Алаштың арда ұлы

  • 15.07.2014
  • 489 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,
филология ғылымының докторы, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і  
журналистика факультетінің 
деканы

Адам өмірінің мәнді де мағыналы өтуінің бір белгісі – жақ­сы­ның жанында жүріп, келелі әңгімесін тыңдап, тәлім-тағылымын, өсиет-өнегесін өміріңе өзек етіп алуың болса керек. Сол өзіміз жанында жүргенімізді мақтан тұтатын аз жақсының бірі қазақтың арыс азаматы Рымғали Нұрғали аға болатын. Рекеңді бір кісідей білем десем, еш жалғандығы жоқ… Кездесе қалсақ, жылы ұшырап, әңгімелесе қалсақ, ой-пікір бір жерден шығып, сырласа қалсақ, жанымыз жадырап қалар жайы бар-тын. Әрине, Рымғали ағаның азаматтық тұлғасы, ұстаздық ұлағаты, ғалым ретіндегі әдеби-ғылыми ізденістері туралы аз жазылған жоқ. Біздің мақсат – өзіміз куә болған жайттар негізінде азаматтың асыл қасиеттерін асқақтату.


Рымғали Нұрғалиді алғаш сон-а-ау ХХ ғасырдың 70-жылдарының орта тұсында көрдім. Жоғарғы оқу орнына жаңадан түскен сары ауыз шәкірт болсақ та, мақалаларын үзбей оқып, кітаптарына тұщынып жүрген кез еді бұл. Біз оқуға өмір көріп, есейіңкіреп келген едік. Дегенмен де студенттің аты студент. Алғаш келгенде кімдер сабақ жүргізеді екен деп сабақ кестесіне таласа-тармаса қарап, көп нәрсені таңсық көретін әдет бар. Сонда бір байқап қалғанымыз өзімізге өте жас боп көрінетін Рымғали ағайымыздың жоғарғы курстарға арналған сабақ кестесіндегі аты-жөні тұсында ғылым докторы деген анықтама тұратын. Біраз күндер өткен соң, сабақ кестесі ауысқанда қарасақ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент деген анықтама жазылып қалыпты. «Бұ несі екен?..» деп, жоғарғы курстардағы «данышпандардан» сұрастырғанда барып көп нәрсенің жайына қанықтық. Ғылым жолының «инемен құдық қазғаннан» да қиын екендігін сонда көңілімізге бір түйгенбіз. Не дегенде де, құдықты инемен өзің қазасың ғой, ғылымды «қаздырмайтындар» да бар екен. Әлі сабақ бере қоймаса да, сырттай жақсы көретін ұстазды әрі аядық, әрі ол кісіге деген жүрек жылылығы бұрынғыдан да арта түсті. 
Құдай берем десе, оңай ғой. Бір күні екінші курста ғой деймін, жоғарғы курста дәріс оқитын Рекең бізге «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» пәнінен Сейділдә Ордалиев ағайымыздың орнына сабақ өткізуге келді. Ана кісінің бір жағдайы болып, өтінген соң кірген болуы керек. Көп нәрсенің көзі ашылмай тұрған, ұстаздар аса шешіле бермейтін кезең емес пе?.. Рекең ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің өзекті мәселелері туралы келелі ой қозғап, Шәкәрім, Мағжан туралы сипай ғана әңгімелеп, бір-а-аз нәрселер айтты. Бір сәт өзінің тым тереңдеп кеткенін байқап қалды ма, дәрісін кілт тоқтатып: «Араларыңда ақын бар ма?» деп сұрады. Арамыздағы Бақытжан Райысова бастаған «ақиық» ақындарымызды алға шығардық. Ұстаз олардан өлең оқуын өтінді. Ақындарымыздың ұяла-ұяла оқыған өлеңдерін біраз тыңдап алып, ақындық болмыс, ақын табиғаты, талантты уақытында тану туралы толғана сөйлеп, тебіреніске толы ойлар айтты. Алдыңғы курстардан Рымғали ағаның дәрістерінің кереметтігі туралы көп естіп жүрген біздер өзін дәрісханада көріп, сөзін тыңдағанға дән риза болдық. Бір ғана сабақта көп жайдың басын ашып, білімі мен білігіне біздерді тәнті етіп-ақ тастады. Сол күннен бастап біз ұстазбен жүздесер алғы күндерді асыға күтіп, шығып жатқан кітаптарын іздеп  жүріп оқитын болдық. 
