Қай салада жүрсем де, жақсы мінез бен еңбекқорлығымнан таңған емеспін

  • 15.08.2014
  • 9582 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақытжан  Жақсымбетов, 
«Экспо-дизаин» ЖШС-нің 
Бас директоры:  

Ғұлама  бабамыз әл-Фараби: «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» деген екен. Бүгінде өзінің телегей табысты биігіне жақсы мінезімен, еңбекқорлығымен, қабілет-қарымымен, зейінді білімімен, іскерлігімен жеткен  «Экспо-дизаин» ЖШС-нің Бас директоры, заң ғылымдарының кандидаты, Жамбыл облысы мәслихатының IV шақырылымының депутаты  Бақытжан  Пармешұлы  Жақсымбетовпен сұхбаттасудың сәті  түскен еді… 

Өмір деректеріңізге көз жүгірт­сек, заң саласында жоғары білім  алып,  осы салада көп тер төккен екенсіз. Та­лай  жылдар заңгерліктің аса жауапты әрі қатерлі маманы – тергеуші болып қызмет атқарып, заң магистрі  ретінде  ғылымға да  тамшыдай  болса  да  үлес қосқан екенсіз. Осы туралы өз  аузыңыздан естісек. 
Заң саласы  бойынша  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  заң  факультетін  тәмамдадым. Бұл  оқуға  түсу  де  оңай  болмады. Дәл сол уақытта еліміз егемендік алғандықтан, шенді  аза­мат­тардың шетелдегі балалары қайта  оралып, оқуға  түсіп жатты. Бұл жағы айтпаса да  белгілі. Солардың арасынан Ал­ла бұйыртып, үзіп-жарып, түстік  қой оқуға. С.Зиманов, Я. Әубәкіров, С.Сартаев, З.Кенжалиев деген белгілі тұл­ға­лардан тәлім алдым. Осындай  білімді кісілердің  қарамағында жүргендіктен бе екен, жан-жақты  болып  қалыптастық.  Қиын да жауапкершілігі  мол заң саласының қыр-сырын меңгердік.Ұядан алып  ұшқан  жауапкершілік, адамгершілік,  ұқыптылық қасиеттерді  ұштап, кәсібилікке үйретті.  Оқу бітірген соң, жолдамамен  Алматы қаласындағы Мемлекеттік тергеу комитетіне жұмысқа  орналасып, университет қабырғасында алған білімді  тәжірибе жүзінде пайдаландық.  Тергеуші болу қызық әрі  жауапкершілігі ауыр  қызмет,  әрі  мен  үшін  үлкен мектеп  болды.  Полиция капитаны деген әскери шенім  бар.  Кейін оқуды әрі  қарай жалғастыру  мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің магистратурасында оқып, заң магистрі дәрежесін алдық.  Ол  тала­бымыз заң ғылымында кандидаттық диссертация қорғауға жетелеп, арман орын­далып, қазір заң ғылымдарының кандидаты деген  ғылыми дәрежем бар. Заң саласының ұлттық дәстүрлермен бай­ланысты ғой.  Ғасырлар  бойы  дана  баба­ларымыз билік айтып, әр істе төрелігін көрсетіп  отырған.  Сондықтан,  диссерта­цияны Шәкәрім бабамыздың билігі мен  сот шешімдеріне  қатысты қорғап шық­тық.Ең бастысы,  адамның  талабы, ынта-ниеті  болса ол  үшін  алынбайтын қамал болмайтын шығар. 
Заңгерліктен  кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
 Мына  нәрсені  қадап  айтар едім,  заңгерлік – бұл  менің  мамандығым, ал, жеке  кәсіпкерлік- менің  өмірлік кәсібім. Жаңа  айтып  өткенімдей,   жоғарғы  оқу орнынан  алған білім жан-жақты болуға  үйретті.  Кез-келген саланы,  оның  ішінде  кәсіпкерлікті  де  тез  үйіріп алып кеттік.Оның  үстіне,  өзімді  басқа қырымнан  сынап  көргім келді. Заң  саласындағы  қызмет істеу үлкен жауапкершілік, әрі әрқашан   қаталдау мінезбен жұмыс істеуді талап етеді. Табиғатыма жаткөрінді.  Содан, осы «Экпспо-дизайн» ЖШС-на шақырылып, жұмысты бастап та кеттік. Осы тұста, кәсіпкерлікке келуіме шапағаты тиген  Халық Абдулла ағамызға алғысымды  айтып өткім  келеді. 
Бүгінде Жамбыл облысы мәсли­хатының IV шақырылымының депутаты ретінде Жамбыл жұрт­шы­лығы қандай мәселелерге тап болып  отыр­ғандығы  жөнінде айтып өтсеңіз.  Және  бұл  мәселелер қалай шешілуде? 
