ТАҒДЫРЛАР ТОЛҒАМЫНДА ТОСЫРҚАУ БОЛМАС ЕДІ…

  • 15.07.2014
  • 2413 рет оқылды
  • 2

Құлбек ЕРГӨБЕК,
журналист

Әл-Фараби атындағы ұлттық уни­вер­­ситеттің ректоры, ғалым, ақын Ғалым­қайыр Мұтанов Бейсембай Кен­жебайұлы жайында «Өнегелі өмір» сериясы бойынша кітап жасақтап беру жөнінде өтініш айтты да үлгі үшін серияның 25 кітабын қолыма ұстатты… Кітап құрастырмас бұрын мен әлгі кітаптарды бауырыма ба­сып жатып оқып шықтым.    

                              
Өмірімізде күнде бір жаңалық. Бір жаңалық болса мейлі-ау, бірнеше жаңалық. Бәрі де бүгінде қадірін біліп те, білмей, білсек те қасиет тұта алмай келе жатқан тәуелсіздіктің арқасы. Сол жаңалық атаулыны түгел тінте қарап, тімтіне іздеп тауып, індете  бажайлап бойға сіңіру тіпті мүмкін еместей бейне. «Түңіле» сөйлеп отырған себебім қазақ руханиятында (баспа ісінде) біраздан бір жаңалық орын теуіпті. Ол не жаңалық? Ол ма?  «Өнегелі өмір» сериясы ашылып, серия бойынша жиырма бес кітап жарық көріпті. Ұйымдастырған, ұйымдастырған да іске қосқан – қара шаңырақ білім ордасы – бүгінде  ашылғанына 80 жыл толып отырған әл-Фараби атындағы Ұлттық университет. Өзіміз түлеп ұшқан ыстық ұямыз. Түлеп ұшқан ыстық ұямыздың ұжымы да айта қоймаған «біз мынадай жаңалық жасап жатырмыз» деп, түлексымағы біз де жаңалық атаулыға жарғақ құлағымызды жастыққа тигізбей елеңдеп құлағымызды тосып, ынта, ықылас білдіре алмағанбыз. Осындайдан кейін ғой «Біздің қоғам жадысызданып бара жатқан жоқ па осы?» – деп ойланып қалатынымыз… Бәрі де өзімізден әрине.
Өзіміз. Сөзді өзімсініп бастауымда мән бар. Кезіндегі тілмен айтқанда одақтық «Молодая гвардия» баспасы «Жизнь замечательных людей» аталатын абыройлы серия ұйымдастырып, жүз жылға таяу уақыт үзіліс үздіксіз сүйкімді өнім беріп келе жатқаны көзқарақты оқырманға мәлім. Се­рияның басында Максим Горький тұрды дейтін зерттеушілер. Болса болар. Қалай дегенде де ел болмақ жолдағы үлкен мақсаттан туған серия. Осы биік мінбер дерлік баспадан жарыққа шыққан өнімдерді қызыға оқыдық өз басымыз. «Одақ» әйтпесе негізінен орыс  ұлты жасап отырған сериялық әдебиет үлгісін неге бізге жасауға болмайды? – деп ойландық кезінде. Республикада жабық жатқан Нәзір Төреқұлов, С.Қожанов, С.Сапарбеков сияқты тақырыптар, айтылмайтын тұлғалар жайында көрші Өзбек ССР-інде кітаптар жарық көріп келеді. Олар жайында да жұмған ауызды ашып «Өнегелі өмір» атап деректі, деректі-ғұмырнамалық серия жасақтап, кітаптар шығару керек деп дабыл қағыппыз («Өнегелі өмірге кең өріс» «Лениншіл жас» 11 қазан 1978 ж.) Ол кезде әлгі аймүйіздердің атын ататпайтын. «Ұлтшыл, алашордашыл, түрікшіл» атап, іргемізді аулақ саламыз.  Біле тұра «Лениншіл жас» газетінің  сол кезеңдегі қайсар редакторы Сейдахмет Бердіқұлов мақаланы газетке басты да жіберді. Жоғарғы жақтан не естісе де, алғыс алса да, қарғыс алса да бас редакторымыз алды. Мен бейтаныс есімдерді есітіп елең ете қалған оқыр­мандардың лебізін қабылдап жаттым.  Кейін келе С.Асқаров бастаған авторлардың комсомол қайраткерлері, Т.Кәкішевтің  «Сәкен Сейфуллин», И.Стрелкованың «Брат мой, друг мой…», «Шоқан Уәлиханов, М.Сәрсекеевтің «Қаныш Сатпаев», Ж.Арыстановтың Ғ.Мұратбаев, О.Жандосов, Ә.Нұршайықовтың Б.Момышұлы, С.Бақбергеновтің, Ж.Бейсенбайұлының  Ш.Уәлиханов  туралы деректі, деректі-ғұмырнамалық туындыларын бетке ала отырып, әр жылдары  «Өнегелі өмірдің» өрісі қандай?» («Қазақ әдебиеті» 15 тамыз 1986 ж.), «Деректі проза: жетістіктер мен кемшіліктер» («Уақыт және қаламгер» 12 жинақ 1986 ж), «Ғұмырнамалық проза және кейіпкер парасаты» («Жұлдыз» №1, 1989 ж.), «Деректі проза дидары» («Алматы ақшамы» 6 маусым 1990 ж.) атап мақала жазып, мәселені бұрынғыдан әрі дамытып, ғұмырнамалық әдебиеттің бір парасын дүркін-дүркін жинақтай талдаппыз, кезінде. Талдау барысында «Жизнь замечательных людей» сериясы бұтақтарының өзбек, литва, латвия, тәжік ұлт әдебиеттерінде тарамданып, орныға бастағанын айтыппыз. Тағдырлас республикаларда (бәрі де біз сияқты орысқа бодан еді) «Өнегелі өмір» сериясы бойынша небір қызықты дүниелердің туа бастағанын жеткіздік, қазақ оқырмандарына. Осындай тарихтың соқпа-соқпасында жасаған дара тұлғалар жайында деректі, деректі-ғұмырнамалық туындылар жаратуды қазақ баспагерлерінің қаперіне қайта-қайта салып отырыппыз. Сондағы ойымыз – ұлы Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлы айтқан: «Балам дейтін қоғам болмаса, Қоғам дейтін бала қайдан болсын?» – деген философия. Ертелі-кеш өмір сүріп «елім!» – деп еміреніп өткен ел перзентін іздей білмесек, іздеп тауып, танып талдап, олардың тәлімін кейінгі ұрпақ бойына екпесек кім болғанымыз?! Әйтпесе,  ел  өз перзенттерін, қадірлей білмесе, өз ерлерін, қазақ қайдан алар кемеңгерді? – деп Ілияс Жансүгіровше толғану! Баспасөздің қозғауының да дәреметі бар шығар, әйтпесе, Баспа-полиграфия ісінің Қазақ ССР-інде дамығаны ма, әйтеуір «Жалын», «Қазақстан» баспалары әртүрлі атауына қарамастан дара тұлғалар жайында деректі, деректі-ғұмырнамалық туындыларды аударып та, арнайы жаздырып та шығара бастады. Соңғы кезде «Ғибратты ғұмыр» аталып «Қазақстан» баспасынан жүйелі жарық көріп келеді. Енді, міне «Өнегелі өмір» арнайы серияға айналып Ұлттық жоғары мектеп шаңырағында жарық көріп отыр. Бақандай жиырма бес кітап. Жиырма бесінші кітап қазақ әдебиеті тарихын «Түрік қағанатына» дейін ілгерілеткен табанды ғалым Бейсембай Кенжебайұлы өмірі, коммунистік партиядан көрген құқайы, өз ұлтына қызметі туралы (Іле-шала 26-сы да жарық көрді). Ал, қалғаны? 
«Салық Зиманов», «Хайыржан Бек­хо­жин», «Өмірбек Жолдасбеков», «Ол­жас Сүлейменов», «Абикен Бектуров»,  «Умир­зақ Сұлтанғазин», «Батырбек Беремжанов», «Есмағамбет Ысмайылов», «Асабай Мамытов», «Тауман Амандосов», «Кенжеғали Сағадиев», «Матипулла Әже­нов», «Сұлтан Сартаев», «Марат Барманкулов», «Зейнолла Қабдолов», «Лениншіл Рүстемов», «Әзілхан Нұр­шайы­қов», «Серікбай Бейсембаев», «Ольга Сонгина», «Көпжасар Нәрібаев», «Тұр­сынбек Кәкішев», «Камал Смайылов», «Темір Дарқанбаев», «Бейсембай Кен­жебайұлы» өмірі, жиырма алтыншы кітап қайыспас қайраткер, Біріккен Ұлттар Ұйы­мында дәріс оқыған тұңғыш қазақ,  Михаил Иванович Есенәлиев (Хәкім) жайында. 