Бір өкініштісі мен Рымғали ағаның соңғы курстарда оқитын дәрістерін тыңдай алмадым. Өйткені, келесі жылы МГУ-ге ауысып, Мәскеу кеткен едім.  Мәскеуден Жезқазған барып, онда бір-екі жыл қызмет істеп, Алматыға оралған соң, мен ҚазМУ-ге оқытушы болып орналастым. Рекеңмен қасиетті қарашаңырақта жиі кездесіп, сұхбаттасып тұрудың орайы осылай келген-ді. 
80-жылдардың аяғына таман «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп» ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялылары мен әдебиет арыстарының еңбектері ғылыми ортаның  зерттеу нысанына айнала бастады. Қазақтың ардақты азаматы, ұстазым Тұрсынбек Кәкішұлы аспирантураға шақырып, Шыңғыс Айтматов шығармашылығынан тақырып беріп, жұмыс жасатып жатқан Зекеңнен (академик Зейнолла Қабдолов) тартып алғандай болып, сұрап алып, басымды ала қашқан «байбаламыма» қарамай, әкеліп қазақ әдебиетінің «ақтаңдақтарына» салып жіберді.  Сөйтіп біз де алашшыл әдебиет жайлы зерттеуге кірісіп, Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығы туралы тақырып алып, ізденіс жолына түстік. Бұл кезде Рекең ХХ ғасыр әдебиетінің білгірі ретінде әдебиетіміздің «ақтаңдақтарын» аршуға ертерек кірісіп, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжандардың шығармашылығын тыңнан зерттеу, М. Әуезовтің шығармашылық болмысының жаңа қырларын ашу бағытында біраз жұмыстар атқарып тастаған-ды. Ол кісі жетекшімнен кейінгі бірден-бір пікірлесетін ақыл-кеңесшіме айналды. Шындығында, алаш азаматтарын ақтау туралы алғаш сөз қозғап, пікір тудырған, олар ақтала салысымен ұлт ардақтылары туралы үлкенді-кішілі мәселелерге араласып, уақытқа сай азаматтық жүк көтере білгендердің бірегейі – атақ-даңқын тізбелесең, бір кітапқа жүк болар академик Рымғали Нұрғали. 
Иә, бүгінде естен шыққан «ескі сөзге» айналған кешегі «Қайта құрудың» заманында әдебиеттануды әлемдік ілімнің ғылыми-теориялық тұғыр-тұжырымдарымен ұштастыра отырып, ұлттық танымға негіздеуге бет бұруды алғаш көтергендердің бірі де осы Рекең еді. 80-жылдардың аяқ тұсындағы ол кісінің әдебиеттегі «ақтаңдақтарға» қатысты мақалаларындағы тың ғылыми-теориялық тұжырымдамалары мен өміршең ой-пікірлері бағдарлық сипат танытып тұратын. Сол кезеңнен бергі уақытта ғалымның Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек жайлы жазған топтама мақалалары қалыпты қағидалар шеңберінен шығып, ұлттық танымның өзіндік жаңа арнасын ашты. Кезінде қайта түлеген ой-сана көшін бастаған бұл мақалалардың ұрпаққа ұлағаттық жол тартқан асыл міндеті әдебиеттегі ұлттық рухтың көркемдік қуатын тану мен таныту болатын. Бұл ұстанымға ғалым үлкен дайындықпен келген-ді. Сонау социализм дәуірлеп, коммунистік идеология белең алып тұрған белгілі кездің өзінде шын зерттеуші, таза ғалым ретінде Рекең кеңестік өкіметтің ұлттық саясатымен сыйыспайтын Алаш ұранды әдебиетті шырақ ала жүріп іздеп, қолы жеткенін қадала оқып, керектісін көкей түпкіріне қазына етіп жинай берді. Бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ, ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаевтан тәбәрікке алған Ахаңның «Әдебиет танытқышын», Сапарғали