ЖЕР ТУРАЛЫ ЖЫР

  • 08.02.2012
  • 296 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қыдыралы ҚОЙТАЙ,

«Ақиқат» журналы Бас редакторының орынбасары

Қоңыр мақамды мұңды күй қарағай домбыраның қыл сағағында үзілмей тұрып алды. Домбыра үні бірде баяу бебеулеп, бірде алқына күмбірлеп қараша үйден баянды баспана таба алмаған пәруана жандай аласұрады. Күй әуенінде сарғайған сағыныш бар. Құлазыған кеудеңді сәулелі сезім тербеп боз жусанды даланы ма, әлде құздарды қақ жарып аққан бұлақ сылдырын ба… әйтеуір ұйқылы-ояу қияли халде бір нәрсені аңсайсың… Көкі¬регіңде теңіз толқиды күйшінің, нәркес жанарынан кіре¬укелеп жас ақты, қос тамшы – бейкүнә моншақты кірбің ұяла¬ған кір¬піктері көтере алмады, үзіліп түсті. Бетіне қос сызық қалдыра сырғанай жөнеліп, домбыраның шанағына тамды.

Қос қарияның тізесін ала отырған Балаң жігіттің жүрегі дір ете қалды. Көңілін тәтті мұң, көбелек қуған сәбидей алаңсыз арылуды тілемейтін тәтті сезім билеп, әсемсал күйге түсті. Балғын өңі нарттай жанып, жанарынан ұшқын лаулайды. Күйші атасы «көсіле түссе екен» деп тіледі. Ұзақты күн отар соңында салпаңдап қалжыраған денесі күй әуенімен едәуір сергіп қалыпты. Жүкаяққа арқасын беріп, ынтыға тыңдап отыр. Сиқырлы бір әлем¬нің киелі босағасын аттап енгендей әсерде. Күй кенет кілт үзілді. Күйші қарт селдір сақалын салалы саусақтарымен саумалап ұзақ отырды. ЕШКІМ ТІЛ қатқан жоқ. Сәлден соң қозғалақтап Балаң жігіттің атасы сөз бастады.

– Әбеке, менің мына жаманымның аздап домбыра шертетін әдеті бар еді, тыңдап көрсеңіз қайтеді?!

Үнінен немересінің өнеріне деген сенімділік пен мақтаныш бар секілді. Балаң жігіт ұялып төмен қарады.

– Қысылма, балам, – деді күйші қарт, бойындағы өнерін жасыру ер жігітке үлкен мін. Ата дәстүрін сақтағаның жарағаның, қане, тыңдап көрелік.

Балаң жігіт домбыраны батылсыздау қолына алды. Перне бойын қуалап, саусақтарын жаттықтырып алды да, көсіле жөнелді. Ақсақ құ¬лан! Кет-Бұғаның қасиетті күйі!… Күйші көңілі дегбірсізденді. Балаң жігіттің сүрінбеуін, қағы¬сы¬нан жаңылмауын тіледі. Қағысына іштей сүйініп отыр.

Күй аяқталысымен Күйші қарт орнынан тұрып келіп, Балаң жігіттің қолынан сүйіп, ізгі тілегін білдірді:

– Бәрекелді, өркенің өссін, қарағым, осы бетің¬нен танба! Мүдірмедің! Әлгі көріп жүрміз ғой кейінгі шикі өкпе жастарды. Домбыраға мұрнын шүйіре қарап, мойындарына қитара ма, ситара асынып алып, түн баласы көше кезеді. Содан кейін біз батыстың әуенін меңгердік деп кеуде соғады. Оның қасында сен осы қара ша¬нақты домбыраны ұстап-ақ олардан оздың. Ең-бегің жемісті болсын, лайым!

* * *

Көкпекті қырда дастарқанға шашылған бауырсақтай жусап жатқан отарына беттеп келе жатқан Балаң жігіт тым көңілді. Күйші қарияның түндегі айтқан алғаусыз ыстық лебізі ме, әлде беймаза көңілдің беймәлім желігі ме, жүрегі аттай тулайды. Ыңылдап ән салғысы келеді, екі қолымен аузын көлегейлеп, андағайлап айқайлағысы келді, сонда анау өркештене созылған толағай Алатау да бір сілкінер ме еді, қайтер еді. Бәлкім, оған өз тілінде жаңғырып жауап берер, ғасырлар бойы қойнында тұншыққан тұмса мұңын ақтарар.

Оның есіне бала кезінде атасының туған жер¬дің қасиеттілігі туралы айтқан аңызы түсті.

