ДАЛАНЫҢ ЕРКЕ ҚЫЗЫ

  • 08.02.2012
  • 696 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

журналист

Ән әулие дейді. Әдемі ән қашанда халықтың сағынышына айналады. Ән төгілгін жерде, адамның тірлігі де жеңіл тартады. Содан да шығар, әуезді әуен жүректі лүпілдетіп, сезім қылын шерткізері, мұңды ән тереңіне батырары, жігерлі, отты әндер бойыңды шымырлатып, намысыңды жанып, рухыңды асқақтатары, ал ойнақы көңіл-күйдің әндері жаныңды жадыратары бар. Бұл ретте әннің бағын ашып, өз тыңдармандарына жеткізетін әншінің орны ерен. Отыз жылдан астам киелі сахнада ұлттық өнеріміздің өсіп, өркендеуіне өзіндік үнімен, өзіндік қолтаңбасымен үлес қосып, қос көмейден шыққандай сыңғырлаған сырлы даусымен шырқай салған «Сарыарқа», «Өз елім», көптеген халық әндерімен танымал Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, дүлдүл әнші Бағдат СӘМИДИНОВАНЫҢ ішкі-жан дүниесі өзінше бір әлем. Ендеше, үңіліп көрелік…

– Бағдат, қырық жылға жуық қалада тұрсаңыз да өт¬кен жылы «Мен даланың қызымын…» деп біздің де жа¬ны¬мызға жақын әдемі тақырып тауып, кеш өткізгеніңіз есімізде…

– Расында да, мен даланың қызымын. Егер қа¬ланың қызымын десем, ел басқаша қарар еді. Дала – ол менің тамырым, тұғырым, бет-бейнем, болмысым, арым. Өйткені, сол даланың бүкіл қасиетін білемін. Сол даланың түтінін, сол даланың жусанын мұрныма сіңіріп, сол далада қазақтың барлық салт-санасын толық болмаса да, бір кісідей біліп өстім. Егер бүгін бір нәрсеге қолым жетіп жатса, сол даладан нәр, тәлім-тәрбие алғаным. Сонан соң да қазақтың қай даласына, қай жеріне бармайын, ауыз толтырып қазақ екеніме дәл осы жерде мақтана аламын.

Қазақтың белгілі ақын қызы Күләш Ахметова апайдың осы өлеңіне алғаш мән бермеппін, екінші қайтара оқығанда қатты әсер етті. Ал үшінші оқы¬ғанда «Мен даланың қызымын ел деп туған…» деп тұр. Бұдан бұрынғы бағдарламам «Елге сәлем» болатын. Расында да, «елден шықтым ғой, сол еліме тағы да бас иіп, барымды шашу етейін» деп солай атаған едім. Енді сол ел деп жүріп, мен даланың қызымын деп мақтансам керемет емес пе? Сол сөзді тапқанда қуанғаным сонша, өз далама өзім ғашық болдым. Апайдан рұқсат сұрадым. «Мен даланың қызымын ел деп туған…« десем, ұзақтау бола ма деп, соңғы сөздерін қысқарттым. Оның үстіне тыңдармандарым, мені жақсы көретін көрер¬менімнің дені ауылда. Жаңа қазақтар менсінбей, басқаша ойлап қалуы мүмкін. Ал мен даламмен мақтанамын, сондықтан патриоттық сезіммен «Мен даланың қызымын…» деп қойдым.

– Меніңше, Сізді халық әндерінен бөліп қарауға болмас. Өйткені, жұртшылыққа алдымен ұлттық жауһарымыз – халықтық әндермен танылдыңыз. Халық әндерінің жанашыры ретінде оның құндылығы, өмір¬шең¬дігі неде деп ойлайсыз?

– Жалпы халық әндері қазақ деген атаумен бірге келе жатқан ұғым. Данышпандығы, кеңдігі, т.б. кереметтей қасиеттерінің бәрі соның ішінде. Халық әндері – қазақтың қанына сіңген мінезі, қазақтың ен даласы. Мәселен, бір халық әнінде бар дауыспен шырқайтын, іштегіңді ақтарып, «шіркін-ай» дегізетін, шеріңді тарқататын әуен тұрады. Сондай-ақ ұлы композиторлардың, мәселен, Нұрағаңның «Куә болы», «Алатауы», «Өз елімі« тағы бір ғасыр өтсін ұмытылмайды. Себебі, қазақтың мінезіндегі, болмысындағы қасиеттер сонымен ашылып, өршілдігі, жігері көрініп тұрады. Ең бастысы – ол әуендер қазақтың қылығына жат емес. Өйткені, ол әнді кез келген қазақ қабылдай алады. Расында да, онда жәй ғана «өз елім» деп тұрған жоқ, «бұл менің елім, менің жерім» дегенді рухымен, жігерімен айтып тұр. Оның өлмейтіні де сондықтан. Қазір шетелдің жеңіл сазына еліктеген музы¬калар туып жатыр. Көп еліктегеннен де ол өміршең бола алмайды. Осындай бардым-келдім әндер бүгін айтылса, ертең ұмытылып қалатыны содан шығар.

