Сықақшы Толымбек ӘЛІМБЕК- ҰЛЫНЫҢ әзіл-оспақ беті

  • 15.08.2014
  • 407 рет оқылды
  • Пікір жоқ

                  ттСҰЛУ МҰРТ
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, 
ҚР халық әртісі 
Қайрат БАЙБОСЫНОВҚА

Сұлулық бар мұртында, 
Жылулық бар жұртында. 
Маңғазданып ән шырқар 
Өзі қалай, сылқым ба?!
Қайраты бар үнінде, 
Айбаты бар түрінде, 
Дауысы ашық тап-таза 
Мүкісі жоқ тілінде,
Құпия бар көзінде, 
Ыңғайлау ғой сезімге 
Қалт жібермес сұлуды 
Дейді-ау: «Сезім, көз ілме!»
Ән-жыры да жетеді, 
Қалжыңы да жетеді. 
Желпілдейді ондайда 
Шапанының етегі.
Желбіреген үкісі, 
Насыбай толы құтысы 
Білмесеңіз, айтайын, 
Қайрат деген бұ кісі!

        ҚАЗАҚ, ӨЗБЕК, ТАТАР
ҚР еңбек сіңірген әртісі 
Бауыржан ИБРАГИМОВҚА

«Тамашадан» бата алған, 
Айнымайтын татардан. 
Үні, тілі жететін, 
Өзбек болып кететін. 
Өзі қазақ десең де 
Бірде ұқсайды шешенге. 
«Бұтқа қолды салатын» 
Қырғыз болып қалатын. 
Сыйы да бар тәуір жан, 
Күлкіменен «ауырған»,
 Су болмайтын жауыннан, 
Бауыржан-шоу  – Бауыржан.

 ТАНЫСЫҢ БАР MA?
– Бізде сыбайлас жемқорлық жоқ! 
Өйткені елдің қарны тоқ, 
Көйлегі көк, 
Жегені ет, 
Ішкені сок. 
Тепкені доп, 
Ақшалары көп. 
Ақшасы көп адамның 
Проблемасы атымен жоқ. 
«Проблемасы бар» деу – 
Көре алмайтындардың өсегі. 
Алда-жалда проблема бола қалса, 
Оны ақшалылар 
Ақшамен-ақ шешеді. 
Мәселен, бірен-саран «оңбаған –
он шошқаға тоймаған» 
Азын-аулақ пара алады да, 
Ісі сотта қаралады да 
Абақтыдан бір-ақ шығады. 
Осыдан келіп құлақтың орнына көз, 
Көздің орнына құлақ шығады. 
«Абақтыда жатқанды қалай босатуға 
                   болады?» 
Өзінен-өзі осындай сұрақ шығады.
Онда бару үшін таныс керек.
Дағдарыстың қалт-құлт етіп тұрған кезі –
Танысқа аздап табыс керек.
Ол таныс өзінің танысын табады,
Осы істе тісқаққан кәрісін табады,
Сөйтіп тірліктің мәнісін табады.
Абақтыдағы кісі
Түп-түгел боп тісі
Аман-есен шығады,
Мыйы бар адам осыдан бірдеңе ұғады.
Проблема шешілді.
Осында сыбайлас жемқорлық бар ма –
Атама!
Өзің ойлап қарашы,
танысы бар адам абақтыда жата ма?
Ол жемқорлық емес –
Барып тұрған қамқорлық!
Демек,
Абақтыдан шығару – адамгершілік көмек. 
Сыбайлас жемқорлық дегеніміз 
Ит тұмсығы өтпейтін ну қамыс.
Бас сұқсаң бітті, шыға алмайсың. 
Таборға кірген сығандайсың. 
Ал таныс –
Екі адам құшақтасып билейтін вальс. 
Екеуінің жақындығы – 
Сүйем-сүйем, қарыс-қарыс. 
Онда махаббат та бар, 
Шапағат та бар. 
Бір-бірінен ләззат алатын 
Қанағат та бар.
– Менің де бір жақыным абақтыда еді, 
Шығаруға шанс бар ма?
– Қазір іздестіріп көрейікші –
Таныс бар ма?!

…Шөгер болам шөлсіздіктен шөгермін… 
(10-бет).
…Шөгіп бара жатқам жоқ… 
(25-бет).
…Қара нар – ойға зарыққан боздап көп шөктім… 
(63-бет). 
…шемен емес, күрең өлең шөгерем… 
(76-бет).
…Менің тауым шөгіп қапты…
(80-бет).
…Өмір саған білмеймін не дерімді,
Қай тұстарда дем бітіп шөгерімді… 
(89-бет).
АҚЫНҒА ТІЛЕК
Сұлулықтың әкеп көзге елесін, 
Жақсы өлеңнің көреберсек төбесін. 
Қалжыраған қара нардай ақыным, 
Қайта-қайта шөгесің кеп, шөгесің.
Тауқыметін шегіп жүрсің өнердің, 
Поэзия деген ғажап әлемнің. 
Сән түзеген керуендерін ірікпе, 
Күймелері сыңғыр қаққан өлеңнің.
Алқынба да, алға түсіп жүгірме,
Тоқмейілсіп, тоқтап қалма бүгінге. 
Ертеңіңе жету үшін межелі, 
Жол үстінде шөгіп қалма, кідірме!

«ЕНДІ  ЕКІ ЕСЕ ТУАТЫН ШЫҒАР»
Толымбек Алтынбек Қоразбаевпен бірге Алматы маңындағы Боралдай стансасындағы құс фабрикасына концерт қояды. Концерттен соң фабрика директоры шәй беріп отырып, біраз мақтанады.
– Біздің фабрикада пәленбай жұмыртқа өндіріледі. Тауықтарымыз туғыш, – депті.
Толымбек қарап отырмай:
– Енді тауықтарыңыз жұмыртқаны екі есе артық туатын шығар, – дейді.
– О неге? – деп, фабрика директоры аң-таң болады. Сонда Толымбек саспастан:
– Ауылдарыңызға Қоразбаев концерт қойып кеткен жоқ па? – депті.

 

«КӨРЕ АЛМАЙ ЖҮРМІН»
Толымбек Қазақ теледидарында «Орда» шығармашылық бірлестігіне бас редактор боп барып, біраз қызмет істеп жүрген соң бастығы, әрі ағасы, төрағаның бірінші орынбасары Тыныс Өтебаев: .
– Келгеніңе біраз болды, неге хабар жасамай жүрсің? – депті ұрысы мен назын араластырып. Ол кезде Толымбектің хабарларының алды эфирге шығып қойған.
– Хабарларым шығып жүр ғой, көрмедіңіз бе? – депті.
– Қол тимейді, көре алмай жүрмін, –  депті бірінші орынбасар.
– Қазақ осы, бірін-бірі көре алмайды, – дейді Толымбек күлімсіреп.

 

Алдыңғы «
Келесі »