Тұрсынбай датқа туралы

  • 15.08.2014
  • 950 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Датқа (дадха, – дау, парсы сөзі – тілек, әділ­дік). ХІХ ғ.хан сарайындағы жо­ғарғы лауазым, атақ. Сол хандықтағы  төртінші дәрежелі адам, билерден жоғары, сұлтандармен шендес, тек хан әміріне бағынышты болды. Бұл лауазым Орта Азия халықтарының ықпалды ру басыларына және әдет-ғұрып салттарын жақсы білетін шешен, батыл адамдарға беріледі. Д. жұрттың ханға берген өтініш, арыздарын қабылдап, ханның жауабын жарлығын жұртқа хабарлап отырады. Д. Бұхар хандығы тұсында әскер басы мағынасында да айтылады». 
(Қазақ Совет энциклопедиясы 492 бет. ІІІ-том). 


 Ақтабан шұбырынды заманында Арқадан ауған қыпшақ ағайындар Сырдың бойына өз ру, ауылдарымен келіп қоныстана бастаған. Сол кезеңде, осы Тартоғай маңына қоныстанған «Тұяқты» қыпшақтардың малдарына Тартоғай тоғайы тарлық етіп, дарияның арғы бетіне өтіп, қазіргі Ботабай елді мекенінің тоғайына барып қыстаған. Тоғайы тарлық еткесін «Тартоғай» деген ат содан қалған деген әңгіме бар. Ал «Ботабай» елді мекенінің ежелгі аты «Боқты өлең». Бұлай деп аталуы жеріне ну өлең шөбі өсіп, жайылған малдардың боғынан өлең шөбі көрінбей қалады екен. «Боқты өлең» аталуы осыдан. Совет үкіметі кезінде «Қоғалы», кейіннен 3-ферма өз алдына елді мекен болып бөлінгенде (1995 ж) «Ботабай» деген атқа ие болды. 
«Боқты өлеңнің» жерінің құнарлығы, мал­ға жайлылығының арқасында «Тұяқты» ағайын­дардың малдары көбейіп, Қызылдың құмына симай, жаз айларында Сары-су бойын да жайлайтын болған. Әсіресе Тұяқты қыпшақтың Досан аталығынан тарайтын Есберген, Қосбергеннің  Арзығұл, Келдіғұл атты балалары мыңдап түйе, жылқы айдаған ірі байлар болады. Басқа ағайындардың да өздеріне жетерлік малдары жыртылып-айрылған. Мал жүрген жерде ұрлық, барымта, жер дауы болып жататыны бесенеден белгілі. Әрі, ол заманда бұл жерлер Қоқан ханының иелігінде болып ханға алым-салық төлеп отырған. Осындай кезеңде салмақ көбінесе байларға түсіп 2-3 еселеп артық төлем төлеп, дауларда да еселері кетіп жататын болған. Осыған ренжіген Келдіғұл, Арзығұл байлар сол кездегі елге билік айтатын Өркен би, т.б. ақылдасып сөз байласады. «Осы бізден тараған ұрпақтардан ел билейтін, елге қорған бола білетін бір бала туған шығар, іздестіріп қолына билік алып берейік» – деп  келіседі.
Күндердің күні Келдіғұл бай өзінің малшыларын, малдарын аралап келе  жатып, жылқышылар қасында ұйықтап жатқан жас жігіттің үстінен түседі. Көркіне көз тоятын жас жігіт екі қолын екі жаққа жіберіп, аяқтарын талтайтып шалқасынан жатыр екен. «Е, мына бала тегін жатқан жоқ, аяғым жеткен жерді аламын, қолым жеткен жерді билеймін, түбі осы жерді мен билеймін деп жатыр ғой» – деп сынап кетеді. Әрі, осы жігіт туралы ағайындарымен ақылдасады. Сөйтіп, бір келісімге келеді. Әкесі ерте өліп Келдіғұл байдың жылқысын бағып жүрген Тұрсынбай деген немере інісі болып шығады. Сол кезеңде Сыр бойының халқынан ханға тиісті алым-салықты ханның Қаранұрман деген батыры нөкерлерімен, әскерімен келіп жинап кетеді екен. Келдіғұл, Арзығұл байлар ағайындарымен ақылдасып осы жылдың алым-салығын халықтан түгел жинап, толмаған жерлерін өз малдарынан толықтырып Тұрсынбайдың алдына салып беріп, Тұрсынбайды Қаранұрманға тапсырып, ханмен таныстырып датқалық лауазым алып беруге ықпал жасауына өтініш айтатын болып келіседі. 
