Бауыржан Момышұлы және Отан тарихының мәселелері

  • 15.07.2014
  • 623 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сабырхан Смағұлов, 
тарихшы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқытушысы

Ұлы Отан соғысында қазақ халқының ұлттық батырына айналған Бауыржан Мо­мыш­ұлы Москва түбіндегі шешуші шай­қаста ерен ерлігімен даңқы әлемге жайылып, аты аңызға айналған бірегей қолбасшы ретінде танылды. Баукеңнің аңызға айнал­ған ерлігі жайлы талай роман, дастандар, ғылыми зерттеулер, естеліктер жазылды, алда да жазыла беретіні хақ. Ол бүкіл дү­ниежүзі тарихының игілігі болып табылады. Онымен болашақ ұрпақтан шық­қан  зерт­теу­шілер де айналысатын болады. 


Ұлы Отан соғысы барысында еліміздің тағдыры шешілген, Москва үшін шайқас жүргізілген 1941 жылдың күзіндегі оқиғалар ерекше маңызды әрі оның принципті мәні бар. Москваны қорғаудағы аса жауапты шептер, Қазақстанның абыройы мен даңқына орай, Қазақстанда генерал И. Панфилов жасақтаған 316-дивизияға тапсырылды. Бұл оқиғалар біздің бәріміз үшін де өте маңызды әрі біз бұл аса зор шайқастар жөнінде тереңірек білуге тиістіміз. 
Ал, Бауыржан Момышұлы сол сұрапыл шайқастарға жай қатысушы ғана емес, ол ұрыстың алдыңғы қатарында табылып, жетекші командир болды. 
Бауыржан Момышұлының ел ұғымын­да толымды, жинақы, тұтас бейнесі қалып­тасқан. Бұл соғыс каһарманы ғана емес, онымен бірге жарқын да жалқы, қайта ту­мас азаматтың бейнесі. Қайталанбас тұлға. Ол әдеби кейіпкерге айналған, ауыздан ауызға тарап, өлең-жырға  өзек болған, тіпті өз басынан да асып, аңызға айналған адам. Ол ата мекен жер үшін, қасиетті ел үшін, халық үшін қан төгіп, қас жауменен табан тірей күресті. Соғыс жылдары өзі шығарған өлеңінде айтқанындай:
Қаршығадай, қырандай,
Дұшпанға тиіп ұрандай, 
Ту көтеріп майданда,
Ел намысын қорғаған.
Ер намысын қолға алған,
Қирата жойған дұшпанды [1].
Б. Момышұлы әскери әдебиет жанрының көрнекті өкілі, түркі халықтары әскери әде­биетінің негізін салушы. Қан майданда қол бастаған батыр.  Ол қанды майданға түсіп, талай ерліктің үлгісін көрсетті. Бауыржан Момышұлы 200-ден астам ұрысқа әскерді өзі бастап кірген. Бес рет қоршауда қалып, оны бұзып шыққан. Жеті рет жарақаттанған, үш рет контузия алған. 45 жыл бойы батыр атағына екі рет ұсынылса да берілмеді. Оған қоса соғыстан кейін Мәскеудегі Жо­ға­ры әскери академияда 5 жыл қызмет етіп, 13 жыл генералдық қызмет атқарды. Осы­ған қарамастан, Жоғары әскери билікке ара­ластырылмайтын ұлттың өкілі екендігі есеп­ке алынып, оған генерал шені берілмеді. Кеш болса да бұл қателік біршама түзетіліп, Ел­басы Н. Ә. Назарбаевтың араласуымен Б. Момышұлына Кеңестер Одағының Батыры атағы 1991 жылы 11 желтоқсанда берілді [2]. 