– Баяғыда, – деп бастайтын атасы әңгімесін, қойы қоралас, өрісі аралас Хунну және Дунху деген екі ел көрші тұрыпты. Олардың татулығы өзгелерге үлгі болыпты. Күндердің күнін¬де осы екі елдің арасында ала мысық жүгіріп өтіп, алауыздық туыпты. Оған Дунху елінің іш-тарлықпен көршісінің жеріне көз тігуі себеп болса керек. Бірақ, қанша дегенмен ұшы-қиырсыз ен даланы бірден басып алуға батылы жетпей, тиісуге себеп іздейді. Сөйтіп сылтау іздеп, елшілерін Хунну еліне аттандырады. Ойында еш күдігі жоқ Хунну ханы елшілерді үлкен сый-сияпатпен қарсы алып, бұйымтайларын сұрайды. Сонда елшілер:

–Уа, хан ием, дейді, – көрші жатқан елміз. Осы уақытқа дейін бір-бірімізге іш-шәй деген жеріміз жоқ. Жаратқан ием бұдан кейін де сондай татулықты жазсын деп тілейік. Соның айғағы ретінде біздің хан сіздің астыңыздағы алты құлаш ақбоз атыңызды сұрайды. Бұған не дейсіз?

Елшілердің бұл сөзіне ханның жанында отырған нөкерлері МЕН кеңесшілері бірден шу ете түсіп, қарсылық білдіреді. Сонда біраз үнсіз қалған Хунну ханы нөкерлерінің шуын пышақ кескендей тыйып тастайды:

– Көрші жатқан ел бола тұрып, Дунху ханының көзі түскен атты бермесек ұят болар. Бе¬рейік, – деп өзінің жанындай жақсы көретін ақбоз атын елшілерге жетектетіп жібереді.

Бұл Дунху елінің абыройын өсіріп, Хунну ханы менен қорықты деген ойға келіп, араға ай салып елшілерін тағы да суыт аттандырады.

Бұл жолы елшілер де өктемдеу келіп, Хунну ханының жуырда ғана үйленген ең сұлу, жас ханшасын беруін талап етеді. Елшілердің талабын естігенде хан ордасындағылар естен танғандай есеңгіреп қалады. Алғашқыдай емес, барлығы да орындарынан өре түрегеліп, Дунху елінің бұл қай басынғандығы, болмайды, ханшайымды бергенше соғыс ашып, күлін көкке ұшыру керек, – деп көкірек қағады. Сонда бағанадан бері үнсіз отырған хан қаталдық танытып:

– Көрші жатқан елміз, көңілі кеткен бір қатынды бермей араздасқанымыз жарамас, ханшаны сол-ақ алсын, – деп орнынан тұрып кетеді. Сөйтіп түс ауа жас ханым елшілердің соңынан жылай-жылай аттанып кете барады.

Хунну ханының мұндай ездігі дунхулықтардың мерейін тіптен өсіріп жібереді. Есірген Дунху ханы шаршап келген елшілерін демін алдырмай қайта аттандырады. Енді ол екі ел арасында көптен мал аяғы тимеген ұшан-теңіз жерді беруін талап етеді.

Бұл жолы Хунну ханының нөкерлері мен кеңесшілері біз қарсы болғанмен, бәрібір бере¬сің ғой, – деген ниетпен пікірлерін екі-ұштылау ғана білдіреді. Сонда хан өңі сұрланып, көзінен от шашып, орнынан қаһарланып атып тұрады:

– Жоқ!… Бұл – болмайтын іс! Жерді беру деген не деген сұмдық! Жер деген елдің тірегі, жер деген елдің намысы! Жерсіз ел бола ма?! Хуннудың бір биесі құлындаса Дунхуға кеткен ақбоз аттың орнын толтырар, хуннудың бір әйелі босанса Дунхуға кеткен бір ханшаның ор-ны толар, ал, биені құлындатып, сол әйелді босандырып бір сүйем жер таптырып берің-дерші?! Сондықтан да жер сұрағандар мен жер беруге келісім бергендерге-өлім! Жер дегеніміз – елдің асыраушысы. Асыраушысынан айырыл¬ған ел – өледі. Жер дегеніміз ұрпа-ғыңа қалдырар мұра. Мұрадан айырылу – ұрпағыңның болашағына балта шабу. Сондықтан Дунху елі¬мен қазірден бастап соғыс жағдайындамыз, – деп өзі бас болып атқа қонып, қауға тиген өрттей болып Дунху елін жайпап өтеді.