– Біздің бір әріптесіміз қазіргі әндерді тыңдасам «гимнастика» жасағым келеді дейді… Мүмкін өзіміз де өмір сүруімізге қарай жеңіл-желпі ән тыңдағымыз келетін сияқты емес пе?

– Расында да солай (күледі). Қазір өмір де, оның ырғағы да өзгерді. Қай саланың адамын алмаңыз, осындай асығыс тірлік бар. Әйтеуір менің өмірім қарбалас. Содан да шығар заманына сай әуені туып жатса керек. Бүгінде халық әндерін айтсаң, елдің іші пысып кететін сияқты ма. Баяғыдағыдай «ой, шіркін дүние, мынау іштегі арманын айтып тұр ғой, расында да біздің өміріміз осындай еді ғой» деп өзінің жоғын іздеп отыратын тыңдармандарымызды жоғалтып алдық. Бірақ, соның ішінде ойлы да, саналы, сарабдал көрерменіміз аз болса да әлі кездеседі. Елдің бәрі кешкі би клубтарында өмір сүріп жатқан жоқ қой. Дегенмен, жастарға ой салуымыз керек. Білмеймін, менің жастардан да көрерменім бар. Көшеде кездесіп қалса «апай, ана әніңіз, мына әніңіз ұнайды» деп жатады. Мен ойлаймын, өтпелі кезеңде мұндай шалт бұрылыстар болады деп. Халықтық әуенге, халықтық музыкаға, жалпы ақын-жазушылардың шығармаларына теріс қарайтын, еш нәрсені қажет етпейтін жастардың пайда болғаны рас.

– Сіз 80-90-ші жылдардың да әнші¬сісіз. Сол кездерде бүкіл Қазақстанда композитор да, әнші де саусақпен санарлық еді. Бірақ олар аз болса да, саз болатын. Өйткені, қойылатын талап жоғары-тын. Көркемдік кеңес жаңа әндерді алдымен өздері тыңдап, сараптан өткізіп барып, баға¬сын беретін. Меніңше, осы үрдістен айрылуымыз бүгінде жеңіл, халтура әндердің көбейіп кетуінің бір себебі емес пе?..

– Осы жөнінде қазір көп әңгіме айтылып жүр. Бұл әдісті ескілік сарын деп жатады. Бірақ, оның да жақсы жақтары бар. Рас, кеңес заманында белгілі бір жүйе, тәртіп бар еді. Әндер көркемдік кеңесте қаралып, қабылданатын, кез келген ән кез келген жерде орындалмайтын. Мәдениет комитеті осы үрдісті босаңсытып алды. Меніңше, ескінің жақсысын алып, жаңаша өзгертіп, осы істі басқаша қолға алуға болатын еді. Дегенмен, біз соны аңсаймыз. Өйткені, қазір елдің бәрі ән жазғыш. Ауылдан келіп «ән жазып едім, сіз айтыңызшы, ақ¬шасын төлеймін» деп жатады. Өз басым сондай талай адамдарды кездестірдім. Жалынып, жалпайып сұрайды, алып қарасаң ән сияғы жоқ. Менде сондай талай дүниелер жатыр. Оның айтатын әуені түгілі, ән деп қарауға ұяласың. Соған қарап, тал¬ғамымызға не болған деп таңқаласың. Тіпті, депутаттар да ән салып кетті. Білмеймін, олар басқа қыры¬мен танылайын дейтін шығар. Кейде біз композитордың өз әнін айтқанына қарсы болып жатамыз. Сондықтан тосыннан, жол жөнекей қосылған, өнерден алшақ, алыс адамдардың осындай қадам жасауы қасиетті өнердің қасиетін қашырып жіберді. Соларды ақшаның арқасында көрінген жерге кіргізіп жатады. Керісінше, жақсы әуені бар, мазмұны, мағынасы жұғымды әндердің демеушісі болмай, қолпаштаушысы жоқтығынан тасада қалып жатуы да мүмкін. Бәрін айт та бірін айт, бүгінде бәрі ақшаға келіп тіреледі. Өнер адамдарының қолында не бар?