Б. Момышұлы тарих ғылымына, соның ішінде Отан тарихы мәселесіне үлкен мән беріп, өзінің көпшілік еңбектерінде өткен тарихтың қоғамдағы алатын орны мен маңызына ерекше тоқталып, өзіндік тұрғыдан ой қозғап, еліміздің арғы-бергі та­рихын қаузап және өз заманының алдың­ғы қатарлы, озық ойлы, ұлт тарихы ту­ралы батыл да шынайы ғылыми еңбектер жазған Ермұхан Бекмахановты қас­терлеп, пікірлес інісі ретінде қарым-қаты­наста болған. Сталинизмнің құрбаны болған, кеңес тарих ғылымында тарих ғылым­дары­ның докторы атағына алғаш ие болған, профессор, Қазақстан Ғылым академия­сының корреспондент мүшесі, қазақ тарих ғылымының, халқымыздың мақтанышы, әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов 1966 жылы ауыр науқастан қайтыс боларының алдын­да Бауыржан Момышұлымен қош­тасарда айтқан соңғы сөзі былай болып­ты: «Үлгере алмай кетіп барам, кешіріңіз!».  Ал, осыған халық атынан кешірім сұрап, жауап бергендей Баукең былай деп жазыпты: «Қа­дірін білмеппіз ғой тірі кезде, деп боздар сорлы қазақ мен өлгенде». Осы сөзімді Қанышқа, Мұхтарға арнап жазып едім. Інім едің – сенімен қоштасып, басыңа қойып тұр­мын. Жатқан жерің торқа болсын. Әр­қашан да есімдесің, бауырым. Жылаушы Б. Момышұлы. 7.05.1966. Алматы» [3]. 
Бауыржан Момышұлы, сондай-ақ, со­ғыс жылдары және соғыстан кейін де тарих­шы-ғалым, КСРО Ғылым акаде­мия­сының корреспондент-мүшесі А. М. Панкратовамен, тарих ғылымының док­торы, профессор, кейіннен ҚР ҰҒА-ның академигі, Республика ғылымына еңбек сіңір­ген қайраткер Ақай Нүсіпбековпен және т.б. хат жазысып, пікір алмасып отыр­ған. Мысалы, ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатындағы Б. Момышұлының жеке қорында  1961 жылы 29 қыркүйекте А. Нүсіпбековке Мәскеуден жолдаған хаты сақталған. Онда ол өзінің Орталық архивте жұмыс істеп, И. В. Панфилов туралы мате­риалдар жинап жатқанын, ондағы кездесіп жатқан қиыншылықтар және «Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И. В. Пан­филовтың қысқаша биографиялық очеркі» деген тақырыптағы зерттеу жұмы­сының мақсаты мен жоспарын, маз­мұнын баяндаған. Ал, 1943 жылы А. М. Пан­кратоваға жазған хатында осы жылы баспадан шыққан, «әлі сиясы да кеппеген», жо­ғары оқу орындарына арналған алғашқы оқулық «Қазақ ССР тарихы» жөніндегі өз пікірін білдірген екен. Аласапыран соғыс кезінде, қан майданның бел ортасында жүріп, қалай уақыт пен мүмкіндік тауып, танысып үлгерген десеңізші! Хатында «Сіз­дің редакциялауыңызбен жарық көр­ген бұл еңбек сөз жоқ қазақ халқының өткен та­­рихы алғаш рет шынайы тұрғыда  ғы­лыми тұжырымдалған құнды үлес бо­лып табылады» деп, оған жоғары баға берген. Сонымен қатар, оқулықтың кейбір тарау­лары бойынша өз ескертпелерін жеткізген [4].
1943 жылы желтоқсан айының соңында Алматыға қан майданнан жараланып емделуге келген батырды астана жұрт­шылығы құшақ жая, зор қуанышпен қарсы алады. Осы келісінде Б.Момышұлы зиялы топпен, атақты ақын, жыр алыбы Жам­былмен және майданнан хат арқылы хабарласып сырттай танысқан ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен сұхбаттасады. Көптеген кездесулер өткізіледі. 
Гвардия полковнигі Бауыржан Момыш­ұлы өзінің 1944 жылы қаңтарда КСРО ғылым академиясының қазақстандық фи­лиа­лының мәжіліс залында академия басшы­ларының ұйымдастыруымен тарих, әдебиет, өнер қайраткерлерінің таңдаулы шағын тобына өткізген алты күнге созыл­ған арнаулы әңгіме-дәрісінің негізінде жа­зыл­ған «Қанмен жазылған кітап» (Соғыс психологиясы) атты шығармасында «Әрбір солдат өзіне өзі төмендегідей сұрақтар қояды. Біздер кім едік? Біздер кімбіз? Біз­дер қандай болмақпыз? – деп келіп, соған былайша жауап береді: «Сонымен біздер кімбіз және біздер кім болмақпыз?  Егер  сіздердің біріңізге: сіздің атаңыз тамаша адам болған десе, онда сіздің де көңіліңіз көкке көтеріліп қалмай ма, сондықтан да бізден біздер кімбіз деп сұрайтын болса, онда біздің өткен тарихымызға, біздің даңқты ата-бабаларымызға деген біздің бойымызда мақтаныш сезімі сезілетіндей етіп жауап беруге тиістіміз.
