• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ақпарат
  • >
  • Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

  • 07.08.2014
  • 338 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына сәйкес экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіру мақсатында қаулы етемін:

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Қазақстан Рес­публикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган болып құ­рылсын.

2. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы):

сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері — жаңадан құрылған Агенттікке;

экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері — Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне;

2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі мемлекеттік қызмет саласын­дағы біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыру, мем­лекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері жаңадан құрылған Агенттікке беріле отырып, таратылсын.

3. «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы» Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы №552 Жарлығына (Қазақстан Рес­пуб­ликасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., №12-13, 116-құжат; 2009 ж., №24-25, 207-құжат; 2010 ж., №51, 466-құжат, 2011 ж., №10-11, 125-құжат; №52, 710-құжат; 2012 ж., №43, 569-құжат) мынадай өз­ге­рістер енгізілсін:

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қа­зақ­стан Республикасының Президентіне тіке­лей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган­дардың тізбесінде:

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі»;

«Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы)» деген жолы алып тас­талсын.

4. Қазақстан Республикасының Президенті Әкім­шілігі бір ай мерзімде:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің қа­рауына:

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасымен бірлесіп жаңадан құрылған Агенттік туралы ереженің жобасын енгізсін;

Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірле­сіп, таратылатын Қазақстан Республикасының Эко­но­микалық қылмысқа және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес агенттігінің және Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің штат санын қайта бөлу жөнінде ұсыныс енгізсін;

2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде:

1) осы Жарлықтан туындайтын, оның ішінде:

Агенттіктің – сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі өкілеттіктерін жүзеге асыратын;

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің — экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі өкілеттіктерін жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімшелеріне құқық қорғау органы мәртебесін беретін заң жобаларын әзірлеп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізсін.

2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақ­стан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қол­данысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

Астана, Ақорда, 2014 жылғы 6 тамыз.  №883

 
 
 
 
Алдыңғы «
Келесі »