ЖАЛҒАН Әулие жағалап адаспайық, ағайын (куә болып, көңілге түйгендерім)

  • 15.07.2014
  • 1192 рет оқылды
  • 6

Айзат Рақышева, журналист

«Қазақ медицинасы қарыштап дамып келеді. Жаңа технологияның тегеуріні алдында ешбір ауру алқынып тұра алмас» деп дүркірейміз. Шындығында, қазіргі денсаулық саласының татымды тұщысынан гөрі айтар ащысы басымырақ болып тұр.Кеңірдектен алған кейбір ауру түрлері «емім жоқ» деп еліріп-ақ барады. Ал, менің мына айтайын деген ахуалым, өтірік-шыны аралас емшілер хақында. «Отандық медицинаның әлеуеті әлсіз танылған сырқат түрлеріне шипа таптым» деп, дертінен қалай айығарын білмей дегбірі қашқан жұртқа арамза молдалық жасап жүргендер қатары көп-ақ. Бұлай деуімнің нақты себебі бар. 
«Ақтөбе қаласында  кез келген ауруды құлан таза сауықтырып жіберетін керемет әулие бар» дегенді өткен жазда құлағым шалған еді. Алғашында  мән бермедім. Әйтсе де, уақыт  озған сайын әлгі әулиенің дақпырты дабырайып, «өліп бара жатқан адамға дем салып тірілтіпті-міс» деген сынды аңыздар ақыл көзін тұмшалап, соқыр сенімге бағындырды. Арнайы Ақтөбеге жол шегіп, мекен-жайын тауып бардым. Отарбада отыз сағат жолсоқты болып жеткен едім.

Таңғы сағат тоғызда әулиенің үйінің алдына шоғырланған көптің арасында ұзақ-сонар кезекке мен де тұрдым. Елу бір жастағы әулиенің шынайылығына шүбәсіз сенумен болдым. Көпшілік арасында «ата» атанған емшінің көмекшілері көп екен, тіпті. Онсыз да жолдан сілем қатып шаршаған маған олардың өмір жайлы, адамгершілік турасындағы уағыздарын тыңдау ауырға соқты. Арақ пен темекінің кесірінен туындайтын қазіргі қоғамымызға аса жақын небір азғындық түрлері көмекшілер аузынан тозақтың кәріндей естілді. «Мына тұрған бәріңде күнә бар» деп жер тепкілеген егде ер адам ол күнәлардан құтылудың, ақ жолға ие болудың тәсілін тауып айтты: «Атаның мына суретін 500 теңгеге сатып алып, таза бір жерге, қойын қалталарыңа, ақша жүрмейтін өзге де адал тұсқа жасырсаң, әманда жолың болады!» Ешкім ұмтылып шыға қоймаған соң, көмекші айғайға басты: «Неге жалындырасыңдар?! Алыңдар! Ақшасы жоқ адамдар да болады. Оларға 200 теңгеден сатып алуға рұқсат!» Осылайша кішкентай көлемдегі әулие Жанарыстың фотосуреті 200-500 теңгеден саудаланып, теңгелер топырлап, көмекшінің дорбасына түсіп-ақ кетті. «Ақша мен алыпсатарлық жүрген жерде қайдан иман болсын?» деп ішім қылп ете қалды. Әйтсе де, әліптің артын бағып, үн-түнсіз тұра бердім. Сәлден соң егделеу келген үш-төрт әйел ішке бас сұқты. Емін-еркін ентелей кіргендеріне қарағанда олар да  атаның көмекшілері тәрізді. Бір әйел қайта тысқа шығып, өзін «Бибігүл» деп таныстырды да, келгендерді әзірейілдей тергей жөнелді. Қоятын сұрақтары: «Қайдан келдің? Атадан не сұрайсың? Ауруың не деп аталады? Тұрмыста барсың бар? Ажырассаң, неге ажырастың? (Неге отбасын құрмай жүрсің?)» Зірк-зірк етіп жүріп, өзінің көп балалы ана екенін де айтты. «Ол балаларды ата берген» деп және қосып қойды. Сайтандай сап етіп тағы бір әйел келді де, «қазір ата шашу шашады. Соған осы тұрғандар 200 теңгеден жинап бересіңдер. Атаның өз қолымен шашқан шашуынан бір кәмпит  алсаң да, тілегіңнің орындалғаны», – деп жұмсақ үнмен жылпың қақты. Көңілімді торлай бастаған күдік одан әрмен кеулей жөнелді. Дертіне дауа іздеп келген 30-40-тай жан екен, сонда шамамен 7-8 мың теңгедей жинап алады. Соншалықты құны қымбат неткен шашу болды? Атаның өзін көрмей, асығыс қорытынды шығармайын деп, сабама түстім.