– Ал Композиторлар одағы осы жөнінде минис¬трлікке шығып, әндерді жинақтауда, оны бір ізге, бір жүйеге келтіруге ұсыныс жасап, әрекет етуіне болмас па?

– Жалпы Композиторлар одағы қазір өздері атқаратын шаруаларын қолдарынан шығарып, басқа біреулерге беріп қойып отыр. Көлденең көк аттылар өнер орталықтарын құрып алып, табысқа белшеден батуда. Мысалы, Арт орталығы, тағы пәлен орталық, түген орталық дегендер бар. Міне, осылар өнерді коммерцияға айналдырып жіберді. Бүгінде өнерге еш қатысы жоқ адам келіп концерт берем десе, оған ешкім қой демейді. Билетін түрлі жолдармен өткізеді де, халықты жинап алып, 1-2 сағат басын қатырады. Концерттен шыққан тыңдарман қайда келіп, қайда қойғандарын білмейді. Демалды ма, жоқ шаршап шықты ма, оны өздері де ұқпай, әйтеуір уақыттарын текке өткізіп қайтқанын артынан біліп жатады. Біз басшылардан «неге осылай, бұл өнер неге әркімнің қолында кетті«, «осы уақытқа дейін келген «Қазақконцерт», филармония, Композиторлар одағы неге осылардың бәрін қолынан беріп қойды» деп сұрағаннан пайда болмай тұр.

Мысалы, «Арт» орталығының артында ақшалы адамдар тұр. Сол орталық жалғыз мақтанышы¬мыз Республика сарайын жалға алып, білгенін істеді. Бұл өнер адамын айдың аман, күннің жарығында қасақана тонаушылық. Көрдіңіз бе, Республика сарайының үстінен біреу, оның үстінен біреу күн көріп отыр. Бұл не деген сұмдық, қазір осындай нәрселер белең алып кеткен. Осы мәселені де қолға алатын уақыт жеткен сияқты. Өйткені, біздерді осылай тонайтындай коммерциямен айналысып жүрген адам емеспіз ғой. Мен өнерімді сатарымды да, сатпасымды да білмей қалдым. Енді мұны тоқтататын да, одан әрі жалғастыратын да Мәдениет министр¬лігі. Олар қолға алмайынша осы бағытта кеткеніміз кеткен.

– Фонограммаға көзқарасыңыз қалай? Өйт¬кені, қазіргі эстрада әншілері концерттерде ауыздарын жыбырлатып, фонограммамен ән айтады да, тыңдарманды да, өз¬дерін де алдайды. Техникаға сенім жоқ, кейде өшіп қалып ұятқа қалып жатады. Қазір шетелдіктер де, ресейліктер де өз дауыстарымен айтуға көшті. Олар фонограммамен өтетін концерттің бағасын төмендету керектігі туралы үлкен мәселе қойды да…

– Фонограмма екі түрлі жағдайда қолданылады. Біріншісі, концерт теледидарға түсірілгенде дыбыс таза болсын дейді. Қазір бізде Роза бастап өз дауысымен оркестрмен айтып жүр. Ал оның өзіндік қиындығы бар. Сол берген концертті қайтадан жаңалап отыру да оңай емес. Жалпы жанды дауыспен ән айтқанға не жетсін. Өз басым өнерімді жанды дауыспен бастап, мұндаға дейін айтқан ұрпақтың өкілімін. Мәселен, кез келген концертке әртүрлі көрермен жиналады, олардың көзқарасы да әртүрлі. Сахнаға шыққаннан кейін концерттің көңіл-күйін қалайда байқап тұрасың ғой. Көпшіліктің көңіл-күйі, әсері бәрібір беріледі. Сондықтан да әр әнді сол көңіл-күйге қарап әртүрлі айтасың. Ал фонограмманың жаман жері жазылған нәрсені ғана айтасың. Жалпы оркестрді, ансамбльді отырғызудың қиыны – оның бәріне пәленбей ақша төлеуің керек. Оның соншама күнгі репетициясына, әрлеуіне аз ақша кетпейді. Ал фонограммада артық адам болмайды, артық ақша төлемейсің. Түптеп келгенде, бәрі сол ақшаға келіп тіреледі. Егер барлық концерт жанды дауыспен өтетін болса, жоғарыдағыдай халтураға жол берілмес еді. Қазір не, компьютермен екі әнді жаздырып алады да, жұлдыз болып шыға келеді. Егер ол адам өз дауысымен айта¬тын болса, өзіне жауапкершілікпен қарар еді. Мына жерде қалай болады екен деп күнделікті дауысын тәрбиелеп, кәдімгі кәсіби әншіге айналар еді. Қазір әнші де әнші, әнші емес те әнші. Сөйтіп, көрерменімізді бұзып алдық. Тірідей оркестрге өз басым қарсы емеспін. Қашанда Құрманғазы, «Отырар сазы» оркестрлерімен ән айтып келемін ғой. Менің қорқатыным, қазір көрерменнің өзі ылғи шапа¬лақпен желпініп, билеп отыруға үйреніп қалғандай. Бірақ күндердің күнінде бәрібір табиғи нәрселерге келетін шығармыз. Сол тезірек болса екен деймін.