Жиырма алты  тұлға! Тарихтың «Тар жол, тайғақ кешу» дерлік тар жолынан қидаласып өтіп, тәуелсіздік атты даңғылға аман жеткен қазақ ұлтының ірі тұлғалары. Қай-қайсысының да атын атадың-ақ халыққа қызмет ете жүріп тұлғаланған марқас­қалардың келбеті көз алдыңа көлбеп тұра қалады. Қазақтай халық аға буын ұлы қайраткерлерінен 1937-38 жылдары қан-қасап заманда көз жазып қалған. Бұлар екінші, бәлкім үшінші  қайраткерлік буын! Қай-қайсысының да атын атадың-ақ арқаланып жүре бересің. Қызығып кетіп кітапқа үңілесің. Тұлға өмірінен  ілерің, кітаптан оқып білерің  сол – ұлтқа қызмет ету жолындағы ірілік, кісілік. Кейіпкердің көбі-ақ қазақ мәдениетінің, әдебиеті мен ғылымының бір  саласының негізін салушылар болып шыға келеді. Айтулы тұлғалардың өз саласында тындырған еңбегіне айызың қанады, риза боласың. Демек, арнайы серия жасақтауда университет ректорынан (Ғ.Мұтанов) бас­тап, қатысқан мамандардың қайсысы да талғампаздық танытқан. Серия өнімдері болған соң баспагерлік  безендірілуі  бірдей сипатта. Полиграфиялық мәдениет ортақ.  Қаз МҰУ-дың зәулім қалашығы.  Орта ғасыр ойшылы әл-Фараби мүсіні. Толқын-толқын ақша бұлт, зеңгір көк… бояулар орнымен таңдалған.
Кеңес мүшелеріне қараңыз Ә.Нұрпейісов, Ә.Ыдырысов, Ә.Кекілбайұлы, Б.Көмеков, К.Сағадиев, Қ.Сұлтанов, М.Әшімбаев, М.Құл-Мұхамед, М.Жолдасбеков, Н.Ора­за­лин, О.Сүлейменов, С.Қозыбаев, С.Абдрах­манов, С.Қасқабасов, С.Сартаев, Т.Кәкішев, У.Шәлекенов… Алда ауыс-түйісі бола жатар. Қазіргі қалпы міне, осы! Дау айта алмай­­сыз, бәрі де ел жақтаған жігіттер! Бас редакторы, университет ректоры, профессор   Ғалымқайыр Мұтанов.
Еңбектің композициялық құрылымы да қызық. «Жизнь замечательных людей» сериясы өнімдері белгілі бір, не қос автор ғана жазатын деректі-ғұмырнамалық дүние болып келетін. Қолымыздағы еңбек сәл басқашалау. «Бас редактордың кіріспе сөзі», тұлға өміріне шағын барлау, тұлға өмірін дәйектейтін архивтік деректер ксерокөшірмесі, тұлға еңбектерінің қыс­­қаша библиографиялық көрсеткіші, өзі (тұлға) жайында – қиналысты сәттері   жазып қалдырған жан сыры(сотты болған сәтте ақталу үшін әр деңгейде іздене жазған арыз, шағым, сот протоколі,  хат, күнделік), алғы буын, замандастары бағалау-мақалалары, кейінгі буын (шәкірттері) сағыныш  сазына бөленген естеліктері… Кітапқа енген сөздердің дені мемуарлық жазбаға саяды. Естелік сипатты. Ұстазымыз Зейнолла Қабдол: «Естелік – рухани ескерткіш» – деген еді бірде. Естелік. Әдетте бір кісі өмірде аралас-құралас, сыйлас-сырлас болған әлденеше кісі жайында естелік жазып жатады. Бұл жанрдың бір жосығы. Енді бір жағдайда көп кісі жиналып бір азаматты тұлғалай естелік сөйлейтіні тағы бар. Көп кісі жазар естеліктер жинағы. «Өнегелі өмір» белгілі бір тұлғаны көп болып, көп кісі жиылып мүсіндеудің әдемі үлгісі дерлік. Ұжымдық жинақ. Жинақ іші толы сағынышты толғам, толғамнан туар тағылым. «Өнегелі өмір» сағыныш кітабы секілді. Олай болатыны, серияның бірсыпыра кейіпкері  мынау опасыз қысқа жалғаннан бақилыққа әлдеқашан көшіп алған… Әрқайсысы бір тағдыр. Алдымен сол тағдыр жібін олардың өзі суыртпақтайды. «Өнегелі өмір» тағылымды толғам кітабы. Құлақ түріп көрелік ендеше.
«Сол жылдың (1939 ж.) қыркүйек айында Қазақ коммунистік  журналистика институтына түстім, институт тарағаннан кейін 1941-1942 оқу жылы Қазақ мемлекеттік университетіне келіп, филология факультетінің журналистика бөлімін мерзімінен бұрын тәмамдадым. Оқуды аяқтағаннан кейін Қазақстан Компартиясы ОК бюросының 1942 жылы 27 наурыздағы шешімімен Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінің  редакторы болып бекітіліп, 1942 ж. 1 сәуі­рінен 1945 ж. 1 мамырына дейін жұмыс істедім» (8 бет).
«ҚКП ОК бөлімінің жолдамасымен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істей бастадым. 1945-1947 жылдары журналистика факультетінің деканы және аға оқытушы болдым. 1950-1952 жылдары филология журналистика бөлімінің меңгерушісі, 1948 жылдан бастап қазақ журналистикасы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет еттім» (8 бет). Қазақ журналистикасының бірегей тұлғасы Хайыржан Бекхожин сөзі.
Қарапайым ақпарат. Алайда, оқып отырғанда көз алдыңа қиын жылдар елестейді, Қаз МҰУ-дың қалай құрылып, қалай қалыптасқаны байқалады. Облыстық газеттің  редакторын  Коммунистік партияның Орталық Комитеті бекітеді. Орайында еске түседі, қазақтың тамаша ақыны, бозбала Сырбай Мәуленов Волхов майданынан оқ пен оттың арасында жүріп жазған балауса өлеңдерін редактор ағасы  Хайыржанды інісі  Қалижанмен шатастырып  сол «Большевиктік жолға» жібереді (Хаттар Орталық архивте 1634 қоржында сақтаулы. Қ.Е.). Жауынгер Сырбайдың өлеңдерін облыстық газеттің редакторы Хайыржан тоқтатпай жариялап, майданда жаумен жағаласып жүрген жас ақынды демеп отырады. Хайыржан Бекхожин шығармашылық жолын сөйтіп журналистикадан бастаған. Ілгеріде жазыл­ған бір мақаласын осы жинаққа берген екен. Мақалада мынадай тың мәлімет бар: «Жазушылықты журналистикадан бас­таған Максим Горький 1895-1896 жылдары «Самарская газета» редакциясында қызмет атқарды. Ол Иегудиил Хламида деген бүркеншек атпен жергілікті газеттерде шолу ретінде фельетон жариялап тұрды» («Қазақтың қалтқысыз досы»). Бір деректің өзі бірсыпыра ойға жетелейді. Ол кезде Самара – саяси өмірдің қыз-қыз қайнаған ортасына айналған. Онда В.И.Ленин жиі болған. Керенский де солай. Біздің Әлихан Бөкейханов бірсыпыра уақыт тұрған, Самарада. Енді, міне, «Иегудиил Хламида» бүркеншік атымен  мақала, фельетон жазатын М.Горький. 2010 жылы ғылыми мақсатпен арнайы барғанда білдік Самарада бүгінгі таңда «Ақ жол» (қазақша), «Эне тил» (қырғызша), «Ошақ» (әзербайжанша), «Самар ен» (шуашша) секілді газеттер түрік тілдерінде шығады. Түрік халықтары диаспорасы әрекеті. Газеттің қазақшасына Салауат Сұлтанов, қырғызшасына Қадыр Ташмат, әзербайжаншасына Хейрулла Хаял, шуашшасына Н.В.Давыдов редакторлық етеді. Қазақ жігіттері қаза ізденсе Самардан көптен-көп материал табылар еді дейміз. Жол жөнекейгі ой жоралғысы!