Елден алым-салықтың малдары түгел жиналып болған соң Келдіғұл мен Арзығұл бай барлық жиналған малдарды түлік-түлігімен өздерінің көз алдарынан өткізіп, нашарларын бөліп алып қалып, орнына өз малдарынан мал қосып, қосымша Қаранұрманның өзіне бөлек, ханға сыйлық деп бөлек мал салып, Тұрсынбайды ханға таныстырып лауазым алып беруді тапсырады. Жер-жерден келген алым-салықтың малдарын көз алдынан өткізетін тәртіп болған. Ханның көзіне басқа жақтың малынан Тұрсынбай алып келген малдар ерекше көзге түсіп, әрі Қаранұрманның айтуымен ханның қабылдауына ілінеді. Сол қабылдауда жаста болса оның өжет, батырлығы, әрі ел ішінің жағдайын сұрағанда Сыр бойына орналасқан халықтардың тұрмыс жағдайлары мен олардың рулық қатынастарын бес саусағындай білетіндігімен ханды таңдандырады. Ырза болған хан сол қабылдауда-ақ датқалық лауазым берген екен. Дегенмен, ел басқару оңай емес, әрі жас кезі. Әрі, датқалыққа бағынатын жер көлемінің ұзақтығы, оған орналасқан әр рудан құралған ел, бірімен бірінің арасындағы дау-жанжал, әсіресе, қазақтың қанына сіңген жер таласы мен жесір дауы, барымта мен ұрлық т.б. жанжалдың жиі орын алып бір билікке бағынғылары келмей, бір бірлерінің сөздеріне тоқтамай ел ішінде тәртіп кете бастайды. Ханның қабылдауына арнайы сұранып, ел ішіндегі осындай орын алып бара жатырған келеңсіз әрекеттерді тоқтату үшін қатаң тәртіп орнатпаса болмайтындығын ханға түсіндіріп, басқаратын елді мекенге дар құруға рұхсат сұраған екен. Алыста жатқан ханның тәртібі, алыстағы сыр бойына құрған бір дармен тарап жатырса, әрі, оны Тұрсынбай сияқты жас, әрі батыр, әрі өжет ақылды жігіт сұрап тұрса неге бермеске? Дар құрып, оған тәртіп бұзған адамды асуға да рұхсат берген екен. Құрған жерлері «Тұрсынбай қорғаны» деп аталады. Бірі қазіргі «Ботабай» ауылының дария жақ бетіндегі «Алтынбек» аралының оңтүстігінде дария жағасында, аттылы адам өте алмайтын қабат-қабат 3 қатар қазылған терең орлардың ортасында 7-8 сотықтай жерді алып жатырған, шеңгел-жиде басып кеткен шағын алаңның орны қалған. Сол алаңның ортасына құрылған. Дәл осындай орын қазіргі Аманкелді ауылына қарасты дария бойындағы Мырыш түбегіндегі «Құм-суат» деген жерге құрылған. Екі жерге құру себебі, басқарған елді мекендердің ара қашықтығының ұзақтығы Таршадан бастап, қазіргі «Қоғалы» ауылына дейін 160 шақырым жерге созылып жатырған. Дар құрылғанмен ешқандай адам асылмаған. 