– Бағдат, байқайсыз ба, қазір жастардың бәрі бірден танымалдыққа жұмыс істейді… Оған не айтарcыз?

– Қазақ өзі қанында бар даңғойлау халық қой. Оның үстіне заманның сәті туып тұрғандай. Мысалы, біздер танымалдыққа өмірбақи асыққан жоқпыз. Қайтсек әніміз дұрыс шығады деп дайындалатынбыз. Үлкендерді тыңдадық, солардың тәрбиесін алдық. Оркестрмен де, ансамбльмен де, эстрадамен де айтып жүрдік. Оның бәрі қаншама дайындық, еңбек. Соның өзінде біраз жылдардан кейін әрең-әрең шықтық. Қазірдің өзінде қорқақтап тұрамыз. Фонограмма шыққан соң қорқақтау жоқ, мен емес, фонограмма айтады ғой деген пікір қалыптасты. Соған сенген жастар, онда тұрған не бар деп, сахнаға шығып, қисалаңдаймыз да керемет құрметке бөленеміз деп ойлайды. Ал құрметке бөлену үшін елдің санасына кіруің керек. Ол үшін әрбір әніңмен, сәніңмен, жүріс-тұрысыңмен халықтың ықы¬ласына ие бол, сонан кейін жұлдыз боласың ба, құндыз боласың ба, көресің. Оның үстіне қазіргі жастардың не сахна, не сөйлеу мәдениеті жоқ. Ал әр әншінің өзіне, дауысына, мінезіне, жүріс-тұрысына тән трактовкасы болады. Соған байланысты сах¬нада өзіндік иммиджі – бет-бейнесі қалыптасуы керек. Оны мен жөндеймін деп айта алмаймын. Ал көрермен өзінің керектісін алады, күндердің күнінде бәрібір жақсы нәрсе есте қалмақ. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын шыққан Зарина Алтынбаеваны алайық, ақшаны құйғаны сонша, оның шығарған қаражатына бір ауылды бір жыл бойы асырауға болады екен. Сол ақша төгілді, бірақ далаға кетті. Қазір не әнші емес, басқа емес, міне осындайларға түсінбеймін. Ойлаған болуы керек әлемдік жұлдыз боламын. Ол адамның ішкі дүниесінде, жүрегінде, бойында қасиеті, тазалығы таланты болмағаннан кейін осылай жарты жолда қалады. Көп әншілер осылай қалды да.

Тағы бір мысал, өткен жылы Шәмшінің кон¬цер¬ті болды. Сол концертте жанды дауыспен айтқанда мынау-мынау деп саусақпен санарлықтай әншіні мойындады. Қалғандары нотаның қайда қалғанын білмей, әйтеуір қосылып жүрді. Он жылдан асты фонограммаға үйренгенімізге, оның нәтижесін, жемісін осылай көріп жатырмыз. Кейбір жағдайлар болады, мәселен, далада ән салу, болмаса теледидарға түскенде. Ондайда дыбыстың таза болғаны дұрыс. Ол кезде кешірімді нәрсе.

– Сонда біз қай жерде әншінің тірі дау¬сын естиміз. Шығармашылық кештерде тыңдап жүрміз бе?