Ә.Марғұланның «Отзыв» аталатын диссертацияға пікірі, шынайы тарихшы Е.Бекмахановтың «Ценное исследование», Б.Кенжебайұлы, Т.Қожакеевтің «Игі қадам»,  Т.Кәкішевтің «Баға жетпес байғазы» мақаласы, Ә.Ыдырысовтың «Хайрекең», С.Қозыбаевтың «Корифей отечественной журналистики», Т.Жұртбаевтың «Тағылым мен аманат» еске алу мақалалары бәрі жиылып келіп имансыз қоғамда өмір сүрсе де иманын жоғалтпаған азамат, баспасөз шежірешісі Хайыржан Бекхожин келбетін көз алдымызға  алып келеді. «Алаштың асыл азаматы жүзге келді» (?) – деп жазыпты тарихшы ғалымның келіні З.Бекхожина. Дәстүр бойынша «Туғанына жүз жыл!»… Дегенде, ниетке құл боласың. Рахмет алғы­сыңды жаудырасың! Қазақта «Келін естелігі» арнайы түзілім құрайды-ау асылы! «Келін естелігі» қазаққа ғана жарасатын сияқты. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеген ардақты ғалым Хайрекең қайтыс болғалы не заман?! Өмірде абыройлы еңбек етіп, өмірден өткен азамат үшін қолымыздағы кітаптан артық ескерткіш бола қоймас, сірә?! «Кейін Салық ағамызды академияға бөлінген 5 орынның біріне Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне халық депутаты етіп сайладық» М.Жұрынов (20 бет.). «Мұны айтып отыр­ғанымның өзіндік себебі бар. Өткен жылы Салық Зиманұлына «Отан» ордені беріл­ді, бұл да жаман емес, бірақ, зиялы қауымның пайымынша, Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілсе  жақсы болар еді. 90 жылдық тойы  үкімет тарапынан Абай атындағы опера және балет театрында өткізілсе жақсы болар еді. Оның үстіне, Салық Зиманұлының денсаулығы да бәрімізді алаңдатып отыр. Жеті жыл бұрын бір бүйрегі алынып тасталған, кейде қан қысымы көтеріліп кетеді. Қолда бар алтынның қадірін ұғынып, көзі тірісінде  осынау ғажайып тұлғамыздың еңбегін елеп, осы атақ берілсе, нұр үстіне нұр болар еді» (К.Ормантаев «Абыз азаматты көзі тірісінде ардақтай алсақ…» (24 б.). «Сондықтан да соңғы жылдары «Заң» медиа-корпорациясы сараптап, жарыққа шығарған академик Салық Зимановтың 10 томдық шығармалар жинағын рухани өміріміздің аса құнды табысы деуге  негізіміз бар. Бұл – біздің  ұлттық заңгерлеріміздің қатарында шық­қан еңбегі он томға топталған тұңғыш шығармалар жинағы. Мәселе, оның тек көлемі мен шығармаларының санында ғана емес, мазмұнында. Ғалымның он томдығының әрқайсысы, тіпті әрбір еңбегінің өзі бірнеше мақала, зерттеулерге арқау боларлық дүниелер» (Қ.Сұлтанов «Ұлт келбеті» (37 бет).
Үш пікір. Үздік үш пікір үзігі. Азамат, ғалым, қайраткер Салық Зиманұлын тұл­ғалауға жарап жатыр. Ол аз болса, теңдес-терезелес академик Зейнолла Қабдол Сәкең 70 жасқа келгенде арнайы мақала жазғысы келеді, мақала жазып ғалымның қадір-қасиетін  жапан жәмиғатқа жар сала айқайлап айтқысы келеді. Сәкең бірақ оған ырық бермейді (З. Қабдол «Атыраудан түлеп ұшқан ойшыл-оқымысты. 134-137 б.). Бұл енді төртінші пікір, сыйлас көңіл әрекеті! Салық Зиманов ол кезде өмірде бар. Тіпті, мына, қолымыздағы серия тұп-тура осы көзі тірі отырған Салық Зимановтан басталады. «Салық Зиманов» аталатын кітап серияның бірінші өнімі! Көзі тірі-ау, ұят болады-ау дейтін емес. Жарасып тұр. Серия кітабы кейіпкерінің өлі не тірісінде емес, ірілігі-тірілігінде, өлсе  де өлмес іс тындыруында, жер басып тірі жүрсе ұлты алдында ұятты, халық көзіне қадірлі болып тұлғалануында екен мәселе. Басқасын қайдам, тап Салық Зиманов туралы көзі тірісінде бастап сабақталған ұжымдық сөз жарасып-ақ тұр. «Қалауын тапса, қар жанады». 
Қазақтың екі тұлғасы, серияның екі кітабы туралы аз-кем әңгімеледік. Аздау секілді ме? Онда үшінші тұлға туралы айтып көрелік.  Ол кітап «Батырбек Беремжанов» аталады. Неге «Беремжанов»? Әкедей әзіз Бейсекең (Кенжебайұлы) арқасында азды-кем кездескен, әңгімесін тыңдап үлгерген тұлға еді, Батекең. Тұлғаға қоссақ, тек, текті деген ұғымды ғана қосарлауымыз керек болар асылы. Батырбек Ахметұлы портреті ашылуы үшін. Тұлға тегі «Беремжанов» емес, Бірімжанов! Баспагерлер паспорттық ресми құжаттан аса алмай «тілін шайнап» отыр. Әлі орынсыз орысшалаудан арыла алмай отырмыз. Қателік содан кеткен. Әйтпесе, Бірімжановтар отызыншы жылдары Алманияда (Германияда) білім алған, Ресей Думасының депутаты, Алашорданың алдымен жас қанаты,  кейін  белді өкіліне айналған ұлтшыл азаматтар. Тегі Торғайлық бұл әулет атына қазақтың көп тарихы кіндігінен ширатылып, оралып жатады. Республикада химия ғылымының негізін қалаушылардың бірі болып өмір кешкен, сөздің ұлы мағынасында ағартушы  болып өткен жан еді жарықтық. Батекеңдей ай жүзді азаматтың өмірі мен қызметін қызықты баяндайтын жақсы, жан-жақты созымды материалдар шоғыры беріліпті. Самара облысының (Тағы да Самар). Бұзық елді мекенінен басталатын өмір жолы Торғай – Орынбор – Қызылорда – Ленинград – Алматы болып жалғасып жатыр. Бір өкініші «Беремжанов» дегені секілді «Бұзық» «Бузулык» болып орыс екпінімен жазылған. Өмір жолы неге «Бұзықтан» басталады? Әкесі – Ахмет Бірімжанов Қазан университетінің заң факультетін бітірген білімді жан. Қазан университеті. Онда Ленин, Керенский сияқты тұлғалардың оқығанын қайтерсіз! Әке қызметіне қарай Батырбек баланың өмір жолы Бұзықтан басталып отыр.
1919 жылы бала Батырбектің өз үйінде Аққағаз Досжановадан (Қазақтан шыққан алғашқы дәрігер әйел, атында Ташкентте «Ана мен бала институты» бар), Лиза Бөкейхановадан (Әлиханқызы. Кейін Семашко атындағы медицина институтының профессоры) қара танып, білім ала бастауының өзі не тұрады?! Жол-жөнекей айта кетелік, Қазақстандағы екі медициналық оқу орнына осы екі аяулы қызымыздың есімін берсек тіпті ғанибет болар еді.
Батекеңнің өз өмірін баяндайтын жазбасы сол кеңестік кезеңнің өзінде қан тамыры ұлт деп бүлкілдеп соғып тұрған тамаша материал екен. Мемуар толы маңыз, тың деректерге толы. Атасы – Шегеннің (Бірімжанның әкесі)қызы – Айжан Алтынсарыға ұзатылады.  Одан Ыбырай туады (52-53 беттер.). Анасы атақты Сейдалин Әлмұхамедтің қызы Гүлжаухар болып шығады.
«Мешін жылы (1920-21) қатты қыс болып қазақтың малы қырылды. Келер жылы  не сауып ішер сауыны, не сойып жер малы жоқ қазақ қырылды».
«Қызылордада небәрі үш мектеп бар еді. Бірі Ж.Мыңбаев атындағы 9 жылдық, келесісі Ғ.Мұратбаев атындағы 7 жылдық, Абай атындағы 4 жылдық мектеп» (59 бет) деп жазады Б.А.Бірімжанов.  Бұл – 1925 жылғы жағдай (Осы мектептерді анықтап ардақтылардың атына күні бүгін қайтарып берсек қой, шіркін!).