Зерттеуші, ғалым Тынышбек Дайрабайдың әр түрлі баспасөзде Тұрсынбай датқа туралы архив деректері бойынша жазған материалдары соңғы кездері жиі жазылып жүрді. Әрі, сол кісінің ұсынысымен 2014 жылдың мамыр айында Ахмет-Яссауи кесенесіне жерленген атақты адамдар тізімінің қатарына Тұрсынбай датқаның да 139-шы номермен тізімі ілінді. Датқа туралы кітап шығаруға ұйғарым болды. Сол айда датқаның жерленген жерінде құран оқытылып шағын ас берілді. Кітап шығару үшін датқа туралы ел аузындағы әңгімелерді топтастырып жинау жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылғасын, ел аузындағы осы кезге дейін ұмытылмай айтылып келе жатырған әңгімелерді қағаз бетіне түсіре бас­тадым. Мен жазушы емеспін. Дегенмен датқа ұрпақтарының ішінен салмақ маған түскен сияқты. Әрі датқа туралы басқалардан көбірек білетіндігім, датқаның ел басқарған жерлерін, қызмет бабында жүріп түгел аралап шығуым-ау деп ойлаймын. «Мен кезбеймін, несібем кезеді» дейді екен. Қалаға жақын Тасбөгет қыстағында туып өскен, мен, ауыл  тұрмысын, 1974 жылы Аманкелді совхозына бас инженер болып қызметке келгеннен бастап біле бастадым десем артық емес еді. Ауылға қызметпен келуін келгенмен қайтадан  қалаға қайтқым келіп жүрді. «Адамның басы алланың добы» деген сөз бар. Ып-рас сөз. Бір күш желкемнен ұстап кес-кестеп жібермеген сияқты. Бүгін осы жолдарды жаза отырып ойлаймын, ол күш-Алла тағаланың бұйрығы, яғни, датқаның жүріп өткен жолдарын ұрпағының бірі көріп өтсін деген-ау. Қызмет бабымен (1974-2014 ж) 40 жылға жуық аралығында көптеген сол кездердегі көзі тірі ақсақалдардан датқа туралы көп әңгімелер естуіме тура келді. Қандай да бір ас құдайы, той  т.б. жиындар болмасын датқа туралы әңгімесіз тарамайтын. 
Аманкелді совхозында марқұм Дүйсенұлы Алтынбек, Тілеубекұлы Шапи, Ескейұлы Маханбетжан, Ермаш аға, көздері тірі Ақылбайұлы Өмірзақ, Әденұлы Зиятбек, Жұмабекұлы Әнуар ағалар, қожалардан марқұм Латіш, Уалихан, Ақназар, алтыбас Сейтен деген кісілер. Айдарлы ауылынан марқұм Жалел, Сейдалы, көзей Абдраман, көзі тірі Айтбаев Қалдыбек, Рүстембекұлы Асан, Жомарт, Жеңіс ағалар. Ботабай ауылынан марқұм Нұрмағанбет (Нұрмақ), Бекіш, Қалман, Бектұрған ағалар арғын Міңке ақсақал, көзі тірі інілерім Жолдас, Әнуар, Мирзояндар. Тартоғайдан марқұм Әлмағанбет, Бектұрсын, Әбдікарім (молда) ағалар отырған жерлерінде датқа туралы бірінен-бірі өткізіп, көне көз қариялардан естігендерін қолмен қойғандай, өздері арасында болғандай болып айтып отыратын. Екі жүз жыл өтіп кетседе төменде айтылатын әңгімелер кеше-бүгін болғандай айтылар еді. 
Тұрсынбай датқа мен Құлболды иманның достығы. Сайыпназар ахун мешітінің салынуы. Тұрсынбай датқаның хан қолынан қаза болуы
Қожжан  қожа ұрпақтарының шежіре кітабында Құлболды иманның Мир-Араб медресесін бітіргеннен Сырдария ауданының төңірегінде өмір сүріп, ислам дінін уағыздап, емшілікпен айналысқаны, иманның алдына барып бала сұрағандар балалы болып, дертке шалдыққандар құлан таза жазылып кететіні, қуаңшылық жылдары түрлі дуа оқу арқылы бұлт шақырып жауын жауғызатыны туралы деректер айтылған. Иман өмір сүрген ауылдардан ханға түсім түспей қалатын болған. Хан сол төңіректі басқаратын Тұрсынбайға тапсырма береді. Датқа әскерімен сол ауылды шаппақшы болып, ауыл маңына келіп қонады. Бірақ, түнімен әскерінің, өзінің де мазасы кетіп, ұйқы көрмейді. Әскерін түнімен бақа-шаян, жыландар шағып әбігерге түседі. Бұл мазасыздықтың иманның әрекетінен болғандығын түсінген датқа райынан қайтып, тарту таралғысымен, аз нөкерімен барып, кешірім сұрап, ақыреттік дос болыпты. 
