Тағы да «қазақ миссиясы» туралы

  • 15.07.2014
  • 266 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит Бәкірұлы, «Ақиқат» 

Қазіргі заманда  ұлттың ыдырауалды процесінің ең қауіпті жағы қоғамның «тек қана жиған-тергеніне мәз олигархиялық топ» және «тәуелсіздігін қорғауға қау­қарсыз кедейлер» деп бөлінуінде ғана емес, енді, бұл «бөлініс» рухани деңгейге ауыз сала бастады. Мұндай факторлар аяқ алып жүргісіз жағдай тудырады. Мысалы, қазір әр дінге сыйынатын туыстары бар мыңдаған әулеттер бар. Ондай «діни ыдыраудан» көршілерім де, жақын достарым да, тіптен, өз әулетіміз де аман қала алмадық. Ал, қазіргі тілдік негізде қалыптасқан «менталдық ыдыраушылық» жан-жақты кездеседі: кез келген қазақ әулетінде «қазақы болмыс» пен «орыстанған болмыстың» күнделікті «қақтығысып қалуы» (түсініспеушілігі) тұрақты көрініске айналған… Оның себеп-салдарын ғалымдар да талқылап жатыр.  Мысалы, белгілі қоғамтанушы Әділ Тойғанбаев ол туралы былай дейді: «Қазақтардың ұлттық мүдде туралы күресіне тыйым салынған. Бұл бұрынғы (кеңестік – Ә.Б.) жағдайдың жалғасы десек те, енді, оны өзгертпесе болмайды.

Саяси элита бұл мәселеден басын алып қашқан сайын, қазақтың «ұлттық мәселесі» ұлт мүддесінен аулақ өзге топтардың, тіптен, «кім болса соның» айналысатын ісі болады». Енді, Ә.Тойғанбаевтың мына ойына назар аударайық: «Соқыр ұлтшылдық» ұлтқа қарсы әрекет жасалып жатқан ортада тез өрбиді және сонымен бірге, бұл − ұлттың күрделі өзгерістерге әзір еместігін де біл­діреді. Егер, ұлтты осындай – «іргелі істерге даярлау» алдын-ала ойластырылмаса, ұлттың көзі ашылмаса, онда ол «жапанда жалғыз қалғандай» күйге түседі. Сондықтан, ондай ұлтшылдық кез келген жаңалыққа үрке қарайды»…, дей отырып, «Ондайға біздің аға буын бейім. Олардың осы оралымсыздығын мойындауы – өздерінің көштен қалып қойғанын мойындауы» деген қорытынды жасайды. Әрине, мұндағы Ә.Тойғанбаевтың «қазақ ұлтшылдарына» қатысты астамшыл көзқарасын «жылы жауып» қойсақ та, оның сөз астарында біршама шындық бар екенін мойындау қажет. Мысалы, еліміздегі діни қайшылықтың пайда болуының негізінде «діни сауатсыздық» жатқанын айтар едік. Ұлт мәселесінде де жалаң ұрандар сауатсыздықтан басталып, радикалдануға әкеледі. Ол қоғамды қазіргіден  бетер қауіпті жағдайларға алып келуі мүмкін.  Егер, жоғарыдағы тезиске мұқият назар салсақ, онда оның ол сөз кейінгі кезде қанат жая бастаған «қазақ ұлтшылдығына» сенімсіздік және қазақ ұлтының «тарихи миссиясын» атқара алуына күмән болып шығады. Себебі, ол тезисте Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет ретінде − ең алдымен, «қазақ ұлтының мемлекеті» екендігі және қазақ ұлтының жетекшілік факторы мойындалмайды. Міне, біз бұл мысалдан жоғарыда атап өткен «ыдырау процесінің» тек тұрмыстық-рухани ортада ғана емес, ғылыми-сараптамалық деңгейде де көрініс тауып отырғанын байқаймыз! Бірақ, әділетке жүгінсек, кез келген сарап­тама алдымен қазақ ұлты тек өзінің мемлекетінде ғана өзінің