Бегалиннен қиыла сұрап алып, қызыға оқыған Мұхаңның «Қилы заманын» атасақ та жетіп жатыр. Ендеше, қолда барды қаужай бермей, қияндағы құпияға қаныққан сол бір тұстарда жүрегі қаяулы болғанымен, көкірегі ояулы жас ғалымның азатшыл рухтағы әдебиетпен ертеден етене таныстығына  күмән болмаса керек-ті. Ынталы жүректің қалауымен оқығанды көңіліне ықыласпен тоқи білген көреген ғалым күні ертең керегіне жарар ой-пікірлерді сырт көзден тыс жерде ақ қағазға түсіріп жүргенін де жоққа шығаруға болмас. Арыстарымыз ақтала салысымен көкейкесті мәселелерді алға тартқан салмақты да салиқалы мақалалардың бірінен кейін бірі тізіле жарық көруінің бір сыры осында жатса керек. Алаш әдебиеті туралы телегей-теңіз теңдес толқынды ойларын толымды мақалаларында толғап, алаш әдебиеті өкілдері шығармашылығына олардың энциклопедиялық сипаттағы жинақтарын шығару арқылы дендеп бара алған зерттеуші, енді өзге  бір қиырға бет түзеп, абыройлы міндетті қолға алады. Ол – бұрынғы зерттеулерінің ХХ ғасыр әдебиетіне қатыстысын іріктеп алып, жаңа ізденістеріндегі өткен ғасыр әдебиетінің өзі аршыған «ақтаңдағын» ғылыми зерделеуден қайыра бір өткізіп, әдебиеттегі рухани үндестікті, идеялық бірлікті, сан қилы көркемдік әдіс-тәсілдер мен ағым-бағыттар тоғысын саралау арқылы ғасырлық әдебиеттің тұтас күйіндегі ұлттық келбетін айқындау. Ғалымның бұл бағыттағы іргелі істерінің қортындысы іспетті еңбегі –  «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002) атты кітабы. Ол – әдебиетіміздің «ақтаңдағына» айналған ақын-жазушылар шығармашылығын уақыт талабына сай тану арқылы ХХ ғасыр әдебиеті көрнекті тұлғаларының әдеби мұраларын тұтас бір көркемдік құбылыс ретінде қарау концепциясын ұсынған кең іргелі зерттеу.  «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры»  – ұзақ жылғы ізденістің, көз майын тауыса жүріп арыстар шығармашылығының тұңғиығына сүңгіп, тұнығынан маржан терген еселі еңбектің жемісі. Сондықтан да, кітаптағы әр тарау белгілі бір шығар­машылық тұлғаның әдеби әлемін нақты да айқын танытады. Мысалы, кітаптың беташары іспетті Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына қатысты «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған» атты тарауда ұлтымыздың рухани ұстазына айналған Ахаң шығармашылығының күрделі құбылыс ретіндегі көркемдік-эстетикалық мәні толық ашылған деуге болады. Өйткені, мұнда А. Байтұрсынұлы поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық, күрескерлік ойды оятар азатшыл сарынның ұлттық рухтық сипаты, тіл қолданысының көрнектілік қасиеттері терең талданып, кеңінен толғанған. Ғалым Ахмет Байтұрсынұлының рухани көсем ретіндегі тұлғасын тануға көсемсөздік мақалаларынан бастап, теориялық еңбектеріне дейін түгел қамтып қарастыру арқылы қол жеткізген. Мәселен зерттеуші Ахмет ақындығының көшбасшылық қасиетін былайша түйіндейді: «Екі жинақ – «Қырық мысал», «Маса» қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейінгі талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп жалғастырып әкететін болады» («Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», 18 бет).
