Қоғам дамуының тарихи кеңістігіндегі ұлттық интеллигенция феномені

  • 15.08.2014
  • 240 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мемлекеттің саяси өмірінде, қоғам дамуы­ның тарихи кезеңінде оның дамуына қажет идеяны қалыптастырып, халық мүддесіне қызмет етіп отыратын құндылықтарды зерделеп, жарыққа шығаратын ұлттық интеллигенция өкілдері. Ұлттық интеллигенция өкілдерінің рухани қызметі ел мүддесіне қажет дүние. 
 Қоғамның даму тарихынан көрініс тауып отыратын ұлттық интеллигенция өкілдерінің қызметі алдағы уақытқа шығармашылық қызметтің рухын қалдырып, келер ұрпақтан елдікті талап етіп отырған. Әсіресе халыққа жол көрсетіп, ұрпаққа бағыт бағдар беріп отыратын интеллектуалдар қоғам дамуы­ның бет бейнесін зерделеуде тарихтың тағылымын ұғынудың, қоғамның өткені мен болашағының тәжірибесін ой елегінен өткізудің, ұлт болашағына тұлғалары қалдырған даналық деңгейімен қарап, әлеуметтік дамудың түрлі бағыттарын, үлгілерін білімнің таразысына салып, соның негізінде ұлттық мүддені қамтамасыз етіп отыратын идеяны қалыптастырудың тәсілдерін де үйретеді.  


Тарихсыз әлеуметтік шындық жоқ, тарихи кеңістікте орын алған кез келген оқиға әлеуметтік шындыққа толы, сол әлеуметтік шындық негізінде ұлттық интеллигенция қызметінің рухы мен ақиқатын жете зерттеу тек қана тарихтың негізінде ғана мүмкін болмақ. Себебі алаш зиялылары айтып кеткендей, «дүниедегі негізгі әділ сыншы тарих пен халық». Халықтың ұлттық ойлауы тарихтың тағылымымен өзінің рухын сақтайды, ал ұрпақтың тарихи зердесі сол тарих өрісіндегі тұлғалар қызметінің ақиқаты негізінде қалыптасып отырады. Бұл ұлттық интеллигенция өкілдерінің тұлғалық қызметтерінің өрісін зерттеуде ғылым алдында тұратын негізгі мәселе, негізгі ұстаным. 
Ұлт тұлғаларының шығармашылығы, ғылыми ізденістері, идеялары, дәлірек айтсақ ұлттық интеллигенция өкілдерінің ұлттық мүддеге негізделген қызметтері қоғамның рухани деңгейін қамтамасыз етіп отырған. Түркі кемеңгері Жүсіп Баласағұн былай деген:
Тағы бір топ ғалымдар мен даналар,
Ілім беріп, халық жолын саралар.
Қатты сүйіп, қадірле сөз, түйгенін,
Көп пе, аз ба білімдерін үйренгін. 
Солар жарар-жарамасты парықтар,
Тура, таза жолды ұстанып, анықтар.
Олардан сен ілім үйрен, білім біл [1, 441 б.]. Халқымыздың тарихтағы рухани өмірі ұрпағына мағынасы терең міндеттерді жүктеп отырған. Ел басқарған тұлғалардан бастап, рухани өмірдің есігін жаңа аттағалы жатқан қазақ баласына дейін елдің тағдырын ұғынуға жетелейтін уақыт олардан өз елінің мүддесіне қызмет етуді тегістей талап еткен.
Философиялық сөздіктерде, әдебиеттерде, «инттеллигенция – оқыған, білімі бар, қоғамға шығармашылық деңгейде қызмет ететін адамдар тобы, белгілі бір мамандық иелері деп көрсетіледі» [2. 3-б.]. Оқыған, білімі бар маман иелері қоғамда (белгілі бір салада) қызмет атқарады. Билікке араласады, тіпті ғылым иесіде бола алады. Бірақ мемлекетіміздің тарихындағы ұлттық интеллигенция қызметінің рухы мен тарихи мәнін ақиқат тұрғысынан зерделесек, ауыртпалығы көп тарихи кезеңде адамның алған білімінен де жоғары адам рухын қалыптастырып, тәрбиелеп отыратын тұлғалық қасиеттердің қызметін байқаймыз. Сол арқылы интеллигенция феноменін зерделейтін болсақ, шынымен де адамның тұлғалық қалыптасуына алдымен рухани қасиеттерінің жетекші болатындығына толық көзіміз жетеді. 
Ел тарихынан анық көріп отырғанымыздай, қазақ хандарының өмірі әр бір қазақ зиялысынан ақылдың күші мен білектің қаруын қатар жұмсауды талап етті. Қазақ мемлекетін құру және оның болашақ мүддесіне сенімді өмір сүру үшін міндетті түрде қазақ батырларының қызметін арттыру маңызды болғандығын тарихтан жасыру мүмкін емес. Осы мақсатта хандарымыздың заманында батыр қызметінің беделін арттырып, тұлғалықтың рухын халыққа насихаттау жыраулардың міндетіне жүктелген. 