Мен: «Біз мал едік, қараңғы едік», – деп соғатын кейбір шешенсымақтарға қатты ашу-ызам келеді. Бұл бізде ғана бар көр­кеуделік емес, басқа ұлттарда да бар нәрсе, тіпті, орыстардың арасында да соғысқа дейін өздерінің ата-бабалары жөнінде ұнам­сыз нәрселерді айтудан ұялмайтындар табылатын. Суворовтың өзін де жақында ғана көпшілікке насихаттай бастаған жоқ па. Сол кезде, яғни, өткен ғасырда өмір сүрген біздің кейбір хандарымыз бен билерімізге, мемлекет қайраткерлерімізге байланысты да осындай көзқараста болдық, ал бізде хан екен, демек антұрған деп қарайтын ұғым-түсінік болды. Мұның өзін парасаттылық еді деп кім айта алады – сөз жоқ ешкім де айта алмақ емес. Өйткені, Кенесарыдан оның көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды! Олар өз заманының мемлекет қайраткерлері әрі жақсы адамдар болған, сірә  мұны теріске шығара қоюға болмас және де оларды мақтаныш етуіміз керек – олар халықтың абыройы ғой. Мұндай сұраққа немере-шө­берелері өзінің ата-бабаларына, өзі өмір сүрген қоғамдық формацияда көшке ілескен елеусіз адам емес, жұртқа пайдалы өз заманының прогрессивті, өнегелі адамы болғанына мақтанатындай етіп айта білу қажет. Өткен тарихымызды аяққа баспай, қиянат жасамай мұны дұрыс ажырата білгеніміз жөн.
Біздер осы кімбіз? Біздер кім болмақпыз? Бұған былай жауап беру керек: жақсы адамдар бар, одан да жақсырақ болуымыз керек. Әйтпесе ертеректе біз мал едік, жылдар өте нағыз адам болыппыздың кері келмей ме. Бұлайша қойылған сауалға жауап қайыру жөнсіздік» [5]. 
Міне, хас батыр сонау соғыс кезінде-ақ, біздің тарихшыларымыз, әдебиетшілеріміз, журналистер, жалпы зиялы қауым өкілдерінің көпшілігі мұнда ғана, яғни КСРО ыдырағаннан кейін айта бастаған мәселені кеңестік тоталитарлық жүйенің шырқау шыңына жетіп, сталиндік жаппай қуғын-сүргін, жазалау шаралары өршіп тұрған кезде өз ойын ашық, анық, батыл баяндағанына таңқаласыз. Біз, өткен ғасыр­дың 40-шы жылдары өзгеше ойлайтын адамдардың қудаланып, тарих жазудағы, әдебиет пен өнердегі саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалауларға қарсы большевиктік сынның кеңінен өрістегенін тарихтан білеміз. Соның бір көрінісі – жас, талантты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс туралы ғылыми тұжырымдары, оның көзқарастары буржуазияшыл-ұлтшылдық түрі – саяси зиянды деп жарияланып, айып­талып, қудалануы. Шынында да кеңестік тарихнамада, ресми партиялық құжаттарда, тіпті оқулықтардың өзінде сонау көне заманнан бастап орыс патшалары, батыр­лары, билеушілері дәріптелді де, ал қазақ ел билеушілері, халық батырлары, билері, әсіресе, хандары жұмсақтап айтқанда аталмады, ал аталса, кертартпа, қатігез, қанішер, тіпті жауыз етіп көрсетілді. Сөй­тіп, Баукеңнің тілімен айтқанда «өткен тарихымыз аяққа басылып», ел үшін, елдік үшін, келешек ұрпақ үшін бар мүмкін­дігінше, аянбай қызмет жасаған тарихи тұлғаларға қиянат жасалды. Тарихи шын­дық бұрмаланды. Мысалы, Сталин өз дик­татурасын тарихи жағынан нығайта түсу мақсатында Иван Грозныйды, І Петрді дәріптегені аян. Олардың тұсында болған мемлекеттің күші мен құдіретін, тіпті, патшалардың жүргізген агрессиялық саясат­тарын мадақтады. 