 


Ақыры ішке кірдік-ау. Сол баяғы «көп балалы анамын» деген әйел «құрметті халқым» деп бастап, бүгінгі қоғамның кертартпа тұстарын түгендей жөнелді. «Баланы аз  табасыңдар, арақ ішесіңдер, жүріс жүресіңдер» деп желкелеп алды.«Қатты сөйлесем, ренжімеңдер. Халықпен жұмыс болған соң, солай болады да» деп сәл сыпайылық танытты. Кіргендер 3х4 көлеміндегі фотосуретке түсуге міндетті екен. Ол науқас толтыратын анкета үшін қажет. Құны – 200 теңге. Аталған анкета парақтарын таратып,  «өздерің жайлы толық мәлімет жазыңдар. Қолыңда ауруың жайлы дәрігер қорытындысы болса, көшірмесін анкета парағына қосып тігіңдер. Үйден жазып, түстен кейін алып келіңдер», – деп ескертті. Сосын, құлшылық басталды. Құлшылық сөздерін көмекші әйел жаттатумен болды. Садақа жәшігіне барып, өзіміз қалаған мөлшерде  садақа тастадық. Осы жерде «ата оқыған, дәрілік қасиеттері бар» деп орамалдар, иіссулар мен иісмайлар сатылды. Бұл заттарды «қайтсең де ал» деп ешкім алқымнан алмаса да, емделуге келгендер қалталарына қарап алып жатты. Ол заттарға да қол созбай, атаны тағатсыздана күтіп мен отырмын. Жәрдемші әйелдің уағызын тыңдасам, былай екен: «V ғасырда Қыдыр ата өмір сүрген. Ол өзінің аруағын он екі мың ғаламның ішінен  осы біздің әулиеге қондырды. Сондықтан,  ата әулие, әрі «Қыдыр атаның сүйікті баласы» атанды. Сендерге емді ең бірінші Алла, сосын Қыдыр атаның аруағы, сонымен бірге тірі аруақ-біздің ата  Жанарыс Жақсылықұлы жасайды. Осы отырған қалыптарыңда сендер ем алып отырсыңдар…». Құдды бір өзі көзімен көріп, қолымен ұстағандай етіп айтып отыр.
Осы сәт бір мосқал тартқан ер  адам кіріп келіп, «мен – ауыл әншісімін. Атаның шақыруымен ем алуға келген кісілерге дәстүрлі әндер айтып, көңілдерін көтеремін. Келмесем, ата түсіме кіреді. Бүгін де сөйтіп кеп қалдым», – деп таңдайы тақ ете қалды. Домбырамен әлдебір әнді ащы дауыспен орындап шықты. Сонда баяғы көмекшілердің бірі тек тұрмай, ауыл әншісінің қалтасына ақша салды. Бұл  жиналған қалың жұртқа көрсетілген емеурін екенін бірден білдім. Домбырасын безілдетіп шал кетер емес, себебі, қалтасы қампайған жоқ. Және бір терме айтты. «Бірде Арал жайлы бір термені Нұрсұлтанның алдында шырқағанмын.Ол орнынан атып тұрып, «менің Арал қаласы бойынша уәкілім бол» деді», – деп көпіріп мақтануға кірісті. А дегенде Нұрсұлтан деп құрдасындай  айтқанына қарап, Елбасымыз жайында  жақ ашпаған болар деп шамалағаным бекер шықты. «Содан бері Нұрсұлтанның қабылдауына кезексіз кіріп жүрмін», – деп масаттанып тұрғанын көргенде барып, Елбасымыз жайлы өтірік-шыны белгісіз әңгіме айтып тұрғанын аңдадым. «Ем алып қайтыңдар» деген тілекпен әжептәуір ақша жинап алған термеші шал жөніне кетті. «Концерт» мұнымен бітпеді. Белгісіз жас жігіт ортаға шығып, «Ата туралы шығарылған» деп бір әнді орындады. Оның да қалтасына маған жүзі таныс көмекші ақша салды. Көргенін айнытпай істейтін халықпыз ғой, отырғандардың арасынан әлгінің әрекетін қайталаушылар көбейді. Емшіге келгенімді, жоқ әлде мерекелік кешке кіріп кеткенімді бажайлай алмай отырғанымда, түс ауып кетті. Сонда бәз-баяғы «Батыр анамыз» теледидарды қосып, атаның алдында өзімізді ұстау ережелерімен таныстырды. Мына бір сөз кеудемдегі күдігімді жандандырып жіберді: «Келгендерге бір-бірімен танысуға болмайды.» «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» дейтін қазақ баласы емеспіз бе? Жөн сұрассақ, ақырзаман орнай ма екен? «Таныспаңдар» деп тыйым салғандарына қарағанда, сезікті бұрын секіредінің керін келтіріп отыр-ау, шамасы. «Батыр ана» ортаға шығып, атаның керемттігі хақындағы оқиғаларды жіпке тізді: 