ұлттық болмысына ие бола алатындығын мойындауы қажет қой? Тек, сонда ғана шындыққа қол жетеді. Бірақ, қазақты «әлемдік ұлт»  қатарынан көргісі келетіндерге ол қажет емес. Олай болса, ондайлар үшін ұлттық құндылықтарды бастапқы санайтын аға буын өкілдерінің «кертартпа» болатыны – өзінен-өзі түсінікті де! Мақұл делік − қазіргі көп жазғыштар туралы «білімі мен өмір тәжірибесі жетпеген» деп, кешіріммен қарауға да болар. Бірақ, кейде атағы мен ақылы «жер жарған» атақты қазақтың өзі осының үлгісін көрсетсе – не демекпіз? Мен бұл жерде бәрімізге үлгі Олжас аға − Олжас Сүлейменов туралы айтпақпын.  Жақында ғана ол баспасөз беттерінен жариялы түрде қазақтың ай аты «Мамыр» туралы «Что за название «Мамыр»? Мне это название слышится как «мам-мыр-р-рр» деді. Біз орыс тілінде жиіркенішті білдіретін «бр-р-рр» деген дыбыстың (сөз деуге татымайды) бар екенін білеміз. Олжекең, сөйтіп, қазақтың «Мамыр» сөзін ғана қор санап қоймады, ол қазақтың тілін қорлап тастағанын білді ме? Тілімізді жиіркенішті, лас нәрсеге теңегенін ұқты ма? Енді, мүмкін, «Олжекең айтты» деп қазақтар тілінен «Ң» әрпін алып тастауы керек болар? Сөйтіп, бәлкім «маңқа» деген атақтан құтылармыз?.. Ал, біздегідей «Ө», «Ғ», «Ң», «Ұ» дыбыстары бар француздар не істемек? Мүмкін Олжекең Парижге қайта барып, оларға да осы «ақылын» айтар – «әлем адамы» ғой! Ал, расына келсек, бұл қазақтың бүтін болмысының ыдырауының жоғары – зиялық қауым төңірегінде де орын алып үлгергенінің айқын көрінісі болып табылады. Олжас ағаның жоғарыдағы сөзінен кейін қазақ біріге түскен жоқ, керісінше тағы да қақ жарылды: «қазақ емес» қазақтар – қазақтығынан алшақтай түсті, қазақтары – «қазақтығына» қор бола түсті… Тағы бір мысал: жуырда ақын Аманхан Әлім белгілі режиссер Болат Атабаевтың «Многие представители старшего поколения вводят в заблуждение нашу молодежь, заявляя: «Я горжусь, что родился казахом». Что значит гордиться тем, что родился казахом? По сути, это же самое, что гордиться тем, что родился в девять утра» деген сөзін сынға алды. Аманхан оған «тексіздікке тәрбиелеу» деп баға берді.  Сөйткенде, ол туралы біреулер «30-шы жылды еске салады» деп жазыпты (Болат Атабаевты қорғаған түрі ғой). «Ұлтым» деп сөйлеген Аманхан, әрине, құлазыды… Мен оған былай: «Әбеке, оған назар салмай-ақ қой. Бөкеңді мен өте құрметтеймін, ұлтшыл адам. Бірақ, ол бұл сөзді елде жүргенде айтса керек. Кезінде Абай да «қазақтың «қазақтығымен» мақтанатын түгі жоқ» демеп пе еді?! Бұл да сол сияқты ашумен айтылған сөз. Ал, адамның ұлтын сезінуі – шетке кеткенде айқын сезіледі. Қазір ол Германияда жүр. Қазақ режиссері ретінде ұлықталды – санаулы адам ғана ала алған Гете атындағы сыйлықпен марапатталды. Не үшін? Қазақ болғаны үшін! Сондықтан, қазір ол «қазақ болып туылғанына ерекше мақтанады», − дедім. − «Бірақ, Болат оны шетке кеткенде ұқты, ал, ұқпайтындар да бар ғой! Олардың арасында «ақылымен әлемді мойындатқан»  Олжекеңнің бары қандай өкінішті»!..  