Бауыржан Момышұлы осы еңбегінде ерлікке тәрбиелеу мәселесін жан-жақты әрі тереңінен қарастыра келе төмендегідей ой қозғайды:
«…Егер адамды жауынгерлік қасиетке тәрбиелемесе – онда бұл халық жауынгер халық болмағаны. Мұны өткен тарихымызға қатысты, біздің халқымыз жауынгер халық болмаған деп айта аламыз ба? Жоқ, біз бұлай деп айта алмаймыз, өксікті өкінішке орай біздің жауынгерлік, ержүректік қасиет­терімізге соңғы уақыттарда өткенге жаппай тас лақтыру, қаралауға байланысты жатсына, тосырқана қарай бастаған сияқты. 
Өткенге жатсына қараушылық орыс және басқа да ұлттарда да болған. Мұның өзін республиканың ескі басшыларының тарапынан жасалған белгілі дәрежедегі зиянды іс деп санаймын. Халықты жауын­герлік асыл қасиеттерге тәрбиелейтін дәстүрлерінен қалай айыруға болады?  Игі дәстүрлерді архивтің сөрелеріне қаттап қоюға бола ма екен? Егер біздер қазақ хал­қының барлық жақсы дәстүрлерін кере­гі жоқ деп қудалайтын болсақ, ата-бабаларымыздың кім екенін білмейтін болсақ, мұның өзі пайда бере қояр ма екен? 
Ал, біз не істедік десеңізші, өткен тарихымызды барып тұрған хайуандықпен жермен жексен ете аяққа таптап, содан кейін «өткенге қарсы шыққан бунтарлар» деген жалпы қорытынды жасауға келіп тірелдік, ал кейбіреулер бұл игі дәстүрлерді қайта дамыта түсудің орнына, түкке тұрғысыз мәселелермен, ұлттың одан әрі дамып жеті­луіне зиянды нәрселермен айналысты. Бар­лық өткен нәрселерді жаппай, ақ-қара­сына көз жеткізбей қаралау қандай жағ­дайда болса да мақтай қоярлық қылық емес, өте тар өрістілік, қатігездік, надандық, тіпті бұзақылық әрекет. Ол зияннан басқа түк те емес. 
Дәстүр тәрбиенің басты қайнарларының бірі болып табылады әрі оның өте үлкен мәні бар» [6]. 
Отан тарихының жанашыры, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қорғаушысы Б. Мо­мышұлы 1943 жылы 18 наурызда Қазақ ССР Халық комиссарлары советінің төр­ағасы Оңдасыновқа жолдаған хатында қазақ солдаттарының бойында жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеу жөнінде өз ой-толғаныстарын былайша жеткізеді: «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдат­тардың бойында жауынгерлік қасиетті тәр­­биелеуде халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүр­лердің маңызы аса зор екеніне көзім жетті. 
Өзімнің қолжазбамның жазылмаған тарауларының бірін жоспарымда: «Жігітті жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақ­­тың игі дәстүрлері» деп атадым. 
Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта сал­танат құруға тиіс. Халық даналығының алтын қазынасы біздің жетістігімізге айналып, біліміміз бен тәжірибемізді байы­тып, істерімізге қолқабыс жасауға тиіс. 
Тарихымызда даңқты қазақ жігіттері – Исатай, Махамбет, Амангелді және тағы басқалардың ерлік істері біздің қазіргі заманғы жігіттеріміздің дәстүріне айналуы керек – жастарымыздың оларды нашар білетіні қандай өкінішті десеңші» [7]. 
Жазушы, Халық қаһарманының айтуын­ша «Ұлттық мақтаныш сезімі әрбір ұлт адамдары үшін бұзылмас заң. Кімде кім өз ұлтын сыйламаса және оны мақтан тұтпаса, ол сөзсіз барып тұрған арамза, отансыз қаңғыбас. Өзін сыйлай алған адам өзгені де сыйлай алады, белгілі бір ұлттың толық азаматы болып әрі өз ұлтыңды мақтан ете отырып, сен басқа халыққа да лайықты қарай аласың. Екі түрлі ұғым бар: ұлттық рух – бұл асыл қасиет, ұлтшылдық – бұл ұлт ішіндегі жеке адам бойындағы көркеуделік. Бұл мәселені дұрыс түсіне білу керек. 