1. Ата рак, туберкулез, СПИД ауруларына ем тапқан. Емі-құдіреттің күші.
2. Өмірі бала тумаған, жатыры кеуіп қалған әйел атаның бір қабылдауынан кейін егіз ұл  туған. Еш толғақсыз қиналмай босанған әйел «баланы мен тудым» деп кеудесін кергенде, ата оның жатырынан тоғыз жарым литр қан кетірген. Бұл құбылысқа дәрігерлер қайран қалған. Ақыры әйел атадан кешірім сұрағанда, қан сап тыйылған.
3. Америкадан Ник деген жігіт келіп, атадан бала сұрап, тілегіне жетіп қайтты.
4. Сендер ақшаларыңды қимай тұрғанда, жолдарың жабылып, бақытсыз болып қала бересіңдер. Ал, Ресейден орыстар келіп, атаның суреттерін жәшік-жәшік етіп  сатып алып кетіп жатыр.
5. Ата сынған сүйекті қалпына келтіріп, бір ақсақты тың етті. Сөзінің дәлелі ретінде әйел әлдебір медициналық қорытындыларды көрсетумен болды.
  Сағат үшті көрсетіп, «аш бала тоқ баламен ойнамайдының»  кері туа бастады. Көмекші әйел оған да қарамастан, камераны қосқызып, әрбір келушіге атадан не сұрайтынын, әулиеге қалай амандасу керектігін үйретіп, «дайындық» жасай бастады. Әйел заты «Сәлеметсіз бе, Қыдыр ата?» деп амандасатын болса, еркек кін­діктілер «Армысыз, Қыдыр атаның сүйікті баласы әулие  ата?» деп сәлемдесуі шарт екен. Осының бәріне «ширыққан дайындық» жүріп жатты. Өмірде бұлай тынысым тарылмаған шығар. Арман болған атам сағат тілі төртке таяғанда, төбе көрсетті. Иіліп сәлемдесіп жатырмыз. Әулиеге тән белгі байқамадым. Джинсы шалбар, жүн күртеше, басында шошақ қалпақ. Ем алушы алғашқы адам кішкентай қызын ертіп келіпті. Соқырішек отасынан кейін қызының іші ауыра беретін болыпты. Дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған соң, атаға келіпті. Ата былай деп ем айтты: «Кешке шейін кеспе қуырып бере берсең, баланың іші ауырмағанда қайтсін? Балаңа бешбармақ жасап бер». Буын ауруымен ауыратын бір әйелге «сыртқа шығып, таза ауамен тыныстап қайт» деген дауа айтты. Баланың ойынындай бір түрлі көрініс болды. Алайда көптің арасынан секем алушылар, шүбә келтіріп күмәнданушылар болмады. Бір ер адам шығып, атадан арақтан қашудың емін сұрады. Ата оған «үйлен» деді. Үйленсе бар жаман қасиетінен, сырқатынан айығып сала береді-міс. Сөйтті де, ата шығып кетті. Көмекшілер музыка қойып, «билеңдер» десті. Би кезінде «шипа жиямыз» екен. Манағы жас жігіт және бір әндерін қоймай айтып тұрып алды. Оның қалтасына да ақша салып берді «ақылды емделушілер». Атамен жүздесу бақыты бұйырып, ол қайта кіргенде орнымнан тұрып, иіліп сәлем еттім. Әулие ата сұрақтар қойды: «Қайдан келдің? Не жұмыс істейсің? Келгендегі мақсатың не? Күйеуге тидің бе?» Ана бір араққа тәуелді болып қалған бауырымызға айтқан емін маған да айтты. «Күйеуге ти. Бүкіл сырқатыңмен қош айтысасың. Күйеуге тию деген – табиғаттың заңы.» «Неге олай дейсіз?» деп аузымды аша бергенімде, мен бір қылмыс жасап қойғандай, көмекші