«Когда я учился в 6-м классе, отец, тогда работавший членом президиума Верховного суда, заболел. Его направили на лечение в Ташкент, затем в Ленинград, но у него оказался рак пищевода. 5 января 1927 года он скончался в Ленинградском Институте рентгенологии и радиологии» (60 бет) – дейді. Қайғылы жағдай. Енді, бар ауыртпалық жесір ананың мойнына түседі. Тағы бір үзінді. «Я не знаю, почему до сего времени эти события, приведшие к смерти сотен тысяч людей в Казахстане, события, произошедшие из-за умышленного или неправильного проведения политики партии в жизнь, не получили объективной, громковысказанной оценки и даже не были отражены в художественной литературе» (69 бет). Қазақстандағы ашаршылық ту­ралы Бірімжановтың  орыс тілінде жазып қалдырған толғанысы. Түріктекті Менделеев «Химия ұлтты танымайды» – деген. Демек, химиялық ашылымдардың ұлттық сипаты болмайтыны ғой. Есесіне химик, Батекең мемуарлық жазбасында ұлт тағдырын бәрінен жоғары қойып сөйлейтін ұлтшыл. Тектілік дегеніміз де  осы шығар! «Өнегелі өмір» сериясы өнімдері авторларында осындай өрелілік, осындай ой-санасын ұлт тағдырымен сабақтастыра сөйлеу жете бермейді. Сала мамандары – саланың ғана сөзін сөйлейді. Түсінесің де. Өйткені, тұлға біткеннің бәрі Батырбек  Бірімжанов емес қой…
Мұхтар Әуезовтің 80 жылдығына байланысты химик Б.Бірімжановтың студенттермен кездесу кешінде сөйлеген сөзін беріпті, құрастырушылар. Батекең жарықтық кәнігі әдебиетшіше сөз сап­тайды! Қандай тамаша!? Ұлы қайда да ұлы! 1957 жылы  әп-әжептеуір бал жинап, бірақ  талапкердің көптігіне байланысты оқуға түсе алмаған бозбалаларды  бір аудиторияға жиып Батырбек аға әңгіме өткізеді. Әрқайсысының тағдырына алаңдап келешегінен үміттендіре сөйлеп, жандарына жақындап өміртаным әңгімесін айтып  жан-дүниесін шуақтандырып шығарып салыпты. Талапкерлер оқуға түспегенімен түскендей болып қанаттанып аттаныпты.  Ынтыға тыңдаған,  Батекең әңгімесінен кейін химия ғылымына ынта-ықыласы барынша ауған балалар келер жылы табан аудармай химия факультетіне қайыра құжат тапсырыпты. Қызық. Көбі дерлік оқуға түскен. Соның бірі, бірі емес-ау, бірегейі Еділ Ерғожин! (123 бет.) 3 курста оқып жүрген жерінде Академияның химия институтының директоры, Қазақстан химия ғылымдарының негізін салушы Әбікен Бектұровқа ертіп апарып, арнайы тапсырып  Еділді ғылым есігінен енгізіп жіберіпті. Кейін танымал ғалым болғанда «Менің орныма келіп декан бол. Орнымды саған берейін»  («Выдающийся ученый и организатор») – депті Батекең. Кежегесі кейін тартқан шәкіртін  қинап көндіріпті декан болуға. Шәкіртке деген не деген шынайы махаббат десеңізші! (Академик Серік Қирабаев та журналистиканың көрігін қыздырып жүрген жерімізден қинап отырып ғылымға алып келіп кандидаттық, докторлық диссертация қорғатып, ақыр-соңында өз орнына – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қазіргі қазақ әдебиеті» бөлімін басқартып еді). Бүгінде жастарға ағалар тарапынан осындай шынайы қамқорлық бар деп айта алмаймыз-ау. Өкінішті.  Аға буынды осындай қадамға апаратын не нәрсе өзі? Бір сөзбен айтқанда, ұлттық болмыста қалыптасқан аға буынның ҰЛТ қамын, елдің ертеңін ойлайтын ұлтшылдық! Ал, біз болсақ қара басымыздан аспаймыз… Қалса сиыр бүйрегіндей қырық бөлініп әлек боламыз… Өкінішті!
Батекеңнің анасының айтуына қарағанда отағасының  (Ахметтің) «В.В.Григорьевпен жазысқан хаттар», «Ш.Уәлихановпен жазысқан жазбалар» – деген бума-бумалары сақталған екен (Іңкәр Бірімжанованың еске алуынан 265 бет). Нағашысы А.Сейдалин 1876 жылы  шығыстанушылардың дүние­жүзілік конгресіне шақырылыпты (265 бет). Таңқаларлық деректер. Кітапты таңқаларлық сирек суреттермен көмкергенін айтып өту парыз. 1970 жылы А.Закарин, Т.Дарқанбаев, О.Жәутіков, Б.Кенжебаев, М.Сәтбаев, Т. Ма­сенов, А.Қанапин, Х.Сайкиев, Б.Бірім­жанов бірге түскен сурет бұған дейін бас­пада көрінбеген тың. Тың суреттер бұл кітапта да, өзге кітаптарда да молынан. Орайында тарихи суреттердің өнер тұтылып зерттелмеуіне өкініш білдіреміз.
Әр кітап бір тағдыр жүгін арқалап жүр.
Ленинградта туған (1901 ж.), 1937 жылы ерін Сібір айдап, өзін Қырғызстанға жер аударған Ольга Альфредовна Сонгина (сирек кездесетін химиялық элементтерді зерттеген, кейін Козловскиймен бірге аналитикалық мектеп қалыптастырған) тағдыры. Қазақстан химия және металлургия ғылымын қос қатар басқарып, болашаққа жол салған Әбікен Бектұров ше? Бек­тұров  Әбекеңді бірсыпыра білетін едік. Бейсекеңнің бауыздау құдасы,  Гүлнәр апамыздың қайын атасы. «Білетін едігіміз» кітаппен танысқан соң жәй әншейін болып шықты. Өзіміздің Ауыл шаруашылығы институтын бітірген Әбекең Қазақстанда химия ғылымының негізін қалайды. Қалай таң қалмайсың? 
Қаныш Сәтбаевтан кейін қазақ ғылымын аса биікке көтере білген ұлы тұлға  Ш. Шокин айтады: «Перед открытием Академии наук Каз ССР К.И.Сатпаев отправил 24 наиболее талантливых кандидатов наук в Москву, Ленинград и другие  города СССР, с тем, чтобы они защитили докторские диссертации. Первым из них защитил диссертацию Абикен Бектуров. Каныш Имантаевич назвал его тулпаром» (217 бет). Тұлпарды тайында тану дегеніміз осындай-ақ болар асылы! Тұлпарды алып шығар бақ десек те, бап та керек екенін осы бір ауыз лебіз білдіріп отыр емес пе?!
Әр тұлға бір тағдыр. Әр тағдыр – бір кітап. Бірінен соң бірін қаздай тізіп айта бергің келеді, айта бергің. Өйткені,  ол тұлғалар өз бойындағы бар жұпарын жұртына арнап, перзенттік парызын ақ-адал атқарып әлдеқашан бақилыққа  аттанып кеткен жандар. Еңбегі тарих елегінен өтіп кешеден бүгінге арылып, аршылып жетіп отыр. Тарих қойнауына өтіп кеткен, тұлғалар сағынышқа айналып бүгінге тұлғалана  жетіп отыр. Ұстаздарымыздың ұстазы Есмағамбет Самұратұлы Ысмайыловты алайықшы. «Сборник литературоведческих статей «В поисках нового» – последняя книга, подготовленная в печать одним из основоположников (?) казахского советского литературоведения заслуженным деятелем науки Казахстана Есмагамбетом Самуратовичем Исмайыловым» (232 бет). Сағына тұра артық бағалауға жол берген пікір.Ұстазымыз Тұрсекеңнің (Кәкішұлы) мақаласы «Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы» (18 бет) аталады. Бұл, тіпті, асыра сілтеу. Осындай асыра сілтеу Сәбит Мұқановтың естелігінде де кездеседі. Біз кейде тұлғаны бүгінгі ұрпақтың көзіне биіктетіп көрсету үшін асыра сілтеп, «кемеңгер», «дара», «дана» деп артық айтып жатамыз. Сөйтеміз де, тарихқа қиянат жасаймыз. Замананың зәйілін көре жүріп еңбек еткен, көзден кетсе де көңілде өшпестей болып қалған аяулы жандардың  өз кісілігін, кісіліктен туған ерлікке бергісіз өз еңбегін жеткізе айтсақ, соның өзі  жеткілікті емес пе?! Осындай адал лебізді Т.Кәкішұлы, Ә.Тәжібаев, Р.Бердібай, М.Жолдасбековтің жазбасынан көреміз.
М.Жолдасбеков «Қазақ әдебиетінің еңбек торысы» атапты естелігін.