 Бүгінгі күні Жамбыл облысын еліміздің басқа облыстары сияқты «аймақтық проблемаларды» бастан өткеріп  отыр. Осы өлкеде туып-өскендіктен, тұрғындардың  барлық қиыншылықтары жайында  жақсы  білеміз. Әсіресе,  ауылды жерлерге тән проблема  өте көп.Мектеп  ғимараттарының ескіруі,  балабақшалардың жеткіліксіздігі,ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлердің мұң-мұқтаждықтары деген секілді. Соған  орай, Қарасу ауылында 120 орындық мектеп үйін, Көктерек, Жалғызтөбе, Суханбай ауылдарында балалар бақшалары пайдалануға берілді. Мырзатай,  Жеті­бай, Түймекент ауылдарындағы мектептерінде күрделі  жөндеу  жұмыстары  жүргізілді.  Шаруақожаларындағы су мәселелері ше­шілді. Мәселен, Сеңкібай, Белқожа су жүретін каналдар тазартылып, суармалы егіс алқаптары ұлғайды. Дихан ауылдарына газ  құбырлары тартылды. «Алау газ» бағыты бойынша Жамбыл облысының көптеген аумақтарына газ кіргізілді.  Жал­пы, бұл  тек экономикалық тұрғыда ғана емес, экологияға пайдалы. Себебі, бұ­рынғыдай отын үшін ағаштар  оталмайды, көмір  жағып  ауа  ласталмайды. Әрі халыққа да  өте ыңғайлы жүйе  болды. Сумен, жылумен қамту мәселелері  осылай  шешілуде.  Бәріміз ауылда  туып-өстік. Сондықтан,  ауылдың хал-ахуалы жақсы таныс. Бәрінен де мені   бүгіні мен болашағы  көбірек  алаңдатады. Себебі,  қазіргі кездегі  халықтың  ауылдан кетуі көбейіп  бара жатыр. Жұмыс  орындарының азаюы,  жастардың  бос уақытын  дұрыс  пайдаланбауы, әлеуметтік  тұрғыдан аз қорғалуы  секілді мәселелер баршылық. Осыған  байланысты «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы  Жамбыл облысында  жақсы жолға қойылуда.  Жастар жас кездерінде қалада  білім  алып, еңбектеніп,  өсіп-өркендеп,  ал,  кейін егде  тартқанда ауылға  барып,  бар жинаған білім қорын  сонда  пайдаланса,  ауылдың  игілігі  үшін төксе  нұр үстіне  нұр емес пе? «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы, «Жасыл ел», «Балапан», «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі», «Еңбек қоғамына қарай – 20 қадам» секілді  мемлекеттік маңызы  бар  бағдарламаларды  жүзеге асыруға қолдан келгенше ұмтылып отырмыз. Басқа облыстарға қарағанда, біздің аймақты дамыту  жылдам  қарқынмен жүргізіліп  жатқаны қуантады.  
Әңгіме барысында шетелдерге жиі шығатыныңызды айтып  қалдыңыз.  Кәсіпкер ретінде, жеке азамат  ретінде шетелге сапарларыңыздан қандай ой түйдіңіз?  Біздің үйренеріміз не? 
Орынды  сұрақ.  Қазіргі кезде шетелге  шығатындар көп, бірақ,  шетелге  барып  еліміздің кемшіліктерін сынағыш  болып  кететін  секілді.  Бұл  дұрыс емес. Шетелге өз елің мен өзге  елді  салыстыру  үшін емес,  өз  Отаныңа  не  керек,  мен  не  жаңалық әкеле  аламын  деген  оймен  бару  керек.  Дамыған  мемлекеттер утопия емес. Олардың да  кемшіліктері  жетіп  артылады.  Ал, біз тек  жақсы жақтарын ғана,  талғап,  таңдап алып үйренуіміз керек. Маған  шетелдік қалалардың  инфрақұрылымдары  ұнайды. Қай сала болмасын инфрақұрылым  өте  мықты  дамыған. Қарапайым ғана  мысал,  әрбір  аялдамаларда қандай автобус  тоқтайтынын, қайда  баратынын,  қанша минут тоқтап,  бір айналымды  қанша  уақытта  жасайтынын және  басқа  аялдамаларды  тайға  таңба басқандай көрсетіп  қояды. Сол секілді әуежай,  қонақүйлер, демалыс  орындары, туризм нақты  жолға  қойылып,  сол арқылы  дамып  жатыр.  Мәселен, әлемге әйгілі Дубайды  алып  қарайықшы. Құмның  үстіне тұрғызылған қала.  Мидай  жазыққа  жоқтан бар етіп қала  жасаған. Көгалдандыруға су  да, топырақ  та тапшы. Климаты  да қолайсыз аймақтан керемет туристік орын  жасап шығарған.  Ал,  бізде  бәрі  дайын  ғой. Климатымыз туризмге  арналған секілді, мүмкіндіктің  бәрі  бар. Тек  соны  пайдаға асыруды  біле бермейміз. Дұрыс ұйымдастырылу жоқ,  қысқасы.   