Батыр қасиетті адам, киелі тұлға. Оның қасиеті батырдың бойына халқы үшін дарыған. Себебі қазақтың қай батыры болмасын оның сезімі де, ой арманы да жалғыз. Ол әр бір ұлттың мүшесі жеке адамның өмір сүру бостандығына, тағдырына құрметпен және өз ісіне жауапкершілікпен қарау. 
Халық иесі хандарды
Қалай айтса – мін барма?!
Шегірткеге таланған
Қырғауылда жүн барма?!
Жапалақтан сескенген
Жалғыз қазда үн барма?!
Хандарынан айырылған 
Қарашыда сын барма?!
Қайран есіл ерлерді
Енді бір көрер күн барма?!
Ақауызды жүгіртіп,
Кенекеңді тірілтіп,
Наурызбай келер күн барма?! – деп жырланған Кенесары хан мен Науырыз бай батырдың тарихы, қазақ хандары мен батырларының мәңгілікке ұласқан рухының тірегіне айналды [3.73 б]. Оның ұлт руханиятының тірегіне айналу себебі тарихи қажеттілік. Себебі Кенесары ханның тарихы қазақ елінің топырағында қалыптасқан тұлғалар рухының қасиетін дәлелдеп кетті. Ұлттың идеясы арқылы, халықтың ұлттық ойлауы, ұлттың тұтастығы арқылы сақталатын дүние – рух. Кенесары хан тағылымы өзіне дейінгі өмір сүрген қазақ хандарының дәстүрін және сол тұлғалар дәстүрі бойындағы құндылықтарды қайта қалпына келтіріп, кейінгі қазақ зиялыларының қалыптасуына идеялық бағыт бағдар беретін тұлғалық рухтың терең арнасын қалдырды, ол ел топырағында қазақ батырларының бейнесімен ұрпақ санасында сақталып отырады. 
Хан билігінің рухы ұлт зиялыларын қалыптастыруға мән беруімен ерекшеленеді. Мемлекет идеясының болашағын және тұлға ұстанымының нақты жағдайын зерделеп отыратын билер мен жыраулардың тағылымы қазақ хандығы құрылған уақыттың өзінде маңызды беделге ие болған. Қазақ хандығының негізін салушы Жәнібек хан мемлекет мүддесіне қызмет етуде, елдің территориясын кеңейту идеясымен қатар қоғамның интеллектуалдық өрісін қалыптастырып, елдің рухын көтеруді, ұлттық идеяны дамытуды қолға алған. Сол кездің өзінде қазақ қоғамының рухани өмірінде зиялылар идеясының құндылығы хан билігінің тарапынан ерекше бағаланған.
Мемлекеттің негізгі байлығы адам, ұрпақ болмысының мінсіздігі. Бұл мәселе әр елдің әлеуметтік философиясында кеңінен зерттелген. Осы мемлекетті нығайту жөніндегі идея ғылыми зерттеулердің негізіндегі түрлі философиялық ғылыми бағыттарды қалыптастырып отырды. Жәнібек хан, «ұлт болмысының рухын қалыптастырып, сақтау үшін қандай идея, қоғамға, халыққа өмір сүрудің қандай ережесі қажет» –  деген мәселелерге ерекше көңіл бөлген. Ол мынадай жарлық шығарған: «Күллі алаш ұранды бұқараларымның өздерінің және ұрпағының мінсіз болмағы шарты үшін…. жеті атаға толмай  қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт»[4. 15 б]. Осы кезеңде, яғни ХV ғасырдың өзінде қазақтың шығармашылық ғылыми бағыттағы тұлғаларының жаңа бір буын өкілдері қалыптаса бастаған. Осындай өрісі кең тәжірибесі тереңнен бастау алатын қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихындағы ұлт интеллектуалдарының қызметі ғылыми тұрғыда жан жақты зерделеген сайын, қоғам өміріндегі интеллигенция қызметінің мәні мен ақиқатын тұтас зерделей аламыз. 
Жекелеген адамдардың халықтың игілік жолын дұрыс зерделеп, қоғамның даму бағытында мемлекеттің нығаюына қажетті идеяны қалыптастыра білуі, сол ұлттық идеяны тарих бойы ұлт мүддесінің қалыптасып, дамуында қажетті құндылықтардың қамтамасыз етілуіне жетекші бола білуі интеллигенция қызметінің мәнін айқындай түспек. Өткен ғасыр басында өмір сүрген алаш зиялыларының ізімен өсіп келе жатқан қазақ жастары тарих бетіне былай деп жазып кеткен: «Өмір – күрес, тартыс, талас. Көп те, аз да халінше бірігіп, тырбанып, өлмесін көздеп, бастарына келер бейнетті үлесіп алып жатқан заман. 