Әрі, сол кезеңде датқаның билік жүргізетін елінің, кіші жүз жаппастарымен «Иіркөл» шекарасында жер дауы болады. Екі жақ келісімге келе алмағасын жер дауын шешіп берудің билігін сол кезде діни оқуды аяқтап келген, сол жердің тумасы қожа Сайыпназар ахунға тапсырады. «Екі жақ бітімге келуі үшін, осы шекараға екі ел балаларын оқыту үшін екі мешіт медресе салып бітімге келсін» – деген шешім айтады. Осы бітімге тұрған екі жақ орта жүз, кіші жүз болып екі мешіт тұрғызған. Олар «Жайлау» мешіті,  «Қыстау» мешіті деп аталған. Мешіттің құрылысы жайлы сол қожалардың шежіре кітабының 37-38 беттерінде толық айтылған. Тұрсынбай датқа мырыш түбегіндегі «Құм суат» қорғанында болған кезінде жұма намазын осы мешіттерге келіп өтейтін еді деген әңгіме бар. Қорған мен мешіт арасы 7-8 шақырым. Мешіт салынып жатырған кезде қаржы жетіспегендіктен ханға төленетін екі жылдық салықтың қаржысын осы мешіт құрылысына жұмсатып жіберген. Әрі датқаның орыс отаршыларымен байланысқа түсіп, орыс патшасының қабылдауында болып шен алғандығы, салықтың уақытымен келмегендігі, Қоқан ханының ызасын келтірмей тұрмайды. «Ақмешіт», «Жөлек» қорғандарын орыстар басып алып тәртіптерін орната бастағанмен, дарияның басқа беті әлі Қоқан хандығының иелігінде қалып, орыстарға толық өте қой­маған өлара кезең. Хан әскерін Тұрсынбай датқа билеп тұрған ауылдарды шауып келуге жұмсаған. Датқа хан әскеріне қолсыз, өзі қарсы шығып, халықтың еш кінасының жоқтығын айтып, ханға өзінің есеп беріп, жауаптасатынын айтып, әскерді тоқтатады. Қасына ешқандай нөкер ертпепті, босқа өліп кетеді деп. Өзінің өлетінін білді ме «Елім үшін халқымның қара тоқтысы болып бауыздалып кетсем арманым жоқ» – деп кетіпті. Осы сөз айла-қатесіз ел арасында осы  кезге дейін айтылып келеді. Кетерінде: «Құтқарса мені бір-ақ адам құтқара алады, ол Құлболды имам, басқаларың құтқарамын  деп әуре болмаңдар» – деп имамға астыртын сәлем жібереді. «Кезінде ел қорғаны болған азаматымызды іздемесек елге сын» – деп артынан іздеп барып Құлболды имамның құтқарып алғандығы туралы ел ішінде әр түрлі айтылады. Соның бірі: Ханның қабылдауында болған Құлболды имам Тұрсынбай датқаның уақытылы салық төлемеуінде ешқандай кінасының жоқтығын, елге жасаған жақсылықтарын айтып босатылуын талап етеді. Босатпаған жағдайда ханның өз басына зиян тигізетінін айтып қорқытады. Зиян тигізетіні дейтіні Құлболды мен датқаны кездестіргеннен кейін, датқаны қамаған зынданның есігі үнемі жабылмай ашық қалатыны болыпты. Күзетшілер қанша құлып салып жапқанмен ертеңгілік келсе құлыпта, есікте ашық, датқаның ертеңгі намазын далада, ашық ауада оқып отырғанын көреді. Бұл хабар ханға да жетеді. Басынан қорыққан хан датқаны тікелей өлтіруден қорқып, таралғысына у жақтырып жолда өлтіретін етіп қайтарған екен. Таралған удың зардабынан Түркістанға жетпей жол үстінде қайтыс болады. Атақты адамдарды жерлейтін Ахмет-Яссауи кесенесінің жанына Құлболды имам өз қолымен жерлеп қайтыпты деген әңгіме қалған. Қалай болғанда хан қолынан қаза тауып, Ахмет-Яссауи кесенесіне жерленгені рас, болған уақиға.                                             
Тұрсынбай датқадан Арқадан көшіп келген 60-үйлі Арғын ағайындардың жер сұрап алуы немесе Жанай әжеміз туралы (Арғын Міңке ақсақалдың әңгімесі желісімен)
Тұрсынбай датқаның датқалық билігімен атағының Қыр мен сырға бірдей жария болған уақыттарында арқадан 60 үйге тарта көшпенділер рұхсатсыз келіп қоңсы қонады. Бұл қонған ауылдың ерекшелігі әр тігілген киіз үйдің белдеуінде бір байлаулы ат, бір шаншулы найза тұрады екен. Датқа өзінің нөкерлерінің бірін жұмсап: «Біліңдер, бұл не мақсатпен көшіп-қонып жүрген ел, белдеудегі аты, шаншулы найзасы неменесі?» –дейді. Қоңсы қонған ауылдың ақсақалына келіп датқаның сәлемін айтып сұрастырса: «Біздер Арқадан жаугершілік пен барымтадан әбден шаршап шалдыққан, тозуға айналған 60 үйлі орта жүздің арғын ағайындарынан құралған шағын ауылмыз. Белдеудегі атымыз бен найзамыз өзімізді өзіміз қорғау үшін жасаған әрекетіміз. Бөгде біреулер себепсізден-себепсіз тиіскен жағдайда, әр үйден атқа шауып найза ұстайтын 60 жігіт шағын ауылын, мал-жанын қорғайды. Ал, біздердің бұл келісіміміз Тұрсынбай датқаның даңқын естіп, иелігіндегі жерден осы 60 үйлі арғын ағайындарға жер бөліп берсін деген өтінішпен келгенбіз. Жерінің ақысына қоса, датқаның өзіне әйелдікке беретін 17 жасар тұрмыс құрмаған қызымыз бар» – деп өтініштерін датқаға жеткізуді сұрайды. 