Зерттеу еңбекте Ахметтің әдебиет теориясы саласындағы ұлы еңбегі «Әдебиет­танытқыштың»  баға жетпес байлығы былайша нақтыланады: «Әдебиет­танытқышта» Ахмет Байтұрсынов әдебиеттанудың әлемдік терминологиялық стандарт дең­гейіне көтеріліп, шет сөздерді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді» (36 бет). Бір сөзбен айтқанда, Рымғали Нұрғали өз еңбегінде Ахмет Байтұрсыновтай сан қырлы саңлақ дарынның қазақ әдебиеті тарихындағы мәртебесі биік тұғырлы орнын нақты анықтап, тап баса танып көрсетеді. 
Ахмет демекші, осыған орай мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Рымғали аға бірде менен: «Өмірхан, осы сенің тақырыбың нақты қалай аталады»  деп сұрап қалды. Өйткені, мен аспирантураға түсіп, тақырып бекіткен кезде Рекең «Энциклопедияда» басшылық қызметте жүрген-ді. Мен тақырыптың «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық қызметі» деп аталатынын айттым. Сәл ойланып отырды да, тақырып атауында кемшілік бар екенін ескертті. Тақырыпты не әдеби мұрасына, не публицистикалық қызметіне қатысты алғаның оңды болар еді дегендей ой білдірді. «Әлі де болса осылай түзету енгізу керек, себебі, ертеңгі докторлықты да ойлаған жөн. Біріншіден, Байтұрсынов деген қазақ руханиятындағы шеті мен шегі  көрінбейтін алып кеңістік, оны бір жұмыста түгел қамту мүмкін емес, шыға алмай малтығып қалуың мүмкін. Екіншіден, кандидаттыққа бір қыры да аздық етпейді, жинаған материалды шашауын шығармай пайдаланып, кейін Ахаңды түгел қамтып жазар докторлыққа жаратуға болады.  Сен ҚазМУ-дің филологиясында оқыған, МГУ-дің журналистикасын бітірген әрі әдебиетші, әрі журналистсің ғой, менің ақылымды алсаң, алдымен Ахаңның публицистикасын зертте, сонда көп жайға қанығып, кейінгі зерттеулеріңе жол ашасың» деп ағалық та, көреген ғалымдық та ақылын айтты. Бекітіліп кеткен тақырыпты өзгертуге мүмкіндік болмады, таза көсемсөзге кетсек, диссертациялық кеңес бағытына сай келмейтін болып шықты. Бірақ, ағаның сол бір ақыл-кеңесінің зерттеу жұмысымызда көп пайдасы тиді. Кейін де бірнеше рет пікірлесіп, көп нәрсені көкейге түйдік. Солардың нәтижесінде Ахаңдай алыптың мұрасы туралы жетекшіміздің алдына 343 бет еңбек қойған едік, риза болған жетекшім қалауынша сызып, 218 бетке түсіріп беріп: «Сызылғандарды да сақтап қой, оларды кандидаттық жұмыстың, көлемінен артық болған соң алып тастап отырмын, кейін керегіңе жаратасың» деп еңбегімді бағалап, арқамнан қағып еді аяулы ұстазым. Бүгіндегі кандидаттар жазған жұмыстарын белгіленген 125 бетке жеткізе алмай алып келгенде, Тұрсағаң осыны үнемі еске алып, ана «жазғандарға» қатты ренжиді. Қос ағаның ақыл-кеңесі, қолдауымен сол жазған еңбектің негізінде Ахаңа қатысты  үлкен-үлкен екі кітап жазып шығардық («Қазақ газеті», «Ахмет Байтұрсынұлы»). Зерттеуде Ә. Бөкейханов,  М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, т.б. шығармашылығы терең талданып, сол тұстағы әдеби даму үрдісі бірлігінде қарастырылып, әдеби-көркемдік өсу үдерісіндегі орны мен мәні ашылып, шығармаларының басты құндылықтары туралы ой қорытылған. 