Дүниеге келген адам біреуден күш алмай, біреуге күш бермей мақсұтына жетпекші емес. Қосылып іс жүргізу көпке пайда болса, ішінен шығар азға да жетпекші. Аздікі көпке жоқ. Сол себепті адам өзін ойламай, көпті ойлау керек. Қазаққа келген жақсылық, кемшілік баршамызға ортақ, бөлінбей түгел тимекші» [5. 153 б]. Бұл сол кездегі қазақ баласының ойы, бұл ойдың мәнінде өмір шындығы бар, ұлт мүддесінің алдындағы тұлға ақиқатының құндылығы бар. Бүгінгі әр бір оқыған адам, билік саласында жүрген азамат елдің ертеңгі мүддесіне тарихи тұрғыдан қарау керектігінің маңыздылығы бар. 
Интеллигенция қатары сиреген қоғамда қандай қоғамдық мәселе болмасын дұрыс жолға қойылмайды. Қоғам мүддесіне қажет құндылықтар тарихта жатқан күйі қалып қояды, соның салдарынан қоғам мен халықтың тәжірибесінің арасында алшақтық орын алады, ұлттың мүддесін қамтамасыз етуге қажет білім қалыптаса алмайды. Осыған байланысты Міржақып Дулатов былай деп ұрпаққа айтып кеткен: «Бір кісі бір іске жарайтын болса да аз болмас. Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрі бір. Депутат бол, газет шығар, бала оқыт… Өзгеміздің бәрі сай болып жалғыз депутатқа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын онан пайда тағы жоқ… Екі қазақ таласып бір орысқа олжа болсақ, онан тапқан абыройға түбінде ие табылмай жүрмесін. Осыны әркім ескерсе екен» [5. 394 б]. Интеллигенцияның негізгі парызы халыққа үлгі болу, халық интеллигенция қызметінің сапасын мойындағаннан кейін ғана мемлекет билігінің беделі өседі.  Себебі мемлекет интеллигенция қызметіне тәуелді және интеллигенцияның қызметін қорғайтын билік. Қазақ хандарының тұсында тұлғалар рухы өмір сүрді, себебі әлеуметтік шындықтың себеп салдарын халық пен мемлекет басшысының алдында сараптайтын жыраулар мен билер қызметі өмір сүрді, соған билік тарапынан мүмкіндік берілді. Соның нақты мысалы ретінде ең соңғы ханымыз Кенесары басқарған қазақ қоғамының рухани өмірін алуымызға болады. 
Кенесары хан басқарған қазақ қоғамында тұлғалар кеңесіне мән берілді. Елдің экономикалық дамуын, ел мүддесін қорғауда әскери күштің сапасын қадағалау, көршілес елдермен экономикалық және саяси қарым-қатынаста болу сынды мәселелер Кенесары хан құрған зиялылар кеңесінің міндетіне жүктелген. Соның ішінде Кенесары хан адамдардың құқықы, заң мәселесіне аса мән беріп, ол өз билігінің негізінде сот билігін құрған. Сот билігі Қазақ мемлекетінің ата заңының негізінде толықтай халық пен мемлекеттің мүддесін қамта­масыз етуге бағытталған. Ал, оның сапалы қызмет атқаруын ханның өзі бақылап отырған. Кенесары хан басқарған қазақ мемлекеті билігінің рухы аз уақыт болса да ел тарихында мемлекет пен тұлға қызметінің рухын салмақтап отыратын тарихи феноменге айналды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей әр бір тарихи кезең интеллигенция өкілдеріне уақыт талабына сай қоғамға, ел мүддесіне қызмет етудің жаңа міндеттерін жүктеп отырған. Көп жағдайда интеллигенция қатары қызметіне сай бөлінеді деген пікірлер туындап жатады. Интеллигенция ұлт мүддесінің өкілі, «зерделі адам». Тұлғаның зердесі елдің өткені мен бүгінгісі және ертеңін қамтиды. Сол себептенде нағыз ұлттық интеллигенция өкілдері ұлт ісіне келгенде дараланбайды. 
Интеллигент қоғамның қай саласында болмасын ел мүддесіне өзінің үлесін қосушы адам. Оның танымы, іс-әрекеті алған мамандығымен шектелмеуі тиіс. Интеллигент ұлт ісіне маман­данған адам. Тарихтан, өзі өмір сүріп отырған уақыттан, яғни өмірден алған тәжірибесін білімі арқылы халық игілігіне жарата алған адамның қызметі рухани мәнге ие. «Адам ғылым мен өнер үшін жаратылған емес, – деген М. Дулатов – ғылым мен өнер – адам үшін шыққан, адамның өзі тіршілігіне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер. Не нәрсені де болса адам керегі болса іздеп жоқтайды, қажеті жоқ нәрсені кісі жоқтамайды» [5, 31 б].