Қазір нарықтық кезеңде кәсіп­керліктің қоғамдағы және эконо­мика­дағы рөлі ерекше. Сондықтан, дәл қазіргі уақытта қазақстандық кәсіп­керлер қандай болуы керек? Жалпы, «кәсіпкер ұлт» қалыптастыру мәселесі жиі қозғалады. Осы жөнінде сіздің пікіріңізді білсек…   
Қазақстандық кәсіпкерлерге табанды еңбектену және жүйелі жұмыс істеу керек  дер едім. Кәсіпкер ең  алдымен көшбасшы адам болуы керек. Жұмыс­керлерін  ұйымдастыра алатын, іскер, кәсібінің  көзін  таба алатын қабілет керек. Өзіңіз айтқандай,  қазіргі нарық заманында бәсекелестік өте күшті. Экономика  қарқынды даму үстінде. Сондықтан, кә­сіп­керлер біріншіден, кәсіпкер басқаларға жұмыс тауып беретіндіктен, оның кәсіп көзі  қаншама адам  үшін күнкөріс көзі болмақ. Соны ескергені жөн.  Мемлекеттің «бизнестің  әлеуметік  жауапкершілігі» деген  бағдарламасы осыдан келіп шығады. Екіншіден, кәсіпкер мемлекетке салық төлейді, бюджеттің көбеюіне ықпал етеді. Үшіншіден, кәсіпкерлер қоғамдағы  түрлі әлеуметтік мәселелерге қатысады.  Айналамдағы өзім секілді қаншама кәсіп­керлер меценаттықпен айналысады, әлеуметтік тұрғыда көмек көрсетеді.  Ме­нің­ше, кәсіпкер имиджі деген ұғым осылардың айналасында қалыптасуы керек. Дегенмен, меніңше, «қазақстандық кәсіпкерлердің»  өзіндік  имиджі  жыл санап қалыптасып келеді. Өзіндік ұстанымдары,  жұмыс істеу тәсілі бар, қоғамға пайдасын тигізе алатындай кәсіпкерлер көпшілік. Нарық заманы екені рас. «Сананы ақша  билеуде. Алайда, заман осындай екен деп, кәсіпкерлерге ардан аттап кетпей, адами  болмысын сақтап  қалуы керек  деп  есептеймін. 
Ал, «Кәсіпкер ұлт» деген өз қажетті­ліктерін толығымен қамтасыз ете  алатын  орта  таптың  баламасы дер едім.  Елбасымыз  да орта  тап  қалыптастыру  туралы  өз  Жолдаулары мен  бағдарламаларында  жиі сөз  қозғайды. «Кәсіпкер  ұлт» дегенде жұрттың бәрі кәсіпкерлікпен айналысуы керек дегенді білдірмейді. Бірақ өз мамандығы, кәсібі, жұмыс орны бар  топты  қалыптастыру. Байқап қарасақ, 90 жылдары халықтың көпшілігі мемлекетке тәуелді еді. Мемлекеттік қызметкерлер айлық жалақысымен көн көретін. Ал,  қазір  өз кәсібі, тіршілік көзі бар адамдар өте көп.  Әсіресе, Алматы, Астана секілді  ірі  қалаларда, ауылды  жерлерде көбіне ауыл  шаруа­шылықтары  бар.  Міне, кәсіпкер  ұлт  күн санап  қалыптасып келеді. 
Елімізде кәсіпкерлік күннен күн­ге даму үстінде. Мемлекет тарапы­нан мол мүмкіндіктер беріліп, кейбір кедергілер жойылып жатыр, т.б.  Осы  орайда,  сіздің кәсіпкерлігіңізде қандай жаңалықтар бар? 
Елбасының шағын және орта  бизнесті тексеруге мараторий  жариялауы бұл  көп кедергілерді алып тастады. Өйткені, шағын  және  орта  бизнес  үлкен бизнестің бастамасы, фундаменті. Өсуі, өркендеуі керек. Сондықтан, бизнестің жандануына осының өзі үлкен көмек деп  бағалар едім.   Шағын бизнес – қарапайым көпшіліктің ісі.  Мұны дамыту бір  жағынан  өкіметтің өзіне де үлкен көмек. Мемлекетке қол жаймай, өз қажеттіліктерін өтей  алатын,  өзгелерді жұмыспен  қамтамасыз ететін инфрақұрылым қалыптастырады.  Сондықтан,  биліктің бұл  бизнес  көздеріне жеңілдіктер жасауы  өте  дұрыс.  
Бақытжан Пармешұлы,  әңгіме  барысында өзіңіз жайлы, кәсіпкерлігіңіз туралы  көп  жайтқа  қанық болдық. Бүгінде табысты кәсіпкер,  сыйлы азамат, білікті  де  білімді  заңгерсіз.  Алайда,  бәріміз  пендеміз ғой.  «Әттеген-ай» дейтін  армандарыңыз  бар ма?   
Адам қай салада, шартараптың қай қиырында жүрсе де, өзінің ішкі «менін», ісіне деген адалдығын, адами қасиетін  сақтап қалуы керек. Осы  тұрғы­дан келгенде, менің еш өкінішім жоқ.  Құдайға  шүкір, бүгінде төрт балам бар,  тұрақты жұмысым бар. Өмірдегі  бастысы осы  деп есептеймін. 
Сұхбатыңызға рахмет!  Ісіңізге табыс тілейміз! 

Жания  Әбдібек

Алдыңғы «
Келесі »