«Еңбек торысы» ұлы М.Әуезовтің  Есағаңа көзі тірісінде берген бағасы. Кремль ауруханасынан жазған соңғы  аманат хатындағы лебіз. Дәл бағалау. М.Әуезовтен басталған бағалау сөзі бұған дейін К.Сейдеханов, Қ.Ергөбек тарапынан әр жылдары Есағаң жайында жазған мақала, зерттеулерінде  тақырып райында қолданылған да. Енді, міне, Мырзакең. Дей тұрсақ та еңбектегі ең үздік естелік мақала Мырзатай Жолдасбеков қаламына тән екенін айту парыз. Басқасын былай қойғанда, жас ғалымның жалдамалы  пәтерден пәтерге күнаралата көшіп жүргенін білген сәтте немере інісіне: «Мүтәлләп, сенің шауып шыққан жерің мектеп директорлығы. Елге, Көкшетауға қайт. Ренжіме. Өзің отырған үйді мына Мырзатайға бер, қаңғып жүр, бұл жігіттен үлкен үміт күтіп отырмыз, әдебиетші ғалым болады, – деді салмақтап.
Байқаймын, күтпеген болуы керек, Мүтәлләп маңдайын тасқа соққан  бекіре балығындай үн-түнсіз, тым-тырыс отырып қалды.
Әйтсе де нағашы ағасына қарсы сөз айта алмады. Отырып-отырып, біраздан соң: «Мақұл», – деді. Бұл сөзді амалсыздан айтқанын мен де сездім. Көп ұзамай Панфилов (28 Панфиловшылар паркі. Қ.Е.) паркінің күнбатыс жағындағы қағаз картоннан салынған шағын баспананы босатып берді. Мәрия екеуміз жұмақтың төріне шыққандай болдық» (266-267 беттер) – дейді Мырзекең  шынайы ұстазы жайында.
Мырзекеңдей ұстазға: «Мен Есағаңнан осындай қайталанбас жақсылық көрдім. Ал, өзім шәкірттеріме осы көрген жақсылығымды қайырып қолқабыс жасай алдым ба?» – деп ойландыратын, өзге оқырманды да он-сан ойға бөлеп тербейтін ғажап жақсылық, жайсаң қайырымдылық. Өзіміз де осындай жақсылықты шәкіртін  бауырынан өнген  ұрпағынан кем көрмейтін Бейсекең, профессор Бейсембай Кенжебайұлынан көргеніміз әмбеге аян. Біз де ұстазымыз Бейсембай Кенжебайұлынан дәрменсіз шәкірт бала кезімізде көрген, бастан кешкен жақсылығымызды дәйім айтумен, жан-жақты талдай жазумен келеміз. Оның бір парасы «Өнегелі өмір» сериясы бойынша жарық көрген 25-ші кітапта тағы да айтылды.  Әңгіме Бейсекеңе ойысып барады. «Бейсембай Кенжебайұлы» аталатын кітапты ұйымдастырушы біз болғандықтан тым шешіліп те, көсіліп те кетуге тіл қысқа… Дегенде, ҚР Орталық архивінен алып, тұңғыш рет осы жинаққа қосып отырған ақиреттік досы Жүсіпбек Арыстановтың «Жан досым», іні-шәкірті есепті Әбділда Тәжібаевтың «Жасай бер, жақсы аға!», Мұхамеджан Қаратаевтың «Жақсы аға, жайсаң жан», сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтің «Ғалымның ерлігі», шабытты ақын Ғафу Қайырбековтің «Есімдегі Бейсекең»  сияқты жазбалары мейлінше құнды дүниелер. Мен ойлаушы едім: Бейсекеңнің жансебіл еңбегінің қадірін көзі тірісінде замандастары білмеді-ау, жеткізе бағаламады-ау деп. Райымнан қайттым. Ұлы замандасы, ерекше сыйласқан досы Мұхтар Әуезовтен тартып москвалық ғалымдар Ә.Нәжіп, М.Богданова, Сидельников, Жирмунский, Малов, өзбек Маллаев, қырғыз Артықбаев, қарақалпақ Мәмбетов бағалаулары, жоғарыда аталған замандастары естелігі, М.Мағауин, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғали, Ә.Ыдырысов, К.Сыздықов, Қ.Ергөбек секілді шәкірттері естеліктері «бойын жасырған тұлпарды» (М.Жолдасбеков) тани да, бағалай да біліпті.
Бейсекең, Есағаң дегенде осы қос кітапты ерекше ажарландырып тұрған бір шоғыр дүниелерді атап айту шарт. Е.Ысмайыловтың 1953 жылы Семей түрмесінде отырып, Совет өкіметінің шенеуніктеріне араша сұрап жазған жан айқай дерлік жазбалары барынша құнды-ақ. Ақталып жазылған материалда Совет өкіметі адресіне тәуір сөздер айтып бағу бар. Олай болуы заңды да. Өйткені, жазба түрмеде отырған кіріптар жанның арша сұрап жазған талап-арыздары. Қазақ әдебиетінде «түрме әдебиеті» болмаған делінеді. Есағаң жазбасы қазақ әдебиетінде  «түрме әдебиетінің»  болғанына бірден-бір дәйек. Келешекте Совет өкіметінен көрмеген құқайы қалмаған ғалымның  түрмеде отырып әділеттік іздеп жазған жазбаларының «түрме әдебиеті» райында қаралуы қажет-ақ. Ол жазбалар орыс әдебиетіндегі  Л.Гросман, Г.И.Серебрякова, С.Липкин, А.Берзер жазбаларынан несі кем?! Сол сияқты Б.Кенжебайұлының 1953 жылы М.Әуезов екеуі университеттен бір бұйрықпен шығарылып, Мұқаңның Мәскеу кетіп паналайтын, Бейсекеңнің СОКП қатарынан шыңғарылып «үй қамағында» атылу күтіп отырған кезінде жазған «Бас­тан өткен, болған оқиғалар» аталатын жазбасы да тұздықтылығымен кісіні қайран қалдырады. Қайран қалдыратыны – қаншама қиындық көрсе де, қаншама азап шексе де ол ғалымдардың рухының сынбағаны. Жазбалардан жасыған, жалынған, табан жалаған мінез аңғарылмайды. «Соттатпақ түгілі атқызсаңыздар да мәселені жете тексертуіңізді сұраймын» (Б.Кенжебайұлы) – деп қасқайып қарсы тұрады. Есағаң да солай. Москваға жазған талап арызында «Мен өзімді бұл  мәселеде  қылмыскер деп санамаймын» – деп бастайды әрбір ой жосығын. Енді келіп, ойланасың қос ғалымның түрмеде отырса да алған бетінен қайтпаған, қиындыққа қайыспаған осы қайсарлығының қайнары қайда жатыр? – деп. Жауапты екі арнадан тапқандай болдық. Бірі – олар ұлттық рух, ұлтшылдық мінез мойырылмаған кезде туған, ұлттық болмыста қалыптасқан. Дүние-боқты аяусыз қуа-қуа Отаншылық патриоттықтан жұрдай болған бүгінгі күндері азаматтар осындай халге түссе әлде қайтер еді деп еріксіз ойланады екенсің.Өйткені, Отаншылық патриотизм – ұлттық рух, ұлтшылдық мінезге бітеді. Ойлаған ақыл-ойым, айтқан тілім жазықты, айтқан жерден аулақ, Қырым жағдайы ертелі-кеш Қазақ Елінің басына түссе азаматтық, отаншыл патриоттық таныта алар ма екенбіз? – деп те пұшайман ойда боламын. Несін жасырайын?!
Е.Бекмаханов, Б.Кенжебайұлы, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлей­менов сияқты ғалымдар ұлтшылдығы үшін айыпталды, ұлтшылдығы  үшін тас-түрмеге қамалды. Сөткесіне 16-18 сағат тергеліп,  талып құлап түсіп,  сәл-пәл дамылдап қайта тергелгенде ұлттық болмыстан бір айнысайшы шіркіндер?! Ең қызығы – тас түрмеде  отырғанда рухы сынды ма? Жоқ. Түрмеден шыққан соң ұстанымынан айныды ма? Жоқ. Бір сәт те айнымады. Тас түрмеде татқан азап пен аштықтан соң да азат болған күннен бастап қазақтың азаматтық тарихын, қазақ әдебиеті тарихын  ұлттық рухпен қайыра жазып, алға қарай  азаматтық болмыспен тарта берген, ұлттық рухты сақтап қала білген тайбурылдар еді ғой олар. Бәлкім бізді тәуелсіздікке жеткізген де осындай ұстаздарымыздың түрмеде тынбаған тынысы, қаншама азаптаса да  сынбаған рухы шығар. Азапты сәттері де бойында бір сәт те дамылдамаған – ҰЛТТЫҚ РУХ шығар, оларды тас түрмеден аман алып шыққан. Қайда, қайда бүгін сол ұлттық рух, қайда, қайда бүгін сол Отаншылық патриотизм, қайда, қайда бүгін сол ұлтшыл болмыс? Ұлтшыл болмай мемлекетшіл бола алмайтынымызды, мемлекетшіл ұлтшыл болмай – ҚАЗАҚ ЕЛІ аталатын мемлекет құра алмайтынымызды, мемлекет құрушы ұлтқа ешқашан айнала алмайтынымызды, мемлекет құрушы ұлтқа айнала алмасақ ешқашан ҚАЗАҚ ЕЛІ бола алмайтынымызды ұмытпасақ екен!   