Балаң жігіт осы бір аңыздың әсерінен айырыла алмай отырған сәтте атасы туған жер үшін жанын пида еткен батыр туралы тағы бір аңызын бастап кететін:

– Ержүрек дейтін батыр болыпты, – дейтін атасы,- ол бастаған қол елге жеңіссіз оралмапты. Досына мейірімді, жауына қаталдығымен алты алашқа мәлім болыпы. Дұш¬панның азуын айға білеген талай батырларын ат үстінен аударып, жер қаптырыпты. Сол Батырдың қартайған шағында елін жау шауыпты. Сардарсыз сарбаз тұл емес пе?! Қол бастар азаматы болмаған соң дұшпанның мысы басты ма, ешкім батып қарсы көтеріле алмапты. Сонда төсек тартып жатқан Ержүрек Батыр жауға жалғыз аттанады. Кеудесін кек кернеген қарт тарлан дұш¬пан түменін қынадай қырып, қарағайдай бытырлатады. «Шау тартқан шал» деп менсін¬беген жау әскері енді қатты саса бастайды. Айламен тор құрады. Қалың қол қойсын ба, бір¬неше жерден ауыр жарақаттанған Ержү¬рек¬ті жан-жағынан тоспалап, найзаларының ұшымен белдігінен іліп алып, бейне бір уықтарға қадаған шаңырақтай көкке көтеріп әкетеді. Онысымен қоймай, қан көрген құзғындардай қарқылдап күліп, күстаналап мазақ етеді.

– Ей, бейшара, баһадүр! Елім деп еңіреп келіп, маңдайыңды тасқа соқтың ба? Қазақтан буыны қалтыраған кәріден басқа батыр шықпағаны ма? Жұртың өлімтігіңді қай қоқыстан тауып алар екен?!

Ха-ха-ха!

Дарақы күлкі тау жаңғырықтырды.

– Ей, халық қарғысын арқалаған сұмдар! –депті сонда хас батыр, мәз болыңдар… күлің¬дер! Баянсыз жеңістеріңді тойлаңдар. Бірақ, сендерді сел боп аққан жазықсыз жандардың көз жасы жібермейді. Мен өлсем туған жерімді қорғап өлемін. Сендерді аяймын мен. Себебі жат жердің босағасында баз кешіп, мүрделерің айдалада қалады. Сендерге туған жерлеріңнің топырағы да бұйырмайды. Өз елі үшін жанын пида еткен адам қашанда өзгелерден биік тұрады. Міне, мен өлер алдында да сендерден биік тұрмын. Бұл менің жеңісім!

Атасы әңгімесін тамамдаған соң ол:

– Ата, жоңғарлар батырды өлтірді ме, – деп сұрады.

Атасы немересіне сынай қарап:

– Өзің айтшы, ондай жандарды өлді деуге бола ма? – деді селкеу ғана.

Ол ойланып қалды. Иә, ондай жандар өл¬мейді. Туған жердің тұп-тұнық бал-бұлағы сылдырлап, бозала шапан бозторғай тыныш-тық жырын толғап жатқанда, батырлар рухы жа¬лынды тіршіліктің мамыражай ағынына ілесіп, мәңгі өлмес ғұмыр кешеді. Оның көз алдына уықтарға шаншылған еңселі шаңырақтың сүңгі ұшында ілініп, тым биікте… тым биікте тұрған жаралы батыр елестеді.

Құдіретіңнен айналайын, туған жер. Бақыт, шаттық сыйлаған бір күніңнің өтеуін ғұмыр бойғы тіршілігімде қайтара алар ма екенмін?! Төсіңде құлындай құлдырап, саф ауаңды сың-ғыта жұтып жүрсем де саған деген құштарлығым бір сәтке де ортайған емес. Қайта сағынышым арта түседі. Осы орайда түсінбейтінім жоғары жақта отырған ағалар неге жерді сатамыз, елдің болашағы үшін тоқымдай жерді басқа біреуге кесіп береміз дейді екен. Күні кеше ғана газеттен оқыдым. Көрші елге бір миллион гектар жерді жалға береміз депті. Бұл сонда не, барып тұрған ең үлкен қылмыс емес пе! Солар ең болмаса атам айтқан аңызға бір сәт құлақ түрсе, бүйтпеген болар еді? Оның ән салғысы келді. Содан даусын шығарып, шыр¬қай женелді. Ән туған ел туралы.

Кіші бесіннің шұғыласына қанатын малып жат¬қан кербұрым дала бір сәт ән әуезіне құлақ түргендей, айнала тып-тыныш. Қоңды отар жусап жатыр. Балаң жігіт туған ел туралы ән шырқап келеді…

Алдыңғы «
Келесі »