ХХ ғасыр әдебиетіндегі арыстарымыз ел-жұртымен қайта қауышқан тұста Р. Нұрғалидің зерттеушілік құлқы ерекше ауған шығармашылық тұлға – Мағжан Жұмабаев. Сондықтан да, мағжантануды биік белеске көтерген санаулы ғалымдардың бірі – Рымғали Нұрғали десек, еш қателеспейміз. Сол себепті де кітаптың күретамыры іспетті тарау – Мағжанға арналған «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да» бөліктегі ғалым толғанысын тебіренбей оқу мүмкін емес. Рымғали танымындағы Мағжан – лирикасында сыр мен сезім тоғысқан, мұң мен жігер шарпысқан, дастандарында ұлттың ұлы рухы көркемдік символға айналған өзгеше әлем. Зерттеушінің Мағжантанудағы негізгі  табысы – ғұмырбаяндық материалдардың молдығынан емес, ақын поэзиясының мың қыртысты ішкі иірімдеріне үңіліп, сұңғыла суреткердің шеберлігін аша алуынан көрініс табады. «Ақынның ақыны» атанған Мағжан жасампаздығының құдіретін тану – екінің бірі еншілей алмайтын бақ. Мағжантануға таза теориялық білім аздық етеді. Мағжан жұмбағы білім мен білік, талғам мен таным айқұшақ қабысқанда ғана ашылады. Бұлардың Рекең бойында біте қайнасып жатқандығында дау жоқ. 
Мағжан шеберлігінің сыры неде?.. Міне, зерттеушілік қызығушылықты тудыратын тылсым дүниенің құпиясы осы сұрақ астарында жатыр. Сондықтан да ғалым Мағжан әлемін ашу үшін алдымен оның өлең өрнегіндегі өзіне ғана тән қасиеттерді нақтылап алады. Мағжанды біз көбіне сырлы сезімнің, асқақ махаббаттың жыршысы ретінде танимыз. Мөлдір сезімді төгілдіре жырлайтын Мағжан сыршылдығының сыры неде?! Бұл сұраққа зерттеуші: «Мағжан поэзиясының мәңгі өлмес ұрпақтан ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны – махаббат, сүйіс­пеншілік, ғашықтық стихиясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдана ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр жауһар дүниелері» (99 бет), – деп өте дәл, әрі нақты жауап қайтарады. 
Ғалым Мағжанның поэма жанрындағы көркемдік жетістіктері тақырыптық ізденістерге орай ойластырыла өрілетіндігін де назардан тыс қалдырмайды. Ол осыған тікелей байланысты болып келетін ақын поэмаларының басты белгілерін  нақты атап көрсетеді. «Ең бастысы, – дейді зерт­теуші, ақын ықшамдық, сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелілік, суреттілік шарттарын бірінші қатарға шығарады» (103 бет). Міне, осынау қасиеттерден келіп Мағжан поэмасында әр тақырып өзіне ғана тән аяда жырланып, мазмұнды ашар тақырып тыңнан туған көркемдік әдіс-тәсілдер арқылы айшықтала түседі. Зерттеуші танымына дәру болған Мағжан шеберлігінің сыры да осында! Рекең Мағжан шығармашылығымен ол ақталғаннан кейін ғана емес, кеңестік кезеңнің кер заманында-ақ таныс болатын. Оған дәлел – мен куә болған төмендегі оқиға.
Мәскеуде оқып жүрген кезімізде ҚазМУ-де орыс әдебиеті тарихынан дәріс оқыған, жас та болса, сыйлайтын ұстазымыз, дүниеден ерте озған марқұм Жәнібек Жайықұлы Бектұров  білім жетілдіру жөнімен МГУ-ге келе қалды. Бұрыннан да жақсы пікірлес едік, алты айдай бірге жүріп, дос болып кеттік. Бір күні Жәкең  Мәскеудегі қонақ үйдің бірінде Рекең жатыр, барып сәлемдесіп қайтайық деген ұсыныс жасады. Бардық. Жәнібек мені мақтай-мақтай таныстырған соң: «Мұнда ауысқаның жақсы болған. Ғылым мен білімнің орталығы ғой. Ақыры келген соң ізденіске бет бұру керек», – деп  білім алу, ғылым жолына түсу жайында ой қозғады. Содан соң, Қазақстанда рұқсат етілмейтін көптеген кітаптар мен деректерді мұнда еркін пайдалануға болатынын ескертіп,  соларды іздестіруге қатысты бағыт-бағдар берді. 