біткен шу ете қалды: «Ойбай, атаға сұрақ қойма!» «Сауал тастау, құбылысқа жан-жақты үңілу, зерттеу – журналистке тән қасиет», – деп жауап қатқанымда, ата бір жәрдемші әйелге «бұнымен оңаша сөйлес. Далаға алып кет» деді. Өзін медбикемін деген ол әйелдің маған айтқаны – «атаның қолынан бәрі келеді. Жол ашу да, дертіңнен арылту да. Тек сұрасаң болғаны. Ал, сенің ата туралы жазуға ниетің бар ма?» Ниетім жалындап тұрғанын айтып, атамен сұхбаттасуға асыққан едім. Медбике «атаға сұрақ қоюға болмайды. Бірақ, оның өзі рұқсат бермесе, жаза да алмайсың. Заңға қайшы  әрекет еткен болып шығасың» деп үрейлендірді. Үрке қоймадым. Әлі де бақылай түспек болып, ішке кірдім. Ата бекер  тұрмай, менің өмірлік жарымды «тауып қойыпты».  Емделушілер арасынан бір еркекті алып шығып, «екеуің жарасып кетесіңдер» деді. Атаның әмірімен вальс билеген болдым. Әулиенің айтқанына кіршіксіз сенген бе, ана жігіті құрғыр «танысайық» деп мені тергей бастады. Музыка аяқталып қалып еді, ата «енді сен жігітті биге шақыр» деп қыспаққа алды. Осылайша «бақыт тауып», шипа алуға болады екен. Жолдан шаршағанымды айтып, сытылып кетейін деп едім, көмекшілер «атаға қарсы келуге болмайды. Аяқ-қолыңды құрыстырып тастайды», – деп ұлардай шуласты. «Жігітпен танысу ойымда жоқ» деп жұлқынып едім, көпшілік қоймай билетті. Билеген сыңай танытып жүріп, музыканың соңына әрең жеттім. Ата орнына барып, көк мұқабалы қалың кітапты қолына алды да: «Бұл – киелі кітап. Көзі нашарлай бастаған бір қыз осы кітапты 120 рет оқып, жанарын қайтарып алды. Кітаптың авторы – Назарбаевтың сыныптасы (Дөкей автордың атын атамады). Егер, осы кітапты менің өз қолымнан  5000 мың теңгеге сатып алатын болсаңдар, бүкіл үрім-бұтағың пәле-жаладан, ауру-сырқаудан алыс жүреді», – деп жарнама жасады. Құлшынып келіп сатып алғандар санынан көңілі тола қоймаған ата кітаптың аз қалғанын, жуық арада қайтып шыға қоймайтынын айтып ескертумен болды. Сосын, құны қымбат «қасиетті шашу» шашылды. Атаның уыстап пәрменімен лақтырған  арзан тастай кәмпиттері біреулердің басына тиіп, енді бірулердің көзіне тиіп жатты. Оны емделушілердің «ойбай, басым», «көзім-ай» деген дауыстарынан аңғардым. Кәмпиттерді көктен жауған Алланың нұрына балап, таласып-тармасып алып қойдық. Менің қолыма екі кәмпит әзер ілікті. Кәдімгі арзан мұз кәмпит екен. Дереу жеп қойдым. Жемес­ке амалым жоқ, таңғы сағат тоғыздан бері нәр татпағанмын.
Осындай қарбалас сәтте ата залдан шығып кетіпті. Бір жас жігіт түйетауықтай қойтаңдап келіп, «көздеріңді жұмыңдар. Сөмкелеріңді жерге тастаңдар» деп бұйрық етті. Орындыққа дүмін басып отырғандар тегіс бұйрыққа бағынды. «Айдың-күннің аманында тоналып қалмайын» деп, сөмкемді қолыма алып отыра бердім. Әлгі көмекші жігіт жақындап келіп,«Бұл – Құдайдың үйі. Бұл жерде заттар жоғалмайды. Көзіңді жұм. Сөмкеңді таста», – деп жекірді. Отырғандар бір кісідей көздерін жұмып, мүлгіп отырғанда, сұғанақ қолдарға еркіндік тиері хақ. Шығып кетудің ебін таппай отырғанымда, медбике келіп, «Чо так сидишь? Закрой глаза!», деп шүлдірлеп зікір салмақ болды. Сонда сары алтындай сабырым таусылып, шығып кеттім.