Өзімізді қаншама тоқтатып, ендігі ойды жинақтай айтамыз дегенімізге қарамай әсер билеп дара-дара тұлғалар жайында пора-пора сөйлеп кетіп жатырмыз. Жақсылығын айтқың келеді, жарықтықтардың! Жинақтап айтар ендігі сөзіміз: Серия өнімдерінің бірсыпырасы «Батырбек Беремжанов», «Абикен Бектуров», «Умирзак Султангазин», «Олжас Сулейменов», «Мейрхан Абдильдин» деген секілді орысша аталған. Бәлкім ұйымдастырушылар орысқолды. Бәлкім тууы туралы ресми құжаттан аса алмау. Бәрібір дұрыс емес. Кітап атауы қазақша жазылуы керек. Оны айтасыз «…ов»-тың өзі артық… Серияның тағы бір кітабы – «Зейнолла Қабдолов». Құдай-ау, біздің ұстазымыз өзі жазған дүниелерге «Қабдол» атап қол қойғалы қай заман?! Ұстаздың өзі қалаған құлаққа жағымды қазақша орамды неге сақтамадық екен? Ол аз болса екінші бір сүйікті ұстазымыз жайындағы кезекті  кітап, серия өнімі «Тұрсынбек Кәкішев» болып жүр. Зекеңнің көзі кетті делік, ал  көзі тірі  Тұрсекеңе не жорық? Өзі жазған еңбектерге қол қойып жүрген «Кәкішұлын» місе тұтпағаны, менсінбегені ме? Орысша орамға неге қайыра оралды екен біздің ұстаздарымыз? Енді, міне, 25-інші кітап «Бейсембай Кенжебайұлы»… Демек, біздің «ов»-ты қолдамағанымыз. 
«Зейнолла Қабдолов», «Тұрсынбек Кәкішев» – екеуі де сапалы дүние. Екі кітапты оқу үстінде ұстазымыз болғандықтан ертеңгі ұрпақпен санасып жатпай,  мадақ сөзді тым көпіртіп көп айтып жіберген секілдіміз (Бірі осы жолдардың авторы). Ертеңгі ұрпақ біздің ыстық-суықты айтқан сол мадақ сөздерімізді қаз-қалпында қабылдай қойса жарар еді-ау?! Артық мадақ дегеннен шығады,  серия өнімдері арасында еңбегі өліп қалған ғалымдық, қызметі өшіп қалған «қайраткерлік» артық дәріптеледі. Ойланайықшы, кешегі кеңестік кезеңдегі «әруағыңнан айналайын күн көсем!» – деп бастап еңбегін (тіпті бар саналы өмірін) ленинизммен байланыстырған ғалымдықты да, қайраткерлікті де бүгін келіп қайыра дәріптеп қайтеміз?! Одан да жаңа оқырман санасына тәуелсіз Қазақ Елі идеясын сіңірмейміз бе?!  Түріктанушы Дархан Қыдырәлі айтып еді: «Кешегі қызылкөз большевиктер атына  ауыл сайын көше беріп, көше басына ескерткішін орнатқанды қашан қоямыз?» – деп. Сол сөзді серияға қатысты айтқанда,  кезіндегі биік мансап, жоғары қызмет, жалған беделдің  құлына айналуды қою керек. Бұл кеңестік кешегі күнге ғана емес, мына бүгінге де әбден тиемел. 
Қазақ қуана білгенімен, қайғыра білмейтін халық па деймін?! Кезінде қызыл большевик басшылары, комму­нистердің қазақ халқына жасамаған жамандығы жоқ, алдымен  зұлым Сталинге сатты, артынан атты. Сөйте тұра, қызметінің арқасында қазақ халқының қайраткер тұлғасына айналды. Бұл кезіндегі дүниетаным. Тәуелсіз санамен олар туралы қайта ойланатын, олардың қайраткерлігін де, ғалымдығын да қайта қарайтын, бағалаудың жаңа сүзгісінен өткізетін уақыт жетті. Қазақ қуана білгенімен бағалай білмейді. Бағалау бірыңғай мақтау деп ойлайды. «Жалған мақтаудың жанға қас» (Абай) екенін ескермейді. Жалықпай мақтау, жарысып мақтау. Далақбай мақтан. Кемшілік айту жоқ. Оу, ағайын,  ол қайраткеріміз «тар жол, тайғақ кешу» дерлік қиын-қыстау кезеңнен  өтті, коммунистік партияға тәуенде болып жәутеңдеп өмір сүрді емес пе?! Олай болса,  басына дағарадай марапат сәлдесін орап отырған қайраткеріміз ең болмаса адами пендешілік, жұмырбасты адам ретінде кемшілік жібермеді дейсіз бе?! Жіберді ғой. Оларды талдай айтып отыру орнына бәз-баяғы мақтангершілік.
«Өнегелі өмір» – тұлға туралы. Тұлға – адам. Адам – қоғамның  басты байлығы. Біздің қоғамның бір кемшілігі Адамға қызмет етпейді, Адам – қоғамға қызмет етеді. Біз халықты осы ұғымға иландырғанбыз, иіп әкеп  көндіргенбіз осы қағидаға. Адам еңбегі бағалануы керек. Дұрыс-ақ. Алайда, Адам – періште емес. Ол қалыптасу, халық сүйіктісіне айналу жолында талай шалыс қадамдар жасайды, талай қателеседі. Демек, ол да «ет пен сүйектен жаралған» (С.Мұқанов) адам. Адам тағдырындағы даңқты сәттермен бірге, кемшілікті күйсіз көріністер де  «Өнегелі өмір» сериясы өнімдерінде көрініс тапса қайтер еді?  Ол не өзі? Қателік пе? Кемшілік пе? Мін бе? Ол да айтылуы керек, мына, серия өнімдерінде. Әйтпесе, бірыңғай ода, лавр жапырағын жапсыру  кімге керек? Әр саланың адамдары, жұлдызы жанған мамандары. Ал, олар өткен жолды саралау, жасаған еңбекті талдай отырып бағалау оңай емес. Өйткені, сырт жұрт сырттап кіре алмайды. Өйткені, ол ғылыми «қорық». Саланың маманы ғана кірсе керек «қорыққа». Ғалым қорығына кіре алған сала маманы (автор)  сөз өнері машақатын, мехнатын бастан кешпегендіктен жазу стихиясын меңгере бермейді. Бас білмеген қалам салиқалы стильге бастамайды. Содан да көлемі көш-құлаш мақалалар кейде бір беттік құттықтау орнына жүре алмайды. Айталық, Әбіш Кекілбайұлының қатарлас қанаттасы көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиевті құттықтауы. «Арты­ңыз – даңғыл. Алдыңыз – асқар. Әдемі жастасыз. Сәби кезіңізде жатқан бесігіңіз, есейген соң ашқан есігіңіз құтты болыпты. Жігіттің ең сүлейіне бұйырмас бақыттың бәрі маңдайыңызда. Жүйріктің ең дүлейіне бұйырмас  жүлденің бәрі қанжығаңызда» – дейді, ағыл-тегіл ой алыбы Әбіш Кекілбайұлы. Әбіш ағаның шағын  құттықтауы көлемді мақалалардың қай-қайсысынан да бәсі биік.  