Шынында да, қазіргі заманда әлемдегі барлық жаңалықты меңгере отырып, ұлттық болмысты сақтап қалуға мүкіндік қалмағаны ма, сонда? Жоқ, ондай «мүмкіндік» қазақ болмысына үстемдікпен, кейде, кекесінмен қарайтындар үшін ғана қалмаған дер едім! Неге? Себебі, мұндай жағдайдың орын алып отыруының өзі де ұлттық биліктің және өзге мәдениет аясында тәрбиеленген ұлт өкілдерінің өзінің қазақы болмысынан, яғни, кіндігінен ажырап қалғанында жатыр. Ал, қарапайым қазақ тұрмыс жағдайы ауырлығына күйзеліп жатқаны болмаса, өз тілінің әуезділігіне, үндестігіне «қорланатындай» жағдайда емес. Ал, оқу-тоқуы мол элита, мәселен, жапондықтардың өз дәстүрі аясында озық ұлтқа айналғанын, қытайлардың да сол ізбен келе жатқанын, тіптен, немістің де солай екенін, орыс ұлтының да «өзіндік болмысы» үшін небір, тіптен, келеңсіз әрекеттерге барып жатқанын жақсы түсінеді. Түсінгенмен не пайда – олар өзгелерге басы бүтін сенім білдіргенімен − өз ұлтының бойында осындай бір мысқалдай жасампаздық қасиет барына сенбейді! Өкінішті! Сондықтан, оларға өздері айтқандай «ұлтты іргелі істерге даярлау»  қажет. Әрине, даярлау қажет! Бірақ, қалай? Оларға салсақ − оны (ұлтты) кертартпа ұлттық болмыстан және кертартпалықты егуші  аға буыннан ажырату арқылы бәсекелестікке төзімді ұлт жасап шығару қажет екен! Ал, енді, әрине, «ондай ұлтты қалыптастыру міндеті» (миссиясы) «оқу-тоқуы мол» олардың өзіне жүктелуі тиіс… Сонда, олар қандай қазақты «тәрбиелеп» шығармақ? Ал, біз болсақ: «ұлтты іргелі істерге даярлау» тек қана ұлттық болмысты күшейту, оны мағынаға толтыру, адами келбетін шыңдау, оқуы мен білімін үздіксіз жетілдіру, мәдениетке ұмтылу арқылы жүзеге аса алады» дейміз. Сонда, кімдікі дұрыс, кімдікі ­ − бұрыс болғаны?­
Біздің сөзіміздің дұрыстығының дәлелі ретінде − Б.Әбдіғалиев пен А.Ахметжанов оның себебін басқа жақтан көреді. Олар «Қазақ миссиясы» еңбегінің «Қазақ шындығы» атты тарауында былай деп жазады: «Тәуелсіздік алған соң бай табиғи қазынасын өз қажетіне жұмсап, жинақталған адами капиталды Қазақстанның барша халықтарының игілігіне жаратудың ерекше мүмкіндігі туды.  Бірақ, қазақтар толыққанды, бәсекеге қабілетті ұлт ретінде қалыптасу мүмкіндігін  уысынан шығарып алды, қысқа мерзімде үлкен секіріс жасай алмады. Мұнда басты кінә билікте екені қазір түсінікті бола бастады» дейді.  Олар бұл жерде көзге көрінбейтін, онша еленбейтін антогонизмді дөп басқан: Ә.Тойғанбаев пен Олжас ағамыз – «оған кінәлі қазақы дәстүр мен салттың кертартпалығы» десе, екіншілері – «билік» деп отыр.  Ал, ұлттың өзіне келсек, «Қазақ миссиясының» авторлары ұлт туралы «Биліктегі «таңдаулыларға» имандай сенемін деп, қазақтар өздерін қаншалықты дәрежеде төмендетіп жібергенін байқамай қалды» дейді.  Міне, мәселе қайда? Өйткені, әлемде тыныштықты қалау қанына сіңген, адал ниетті, сенгіш, арамдықтан ада халық (ұлт) некен-саяқ. Соның ілуде біреуі – қазақ ұлты еді… Ондай ұлтқа залал ойлаудың өзі Жаратушы алдында үлкен күнә! Алайда, біздің элита оны ұға алмауда… 