Шындығында кейіннен МГУ-дің Горький атындағы және Ленин атындағы Орталық кітапханалардан Рекең ақылымен қазақ әдебиетіне, қазақ тарихына қатысты Қазақстанда сирек кітаптар қорында  сақталып, студент тұрмақ ғалымдардың қолына тимейтін көптеген еңбектерді (олардың ішінде алаштықтар да бар) тауып оқып, олардың біразын  әйтіп-бүйтіп ротопринтке  түсіріп алдық.
Кітаптың екінші бөлімінде күрескер ақын Сәкеннен бастап, тарихтың тереңіне бойлап, елдігімізді танытып, ұлттық ой-сананы оятуға аз үлес қоспаған Ілиясқа (Есенберлин) дейінгі әдебиетіміздің өсу жолы әдебиеттің ардың ісі деп білетін ғалымның азаматтық ар-ожданынан жаралған пәк пайымы арқылы ыждаһатты сараланған деуге болады. 
Ғалым кешегі Алаш ұранды  әде­биет өкілдері мен кейінгі толқын арасын­дағы саяси-әлеуметтік көзқарастар қайшы­лығы, еріксіз ерген «идеологиядан» тыс көзге көрінбес, көкірек сүйсініп, жүрек­пен сезілер көркемдік тұтастықтың сыр пернесін баса алған. Ол осы екі тол­қынды жалғастырып тұрған олардың өнери жасампаздықтарындағы рух пен идея, бағыт пен нысананың ұлт мүддесі тұрғысынан келгендегі біртұтас бірлік деп біледі. Ендеше, ғалымның ғасыр әдебиетін түгендей, түптей қарастыруының  мәні мен маңызына осы қисын қағидасынан келген жөн. Шәкәрімнен Ілиясқа дейінгі әдебиетті тұтастырып тұрған алтын қазық – ұлттық рух. Зерттеуші өзі алтын ғасырға балаған әдебиеттің ортақ бірлігін осыдан іздеген. Сол арқылы кейбір тұстарда үзіліп кетіп, қайта жалғасын тауып, өнеге өрімінен жаңылмаған әде­бие­тіміздің тұтастығы саяси-әлеумет­тік өмір қайшылықтарынан емес, шығармадағы көркемдік шындықтан көрі­ніс тапқандығын үлкен білгірлікпен көрсетіп берген. Бұл – аталмыш зерттеу еңбектің басты жетістіктерінің бірі. Автор қазақ әдебиетінің өзіне ғана тән ұлттық табиғатын, әдебиеттегі ұлттық рухты, ақын-жазушыларды біріктірген ұлттық мақсатты сан қилы шығармашылық ізденістер болмысына терең бойлай оты­рып ашады.  Әрине, жеке-жеке Сәкен, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Ілияс туралы Р. Нұрғали бұрын да жазған-ды. Ал, мына, еңбекте осынау тұлғалар шығармашылығы бөлінбес бүтіндікте алынып қаралған. Ғалымды олардың жеке алғандағы шығармашылық табысы емес, жалпы қазақ әдебиеті атты арналы ағысқа қатысы, әлемдік үлгідегі озық дәстүрлерді дамытуға қосқан ортақ үлесі қызықтырады. Мәселен, автордың М. Әуезов шығармашылығының мән-маңызы туралы мына түйіні бізді осындай ойға жетелейді: «Ұлы жазушының бас шығармасында бейнеленген негізгі тартыс әділет пен зорлық, тұтастық пен алауыздық, білім мен надандық, махаббат пен ғадауат майданында түптің түбінде жарқын өмірдің, нұр сәуленің береке-бірліктің жеңетінін мадақтаған, өзі құлай сүйіп, сол жолда барлық қайрат жігерін, өз талантын, саналы ғұмырын арнаған – қазақ халқының өрісі, келешегі мәңгілік деген асқақ арманды үміттің оты маздап жанып тұр» («Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», 482 бет). Айтса айтқандай-ау, Әуезов шығармашылығы әрбір қазақ жазушысын сөз өнерінің биігіне қанаттандыратын ұлы өнегелікке айналғандығы талассыз шындық емес пе?!