– Әрине, шығармашылық кештерде мүмкінді¬гінше тірі дауыс та, фонограмма да болады. Мысалы, мен оркестрдің сүйемелдеуімен жеке кон¬цертімді бергім келеді. Қазір айтып та жүрмін. Осындай концерттер жиі болса дейсің. Меніңше, егер фоно¬граммаға тыйым салынса, қаптаған концерттер болмас еді. Себебі, жанды дауыспен айтуға қай әнші де дұрыстап дайындалады. Мәселен, өткен жылғы концертімді беруге төрт жыл уа¬қы¬тым кетті. Ал олар ең құрығанда бір-ақ ай дайын¬далады. Мысалы, кешке телефондап бір ән айтып бересің бе десең, жүгіріп келіп, фонограммасын бере¬ді де жүгіріп шығып кетеді. Дайындалмай шыққан концерт концерт пе? Жалғыз менің қолымнан ешнәрсе келмейді. Көкейде жүрген мәселелер көп. Мүмкін, барлығымыз айта берсек, күндердің күнінде түзелетін шығармыз.

– Бағдат, кейде ойлаймын, адамзат баласы ән айту өнерінен мүлдем мақұрым болса, өміріміз қандай болар еді деп. Өйт¬кені, адам өзінің жоғын да, сағынышын да, көтеріңкі көңіл күйін де әннен із¬де¬мей ме?! Көп әншіге талғам жетпей жатады. Өзіңіз бірінші әннің әуенін, болмаса сөзін таңдайсыз ба?

– Туғанда дүние есігін ашады өлең деген ғой. Адамның өмірін әнсіз елестету мүмкін емес. Адам мұңайғанда, жылағанда әнді тыңдап отырып, іштегі шерін тарқатады. Немесе көңілді әнді айтып, керемет көңілденесің, Бұл енді әннің құдіреті. Қазір өзі көрермендерімізді адастырып алған сияқтымыз. Бәрібір жақсы ән елдің көңілінде, ойында, көкейінде қалады. Жаман әнді он жерден айтқызып, жаттатқыз құлаққа кірмейді. Нұрғиса, Шәмші, Әсет, Әбіл-ақат ағалардың әндері елдің аузында жүр емес пе. Өйткені, әнді сүйрелеп алып шығатын сөзі. Бір нәр¬сені есіңе алғанда ана бір әнде осындай деген сөз бар еді ғой, шіркін дейсің. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды…» деп қалай тауып айта сал¬ған. Шынында да солай ғой. Қазақтың қара өлең¬дерінде де небір философия жатыр. «Сүйер едім бетіңнен, ұяламын халықтан» деп қалай әдемі жет¬кізген. Бұл дегеніңіз – қазақтық мінез, болмыс. Мен алдымен сөзіне қатты көңіл бөлемін. Өткенде бір композитор «шедевр әнім еді» деп әкеліп тұр. «Айналайын көке, мына әнді бұдан да ақылсыздау кезімде айтпағам. Егер айтатын болсам, сөзін өзгерт» дедім.

– Кәсіби әнші ретінде қандай проблема алдыңыздан шығады?

– Негізінен бар мәселе қаржыға келіп тірелетіні анық. Мен өзі ешкімге сеніп көрген адам емеспін. Тек өз еңбегіме – екі қолыма, екі аяғыма, басыма, құдай берген дауысыма, одан кейін еліме сенемін. Халық аман болсын. Бір Алладан көрерменім көп болса екен, тыңдарманыма сүйкімді болсам екен деп тілеймін. Келген концертіңнен қабағын шытып шығып жатса, ол да жаман ғой. «Ой, қалай жақсы болды, енді тағы барсам« деп, мені көрген адам екінші рет көруге асығып тұрса, сондай дәрежеге жетсем деп армандаймын. Ал проблема өмірбақи болған. Оны мен ғана шешпеймін. Адамзат туғаннан бері проблемамен бірге келеді.

– Білуімізше, сізді тағдыр ата-анаңыздан ерте айырды. Қазақ айтпай ма, қандай құрсақта жатып, қандай анадан нәр алсаң, тегің соған тартпай қоймайды деп. Анаңызды сағынып жүрген шығарсыз? Ол кісіні қандай кезде еске аласыз?

– Қыз балаға қашанда анасы жақын ғой. Әкемді басқаша ойлаймын да, шешемді аңсап тұрамын. Қай адамда да ішімізде «шіркін-айымыз« тұрады ғой. Анам ең болмаса бір қуанышты сәтімнің куәсі болмады деп өкінемін. Шешейден 7, әкейден 8 жасымда қалып, әжемнің қолында өстім. Төрт ағайындымыз – үш қыз, бір ұл. Апамның жиын-тойлар¬да саңқылдап, жарқылдап отырғаны көз алдымда қалыпты. Әлі есімде кішкене кезімде қасына ілес¬тіріп алатын. Мен болсам алдына басымды қойып, бәрін тыңдап жататынмын. Сонда апам «Ши¬лі өзен» сияқты әдемі әндерді айтатын. Құлағымда сол өлеңнің жатталып қалғаны сонша, бертін келе «Шилі өзенді» естігенде шешем қайтып келіп, айтып жатқандай көрінеді. Апамның көзі күліп тұратын. Ауылға барсам көзкөргендер «Көпшіл еді, жүрген жерінің бәрі ойын-думан. Әзіл-қалжыңымен жұрттың көңілін көтеріп отыратын, сен шешеңе тартқансың» деп жатады. Кіші Хадиша деген әпкем екеуіміз таласатынбыз: ол «мен тартқанмын» дейді. Әпкемнің көңіліне қарап, «сен-ақ тарта бер« деп қоятынмын.