Жалпы, алдымен осыған дейінгі айтылған ойларды қорытындылай келе, «ұлт» түсінігін анықтап алған жөн: «Ұлт дегеніміз − белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты қалыптасатын, өзара мәдени біртектілік пен салт-дәстүр, тіл ортақтастығы, ортақ шаруашылық үрдісі мен өмір сүру кеңістігі арқылы байланысқа түскен, уақыт өте «физиологиялық тұрғыдан да бүтін бейне» құра алған әлеуметтік топтар немесе адамдар қауымдастығы» деген анықтамаға келеді. Мұнда ғылыми анықтамаға сүйенсек те, дегенмен, өз тарапымнан «физиологиялық бүтін бейне» деген терминді қосуға мәжбүрмін. Оның расизм мен нацизмге еш қатысы жоқ деп санау керек. Әрбір ұлттың өзін-өзі идентификациялауы физиологиялық деңгейден бастау алатыны, мәдени тұлғалық ерекшеліктермен толығатыны – табиғи нәрсе. Олай болса, осы ерекшеліктерді бойына жинақтаған ұлт та қашанда белгілі бір дәрежедегі «әлеуметтік күш» ретінде сақталады.  Бірақ, ол «күш» − потенциалдық деңгейде булығып жататын күш. Оны алдын ала дұрыс бағыттаған жағдайда, ол – жасампаздық сипатқа ие болады, ал басып-жаншыған жағдайда – сарқылады. Ал, оның оған жеткізетін тетік ұлттың өзінде емес, қашанда одан тысқары тұрады. Ол − мемлекет пен билік! Тіптен, халқы өте белсенді қазіргі демократиялық қоғамдардың өздері де ол «тетікті» әділ сайлаулар арқылы биліктің қолына ұстата алады. Ал, «халықтың қалауы» болмаған кезде – сенімсіздерді билік маңынан аластайды. Халықтың жігері мен оның «тарих субъектісіне» айналуы да осыдан көрінеді. 
Алайда, тарихта Билік пен Халықтың мақсаты бір арнадан табылуы – сирек кездесетін құбылыс.  Тіптен, халық өкілеттігімен өмірге келген Биліктің өзі де Халықты «объект» ретінде көруге бейім тұрады! Сол себепті, кез келген биліктің «билігімді нығайтсам» деген әрекеті әрқашан екінші жақ – халықты қанаумен, оған зардап шеккізумен ұласады. Онсыз өктем билік өзін-өзі нығайта алмайды. Ондай билік түрі авторитаризм мен деспотизмге ұрына отырып, өзі отырған тақтың іргетасын шайып жатқанын сезінбейді. Сондықтан, ондай жолман «нығайту» − алдамшы көрініс. Ал, оның шынайы көрінісі Билік пен Халықтың бірлігі. Оны тек демократиялық жолдармен ғана іске асыруға болады. Оның жолы «авторитаризмге» қарағанда әлдеқайда ауыр және жауапкершілікті. Әрбір билеуші ол деңгейден көріне бермейді. Сондықтан, адамзат барлық уақытта «қиялдағы қоғам»  мен «көреген көсемді» армандаумен келеді… Осыған дейінгі небір утопиялық теориялар сол себептен туындап отырды… Сонымен бірге, бақытты қоғамға жетелейтін «миссионерлік» туралы түсініктің өзі де қарама-қайшылыққа толы. Мысалы, Мойсейдің жер жәннатын іздеп халқын қырық жыл соңынан ертуі, небір қиыншылықтан өтіп, шыңдалуы немесе біздің Асанқайғының жерұйықты іздеуі, Қорқыт бабаның «мәңгілік өмір сарыны» және т.т. Мұның бәрі де «миссиялық» жолдар еді! Жоғарыда аталған «Қазақ миссиясы» да дәл осыған – тәуелсіздікпен бірге қазақ ұлтының алдында «миссионерлік мүмкіндік» (жауапкершілік деп ұғыңыз) туғанына, ұлт оны қалайда абыроймен атқарып шығуы тиіс екеніне меңзейді. Бұл – Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың емес, тек қана қазақ ұлтының миссионерлік жолы болатын! Себебі, көп ұлт мекендейтін мемлекетте барлық ұлтқа ондай міндет жүктеу мүмкін болмайды. Ол ұлттар қазақ жеріне небір тарихи жағдайлармен сырттан келді. Олардың көбінде өздерінің «ұлттық мемлекеттері» бар. Ендеше, әділеттілік үшін де еліміздегі диаспоралық ұлттар «қазақ миссионерлігін» мойындауы тиіс, әрі солай екендігінде күмән жоқ. Егер, ағыс осы шындыққа қарсы болса, онда ондай «ағыс» қоғам мен мемлекет дамуын шектейтін арнаға бұрылып кетуі бек мүмкін. Сондықтан, жоғарыда авторлар атап өткендей «бұл − биліктің кінәсі» – «біздің билік осы мүмкіндікті қолдана алмағанынан, уыстан шығарып алғанынан туындап отыр»  деген сөз дұрыс болады.