Алыстан ат арытып келгендердің көбі  науқас жандар. Дәрігер дауасын таппаған соң, «атадан қайыр болар» деп үміттеніп келгендер. Ауруханада ақ халаттылар ақша сұрап қылқылдаса, мұнда әулие деп сеніп келген атасы «бағыңды ашам, жолыңды ашам» деп қалталарын қағумен болды. Сонда да секем алмай, ең соңғы болып өлетін әлсіз үміт жібінің бір ұшынан ұстап отыра берді, олар. Сонда 7 сағат бойы жын ойнақ ортасында отырып мен не көрдім? «Бір ұлым, не бір қызым отау құрмады. Перзенттерімнің жолын ашшы!» – деп зарлағанда кеудесі запыранға толған қарт ананы көрдім. «Арақтан құтқаршы» деп еңкілдеген еркекті көрдім. «Күйеуім тастап кетті. Азаматымды қайтаршы!»-деп қайғы жұтқан жас әйелді көрдім. «Үйлене алмай жүрмін. Отбасын құрып берші» деп безілдеген, жасы келген ер-азаматтарды көрдім. Сол көз жасынан қаймықпастан, дорбаларына ақшаны сықитып жинап, суық сөйлеп, сыпыңдаған әулие Жанарыстың көмекшілерін көрдім. Өзін-өзі Қыдыр атаның сүйікті баласы жариялаған әулие қаншама адамның тағдырымен ойнағандай болып жүргенін біле ме екен? Жә, «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді». Әулиесымақ Жанарыс Жақсылықұлы тойып секірсін, құзғын-құлқыны маза бермей, «Мына кітапты сатып ал. Сонда жолың ашылады!» – деп жекірсін. Ал, жаңа ғасырдың жаңашыл қазақтарына не жоқ?! Кеткен күйеуін «жалған пірден» сұрағанша, өзінен неге сұрамайды, сол келіншек? Бірде-бір баласы аяқтанбаған қарт ана «өзін-өзі әулие жариялаған жетесіздің» аяғын құшып, тілек тілеп зар илегенше,  неге өз бетімен әрекет жасамайды? «Үйлене алмай жүрмін» деп үні шықпай сүмірейіп тұрған сол бір жігіттің қызға жүзі шыдап сөз айтуға рухы жетпей ме? Неге? «Арақтан құтқаршы» деп азар да безер болып тұрған ана бір бауырымыз сол әзәзілден құтылудың жолын өз жүрегінен неге іздемейді? Бұл көріністерден кеңес кезінде «өкімет өлтірмейді» деп жалқауланып үйренген қазағымның жалбағайлығын байқадым. Ал, «әулие емшінің» бас салып ақша жинағаны, сұрақ қойғызбай ат-тонын ала қашқаны көңілімдегі соңғы үмітті де өлтірді. Тек жүрегімді ашытқаны –дәрігер сырқатынан сауықтырар жолын таппаған науқас жандар елу бір жастағы атаға үмітті көзбен мөлиіп отырғаны.
Егер, біздің отандық медицина адам ағзасында болар дерттердің емін тапқан болса, қарапайым қазақ әулие-әнбие жағалап, тентіремес еді. Ғылым қауырт дамыса, медицина «Мен!Мен!» деп тұрса, қалың қазақ бақсысымақтардан жанына сауға сұрап, сабылмас еді.
Бір ғажабы сол әулиемен көрші тұратын  адамдар одан ем сұрап ешқашан барып көрмепті. Әйтсе де, әулие «шарапаты» көршілеріне де тиюде: түн қатып, күн қатып, Ақтөбеге бара қалсаңыз, Қыдыр атаның сүйікті баласынан ем алғыңыз келсе, оның көршілері сізді пәтер жалдаушы ретінде қабыл алады. Пәтер жалдау құны – тәулігіне мың теңге.
Тарихтан белгілі, бақсы сарыны, бақсы зікірі деген ұғымдарды ғалымдар да теріске шығармаған. Бірақ, қазіргідей алаяқ пен жемқор қаңғыған иттен көп кесірлі заманда олардың шын-өтірігін кім анықтай алсын? Әрі әулие-әнбие жағалап, алақан жайып, тілек тілейтін ескі заман өткен. Басың ауырып, балтырың сыздаса, ауруханаға бар, қазақ! Бағың ашылмай боздасаң, жолың ашылмай тұсаулы аттай кібіртіктесең, бақсыға барып, арам терге түспе, ей, қазақ! Әр қазақты бар пәледен құтқаратын – оның өзі, қазақы биік рухы мен темірдей төзімі!