Әкем бригадир болған. Ол кездері ауылға орыстар, шешендер келіп, жақ-жақ болып қолдарына түскен айыр ма, балта ма қарамай төбелесетін көрінеді. Бірде сондай жүгерінің ішіндегі ұрыс-керісте тығылып тұрған орыс әкемнің басынан балтамен шауып жіберіп, өлім аузынан қалғанмен, бір аяқ, бір қолы істемей, әрі дұрыс сөйлей алмай кемтар болып қалады. Кейін денсаулығы оңалғанмен, шешемнің қазасы қатты әсер етіп, араға жыл салып, әкей де артынан кете барды.

Содан апам бойжеткенімше түсіме кірмеді. Студент атанып, қиындықтың жаңадан басталған кезі. Бірде түсімде апам кереметтей үлкен үңгірдің аузына шығып алып, маған соншалықты мейіріммен қарап тұр. Анық көрдім. Үңгірге кірейін десем «бар ары, бар« деп жолатпайды. Елжірей қарағанын түсініп тұрғандаймын. Артынан жүрмедім, өзімше кете бардым. Сосын артыма қарайлап: «Неге бармадым?« деп өкінейін. «Жо-жоқ, өзі бар деген жоқ қой« деп өзімді арашалап жатып, оянып кетіппін. Сол көрініс көз алдымда сурет сияқты қалып қойды. Анам осындай екен ғой деп ойладым. Сол түсімнен кейін бір айдай сандалып жүрдім. Кәдім-дігей, қайда іздеп барарымды, не істерімді білмей дал болдым. Содан ауылға барып, әпкеме айтып барып ғана көңілім суыды. Одан кейін көп мазаламады. Әкем өмірі түсіме кіріп көрген емес.

Мен өзі ата-енеммен 15 жыл бірге тұрдым. Алғаш тұрмысқа шыққан кезімде қатты қиналған ша¬ғым¬да, әділетсіздік орнағанда оңашада «апа» деп өкіріп жылайтынмын. Адам өмірі қалай басталса, солай аяқтала ма деп қалдым. Маған еңбексіз еш нәрсе келмейді. Оған бір жағынан қуанамын да. Мейлі, сол еңбегіммен-ақ келсінші деп. Соған шүкір¬шілік етемін. Тек, осы өмірімді екі қызыма бермесе, көрген қиындығымды солар көрмесе екен деп тілеймін.

– Осы өміріңізде кімдерге қарыздармын деп ойлайсыз?

– Жоғарыда айттым ғой, мені әжем өсірді деп. Ол кісі өте ақылды адам еді. Әке-шешем қайтыс болғаннан кейін әкемнің Қырғызстанда тұратын туған інісі Хамиден аға үлкен қызметін тастап, қара шаңырақты сөндіріп алмайық деп ауылға көшіп келді. Ол кісінің перзенті жоқ, жеңгей екеуі бәрі¬міз¬ді қолына алып, өз баласындай бағып, қақ¬қандықтан әкем деп кеттім. Әжем 1976, Хамиден ағам 1986 жылы дүниеден озды. Ол кісі тірі кезінде бетіме ешкімді қаратпайтын. Елдің арасында әжептәуір беделі бар еді, сол кісінің арқасы шығар, апамды да бүкіл ауыл сыйлайтын. Туған-туысқандарымыз екі-үш күн көрінбей қалса, «кешіріңіз, апа» деп амандасып келіп кететін. Әжем марқұм: «Әке-шешең жоқ, ешқашан артыңнан жаман сөз ерітпегің. Үлкен кісінің бетіне бажырайып қарама, тіке қарап сөйлеме, дауысыңды қатты шығарма, қатты күлме. Пәленшенің қызы осындай екен десе, ұяты бізге келеді…» деген сияқты қазақтың биязы қыз¬дарына тән қылықтарды үйретіп отыратын. Жеңгемнің жамандығын маған, менің жамандығымды ол кісіге жасырып, бәрін ретке келтіріп қоятын. Тіпті, ағайын-туыстар, көршілер бір-біріне ренжіп келіп жатса, оларды сабасына түсіріп: «Ей, ол сені кереметтей мақтап отырған, бекер қателесесің», – дейтін. Мен болсам: «Қалайша бұлай, кеше ғана жамандап кетіп еді ғой» дегендей, апамның бетіне жалтақ-жалтақ қарасам: «Тыныш отыр, қайтесің?» деп сыбырлап, түртіп қоятын. «Сен анадай айтыпсың?» деп олардың да айтуға дәті бармай, бір-бірінің алдында кінәлі болып жүргені. Сөйтіп, араздасқандардың араларын білдірмей жақындастырып, сырттай татуластырып жіберетін.