Біздің әдебиеттануымызда М. Әуезов турасында аз жазылған жоқ. Әйтсе де, осы еңбектің екінші бөлігінің басты тірегіне айналған, Мұхтар шығармашылығын түптей тануға арналған «Ей, халық, барым ең сен» тарауының басты жетістігі ұлы жазушының дәуір суреткері ретіндегі табиғаты мен шеберлік ұстаханасының қыр-сырының толыққанды ашылуы дер едік. Мақсат М. Әуезовтің көсемсөзші ретіндегі шығармашылық бастауларынан бастап, қара сөздегі алғашқы тәжірибелерінен көркем сөздің шынайы  шеберіне, кең көлемдегі ұлы суреткер ретіндегі сөз зергеріне айналу үдерісін көрсету болып табылған. Сол арқылы М. Әуезов шығармашылық құдіретінің шындығы ашылған. Бұл әуезовтанудағы ірі жетістік. Өйткені, бұған дейін ұлы жазушы шығармашылығы тек жеке ізденіс жетістіктері тұрғысынан ғана қарастырылып келген-ді. 
Р. Нұрғали Әуезовті қазақ әдебиетіндегі өзіндік көркем-эстетикалық әлем деп біледі. «Әуезов әлемі – Шығыстың алдыңғы қатарлы мәдениетінің тоғысуынан туған дүниежүзілік мәні бар құбылыс. М. Әуезов өнері – қазақ халқының қайта түлеу заманында туған өнер. Бұл бүгінгі ұлттық өнердің көркеюінің тамаша айғағы. Әуезовті терең зерттеп, жан-жақты ұғып-білу қажет» (246 бет), – деп бастайды ғалым Әуезов туралы тарауды. Алдына нақты мақсат қойған зерттеуші осынау жасампаздық құбылыстың құпиясын ашып, көркемдік әлемнің көкжиегіне жетелей жөнеледі. Сөйтіп әуезовтануда жаңа жол ашып, сара бағыт бағдарлайды. 
Жалпы алғанда, академик Рымғали Нұрғалидың «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты зерттеу еңбегі – ізденімпаз ғалымның бір ғасырлық қазақ әдебиетінің даму жолын белгілі әдеби тұлғалар шығармашылығын жеке-жеке алып және әдеби шығармашылық ізденістің ортақ бірлігін түптей қарастырған жүйелі зерттеу. Мұнда ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің әлемдік көркем ой-жүйедегі алар орны мен мәні айқындалып, жоғары эстетикалық құндылықтарды танудың құпиясы ашылған.