Қ.Сұлтанов: «Сексенінші жылдардың екінші жартысында республика басшы­лығына Г.Колбин  келгеннен кейін, қа­зақ «ұлтшылдығымен» күрес қайта басталып, жаңа екпін алған. Қазақ интеллигенциясын жікке, жерге, өңірге бөліп, бір-біріне қарсы қою өршелене өріс алды. «Мен» деп жүрген көп азаматтар сол шарпуға елеңдеп, «өсіп қалам ба» деп «ұлтшылдардың» үстінен «әшкерелеуші» арыздар тасқынын тоғытып, мансаптарға ие болып, мәз болысты. Кенжекең де Мәскеуге шақырылды» («Академик». 167 бет). Қуаныш ағаның осы бір аз ғана сөзінде қаншама тарих жатыр?! Қазақ атқамінерлерінің жағымпаз жайдақ, тіпті сатқындық болмысы жатыр?! Ұлт бойындағы, ұлт тұлғасымақтары ойындағы кемшілікті кешегісін – кешедей, бүгінгісін – бүгінгідей осылай шиедей етіп айтып отыру керек-ақ. Қорғанбек Аманжолдың «Аққұмнан аққан бұлақ…» аталатын портреттік мақа­ласында бір сәтті штрих бар. Қаз МУ ректоры, арлы Асқар Закариннің документі Мәскеу кетіп қалған бала Кенжеғалиды комиссиямен сөйлестіріп, оқуға  «документсіз» қабылдауы қандай  тәлімді тірлік?! Есесіне «…ақиық ақыл­ман» (150 бет) – деген секілді жайдақ бағалаушылық та бар кейбір кітапта. «Ақылман» данышпанның баламасы. Олай болса оған апарып «ақиықты» қосудың не керегі бар? Әлгі бағамыздың бәсін түсіреді ғой. Әрі бояу үстіне бояу. «Бояушы-бояушы дегенге бояушы сақалын бояйды….» «Ақиық» – қыран құс, «ақылман» – ақылы асқан ой адамы. Әр ұғым өз орнында пайдаланғанда ғана жарасымды. Сол секілді тағы бір тұлға, тіпті, бірнеше тұлға  жайында «дана», «данышпан» деген әсіре сөз  асыра қолданылыпты. Даналығын да, данышпандығын да айқайлатпай-ақ, елге сіңірген еңбегін, ақ-адал берілген жүрегін  баяндау арқылы да жеткізуге болады емес пе?! Тіпті, кейбі­рінің көзі тірі. Көзі тірі иманды тұлғаның өзі жағымпаздардың әлгіндей әсіре сөзіне қысылып қалған болса керек. Асылы, «әсіре қызыл тез оңардың» керін келтірмеуіміз керек… Салқар ойлы заңгер Салық Зиманов бір естелігінде: «өзімізді дәріптеуге дағдыланған…» («Михаил Есенәлиев» 2013.225 бет) деп астарлы да, ойлы ескерткен екен. Ой салқары айтқандай, «Өнегелі өмір» сериясы бойынша ұйымдастырылып жарық көретін еңбектер дабыра мақтанға емес (әсіресе, көзі тірі замандастарымызды), нақты, затты дерекке құрып сөйлеу арқылы тұлғалау болып шығуы керек. Арғы жағында оқырманның өзі бағасын бере жатады «дара» дей ме, «дана» дей ме, «данышпан» дей ме?! Әйтпесе, өмірден «қазақтың бас ақыны» (З.Қабдол) атанып өткен арқалы ақынымыз Әбділда Тәжібаевта:     
«Пенсияға кетем деп ойламаған,-
Басын іске бағыштап қойған адам.
Басқамызша мақтатып өзін-өзі,
Елу жасын шулатып тойламаған («Жақсы адам менің жадымда») – деген өлең бар. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновқа арналған. Ақын өлеңі де  мақтаншақ қоғамда мақтанға  бой үйрете бермеу жайында жақсы ескерту секілді емес пе?!
Серияның бірсыпыра өнімі көзі тірі классиктерге арналған. Көзі тірі тұлғалар жайында «Өнегелі өмір» сериясы бойынша кітап жасақтауды ерсі көріп отырған жоқпыз. Көзі тірі болғандықтан да енді бір тұлғаларды (тұлға екеніне еш күмәніміз жоқ) «Дара ғалым, дана тұлға» атау, тағы бір көзі тірі  тұлғаны «кемеңгер» деп жіберу – басы артық мадақ. Әзірге көзі бар, олардың. Аман жүрсін. Жалған дүниеден бақилыққа көшкен соң олар жайында осы айтылған мадақ сөз, жапсырылған лавр жапырағы бәз қалпында қала қояр ма екен?! Бір жағынан әлгі мақала туындыгерін  кіналағың да келмейді.  Бәрі де бүгінгі қазақ қоғамынан. Қоғам бойындағы дерттен. Біреудің ойын біреуге теліп жіберу, біреудің ісін біреуге беріп жіберу, барды – жоқ, нарды тайлақ, жабыны тұлпар тұту етек алып кетті біздің қоғамда. Бейне өзге саулыққа телінген жетім қозы секілдіміз… Қазақ қоғамы көгінде көбік мақтан көлкіп жүр. Рулас, жүздес жақынымызға мақтатамыз, жеткізіп айта алмады-ау дегендей, сабыр сақтап тұра алмай, өзіміз қосыла мақтанамыз. Құрастырған кітаптың төбесіне, тіпті, өзіміз жайында әр жылдары жазылған еңбектің қақ төбесіне өзіміз туындатқан туындыдай қол қоямыз. Тарихпен ойнаймыз. Қария тарихты көңілшек замандастай көреміз. Көңілшек көрмегенмен, қартайғанын ескеріп, алдағымыз келіп тұратын бейіл байқаймын. 
Ректорлықтың эталоны Ө.Жолдасбеков туралы Мұхтар Құл-Мұхамедтің  қос тілді «Арыстаны» жасампаз жақсы дүние екен. Тұтас кітаптың жүгін көтеріп тұрған толқынды толғау  десе  болады. Асылы айта білгенге не жетсін, шіркін! Мұхтардың «Ақжарылқап» («Камал Смайылов». 2012 ж. 298 бет.) аталатын толғанысы да адамгершілік ізгілікке толы. Ө.Жолдасбеков, К.Нәрібаевты тұлғалаған – Желтоқсан оқиғасы. Айтулы тұлғалар туралы желтоқсан шежірешісінің бірі, журналист К.Адырбекұлының кейіпкерімен кеңесе отырып жазған жазбалары да ұнасымды. 1986 жылғы Желтоқсаннан кейін сөздің шын мағынасындағы азаматтардың көрген зәбір-жапасын қыстыққан сезіммен айтып бере алған. «Осы кезде Қазақ мемлекеттік университетінің басшылығына тәжірибелі де білікті ұйым­дастырушы Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаевтың тағайындалуы ҚазМУ-дегі жағдайдың тұрақталуына мүмкіндік берді… Алматыда заң институтының құрылуына байланысты үкімет ҚазМУ қалашығындағы бірнеше жатақханаларды жаңа оқу орнына беру туралы мәселе қойғанда да оларды сақтап қала алды». (Шәріпбек Әмірбеков. 301 бет.) – секілді қарапайым хабарлама тілінде тұлғаның азаматтық болмысын ашарлық көп мән-мағына жатады.
Асыра айтушылықты жақтырмай айттық жоғарыда. Ендігі бір материалдарда тұлғаның шын қадір-қасиетін жеткізе алмаушылық бар. Оны да жасырмалық. Айталық, Өмірзақ Сұл­тан­­ғазин жайындағы еңбек. Еңбек екі жүйе материалдан ғана тұрады. Бірі – марқұмның көзі тірісінде журналистермен сұхбаттары. Екіншісі – замандастары естелігі. Сұхбатта қазақ қоғамына ой саларлық бірсыпыра ащылы-тұщылы ойлар бар. Шет елде ғалымдар басшы болуға қызықпайтыны, азаматсың ба – ұлтыңа пайдаң тисін, ғалым болатын дарынды жастар шет елге кетіп жатыр, бұл жақсы емес, сауда-саттыққа кетіп жатыр бұл тіпті дұрыс емес (ғылымға қайтып оралмайды) деген секілді. Сұхбаттар – азаматтық ұстамдылықтың, қарапайымдылық көрінісі. Дегенде, сұхбаттар – Өмірзақ Сұлтанғазиндей шын мәніндегі ұлы тұлғаның бар жан қалтарысын ашып бере алмайды ғой. Қанаттас, замандас­тары да соншалықты шешіліп сөйлеген дей алмайсың. Шындығында Нобель сыйлығына үміткер тұлға даралығын, даналығын, кемеңгерлігін көрсететін сәт міне осы еді. Ең болмаса жарының жаны жылап жазған естелігі де қамтылмапты. Өкінішті.
Ендігі бір еңбектерде тұлғаның өмір­баянын қайталай берушілік етек алады. Айта білмеушілік. Айт, өзіңе дейінгі жандардан асырып айт, айта алмасаң жалған желбуаздыққа салынбай жайыңа қайт дер едік, біз. «Өнегелі өмір» сериясының баз-бір саны, кейбір кітаптары қайта басуға жарамайды. Демек,  алдағы уақытта сапаға жұмыс істеу керек.
