Мағжанның молалық лирикасы

  • 15.08.2014
  • 687 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
журналист

Неге Мағжан? Неге өлім? Білмеймін. Түбіне дейін түсініп, Мағжанды түгесіп қойдым деп те айта алмаймын. Бірақ, өлім туралы жазған жырына елти беремін. Мағжан сөзінде мас қылатын құдірет бар. «Мағжандай ақыны бар қазақтың тілі қалай жоқ болады?» деді Әлихан Бөкейханов. «Дыбыспен сурет жасауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ» деді Жүсіпбек Аймауытов. «Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен… артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжан сөзі» деді Мұхаң (Әуезов). «Егер кезінде Мағжанды оқығандар көп болса, Қадырлар мен Тұманбайлар көп болар еді» деді Мұрат Әуезов.
Бәріні рас, бәрінікі – ақиқат.


«Мағжанның жазығы – жаңа ғасырдың көкжиегінен зор ақындық қуатпен жарқ етіп көрінуі еді. Мағжан тұрғанда, оның өлеңі ел құлағында жүргенде ақынмын деп, өлең жазамын деп айту әркімге оңай болмаған… Демек, «терезеден қараймын, қарындашты жалаймындардың» бағы жанбайтын еді. Олар, Мағжанның мүр­десін басып қана, оның өлі денесін итеріп тастап қана орнын иелену мүмкін еді». «Мағжанның түбіне жеткен Кеңес өкіметі емес, өз қандастары» дейтін зерттеуші З.Сыздықұлының сөзі. Сенгің келмесе де сенесің. Кісі баласы, әсіресе қиқу заманда, қылмысқа бейім келеді. Қалай десек те, ұлт ақыны Мағжанның тағдыры тәлкекті еді. Не көрмеді Мағжан. Тергелді, темір торға тоғытылды, қорлық пен зорлық, сатқындық, жала, айдау… Әйелі мен жас баласын өз қолымен жерлеген. Жоқшылық та көрген. Өрімдей жасында «байшыл көзқарастары үшін» айдалған. Горькийдің араласуымен қамыттан құтылғандай болған. Бірақ, көп ұзамай атылған. 1938 жылы. Бұл – ресми пікір. Ал, бейресми пікір бойынша, Мағжан атылмапты. Өмірінде өтірік айтқанын тірі пенде көрмеген Бауыржан Момышұлының мына бір естелігі бар: «1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болу керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да, үндемей отыра берді. Теріс қарап отырған күйінде: «Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді» деді. Сол кезде барып менің есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп «Шамаң келсе, мені елге жеткіз» деді. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп: «Мен оншақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз» дедім. Оншақты күннен кейін уақытым болмай, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғандығын айтты»…
Қос қазақтың ну орманда кездесуін қарашы. «Егер, Баукең қателеспесе, он бір жылда Мағжан қалай өзгерді екен? Науқас па еді? Нені ойлады? Не базынасы бар еді?..» дейміз біз. Баукеңнің естелігі баршаға мәлім болса да, зиялы қауым ол туралы жақ ашпай келген. «Мүмкін емес, мүмкін болса да, оны бықсытып не керек» деген. Жақында Құлсарыдан «Мағжанның 1938 жылы емес, 1951 жылы аштық пен аурудан өлгенін өз көзіммен көрдім» деген 92 жасар кейуана шықты. Көп кешікпей, ақынның туыстары Мағжанның зиратын танып алмаса да, Берелехке туған жердің топырағын жеткізген. Ал, Абдолла ақсақал Мағжанның жалғыз аманаты – өлеңдерін жоғалтып алғанына налиды… Сонда, қашанғы кеше ғана ағып түскен ақынның өмірі ақтаңдақ күйінде қалмақ? Әдебиет институтында осыны зерттейтін бір адам неге табылмайды? Ақын алдында борышты емес пе едік?.. Мөр басылған мұрағат түгілі, мөлдіреп жатқан Мағжан өлеңдері де жан-жақты зерттелді деп айта алмаймыз. Ол – ең алдымен рухты поэзияның өкілі. Оның азаматтық лирикасын, табиғат лирикасын не махаббат лирикасын жекелеп алып зерттеуге болады. Сентиментализм, символизм, романтизм, декаденс елестері… Ол қазақ поэзиясына көп жаңалық әкелді. Бірақ Мағжанның молалық лирикасы – қайталанбас құбылыс, әлі күнге жалғасын таппаған жаңалық деп білеміз.