Мен Рекеңмен қызмет бабында ғана кездесіп қоймай, бірнеше рет сапарлас та болғанмын. Солардың ең бір есте қалғаны 1996 жылы болған  сапар. Сол жылы біз Семейдегі Аягөзге  ХХ ғасыр басындағы көрнекті ақынымыз Әріп Тәңірбергеновтың 140 жылдығын тойлауға бардық. Алматыдан қазақтың бір топ зиялы азаматтары барды. Ішінде Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, Қабдеш Жұмаділов сынды үлкен ағалар мен марқұм Ғабиден Құлахметов (Жазушылар одағының хатшысы болатын), Тұрсын Жұртбаев сынды алқалы азаматтар бар. Аягөзде  екі күн дүрілдеген дәстүрлі той өтті. Талай қызықтар болды. Қайтар күні Әріп тойын тойлауға келген делегацияны ауданның бұрынғы әкімі Амангелді Керімтаев үйінде күтті. Керемет мәжілісті дастархан болып, ойлар айтылып, сөз сөйленіп, ән айтылып, күй тартылған керемет отырыс болды. Гу-гумен отырған жұрт бір-біріне сөз беріп, бәрі сөйлеп болған қайтар уақыт та жетті. Қоштасар тұста мен арқа елі жігіттерінің өзді-өзі сөйлеп, мені ұмытып кеткендерін еске салып, қазақтың бір әдемі қалжыңын айттым. Осы кезде өздерінің  той төрінің ең қадірлі, құрметті қонағы болған Рекең өздерінің қателік жіберіп алғанын біліп, алды сыртқа шығып, соңы аяқ киімін киіп жатқан жұртты қайта дастарханға шақырып:
– Әй, бала-ай, біз өзді-өзіміз болып аға баласын ұмытып кеткен екенбіз. Мұнымыз қателік. Әркімнің өз орны бар. Ал, кәні, бәріміз дастархан басына оралып Өмірханның сөзін тыңдаймыз, – деп  әзіл-қалжыңы аралас, маған сөз берді. Осы бір көрініс менің есімде мәңгілік жатталып қалды. Былай қарасаң, елді қайта жинап шақырып алатындай мен кім едім. Бұл Рекеңнің көрегендігінің, үлкенге аға, кішіге іні бола білгендігінің көрінісі емес пе? Менің үлкен ата баласы екенімді ескеріп, сол дастарханның соңғы сөзін маған айтқызды. Вокзал басына келіп пойызға шығарда мен біздің елдің салт-дәстүрін еске салып, Ғабиденге әзілдіп қалжың айттым. Өйткені олар бізді құр шығарып салып тұрған. Ғабиден дереу бәрін дайындатып, керек жарақтың бәрін алдырды. Сонда Рекең:
 – Әй, Ғабиден, шығарып  салудың жөн-жобасын нұсқаған Өмірхан. Өзің қалып барасың. Жолбасшылықтың тізгінін осыған тапсыр, – деді. Ғабиден маған бәрін өткізіп, қоштасып қала берді. Семейден Алматыға келгенше ұстаздар мен ағалардың жағдайының жақсы болуын қадағалап,  Алматыға аман-есен жеттік.  Менің жолбасшылық қызметіме риза болған Рымғали аға кездескен жерде үнемі сол бір сапарды еске алып, «жол жүрсең Өмірханмен жүру керек» деп айтып отыратын. Бұған Тұрсынбек аға да, Тұрсын замандас та куә.  Қазір сол күндер еске түссе, көзіңе жас келеді. Дүниенің өтпелілігіне  деген өкпенің, ағаға деген сағыныштың жасы ғой. Амал нешік, уақыт-зымыран өз дегенін жасап-ақ жатыр…   
Иә, ғылымға деген құштарлығын білім мен ғылымның алтын ұясы, бір кездегі ҚазМУ, қазіргі ұлы ойшыл-ғұлама әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оятып, биікке қанат қақтырған, саналы ғұмырын қазақ руханиятын өрге сүйреуге арнаған ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, қайраткер азамат  Рымғали Нұрғалидың ұлт жадында мәңгілік сақталар әз тұлғаның санатына қосыларына еш күмән жоқ. Алаш қайраткерлерін ардақтап, алаш ұранды әдебиеттің ұлттық рухын айқындай алған білімпаз өзі де алаштың арда ұлына айналып, тарихтағы орнын саңлақ санаткерлер сапынан ойып алды. Ғылым жолындағы бейнетті еңбегінің қанша қиналса да зейнетін көрген ғалымның екінші өмірі басталды. Маған ол артында қалған мол мұрасы арқылы көктен өз нұрын аямай төгіп тұрған көк жұлдызындай көрінеді. Құдіреті күшті бір Алла ұлтымыздың кейінгі ұрпағының  сол жұлдызды жазбай таныр көкірек көзін кең қылғай.

Алдыңғы «
Келесі »