Алдыңғы «
Келесі »

6 Пікір бар

  1. Мына мақала шынында да жанайқайдан туған, шынайы мақала екен! Біздің қазақтың бағы қашан ашылар екен, ауруханаға барсаң да,әулие жағаласаң да, өзіңнің биік рухың болмаса,бар пәледен құтылмайсың қазақ деген пікірге мен де қосыламын

  2. Мынау деген тіптен “конвеерный потокқа” қойылған схема екен ғой,бұл жерде жоғарыда пікір білдірген Гүлсім қызымызға қосылмасқа лаж жоқ, ден-саулығын ойлаған қазаққа, әрнәрседен ем қонар деген қарабайыр түсінктен қашан арылар екенбіз, осыдан бір 9-10 жылдай бұрын “Ақ жол, ақ аға” дегендер шығып, елдің бәрін бір автобусқа салып әулие аралатып, елдің қалтасын бір қағып еді, сол кезде менің бір жеңгем мен бір балдызым соларға қосылып: “Ауруымның емін іздеп жүреміз, жүрсек”- деп бетбақтырмай врачтарға да өз денсаулығын тексекртпей, ақыры о дүниеге жастай аттанып кеткен еді екеуі де, ал балдызым марұмның артында емізулі баласы да қалған еді, қараңғылық дейін десең, оған да келмейді, сонда не бұл біздің денсаулық сақтау жүйесіне сенімсіздіктің кесірі ме, әлде сол жүиенің де ақылы болып елдің ақылы медицинаға қолдары жетпегендіктен бе осындай тәуіпсымақтардың қызметіне бас ұратындары! Мақала өте дұрыс, әрі бәрін айшықтап жазылыған екен,Рахмет Айзат қызым! Жазарың көбейсін! Елдің көзін ашу керек осындай мәселелерге! Осындай айлакерлердің бет-пердесін аша түсу керек!

  3. Мынау деген тіптен «конвеерный потокқа» қойылған схема екен ғой,бұл жерде жоғарыда пікір білдірген Гүлсім қызымызға қосылмасқа лаж жоқ, ден-саулығын ойлаған қазаққа, әрнәрседен ем қонар деген қарабайыр түсінктен қашан арылар екенбіз, осыдан бір 9-10 жылдай бұрын «Ақ жол, ақ аға» дегендер шығып, елдің бәрін бір автобусқа салып әулие аралатып, елдің қалтасын бір қағып еді, сол кезде менің бір жеңгем мен бір балдызым соларға қосылып: «Ауруымның емін іздеп жүреміз, жүрсек»- деп бетбақтырмай врачтарға да өз денсаулығын тексекртпей, ақыры о дүниеге жастай аттанып кеткен еді екеуі де, ал балдызым марұмның артында емізулі баласы да қалған еді, қараңғылық дейін десең, оған да келмейді, сонда не бұл біздің денсаулық сақтау жүйесіне сенімсіздіктің кесірі ме, әлде сол жүиенің де ақылы болып елдің ақылы медицинаға қолдары жетпегендіктен бе осындай тәуіпсымақтардың қызметіне бас ұратындары! Мақала өте дұрыс, әрі бәрін айшықтап жазылыған екен,Рахмет Айзат қызым! Жазарың көбейсін! Елдің көзін ашу керек осындай мәселелерге! Осындай айлакерлердің бет-пердесін аша түсу керек!

  4. Басқа-басқа, Алланың жолына түскенсіп дүние тапқанның күнәсі ауыр екендігін білмейді емес, біледі ғой мына әулие де. Біліп тұрып күнә жасау деген не сұмдық…

  5. Қадірлі достар, мына мақаламды оқып, ой түйгендеріңізге мың да бір рахмет! Осындай мәселесі мың сан мақаланы еш жасқанбай жарыққа шығарған “Ақиқат” журналындағы ағаларға да алғысым шексіз! Омарбек аға, айтқан рахметіңізге оқасы жоқ деген сөз сай емес сияқты! Омарбек аға, Сізге, сіздей ойлыф оқырмандарыма РАХМЕТ!!!!

  6. Жарайсың,Айзат,қаламың әлі де ұштала түссін.Жазарың көп,оқырманың мол болсын.Мақалаңды оқып риза болдым.

Пікірлерге тыйым салынады.