О баста Еуропадағы «өлім биі» ақын­дардың жанына үрей себетін. Келе-келе өлімге ғашық болатын Вийон шықты. «Өлім зұлымдықтан құтқарады» деген Бодлер болды. Өлімді «қалыңдық» деген «күміс ғасырының» тарланбоздары келді. Мағжан солардың бәрін оқыған, кейбірімен тең тұрған, кейбірінен озған. Әуезовтің ол туралы: «Мағжан – культурасы зор ақын» дегенде меңзегені де сол еді. Мағжан молалық лирикаға қалай келді? Қуғын-сүргіннен көз ашпаған ол алдымен өмірдің баянсыз, рақымсыз екенін таныды.
«Әншейін өмір деген ермек үшін,
Күні ертең соғар жүрек өлмек үшін.
Ойланып қалай ғана уланбассың,
Берілсе адамға өмір өлмек үшін».
Содан кейін… Ең қызығы осы кезде басталды. Мағжанға дейін қазақ өлімнен Қорқыт болып қашуды ғана білді. Мағжаннан кейін оған асыл жарындай ынтыға бастады.
«Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі – тәтті күй.
Балқиды жаным бұл күйге,
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!»    
Эдгар По жазған, «Әдемі, жас әйелдің өлімінен сұлу не болуы мүмкін?» деп. Жоғарыдағы өлеңдегі: жас қайың, майдандағы ұлан, он бестегі қыз, талпынған жас нәресте… Осы бір «мезгілсіз өлімнің» бәрін Мағжан сұлу поэзияға айналдырды. Жары мен баласын еске алсақ, өз қасіретінен өлең сығатын ақын «зертханасына» таңданбасқа шараң жоқ.
Ал, енді, мына жолдарға үңілейікші:
«Басы сайран бұл жалғанның, соңы –                     ойран.
Адам өмірі – тағдыр ойыны. Біл де                            ойлан!»
«Құшам, ішем, жынданамын,     
                  жылаймын,
Бүгінгі күн өмір, өлім – менікі!»…
Оқимыз: әр адамның өлімі – өз меншігі. Өмір – су құятын құмыра секілді. Өлім ғана жеке индивидке тән. Бақыт кешігуі мүмкін, үміт өшуі мүмкін, шаттық пен қуаныш келмей қалса да өз еркі, бірақ, өлім Құдайдың еншісі. Бірде-бір жаратылыс өз жаназасына кешікпейді. Философ Герберт Маркузе айтады: «Өлім – өркениетті жазалаудың шарасы. Тек өлім ғана бостандық символына айнала алады. Және өлім ғана ақтық бостандықтың кепілі болады». Дәл солай, Мағжанның өлімге құмартуы да – баянсыз дүниеден жеріну. Жаңа, тылсым, сұлу, саф және сөзсіз – мәңгілік кеңістікке ұмтылу. Расында, дүниеден баз кешкен адамның жанында үміт қана қалады. Ал, үміт, түптің-түбінде, өлім бейнесінде келеді.
Жаратушы өлім жіберсе, сені өз жанына қалағаны. Жаратушы өлім жіберсе, сені бұ дүниенің азабынан құтқарғаны. Қалай болғанда да, өлімге ұмтылу – Құдайға ұмтылу. Ақиқатқа ұмсыну.
Батыс поэзиясындағы декаданттық гедонизм ләззатты өлімнен іздеді. Мағжан да ажал туралы адам баласының «Өлгені емес, жерді тастап кеткені, Шын бақытқа ерте бастан жеткені» деді. Бірақ, Мағжан айтып тұрған бақыт – қатардағы кісілік қуаныш емес. Абсолютті құбылыс. Жалпы ақынның абсолютизмін, ақындық болмысын, мына, өлең түсіндіретін сияқты:
     Ерді еңбек, от жүректі жерлейді, 
   Жанға аспанға өрлеуге ерік бермейді.
   Келер ме күн еңбек малғұн өлетін,                                                     
  Ит қарынды қорылдатып көметін,
  Қиялдың ақ қанатына қонып ап,
 Мәңгі байрам дүниесіне кіретін?
Тосын ба? Тосын. Керенау қазақ кергіп жатып «мәңгі байрамды» аңсайды, еңбекке лағнет айтады. Бірақ, үңіліңкіресең, біз осы титтей өлеңнен ғаламдық пәлсапаны оқимыз.
Келсе сол күн, мен Күн болып 
            күлер ем,                                                   
Келсе сол күн, жүйрік желдей 
            жүрер ем…
Келсе сол күн, о, дариға, жұртыма,
Судай сұлу жырлар жырлап берер ем.
Ол еуропалық утопистер секілді «мамыражай күн келеді» деп келешектен күт­пейді. Асан Қайғы секілді жерұйықты да Жер бетінен іздемейді. Мағжан философиясында абсолютті Жерұйық – жұмақ. Мағжан анау-мынау емес, адам баласының жұмақтан қуылғаны үшін налып тұр! Өйткені, оның жаны жұмақ үшін жаралған. Оның жаны сұлулықты көру, сұлулықты құшу, сұлулықты жырлау үшін жаралған. Оның жаны жаншылғаның не, сәл ғана мінсіз жаратылысты көруге қақысыз еді…
