Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

  • 09.08.2014
  • 327 рет оқылды
  • Пікір жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы аптада Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Үкіметінің жаңа құрамын жария етіп, құрылымдаудан кейін 17 министрліктің 12-сі ғана қалатындығын мәлім еткен болатын. Осылайша, Үкімет сапында жаңа 5 министрлік құрылып, олардың басшылары да тағайындалды. Сонымен қатар бұған дейін жұмыс істеген 9 агенттік жойылды. Бірақ, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі атты жаңа ведомство дүниеге келді. Бұдан бөлек жергілікті жерлерде де бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды.

Сонымен ҚР Ұлттық экономика министрі болып тағайындалған Ерболат Досаев 1970 жылы 21 мамырда туған. Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетін бітірген. ҚР Премьер-Министрі кеңесшісі, ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, Қаржы вице-министрі, Қазақстан Даму банкі Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрі болған. Мемлекет басшысының  2013 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығымен  ҚР Экономика және  бюджеттік жоспарлау министрі болып тағайындалған.

ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ташкент халық шаруашылығы бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, ОҚО әкімінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы, вице-министрі болған. 2013 жылдың маусымында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 1963 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқарудың ұлттық жоғары мектебін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, Ішкі саясат бөлімінің мәдениет секторы меңгерушісі болды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарған. 2014 жылдың 11 наурызынан ҚР Президенті Жарлығымен Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының мәдениет министрі болып тағайындалды.

Инвестиция және даму жөніндегі министрі Әсет Исекешев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, ҚР Президенті жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді. ҚР Индустрия және сауда министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі болды. 2012 жылдың қыркүйегінен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі болып тағайындалды.

Энергетика министрі Владимир Школьник 1949 жылы Мәскеу облысында дүниеге келген. Мәскеу инженерлік-физикалық институтын бітірген. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшысы болған.

Айта кетерлігі, жоғарыда атап өткен бес министрліктен бөлек еліміздің Iшкi iстер министрлігінің құрамына Төтенше жағдайлар министрлігі қосылған еді. Бұл жаңа ведомствоға бұған дейін Ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов басшылық жасайды. Ол 1957 жылы туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші вице-министрі, вице-министрі, Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. 2011 жылғы сәуір айынан – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі.

Ал бұған дейін ТЖМ басшысы болған Владимир Божко алдағы уақытта Қ.Қасымовтың орынбасары ретінде бұған дейінгі өзі үйлестірген салаға жауапты болмақ. Ол ұзақ уақыт бойы ұлттық қауіпсіздік саласында жұмыс істеп, жедел уәкілдіктен ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары лауазымына дейінгі қызмет жолынан өткен.

Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Қайрат Қожамжаров басқаратын болды. Ол 1965 жылы туған. Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары, төрағасы, Ақмола облысының әкімі қызметтерін атқарған. 2013 жылғы қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі-Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалған еді.

Айтпақшы, Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев Өңірлік даму министрі болған Болат Жәмішевті Қазақстанның Даму Банкіне тағайындалатынын айтқан еді. Бүгін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев банк ұжымына жаңа басшы – Болат Жәмішовті таныстырды. Б.Жәмішев 1957 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ экономика және АӨК ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Бірқатар министрлікте ведомство басшысының орынбасары болған. ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары,  Еуразия даму банкі басқарма төрағасының орынбасары – Жобалау қызметі жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарған. Жаңа тағайындауға дейін ҚР Өңірлік даму министрі болған.

Дәл осы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін Қоршаған орта және су ресурстары министрі болғанНұрлан Қаппаровқа «Қазатомөнеркәсіп»  ұлттық компаниясының басшысы қызметін ұсынған еді. Мемлекет басшысының бұл ұсынысын Н.Қаппаровтың құп алғаны да есте.

Ол 1970 жылы  дүниеге келген. Алматы технология институтын бітірген, Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Жоғары басқару мектебінде алған мемлекеттік басқару магистрі дәрежесі бар.  ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары, «Lancaster Group Kazakhstan» директорлар кеңесінің төрағасы болған. 2012 жылдың қаңтар айынан жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Қоршаған орта және су ресурстары қорғау министрі қызметін атқарды.

Өңірлерде де бірқатар тағайындаулар орын алды. Атап айтқанда, Қарағанды әкімінің орынбасары болыпАрман Жұмекенов тағайындалды. Осы тағайындауға дейін ол «Шахтинск қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және авотомобиль жолдары бөлімі» ММ жетекшісі қызметін атқарды. Бұрын Қарағанды қаласының осыған ұқсас бөлім басшысының орынбасары, Қарағанды облысы әкімі аппаратында ұйымдастыру бөлімінің бас маманы болды.

Семей қаласы әкімінің де жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл қызметке Сәкен Нұртазаев келді. С.Нұртазаев 1985 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстан-Британ техникалық университетін бтіріп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда менеджмент мамандығы бойынша білім алған. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сектор меңгерушісі, «Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жеке серіктестіктің өңірлік орталығы» АҚ Стратегиялық даму және сыртқы байланыстар департаментінің директоры, ШҚО әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің сараптамалық тобының бас маманы, ШҚО әкімдігінің бас инспекторы, ШҚО Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Семей қаласы  ішкі саясат бөлімінің басшысы да ауысты. Бұл қызметке тағайындалған Айдар Серікқазыұлы Садырбаев 1986 жылы дүниеге келген. Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін бітірген. ШҚО Бородулиха ауданының ішкі саясат бөлімінің нұсқаушысы, жетекші маманы, бас маманы, ШҚО ішкі саясат басқармасының бас маманы болған.жаңа тағайындауға дейін – Семей қаласының ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары.

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Боханова Роза Аяғанқызы тағайындалды. Роза Аяғанқызы 1958 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда гуманитарлық университетін бітірген. Алматы қаласы, Бостандық ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру кадрлық жұмыс және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, Қызылөзек ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарған. 2013 жылғы наурыз айынан бүгінгі күнге дейін қала әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келді.

Қарағанды облысы Жезқазған қаласының әкімі болып бұған дейін қала әкімінің орынбасары болған 45 жастағыБатырлан Ахметов тағайындалды. Б.Ахметов 1969 жылы дүниеге келген. Үш жоғары білімі бар. Қарағанды политехникалық институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясының жанындағы Нарық институтын және Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, кен байыту инженері, экономист, заңгер мамандықтарын меңгерген.

Қарағанды облысы Абай ауданының әкімі болып Серік Шайдаров тағайындалды. 49 жастағы С. Шайдаров Қарағанды политехникалық институтын, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін тәмамдады. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 20 жыл. Жаңаарқа және Нұра аудандарының әкімі болған. Қарағанды облыстық қоршаған орта және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2013 жылдың маусымынан Жезқазған қаласының әкімі болды.

Алдыңғы «
Келесі »