Ғұмырнамалық кітаптың ажарын ашатын бір амал – тың да, тосын суреттер тауып бере білу. Қазақ әлі күнге суретті өнер тұтып үйрене алмай келеді. Тың сурет кейіпкеріңізді бір қырынан жарқ еткізіп ашуға жәрдемдеседі. 25-ші кітапты даярлау барысында Б.Кенжебайұлының Орталық архивте сақталып келген бірсыпыра тың суреттерін қайта түсіртіп алып, кітапқа енгіздік. Көп ретте ұлы замандасы, шынайы досы М.Әуезовпен бірге бейнеленіпті. Бейсекеңнің шынайы табиғаты, батылдығын сүйсініп бағалайтын Мұқаң талай фотоөнер туындысында қабатына ала түсіпті. Апырай, деп ойлайсың, сұрамсақ, мақтанқұмар сұғанақ  бөгде жан болса жалтылдатып көрсетіп, жарқылдатып насихаттар еді-ау, ол суреттерді! Бейсекең жарықтық болса, ол фото суреттерді қалыпты кәдім­гі жағдайға балап Орталық архивке тапсыра салған. Бәрі де жарияланбаған суреттер. Осы бір жайдан шығарып айтар болсақ, ғұмырнамалық кітаптар сериясын тарихи тың суреттермен көркемдеу, көмкеру кемшін. Тіпті, суретасты мәтіндер қате жазылады. «Москвадағы Қазақстан…» немесе   «Бельгиядағы  Қазақстан делегациясы. 1975 жыл…» (296 бет) – дегендей қолапайсыз, қолайсыз суретасты мәтіндері бар. Суреттегі кейбір кісілер аты  адастырылып, шатастырылып беріледі. «Т.Амандосов қасында З.Қабдолов (?)» Суреттегі кісі Зейнолла Қабдол емес. Тағы да, суретте бес кісі. Суретасты мәтін мынадай: «Е. Ысмайылов, М. Жолдасбеков.» Сәйфи Құдаш, Сейтжан Омаров, Мәуия Омарова, Қасым Тоғзақов ұмыт қалған. Бәлкім құрастырушылар танымаған. Белгісіз бір бейне Ә.Тәжібаев ретінде таныстырылады… Жиырма бесінші кітап «Бейсембай Кенжебайұлы» аталады. Бір кітапты жасақтау, жарақтау жолында Ғалымқайыр ұсынған 24 кітапты оқып шығып ой түйдім. Түйген ойымды сүйген, кезінде терім сің­ген басылым арқылы оқырманға айтуға асықтым. «Өнегелі өмір» сериясының  25-ші кітабы осылай құрастырылды. 25-ші кітапта кемшілік бар ма? Кемшіліксіз еңбек болмас сірә! Алайда, ол кемшіліктерді оқыған әр буын өзі көрсете жатар…
Сонымен жаңа серия өмірге келді. Жаңа серия өнімдері жадымызды жаңғырта, көзден кетсе де көңілде қалған небір қасқа мен жайсаңымызды есімізге түсіріп, жанымызда жүрген жақсымыз бен жайсаңымызды қайта тұлғалап жанымызды шуаққа бөлеп нұрландыра келді. Серияға мұрындық болған азамат – Қаз МҰУ-дың ректоры, профессор Ғалымқайыр Мұтанов! Ғалымға ризалығымды айтқым келеді (Осындай тағылымды кітаптар сериясын шығарса өзге ректорлар қайда қалыпты?!). Біз серия өнімдерінің кейбірін ғана әңгіме еттік. Шынтуайтында бұл өзі келешекте келелі әңгімеге арқау боларлық, берешегі – борыш, келешегі кеніш руханият дүниесі! Бір тұлғаны, әсіресе ұлттық тұлғаны ізіне түсе іздей жүрмесе қиын. Ұмытшақ заман, ұшқалақ қоғамда өмір сүріп отырмыз. Не бір ұлылардың ұмытылып кетуі – оп-оңай. Шын тұлғаны кең жолға түсіріп, халық жүрегіне жеткізу жолында мына серияның  міндет-парызы бөлек. Кезінде Абайды М.Әуезов, Махамбетті Х.Жұмалиев, Сұлтанмахмұтты Б.Кенжебайұлы, Сәкенді Т.Кәкішұлы, М.Әуезовті З.Қабдолдың іздеуі әдемі әдеп еді. «Өнегелі өмір» сериясы да бір қазақтың бір қазақты іздеудің басы десек жарасады. Тек әрқайсысымыз өз «ауылымызды» іздеп әлекке түспесек не қылсын?! Іздеу игілікті іс. Ілияс Жансүгіров айтқандай Ел елемесе ерлерін, қайдан алар кемеңгерін?! 
Әзірге серияның бас иесі – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті! Серияны бір оқу орнымен шектеуге (қайраткер атаулы тек ҚазМҰУ-дан шыға бере ме?) болмас сірә. Сол сияқты Ұлттық университетке әбден қатысты М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Т.Тәжібаев, Е.Бекмаханов, Д.А.Қонаев жайында да тың дерек, бай материалға сүйеніп жазылған жаңа еңбектер оқығымыз келетінін де жасырмайық. Сонда, серия еңселі, сөзі алты алашқа жетерлік  кең өрісті болмақ.  «Өнегелі өмір» жалпы қазақтық деңгейде кең өріске шығаруға лайықты тең, тынысты,  өрісті  серия. Олай болса, ұлтымыздың ұлы тұлғалары тағдырын бетке ала өмірге келген «Өнегелі өмір» – еліміздің кітап шаруашылығында өзге сериялармен руханият өрісін тең жай­ламағы мақұл! Қазақ өзін-өзі танып жетпеген халық. Қазақ – арғысын кеше ұмытқан,  бодандық ұмыттырған, кешегісін бүгін еске ала бермейтін, сөйтіп, ертеңгі күнге келте тарихпен жалаңаш батыр атанып бара беретін, кемшілігінен сабақ ала қоймайтын, қателігінен тарих түймейтін енжар, ұмытшақ, бүгіншіл әсіре халық. Бір қарағанда ұмытшақтықта  жамандық та жоқ секілді. Алайда, бұл ұмытшақтық ұрпақты жадысыздыққа  бастай беретін жайсыз мінезіміз екенін қалай ескермейміз?! Өткеннен сабақ ала білмесек, өткенімізден қорытынды шығарып отырмасақ, шын қайраткеріміз кім, қайраткерсіген мансапқорымыз кім, шын тұлғамыз кім, жабысып жағымпазданып жүріп қызмет өсіріп, өскін қызмет арқасында тұлғасып толықситын пендеміз кім? – соның баршасын ағын-ақ, қарасын қара деп ажырата танып, сабағын алатын, бағасын беретін жол айырығында тұрған жағдайымыз бар. Солай бола тұра, әлі күнге ұлт мүддесін сатып ұлық болған, ұлықтығын ұлтқа міндет етіп қайраткерсіген тұлғаларды ұлық тұтудан жалығар емеспіз. Қашан ашығын айтып, кейінгі ұрпаққа ақиқатты ұсынар екенбіз?! Бәлкім, олай етуге тарихтағы қилы-қилы тұлғаларды әлі күнге солшылдықтың балалық ауруы – рушылдық өзегімен қарап  «ол ана рудан, бұл мына рудан – айыбын айтуға болмас, сынауға жол жоқ» – деген ескі  психологиядан арыла алмауымыз себеп. Арылуды айтасыз, ұлтымызды соңғы кезде рушылдық сезім әбден иектеп алды ма деп қорқамын. Мәселеге кеңестік кер заманнан қалған рушылдық  шарқы өлшеммен қарайтын болсақ таразымызды тас баспайтын болады. Ұлттық рух алдында күнәхар, кейінгі ұрпақ алдында бейшара болып қала береміз. Бодандық пен бостандық, тәуелділік пен тәуелсіздік аралығындағы алакөбең уақытта «алдымен экономика» деген сылтаумен кейінгі ұрпақты отаншыл рухтан, ұлттық болмыстан айырғанымызды білмей қалдық. Ел басына күн тумайтындай, ер етігімен су кешетін заман келмейтіндей, аз ғана табыстан басымыз айналып, ой нуына емес, халық ырысын сығып алып қалтаға салған қу дүниенің буына мастанып бірыңғай мақтанумен келеміз. Бұлай желе-жортып кете берер болсақ, келешек кешпейді біздерді.
26 кітап. Қарапайым очерк, естелік, эпистоляр, дерек-документ тілінде сөйлейтін 26 тағдыр жайында тағылымды толғам! Тағдырлар толғамы! Әруақтар үшін сауапты іс, тірілер үшін қайырлы сәт, баянды бастама!

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Осы серияның кітаптарын қайдан сатып алуға, немесе қай кітапханадан оқуға болар екен?

  2. Көп мәселені орынды көтеріпсіз, Құлбек аға. Бірақ айтқаныңызға, жазғаныңызға құлақ асар жан бар ма екен бүгінде…

Пікірлерге тыйым салынады.