Датқаның ол кезде 4 әйелі, олардан туған 8-ұлы, 10-нан астам қыздары бар екен. Әрі жасы да 50-ден асып 60-қа жақындаған кезі болса керек. Датқа: «Құдай қосқан 4 әйелім, олардан туған ұл-қыздарым бар, 17 жасар қызға обал болар. «Елге-ел қосылса құт» деген онсызда жер бөліп орналастырыңдар деп тапсырма берген екен. Сол тапсырмамен, кейіннен «Байсал бауы» аталған, дария бойынан жер беріп, арғын ағайындарды орналастырады. Дегенмен, «жер дауы», «жесір дауы» үнемі жиі болып тұратын даулар, жер мәселесінің түпкілікті шешім табуы қыз беріп, қыз алып  «мың жылдық» құда болғанда барып, оңай шешімі табылып, әрі оның келешек ұрпаққа жалғасын тауып жатуына бірден-бір негіз болған. 
17 жасар Жанай атты арғынның қызы – тек әке мен шешенің шешімімен (Тұрсынбай датқаға әйелдікке берілу мәселесі) болған шешім емес, бүкіл ауыл ақсақалдарының ұйғарымымен болған шешім екенін, әрі алған жер осы ауылдың ұрпақтарына мұра болып қалатын жер болатындығын жақсы түсінген, зерделі қыз болса керек. Әрі жер мәселесінің түпкілікті шешім табуы-ол датқаның нақ өзіне әйел болып барғанда ғана, дау-дамайсыз шешілетінін барынша сезініп, елі үшін қалай болмағанда, датқаның өзіне әйелдікке баруға, өзіне-өзі сертте бергенде болуы керек. Сөйтіп, ауылының жер алудағы өтінішін іске асыру, оны нығыздау мақсатында өзіне-өзі серт берген қыз-датқаның көзіне түсуді мақсат етіп қояды. 
Қақаған  қыс айларының бірінде датқа нөкерлерімен дария бойын жағалап, өзіне қарасты елді мекен ауылдарының жағдайларын білуге, атпен аралауға шығады. Жаңадан қоныстанған Арғын ауылдарына келгенде, олардың жақсылап қоныстанып, қысқа да жақсы дайындалғанын көреді. Қыс айларында әр ауылдың өздерінің мал суаратын суаты болатындығы белгілі. Сол суатты көріге ат басын бұрып, дария жағасына жақындағанда, көз ұшында жалтыр мұздың үстінде тыр жалаңаш әйел баласының суаттағы суға түсіп бірдеңе алып шығып жатырғандығын байқап, атының басын тартқан датқа: «Бұл не қылған әйел баласы, қақаған қыста мұзға түсіп жүрген, барып біліп кел» – деп нөкерінің бірін жұмсайды. Нөкер жеткенше әйел баласы киініп те үлгереді. Қайтып келген нөкер «Тұрсеке, арғын ағайындардың сізге тапсырған 17 жасар Жанай атты қызы екен, үкіге балтасы түсіп кетіп, соны алып шығып жатырған үстінен түсіппіз» – дейді.