Кейбіреулер ұлттық рухты немесе ұлттық патриотизмді ұлтшылдықпен  ша­тас­тырып алады. Бұл жерде міндетті түрде ұғыну қажет. Ұлттық рух пен ұлт­шылдықтың ара жігін ажырата білген жөн. Ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, өз ұлтыңды тануға көмектеседі, ал бізге осы асыл қасиеттерді дамыта түсу қажет, осындай адам ғана отандастарының ал­дын­­дағы өз халқының және ең алдымен халық­тардың бауырластығы алдындағы өз борышын терең де жоғары сезінеді. Барлық халықтар барлық ұлы әрі тамаша нәрселер жасауға қабілетті» [8].
Б.Момышұлының бұл ойларынан шы­ға­тын қорытынды халық өз тарихын, төл дәстүр-салтын, тілін, әдет-ғұрпын, ауыз әдебиетін қастерлеуі керек. Тарих, этно­графия, фольклор, тіл – халықтың жан дүниесі, оның барша әлем алдындағы айнасы. «Барлық халықтар барлық ұлы әрі тамаша нәрселер жасауға қабілетті». Қалай керемет айтылған! Сол сияқты әр халық әлем тарихына өз әлінше үлес қосады. Соның бір нақты көрінісі тәуелсіздік жылдарындағы біздің еліміз қол жеткізген ірі табыстар емес-пе! Өтпелі дәуірдің қиыншылықтарын еңсере отырып, нарықтық экономиканы игеріп, қалыптастырдық. Оны АҚШ бас­таған әлемнің алып мемлекеттерінің өзі мойындады. Қазақ халқы күрделі де қиын сәтті табандылықпен еңсере, рес­публикадағы барлық этникалық топтар­ды біріктіре отырып, өзінің бүкіл күш-қуатын жасампаздық істерге жұмылдыра білді, өзінің жасампаздық қабілетін көрсете алды. Ішкі және сыртқы саясатымызда қол жеткізген табыстарымыз, алған асу­ларымыз қаншама. Тарихта алғаш рет ТМД, түрік, мұсылман халықтары ішінде сонау Ванкуверден Қиыр Шығысқа дейін аралықта орналасқан әлемнің 56 мемлекеті мүшесі болып табылатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төрағалық етіп, әлемдегі ең бір ықпалды, беделді халықаралық ұйымды басқардық. Бұл – Республикамыздың, Ел­басы Н.Ә. Назарбаевтың халықаралық зор беделінің ерен табысы, еліміздегі ұлан-ғайыр оң өзгерістердің, біздегі демо­кра­тияның айшықты нәтижесі. 2011-2012 жылдары аралығында Ислам Конфе­ренциясы Ұйымын басқардық. Тәуелсіз Қазақстан дүниежүзінің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар орнатты. Қазақстан дү­ние­жүзілік қауымдастықта лайықты өз орнын алды. Еліміз Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріп­теске, халықаралық лаңкестікке, есірт­кінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемле­кетке айналды. 
                                 
Пайдаланылған әдебиеттер:

Момышұлы Б. Екі томдық шығармалар жинағы. – Т.1. – Алматы, 2000. 74-б.
Қазіргі тарих ғылымының пробле­малары: жаңа бағыттар мен көзқарастар: «Бек­маханов оқулары» халықаралық ғылы­­ми конференция материалдары. 21-22 мамыр 2010 жыл. – Алматы: Қазақ университеті, 2010. 17-б. 
Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ға­сырдың 20-40-жылдарында. – Алматы, 1994. 381-б.
ҚР Орталық Мемлекеттік мұраға­тындағы Б.Момышұлының жеке қорынан.
Момышұлы Б. Екі томдық шығар­малар жинағы. – Т.1. – Алматы, 2000. 38-39-бб. 
Бұл да сонда, 35-36-бб.
Бұл да сонда, 218-219-бб. 
Бұл да сонда, 37-38-бб. 

 

Алдыңғы «
Келесі »