Енді, мына жолдарды оқыңызшы:
Жер жүзін топан басса екен!                                                                    
Асқар таудан асса екен!
Таудай толқын құтырып,
Улы көбік шашса екен!
Не деген жаман ниет… Әрі қарай оқи­мыз.
Жанды, жансыз жоқ болып,
Қалсам жалғыз бір өзім!
Жан иесі тұншықса!
Үн иесі үн шықса!
Қараңғы жердің көгіне,                                                                             
Күн болып сонда мен шықсам!
Қандай ойын салар ем!
Жалынмен бәрін жалар ем!
Екі-шексіз дүниеде                                                                                 
Жалғыз өзім қалар ем!
Заулаған от – жалғыз жан,
Жер мінезді жоқ адам.
Заулап тұрған отымнан,
Жаратар ем жаңа адам.
Міне, түйін. Ол өз жанынан, «Күннен туған ғұннан» мінсіз әлем жасағысы келеді. Мағжан – әрине, ұлтшыл ақын. Түрікшіл ақын. Және ғаламдық биіктен жаратылыс жұмбағына үңілген пәлсапашыл ақын. Былай қарасаң, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ еуропалықтар ғана жаратылыстың метафизикалық негіздері туралы өршіл өлең жаза алмақ. Халқың біреудің қанжығасына байланып жатса – қайдағы ғаламдық жаратылыс? Оқ пен оттың арасында жүріп, әлемнің тегі туралы кім ойлай алады? Мағжан ғана! Өлімді жырлады, өмірден түңілді екен деп, Мағжан депрессивті ақын деген ой тумау керек. Ер түрік, қасиетті Тұран, айбынды алаш… ол осы ұғымдар үшін күйіп кеткен-ді. А.Блоктың жазғаны бар: «Біз басқалар 100 жылда көретінді бастан өткердік». Мағжан да солай. Ол жүз ақын арқалаған жүкті бір өзі көтеріп жүрді. Көз аштырмаған қуғын-сүргінді алыңыз. Жалғыздық пен бақталастықты айтыңыз. Ұлтының ұйыспағын ойлаңыз. Мағжанға сол зауалдың бәрін үйіп-төгіп бере салыпты. Қалай ғана сонша қасіретті көтеріп жүрген жан:
«Мен келемін, мен келемін, мен келем,
 Күннен туған, ғұннан туған пай­ғамбар!» – деп жар сала алды?! Бұл – Мағ­жанның шексіз оптимизмі. Иә, Мағжан тулап, тасыған «ақынның ақыны». Ол дәл солай кемерінен асып, қазақтың намысын түрткіледі, өзіне деген сенімін оятты. Өзінің КІМ екенін есіне түсіріп, ұлтының ұраны бола білді. 
Атадан жалғыз емес еді, ағайындары болды. Алашта жалғыз емес еді, қанат­тастары болды. Онда мінез де болды. Біреулер адам менсінбейтін паң еді дейді. Біреулер жібектей сызылған жан еді дейді. Онда парасат та болды. Зұлмат заман­да ұлтын сатпау үшін парасаттың падишасы болу керек еді. Ол дос та болды, жар да болды, сүйді де, сүйгізді. Онда сымбат та болды. Біреудің келіншегіне (Гүлсім) ғашық болған, оны өзіне ынтық қылған да Мағжан. Сәкенмен сұлулардың жүрегі үшін шекісіп, ақыры өзі барып кешірім сұрап, табысқан да Мағжан. Оның өлеңдері өртелді. Жинақтары жыртылды. Өзін отырғызып қойып, өрімдей жастар жиналысқа салды. Нәлеттеді, қарғап-сіледі. Бақталастар елге сыйғызбағанда Әлихан ағасын паналаған да Мағжан. Енді, біліп жатырмыз, әбден құса болғанында кездейсоқ кездескен Бауыржанға «Алып кет» деген де Мағжан. Ақынның біз білмейтін өмір парақтары қаншама? Нешеме жыл бойы жазылған өлеңдерінің оқырманға жетпей қалғанын қайтерсіз? Алаштың ғұмырға жетерлік өкініші – осы деп біліңіз.
Қиялдаймыз. Мағжан сары сахарада емес, Мәскеуде немесе тұманды Альбионда туылса, тағдыры қалай болар еді? Әрине, ол нәлеті көп сол дүбірлі дәуірде қазаққа керек еді. Сонда да… Мағжан тым ерте, тым қатыгез қоғамда туылғандай болады да тұрады. Мағжан заманға лайық болды, заман Мағжанға лайық бола алмады. «Адамның өмірі Бодлердің бір жолына да татымайды» деген Рюноскэ. Мағжанды білмегендіктен айтқан. Бізге Жұмабаевты әлем кеңістігіне шығару керек. Мағжанның оған қақысы бар.

 

Алдыңғы «
Келесі »