Елді аралап қайтып келгесін датқаның өзінен кейінгі ел басқарып отырған билері жиналып, арғындардың атаған Жанай атты қызын датқаның әйелдікке алуына ұсыныстарын айтып датқаны көндіреді. Датқа көп айтқасын келісімін беріп, Жанай қызды алып келуге құдалар жұмсаса, қыз отырып алып қиғылық салыпты: «Мен датқаның 4 әйелінің үстіне тоқал болып бармаймын, бәйбіше болып барамын, көнсе алсын, көнбесе еркімді берсін-деп.
Екі рулы ел болып, келісімге келіп ше­шіліп қойылған мәселе-айнуға болмайды. Елдің ерке, ақылды қызы Жанайдың еркелігін көтеріп, датқа келісімін беріп: «Төрт әйелдің үстіне бәйбіше болып түскен Жанай» аталған екен. Жанай әжемізден Жүсіпназар, Пірназар туады. Тұрсынбай датқа хан қолынан қаза болғаннан кейін, жастай екі ұлымен жесір қалған Жанай әжеміз, әмеңгерлік жол­мен қайнысы, датқаның немере інісі Тұрман атамызға тиіп, одан туады. Датқаның ұрпақтары арасындағы уақиғалар, олар бөлек әңгіме болып жалғасады.

Келдіғұл бай және Жаназар батыр туралы
Келдіғұл бай шежіре бойынша Бекболат Досанның Қосберген атасынан тарайтынын, оның Тұрсынбай датқаның датқалық лауазым алуына бірден бір нақты үлес қосқан ағаларының бірі екендігін айтқан болатынбыз. Бірде Сары-судан Сыр бойына құлап келе жатырған, Келдіғұл байдың есепсіз жылқыларының, 100-ден астам басын жолда барымташылар айдап кетеді. Бұл жағдай Тұрсынбай датқаның қайтыс болып, ел ішінде қайтадан тәртіпсіздіктің орын ала бастаған кезеңінде болса керек. Дегенмен, сол кездегі датқаларға ортақ батыр – Жаназардың тірі кезі. Келдіғұл бай өзінің інісі, әрі батыры Өтегенді бірнеше жігіттерімен Жаназар батырға жұмсап өтініш жасайды. Байдың өтінішін құп алған, Жаназар батыр қасына Өтегенмен қоса көмекшілікке бір-ақ жігіт алып, үшеу болып жоғалған жылқылардың ізіне түседі. Ізбен қуа отырып жолдағы найман ауылдарынан сұрастырса, жылқылардың көрші әулие атаның (Жамбыл облысы) ұлы жүздеріне өтіп кеткендігі белгілі болады. Таппай қайтпауға тапсырма алған батырлар Ұлы жүздің ішіне кіріп, астыртын сұрастырса жылқылардың осында келгендігін анықтайды. 
Аузында сөз тұрмайтын біреу болса керек, Сыр бойынан барымталанған жылқылардың көрші ауылдарға таратылып берілгендігін айтып қояды. Айтқан адамды шап беріп Жаназар ұстап алып, аяқ қолын байлатады. Аяқ-қолы байланған кісі зарлайды «Менің не жазығым бар еді. Онанда көрші, пәленше деген ауылда түрлі даулы мәселелерді шешуге билер жиналып жатыр, мені босатып солардан сұрастырыңдар» – дейді. Аяқ-қолы байлаулы адамды қосақтағы атқа отырғызып, сол билердің билік құрып жатырған жеріне келеді. Айтқандай билердің билік құрып, халықты жинап, даулы мәселелерді шешіп жатқан үстінен түседі. Жаназар батыр қолы байлаулы кісіні алдына салып қынабынан қылышты суырып: «Біздер Сыр бойынан Келдіғұл байдың барымталанып кеткен 100 жылқысын қайтарайық деп келген қуғыншылармыз. Мына кісілеріңнен хабарын естіп осында келіп тұрмыз. Үш күн мерзім береміз. 100 жылқыны тай тулағымен тауып бермесеңдер, ердің құны 100 жылқы деген, осы кісілеріңді көз алдарыңызда басын шауып, қайтып жүре береміз» – дейді. Түрі суық, жанындағы екі жігіті де өзіндей бес қаруы сай, ығай мен сығай, әр қайсысы осы тұрғанда 10 жігітті соғып жер қаптыратын батырлар екендігі көрініп тұрса керек. Жиналған билер «Батыр сауға, батыр сауға, текке біреу­дің қанын мойнымызға жүктемесін дауларыңызды шешіп береміз» – деп ара түсіп қуғыншыларды бөлек үйге түсіріп, мал сойып күтімге алады. Айтқандай, үш күнде даулы жылқыларын таптырып, адамдарын құтқарып алады. Бірақта, ат-тон айыбы бар, ұрланған жылқылардың өсімі бар, оларды келесі жылы қайтарып беретін болып келіседі. Сонымен, алдарына жүз жылқыны салып қайтып келе жатып, Жаназар батыр өзінің еңбегіне тиісті малын алып қалып қойғысы келеді.  