Өз әке-шешемнің мінезін де, қадырын де біле алмадым, бірақ өмірде асыраған Хамиден әкемнен көп нәрсе үйрендім. Ол кісіден бәрі қорқып, «военком» деп атайтын. Артық сөйлемейтін, орнымен айтатын. Бір есімде қалғаны, ауылда қаншалықты батпақ болғанмен, аяғын аңдып басып, аяқ¬киімі қашанда таза жүретін. Домбыра мен мандалинде жақсы ойнады. Кейіннен өлең жаза бастады, олары қазірге дейін сақтаулы. Сөзді орынды сөйлемесең, кереметтей ренжіп: «Не, пәле, қалай болса қиқы-жиқы сөйлейсіңдер» деуші еді. Керемет анегдот айтатын. Аздап ішіп келгенде көңілденіп: «Жанысы, жанысы» деп бетімізден сүйіп, ақша беретін. Ал жеңгем тазалыққа, жігерлілік, құлшынысқа үйретті. Міне, мен өмірде осы жандарға қарыздармын.

– Ал өнерде кімге қарыздарсың?

– Кез келген адам өз ортасынан басқа бір ортаға тап болған кезде, оны қалай қабылдайды, көп нәрсе соған байланысты. Ауылдан келген мен кереметтей педагогтың қолына түстім. Ол – Надия Абдрахманқызы Шарипова. Сондай ұстаздың кез¬дес¬кеніне өзімді бақыттымын деп санаймын. Өйт¬кені, ол кісі тек өнердегі емес, өмірдегі де ұстазым болып, жол сілтеп отырды. Тіпті, қалада қалай жүріп-тұруды, қалай сөйлеу қажеттігіне дейін көңіл бөліп, өмірде өзгеруіме қатты әсер етті. Мені қызым деп өте жақсы көрді. Кейде үйіне алып кететін. Білмей¬мін, әйтеуір жанынан тастамайтын. Сабақ біткен соң басқа студенттерге емес, маған «қызым, жүр кеттік, мені шығарып салшы» дейтін. Қазір таңқаламын, сонау біз оқитын студиядан консерваторияға дейін жаяу келетінбіз. Сосын қимай тұрып қоштасатын. Имандай шыным, өмірімде ондай зиялы, парасатты адамды көрген емеспін. Оқуды бітірісімен «Қазақконцертке» жұмысқа кірдім. Ыстығыма да, суығыма да ортақтасып, жақсы-жаманымды көтере білгені үшін қасиетті қара шаңыраққа да қарыздармын. Қазір ол ұжымды белгілі сазгер, танымал әнші Алтынбек Қоразбаев басқарады. Әр басшының өзіндік әдіс-тәсілі бар дегендей. Өзі әртіс болған соң әншілерге деген көзқарасы, пікірі, тәрбиесі басқаша. Алтынбек аға да маған үлкен дем береді.

– Сонда әнге деген құштарлығыңыз қай кезден басталған?

