиын, сосын үйреншікті, соңында кереметке айналды. Шеберлігін, үздіксіз іздену арқылы шыңдай түсу – актер үшін биік мұрат. 
Талғампаз көрерменнің назарын бір өзіне қарата алған осынау актердің жарқын бейнесі кейінгі жылдарда елеусіз қалғаны өкінішті жағдай. «Саналы ғұмырын театрда өткізген ерекше дарын иесінің жетпіс жылдық мерейтойы жетім қыздың тойындай болып өтті. Актерді елеп-ескеріп, есімін ауызға алған жан да болмады. Өнер үшін туылған ардақты жанның өнерге қосқан титімдей үлесінің ескерусіз қалғаны, елеусіз қалғаны жанымызға батады. Тынымбектің бір жақсы қасиеті, өзіне сеніп тапсырған рөлге ынта-шынтасымен кірісетін. Кез келген адаммен тез тіл табысатын. Біреуге ренжіп, қабағын шытқанын да көргенім жоқ. Батыр тұлғалы, мінезі бірбеткейлеу болғанымен, аузын ашса, жүрегі көрінетін адам еді ғой, жарықтық. Тынымбек ешқандай сыйлыққа да, атақ пен даңққа да ие бола алмады. Әсіресе, өмірінің соңындағы оның ең үлкен трагедиясы – рөл берілмеді. Ол кісіні уайымға салған да осы еді» деп, көңілі босап тебірене жеткізді, актердің жары Әсия Асқарова.  Өзінің өнерге деген адалдығын сақтай білген дарын иесі өнер жолында қанша қиындық көрсе де, әділетсіздік шарпуына түссе де, театрға деген сүйіспеншілігінен айнымады.
Тынымбектің бойындағы артықшы­лық – өзіне ғана тән, ана сүтімен дарыған табиғи дарыны. Қалай десек те, оның әрбір сомдаған бейнесі жаңаша, тың серпіліс пен құбылыс десе болады. Актер сахнаға шыққанда жанып кетер еді. Көздерінен от ұшқындап, кейіпкерінің ішіне тереңдей-дендей еніп, оның бол­мыс-бітімін барынша ашып беретін. Образдың ішкі дүниесі мен сыртқы болмысын бір-бірімен қабыстыра, астастырып берудің хас шебері болды. Әрбір сөзін шегелеп, айшықтап, көрерменіне анық жететіндей етіп беруі де оның басты ерекшеліктерінің бірі. Бәлкім, ол үлкен шеберлерден алған тәлімі болса керек. Олай деуге негіз бар. Ол тұста, М.Әуезов театрында қазақ өнерінің кіл марқасқалары ойнайтын еді ғой. Ол да талантты жастың өсуіне, актерлік шеберлігінің шыңдалуына сөз жоқ әсерін берді. Оның ойынында ешкімге ұқсамайтын жеке-дара сүрлеу, өзіндік соқпақ жататыны сондықтан, болар. Ол шағын кейіпкерлердің иін қандыра, көрерменнің ешқашан есінен кетпестей етіп, жарқыра алатыны да содан шығар. Тынымбек сахнада сан қырлы болды. Әсіресе, сөзді беру мәнері саф алтындай таза. Артикуляциясы мен дикциясы анық та айқын. Кейде, тіпті, кейбір актерлердің кескіндеген бас кейіпкерлері де көрерменнің есінде қалмай жатады. Ал, Тынымбектің кез келген шағын бейнелерінің өзі ұмытылмастай боп қаперде сақталып қалады. Осының өзі оның ерен, таланты мен дарынын танытса керек. Ол жанр талғамайтын өнер саңлағы еді. Комедияға, трагедияға салсаң да, автор кейіпкеріне ене кетеді. Т.Пірімжанов актерлік шеберлігін классикалық драматургиядағы күрделі кейіпкерлерді сомдау­мен де сынап көрді.Актердің асқан техникасы, пьеса авторы өмір сүрген кезеңді жақсы білуі, оның не айтпақ болғанын ұғуға, шығарма идеясын түйсінуге ұмтылуы өз сезім түйсігі, арман-қиялымен астасқанда ғажайып үйлесім, үндестік қиял есігін ашар еді. Ол үндестік, үйлесімінің темірқазығы – еңбек, жан мазасыздығы, ізденісте екені анық.
Өмірінің соңғы жылдарында Тыным­бекті басқадай бір мұңлы күй мазалап жүрді. Бұл күй бір өзінен басқаға естілмеуші еді, естуге де ықылас таныт­қан жан болмады. Біз меңзеп отырған сырлы күй – ол сахнаға деген шексіз сағыныш еді. Театрға деген шексіз махаббатын сахнаға төгіп бере алмай, небір таңғажайып сырларын жан қалтарысына жасырып асыл актер өзімен бірге о дүниеге ала кетті. Т.Пірімжанов – актерлік шеберлік техникасын бар болмысымен меңгерген дарынды орындаушы сапында ел есінде қала бермек. 
Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА,
театртанушы

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Тынекеңмен көзі тірісінде біраз араласып едім. Кейде, дастархан басында да өзінің көп ролінің біріне “кіріп кеткенін” байқамай қалатын өте ақкөңіл жан еді. Адамды жалықтырмайтын, адамнан жалықпайтын ерекше бір қасиеті бар еді. Әттең, 90 жылдардан кейінгі апай-топайда көз жазысып қалдық та, оны тек сырттай бақылап, табысына қуанып жүруші едім… Жаның жаннатта болсын, Дос-Аға!

Пікірлерге тыйым салынады.