Соныменен, «енді не істемек керек?» деген сұрақтың туындауы заңды. Не істемек керек? Мен өзіме жақын екі жолды көріп отырмын. 
Біріншісі – демографиялық секіріс!  Осы көктемде ҚазҰУ-нің 80 жылдығына байланысты «Әл-Фараби оқулары» атты ғылыми конференция болған еді.  Оған Әзербайжан ҒА Философия және социология, құқық институтының аға ғылыми қызметкері, ғылым докторы, профессор Айдын Әлизаде қатысты. Ол:  «Мен өз елі мен жеріне берілген шынайы патриот жастарды көрдім. Олар «еліміз үшін жан пида» дейді. Мен оларға былай дедім:  Мемлекет мәселесін мемлекет шешсін! Сендердің ел үшін жасауға тиісті одан да аса маңызды шаруаларыңыз бар, ол – халық санын көбейту! Бұл – сіздердің ұлттық идея болуы тиіс. Әрқайсыңыз көп балалы отбасы болуға ұмтылыңыздар.  Жерлеріңіз үлкен, оны қорғайтын, мекендейтін ұрпақ керек. Қолға қару алып, өле салу оңай – оны сіздердің жағдайда шынайы патриотизм шыңы дей алмаймын. Ал, іргелі елге айналу өте қиын. Ұлттың санын көбейту  − міне, бұл нағыз патриотизм! «Отан үшін өлуден бұрын Отанға ұрпақ керектігін ойлаңыздар! Сіздер ұлттық Туды алаңға тастап кетпей, түнгі төсектеріңізге дейін аман-есен алып баруға тиіссіздер…» деген еді. Өте орынды сөз. Мәселен, қазіргі жастар бала санын шектеуге көшті. Одан өзге «отырып қалған қыздар» мәселесі бар. Міне, біздегі «сәнқой» гендерлік саясат алдымен осыны ойласа етті!.. 
Екіншісі – ұлттық дәстүр мен тіл! Әрбір қазақ отбасы балаларын, немерелерін өзінің ана тілінде ойлауға, сөйлеуге баулуы қажет. Мемлекетте қазақ тілі ортасының айқын басымдыққа жетуіне үлес қосуы тиіс. Бұл да ұлттық идеяның бір ұшығы бола алады. Әрине, ол үшін уақыт керек, төзімділік керек. Бірақ қазіргі биліктің орысшыл және басқа сипатына қарап, олар ұсынған жетекте кетуге болмайды. Абай «халық − мұхит, адам − қайық» дегендей,  әр қазақтың ұлттық құндылықтарды дәріптеуі арқылы «мұхит-халық» болуға бет бұрғаны жөн. Сонда ғана «ішкі әртектілік», «ұлттық біртектілікке» сіңеді, соған ұласады. Сөйтіп, қоғамдағы қазіргі антогонизм шешуін табады. Енді, ол процесті қалай іске асыру қажет.  Ол, басқа – келесі тақырыптардың әңгімесі…

 

Алдыңғы «
Келесі »