– Жаңа айттым ғой, кішкене кезімде тек апамның дегенімен жүрдім деп. Бірақ, маған: «Әттең, ұл болып тумағаның-ай, сенің» дейтін еді. Онысы рас. Бір жұмысты қолыма алсам, бәрін аударып-төң¬керіп, керемет жылдам жасап тастайтынмын. Бәрін үлгеріп, аяғында айқайлап әнімді айтып үйдегілер¬дің мазасын алады екенмін. Күнделікті шаруа – малды кіргізіп, астын тазалап, шөбін салу менің мойнымда. Сиыр да сауамын. Кешкілік бар жұмысты бітірген соң малдарға қарап, айғайлап өлең айтатын көрінемін. Апам болса: «Құдай-ау, елден ұят болды-ау, зарламашы, кешке жақын дауыс алыс¬қа кетеді» деп ұрсып жататын. Ал түнде апам екеуі¬міз малды қарауға шыққанда да, білмеймін қай жағымнан әнім тасып тұратынын, айғайға басады екенмін. «Ей, не болды, түн ортасында, қақсамай үнің¬ді өшір» деп ойбайға салатын. Неге екенін біл¬меймін, әйтеуір сәл бос уақытым табылса, есіктің ал¬дында тұра қалып ән салатынмын. Қазір ойласам, күнделікті дайындық үстінде екенмін ғой. Әнге соншама құмар болғаныма өзім де таңқаламын.

– Бағдат, өзіңіз байқайсыз ба, жоқ па, сіз ән айт¬қанда жан дүниеңіз де бірге ән салып тұрғандай әсер береді. Әннің құдірет¬тілігі де сол шығар. Кей¬де әнмен ем де жүргізіп жатады ғой. Ендеше, әншілер – рухани емшілер. Айтыңызшы, әншіге ең бастысы не жетпейді деп ойлайсыз?

– Оныңыз рас, әнмен де емделеді. Ол үшін ән айтып тұрған әншінің жан-дүниесі, жүрегі таза болып, бар болмысымен беріліп орындауы керек деп ойлаймын. Әртіс деп кімді айтады? Образға беріл¬ген өнер адамын айтпайды ма? Әсіресе, бұл терминді драманың әртістеріне қолданады. Жалпы сахнаға шыққан кез келген әртіс образға беріліп, айтып тұрған әнімен де, сөзімен де сол дүниеге кірігіп, ерекше басқа бір әлемге айналуы керек. Сөйткен әншінің әнін тыңдағанда ғана адам емде¬леді. Мәселен, мен бір әншіні тыңдап отырмын, ол бүкіл болмысымен беріліп, бойындағы кереметтей қасиет¬терімен рухыңды көтеретіндей етіп шырқаса, қалайда маған әсер етпей қоймайды. Ол ән сені елітеді, ішкі жан-дүниеңді қопарады. Еріксіз сезім пайда болып, жаның тазарады. Міне, емдеу дегеннің ар жағында осындай үлкен нәрсе жатыр. Ал жәй әншейін болбырап айтып тұрса, оны тыңдамақ тұрмақ шаршап кетерсің. Сондықтан да Нұрағаңның, Шәмшінің ұлы әндері, ұлы музыкалары мәңгілік. Десек те, ондай әуен қазақтың мінез-құлқынан, халық музыкасынан бастау алады.

– Ең сенімді капитал – бала дейді. Сіздің бар байлығыңыз екі балаңыз болса, олардың да байлығы өзіңізсіз. Қашан көр¬сек дән сүйреген құмырысқадай, сол қос қарашығыңызды адам етсем, тәрбиелі етсем деп тырбанып жүргеніңіз. Балаларыңызға, олардың тірліктеріне көңіліңіз тола ма?

– Балаларымды шамам келгенше бағып-қақ¬тым, білім, тәрбие бердім. Оларды біреудің арқасында емес, жеке өз басын алып жүруге, өз мәсе¬лесін өзі шеше алатындай етіп тәрбие-ледім. Құдайға шүкір, жаман емес. Қазақшылықтары да бар. Бойларындағы биязылық, қарапайымдылық, әдемілік, тазалық біздің қыздарымызға тән нәрсе ғой. Тір¬ліктері де жаман емес. Кейде жалқаулау болып кетеді. Соған реніш білдіріп жатамын. Жас кездерің, еш нәрсеге тоймайтын ашқарақ кездерің, шаршау дегенді білмеулерің керек деп. Шүкір, қазір үш немерем бар. Әрбір ананың арманы ғой, балаларым аман-есен болып, немере¬лерімнің қызығына батсам деген. Ал қалғаны бір құдайға ғана аян.

– Көрерменіңізге не айтасыз?

– Мен қашанда көрерменімнен қысылып, дұрыс айттым ба, дұрыс бере, жеткізе алдым ба, алмадым ба деп тартынып тұрамын. Бір білерім, әнімді дұрыс түсін деп айта алмаймын. Себебі, әнімді зорлап тыңда деуге хақым жоқ. Көрерменімнің әрқашанда көңіл-күйі көтеріңкі болсын. Жақсы мен жаманды айыра білсін, аман болсын.

Алдыңғы «
Келесі »