Ұлттық интеллигенция өкілдерінің тарихта қалған идеялары не себептен заман сыншысы болып қалады? Интеллигенция қызметінің қадір-қасиеті, қай заманда болмасын адамның іс-әрекетіне қайшы келетін нәрселерді көрсетіп отыруында. Адам, халық мүддесіне қатысты айтылған идеяларының ақиқатқа айналуы, тұлғаның зиялылығын бейнелейтін нәрсе. Қазіргі уақытта, яғни еліміздің рухани өмірінде интеллигенттіліктің талабыда осы шындық негізінде өрбіп отыр. Қазақ қоғамының қалыптасу жолын зерттеу және оның білімін бүгінгі уақыт талабына сай пайдалана білу әр бір маманның негізгі міндеті. Мемлекетіміздің ұстанып отырған саясаты қоғамды дамыту, ол білімді ғылымды жан жақты игеру, озық технологияны меңгеру идеясы. Бұл идеяны жүзеге асырудың нақты тәжірибесін кезінде алаш зиялылары айтып кеткен: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күнен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлық патша атанған жұрт халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп, ұлық патша болып отыр»[5, 39 б]. 
Интеллигенция өкілдеріне жүктелетін міндет қай уақытта да бірдей. Қаныш Сәтпаев сынды тұлғаларымыз кеңес дәуірі тұсында қазақтың тарихи мұраларының зерттеліп, жарыққа шығуына жетекші болды. Қиыншылығы мол уақытта ұлт мүддесіне аянбай қызмет еткен алаш ғалымдарының ізін жалғастыру бүгінгі күннің де талабы. 
Халықтың алдында нағыз интеллигенция өкілдерінің беделі үстем. Әр адамның рухани қызметі ұрпақ болмысына рухани мүмкіндік болып саналмақ. Себебі интеллигент зерделі, сезімтал, білікті адам, оның бойындағы осы бір рухани қасиеттер арқылы тұлғаның білімі мен тәжірибесі халықтың игілігіне жарап отырады. 
Интеллигенция зердесі халық мүддесі, ел игілігі. Ол өмірдің шындығы арқылы идеяға айналады. Сол идея негізінде қоғамға қызмет ету әр ұрпақтың елдігі. 
Интеллигенция халық мүддесінің өкілі, олар қоғамның даму бағытын зерделеуші адамдар. Уақыттың талабына сай ел қажеттігін жүзеге асыруға жетекші нәрсе олардың рухани тереңдігі. Алаштың ұлы тұлғаларының бірі А. Байтұрсыновтың ел санасында сақталып қалған сөзімен түйіндесек, «Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу  – адамшылық ісі. Білім мен адамшылық екі басқа нәрсе, бірақ борышын білушілер көбейсе, төлеушілер де көбеюі ықтимал» [5, 60 б]. Бұл бүгінгі қоғамның да шындығы, білімділер қатары көбейіп,  қоғамға қызмет ететін мамандар саны арту үшін зиялы ұстаз қажет. Ел игілігі үшін алынатын білім, елдің ертеңгі тағдыры үшін берілетін білім ұлттық интеллигенция қызметіне мұқ­таж. Ал атақ үшін интеллигент болу емес, елдің тәуелсіздігі үшін қоғамға қызмет ету әр адамның тектілігі. Біз қаншалықты тарихтан алшақтағанымызбен алаш тұлғаларының идеяларына жақындай түсеміз. Себебі олардың идеясы біздің өмірімізбен бір жүретін дүние. Бұл интеллигенция зердесінің рухын салмақтай түсетін құбылыс. 

Үмбетхан Сәрсембин,
Философия ғылымдарының 
кандидаты, 
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Баласағұн Жүсіп. Құтты білік / Көне түрк тілінен аударған А. Егеубай. – Алматы: «Өлке», 2006. – 640 бет.
2. Карлов Н.В. Интеллигентна ли интеллигенция…//Вопросы философий, 1998. №3. С. – 3- 17.
3. Батырлар жыры, 7-том. Тарихи өлең-толғаулар, дастандар. / (құраст. Е.Дүйсенбайұлы). – Алматы: Жазушы, 2008. – 288 б. 
4. Тілеуқабылұлы Ө. «Шипагерлік баян» Араб қарпінен көшіргендер – К. Елемес, Д. Мәсімхан. – Алматы: Жалын, 1996. – 464 бет.
5. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. -560 бет.

Алдыңғы «
Келесі »