Келдіғұл байдың мінезін білетін Өтеген батыр – «Ойбай, Жаке, байдың өз қолынан алмасаң, барған соң маған күн бермейді. Оданда елге қайтпай-ақ менің де осында қалғаным дұрыс» – деп келісім бермейді. Жылқыларын аман-есен алып келген соң, Жаназар батыр болған жайларды айтып еңбек ақысын сұраса, бай келесі жылы өсімін алып келген соң, бірақ, есептесеміз деп ештеңе де бермепті. Жаназар батыр ашуланып, өкпелеп сол кеткеннен мол кетіп, келесі жылы бармай қалыпты. Келесі жылы бұрынғы жігіттерді бас­тап Өтеген батыр жылқылардың өсімін алып қайтуға барса, бұрынғы билік айтқан билер елдеріне тарап кеткен. Өсімді жинап беруге тиісті ауыл, ауызбіршілік жасап жинап бере алмапты. Ол кез орыстың оязына бағынатын кез. Елдің болысынан қайран болмағасын, жол білетін Өтеген батыр орыстың оязына шағым жасап, қарулы аттылы казактар алып келіп, зорлықпен малдарын жинап алыпты. Казактар Сары-судың даласымен Сыр бойына құлатып, есептесіп елдеріне қайтып кетеді. Елге жақындағасын Өтегеннің жігіттері: «Өтеке біздер былтыр да, биылда байдың жоғын жоқтап біраз еңбек сіңірдік. Бай не біліп жатыр дейсің, еңбегімізге тиісті малымызды байдың алдына бармай-ақ осы жерден бөліп алайық» – деп қолқа салады. «Ойбай, байдың білмейтіні жердің астында, ол осы әңгіменің өзін қазір естіп біліп отыр, біз оның келісімінсіз мұндай әрекетке барсақ, ертең бәрімізге де күн бермейді, өзінің алдынан сұрап аламыз, не көрініпті еңбегімізді бағалар» – деп тағы да келісім бермепті. Жылқыларды алып келе жатыр деген хабар ертерек бара берсін деп бір жігітінен байдан сүйінші сұратып жібереді. 
Малын өсімімен алып келдік, енді біздерді қор қылатын болды деп арып-ашып,  сонда да болса қуанып келе жатырған жігіттерге, бай көзін көлегейлеп, келген жылқыларды санап тұрып: «Әй, әкелеріңнің ауызын пәлен қылайындар, мына жылқыларыңның ішінде менің қара айғырым жоқ, барлық әкелген жылқыларың менің бір қара айғырыма татымайды, аттарыңнан түсіп, аттарыңды да жылқыларға қосып жібе­ріңдер» – деп сөккен екен. Я, мал тасқа бітеді, қасқа бітеді деген сөз осындайдан қалған шығар. Тас болсада, малды орынды жерінде жұмсай білетін бай еді деген сөз қалған. 
Өлерінің алдында Келдіғұл бай енші берген ұлдарын жағалап жағдайларын білейік деп аралайды. Барлығы да жаман емес, өзінің салған жолымен жүріп келе жатырғандай. Келесі бір баласының үйіне келсе, баласы жоқ, келіні бар екен. Бар баласының үйінен ет жеп, қымыз ішіп келген байды, келіні: «Ата, биыл мал арық болып соғым соя алмадық, сізге тісіңізге жұмсақ тағам жасап берейін» – деп, майға бөктірген талқан мен сүтсіз қара шәй беріп қайтарған екен. 
«Мына келінім баламды есебі жоқ бай қылар, я болмаса мүлдем түгі жоқ кедей қылар» – деп сынап кеткен екен. Осы баласы келешекте өзіндей атақты бай болса керек. Оның кім екенін анықтауды «Боқтыөлеңдіктердің» өздеріне қалдырайын.
Мейрам Омаров 

Алдыңғы «
Келесі »